Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Ж.Сəдуақасовтың қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуы

Қазақстан Республикасының өз тəуелсіздігін алуы, қоғамдағы түбегейлі өзгерістер халықтың отандық тарихқа деген қызығушылығын оятты. Тоталитарлық жүйеде идеологиялық басылымдар оқиғаның шын көрінісіне жаңа көзқарас білдіруге жол бермегендіктен, республиканың шынайы тарихын көрсету мүмкін болмады. Сондықтан отандық тарих ғылымында сталиндік жүйе  «ұлтшыл»,

«халық жауы» деп айыптаған мемлекет жəне қоғам қайраткерлерінің өмірі мен қызметін, қоғамдық- саяси көзқарасын қайта зерттеу қажет. Тарих ғылымындағы заманауи өзгерістер тарихтағы тұлға роліне жаңаша қарауға септігін тигізуде. Қазақстан тарихын зерттеуге жаңа көзқараспен қарау, өлкенің əлеуметтік, экономикалық, мəдени дамуына орасан зор үлес қосқан республика басшыларының өмірімен жəне қызметімен тереңірек танысу бізге тарихи үрдістің динамикасын біршама толығырақ көрсетуге мүмкіндік береді.

Мемлекет жəне қоғам қайраткері, саяси репрессия құрбаны — Жанайдар Сəдуақасов 1922–1937 жж. аралығында Қазақ Орталық Атқару Комитетінің жауапты хатшысы, Қазақ АКСР Қаржы Халық Комиссарының орынбасары, Əділет Халық Комиссары жəне Республика прокуроры, Қазақ өлкелік комитетінің мəдениет-насихат бөлімінің меңгерушісі, Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары жəне т.б жауапты қызметтерді атқарды. Жауапты қызметтерде  ол республиканың мəдениетін дамыту, білім беру орындарын ашу, сауатсыздықпен күрес жүргізу, аштық зардаптарымен күресу, ел ішіндегі заңдылықты сақтау жəне нығайту, əйелдердің құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сонымен қатар республиканың өнеркəсіп саласын дамыту сияқты мəселелермен айналысты. Оның қоғамдық-саяси қызметі ұзақ жылдар бойы Кеңес  өкіметін орнатуды, коммунистік идеяны жақтаушы ретінде партиялық тұрғыдан ғана бағаланып, «партияның көрнекті қайраткері», «революционер» ретінде қарастырылды. Бұл кеңестік тарихтың негізгі принципі болғандықтан, енді Ж.Сəдуақасовтың қоғамдық-саяси қызметін Қазақстан тарихының жаңа талаптары мен көзқарастарына сəйкес қайта қарастыру, объективті баға беру қажеттілігі туды. Сондықтан, Ж.Сəдуақасовтың өмірі мен қызметі ол өмір сүріп, қызмет еткен кезеңдегі аса күрделі тарихи процестермен жəне саяси оқиғалармен сабақтастыра отырып, жаңаша зерттеуді қажет етеді.

Ж.Сəдуақасов 1898 жылы Омбы губерниясының Ақмола уезіне қарасты Сарысу болысындағы Төссаз (қазіргі Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Түгіскен елді мекені) деген жерде дүниеге келді. Əкесі — Сəдуақас Жағалбайлы руынан шыққан, ел арасына беделді, құрметті адамдардың бірі болды. 1912 жылға дейін Ж.Сəдуақасов ауыл молдасынан хат таниды. 1912 жылы күзде баласының оқуға деген ынтасы мен зеректігін байқаған əкесі Сəдуақас Жанайдарды туысы Əділдің балаларымен бірге ертіп, Ақмолаға оқуға апарып, нағашысы Мүсəпірдің (Ақбайпақ, Мəшһүр) үйіне орналастырады [1–3]. Кейбір деректер бойынша, Мүсəпір мемлекет қайраткері Абдолла Асылбековтың əкесі екен.

Сəдуақас баласының діни білім алғанын қалайды. Алайда, əкесі кеткеннен кейін, Жанайдар діни мектепке емес, бір сыныптық приход мектебіне түседі. Ол мектепті бір жылдан кейін тəмамдап, 1913 жылы қыркүйектен бастап, оқуын Ақмоладағы Жоғары бастауыш училищесінде жалғастырады. Аталған училищені 1916 жылдың мамыр айына дейін оқып, осы жылы жазда туған ауылына оралады. Ол Ақмолада оқып жүргенде «Бірлік» жастар ұйымының мүшесі болып, елде жəне қоғамда болып жатқан өзгерістермен танысып, əр мəселеге қатысты өзінің өмірлік ұстанымдарын айқындай бастайды. Оның жаңа идеяларға толы көзқарасын қалыптастырып, əр түрлі саяси оқиғалардан тыс қалмауына достары əрі жерлестері С.Сейфуллин, Бəйсейіт жəне Дінмұхамед Əділевтер, А.Асылбеков жəне  т.б  кейін  мемлекет  жəне  қоғам  қайраткері  болған  азаматтар  ықпал  етеді.  Ақмолаға келген сəтінен бастап аталған достарымен арадағы тығыз достық қарым-қатынас Ж.Сəдуақасовтың күрделі саяси кезеңде шынығып, кейін күрескерлік қабілетін халқына қызмет етуге жұмсауға септігін тигізеді. Ақпан революциясы басталған кезде Ж.Сəдуақасов туған ауылында болады. Ол оқуын Омбы қаласында жалғастыруды көздейді. Білімін ұштауды армандаған ол əкесінің салт-дəстүр бойынша үйлендірген жарынан да бастартып, үйінен қашып шығып, Ақмола қаласына келеді. Ол революцияның алғашқы күндерінен бастап, оқушы кезінде Ақмола уездік Қазақ комитетінде болыстық жəне ауылдық комитеттерді ұйымдастыру жөніндегі инспектор болып қызмет атқарады. Содан кейін, 1917 жылы қыркүйек айында Омбыға келіп ересектерге арналған гимназияға түседі [4, П.17].

