Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Күлтегін жазбасындағы ежелгі түріктердің манифесті

Біздің бабаларымыз көне түріктер бағзы замандарда-ақ көшпелілер тұрмысына сай ұлттық дəстүрін, наным-сенімін, əдет-ғұрпын, тарихын, өнерін, жазуын, өзіндік кəсібін, күнтізбесін, философиясын, өмір сүру заңдылықтарын толық қалыптастырып, əлемдік мəдениет пен өркениеттің дамуына елеулі үлестерін қосты. Түрік халықтарының əлем өркениетінің дамуына қосқан үлестері зор. Оның дəлелі Еуразия құрлығының төсінде бедерленген көне жазбалары жалпы адамзат өркениетінің үлкен қазынасы болып отырғаны бүгінде баршамызға мəлім.

Орхон ескерткіштері ішіндегі мазмұны мен көлемі жағынан ерекше саналатын көне түрік жазбаларының бірі — Күлтегінге арналған ескерткіш. Жазбада тарихи оқиға баяндалады. Онда Түрік қағанаты мен оның құрамына енген көптеген түрік тайпаларының тарихы, мəдениеті жəне əлеуметтік құрылысы жөнінде құнды деректер берілген. Ескерткіш қазіргі Монғол Халық Республикасының астанасы Улан-Батордың батысындағы 400 километр жердегі Орхон өзенінің бойындағы Көшө- Цайдам ойпатындағы Қарабаласағұн деп аталатын ескі қорғанан 45 километр солтүстігіндегі Эрдэни- Цзу ғибадатханасы маңында орналасқан [1].

Орхон өзені бойындағы Күлтегін бітік тасындағы көне жазуда ата-бабаларымыздың күшті мемлекет орнатудағы халыққа арнаған үндеу-манифесті жарияланған. Онда түріктер өздерінің қаһармандық істерін, мемлекет құрудағы зор жетістіктерін мəңгі тасқа арнайы ойып жазып қалдырған. Күлтегін ескерткіші екінші Түрік қағанаты кезіндегі маңызды кезеңдерді  қамтыған тарихи шығарма жəне мəңгілік мұра болып табылады. Күлтегін жазбасындағы ежелгі түркілердің манифест-үндеуінің негізгі мазмұны — елді біріктіріп, болашаққа нық сеніммен қадам басу ниетінен туындаған мемлекеттік маңызы бар құжат акт болады. Негізінде Күлтегін жазба ескерткішінің өзі Мəңгі Ел орнату жолындағы жан берген түрік тарихының шежіресі еді. Бұл — бірліктің, ынтымақтастықтың символы болған киелі орын, мəңгілік ел орнатамыз деген елдің тұтастығының белгісі.

Күлтегін жырында түрік елінің ең басты идеясы Түрік қағанатының мемлекеттік тəуелсіздік актісі — «Мəңгілік Ел»  идеясы  саяси  манифест  түрінде  салтанатты  түрде  халыққа  жария етілді [2; 199].

Елді басқарған қағандар үшін, түрік халқын оятып, біріктіріп, түрік қағанатын  орнату жолындағы ұлы жорықтар жасап, ортақ мақсатқа елді жұмылдыруға осындай үндеу-манифест аса қажет болды. Манифесте түріктерді азат болу үшін күреске шақырып, өзге елге кіріптар, бағынышты болмауға, көрші қуатты мемлекеттің шығарған тұрмыстық заттарына қызығып, олардың арбауына түсіп қалмауға шақырады. Түріктердің еш елден кем емес, қайта артық екенін мəлімдеп, оларға өздерінің құқықтарын қорғауға үндейді. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін түрік халқының  рухын оятып, «көк түрік» болып бірігу міндеті тұрды. Өзге елге бодан болмай, өз алдына  тəуелсіз еркін Түрік империясын орнату қолға алынды. Күлтегін ескерткішіндегі жарияланған үндеуде Түрік халқының алға қойған мақсатының концепциясы мен идеологиясы айтылды.

Ежелгі түріктер барлық туыстас тайпаларды біріктіріп, біртұтас Түрік қағанатын орнату жолында күреске шыққан. Ал қағандары ақылды жəне ержүрек батыр қолбасшылар болды. Түрік бектері мен халқы қағанға, мемлекетке адал қызмет жасады. Осындай ұйымшылдық, ауызбіршілік, татулықтың негізінде түрік халқы көздеген мақсаттарына жетті. Қаған мен халық арасындағы тұтасқан бірліктің, ортақ мүддеге орай жұмыс жүргізудің арқасында хан елді ұзақ уақыт басқарып, заман талаптарына сай өмір сүру ережелерін қалыптастырды. Ел іргесінің берік бекуі, мемлекеттің өрге басып дамуы қағанның парасаттылығы мен халықты соңынан ерте білуінен жəне қарамағындағы жалпы жұрттың мемлекеттік мүддеге шексіз берілгендігінде екен. Соған орай үндеу-манифесте Күлтегіннің                                 елді           нығайту    жолындағы   қатысқан                                                  жорықтарындағы   көрсеткен ерліктері   мен қолбасшылық қабілетінің артықшылықтары үлгі өнегі ретінде насихатталған. Тасқа түсірілген ескерткіш жазу бүгінгі жəне болашақ ұрпақтарға өсиет болатын мəңгілік жазба мұра болып саналады. 2014 жылға 12 қарашада Елбасы Н.Ə.Назарбаев «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз жалпыұлттық идеямыз — Мəңгілік Елді басты бағдар етіп, тəуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы жолға айналдырдық. Məңгілік Ел — елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан – 2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық Патриотизм дегеніміздің өзі — Мəңгілік Ел! Ол — барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы... Мəңгілік Ел идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Түркі жұртының мұраты — Мəңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді», — деді [3].

