Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны сан-салалы білімдерді қамтыған терең философиялық шығарма ретінде

Жүсіп Баласағұн (Баласағұни) — ХІ ғасырдың аса көрнекті ақыны, есімі күллі Шығыс елдеріне мəшһүр болған данышпан-ойшыл, белгілі қоғам қайраткері. Ол замандастары мен өзінен кейінгі ұрпақтарға тек дарынды ақын ғана емес, сондай-ақ Орта ғасырдың атақты ғалымы, дəлірек айтсақ, табиғаттану, риезиет (математика), фəлəкият (астрономия), тарих, араб-парсы тіл білімі, тағы басқа толып жатқан ғылым салаларын жете меңгерген ғұлама-ғалым ретінде жақсы мəлім болған.

Ал, Жүсіп Баласағұнның есімін əлемдік əдебиет тарихына мəңгілік өшпестей етіп жазып қалдырған бірден-бір əдеби мұрасы — «Құтадғу біліг» (Құтты білік») дастаны. Бұл дастан қазіргі түркі тілдес халықтардың орта ғасырдағы тарихи, қоғамдық саяси-өмірі, ғылымы, əдебиеті мен мəдени дəрежесі, əдет-ғұрпы, наным-сенімі, тағы басқа жөнінде аса қызықты əрі қыруар мол деректер беретін көркем туынды [1].

Кезінде кітапты Шығыс патшалары көшіртіп алдырып оқитын болған. Бір қызығы, бұл еңбекке əр елде əр түрлі ат берген [2; 86]:

  • ирандықтар Фирдoусидің «Шахнамасымен» қатар қойып, «Шахнамаи түркі» («Түркі Шахнамасы») деген;
  • Шың елінің (Солтүстік Қытай) адамдары «Адабул-мүлік» («Əкімдердің əдептілігі») деп, ал Машын (Оңтүстік Қытай) жұрты «Айнкүл мамлакат» («Мемлекет тəртібі»), Шығыс елдерінің əкімдері «Зийнатул-умаро» («Əмірлердің сəн-салтанаты»), турандықтар «Құтадғу біліг» («Құтты білім») деп атаған;
  • дастанды зерттеуші-ғалымдар орыс тіліне де түрліше тəржіма жасап отырған: мəселен, В.В.Бартольд кітаптың атын орыс тіліне «Патшаларды ақылға шақыратын білім» («Знание, образующее царей»); С.Е.Малов — «Бақыт кітабы» («Книга счастья»); А.А.Валитова —

«Басқару туралы білім» («Наука об управлении»); В.В.Радлов — «Бақыт сыйлайтын білім» («Знание, дарующее счастье»); В.Томсон — «Бақытты болу өнері» («Искусство сделаться счастливым»); С.Иванов — «Құтты білім» («Благодатное знание») деп аударған.

Бұл атаулардың қай қайсысы болса да, «Құтты білік» дастанының мемлекетті басқару істеріндегі моральдық-этикалық, адамгершілік мəселелеріне арналғанын дəлелдей түседі.

Ақынның өмірбаяны туралы мəліметтер

Жүсіп Баласағұнның өмірі туралы мəлімет мүлдем аз сақталған. Философ-ғалым өз өмірі мен ақындық қызметі жайындағы кейбір деректерді «Құтты білік» дастанының соңғы үш тарауында қысқаша түрде, үстірт қана əңгіме етеді. Міне, ақынның осы өзі жазған мəліметтерге қарағанда, Жүсіп Баласағұн орта ғасырда Қарахан əулеті билік жүргізген мемлекеттің бір кездегі астанасы Баласағұн шаһарында дүниеге келген.

Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы «Түп-тұқианнан өзіме шейін» атты кітабында Жүсіп Баласағұнидың ескіше жазғанын айта келе, ойшыл ғалымның қазақтың Ұлы жүзі, соның ішінде Елсау бидің немересі Албанның Қас-Қажыл тұқымымнан шыққандығын еске алады [3].

Жүсіп білімді Фараб (Отырар), Қашғар, Бұхара қалаларынан алады. Араб, парсы тілдерінде еркін сөйлейді. Өзінің атақты философиялық-диалектологиялық «Құтты білік» дастанын Баласағұнда бастап, Қашқарда аяқтауы кездейсоқ жaйт емес еді. Өйткені сол кездегі түркі тілдес тайпалардың мəдени өмірінде Қашқар қаласы зор рөл атқарғаны мəлім.