Ж.Сəдуақасовтың қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуында оның Омбыдағы кезеңінің алатын орны ерекше. Ж.Сəдуақасов 1914 жылдан бастап, Омбыда қазақ жастары құрған «Бірлік» ұйымының мүшесі болады. Ұйымда қазақтың оқыған, білімді азаматтары баяндамалар жасап, үгіт- насихат жұмыстарын жүргізеді. Бұл азаматтар қазақ халқын патшалық отарлық езгіден құтқаруды, өз ұлтының азаттығын көксейді. 1917 жылы 1–4 қазан аралығында «Бірліктің» кеңейтілген жиналысы өтеді. Оған Ақмоладан «Жас қазақ», Көкшетаудан «Жас ұран», Спаскіден «Жас дəурен» жəне басқа жастар ұйымдарынан шамамен 100-ге жуық өкілдер қатысады. Жиылыс қаулы қабылдап, ұйымның басшылық органын сайлайды. Жиналыстың төрағалығына жəне «Бірліктің» үні «Балапан» журналының редакторлығына М.Жұмабаев сайланады [5; 47, 48].

1918 жылы желтоқсан айында Омбы қаласына Қиыр Шығыстан Ж.Сəдуақасовтың Ақмолаға келіп білім алуына ықпал еткен ағайыны Д.Əділев келіп, оның үйіне тоқтайды. Ж.Сəдуақасов Д.Əділевпен бірлесе отырып, сол кезде түрмеде отырған Ф.А.Березовскийдің отбасымен байланысу арқылы астыртын жұмыстар жүргізе бастайды. Ол 1918 жылы 22 желтоқсанда ол Д.Əділовпен бірге дайындалып жатқан көтеріліске қатысу үшін, жинақ пунктіне барады. Алайда, көтеріліс басшылары қамауға алынғандықтан, ол əрекеттері сəтсіз аяқталады [4; П. 19].

Большевиктердің Колчакқа қарсы ұйымдастырған осы көтерілісі туралы С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи романы құнды деректер береді. 1918 жылдың желтоқсан айында, Колчактың озбырлығы шегіне жеткен тұста, Омбыдағы жасырын большевиктердің комитеті көтеріліс жасамақ болады. Алғашқыда Колчакпен бірлескен, бірақ кейін Колчактан зорлық көрген эсер басшылары мен Колчак əскерінің бірқатар бөлігі большевик жасақтарына қосылып, көтеріліске қатыспақ болады. Большевиктер өз жоспарын түнде бір отрядпен түрмені алып, қамаудағы тұтқындарды босатып, ал сол сəтте екінші отрядпен телефонның орталық станциясын алу арқылы жүзеге асырмақ болады. Сонымен қоса қаланың ортасындағы орыс-казактың атты полкын алуды, лагердегі қызыл əскер, Австрия, Германия тұтқындарын босатуды жəне Колчакқа қарасты əскерді бір-бірімен хабарластырмай, қапыда қолға түсіруді жоспарлайды. 22 желтоқсанда большевиктер түрмені басып алып, тұтқындарды босатады, орыс-казактың атты полкын алады. Алайда орталық телефон станциясы большевиктерге қосылған эсерлердің осалдығынан алынбай қалады. Большевиктердің бұл іс-қимылы туралы тыңшылары арқылы хабардар болған Колчак əскері большевиктердің басшыларын тұтқынға алады. Ал большевиктердің басқа отрядтары өз бетімен əрекет етіп жатады. Кейбір отрядтары штабтан бұйрық болмаған соң, тек жиналып, хабар күтіп отырады. Бұлардың ішінде Ж.Сəдуақасов пен Д.Əділов та болады. Олар штабтың бұйрығын күтіп отырғанда Колчактың əскери қару-жарақпен қаруланған қалың əскері атыс бастайды. Темір жолдың бірқатар жұмыскерлері жақтаған большевиктер санының аздығынан жəне нақты іс-қимыл жасай алмағандықтан, шегіне атысып, жеңілуге мəжбүр болады [2, 481].

Бұл көтеріліс туралы С.Сейфуллин былай деп баяндайды: «…Омбыдағы қазақтан большевиктермен сөздес болған, қатынасқан, Əйтпенұлы үйінде жатқан тек Жанайдар Сəдуақасұлы болған. Омбыда болған белгілі жазушы большевик Березовскийдің үйімен байланыс қылған. Жəне жасырынып жатқан Дінмұхамет қатынасып, сөздес болған. Бірақ не керек, мақсат орындалмаған. Төңкеріс бола алмаған. Омбы қаласы біраз алабұртып қойған [2; 292].

