Нысанбай жырау — «Кенесары-Наурызбай» дастанының туындыгері, қазақ тарихының аса көрнекті тұлғаларының бірі

Қазақтың елін, жерін Ресей империясы XIX ғасырда бұрынғыдан ерекше, екілене отарлай бастады. Абылай ханмен жасасқан келісім-шарттарды өрескел бұза отырып, қазақтың даласына ешкімнен тайсалмастан терең бойлап ене берді. Олардың бұл қылықтарына елім деп туған ержүрек ата-бабаларымыз бейжай қарап отыра алмады. Өзге елдің құлдығына түсуге үзілді-кесілді қарсы шыққан жаужүрек бабаларымыздың бірі жəне бірегейі ұлы Абылай ханның немересі — хан Кене еді. Қазір бір ғана Кенесары Қасымұлының тарихи бейнесі арқылы сол бір аласапыран кезеңдегі ұлттық сананың тарихын сомдауға болады.

Кене ханның тарихи бейнесін сомдаған тарихи еңбектер баршылық.

Кенесары мен Наурызбайдың батырлығы талай жырға арқау болып, көзсіз ерлікті шетел ғалымдары да мойындаған. Алайда шетел ғалымдарынсыз-ақ бір кездері қазақ қариялары Кене хан туралы жырлар мен əңгімелерді жатқа айтып, қазақ елінің соңғы ханының болмысын жақсы білген еді.

Кенесары Қасымұлы туралы алуан түрлі пікірлер де бар. Алайда қазақ мінезін жақсы білетін адам Кене ханды ұлттық батыр ретінде мойындайды. Ол он жыл бойы қар жамылып, мұз жастанып жүріп, орыс отарлаушыларымен аянбай соғысты. Оның жанына елінің, жерінің, ұрпағының болашағын ойлаған хас батырлар шоғырланды. Сонымен қатар хан Кененің жанында оның ерлік істерін халыққа жеткізіп отыратын ақын-жыраулар да болды. Олардың ішіндегі ең шоқтығы биігі — Нысанбай жырау Жаманқұлұлы.

Кеңестік кезінде Кенесары-Наурызбайдың ұлт-азаттық көтерілісіне арналған еңбектердің жариялануы

Кенесары мен Наурызбайдың есімдері патшалы Ресей кезінде де, кеңес үкіметі жылдарында да жабық тақырып болып келді. Себебі Кенесары қолына қару алып қарсы күрескен патша отаршыларының саясаты жаңа дəуірде сыртқы формасы өзгергенімен де мазмұн-мəні жаңаша социал- империялық сипатта жалғасын тапты.

Бұл туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы былайша ой қозғайды: «Қанша күшті болғанымен де, Кеңес үкіметі қазақтың ұлт-азаттық күреске толы тарихын өшіре алмады. Ресми түрде жабық болғанымен жүректерде жазылып қалған Кенесары туралы аңыз- жырлар неше ұрпақтардың ұлттық сана-сезімдерін оятып, рухани жағынан байыта түсті... XIX ғасырда туған көптеген жыр-дастандарды былай қойғанның өзінде кеңестік кезеңде де Кенесары туралы бірнеше еңбектер жарық көрді. Солардың ішінде М.Əуезовтің «Хан Кене» (1934) пьесасын, Е.Бекмахановтың «XIX ғасырдың 20–40-жылдарындағы Қазақстан» (1947) атты монографиясын, І.Есенберлиннің «Қаһар» романын ерекше атау керек [1].