Х–ХІІ ғғ. Қараханидтер əулеті билік құрды. Соғыссыз, мамыражай, бейбіт өмір сүргісі келетін ру-тайпалар Орта Азия төңірегінде өркендеп өсіп келе жатқан Қарахан мемлекетіне бірігіп, мемлекеттің ел басқару жүйесі нығая бастады. Қарахан мемлекетінің көшпелі билік ордасы Қашқар қаласында болды. Қашқар сол кездегі Ұлы Жібек жолының бойындағы мəдениеті, əдебиеті, экономикасы дамыған ірі қалалардың бірі болған. Қарахан мемлекетін елдің ұлы көсемі, атақты Табғаш Қара-Боғрахан билеген. Осындағы «Табғаш» деген сөз күшті, пəрменді деген мағынаны білдіреді. Ал «Боғра» деген сөз Бура, қашаннан да өте алып-жойқын күштіліктің белгісі. Осыдан Табғаш Қара-Боғрахан дегеніміз Батыл Қара-Бурахан (Қара-Бура) болып шығады. Қара-Бураханды Орта Азия халықтары əрқайсысы өздеріне жақын тартып, біздің үлкен бабамыз деп құрметтейді, ұлы тұлға санайды. Қазақтар, ұйғырлар, қырғыздар, тəжіктер, өзбектер, түріктер, тағы басқа ұлт өкілдері əрқайсысы өздеріне иемденеді. Өйткені Қара-Бурахан өзінің əділдігімен де, тазалығымен де, батырлығымен де, адамгершілік-білімділік қасиеттерімен де бүкіл Орта Азия халықтарының, батыр, билері мен ғылым-білім жаршыларының жəне қарапайым халықтың жоғары қолдауына ие болған. Ұлы Жібек жолымен келетін жаңалықтарды, ғұлама ғалымдар мен дін таратушыларды, Ислам дінінің қасиетті таза дін екенін айрықша қолдап отырады. Қара-Бурахан ел басқаруда өзіне де, өңірлерді басқарушы хандар мен барлық билік өкілдеріне де төрт түрлі ұстанымды, негізгі, өзекті мəселе ретінде қояды [4]:

Əділдік — Əділеттік — Ақ жолды жаза баспас əділ үкім басшының ысымы, осыған қарап бұқара халық та əділ болады, қоғамда əділеттілік қалыптасады.

Адалдық — Тазалық — Жүрегі адал, ділі таза, ақпейілді, кешірімшіл, кең пейілді, саналы халқы мен би-сұлтандары көп мемлекет əрдайым бақытты-бақуатты.

Білімділік — Батылдық — Ақ-қараны айыра білу, білгір — айлакер, ер жүрек — алғыр, ақылды батыр болу, дүниенің барлық құбылыстарына зер сала білу, қайсарлық.

Адамгершілік — Имандылық — Адам адамдық қасиетін сақтап, уақытша болатын аштық- тоқтыққа шыдап, байлық-мансапқа қызықпай, бос құмарлыққа алданбай, Алланың бірлігіне шүбə келтірмей, мұсылмандықты бұлжытпай орындау.

Қара-Бурахан осы кезде барлық мұсылман дінін таратушыларды өте жауапкершілікпен қолдап, мыңдаған сауатты жастарды үлкен қалаларға жіберіп, мұсылман дініне үйретеді. Қара-Бурахан Орта Азияда мұсылман дінін, Имандылықты толығымен өрбітуді, уағыздауды мүдделес досы Қожа Ахмет Иассауиге тапсырады. Қожа Ахмет Иассауидің басшылығымен Түркілер тек Ислам дінін тұтынушы емес, сонымен бірге Ислам мəдениетін жасаушы күшке айналады. Осындай түрік халықтарының рухани, мəдени дербестігі кезінде Жүсіп Баласағұн тарих сахнасына шығады. Ол Қарахан мемлекетінің хан сарайында қызмет етіп, білім алады. Жүсіп Қарахан мемлекетінің көсемі Қара– Бураханның хандық дəуірін, ел басқарудағы ұстанымдарын, елдің ынтымағын, мұсылман дінінің жақсы қасиеттерін — адалдылық пен əділдікті, білімділік пен адамгершілікті, Ислам діннің тазалығын пайымдап зерттеп, Қара–Бураханның төрт ұстанымын негізге ала отырып, өзінің аса жоғары көркемді деңгейдегі басты шығармасын дүниеге əкеледі.

Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» еңбегін хижра есебі бойынша 462 ж., яғни жаңаша жыл санау есебі бойынша 1070 ж., жазып бітірген. Бұл жөнінде автордың өзі дастанда ескерткен [5; 589]:

Төрт жүз алпы екінші жыл ішінде,

Бұл сөзімді тіздім бəйіт пішінде.

Он сегіз ай құрастырдым, талғадым,

Теріп түгел сөз сарасын таңдадым.

Осы шығарманы ұзақ жылдар бойы зерттеген ғалымдардың есебі бойынша, Жүсіп Баласағүн өз дастанын шамамен елу төрт жасында жазып бітірген. Демек, ақын 1015–1016 жж. қазіргі Шу өзенінің бойындағы Құзорда (Баласағұн) деп аталатын қалада атақты түрік əкімінің отбасында туылған.

Ойшыл  өз  дастанын  жарыққа  шыққан  жылы  Табғаш  Қара–Боғраханға  (Қара–Бураханға)   —«хандардың ханына» тарту етеді.  «Құтты білікпен» танысқан соң Қара–Бурахан Жүсіп    Баласағұнға өте ырзалығын білдіріп, бұдан былай «Хас Хажыб Жүсіп Баласағұн» деген атақ берілетінін, ол хан сарайының бас ақылшысы, ақыны, бас уəзірі деген мағынада екенін айтып, өзін қызметке алады. Бұл туралы ақын [5; 44]:

Кетті шығып туған елден алысқа,

Жырмен кітап берді түгел халыққа.

Хаттап-қаттап барын жазды көңілде,

Тамəмдады жырмен Қашқар елінде.

Хандар ханы Тавғаш Қара Буғра —

Падишахтың құзырында оқыды.

Мархабатпен даңқ қосты атына —

Ақылы мен қаламының хақына.

Хас Хажыбтық атақ берді тағы да,

Мұны сеніп жақын тұтты жанына. 

Сол мəні үшін жұрт құрметтеп қарады,

Аты: Жүсіп Хас Хажыб деп тарады, — деп жазады.

Кемеңгер философ «Құтты білікте» қандай адам «Ұлы Хас Хажыб» болып істеуі мүмкін деген сауал қойып, оған өзі егжей-тегжейлі жауап айтады.

Ұлы Хас Хажыб — əмірші-патшаның көрер көзі, естір құлағы. Ол мемлекет заңдары мен сол елдің əдет-ғұрпының дұрыс орындалуын қадағалап отырады. Сондай-ақ ұлы уəзір — қазына ісін басқарушы адамға, сарайда қызмет ететін хат көшірушілер мен қолөнершілерге патша атынан əмір береді. Елшілерді қабылдап, шығарып салып отырады, ресми түрдегі салтанатты жиындардың заңға сəйкес өтуін қадағалайды. Əрі кедейлер мен жетім-жесірлердің арызын тыңдап, оны Тағбаш Қара- Бураханға жеткізіп отыруы тиіс. Бұған қарап, Жүсіп Баласағұнның патша сарайында қандай қызмет атқарғанын ғана емес, сонымен бірге ақын «Құтты білікте» өзіне өте жақсы таныс мəселелерді мейлінше терең біліп барып жазғанын да аңғарамыз.

«Құтты білік» дастаны — мемлекетті басқару қағидалары мен ұстанымдарын сөз ететін ел басқарудың ережелері мен заңдарын, мінез-құлық пен əдет-ғұрып нормаларын қамтыған көркем туынды. Этикалық-дидактикалық сарында жазылып, ғибрат-уағыздарды бейнелі көркем тілмен жырлайтын бұл шығармада бекке, уəзірге, əскербасына, хаджибке, елшіге, хатқа түсірушіге, қазынашыға, аспазға, емшіге, түс жорушыға, жұлдыз санаушыға, өлең шығарушыға, диқанға, малшыға, кəсіпкерге, саудагерге жəне басқаларына қажетті қасиеттер əңгіме болады. Данагөй Жүсіп Баласағұнның қырағы көзі бүкіл қоғамды төменнен жоғарыға дейін қамтиды.