Омбы қаласын чехтар жаулап алғаннан кейін де, Ж.Сəдуақасов Омбы қаласындағы оқуын жалғастыра береді. Алайда оған материалдық көмек беріп, жəрдемдесіп тұрған С.Сейфуллин, А.Асылбеков сияқты достары қамауға алынып, Ж.Сəдуақасовтың тіршілік етуге қаражаты болмай, көп қиындықтарға тап болады. Сондықтан ол қосымша жұмыс іздеп, көп қиындықтардан кейін Губерниялық жер басқармасының халыққа білім беру бөлімінің іс жүргізушісі қызметіне орналасып, онда 1919 жылдың шілде айына дейін жұмыс істейді [4, П. 18–19]. Жүзеге аспаған көтерілістен кейін Ж.Сəдуақасовқа «атыс болған күні сен большевиктерге оқ тасыпсың» деп жала жауып, қудалап,  Жер басқармасындағы қызметінен шығармақ болады. Ж.Сəдуақасов қудалауда жүрсе де, түрмеден қашып шыққан Новиков деген большевикті өзі жатқан М.Əйтпеновтің үйіне жасырады [2, 292].

1919 жылы қазақ жастарын бір ту астына ұйымдастыру мақсатымен, Омбы қаласында Қазақ өлкесінің барлық ұйымдарының біріккен Жалпы жастар съезі өтеді. Съезге Ақмола, Семей жəне Қостанай губернияларының жастары қатысады. Онда қазақ жастарының пікірлері екіге бөлініп, Ж.Сəдуақасов, А.Асылбеков, Ə.Досов бастаған топ Кеңес өкіметінің саясатын қолдайтынын    айтып,

«Демократтар советін» құрады. «Бірлік» ұйымының аты өзгертіліп, ол «Жас қазақ» деп аталады. Ж.Сəдуақасовтың Омбыдағы өмірі жақсы суреттелген С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында былай деп жазылған: «…Бір күні Омбыда оқып жүрген балалардан мынандай жеделхат алдық: «Ақмола. Сейфоллаұлына. Омбыда оқып жүрген жастардың «Бірлік» атты ұйымының беті

«Алашордашыл» болып, оқып жүрген біраз жастар «Бірліктен» бөлініп, ұйым жасап, «Демократ совет» ашты. Советтің басқармасына мынандай адамдар сайланды: Жанайдар Сəдуақасов, Таутан Арыстанбекұлы, Əбілқайыр Досұлы» делінген» [2, 126].

Қазан революциясынан кейін екі бағытқа бөлініп кеткен ұйым мүшелері бастапқы кезеңде өзара жалпы демократиялық платформа негізінде біріккені, ал олардың көзқарасында ағартушылық, ұлт- азаттық мүдденің үстемдік алғаны да тарихи шындық болатын жəне оған өмірлік себептер де жетерлік еді. Жоғарыда аталған жастар съезінде Ж.Сəдуақасов үлкен белсенділік көрсетіп, мінбеге бірнеше рет шығып сөйлейді, өзінің Кеңес өкіметіне қатысты ой-пікірін, көзқарасын білдіреді. Ол жастар съезіне қатыса жүріп, Ақмола Жұмысшылар, солдаттар мен шаруа депутаттары кеңесінен (əрі қарай Совдеп) қару-жарақ алуға келгендерге көмектеседі [1; 111]. Большевиктердің  кедейлерге теңдік, еркіндік беріп, қоғамда əділдік орнатамыз, халықтың əл-ауқатын көтеріп, отаршыл езгіден құтқарамыз, қанаушы тапты жоямыз деген ұраны Ж.Сəдуақасов сияқты еркіндік аңсаған жастың көкейіне қона кетеді. ХХ ғасырдың басындағы тарихи оқиғалар білімге, өнерге ынтықтырып, теңдікке, бостандыққа құлшындырған көзі ашық қазақ жастарын бірден алға жетелейді, патшаның езгісіне, отаршылдық саясатқа қарсы қажырлы күреске шақырады. Осы кезеңде Ж.Сəдуақасов Омбыда оқып жүрген қазақ жастарының көрнекті жетекшілерінің, алғыр ұйымдастырушыларының біріне айналады. Ол большевиктер идеясы жүзеге асқан жағдайда, қараңғы қазақ даласына сəулелі болашақ келеді деп сенді. Осы кезеңде қоғамда болып жатқан саяси оқиғалардың белсенді қатысушысы Ж.Сəдуақасов тапқыр əрі қайратты жігіт болып қалыптасады.