Өзінің бастауын прототүріктерден, ғұндардан қалаған түріктердің «Мəңгілік Ел» идеясы Күлтегін ескерткіші жазуында: «Түркі халқы жойылмасын, ел болсын», — дейді. Бұдан ежелгі түріктердің ұғымдық өлшемінің кең екендігін көреміз.

Алғаш рет «Мəңгі Ел» идеясы Шығыс Түрік қағанаты əскерінің бас қолбасшысы Күлтегінге арнап қойылған бітік таста жария етілген. Ашина руынан шыққан Күлтегін 684–731 жылдары ғұмыр кешкен. Ол Құтлық (Елтеріс) қағанның екінші ұлы, Білге қағанның туған інісі. Күлтегіннің 7 жасында əкесі Құтлық (682–692 жылдары билік құрған Елтеріс) қаған қайтыс болады. Билік оның інісі Қапағанға көшіп, қағандық құрады [2; 200].

Күлтегін ұлы империя үшін көптеген ру-тайпа, одақ, ұлыстарды бағындыруда ерекше ерлігімен көзге түсті. Ол 16 жасынан бастап оғыз, қытан, татабы, табғач (қытай), қырғыз, түргеш, соғды жəне т.б. елдерге жорық жасап, оларды бағындыра білген баһадүр қолбасшы [4].

Ежелгі түріктердің ұстанған мемлекеттік идеологиясы, рухани құндылықтары гуманизмге негізделеген. VІІІ ғасырдан бізге жеткен көне түркі жазба мұраларының ішіндегі мазмұндылығымен, жүйелілігімен жəне танымдық тəрбиелілік тұрғысынан ерекше көрінетін Күлтегін бітік тасы ескерткіші екені бүгінде баршамызға белгілі. Бұл тасқа қағандық дəуірдегі тарихи оқиғалар, мемлекеттер арасындағы мəліметтер, елге белгілі тұлғалар есімдері, халыққа арнаған мəлімдемені жəне көрші елдердің көңіл айту хаты қоса жазылған. Бұған айқын көз жеткізу үшін Күлтегін жазуына көңіл аударайық. Мəңгі тастағы жазулар былай басталады:

«Жоғарыда көк Тəңірі, төменде қара жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-бабам Бумын-қаған, Істеми қаған таққа отырған. Таққа отырып түрік халқына, еліне, төріне тұтқа болған, қалыптастырған. Төрт тараптағылар қарсы жау болған. Қол аттандырып төрт тараптағы халықты бағындырып, иеленген. Бағындырып бейбіт қылған. Бастыны жүгіндірген, тізеліні бүктірген. Шығыста Қадырхан жынысына дейін, батыста Темір-қақпаға дейін қондырған» [5; 61].

551–552 жылдары Бумын өздерін билеп төстеп отырған жужандарға қарсы соғыс ашып, оларды талқандайды. Бумын тарихқа Түрік қағанатын орнатушы жəне «Елхан» лауазымымен белгілі болады. Елхан деген лауазыммен Бумын түрік тарихына енеді. Көне түрік дəстүрінде танымал тұлғаға халық қамы үшін жасаған еңбегіне, жеке басының ерлігіне арналып берілген лауазым оның атына айналып, бала кезінде қойылған есімі ұмытылады [6; 86].

VІ ғасырдың 60 жылдарының соңында Түрік қағанаты сол замандағы қуатты мемлекеттер мемлекеттер — Византия, сасанидтік Иранның, Қытай империясының саяси жəне экономикалық қарым-қатынас жүйесіне еніп, Қытайдан батыс елдеріне қатынайтын Ұлы Жібек жолына бақылау орнату үшін күрес жүргізеді [7].

Күлтегін бітік тасында Бумыннан кейін айтылатын Істеми қаған Түрік империясын құрудағы жорықтарға басынан аяғына дейін қатысып, айтулы жеңістерге жетіп, түріктерді біріктіріп тұтас мемлекет етуге елеулі үлес қосқан қайраткер. Ол Түрік қағанатын нығайту жолындағы табанды күресте батыс жорығын басқарып, қысқа мерзім ішінде Сырдария мен Əмудария бойына, Ташкент аймағына, Еділ өзеніне дейін жетіп, үлкен жеңістерге жеткен. Осындай тəжірибелі, білікті басшының көмегімен түріктер аз уақытта Орталық Қазақстанды, Жетісу мен Хорезм жерлерін бағындырды. Елді біріктірудегі зор жетістіктеріне орай Түрік халқы оған Істеми қағанға (есті, ақылды) деген лауазым берді.