1912  жылы  Қазан  қаласында  Ж.Шайхисыламұлының  құрастыруымен  Нысанбай     жыраудың«Кенесары–Наурызбай» атты дастаны алғаш рет жарық көрді. Бұл еңбек содан кейін араға көп жыл салып, X.Досмұхамедовтың құрастыруымен 1923 жылы Ташкент қаласында жеке кітап болып басылып шықты. Соның алғы сөзінде X.Досмұхамедов былай дейді: «Кенесары, Наурызбайдың Алатаудағы соғысы туралы Нысанбай ақынның шығарған өлеңі бүтін қазақ арасына жайылды. Дұрысталып тасқа басылып шықпаған соң, Нысанбайдың өлеңі езгеріп, əр жерде əр түрлі айтылады. Əсіресе Түркістан арасындағы қазақтардың айтып жүрген «Кенесары–Наурызбайында» көп жалған бар. Ел ішінде айтылып жүрген өлеңдердің көбі қырғызды жамандап, мұқатып, кемітіп, орынсыз қазақты мақтайды. Екі рудың арасына орынсыз ала көңілдік кіргізеді. «Кенесары–Наурызбайды» қазақ-қырғыз білім комиссиясының шығарудағы мақсаты мынау болды: 1) Алатаудағы соғыс туралы Нысанбай ақынның шығарған сөзінің дұрыс нұсқасын беру. 2) Ел арасындағы Нысанбай сөзі аталып, сыңар езу сөйленіп жүрген сөздердің əсерін жою. 3) Мектептерде оқылатын ана тілі үшін тарихи поэманың үлгісін беру. 4) Ел əдебиетінен алынған сөздерді қалай етіп шығару туралы қолдан келгенше үлгі көрсетіп, жол салу. «Кенесары–Наурызбайды» баспаға берместен бұрын бірқатар қырғыз туғандарымыздың оқығандарына көрсетіп, олардың сынына салдық, олар жағынан ешбір бөтен сөз болған жоқ» [2].

Нысанбай жыраудың шығармасында елшілдік-мемлекетшілдік идея мəселесі, тарихи тұлғалардың есімдері жарқын түрде көрініс тапқан.

Жыраудың шыққан тегі мен жастық шағы туралы айтылған пікірлер

«Кенесары–Наурызбай» жырымен бірге Нысанбай есімінің де көпке жақсы таныс болғаны  мəлім.

Солай болса да, Нысанбайдың шыққан тегі, туған жері туралы əр түрлі пікірлер айтылып келеді:

  1. Кене ханның жауынгері əрі көтеріліс насихатшысы болған Нысанбайдың тағдыр-талайы жөнінде ғұлама ғалым Е.Бекмаханов: «Руы Керей.... Кенесары өлген соң, Нысанбай Орта Азияны кезіп жүріп, 1870 жылы дүние салды» [3; 41–43], — деп көрсеткен.
  2. 1993 жылы жарық көрген «Хан Кене» жинағындағы «Кенесары–Наурызбай» жырының алғы сөзінде Ə.Тəжібаев былай деп жазған: «Мұхтар Əуезов өте ірі тұлға жəне көреген ақын деп санаған Нысанбай ХІХ ғасырда өмір сүрген, көкшетаулық, Кенесары ханның ең жақын достарының бірі, оның сүйікті жырауы» [4; 16].
  3. Белгілі ғалым Ə.Қоныратбаев Нысанбайдың Сыр бойының қазағы екенін ескерткен.
  4. Əдебиеттанушы ғалым П.Бисенбаевтың пайымдауынша, дұрысы Нысанбай Жаманқұлұлы 1822 жылы Сыр бойында дүниеге келген. Ата-тегін айтар болсақ, бұл кісі Кіші жүз, Жетіру-Керейт тайпасының Ашамайлы аталығынан тарайды. Ал оның Кенесары жасағына қосылуы — 1837 жыл.

«Кенесары-Наурызбай жырының Қ.Қараев нұсқасындағы:

Нəсіл затым сұрасаң,

Ашамайлы Керейтпін,

Он жасыма келгенде,

Қарыма қобыз ілгенмін.

Он бір жасқа келгенде,

Сөз мəнісін білгенмін.

Он екі жасқа келгенде,

Жақсының алдын көргенмін.