Осы съезден кейін Ж.Сəдуақасов Омбы қаласында қалып, гимназиядағы оқуымен қатар, бір мезгілде демократтық кеңестің мүше хатшысы қызметін атқарады. Кейін жоғарыда аталған губерниялық Жер басқармасының халыққа білім беру бөлімінің іс жүргізушісі қызметіне орналасады. С.Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи романында сол кезде Омбыда оқитын Ж.Сəдуақасовты ерекше құрметпен атап көрсетеді. Жазушы Ж.Сəдуақасовты қиын-қыстау шақтарда Колчак бұғауындағы тұтқындарды ауыр азаптан құтқарған өжет те ержүрек, тапқыр күрескер ретінде суреттейді. С.Сейфуллин Ж.Сəдуақасовтың күрмеуі қиын жағдайларды оңтайлы əрі тез шеше білген, ерік-жігері мол, сындарлы сəтте достарының жанынан табылып, əрқашан көмегін аямаған, адал азаматтығын жоғары бағалайды. Ақмолада алғашқы Совдеп құлап, Колчактың озбырлығы асқынып тұрған уақытта, Ақмола қаласынан тұтқындалған С.Сейфуллин, А.Асылбеков, Б.Серікбаев, Ж.Нүркиндер Омбы қаласына əкелініп, азап вагонында қиналып жатқанда, Ж.Сəдуақасов олармен байланыс орнатып, түрмедегі бауырларына дем беретін, жеңіске сенім арттыратын хат-хабар жіберіп, олардың рухын, еңсесін көтеріп отырады. Мұның бұлтартпас дəлелі оның С.Сейфуллинге жазған хаты болып табылады. Колчактың қылышынан қан тамып тұрған қатал шақта, Ж.Сəдуақасов Ресейдегі саяси жағдайды дұрыс болжап, Ақмола абақтысындағыларға: «…Вахтча Укметов болен туберкулезом. Хирурги отказываются лечить. Улькенбек Сабитов выздоравливает. Благополучно приехал. Днче». Жанайдар», — деп хат жазады. Бұл орысша жазылған хаттың қазақша нұсқасы келесідей: «Уақытша үкімет баласы науқас: құрт ауруы. Тəуіптер «жаза алмаймыз» дейді. Үлкенбек Сабит баласы сауығып келеді. Аман-есен келдік. Дінше». Жанайдар». Бұл жұмбақтап жазылған хаттың шешуі былай болады: Ақтардың Уақытша үкіметі нашарлауға айналды. Күші азайды, жұрт теріс қарай бастады. Большевиктер Кеңесі — Кеңес үкіметі оңалып, күшейе бастады, — деп Жа- найдар қол қойған. Ал хаттың соңында «Чита жақтағы атаман Семеновке қарсы майданнан аман-есен қайтып келдім», — деп Дінмұхамед қол қойған. Осылайша, 19 жасар жас Ж.Сəдуақасов қоғамдағы саяси ахуалды дұрыс болжап, оны жұмбақтап, астарлап жеткізу арқылы өзінің болашақта көреген саясаткер, білгір дипломат болатынын аңғартып, С.Сейфуллиннің тарихи романының жағымды кейіпкеріне айналады. Ж.Сəдуақасовтың адал достығы, қамқорлығы туралы С.Сейфуллин өзінің романында:  «Түрмеде,  таршылықта,  əрбір  жылы  хабар  тұтқынға  үлкен  күш,  қуат береді. Достың достығы, қастың қастығы, адамның адамшылық жəне түрлі хайуандық мінездері тар жол, тайғақ кешуде ғана анық білінеді екен…», — деп жазған [2; 227].

Ж.Сəдуақасов қамауда отырған достарына тамақ та жеткізіп тұрады. Оған С.Сейфуллиннің келесі естелік жолдары дəлел бола алады: «...Біраз сөйлесіп, Құрманғали қайтып кетті. Ертеңінде Жанайдарды ертіп əкелді. Тағы да қуанысып, кенеліп қалдық. Тағы бірақ əңгімелестік. Аш кісіге алдымен керек нəрсе тамақ қой. Бұлар нан мен май əкеп кенелтті. Май мен нан астың атасы ғой» [4, 292]. Шынайы достықты аса құрмет тұтып, бағалай білген С.Сейфуллин таршылықта біреудің істеген болмашы достығы көзге қандай көрінетінін өзі таршылықта болмаған кісінің білмейтінін жəне айтсаң да дəл өзіңдей түсінбейтінін айтады. «Бұл — өмірде ұмытылмайтын іс! Мұндай достық, таршылықтағы жанға таудай қайрат, өлшеусіз шаттық береді!» — деп жазады [2, 293].

Осы қауіпті кезеңде Омбыдағы оқушылардың Демократтық советін құрып, большевиктерге қосылған жастардың арасынан Ə.Досов Көкшетаудағы өз еліне, ал Т.Арыстанбеков Қостанай уезіндегі өз еліне кетіп қалады. Омбыда тек сөзі мен ісіне берік, азаматтық қасиетті алдыңғы орынға қоятын Ж.Сəдуақасов қана қалады [2; 331].

Ж.Сəдуақасов осы кезеңде өзі де бой тасалап жүрсе де, 1919 жылы ақпан айында азап вагонымен Омбыға əкелінген достарына көмек беру мақсатымен, С.Сейфуллин мен Б.Серікбаевқа астыртын төлқұжат дайындап, абақтыдан қашуға көмектеседі. Бұл туралы С.Сейфуллин былай деп жазған: «…Рұқсат алып, конвоймен Жұмабай, Катченко үшеуміз лагерден қалаға барып-келіп  жүріп, екі билет таптық. Бірін Жанайдар Сəдуақасұлы тауып берді. Мен конвоймен Мұқандікіне барып, Жанайдардан əлгі 1917 жылғы оқып жүрген еңбекші жастары ашқан «Демократ советтерінің» («Оқушылардың демократтық Кеңесі») штемпл мөрлерін алдым. Желім, өткір бəкі, сия-қарындаш, қағаз-қалам, сия тапқызып алдым. Жанайдар тауып берген құжат-куəлік қағаз Омбы оязы Сілеті болысының қазағы Дүйсенбі Əсиұлы дегендікі екен. Жасы 26-да. Басқа түс-белгілері жоқ. Бұл қағаз менің жасыма туралау келді» [2; 333].