Күлтегін ескерткішіндегі қатар жазылған екі қағанның мемлекет үшін атқарған саяси қызметіне жəне қайраткерлік қасиеттеріне берілген баға осындай.

Сонымен, түркілер адамзат əлемінің ұстын тірегі деп Адамды таныды. Тап сол адамның өмірі, құштарлыққа, арман-мақсатқа, іс-əрекетке жəне түрлі оқиғаларға толы жеке адамның өмірі мемлекеттің, қоғамның өмірімен етене тұтастықта қарастырылды. Сондықтан да тарихты нақты адамның өмірімен салыстыра отырып түсінді. Ал мұның өзі тарихи болмыстың мəн-мағынасын биік деңгейге көтерді. Түркілер адамға тəн қасиетті қатты бағалады, оны бəрінен де жоғары қоя білді. Егер кез келген жауынгер өзінің жүрек жұтқан ерлігі мен қайыспас қайсар қаһармандығын танытса, ол далалық ақсүйектер тобына жатсын-жатпасын, бəрібір батыр деп таныла алатын [8; 99].

Көне түркілердің руна жазба шығармалары мен таңба-бейнелерін арнайы тасқа қашап түсіруі қағаздың барында немесе жоғында емес, маңызы зор құнды рухани мұраларды қабырға тасқа жазу олар үшін аса қажетті қалыптасқан дəстүр болды. Ондағы түркілік рух, намыс, жігер өзара үйлесімділік тауып отырған. Олар табиғатқа табынып, жаратылыс заңдарын түсініп отырып, соған сəйкестендіріп, өздерінің дінін, дəстүрін қалыптастырған.

Табиғат заңы өзгермейтін мəңгілік болса, содан өрістеген көне түркі дүниетанымының философиясы да тозбайтын рухани мұра болып табылады. Тастағы шығармаға өзек болған тарихи оқиғадан бір ұғымды, бір идеяны көреміз.

Бірінші Түрік қағанат құрылардың алдындағы оқиғалардан бұрын, Н.Я.Бичуриннің зерттеуінше, ежелгі дəуірде түріктер: «Ашин бес жүз үймен жужандарға қашып барды да, Алтай тауының күнгей бетін қоныстанып, жужандарға темір өндіріп беріп тұрған [9; 225].

Бірінші Түрік қағанатының күш-қуаты кемеліне келіп халықаралық саяси беделінің шарықтап тұрған кезіңін Мəңгі таста былай сипаттайды: «Көк түріктердің иесі иеліксіз осылай отырар еді. Білікті қағандар еді, алып қағандар еді. Бұйрықтары (қолбасшылар) да білікті еді, алып еді. Бектері де, халқы да түз (адал) еді. Сол үшін елді осынша тұтқан еді. Елін тұтып төрлі (билікті) етті. (Олар) өздері о дүниеге керек болды. Жоқтаушы, жылап-сықтаушы күншығыстағы бөклі шөлі  елінен, табғач, тибет, абар, үрім, қырғыз, үш-құрыхан, отыз-татар, қытай (қидан), татабылардан бұнша халық келіп сықтады, жоқтады. Осындай күліг (даңқты) қағандар еді» [5; 61].

VI ғасырда барлық түріктер Ашина руынан тараған Бумын, Мұқан қағандардың басшылығымен жəне оларды қолдаған елбасшыларының ерен еңбегінің арқасында бір қағанаттың құрамында болып, сол дəуірдегі əлемдік империялар — Византия, Қытай, Парсы мемлекеттерімен тең дəрежеде тұрып, өркениетті қоғам құрды.

Түрік қағанаты өзінің гүлденуінің шарықтап тұрған кезінде Манчьжуриядан Керчь бұғазына дейінгі, Енисейдің бастауынан Əмударияның бастауына дейінгі кеңістікке созылып жатты. Сөйтіп, түрік қағандары алғашқы еуразиялық империяларды құрушылар болды [8; 82].

Бірақ мықты орталықтандырылған мемлекет құрылмағандықтан, мұрагерлер билікке таласып, елдің əлсіреуіне алып келді. Саяси ынтымақтың болмауынан қағанат екіге бөлініп кетті. Өзара билікке таласқан билеуші əулеттердің əрекетінен уақытша көршілері Қытай империясының боданына айналады. Қатал тарихтан сабақ алған түркі бабаларымыз бұл оқиғаны ұрпағына өсиет еткен сөздерімен қалдырды. Орхон-Енисейдегі Мəңгі тас жазуларда тұрақтылық пен ел бірлігінің қаншалықты қымбат екенінін айтып кеткен.

Ол кезеңді ескерткіштегі жазуда былайша күңірентеді: «Ұлдары қаған болған еді. Бірақ інісі ағасындай болмады. Ұлдары əкесіндей болмады. Біліксіз қағандар таққа отырған еді. Əлсіз қағандар отырған еді. Қолбасшылары да біліксіз еді, əлсіз болған еді. Бектері, халқы түзу, адал болмағандықтан, табғач халқының алдауына сенгендіктен, арбауына көнгендігінен, інілі-ағаларының кектескендігінен, бектері мен халықтың ымырасыздығынан түрік халқы елдігінен, елінен айырылды. Қағандығын жүргізіп отырған қағанынан айырылды. Табғач халқына бек ұлдарың құл болды, ару қыздарың күң болды. Түрік бектер түрік атын жойды», — деп сол уақыттағы түркі қоғамындағы басқарушы саяси элитаның жағдайын баяндайды [5; 61].

