Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Шежіреге қатысты еңбектер жазған қазақ зиялылары

Бүгінде не көп — шежіре көп. Ал шежірешілер жауыннан кейінгі қозығұйрықтай қабындап кетті тіпті. Жеті атасын толық білмейтіндердің өзі де шежіре түзуге құмар. Жетпіс жыл бойы тұқым- тұқияны түгіл, туған атасын да ұмытуға айналған жұрттың тəуелсіздікке қолы жеткеннен кейінгі бұндай ынтызарлығы, былайынша, заңды да болар. Өз жұртының өсіп-өрбуін ұрпақтан ұрпаққа ұластырып, кейінгі толқынға жеткізіп тұратын шежіре тарқату салты мəдениетті елдердің бəрінде де бар ғой. «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер, өзін ғана білген ұл, құлағы мен жағын жер» деп халық айтқандай, қазақ жұрты түп тегін білуге ежелден-ақ көп көңіл бөлген емес пе? Деректері жұрт жадында жақсы жатталып қалуы үшін шежірені олар өлеңге айналдырып, жыр түрінде қалдыруының да үлкен мəні бар. Соңдықтан сол салт-дəстүрді жаңғыртып, ата-баба шежіресін жасауға атсалысып жатқандарды кінəлау да қиын. Бірақ бір қынжыларлығы, сол жазбалардың исі қазақтың емес, тіпті жеке жүздердің де емес, болмашы рулардың шежіресі болып кетіп жатқаны. Оларды жəне тарихшылар түзсе бір сəрі ғой, кез келген көлденеңді көк атты ата тегін тарқатуға бой ұратын болып алды. Оның үстіне олардың жазғандары ел аузындағы аңыз-əңгімелерге ғана құрылып, ғылыми тұрғыдан сарапталмайтын, бұрын-соңды тарихи еңбектерге сілтеме жасалмайтын болды [1].

Жалпы, қазақ шежіресін алғаш қағазға түсірген орыс оқымыстылары. Əрине, олардың көбі беймарал көшпенді елге жаны ашығандықтан емес, отарлық саясаттың сойылын соғып, отар халықтың тарихын биліктің де білуі үшін жазғанын несін жасырамыз. Сөйте тұра, олардың ел тарихын тереңірек білуге əлі де пайдасы мол екенін мойындауымыз керек. Ал, қазақтың шын шежіресін орта ғасырда жазған Мұхаммед Дулати мен Қадырғали Жалайыридың еңбектері, жазу-сызуы ұзақ уақыт кенже қалып келген жұртқа жетпеді. Сондықтан шежірелердің көбі ауызша айтылып, халыққа ұзынқұлақ арқылы тарады.

Қазақ тарихына, мəдениетіне, оның ішінде шежіреге қатысты еңбектер жазған зиялылар — Шоқан Уəлиханов, Шəкəрім Құдайбердіұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Əлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мəшһүр Жүсіп Көпеев, Мұстафа Шоқай.

Ш.Уəлихановтың «Қазақ шежіресі» атты ғылыми мақаласы

ХVІІІ–ХІХ ғасырларда өлкетану, түркі халықтарының тарихы, этнографиясы мен лингвистикасына байланысты деректерді жинақтау ісі қарқынды болды. Бұл дəуірде этнографиялық мағлұматтарды қолға түсіру мақсатымен даярланған көптеген ғылыми экспедиция мүшелері өз ынталылығын танытты, ғылыми мəнді деген мəліметтерді тіркеп жазды. Нəтижесінде əр түрлі халықтардың əсіресе қазақтардың этнографиясына байланысты ғылыми мұра мол болды. А.Левшин жəне тағы да басқа белгілі ғалымдар өз еңбектерінде шежіре мəліметтерін қазақтың этноқұрамын қарастыруға ғана қолданған. Халықтың тарихи жады сақтаған тарихи мəліметтер зерттеушілер үшін қызықты, құнды болуына орай олар қазақтың тарихи фольклор деректерін қажетсінді. Бұл туралы Ə.Марғұлан: «Тарихи шежірелерге патша үкіметі саяси мəн беріп, жергілікті орындардан жинатып отырған», — деп көрсетті [2]. Сонымен қатар Ш.Уəлиханов, Ə.Диваев сияқты ғалымдардың шежіре топтамалары мұрағатта сақталған. Тарихи фольклор деректерін жинаған авторлар ортақ көзқараста болмағанымен, бұл мəліметтерді айналып өте алмаған.

Қашқарияға сапар жасап, көптеген зерттеулер жүргізген Ш.Уəлиханов ортағасырлық деректерді пайдалана отырып, қазақ ру-тайпаларының шежіресін, ежелгі тарихын, жүздерге бөлінуін талдаған. Ол «Қазақ шежіресі» деген шығармасында былай деп жазады: «Қазақтар үш жүзге бөлінеді: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз (орыстар Большая Орда, Средняя Орда, Младшая Орда деп атайды).

Ұлы жүзді төрт негізгі рулар одағы құрайды: дулат, жалайыр, албан, суан; барлығы біртұтас ортақ атаумен өздерін үйсін деп атайды. Үйсіндер ерте кезде осы төрт ру одағы құрамындағы қуатты тайпа болған. Ертедегі үйсіндердің көпшілігі ұйғырлар мен жоңғарлардың ұлыстарына сіңеді де, қалғаны дулат руының құрамында, сары үйсіндер деп аталады.