Он бес жасқа келген соң,

Кенесары, Наурызбай

Төрені іздеп келгенмін, — деп келетін ақынның жастық шағынан мəлімет беретін жолдар шындыққа саяды [5; 78].

Демек, Нысанбайдың көтеріліс басталған тұста Кенесары қасында болғаны анық. Кене   ханның:

«Басығарадай батыр жоқ, Нысанбайдай ақын жоқ» деп беретін бағасы да көтерілістің бастапқы жылдарына дөп келеді.

Нысанбай жыраудың Кенесары мен Наурызбайдың ұлт алдында атқарған істерін ұрпақ санасында қалдыруды көздегені

Даңқты жыраулар тарихи оқиғаның ішіндегі бар шындықты өзінің руханиятына енгізіп, тарихта қалдыруды өз міндетіне алған. Соның бір мысалы ретінде Кенесары мен Наурызбайдың тағдыры мен тарихын ұрпаққа жеткізген Нысанбай жыраудың қызметін айтуға болады.

Батырлық рух билеген адамның ұрпаққа көрсетер өнегесі елді қорғау, ұрпақтың ұлттық рухын сақтау, елдің мүддесіне қорған болатын елдіктің қабырғасын тікейту. Батырдың көздеген идеясын халық тегістей түсінгенде ғана бұл идея тегістей жүзеге аспақ. Бұл жөнінде Нысанбай жырау тарих бетінде былай деп жырлап өткен [4; 17]:

Əркімнің Алла панасы,

Дарияның аққан саласы,

Кешегі өткен Кенекем Дүрри-гауһар данасы!

Арқадан ауып кеткені —

Бұ жақтағы жұртының Ауызының аласы.

Əуелгі мекен қонысы – Көкшетаудың даласы.

Жазғы жайлау өрісі — Ұлытаудың саласы.

Өте залым болмаңдар, Мұсылманның баласы!

Ақырында олардың Қырғыздан болды қазасы...

Бір ғана Кенесары–Наурызбайдың тағдыры, олардың ұлттық рухымыздың бойына сіңген тарихы ұлттық мүддеміздің биік шыңдарының бірі. Бұл алдағы уақытта батырлықты ерекше бағалауды үйретеді. Бұл құндылық ұрпақ тарапынан жоғары бағаланып жүзеге асып отырады.

Ерлердің достығы адал, жолдастығы опалы, сенімдестігі берік, іс-қимылдары иықтас болуы —уəзипа! Осы идеяны Нысанбай жырау [4; 51]:

Ала бір таудың жылғасы,

Баурында ойнар құлжасы.

Тар жерде жолдас болады

Ерлердің найза құрдасы.

Белсеніп жауға шабады

Жігіттің жанға мырзасы,

— деген өлең-нақылмен нақыштайды. Жанқиярлық, жанкештілік секілді салмақты, қомақты ұғымдарды «Жанға мырзасылық» деген тың ұқсату арқылы айшықтағаны — ақындық тапқырлық.

Əйгілі дастандағы мынау бір жоқтаудың кестесі келістірек, сөз сайлауы жемістірек [4; 54]:

Жаның қайда жай табар,

Жадыңда Жаппар болмаса?!

Көңілің қайда жай табар,

Көрерге дəулет болмаса?!

Қолдың көркі болар ма,

Барабан, керней болмаса?!

Жұлдыздың көркі болар ма,

Ішінде бір Ай болмаса?!

Халықтың көркі болар ма Басқарған ханы болмаса?!

Кенесары мен ішінде

Ер Наурызбай болмаса?!

 Ұлы жыраудың бұл өлең жолдары — тұнып тұрған тағылымды нақылдар. Ел мен көсемнің ара- қатынасы айқын да анық айшықталған!