581 жылы Ұлы Түрік қағанатының қағаны Арыслан Тобохан қайтыс болады. Ханның өсиеті бойынша əрі тақ мəселесіндегі мұрагерлік заң бойынша Мұқан қағанның ұлы Төремен билік басына келуі тиіс болатын. Бірақ Бумынның мұрагері мезгілсіз беймəлім жағдайда 553 ж. қаза тапқан Қара Ыссықтың ұлы Шету қаған сайлау кезінде бүлік шығарып, Төременге қарсы шығады. Нəтижесінде мемлекет өз ішінен ыдырай бастайды. Бұл жағдайды жіті бақылап отырған қытайлар Түрік қағанатының билеушілерін бір-бірімен араздастырып, елді азамат соғысына ұрындырады. Билік басында отырған дарынсыз қағандардың кесірінен, алдында болған тұлғалардың жетістіктерін, олардың орасан-зор қабілетімен күш-қуатының арқасында біріктірілген халықты ұстап тұра алмай жігерсіздік танытады. Соның салдарынан түркі халқы 630–680 жылдар аралығында Қытайға бағынышты күйге тап болады. Күлтегін ескерткішіндегі жазуда түркілердің қайғылы тағдырынан хабар бере отырып, олардың Қытайға сіңісіп, жұтылудың аз-ақ алдында тұрғаны айтылады. Іргелі тайпалардың арасында ынтымақ-бірліктің болмауынан, өзара сенімнің жоқтығынан, өзгені зор тұтып, өзінікін қор тұтқанынан түрік халқы елдігінен айырылып қала жаздайды. Ынтымағынан айрылған, халқын оятып оң іске бастайтын басшысы болмағандықтан, түркілер елу жылдай қытайлардың бағынышты боданы болды. Қытайлар Ұлы Даланы бағындырған соң олардың жерін жаулап, байлығын тонады.

Бумын, Мұқан, Істеми, Таспар қағандардың кезінде мықты мемлекет болып, көршілерімен терезесі тең, кей жағдайда өзінің дегенін жүргізіп, геосаяси ойындардың басты ойыншысы болған Түрік қағанаты кейін билік басына келген дарынсыз билеушілерінің кесірінен жəне оларға тірек болуға тиіс біліксіз қолбасшылары мен бектерінің ісінен құлдырып, VІІ ғасырда Қытайға бағынышты күйге түседі. Олар бағынышты болып тұрған кездерінде ешқандай материалдық немесе қанаушылық қиындықты көрмеген. Түріктер үшін тəуелсіздігінен айырылып жат жерліктерге бағынышты болу ауыр шексіз азап пен қорлықтың белгісі саналады. Түріктер үшін ең қымбат қазына бастарының еркіндігі мен бостандығы болып табылады.

Енді түрік халқы еркіндік алу мақсатында азаттық күреске шығады. Бірақ бірден дегендеріне жете алмай күйзеліске де түседі. Себебі, елді біріктіріп жеңіске бастайтын  тұлға болмады. Түріктердің жеңіліс тауып, қытайларға бағынуына елдегі билік үшін талас, бектердің арасындағы алауыздық жəне халықтың басшыларына қағандықты ұстап тұруына деген сенімсіздігінен болды. Саяси дербестікке жетуге нық бекінген Көк түріктің билеушілері халықты оятуға тырысады.

Түріктің күллі қара халқы былай десті: «Елді халық едім, елім енді қайда? Кімге елдік құраймыз?» — десті. «Қағанды халық едім, Қағаным қайда? Қай қағанға күш-қуатымызды береміз», — десті. Осылай деп Табғач қағанға жау болды [5; 62].

Бұл мəтіннен біздің түсінгеніміз, азаттықты аңсаған түркі халқы ұрпаған құлдықтың қамытынан босату үшін жан алып, жан беріскен майданға аттанған.

Күші айқын басым Қытай империясына қарсы көтеріліске шыққан түркі халқы майданда асқан ерлікпен шайқасқанына қарамастан, ауыр жеңіліске тап болып ажал апатына ұшырай жаздағанда олар «біреудің тепкісіне жаншылғанша, өзіміз-ақ жойылайық» деп айтады. Сол кезде түркілерді өздерінің табынатын, сиынатын Тəңірі қолдап шығады. Бұл Тəңірі діні түріктердің басты идеологиясы болды.

Бұл мəтін Күлтегін ескерткішінде былай жалғасады: «Сонда көктегі түркі Тəңірісі, Түріктердің қасиетті жері, Қасиетті суы былай депті: «Түркі халқы жойылмасын депті, Түркі халқы ел болып өмір сүрсін» депті. Тəңірі өз биігінде тұрып басшылық етті. Əкем Елтеріс қағанды шешем Елбілге қатынды Тəңірі халықтан жоғары көтерді. Əкем қағанға он жеті ер еріпті», — дейді [5; 62].