Колчактың «қашып ұсталған тұтқын тергеусіз атылады» деген ызбарлы жарлығына қарамастан, лагерден қашып шыққан С.Сейфуллин ең алдымен Ж.Сəдуақасов тұратын Мұқан Əйтпеновтың үйіне келеді. Ол Ж.Сəдуақасовпен бірге отырып, алдағы жүріс-тұрысының жоспарын ақылдасады. Жүріс жоспары екі түрлі болады. Құрылған екінші жоспар бойынша Ж.Сəдуақасов Əбдрахман Бəйділдаұлына, Əбілқайыр Досұлына, Дінмұхамет Əділұлына хат жазбақ болады. Үй иесі М.Əйтпеновтен жолға қаражат алған Сəкенді Жанайдар атшана жегіп, вокзалға шығарып салады. Ол досын халқы көп жерге тұрғызбай, билетті өзі сатып алып, поездға тыстан мінгізіп жібермек болады. Сəкен Жанайдар көп күтіп қалатын болғандықтан жəне онымен сөйлесіп жүргенін біреу байқап қалар деп, оны үйіне қайтарады [2; 340–342].

Бұл фактілер Ж.Сəдуақасовтың өте қайраттылығын, достыққа адалдығын, табандылығын көрсетеді. Осы жылдары ұлт зиялыларының көзқарасында халық мүддесін көздейтін əр түрлі жол қалыптасады. Ж.Сəдуақасов, С.Сейфуллин жəне тағы басқалар бастаған белсенді жастар Кеңес өкіметінің саясатын қолдаса, Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов сияқты «Алашорда» жақтаушылары ұлттық Алаш Автономиясын құруды, ал М.Шоқай діни идеяға негізделген Түркістан мемлекетін құруды армандайды. Бұл идеялар қазақ зиялыларын түрлі ағымдарға бөледі. Болашағы бұлдыр көшпенділіктен бастартуға, Кеңес өкіметін қолдауға шақырған топтың алдыңғы қатарында жүрген Ж.Сəдуақасовтың қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасып, нығая түсуі де осы кезеңге тұспа-тұс келеді.

ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақ зиялыларының қай-қайсысы болмасын, туған елін тұйыққа тіреген отаршыл езгіден, ел аспанын бүркей жапқан сауатсыздықтан, білімсіздіктен құтқарып, елдігін сақтап қалудың, өркениетті елдер қатарына қосудың ең дұрыс жолы — оқу-ағарту істерін жолға қою, елін ғылым-білімді игеруге жұмылдыру, барлық күшті соған жұмсау деп түсінеді жəне туған халқын осы мақсатқа бағдарлайды. Екі ғасырдың сындарлы тоғысында қалыптасқан қазақ зиялылары екі түрлі жолды таңдай отырып, ортақ мүддеге қол жеткізуді армандайды. Осы арман- мақсаттарға жету үшін қоғамдық-саяси ұйымдар құрады. Осындай жауапты кезеңде саяси күрес сахнасына шыққан, сол заманға сай біліммен қаруланған жас Ж.Сəдуақасов елі үшін шешуші сəтте қалыс қала алмайды. Ол өз елінде, өз жерінде отырып, азап шеккен қазақ халқының мұң-мұқтажын қорғауды өзінің басты мақсат-міндеті еткен жəне жалпы ұлттық, бүкілхалықтық мəселелерді таңдап алып, оларды туған елінің мүддесіне сай шешуге бекінген, кеңестік жүйені қолдаған қазақтың белсенді жастарының алдыңғы қатарында болады.

Ж.Сəдуақасовтың Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуға қатысты іс-əрекеттері туралы деректер саяси жазалау құрбаны, «Алаш ісі» бойынша 1930 жылы атылған қоғам, мəдениет, оқу-ағарту   ісінің қайраткері Дінмұхамет Əділұлына арналған «Ұлт театрының шаңырағын көтеруші» атты еңбекте кездеседі. Мəселен, ол Ж.Сəдуақасовтың Кеңес өкіметін жақтағандығы туралы ОГПУ тергеушісі алдында былай деген: «…Қазақ жастары арасында күшті алауыздық болды. Мен, Ə.Досов, Ж.Сəдуақасов, Т.Арыстанбеков, Семей губерниясынан Айтбақин… — біз бəріміз большевик революциясын жақтадық, ал қалғандары қарсы еді» [3].