«Құтты біліктің» зерттелуі

Академик Ə.Нысанбаевтың ғылыми зерттеулеріне [6] сүйеніп айтсақ, «Құтты біліктің» үш нұсқасы бар: Веналық нұсқа (1439 ж.), Каирлық нұсқа (1895 ж.) жəне Наманган нұсқасы (1913 ж.). Ғалымдар осы үш нұсқаның əрқайсысына тəн өзіндік ерекшеліктерді жинақтай келе, «Құтты білік» дастанының ғылыми негізделген толық мəтінін жасап шықты. Дастанның көне қолжазбасы табылғанын алғаш əлемге хабарлап, 1823 ж. Парижде шығатын «Азия» журналында Вена нұсқасынан үзінді жариялаған француз ғалымы Жауберт Амадес. Венгер ғалымы Германи Вамбери (1832–1913) дастанның бірнеше тарауын неміс тіліне аударып, 1870 ж. Инсбрук қаласында кітап етіп шығарды.

«Құтты білікті» Қ.Кəрімов өзбек тіліне, Н.Гребнев (1971) пен С.Иванов (1983)  орыс тіліне, А.Егеубаев (1986) қазақ тіліне, бір топ аудармашылар ұйғыр тіліне (1984, Пекин) аударды. Дастанды аударумен В.В.Радлов (1837–1918) 20 жыл бойы үзбей айналысты. Түркия ғалымдары 1942–1943 жылдары аударып, үш нұсқасы 3 том болып Стамбулда жарық көрді. Шығарманы зерттеуге түрік ғалымдары Р.Арат (1900–1964), М.Кепрюлд (1880–1960), А.Ділашар (1897–1979) көп еңбек сіңірді.

Жоғарыда көрсетілген дастанның үш нұсқасын салыстыра келе орыс ғалымы С.Е.Малов Каир, Наманған нұсқаларының өзара жақындығын айтып, «ал ұйғыр редакциясы  (Вена-Ғират) көп жағдайда бұлардан алшақтап кетеді» дей келе, бұл нұсқа «ислам мəдениетінің ұйғыр жазбаларындағы сирек кездесетін ірі ескерткіш» деп бағалаған. В.В.Радловтың да: «Баласағұн қаласының (Жетісудағы) тұрғыны ретінде автор дастанын əуелінде ұйғыр жазба тілінің əсерінсіз араб əрпімен жазған, бірақ поэма бұл ықпалға Қашқарда аяқтап, ханға апарған тұста, ел ішінде тарату үшін ұйғыр əрпімен қайта жаздырғанда ұшыраған», — дейді [7].

Көптеген ғалымдар «Құтты білікті» Араб халифатының əлсіреген тұсында жазылғандықтан, оны өтпелі кезең шығармасы деп санайды. Себебі араб мəдениеті мен əдебиетінің түркі халықтары əдебиетіндегі үстемдігі өте күшті болатын. Түркі халықтарынан шыққан ғұламалардың көбі өз шығармаларын араб тілінде жазуға мəжбүр болды. Оның үстіне, араб тілі — ислам діні мен мəдениетінің тілі болғандықтан, одан бас тарту еш мүмкін емес-ті. Сондықтан араб жəне түркі ақындары арасындағы тіл мəселесі өте өткір болды. Ал Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі» түркі тілінің өте бай тіл екендігін дəлелдеуге тырысқан тұңғыш шығарма. Ол туралы данагөй ақын [5; 45]:

Кітаптар көп арабша да, тəжікше,

Біздің тілде бұл жалғыз-ақ əзірше, —

деп өз қоғамында жазылған алғашқы туынды екенін ескерте отырып, сол қоғамның түркі тілдес екенін [5; 45]:

Біл, түркіше жырмен жазып арнадым,

Дұға қылсаң, мені ұмытып қалмағын, —

деген жыр жолдарымен аңғартады.

Дастанның құрылысы мен сюжеті

Ежелгі Шығыс ілімі бойынша, əлемді төрт нəрсе ұстайды: жер, су, ауа, от. Осы төрт нəрседен əлемнің үйлесімі жасалады. «Құтты білікте» қоғамдағы, өмірдегі үйлесім осы төрт нəрседен тұрады. Дастанның басты идеясы мынадай төрт принципке негізделіп жазылған [8; 161]:

Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды нақ жаратындай əділ заңның болуы. Автор əділдіктің бейнесі ретінде Күнтуды патшаны көрсетеді.

Екіншісі, бақ-дəулет, яғни елге құт қонсын, деген тілек. Бақ-дəулет мəселесі дастанда патшаның уəзірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған.