Профессор Е.Бекмахановтың өзінің зерттеуінде Нысанбай жырау жөнінде берген деректері

Атақты тарихшы Ермұхан Бекмаханов «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20–40 жылдарында» дейтін еңбегінде қазақ фольклоры мен əдебиет тарихына қатысты ұшан-теңіз əдебиет пен фольклорлық деректерге жүгінген. Зерделі зерттеуші, ғұлама оқымысты Кенесары-Наурызбай көтерілісінің шындығын шынайылықпен суреттеген Нысанбай жыраудың «Кенесары–Наурызбай» дастанындағы тарихилық пен деректілікті орайлы жарасыммен қолданған [6]:

Солтүстікте орыс бар,

Жеріңмен берсең малыңды.

Балаңды берсең солдатқа,

Отыратын қоныс бар.

Күншығыста шүршіт бар,

Адам жейтін аюдай...

Оңтүстікте Қоқан бар Қатын қылып қызыңды.

Қарсы келсең дарға асып, Күнде Қоқан қоқаңдар.

Абылайдың ақылшысы болған Бұқар жырау секілді Нысанбай жырау да Хан кеңесіне қатысып, саяси мəні бар мəселелерде өз ойын ортаға салып, пікір қосып отырған.

Нысанбай жырау Кенесары əскері жеңіліске ұшыраған тұста Кенесары Наурызбаймен бірге жау қолына түседі. Бұл оқиға туралы орыс зерттеушісі Я.Палферов былай деп баяндаған: «Кенет шатқал тыныштығын домбыра үні бұзды, оған қоса «е..е..Алла...» деп алып басталған қайғылы, жан түршіктірер, Нысанбайдың сол жерде шығарған жоқтау өлеңі басталды:

Еркін жел бүгін тынықсын,

Ақындар əнін ұмытсын.

Ерке ұлын іздеп жоқтаған,

Туған жер зары естілсін.

От тиген қалың ағаштай,

Жалындап кетті-ау, Кенекем.

Жоқтау ұзақ, қайғылы түрде айтылып, шатқал-шатқалды, сай-сайды қуалап,  кең далаға Кенесары батырдың өлімін естіртіп кете барады. Зар жылаған домбыра үні барлық дүниені булықтырады. Тыңдаушылардың қара торы жүзін жас жуды, кейде олар өксіп-өксіп қояды. Бүкіл табиғат осы жұбатуға болмайтын əнмен бірге жылап тұрған сияқты» [3; 337].

Кене хан көреген саясаткерлік қабілеті арқасында Ресей басқыншыларынан жеңілетінін білді де. Алайда əріден ойлаған адамға Кене ханның «қазақ рухы биік екен деген ой басқыншылардың жүрегін шайлықтырсын əрі кейінгі ұрпағым ата-баба ісінен беті қызармасын», — деген мақсатпен басын бəйгеге тіккендігі түсінікті де [7].

Ақиық Мағжан ақын:

Алашта талай-талай ерлер өткен,

Ерлерде Кенекеме кім бар жеткен?

Сүйремей елін өрге, көрге сүйреп,

Ер емес, «ершіктер» ол ерді еңіреткен, —

деп жырласа, төкпе ақын Нысанбай [4; 54, 55]:

Халық иесі хандарды

Қалай айтсам, мін бар ма?!

Шегірткеге таланған

Қырғауылда жүн бар ма?!

Жапалақтан сескенген Жалғыз қазда үн бар ма?!

Хандарынан айрылған

Иесіз жұртта сын бар ма?!

Кенесары, Наурызбай

Бір көрінер күн бар ма?!

Кене ханның тұсында

Қарт бурадай жарадық

Жауды жасқап, жапырып,

Жауған қардай борадық.

«Абылайлап ат қойып,

Дұспанның алдын орадық.

Кене хан жазым болған соң,

Шіл боғындай тарадық.

Көрінгеннен қорғалап,

Кісі аузына қарадық!

Өзіміз шапқан Созақта Сарттан ақыл сұрадық.

Наурызбай төре кеткен соң,

Бастан ауды бағымыз.