Əр түрлі саяси оқиғаларға қатысқан Ж.Сəдуақасов 1919 жылы шілдеде Омбы қаласынан Сарысу бойын жайлап отырған ауылына келеді. Ауылға Жанайдар өмірлік ұстанымдарын нақты айқындаған, сынағы мен сыры көп өмірге үлкен үмітпен бет алған жалынды, арманшыл жастың бірі болып оралады. Осы кезеңде ауылдағы жағдай да өте қауіпті болады. Ж.Сəдуақасов пен Б.Əділов Кеңес өкіметін жақтаушылар ретінде іздестіріліп жатқандықтан, ол елге келсе де, бой тасалап, жасырынып жүреді. Ауылға солдаттар іздеп келуді жиілеткендіктен, Жанайдар «Көнектегі» құдасы Тақыр Омардың ауылына барып, біраз күн жасырынуға мəжбүр болады. Ауылды əбігерге салған солдаттардың жөнсіз əрекеттерінен халық қорқыныш пен үрейде өмір сүреді. Жанайдардың қауіпсіздігі үшін қорыққан əкесі Сəдуақас оны Созақ жақтағы туысқандарына жасырады. 1 айдан аса туысқандарының үйінде тығылып жатқан Жанайдар «Қызылдар Торғай маңына келіпті. Бəйсейіт қол жинап, соларға қосылуға қам жасап жатыр» деген хабарды естіп, Б.Əділовтің жинаған қолына барып қосылады [1; 113–115].

Сол жылы күзде Ақмола қаласы жаудан азат етіледі. «Сібір билеушісі» Колчактың əскері талқандалады. Талқандалған əскердің бір бөлігі Балқаш арқылы Қытайға өткелі қашып келе жатып, Сарысу бойында қолға түседі. Ұсталған солдаттарды сирақты Нұрке палуанның ауылында қарусыздандырып, Ақмола қаласына айдап жеткізеді. Бұл іске Ж.Сəдуақасовтың əкесі Сəдуақас пен олармен қонысы жақын əрі құдасы тоқа Мақажан басшылық етеді. Кейін олардың ерлігі ел аузында аңыз болып жүреді [1; 115].

Большевиктер Колчак əскерімен күресін күшейткен тұста, жанына А.Асылбеков пен бірнеше қарауыл жігіттер ерткен Ж.Сəдуақасов Сарысу бойынан Шуға көшкелі жатқан еліне келеді. Олар ел аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, жиналыстар ашады. Кеңес өкіметін қолдауға шақырған Ж.Сəдуақасов елден ет, ірімшік, құрт сияқты азық-түлік пен жылы киімдер жинайды. Жинаған азықтары мен киімдерін 60 түйеге жүк артып, Сібірдің ну орманына қарай жүріп келе жатқанда, жолда қазақ бай-болыстарының Колчакқа көптеген тарту-таралғы апара жатқанын естиді. Қазақ халқын аяусыз қырған Колчакқа сыйлық берудің жөнсіздігіне ренжіген Жанайдар: «Қазақ біреуге жағынбаса жүре алмайды. Колчактың күні бітуге таяу ғой», — деп ашуланады. Ж.Сəдуақасовтың бастауымен қарулы 30 жігіт Колчакқа бара жатқан керуеннің алдын тосып, оларды қолға түсіріп, байлардың Колчакқа арнап алып шыққан тартуларын большевиктерге үлестіріп береді [6].

Жоғарыдағы естелік жолдарынан Ж.Сəдуақасовтың ақтарға қарсы күреске қатысып, Колчактың озбыр іс-əрекеттеріне тойтарыс беріп, өзінің Кеңес өкіметіне қатысты азаматтық позициясын сақтап қалғандығын көруге болады.

Жоғарыдағы естеліктер Ж.Сəдуақасовтың Кеңес өкіметін орнатысуға атсалысқандығын жəне жасына, қауіпті жағдайға қарамастан большевиктерге көмек көрсеткен қайсар күрескер екендігін айғақтаса да, кейбір мұрағат құжаттары Ж.Сəдуақасовтың партияға қарсы ұйымның мүшесі болғандығын көрсетеді. Ж.Сəдуақасовтың 1937 жылы 13 тамызда жазған, соңында өз қолы қойылған биографиясында 1922–1925 жж. аралығында ол өзінің С.Сейфуллиннің партияға қарсы тобының мүшесі болғандығы туралы жазады: «...В свое время (1922–1925) я принимал участие в антипартийной группировке Сейфуллина. Эта группировка, сохраняя свою самостоятельность, блокировалась в период 3-го Всекиргизского съезда Советов (1922) с мендешевской группировкой, а в момент размежевания Сре.Аз.республ. с садвакасовцами (Смагул). При обмене партдокументов я не указал об этом, ввиду того, что запись об участии в сейфуллинской группировке по разъяснению ОРПО Казкрайкома ВКП(б) была не объязательна. По этому вопросу тогда же обращался к тов. Асриеву (зав. ОРПО) и б.секретарю Алма-Атинского РК тов. Юсупову, которые подтвердили вышеуказанное разъяснение. От группировки отошел в 1925 г. и с тех пор состою на правильной партийной позиции, защищая ее генеральную линию» [4; П.21]. Егер биографияның жазылу мерзімінің республикада партиялық қырағылықты арттыру мақсатында  «халық жауларын» əшкерелеу шараларының басталу мерзімімен сəйкес келуін ескерсек, бұл жолдардың тергеушінің нұсқауымен күштеу арқылы жазылғандығын немесе Ж.Сəдуақасовтың шынымен кеңестік жүйеде тек қазақ халқының мүддесі мен игілігі үшін қызмет ету мақсатында болып, кейін партияға  қарсы ұйымда болғандығы туралы шындықты өз еркімен мойындауға мəжбүр болғандығын анықтау қиынға соғады.