Үшіншісі, ақыл-парасат. Ақыл-парасаттың қоғамдық ролі уəзірдің баласы Ұғдүлміш (Өгдүлміш) бейнесінде жырланады.

Төртіншісі,  қанағат-ынсап  мəселесі.  Бұл  мəселе  дастанда  уəзірдің  туысы,  дəруіш  Одгүрміш (Одғұрмыш) бейнесі арқылы əңгіме болады.

Композициялық құрылысы жағынан дастан 6520 бəйіттен (екі жолдық өлең) тұрады. Бұл — 13000 өлең жолы деген сөз.

Дастан қара сөз бен өлең түріндегі кіріспеден, сексен бес бөлімнен жəне қорытындыдан тұрады. Алғашқы төрт бөлімі діни мақтауларға, бесіншісі — жеті  ғаламшар  мен шоқжұлдыздардың белгілерін суреттеуге арналған, ал алтыншы — он бірінші бөлімдер негізгі бөліміне кіріспе болып табылады. Шығарманың сюжетті бөлігі он екінші бөлімнен басталады. Ол бас кейіпкерлердің əңгімелері мен хат жазысуларынан тұрады. Туындының негізгі бөлімдері екі жолдық месневи түрінде жазылған.

«Құтты білік» дастанының сюжеті автор алға қойған дидактикалық міндеттерге, яғни шығарманың əділдікті, бақ-дəулетті, парасатты, қанағатты бейнелейтін төрт қаһарманның іс- əрекетіне тікелей байланысты етіп құрылған. Дастанның сюжеттік желісі қарапайым болып келеді.

Кітаптың сұрақ-жауап, диалог түрінде жазылуы Авестадан бері келе жатқан дəстүр болатын. Ж.Баласағұни сол дəстүрді жалғастыра келіп, ақыл-білімге, кемелдікке деген ізденісін кейіпкерлердің өзіне жинақтайды. Адам мүмкіндігі шексіз екендігін, адамның əділетке жете алатындығын, мұсылмандардың қырқыншы парызы — ғылымның таным процесіндегі рөлі туралы айтады. Бала тəрбиесі, адамгершілік, т.б. көптеген мəселелер қамтылған [2; 90].

Туындыда кейіпкерлер дүниелік қызықтардың жалғандығы, маза бермейтін игіліктердің тұрақты еместігі, ізгілікті, əділеттілікті, ақыл мен білімді, ұстамдылықты, мырзалықты бағалау керектігі туралы сыр бөліседі.

Кітапта еңбектің жəне кəсіптің қай түрі болмасын маңызды деген ой білдіреді. Тек соны адал істей білген адам ғана өз еңбегінің жемісін көреді.

«Құтты білік» дастанындағы дүниетаным

«Құтты білік» 1069–1070 жж. жазылған адамгершілік пен имандылыққа, білімділік пен біліктілікке, əділдік пен еңбекке үндеген түркі тіліндегі философиялық, дидактикалық шығармалардың көшбасшысы. Баласағұнидің бұл еңбегі кезіндегі ел билеуші хан-қаһандарға əділдік пен парасатты биліктің шешен шежіресі ретінде, ақылымен іс қыла білудің заң ережесі ретінде ұсынылған:

  1. Дастанның белгілі бір мағынада елдегі Ата Заң (Конституция) қызметін атқаруы.

Жүсіп Баласағұн шығармасы Қарахан мемлекетінің Ата Заңы қызметін атқарған. Ол үшін автор өз еңбегінде патшалар мен уəзірлердің, хан сарайы қызметкерлері мен елшілердің, əскербасылар мен нөкерлердің, тəуіптер мен аспаздардың, диқандар мен малшылардың, т.б. қоғам мүшелерінің мінез- құлқы, білім дəрежесі, ақыл-парасаты, құқықтары мен міндеттері қандай болу керектігін жеке-жеке баяндап шығады. Ақын мəселені əмірші-патшаның өзінен бастайды. Ел-жұртты басқаратын адам — ақыл-парасаты ұшан-теңіз, ниеті түзу, сөзі шырын, білім мен өнерге жетік, қолы ашық, пейілі кең, жүзі жарқын, ешкімге кек сақтамайтын жан болуы шарт екенін айтады. Ел басқарған əкімдерді күншілдік, ашкөздік, сауық-сайранға құштарлық, қатыгездік, кекшілдік сияқты жаман қылықтардан сақтандырады. Бұдан кейін ақын патшаның көрер көзі, естір құлағы «Хас Хажыб», яғни бас уəзір, міндеттерін тізбектеп, зор білгірлікпен айтып шығады. Бас уəзір халықтың талап-тілектерін патшаға, ал патшаның айтар ой-пікірін, жарлықтарын халыққа жеткізіп отыруы тиіс. «Құтты білікте» елшіге қойылатын талаптар егжей-тегжейлі сипатталып жазылған. Елші ерекше зерек, өзі көрікті, көп тіл білетін, шешен, жақсы аңшы, құсбегі, жұлдызшы (астролог), түс жори білетін, музыкант сияқты көптеген қасиеттерге ие жан болуы қажет дейді ғұлама [9].