Орта жүз қазақтарын құрайтын рулар: арғын, қыпшақ, қоңырат, найман; осы жүзге кейініректен келіп қосылған уақ пен керейді — жетіру дейді. Кіші жүз: əлімұлы, байұлы атты екі үлкен бірлестік пен жетірудан тұрады. Алшын бүкіл Кіші жүздің ортақ атауы» [3].

Сонымен, «Қазақ шежіресі» атты мағынасы терең ғылыми мақала жазған Ш.Уəлихановтың еңбегі елеулі. Шоқан бұл деректерді өзі ғана жинап қоймай, сол кездегі қазақ ортасындағы көзі ашық, сауатты, қайраткер адамдарға да аманат етті. Кейін бұл мұралар Г.Потаниннің кітаптарында жарияланады.

Шəкəрім Құдайбердіұлының шежіресі — баспа бетін алғаш көрген қазақтың толық шежіресі

Шəкəрім Құдайбердіұлы — Абайдың мұрагерлерінің бірі. Ұлы ақын дүниеден қайтқан  соң халық Шəкəрімді екінші Абайымыз деп танып, ерекше құрметтеген.

Шəкəрім өзінің өмірдегі негізгі мұрат-мақсатын айқындап, ашып айтып кеткен. Ақынның өмір бойы қаламы қолынан түспеген. Оны мынадай өлең жолдарынан айқын аңғаруға болады:

Тыныштық жоқ, тыным жоқ.

Ойсыз менің күнім жоқ,

Қайғырамын қан жұтып.

Көзімді ілер түнім жоқ.

Ойлаумен күнді батырам,

Жазумен таңды атырам.

Тесіле қарап кітапқа,

Сілемді сүйтіп қатырам.

Міне, осындай ортаның рухани бесігінде ой толғап, Абайдай кемеңгер ағасынан тəлім алып өскен.

Кезінде ұлы ақын Абай қазақ шежіресіне көңіл бөліп, «Қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» мақала жазады. Өзінің ізбасар інісі ақын Шəкəрім Құдайбердіұлына шежіре жазуды тапсырып, оған тікелей басшылық жасаған.

Сондықтан да Шəкəрімнің өз халқының шығу төркіні мен шежіре тарихын танысам деп ізденіп, барынша пікір айтуы — табиғи заңды құбылыс. Шəкəрім 19 жасынан бастап қазақ шежіресін жазуға кірісіп, Абайдың көзі тірісінде аяқтаған. Бұл еңбегі 1911 ж. «Түрік, қырғыз, қазақ һəм хандар шежіресі» деген атпен жеке кітап болып Орынборда басылып шықты [4].

1905–1906 жж. Шəкəрім қажылық сапар шегеді. Меккеге барған осы сапарын пайдаланып ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырады. Стамбул кітапханаларынан, кейбір жорамалдар бойынша, Париж кітапханаларынан да туған халқының тарихына сəуле түсіретін кітаптарды оқиды. Қолы жеткен деректер көзін орыс, Еуропа тілдеріндегі кітаптардан ұзақ жылдар бойы іздестіреді. Оларын шежіре жайлы айтылған қазақтың арғы-бергі аңыз əңгімелерімен салыстырады. Міне, осы аталған рухани қазына көздерінен жиған-тергендерін ой көзімен талдап, жүйелей келіп, қазақ шежіресін өлең түрімен «Қазақтың түп атасы — батыр Түрік» деп өрнектеген. Шəкəрім шежіресінің басты ой қазығы қазақтардың шығу тегі, нəсілі арабтардан емес, түп төркіні көне түркі əлемінде жатқанын ғылыми, дəлелді, нақтылы тарихи деректер ала отырып, Абай бағдар берген тарихи танымды одан əрі жалғастыруында жатыр. Шəкəрім шежіресі нақтылығымен, ғылыми негізінде жүйеленуімен, жалпы түркі елдерінің ата-тегінің түп төркінін қамти отырып, негізінен, қазақ халқының шежіресіне баса назар аударумен ерекшеленеді. Əлем тарихындағы халықтардан тек арабтарды тілге алмасақ, түркі, монғол  халықтарынан  басқаларда  кездесе  бермейтін  бірегей  рухани  құбылысы  өткендегі  тарихи санамыздың нақтылы көрінісі ретінде пайда болған шежіреде жатыр. Сондықтан да ата-баба   мұрасы шежіреге ғылым төрінен орын беріліп, ғылыми негізде зерттеліп, бағалануы орынды қойылып отыр.

Əрбір саналы азаматтың өзінің шығу тегі мен нəсілін, руын танып, тарата отырып, шежіре білуі көп жылдар бойы тұрпайы танымның санамызға құйылып келгеніндей ескіліктің қалдығы емес, керісінше, тарихи санамыздың із-түзсіз жоғалып кетпеуінің тамырындай тот баспайтын қастерлі белгісі. Өйткені кез келген қазақ жеті атасын айтып берсе, ешқандай төлқұжаттық дерек- мағлұматтарға сүйенбей-ақ, оның қай ел, қай жерден шыққанын таратып, жіліктеп айтса, саңылауы бар қазақ баласы деп саналады. Сонымен, атамыз Адам пайғамбардан бері қарай атадан балаға үзілмей жазылып келген шежіре көшпелі жұрттардың көпшілігінде бар.

Шəкəрім шежіресі — осынау көне салтты, кейініректегі Қадырғали Жалайыр, Əбілғазы-баһадүр хан дəстүрін жаңа заманда жаңаша жалғастырған құнды еңбек [5].