Кенесары кеткен соң,

Иесіз қалды тағымыз.

Бұлбұлдай сайрап жүр едік,

Байланды тіл мен жағымыз.

Азғанымыз емес пе Қойшыдан сынды сағымыз.

Артында қалған жетім ел,

Келіспей кетті сəніміз.

Ақырында, əлеумет,

Осындай болды халіміз, —

деп тарихи шындықты көрсеткен.

Өкінішке қарай, Ресейге көгендеулі болған уақытта қазақ тарихы табиғи қалпынан күштеп ажыратылды. Бір ғана мысал, Кенесарының тарихи бейнесі тұрғысында қалам тербеген ұлттық тарихтың тарланы Е.Бекмаханов жазықсыз қудаланды.

І.Есенберлиннің «Қаһар» романындағы Нысанбай жырау бейнесі

Белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері С.Досанов «Ұлттық рухты оятқан ұлы суреткер» атты мақаласында былайша толғанады: «І.Есенберлинді халықтың сүйіспеншілігіне бөлеген аса іргелі, ірі еңбегі «Көшпенділер» трилогиясы. Оның алғашқы томы — қамал бұзған қаһарман кітап — «Қаһар» романы 1969 жылы «Жазушы» баспасынан алпыс мың таралыммен басылып шықты. «Қаһар» бірінші болып шыққанмен, трилогияның бірінші емес, үшінші томы еді. Сосын «Көшпенділердің» бірінші кітабы «Алмас қылыш» (1971), екінші кітабы «Жанталас» (1973) жарық көрді. Бұл — көріпкел болмаса да, көреген автордың тактикалық тəсілі еді. Аса қиын, мейілінше даулы тақырыпқа барған автор Кенесары ханның күрделі тағдырын өзек еткен ең қаһарман кітаппен қамал бұзса, өзгелеріне жол ашыларына сенді [8].

Нысанбай жырау — «Қаһар» романындағы əдеби көркем бейне. Кітап композициясындағы сюжеттік бөліктерде Нысанбайдың шығармашылық тұлғалануы əр қырынан алынып бейнеленген. Ең бастысы — эпик жыршылығы. Роман композициясында Кенесары ханның жанында болған ақылшы- кеңесшісі жəне ұлт-азаттық көтерілісінің басталуынан аяқталуына дейінгі майдандарға  қатысқан жорықшы жырау.

Ұлы жырау Қазақ мемлекетінің дамуы да, əлсіреуі де халықтың ата-бабалар қалыптастырған елдік-отаншылдық жолынан ауытқымауы екендігін дəлелдеп жырлаған: «... Тəуекел, Есім, Əз Тəуке хандар — сырт дұшпандар шеніне келе алмаған айбынды мемлекетке айналғанын көзі от шаша отырып жырға қосты. Кең байтақ жерді алып жатқан Үш жүзден құралған елдің ауыз бірлігі күшті болғанын, үнемі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып отырғанын дəріптей келе:

Арғын болсаң Алтай бол,

Найман болсаң Матай бол,

Алшын болсаң Адай бол,

Бұл үшеуі болмасаң,

Қайсысы болсаң сонысы бол! Мейлі Құдай бол! — деп қазақ елінің ең жауынгер руларының шашпауларын көкке көтере шырқап, осы бірлестік Тəуке хан өлісімен тағы бұзылғанын, əр тайпа сұлтандары хандыққа таласып, елдің шырқын қетіргенін айтып берді» [9; 79].

Жазушы Қазақ хандығы мемлекеттігі тарихының əлсіреген жағдайындағы бодандық-отарлық бұғауға түскен кезеңдер шындығын жыршы-ақынның жырлауында көркемдік ойлау заңдылығы аясындағы романтикалық-реалистік болмысымен елестете бейнелеген: «Даусы қарлығып болдыруға айналған Нысанбай тек ел жатарда ғана Абылайдың қарақалпақ əйелінен туған ұлы Уəлидің Ресейге қол шоқпар болып кеткенін, қалмақ қатынынан туған Қасым төренің əке жолын қуып, қазақтың басын қосамын деп бəйек болып жүргенін мадақтай келіп, кенет оқшау отырған Кенесарыға қарай:

Абылай жолы ауыр жол:

Батыр Кене, біліп қой.