Əйтсе де, 1929 жылғы 13 маусымдағы Өлкелік комитеттің мүшелерін тексеру жөніндегі Тексеру комиссиясы отырысының 6/7 хаттамасының көшірмесінде Ж.Сəдуақасовтың Кеңес өкіметіне қарсы топтардың құрамында болғандығы туралы мəліметтерді айғақтайтын деректер кездеседі. Хаттама көшірмесінде Ж.Сəдуақасовтың 1923 жылғы 17–22 наурыз аралығында Орынборда өткен ІІІ облыстық конференцияға дейін Сейфуллин мен Мендешевтің, ал ІІІ конференциядан кейін С.Сəдуақасовтың партияға қарсы топтарына қатысқандығы туралы фактілердің анықталуына байланысты, Қазақ Орталық Атқару Комитетінің жауапты хатшысы қызметінен босатылып, Адайға жіберілгендігі туралы айтылады [4, П. 29].

Бұл мұрағат құжаттары Ж.Сəдуақасовтың Кеңес өкіметінің саясатын толығымен қолдамағандығын, оның партиялық саясатқа қатысты өзіндік ұстанымының болғандығын көрсетеді.

Ж.Сəдуақасов кейін 1936 жылы 15 қыркүйекте Алматы қалалық Кеңесінің пленумында «Қазақ халқының 1916 жылғы патша үкіметіне қарсы ерлік көтерілісінің 20 жылдығына» орай жасаған баяндамасында өзінің «Кеңес өкіметін жақтауына не себеп болғандығы» туралы орынды сауалға жауап береді. Ол баяндамада патша үкіметінің отаршыл саясатын қатты сынап, отаршыл саясаттың мақсаты мен саяси астарын, оның қазақ халқына тигізген зардаптарын жан-жақты талдай келіп, оған саяси тұрғыдан лайықты бағасын береді: «Ленин патшалық Ресейді халықтардың абақтысы деп атады, бұлай деп атауға оның толық дəлелі бар еді. Бұл халықтардың түрмесі аталған Ресейде еңбекшілердің тұрмысы орасан ауыр болды. Əсіресе орыстан басқа ұлттар еңбекшілерінің, бұратана деп аталған халықтардың еңбекшілерінің тұрмысы өте-мөте ауыр болды. Олар орыс халқында болған болмашы, шолақ праволарын да пайдалана алмады. Патша үкіметінің саясаты, Ресейдің соғыс, феодалдық империализмінің құлдығындағы ұлттардың еңбекшілерін қанауды жəне езуді, оларды надан қалдырып, қараңғылықта ұстауды көздеді. Өйткені патша үкіметі тек сонда ғана жасап өмір сүре алатын еді. Патша үкіметі өзінің колонияларындағы елдерді орыстандыру саясатын жүргізді. Патша үкіметінің колониялық аппараты, колонияларда қандай жұмыс жүргізсе де, ең алдымен бір халықты екінші халыққа айдап салатын еді, ұлт араздығын қоздыратын еді, түрлі ұлттар еңбекшілерінің бірігуіне мейлінше бөгет жасайтын еді. Ресей патшалығындағы ең артта қалған жəне ең қатты езілген колониялардың бірі Қазақстан болды. Ресей патшалығының құлдығына түскен басқа халықтармен қатар, қазақ халқы да неше жүз жылдар бойында патша үкіметінің езуінде еді. Қазақ халқының мəдениет дəрежесі өте төмен болды. Қазан революциясының алдындағы қазақ халқының сауаттылығы 2–2,5 % құрайтын. Егер бірер шенеунік қазақ халқын ағартудың «қамын» ойласа, ол тек күшпен орыс мектебін орнатып, орыс мектебі арқылы қазақ халқын ақ патшаны «құрметтеуге», Ресей патшалығын сыйлауға үйрету мақсатын ғана көздейтін еді. Қазақ халқының мəдениетін арттыру туралы колонизаторлар ойлаған да жоқ, ойлай алмайтын да еді. Бəрінің көздеген мақсаты қазақ халқының оянып, өз правосы үшін, өзінің азаттығы үшін күресуге жол бермеу болды.

Қазақ халқындағы озбырлық заңды «тəртіп» болып есептелетін еді. Колонизаторлар қазақты адам есебіне алмайтын еді, қазақ өз елінде де бұратана болып есептелді. Қазақ еңбекшілері атам заманнан бері өз жерінде тұрып өссе де, өз елінде ешбір праводан пайдалана алмайтын  еді, өз жерінде қия келді, бұратана болып есептелетін еді. Мұндай жағдайда қандай мəдениет болсын, мұндай жағдайда ел қалай оқып, білім алсын! Патшалық Ресейде езілген, құлдыққа түскен елдер өз атымен атала алмайтын еді. Мəселен, украиндықтарды украиндықтар деп атауға рұқсат жоқ,   оларды — малоростар, өзбектерді — сарттар, қазақтарды қырғыздар деп атады. Тек Қазан революциясы ғана əр халықты өз атымен атауға жол салды.