682 жылы Құтлық Қытайға қарсы көтерілді [9; 271]. Ашина əулетінен шыққан, қытайша білім алған Құтлық ұзақ жылдар бойы аяусыз езгі көрген, құлдық пен күңдіктің азабын тартқан түрік халқын Қытай империясына азаттық көтеріліске бастап шығады. Құтлық қолбасшы жеңіске жеткізетін əскерді жасақтап оларды партизандық күрес тəсілімен де соғысуға үйретті. Ақылды жəне айлакер соғысудың əдіс-тəсілін жетік меңгерген Құтлық Қытайға қарсы көтеріліс жасаудың бұрынғы ескі сарынын пайдаланбай, жаңа шешім қабылдай білді. Əскерді басқаруға түріктердің текті руларынан шыққан ақсүйектердің ұрпақтарын жəне қытайша білім алған, солардың дəстүр-салтын, əскери қорғаныс ережесін білетін, оқыған, ақылды адамдарды тартты. Өзінің серіктерін  жақын сенімді туыстарын да жауапты істерге пайдаланды. Өзін хан жариялаған соң екі інісіне жабғы атақ- дəрежесін берді. Мемлекеттің құрылуына үлкен рөл ойнаған қытайша білім алған, табғаш елінің ішкі, сыртқы жағдайын жақсы білетін айлалы саясаткер Дана Тоныкөкті өзіне серік етіп, оған əскери күштерді нығайту мен дипломатиялық қарым-қатыныстарды реттеуді тапсырды.

Құтлұқ тек қытайлармен соғысып қана қоймай, оның айналасындағы тоғыз-оғыз, қырғыз, құрықан, татар жəне басқаларға жорық жасайды. Солардың бəрін бағындырып түркі қағандығын орнату үшін үнемі жорық үстінде болады. Қытаймен жүргізген қиян-кескі соғыстың нəтижесінде 683 жылы Құтлық қаған жасақтаған түріктердің атты əскері Ордостан шығысқа қарай, ерте заманда айбынды ғұндардан қорғану үшін жасалған Ұлы Қытай қорғаны бойындағы бекіністердің тас- талқанын шығарды.

684–689 жылдары түріктер Қытайдың Шо-чжеу жəне Дай-чжеу өлкелеріне шабуыл жасап, көптеген шенеуніктерді, əскери адамдарды қырып кетті. Цзун-цай-шань тауы маңындағы шайқаста Құтлұқ қытайларды күйрете жеңіп, жаудың 5 мың адамын жер жастандырды. 687 жылы Хуанхуаду маңындағы соғыста түркілер қытай əскерін айқын басымдылықпен тізе бүктірді [9; 272].

Құтлық қаған атанып екінші Түрік қағанатын қуатты мемлекет дəрежесіне көтерді. Осындай зор жетістігі үшін түрік халқы Құтлұққа Елтеріс қаған (елді теруші, жинақтаушы мағынасында) деген құрметті атақ берді. Түрік халқын құрап іргелі ел еткен Елтеріс 693 жылы дүние салады [10].

693 жылы Көк түріктердің ел басқарудағы заңы бойынша Елтеріс қағаннан соң билік басына оның туған інісі 27 жастағы Қапаған қаған келді. Ол ағасы билік етіп тұрғанда аты шығып танымал болып, Мочур шад атанған. Қапаған таққа отырған соң түрік тайпаларын біріктіруді одан ары жалғастырып жорықтар жасап, көнбегендерін күшпен бағындырады.

Қапағанның тұсында Шығыс жəне Батыс қағанаттардың жері бір билеушінің қол астына біріктіріліп, екінші түрік қағанаты айналасындағы елдер санасатын қуатты əскери мемлекетке айналады.

Түркі тарихында əскери өнерді жəне ақыл мен айланы жетік меңгергендігімен танымал болған Қапаған қаған түркі мемлекетін саяси-экономикалық тұрғыдан нығайтып, түріктерді Өтікенге жинап, елді империя дəрежесіне жеткізуді алдына басты мақсат қылып қойды. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін қаған үнемі жорық үстінде болды. 694 жылы Қапаған басты саяси қарсыласы Қытайды бағындырады [2; 83].

Қапаған түркі халықтарының біріктіруде ұлы жорықтар жасап, Түркі империясын орнатуда осындай төңкеріс жасады. Бұл мақсатты орындаудағы атқарылған күрделі істер Күлтегін ескерткішінде былайша баяндалған: «Ілгері (Шығысқа) Қадырхан қойнауынан асыра, халықты осылайша қондырдық. Анша (осылай) еттік. Батыстағы Кеңу-Тарманға дейін Түркі халқын қоныстандырдық. Осылай еттік. Ол уақытта құл — құлды болған еді, Күң — күңді болған еді. Інісі ағасын білмес еді. Ұрпағы əкесін білмес еді. Осылай иелік еткен, осылай ел еткен төріміз (билік) еді.» [5; 62].

Бұдан біздің көзіміз жетіп отырған мəселе Қапаған ағасы Елтеріс қағанның ісін ары қарай табандылықпен жалғастырып, əдісі мен айласын қатар пайдаланып, алға қойған мақсатын орындаған жəне түркі жерін бұрынғыдан да кеңейтіп халқын бейбітшілікке, молшылыққа жеткізген ірі тұлға болған.