Абылайдай берік бол.

Алам десең абырой, —  деп ұзақ жырын бітіреді [9].

Романның соңғы тарауында қазақ даласынан қоныс аударуға бет алған Кенесарының көрген түсінде Нысанбайдың жоқтау («Тұлпардан сайлап ат мініп»), Досқожаның қоштасу («Қалдың сен қайран елім, кең қонысым») өлеңдері қолданылған [10].

Сөз соңында айтарымыз, «Қаһар» романы композициясында Нысанбайдың эпик жыршылығы Қазақ хандығы мемлекеттік тарихын шежірелік баянмен жырлаған сəттері арқылы көрінеді. Романда Нысанбай–Кенесары ханға дейінгі қазақ тарихын жетік білетін шежіреші-жыршы ретінде танылатын тұлға.

Түйін

XIX ғасырдағы қазақ əдебиетінің ең тұлғалы өкілдерінің бірі, атақты сөз зергері Нысанбай ақын өзінің Кенесары туралы көлемді тарихи дастанын былайша тəмамдаған [4; 55]:

Бұл қиссаны шығарған Нысанбай деген жыршы еді,

Кене ханның тұсында Жұрттан озған сыншы еді,

— Айтқан сөзі үлгілі

Құлақтың бір құрышы еді,

Өлең-жырға Нысанбай Мəшһүр шешен, нар еді.

Бір естіген адамдар

Сөзіне тағы зар еді,

— Көзімен көріп, сөз қылған

Соғыста өзі бар еді.

Сол Нысанбай, халық санасына сіңген, əдебиет тарихының бел ортасынан ойып орын алған аруақты ақын ұзақ жылдар бойы ел тарихынан, рухани өмір шежіресінен шеттетілді. Неге екені айтпаса да түсінікті. Қазақ мемлекетінің ең соңғы ханы, халық батыры Кенесары жоғарыдан түскен қаулы, нұсқау бойынша «бүлікшіл, реакцияшыл, кертартпа, жау» болып  жарияланғанда, патриот ақын Нысанбайдың да жолы кесілді. Жалғыз Нысанбай жырау ғана емес, ел қамын айтқан жақсылардың бəрінің де көрген кебі еді бұл. Қолынан ырқы, аузынан сөзі кеткен жұрт басына түскен ауыр салмақтың бір ұшығы еді бұл. Дəл осы уақытта Қазақ қоғамының болмысы өзгеріп бара жатқанына наза болған, отарлық езгіден туындаған қайшылықтардан елді сақтандыруды мақсат тұтқан өлең-жырлар кең таралды. Нарманбет Орманбетұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы сынды «зар заман» ақындары шығармаларында саяси өмір шындығы көрініс тапты. Сондықтан да олар қуғынға түсті. Махамбет, Дулат, Базар жыраулар бұрмаланды. Бүкіл ХІХ ғасыр əдебиеті теріс жазылды. Əдебиет тарихы ғана емес, азаматтық тарихымыз да қате түсіндірілді.

Қазір бұл туралы айтылмай жатқан жоқ. Мысалы, тəуелсіздігімізді алғаннан кейін Нысанбай есімі қайта жаңғырды. Атақты жыраудың дастаны 1996 жылы «Қазақ халық əдебиеті» көп томдық жинағының  17-томында  профессор  Ш.Ыбыраевтың  алғы  сөзімен  жарық  көрді.  Соңғы   жылдары «Парасат» жəне «Жұлдыз» журналдарында, 2008 жылы жарық көрген «Батырлар жырының» жетінші томында басылды. Осы басылымдардың тек соңғысында ғана аты-жөні толық жазылып, «Нысанбай жырау Жаманқұлұлы» деп көрсетілген [11].