Шəкəрім шежіресінен үлгі-өнеге ала отырып, қазақ тарихына қажет үлкен шежіренің ізін сызуға болады. Ақынның өзі де шежіре деген қиын істің қияметі мол екенін ескертіп отыр:

Бір Алла, бергеніңе сансыз шүкір!

Қалған жоқ зая болып қылған пікір.

Бітірдім түрік-қазақ шежіресін,

Болса да кемшілікті, қисық, бүкір.

Ұлы Абай айтқандай, «адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес». Бұл өзінің ізбасар інісіне де, əсіресе оның «Түрік, қырғыз, қазақ һəм хандар шежіресін» жаза бастағанда айтылған сөз секілді? Сонымен бірге Абай да өзінің «Ғақлияларының» үшінші сөзінде былай дейді: «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде əрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғының «Қасым ханның қасқа жолын», Əз Тəуке ханның «Күлтөбенің басында күнде кеңес» болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек. Əм ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді; ондай кісі аз, яки тіпті жоқ».

Абай, Шəкəрімдер, тіпті бүкіл Абай айналасы хандар шежіресін едəуір толығырақ білген.

Мұхамеджан Тынышбаевтың қазақтың рулық-тайпалық құрамы туралы пікірлері

Кеңес кезеңінде жарық көріп, шежіре мəселесін арнайы қозғаған ғылыми зерттеулердің ішінде талай жыл бойы атын атауға тыйым салынып келген ардақты тұлғамыз Мұхамеджан Тынышбайұлының «Қазақ халқының тарихына қатысты материалдар» («Материалы к истории киргиз-казахского народа») деген 1925 ж. Ташкентте басылған еңбегінің салмағы айрықша сүбелі.

Мұхамеджан Тынышбайұлы 1879 ж., яғни қоян жылы мамыр айының он екісінде, бұрынғы Жетісу облысы, Лепсі уезі, Мақаншы-Садыр болысына қарасты Жыланды тауының баурайында Садырдан тарайтын Тəуімбет Əлдекенің Тынышбайының шаңырағында өмірге келген.

1890 ж. тамыздың 14 жұлдызында Верный (Алматы) қаласындағы ер балалар оқитын гимназияның табалдырығын аттайды. Оқуға қабылданған зерделі жастың қабілеті мұғалімдер қауымын бірден баурап алады. Жанары ойға толы, сабырлы да салмақты қыр баласы оқу бағдарламасындағы пəндердің барлығынан тоқсан қорытындысы сайын өте жақсы деген бағамен үлгілі тəртібіне орай мұғалімдер кеңесі тарапынан үнемі алғыс алып, кластан класты 1-дəрежелі мақтау қағазбен тамəмдап отырады. Гимназия қабырғасында жүргенде-ақ Мұхамеджан ғылымның сан саласына қатысып əдебиеттерді көз майын тауысып, құныға оқып, өзінің ізденімпаздығы, алғырлығымен білімін тереңдете түседі.

Гимназияны үздік бітірген дарынды жасқа Жетісу облыстық əскери губернатор  кеңесінен қызмет ұсынылады. Бірақ білімін əлі де толықтырғысы келген Мұхамеджан бұл қызметтен бас тартып, империя астанасындағы I Александр атындағы жол-қатынасы инженерлерін дайындайтын институтқа барғысы келетінін мəлімдеді. Он жыл бойы үздік оқып, гимназия мақтанышы болған шəкіртінің хал-жайын адамгершілікпен сезіне білген гимназия директоры М.Вахрущев дереу Жетісу облысының əскери губернаторына: «...Қай жағынан алсақ та Мұхамеджан Тынышбаев тамаша шəкірт қана емес, нағыз талант иесі. Сондықтан да жоғары мəртебелім, сізден өтінерім, қолыңыздағы қаражаттан Тынышбаевқа стипендия бөлсеңіз. Мұндай қаражатсыз ол жоғары оқу орнынан білім алуға еш мүмкіндігі жоқ» деп өтініш түсіреді.

Ұстаз өтініші аяқсыз қалмайды. Облыстың земская стипендиясы тағайындалып, 1900 ж. 21 жасында өзі армандаған оқу орнына емтихандарын кілең бестік бағаға тапсырып, студент боп қабылданды.

1906 ж. институтты аяқтап, қазақтан тұңғыш рет темір жол инженері мамандығына ие болған Мұхамеджан орыс тілін жақсы меңгерумен қатар, француз, ағылшын тілдерінде де сөйлей алатын болған. Осыған орай ол бүкіл əлемнің классикалық əдебиетімен де таныс болды.

Оқуы аяқталысымен патша үкіметі құрған экспедициямен Қазақстанның оңтүстік аймағына келді. Мұндағы мақсаты оңтүстік Түркістан — Сібір темір жолын тарту үшін соның ең ыңғайлы жəне қолайлы жобасын белгілеу еді. Содан Бішкек қаласы мен Верныйға дейінгі жер ыңғайын, сондай-ақ осы екі аралықты түгел зерттеп шығады.