Күлтегін жазбасында Құтлық-Елтеріс қағанның екі баласы жорыққа өзгелерден гөрі көбірек шығып, ерен ерліктер жасаған болып көрінеді. Бұл таза тарихи шындық еді. Өйткені Күлтегін мен ағасы Могилян жастайынан соғыс майдандарында жүрді. Қапаған қағанның тұсында талай жорықтарға қатысып, айтулы жеңістерге жеткен болатын.

Білге қаған мен Күлтегіннің Түрік империясын орнатуда жерді кеңейтіп, елді  көбейту бағытындағы ірі істері олардың ел билігін өз қолдарына алған кезеңіне сəйкес келеді. Бұған Л.Н.Гумилевтің: «Қағанатты күйреуден құтқару Күлтегіннің үлесіне тиеді. Ол төрт жылы бойы (711–715) Қарлұқтармен шайқасып, тек 716 жылы ғана əулиелі Тамаг тауы маңында олардың əскерін күйрете жеңді, сөйтіп оларды қағанатқа бағынуға мəжбүр  етті»,  —  деп  жазған  мəліметі  дəлел  бола  алады [11; 312].

Күлтегін ескерткішіндегі «Біз қасиетті Тамағ Ыдұқ басында шайқастық. Күлтегін ол соғыста отыз жаста еді. Алып шалысты ағын мініп опыра шапты. Екі ерін ұмтылып шаншыды. Қарлұқтарды қырдық, алдық» [5; 64] деген жолдары Л.Н.Гумилевтің келтірген мəліметіне сəйкес келеді.

716 ж. Қапаған қаған тоғыз-оғыздарға қарсы əскер бастап жорыққа шығады. Орданы қорғауды Күлтегінге тапсырады. Түріктердің қозғалысынан хабардар болып отырған қарлұқтар қолайлы сəтті пайдаланып қалмақ болып, ордаға шабуыл жасады.

Күш тең емес ұрыста Күлтегін бүкіл айбын-ерлігімен қорғана ұрыс салып, не өлім немесе күң болу қауіпі төнген əйелдер мен балаларды қорғап, өзін тағы да даңқа бөледі. Сондай-ақ бұл оқиға Мəңгі тастағы жəдігерде «Күлтегін жетімек ағын мініп, тоғыз ерін шаншыды. Орданы жауға бермеді. Анам...кейінгі шешелерім, əпкелерім, келіндерім, ханымдарым — солардың бəрі күң болатын еді. Өлігі жұртта, жолда қалатын еді», — деген жолдармен жазылған [5; 64].

Екінші Түрік қағанатының күшейіп бара жатқанынан қатты қауіптенген Тан əулеті қолдарынан келген барлық амалдарын пайдаланып, мемлекетті жоюға кіріседі. Қытайлар бұл күресте түркі халықтарын бір-біріне айдап салып, жекелеген билеушілерін астыртын қолдап, арандату əдістерін де қолданды [2; 84].

Қапаған қаған 716 ж. Төл өзені бойындағы Байырқу тайпасын жеңіп, бағындырады. Жеңісті жорығынан қайтып келе жатқанда қапылылыста қазаға ұшырайды. Қаған өлген соң мұрагерлік туралы мəселе туды. Себебі Қапаған қаған көзі тірісінде түріктердің билік туралы заңын бұзып, өзінің мұрагері ретінде үлкен ұлына «Күшікхан», яғни «Кіші хан», деген құрметті атақ беріп қойған болатын. Сондықтан тақты Қапаған қағанның үлкен ұлы иемденеді. Бұл саяси шешім заңды ашық түрде бұзу болып табылды. Көк түріктерде тақты ағасы інісіне мұра етіп қалдырып отырған. Содан соң ғана немере інілерінің үлкені ағасының мұрагері атанған. Түріктердің ескі заңы бойынша мұрагерлік Құтлық-Елтеріс қағанның үлкен ұлы тардуштардың шады Могилянға тиісті еді. Сарай билеушілерінің орынсыз шешіміне көнбеген Күлтегін əскери төңкеріс жасап, инициативаны өз қолына алып осының алдында өзі асқан ерлікпен қорғаған ордаға өзі шабуыл жасады.

Күлтегін жаңадан сайланған қаған мен Қапаған қағанның кеңесшілерін түгел өлім жазасына кеседі. Тек қана бір Тоныкөкті аман қалдырады, өйткені оның қызы Пофу Могилянның əйелі еді. Тоныкөктің мансабын тартып алады да, еліне қайтарады. Осы оқиғалардың кезінде Түргештердің көсемі Сұлу өзін-өзі хан жариялайды. Көптеген түрік тайпалары толқи бастайды.  Сондықтан Могилян Тоныкөкті сарайға шақырып алып, оған тарханның шені мен мемлекеттік кеңесшісі қызметін қайтарып берді [9; 279].

716 жылы Өкіметті күшпен басып алған Күлтегін ескі заңды бұзбады, хан атағын қабылдамады. Таққа ағасы Могилянды отырғызып, оған «Білге қаған» деген лауазымды алып береді. Күлтегін көк түріктердің «Мəңгі Елінің» іс жүзіндегі көсемі жəне əскердің бас қолбасшысы əрі қағанаттың нақты қожасы болды. Олар мемлекетке Тоныкөкті кеңесші қылып, түркі қағандығын нығайтуды қолдарына алады.