Өкінішке қарай, əлі күнге дейін Нысанбай жыраудың бейітінің нақты қай жерде екені күмəнді. Атақты тарихшы Е.Бекмаханов «Кенесары қаза тапқаннан кейін Нысанбай көп жылдар бойы Орта Азияны шарлап жүріп, 1870 жылы жоқшылықта қайтыс болды» деген дерек келтіреді. Кейбір деректер оның бұдан кейінірек қайтыс болғаны туралы айтады. Қазақ энциклопедиясында: «Нысанбай жырау — Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққошқар ауылында жерленген» — деп жазылған.

Нысанбай Орта Азия елдерінде біршама уақыт жасырынып жүрген. Бірақ туған жеріне қай жылдары қайтып келгені туралы нақты дерек жоқ.

Ұрпақтарының айтуынша, жыраудың қолынан қобызы түсіп, байыз тапқан уақыты — 1883 жыл. Оның   бейіті   Қызылорда   облысының   Жалағаш   ауданына   қарасты   «Күлтары   түбегі»   деген жерде орналасқан. Бұны белгілі журналист, жазушы Т.Бекниязов жазып, дəлелдеп жүр: «Ақын Аққошқар ауылының солтүстік батысында екі шақырымдай жердегі Күлтарыда жерленген» [12].

Төрегелді Бекниязов Еңбек ауылында туып-өскен, көнекөз қариялар сөзін тыңдап, солардан естіп-білгенін жазған.

Нысанбай жыраудың туған-туыс, жұрағаты əлі күнге Жалағаш ауданында тұрып жатыр. Ақын жайынан хабардар ұрпақтары Нысанбайдың Еспембет есімді баласы, Жақып  деген немересі болғанын айтады. Ал оның жақындарынан тарайтын Əбілқасым, Кенжеғұл деген азаматтар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Жыраудың өнері дарып, жыр-терме айтқан осы Кенжеғұл көрінеді. 1990 жылдардың басында Нысанбайдың əкесі Жаманқұл еді деп жария қылған жыраудың көзі тірі ұрпақтарының бірі Жұмабек ақсақал болатын [5; 79].

Қорыта айтқанда, алдағы уақытта бейіттің Нысанбай жыраудың бейіті екенін əлі де зерттеу керек. Расталған жағдайда, оның басын дұрыстап қарайтып, қасындағы ауылды ұлы ақынның атымен атауымыз қажет сияқты. Өйткені «Аққошқар» ауылының қазіргі атауы «Еңбек» ауылы екен. Ал ауылдың атын «Нысанбай» ауылы деп атайтын болсақ, бабамыздың ұлы рухын қайта жаңғыртқан болар едік. Нысанбай жыраудың ерлікке толы жырларынан сусындаған ұрпақ, кеңес кезінде қалыптасып, əлі де жалғасып келе жатқан құлдық санадан тездетіп арылар еді.

Нарықтың жетегінде кетіп, басқа нəрсеге мойын бұрып қарауға шамамыз келмей қалғанымен, етек-жеңімізді жинап, ұмыт қалмаса да халық онша танымайтын бабаларымызды дəріптейтін кезең келді. Солардың бірі — Нысанбай жырау! Сонау қиын-қыстау заманда ұлттың рухын көтерген Нысанбай сияқты тарихи тұлғамызды барынша ұлықтап, лайықты бағасын беру керек. Намыс туын көтеріп, ел азаттығы жолында күрескен, сол жолда мерт болған Кенесары, Наурызбай сияқты ерлеріміздің ерлік істерін жырлаған Нысанбай Жаманқұлұлының аты ешқашанда өшпек емес.

Жыл: 2015
Категория: Тарих