Ендігі жерде білімді азамат туған елінің саяси-əлеуметтік ісіне белсене араласады. Ол жергілікті халықтың қолдауымен 1907 ж. II Думаға Жетісу өлкесінен депутат болып сайланады. Думадағы айтыс-тартыс оны шыңдай түседі. Бірақ көп кешікпей Дума таратылады. Мұхамеджан байырғы кəсіптік мамандығына ден қоя бастайды. Орта Азия теміржол құрылысында өзінің еңбек жолын бастайды. 1914 ж. Түркістан теміржол құрылысына бас инженер болып ауысады. Инженерлік қызметін істей жүріп, ел өмірін жіті зерттейді. Өзінің байқаған, ой қорытқан кейбір мəселелері жөнінде əр түрлі тақырыпты қамтып баспасөз бетінде мақалалар жазады.

1915   жылы   «Қазақ»  газетінде   «Қазақ   инженері»  атты   бүркеншік   есіммен   жарық  көрген «Соғысушы патшалар əскері», «Сүңгуір қайық», «Соғысушы патшалар қару-жарақтары» атты мақалалары  қазақ  оқырмандарына  Бірінші  дүниежүзілік  соғыстың  мəн-жайын  кеңінен түсіндірсе, «Барлыбек Сырттанов», «Садуақас Шалымбеков» секілді мақалалары халқымыздың аяулы ұлдары туралы деректік мəні зор еңбектер болып табылады.

Мұхамеджан Тынышбайұлының 1917 жылғы Ақпан жəне Қазан төңкерістері кезіндегі сіңірген елеулі еңбектері өлшеусіз зор. Төңкеріс уағында өлкенің жағдайын жетік білетін жұрт алдында беделі зор, білімді М.Тынышбаев Жетісу облыстық уақытша өкіметі комиссарының орынбасары болып тағайындалды. Мұнда істеген қысқа мерзімде ол 1916 жылғы жəне одан кейінгі дүрбелеңдер жерінен зардап шеккен ел шаруашылығы мен халық ынтымағын қалпына келтіруге аянбай күш-жігер жұмсады.

1917 ж. қарашаның 27 жұлдызында Жатқан шаһарында Түркістан мұсылмандарының төртінші жалпы құрылтайы өтеді. Осы құрылтайдың шешімі бойынша Түркістан аймағы автономия деп жарияланып, оның бас министрлігіне Мұхамеджан сайланады. Көп ұзамай 1918 жылдың күзінде ол бұл қызметтен босап, Ташкент арқылы Ешкіөлмеске оралады. Əрқашан əлеумет жұмысына белсене араласатын М.Тынышбайұлы келе Алаш қозғалысына араласып, 1919 ж. оның белді басшыларының бірі болды.

Бұл кезде қазақ даласы қаша соғысқан ақ гвардияшылармен, қуа соғысқан қызылдардың соғыс алаңына айналады. Ел басына күн туып, ерге сын болған осы ауыр кезеңде халықты қанды қырғын, есепсіз мол шығыннан аман сақтап қалуға қам жасап қызыл Армияның əскери штаб басшыларымен тиімді келіссөздер жүргізуге қадам жасады.

Алашорда таратылып, Кеңес өкіметі тарапынан кешірім жасалғаннан кейін де М.Тынышбаев өз халқына, жаңа заманға адал ниет, шын пейілмен қызмет етті. Əуелі 1921–1922 жж. Түркістан өлкелік жер-су министрлігінде су шаруашылығының бастығы болып істеді. Ол 1923 ж. Шымкент қалалық су шаруашылығын басқарды. Түркістан каналының жобасын жасауға қатысты.

1924 ж. Ташкентке қазақ педагогикалық институтына шақырылған Мұхамеджан алгебра, геометрия, физика пəндерінен студенттерге дəріс оқиды. Бір жолы Мұхамеджанның қолына А.П.Чулошниковтың қазақ халқы тарихына қатысты еңбегі түседі. Көкірегі көмбе, білімпаз жан осы кітаптағы ұлтының намысына тиетін пікірлерге қарсы сын жазып, академик В.В.Бартольдке жібереді. Ғұлама ғалым бұған қатты риза болып, қазақ халқының тарихын жазуға кеңес береді; ең болмаса болашақ зерттеушілер үшін тарихи деректер мен материалдарды жазып қалдыруға ақыл қосады [6].

М.Тынышбайұлының «Материалы к истории киргиз-казахского народа», «Киргиз-казахи в XVII и XVIII веках», «Ақтабан шұбырынды» секілді ғылыми еңбектері, ондаған мақалалары осындай талпыныстан туған еді [7, 8].

Тікелей мамандығы Петербор институтын бітірген темір жол инженері бола тұра,  қазақ тарихына қатысты тамаша ғылыми зерттеулер қалдырып кеткен М.Тынышбайұлы (1879–1937) орысша жазған бұл еңбегінде қазақ шежіресі, қазақтардың қайдан шыққаны жəне Қазақ  хандығының құрылуы, қазақтардың 1917 жылға дейінгі саны туралы майын тамыза əңгімелеп,  ғылыми қисынының мықтылығымен, арғы-бергі тарихты терең зерделеумен тəнті етеді.

Қазақ бағзы замандардан байтақ даламызда, алып аймағымызда қоныстанған этникалық тарихы аса күрделі, байырғы тайпалық бірлестіктер қауымдасуының: сонау Сақ, Ғүн, Үйсін мемлекеттері, Түрік, Түркеш, Қарлық қоғамдықтары, Қыпшақ ұлысы, кейінгі Алтын, Ақ, Ноғай ордаларының құрамына кірген түркі тілдес елдер мен жұрттардың топтасқан одағының ортақ атауы. Тынышбайұлы еңбегінде де қазақ рулары дəл осы ыңғаймен келіп тарқатылады.