Патша үкіметінің баспасөзі ұлт араздығын қоздырып үгіт жүргізді; бұратана елдер Ресей патшасына бағынғанына, Ресей империясында болғанына мақтану керек, орыс халқы бəрінен де үстем болуы қажет деп көрсетуге тырысты. Тек қара түнек діншілдікті, адам баласына дұшпандықты үгіттеу мақсатын көздеген «Новое время» газетінде қара жүрек патшашылардың біреуі былай деп жазды:

«Біз орыс халқы, құдайдың жарылқауымен, бүкіл Ресейді, ұлы жəне кіші Ресейдің бəрін билеп отырмыз, біз мұны құдайдың бізге көрсеткен ерекше рахымы деп танимыз, құдайдың бұл еткен рахымын қадірлеуге жəне мейлінше сақтауға міндеттіміз. Бізге орыс халқына үстемдік ету жай берілген жоқ, енді патшалық құқықты бағынышты халықсымақтармен бөлісу деген не сұмдық, айтыңыздаршы? Жаратылыстың өзі орыс халқын берік жəне талантты халық етіп жаратып, басқа халықтардан үздік шығарды. Кішкене халықтардың бізбен тең емес екенін тарихтың өзі көрсетті».

Патша  үкіметінің  барлық  «идеологиясы»  міне  осы  сөздермен  толық  сипатталған.  Оның бұл «идеологиясы» фашизмнің «идеологиясына», оның нəсілдік үгітіне жəне адам баласына дұшпандық үгітіне дəл келіп отырған жоқ па?» [7].

Ж.Сəдуақасовтың сауалға нақты дəлелдер келтіре отырып, бұлтартпас айғақтармен берген жауабынан оның ең алдымен сан ғасырлық бай тарихы мен мəдениеті, кең байтақ жері бар, бірақ өзінің  туған  жерінде  отырып,  рухани  байлығын  қолданбақ  түгілі,  тарихи  атауынан       айрылып, «бұратана» атанып, езіліп келген туған ұлтын патша үкіметінің озбыр отаршыл саясатының құрсауынан құтқарғысы келгендігіне көз жеткізуге болады. Ол орыстардың шовинистік бағыттағы ұстанымдары мен басқару тəсілі қазақтарды ешқашан өркендеген өлкедегі, мəдениеті мен білім- ғылымы дамыған халықтар қатарына қоспайтындығына сенімді болды. Сондықтан да ол қазақ даласын бүркей жапқан білімсіздіктен, сауатсыздықтан құтқарып, əлемдегі басқа халықтармен тең, құқықтары мен мүдделерін толық білетін жəне оны қолдана алатын, болашағы жарқын, мəдениеті дамыған халықтар қатарына қосуды көкседі жəне сол асқақ арманын шынайы жүзеге асыруда мінсіз, кіршіксіз, адал қызмет етті. Сонымен қатар Ж.Сəдуақасов қазақ халқының патшаның отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық көтеріліске шығуын Қазақстан тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі деп жоғары бағалады. Саяси басшылықтың болмауына байланысты, көтеріліс жеңіліс тапса да, ол қазақ халқының ұлт азаттығы жолындағы серпінді серпілісі болды деп есептеді.

Жалпы, біздің ойымызша, Ж.Сəдуақасовтың Кеңес өкіметіне қатысты қоғамдық-саяси көзқарасын 3 кезеңге бөліп қарастыруға болады: І кезең (1916–1922 жж.) – большевиктер идеясын толығымен қолдауы, коммунистік гуманизмге сенуі; ІІ (1922–1925 жж.) – партияға қарсы кезінде «сейфуллиншілдік», «мендешевшілдік», «сəдуақасовшылдық» деп аталған топтардың құрамында болып, Кеңес өкіметінің кейбір саясаттарына қарсы болуы; ІІІ кезең (1925–1937 жж.) – партияға қарсы топтардың құрамынан шығып, таза коммунист бейнесін қалыптастырғандығына қарамастан, кеңестік биліктің Қазақ республикасына қатысты жүргізген саясатының шовинистік сипаттағы кейбір мəселелерін толық құптамауы. Бұл мəселелер Ж.Садуақасовтың Кеңес өкіметіне қатысты қоғамдық- саяси көзқарасын мұрағат құжаттарының негізінде əлі де болса жан-жақты  зерттеуді қажет ететіндігін көрсетеді.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Шалқарбаев Д. Ақиықтар. — Тараз: Келісім-пресс, 1998.
  2. Сейфуллин С.С. Тар жол айғақ кешу. — Алматы: Жазушы,
  3. Қойшыбаев Б. Ұлт театрының шаңырағын көтеруші. — Алматы: Арыс,
  4. Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты. — 141-қ. – 1-т. 11571-іс.
  5. Қойгелдиев М., Омарбеков Т. Тарих тағылымы не дейді? — Алматы: Ана тілі, 1993. — 207-б.
  6. Шалқарбаев Д. Бостандық сарбазы // Жезқазған туы. — 1978. — 14 қырк. — № 189. — 47, 48-б.
  7. Садвакасов Д. Двадцатилетие героического восстания казахского народа против царизма в 1916 году. (Из доклада на Пленуме Алма-Атинского горсовета 15 сентября 1936 г.) // Казахстанская правда. — 1936. — 18 сент. — С. 2–3.

 

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.