«Құдіретті үштіктің» — Білге қағанның, Күлтегіннің жəне Тоныкөктің мақсаты — Қағанатты қалпына келтіру болатын [11; 317]. Олар өздері ел еткен халықты жаудан қорғап, түріктерді кең- байтақ жерге орналастырып, Ұлы Даланы құтты мекенге айналдырған. Түрік халқының бейбіт өмірі үшін дүниенің төрт бұрышына жорық жасады. Қарамағына енген ру-тайпаларға күш көрсетпей олардың басын біріктіріп, азат ел қылған, бейбітшілікке көндірген. Еуропалық тарих дəстүрінде жазылғандай, «Қырдым, жойдым, көзін құрттым, — демейді немесе ХVІІ ғасырда билік құрған Людовик XIV корольге ұқсап, «Келдім, Көрдім, Жеңдім», — деп астамшылықпен сөйлемейді. Керісінше, түріктердің күш-қуаты шегіне жетіп, қарсы келер жауларын бет қаратпай жеңген кезде де елдік бейбіт мақсатты ту қылып көтеріп былай баяндайды: «Төрт тараптағы халықты бағындырып, бейбіт қылдым. Жаусыз қылдым. Бағынып менің қол астыма кірді. Ісін-күшін берді. Осындай төрді (билікті) басқарып інім Күлтегін өзі бұл дүниеден өтті»,  —  деп  мейрімі мол  шуаған  төгіп айтады [5; 63].

Түрік елі өз егемендігін, далалық көшпелі болмысын, шынайы табиғатын сақтап, қорғаумен болды. Олар ешқашан жат бөтен бір этносты немесе белгілі бір ұлысты жойып жіберетін саясат ұстанған емес, ондай қанды жорықтар тек қана бағымсыздық үшін жасалып келген еді [12].

Түрік Елінің жиһангер қолбасшысы Күлтегін — көшпелілер тарихында ең көрнекті көсем, баһадүр тұлғалардың бірі. Ол атақты Мөде, Аттила, Шыңғыс қағандармен парапар, тіпті өзі қаған аталмағанымен күллі көшпелі этностарды көк байрақтың астына біріктіруші, Ұлы Түрік қағанатының сабақтастығын, əскер жорығын, дəстүрлі заңын жалғастыра білген кемеңгер ер, дара тұлға. Оның қолбасшылық дарыны мен əскери қабілетіне, жеке басының ерлігіне төтеп берген адам баласы ол заманда болған емес.

Күлтегін жырының басты идеясы — түркі халқын ауызбірлікте болуға, салт-дəстүрін берік ұстауға, сыртқы жауға қарсы тұруға шақырады. Елге тірік болған даңқты қолбасшы Күлтегін түркі халқының жауынгерлік рухын асқақтатты. Тастағы жазуда Күлтегін бейнесі теңдесі жоқ батыр, əйгілі қолбасшы есебінде көрсетіледі.

Түріктер тəуелсіз мемлекетін сақтап қалу жəне оны дамыту үшін атадан жеткен асыл мұра — жерді көзінің қарашығындай сақтады. Отанға деген сүйіспеншілік Күлтегін жазба ескерткішінде де анық сипатталған. Сондықтан орталық Өтүкен түріктер ұғымында қасиетті деп саналған [13].

Б.з.д. ІІІ ғасырда ғұн мемлекетінің басшысы Мөде Тəңірқұт: «Жер — мемлекеттің негізі», — деп келер ұрпаққа Мəңгілік өсиет қалдырды [9; 48]. Жер мəселесі бүгінгі ХХІ ғасырда да ең өткір проблема болып саналады. Түріктер үшін ең асыл мұра ол — жер болып саналып, олар халқына пана болатын қасиетті Жерұйық іздеген. Ол Жерұйық түркілер үшін Өтүкен қойнауы екен. Күлтегін бітік тасындағы жазуда: «Өтүкен жерінде отырып, керуен аттандырып қойып отырсаң, онда мұңың жоқ. Өтүкен жынысында отырсаң Мəңгі ел тұтып отырар ең сен», — деп анық жазылған [5; 65].

Бұл, біздің ойымызша, қағанаттың астанасы. Мүмкін жаз жайлайтын елордасы болар... Жəне бір ерекшелік — Өтүкен мекені Білге қаған тұсындағы тарихпен байланысты еске алынады. Ендеше, байырғы Түркі мемлекетінде Елордаға, оның айырықша мəртебесіне тағзым ету танымы орныққан [14; 78].

Бұдан шығар қорытынды Түрік Елі империясының негізгі ордасы, киелі қара шаңырағы, жер ұйығы — «Өтүкен» болып келген. Демек, осы өңір мыңдаған жылдар бойы далалық өркениеттің кіндігі, сарқылмас бастау бұлағы болды.

Түрік қағанатының VІ–VІІІ ғасырлардағы тарихы мен тағдыры Күлтегін жазуларында қаз- қалпында тасқа қашалып жазылып қалған. Сол замандағы мемлекетшілдік сананың жоғары болғандығы сонша арада мың жылдан артық уақыт өтсе де, Күлтегін жазуларын оқи отырып, байырғы түркі өркениетінің экономикалық, геосаяси, əлеуметтік, дүниетанымдық құндылықтарын, мемлекеттің ішкі жəне сыртқы саясатында қастерленген ұстанымдарын қаз-қалпында тануға болады [14; 72].