Алайда ардақты тұлғамыз жап-жақсы бастап кеткен бұл іс əрі қарай жалғасын таппай қалды. Жиырмасыншы жылдардан соң басталған секемшіл саясатымыз бұл саланы тіпті ойсыратып кетті. Сөз таниды дейтін көзі қарақты адамдар қуғын-сүргінге ұшырады, жойқын ашаршылықтың құрбаны болды. Бұдан кейін де талай жылдарға созылған халықтың көне тарихына, əйгілі адамдарына деген салқын көзқарас шежіре жайын одан ары тұралатты. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен аласапыран кезеңдерде қазақ шежіресіне қатысты зерттеулерге ұзақ уақыт тұмылдырық салынды.

Алаш қайраткерлерінің қазақ шежіресін зерттеуге қосқан үлестері

Тарих пен демографияға ерекше мəн берген Алаш партиясының негізін қалаушы, Алашорда үкіметінің төрағасы Əлихан Бөкейхан Қарқаралы жəне Адай уездерін мекендеген  рулардың шежіресін схемаға түсіріп, алғаш рет дəлді генеалогиялық карта жасады.

Əлекең «Родовые схемы киргиз Каркаралинского уезда» атты еңбегінде [9] Орта жүздің, Ұлы жүздің жəне Кіші жүздің рулары мен айпаларының шежіре кестесін таратып жазған. Сонымен қатар ол жүзге кірмейтін рулардың да шежірісін ұсынған. Əсіресе оның Орта жүзге қатысты кестелері өте құнды болып табылады.

Қазақ қоғамының рухани болмысын дəл жəне терең бейнелеген Ахмет Байтұрсынов өзінің атақты «Əдебиет танытқышында» шежіре туралы терең де, жан-жақты ғылыми пікір білдірген.

А.Байтұрсынұлы аталған еңбегінде шежірелерге қазақ халқының өзіне тəн ұлттық дерек ретінде арнайы тоқтала келе: «Шежіре — өткеннен дерек беретін сөздің бір түрі» деп, шежіренің бəрінен бұрын тарихи дерек көзі екендігін айтады [10; 398].

Одан əрі ол: «Шежіреде уақиғадан гөрі өткендердің түс, туысы көп айтылады.  Сондықтан шежіре уақиға сарынымен емес, уақыт, туыс сарынымен айтылатын əуезе тобына жатады. Шежіре болған уақиға жайынан сөйлесе себебін, мəнісін айтпай тек болғанын айтады да қояды» деп [10; 398], шежіренің пайда болуын, тарихи дерек көзі ретіндегі ерекшелігін айтады. Сонымен қатар ол шежіреде: «Ер шапқан мен қатын-бала шапқан əңгімесі қатар тұрады; бір жерде əңгімені қойылтып, маңызды түрде айтса, екінші жерде сұйылтып, ұсақ-түйекті сөз қылады. Бір жерінде рас болған уақиғаны сөйлесе, екінші жерінде тек жұрт аузындағы əуезе болған өтірік-шынды əңгімелерді сөйлеп кетеді», — деп, шежірені ғылыми сыннан өткізіп, ондағы «рас болған уақиға» мен «өтірік-шыны араласқан» жерлерін ажыратудың қажеттігін де ескертеді [10; 398].

Ə.Бөкейханов Адайлардың (Кіші жүзге жататын ру) өмір тіршілігін зерттей келе, мұнда рулық ауыл, рулық қауымдастық, барлығы бірге көшеді, су, мал жайылымын қауымдасып пайдаланды, жайылым жерлері, құдықтар бүкіл рудың қауымдық меншігінде деп жазады.

Ал А.Байтұрсынов өзінің бір мақаласында қазақтар тапқа бөлінбейді, олар ру-ру болып өмір сүреді деген ой айтқаны белгілі. Алаш партиясының бағдарламасында жерді жеке-жеке емес, ру-ру болып пайдалану туралы айтылады. Алаш қайраткерлері қазақ қоғамын рулық сипатта деп нақты анықтамағанымен қазақтың рулық қоғамының негізгі еркшеліктерін атап көрсеткенін байқаймыз.

Көпеевтің Орта жүздің белді тайпаларының бірі Арғын шежіресін кеңінен таратуы

Мəшһүр-Жүсіп Көпеев «Қазақ шежіресі» аттты туындысын [11] көп жыл бойы халық арасынан, ел аузынан інжу-маржандай жиып-теріп қағаз бетіне түсірген.

Бір қызығы, Мəшһүр-Жүсіп шежірені жадағай атаны тарату деп түсінбей, онда сол рудағы немесе сол елдегі батырға байланысты, ақынға қатысты, балуан жайлы, күйші туралы аңыз-əңгіме, жыр, күй, тақпақ болса, соны қалдырмай жазған. Əсіресе, жастарға үлгі-өнеге боларлық-ау деген дүниені тұтас қамтып, өзінше сипаттама беріп, дəлелді ойымен түйіндеп, таратып, айтып отырыпты.

М.Ж.Көпейұлы шежірені өлең түрінде де жазған. Ғұламаның «Шежіре өлең» атты тамаша шығармасын [12] оқып көрелік:

Қолыма: «Бисмилла!» — деп, алдым қалам,

Екінші — Мейрам атаң, Арғын — бабаң.

Келеді үшіншіде Қарақожа,

Төртінші — Ақжол батыр, білсең тамам.