731 жылы Күлтегін қайтыс болады [9; 282]. Батырдың қайтыс болғанын естіп, оның қазасына дүниенің төрт бұрышынан көңіл айтуға елдер мен мемлекеттерден елшілер келеді.

Білге қаған Күлтегіннің қайтыс болғанын хабарлап, арнайы киелі орын құрылысын тұрғызатын шеберлер мен бəдізшілерді жіберуін өтініп, Тан империясынан көмек сұрайды. Ол туралы Күлтегін ескерткішінің мəтінінде Білге қағанның атынан «Менің сөзімді қайтармады (сындырмады). Табғач қаған (император) Орда бедерлеушісін (шеберін) жіберді», — деген мəлімет қалған [15].

Қытай империясының тарапынан жіберілген елшілердің құрамында Орхон өзені жағалауынан тамаша монумент тұрғызған шеберлер болды. Бітік тастағы жазуларда Күлтегінді жерлеу рəсімі ежгей-тегжейлі сипаталды. Бұдан біз VIII ғасырдағы халықаралық қарым-қатынастар деңгейінің қаншалықты жоғары болғандығын көреміз.

Түрік тайпаларының біріктіріп, мемлекетке айналдырудағы ұлы жорықтарда қаһармандық істерімен атағы жайылған Күлтегін батырдың зор жетістіктерін туған ағасы Білге қаған інісін мəңгі есте қалдыру үшін арнайы өзі дайындатқан зəулім қабырға тасқа көне түрік бітіктің таңба-əрпімен жазу жазып, тарихи дерек ретінде, баласы Иоллығ-тегінге жаздырып, келер ұрпаққа өсиет етіп қалдырды. Күлтегін бітік тасына мəңгі жазуды қашап жазған адам əрбір сөзге, сөйлемге көп мағынаны сыйғызып жіберіп отырған. Барлық оқиғалар шындық тұрғысынан табиғи таза қалпында айтылған. Бұл адамгершілікке негізделген дала өркениетінің жəне байырғы түріктердің философиялық дүниетаным жүйесінің ерекшелігі болып табылады.

Осының бəрінен бүгінгі күнде біз сол заманда Ұлы Далада түріктердің бейбітшілік орнатып, сана-сезімдеріндегі асқақ мемлекетшілдік идеологиясының қалыптасқандығына көзімізді жеткіземіз.

Күлтегіннің құрметіне қойылған Мəңгі тас тек түрік халықтарының ғана емес, бүкіл адамзаттың баға жетпес тарихи мұрасы болып табылады. Бұл Мəңгі тастағы өсиет-манифест Тəуелсіз Қазақстанның өсіп өркендеуіне өз үлесін қосады.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Айдаров Ғ. Күлтегін ескерткіші: Зерттеунама. — Алматы: Ана тілі, 1995. — 5-б.
  2. Сыздықов С. Мəңгілік Ел идеясы: қалыптасуы, үш негізі, тарихи сабақтастық. — Астана: Фолиант, 2013. — 320 б.
  3. Назарбаев Н.Ə. Нұрлы жол — болашаққа бастар жол // Егемен Қазақстан. — 2014. — 12 қараша.
  4. Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері — ІІ-т. / Бас ред. И.Тасмағамбетов. — Алматы: Дайк-Пресс, — 252 б.
  5. Сартқожаұлы Қ. Орхон мұралары. — Алматы: Абзал-Ай, 2012. — 2-б.
  6. Еңсегенұлы Т. Көне түркі руна жазба поэзиясы. Екінші кітап. Орхондағы түркі руна жазба дастандары: Оқу құралы. — Алматы: Білім, 2008. — 409 б.
  7. Кляшторный С.Г. История Центральной Азии и памятники рунического письма. — СПб.: Филол. факультет СПбГУ, 2003. — С.
  8. Назарбаев Н. Тарих толқынында. — Алматы: Атамұра, 1999. — 296 б.
  9. Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. — Т. 1: — Алматы: Жалын, 1998. — 390 с.
  10. Жолдасбеков М. Асыл арналар: Зерттеулер, мақалалар. — Алматы: Жазушы, 1986. — 21 б.
  11. Гумилев Л.Н. Көне түріктер. — Алматы,
  12. Омаров Б. Көне түркі жазба ескерткіштері: жазу мəдениетінің бастаулары, тілдің даму құбылыстары. — Алматы: Информ-А, 2005. — 112 б.
  13. Тарих — адамзат ақыл ойының қазынасы: Он томдық. — Т. 10: Түркі халықтарының тарихи ойы. — Астана: Фолиант, 2006. — 372 б.
  14. Абжанов Х.М. Түркі əлеміндегі Қазақстан: іргелі тарих жəне методология. — Астана: Түркі академиясы, — 364 б.
  15. Жолдасбеков М., Сартқожаұлы Қ. Орхон ескерткіштерінің толық атласы. — Астана: Күлтегін, 2005. — 120 б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.