Бесінші атаң — Құтан бай, аты шыққан,

Алтыншы — Қаракелімбет: дəулет жұққан.

Жетінші атаң — Жанарыс — Орта жүздің,

Сегізінші — Қарақпар еркін ұтқан.

Тоғызыншы — Айырқалпақ, білсең атын,

Оныншы атаң — Сапиян — арғы затың.

Он бірінші — Майқы — деп жəне айтады,

Он екінші — Жабалхан, жетсе датың.

Он үшінші атаңнан аты — Алаш,

Он төртінші — Аламан, оған жалғас!

Он бесінші — Айбура (Аққора) деп естиміз,

Он алтыншы Сейіл ғой, етпе талас.

Атаңның он жетінші Мағаз заты

Он сегізінші — Жабалдан — туған заты.

Он тоғызыншы — Əнестің дəл өзі екен,

«Мəлік» деп жиырмасыншы жазған хаты.

 ...Төрт арыс — Орта жүздің шын баласы,

Арқаның толған елге сары даласы.

Қарақожа бабамнан Арғын туып,

Дəулетке сондай толған айналасы.

Онан соң Мейрам сопы бабам өткен,

Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік пен.

Бес бала Мейрам сопыдан туған екен,

Қаракесек — анасы басқа тектен.

...Баласы Қуандықтың алтау болған,

Тінəлі, Темен (Темеш), Алтай туған.

«Арғын болсаң, Алтай бол!» — деген сөз бар,

Енеден: Борыш (Бөрші), Қарпық — бөлек туған.

Келемін Сүйіндіктен бір-бір санап,

Мəжік пен өткен бабам, ол — Шуманақ.

Суғыншы, Оразкелді — бұл төртеуі Жаратқан Құлболдыны Құдай қалап.

Жанболды Құлболдыны көп ренжіткен,

Жасы үлкен ағасы екен бұрын жеткен.

«Жанболдыға жар кешу береді!» — деп, Лағып (ылағып) ақбоз атпен суға кеткен.

Тақ болып жеке туған Қаржас еді,

Ақсүйек, алтын сандық алмас еді.

Бақ қарап, қыдыр дарып, дуа қонған,

Бабаңның Оразкелді баласы еді.

Төлебай Сүйіндікте болып өткен,

Шобалай мал мен басқа толып өткен.

Қаржаста: Мырзағұлға дəулет қонып,

Екі иінін Есен тентек жұлып өткен.

Қаржастан үш ұл туған, бірі — Бегім,

Төрті (төресі) бар ма түгел көргендердің?

Шашылған Мəмбетəлі тұрсын былай,

Баласын түгендейін Құлыкенің.

Үлкені Құлыкенің Үйімбай ма,

Болмаған бекер адам бұ да жайға.

Қасиетін атасының бізге бермес,

Тастайық: Өтен, Баян, Жаулыбайға!

Бабамыз мұнан соңғы — тентек Телі!

Тартқызған байлықпенен атпен желі.

Мұнан туған Əлімбет, Анай бабам,

Қаржастың дуа қонған асқар белі.

Құлыкенің бір немересі жасында өткен,

Қатыны сөзге ілінді жесірлікпен.

Некесіз, даулы туған Талас еді,

Айтады: «Анаймыз!» — деп, не себептен?!

Анайдан бесеу туды, ел көбейіп,

Бақ қонды Мырзағұлға шырай қонып,

Үлкені Нияз — «Шөмек» — ат байлаған,

Не қылам, айтып оны кінə қойып?!

Құдайқұл мен біреуі Қолбай еді,

«Қойдай қоңыр» жуастығы сондай еді.

Бақ қарап, əрқайсысы мыңды айдады,

Ежелден көтерілген талай еді.

Жəдігер — төртеуінің ең кенжесі,

Бұлардан кем болған жоқ несібесі.

Ерлікпен бұ жалғаннан беті қайтпай,

Əркімге тиген екен көлеңкесі.

Құлболды тақсыр бабам əулие өткен,

Айбол, Күлік, Тұлпар — бұдан біткен.

Төрт ұлы: Қаракесек күңнен туып,

Қозған, Қақсал — Бегендік, Шегендік пен.

...Күліктің ең үлкені — Тілеуімбет,

Қайратты, қайсар екен, қайтпаған бет.

Бір өзінен он алты ұл туып, өсіп,

Соғысып көп қалмақпен болыпты мерт.

Он алты ұлдың он төртін қалмақ алған,

Мен айтпаймын өтірік сөзді жалған.

Бесім, Қойтан — екеуі қалып  тірі, 

Мінеки, біз солардан нəсіл  қалған. 

Ақжігіт — дəл Бесімнің өз баласы,

Толықсып бірдей өскен мал мен басы

Санжасар, Мыңжасар мен Жүзжасардың

Туысқан Көпей, Мағрұп ұяласы.

Дүниеден кім қалады кетпей көшіп,

Ойлаймысың уақытты жүрген тосып?!

Солардың біз бір қалған жұрағаты,

Көпеев — фамилиясы, Мəшһүр-Жүсіп.

М.Ж.Көпейұлының бұл еңбегі 1903 ж. жарық көрген. Аса зерделі жанның осы асыл қасиетін терең сезінген Мұхтар Əуезов: «...Өз шығармаларын былай қойып, басы ашық үлгілерді жазып алып, біздің дəуірімізге жеткізген еңбек Мəшһүрде мол екенін жəне естен шығармау керек. Сондықтан қазақ ауыз əдебиеті мен жазба əдебиетінің ғылымдық бір саласы тарихнама бөлімінде Мəшһүрдің ол түрдегі еңбегіне əрдайым орынды баға берілуі шарт», — деп жазған екен.

Мұстафа Шоқайдың «Қазақ рулары хақында»атты құнды еңбегі

Алаш арыстарының бірі М.Шоқай «Қазақ рулары хақында» атты мақаласында [13] З.Уəлидидің Үш жүздің рулары туралы жазылған пікіріне сын көзбен қарап, ондағы адасушылықтар мен бұрмалаушылықтарды талдап жазады. Онда былай делінген: «Айтайын дегендерім, Заки бектің қазақ рулары   жөнінде   жазғандарына   байланысты.   Заки   бек   бұл   салаға   келгенде   өз   пікірін айтар, қазақтардың рулық құрылымы туралы тым аз білетін орыс зерттеушілерімен этнографтарының ағаттықтары мен қателіктерін қайталаудан сақтанар деп ойлауға болатын еді. Орыс этнографтарының осы мəселеге қатысты жазғандарымен біршама таныстығым бар. Сол үшін де өзім байқаған мына бір мəселені батыл айта аламын. Олардың бəрі де — Радлов, Крафт, Аристов жəне басқалары да — қазақтардың рулық құрылымына келгенде ағаттық жіберген. Ғылымға жат қателіктер өткізген.

Мысалға, Заки бектің Орта жүзді руларға, қыпшақтарды арыстарға бөлуін алайын. Заки бек қазақтар арасында қатаң сақталатын рет тəртібін бұзып, Орта жүзді былайша таратады: Керей, Найман, Арғын, Қыпшақ, Қоңырат. Дұрысы: Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей.

Осы ретпен атау қазақтар арасында қатаң сақталып келеді. Ерте кезде осы рет тəртіптің бұзылуынан жанжалдарға апарып соққан жəйттер де болған. Кеңес үкіметінің ықпалы əлі де əлсіз болып отырған жерлерде Арғын — аға, Қыпшақ — жаға, Найман — жең, Қоңырат — етек деп атау жалғасып келеді.

Бала кезімде Орта жүздегі жер дауына байланысты мынадай бір өлеңді естігенім əлі есімде:

Тарақты ноқта ағасы Арғын ағаң,

Найман жеңің болғанда,

Қыпшақ — жағаң.

Айнала түп етегі жазған Қоңырат,

Сөз сөйле шалқақтамай біліп шамаң.

Бұл үзіндіден байқап отырғанымыздай, М.Шоқай қазақ тарихын, оның ішінде рулар мен тайпалардың тарихын жазуда басқа халық өкілдерінің еңбектерін аса сақтықпен, саралай, салыстыра отырып пайдалану керектігін айтады. Яғни, қазақ тарихын қазақтың өзінен шыққан азаматтарынан басқалары артық жаза алуы мүмкін емес. Өйткені кез келген елдің тарихын жазу үшін, ең алдымен сол елдің тілін, салт-дəстүрін, тарихын, өзіне тəн ерекшеліктерін білу керек. Сонымен  қатар М.Шоқай З.Уəлидидің ағаттықтарын, қателіктерін қатал сынай отырып, тайпалардың  аталу реттілігіне баса мəн берілгендігін жазады. Автордың өзі шыққан қыпшақ тайпасын өзіне дейін таратуы қайраткер еңбегінің құндылығын арттыра түседі. М.Шоқай Орта жүзге кіретін тайпаларды дұрыс, ретімен атап көрсеткенімен, уақ тайпасын жазбаған [14].

Бұл жерде айта кететін жайт, Ш.Уəлиханов пен М.Шоқайдан басқасының (жоғарыда аталған қазақ зиялыларының) еңбектері қазақ шежіресіне, оның ішінде Орта жүз ру-тайпаларына қатысты материалдар көптігімен жəне Орта жүз тайпаларының арнайы жазылуымен ерекшеленеді.

Сөз соңы

Қазақтардың этникалық құрамын қазақ зиялыларының зерттеу еңбектерінің негізінде қарастыра келе төмендегідей қорытындылыр жасауға болады:

  • Қазақ шежірелері 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі шыққан мерзімді басылымдарда жарияланып отырған. Мысалы, «Қазақ» газетінің 1913 жылы № 34 санында шыққан Арысұлының «Абақ Керей» атауының қалай пайда болғаны жайлы жазған мақаласы, «Айқап» журналында 1912 жылы № 11 санында жарық көрген Қашқынбаев Досмайылдың «Қазақ халқының тарихы жəне шежіресін сұраушыларға» атты мақаласы қазақтың түп атасы қайдан шыққандығы жайлы баяндайды. Қарасарт баласы Шардайдың «Қазаққа алалық қайдан келді?» атты мақаласы «Айқап»  журналының  1913  жылғы  № 20  санында  басылған.  Бұл  мақалада II Екатеринаның қазақ халқын қалай бұғауда ұстау туралы шығарған заңы, Кіші жүз үш ата баласы (Алты аталы Əлімұлы, Он екі аталы Байұлы, Жеті аталы Жетіру) арасындағы алауыздық туралы айтылған. «Шора» журналының 1908, 1909, 1911 жж. шыққан сандарының алғашқы беттерін хандар тарихына арнаған. Онда Шыңғыс ханнан бастап Бату хан, Жошы хан, Қасым хан, Өзбек хан, Жəнібек хан, Тоқтамыс хан, тағы басқа хандар туралы деректер топтамасы жарық көрген.
  • Жоғарыда талданған барлық еңбектердің маңызы зор. Өйткені зерттеушілердің басым көпшілігі қазақтың əр тайпасынан шығып, шежірені өздеріне дейін таратып жеткізуімен ерекшеленеді.
  • Біз қарастырып отырған кезеңдегі қазақ зиялыларының ішінде қазақ тарихын, оның ішінде қазақ тайпаларының шығуын ежелгі дəуірлерден бері қарай зерттеп, қазақтың шежіресін толық жазуға тырысқан, өзіндік ғылыми тұжырымдары мен болжамдарын жасаған Ш.Құдайбердіұлы мен М.Тынышбаев болып табылады.

 

  • Негізінен барлық зерттеушілер Орта жүздің тайпаларын дұрыс атап көрсеткенімен, Ш.Уəлиханов уақ пен керейді Орта жүзге кейіннен қосылған тайпалар десе, ал М.Шоқай уақты жазбаған.
  • Қазақ зиялыларының көпшілігі Орта жүздің құрамын дұрыс көрсеткенімен, тек М.Шоқай ғана олардың белгілі бір тəртіппен берілуін жазып, оның өте маңызы бар екендігін айтады.
  • Қазақ халқының тарихын толықтай зерттеп, білу үшін, алдымен, рулар мен тайпалардың тарихын қазақтың өз ішінен шыққан зиялы азаматтардың зерттеуі өте маңызды. Өйткені орыс саяхатшылары мен шенеуніктерінің қазақтардан естіген, көрген, əдейі бұрмалап көрсеткен мəліметтерінің негізінде жазылған зерттеулерден гөрі, əрбір қазақ отбасының ежелден келе жатқан əдет-ғұрпы бойынша, жастайынан өздерінің ата-бабасының, яғни руларының, тарихын білетін қазақ зиялыларының еңбектерінің деңгейі жоғары. Сондықтан да тарихымыз бұрмаланып, қате жазылмауы үшін, бүгінгі, ертеңгі ұрпағымыз елін, жерін, қазақ жерінің тұтастығын сақтап, аман қалуы үшін руымыз бен тегімізді білуге, зерттеуге барынша атсалысуымыз керек.

Сөз соңында айтарымыз, келешекте жазылар көптомды іргелі «Қазақ тарихының»  басты деректік негіздерінің бірін шежіре құрау керек. Өйткені шежіре, сөздің тікелей мағынасында, қазақ тарихының тұнып тұрған дерек көзі. Белгілі ғалым, шежіреші Ақселеу Сейдімбектің сөзімен айтар болсақ: «Қазақ шежіресін (шежірешілдігін) халық болмысының барлық қырын алуан түрлі үлгіде паш ететін тарихи ақпарат қоймасы деуге болады» [15]. Əрине, ондай ақпарат қоймасынсыз, яғни шежірелік деректерсіз, толыққанды қазақ тарихының жазылуы мүмкін емес екендігі түсінікті. Оны өмір толығымен дəлелдеп берді де. Сондықтан да шежірені қазақ тарихының дерек көзі ретінде бағалап, шежірелік деректерді ғылыми айналымға молынан тарту, шынайы қазақ тарихының жазылуының басты шарттарының бірі ретінде қарастырылуы керек.

 

 Əдебиеттер тізімі

  1. Ермұханов Б. Қазақтың тұңғыш шежірешісі // Ақиқат. — 2008. — № 11. — 71–77-б.
  2. Марғұлан Ə. Шежіре, қазақ шежіресі // Қазақ Совет Энциклопедиясы. — 12–т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., 1978. — 232, 233-б.
  3. Уəлиханов Ш. Таңдамалы. — Алматы: Жазушы, 1985. — 10, 11-б.
  4. Шəкəрім Қажы. Түрік, қырғыз, қазақ һəм хандар шежіресі // Жұлдыз. — 1991. — № 1. — 68–105-б.
  5. Архарбаева М. Шəкəрімнің шежіресі жəне тарихи шындыққа үйлесімдігі // Қазақ тарихы. — — № 2 (119). — 58-б.
  6. Аллаберген Қ. Ағысқа қарсы жүзген Алаш арысы // Қазақ. — 2013. — 6–13 қырк. — № 36–37 (656–657) — 6-б.
  7. Тынышпаев М. Великие бедствия... (актабан-Шубырынды). — Алматы: Жалын, 1991. — 152 с.
  8. Тынышпаев М. История казахского народа. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 1993. — 224 с.
  9. Бөкейхан Ə. Таңдамалы. Избранное. — Алматы: Қазақ энцикл. Бас ред., 1995. — 89–119-б.
  10. Байтұрсынов А. Ақ жол. — Алматы: Жалын, 1991. — 464 б.
  11. Көпейұлы М.Ж. Қазақ шежіресі. — Алматы: Жалын, 1993. — 76 б.
  12. Көпейұлы М.Ж. Ит дүние. Таңдамалылары. — Алматы: Халықаралық Абай клубы, 2008. — 96–99-б.
  13. Шоқай М. Таңдамалы. Бірінші том. — Алматы: Қайнар, 1998. — 301–305-б.
  14. Атабаев Қ. Қазақ тарихы жəне шежіретану // Қазақ тарихы. — 2011. — № 5 (110). — 13–15-б.
  15. Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы: Зерттеу. — Астана: Фолиант, 2008. — 13-б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.