Баласағұни ел басқаратын əміршіге, бекке мейлінше жоғары талаптар қояды. Ел басқарған адам өте зерек, іскер болса ғана мемлекет гүлденіп, қазынасы алтын-күміске толады, халқы бақытты болады деген пікір айтады [5; 213–215]:

Ақылды бар, ақымақ бар, бар ғалым,

Бай-кедей бар, надан, аңқау, бар залым.

Бəрін соның алаламай бөлектеп,

Басқаратын қандай болу керек Бек?

Елі гүлдеп, байып бектің бағына,

Даңқы тарап, өссе халық саны да!

Қазна толып, күміс судай ағылса,

Шоқтығы өсіп, күшіне əлем табынса.

Əскер толып, тұрса күші дігірлеп,

Тұрмыс, заңды тураласа іліммен,

Бектің аты бар жаһанға тараса,

Күн-күн сайын құты артса тамаша.

Бектік үшін туған олар анадан,

Бектік сүтпен, іспен бойға тараған

Бектің ісі, тек бектердің еншісі –

Бектер ісін, ұғар бекке тең кісі.

Бек халықты тек білікпен сендірер,

Барлығын да ақылына жеңдірер.

Бек дегенің білікпенен берік тұр,

Білік кетсе, бек қалады — желік құр...

Дастанда Қара-Бураханға (Бограханға) елді басқару əдісі мен жаулап алған жерлерге тəртіп орнату тəсілдері жөнінде ақыл айтылады. Елді өз қолыңда ұстау үшін бірыңғай күш қолдану, қылыш жұмсау жеткіліксіз, қол астыңдағы халыққа ақыл-айламен айтқаныңды істете білу керек деген пікір білдіреді.

Жалпы, басқару мəселесінде Баласағұн ұстанған рухани құндылықтар — қайырымдылық, парасаттылық, ізгілік, тəрбиелі адамға тəн іс-əрекет.

  1. Дастандағы құт, бақ-дəулет, бақыт ұғымдарының мəні.

Халқымыз бұл ұғымдарға өте үлкен мəн берген. Жүсіп осы ұғымдар  туралы  былайша толғанады [5; 194–195]:

Құт-дəулетке жарық көңіл жарасар,

Дана жүрек шыққан күнмен таласар!

«Бақыт қонса, шаңырағыңа күтпеген,

Кішіктікпен, байқап, соңын күт деген.

Бақ та білсең, білікті ерге лайықты,

Өзіңе де, ісіне де байыпты.

Дəулет қона, ақымақ та «зиялы»,

Кісіліктен бөлек, əттең сияғы...

Дəулет қонса ақылдыға, ағайын,

Шуағымен нұрландырар маңайын.

Біліксіздің дəулет артын жабады,

Біліктіге құрметтеп тон жабады.

Ақымаққа қонған бақыт тоналар,

Қалай қонса, солай ұшып жоғалар!

Бұл сөздер мен төркіндес сөз бар тағы,

Асыл сөздер бірін-бірі тартады:

Ақылдыны бақ құрметке бөлейді,

Күн мен түнін кереметке теңейді.

Баласағұнның ойынша, бақ дəулет, құт оларды қадірлемеген адамның басынан тез ұшып   кетеді.

Өмірде тұрақты ештеме жоқ, бəрі өткінші. Ғұлама [5; 111–112]:

Дəулет үркек, ор киікке ұсаған,

Қонса келіп, жөні тас қып тұсап ал!

Тұта білсең, дəулет тозып, безбейді

Қолдан шықса, қайта айналып келмейді!

Сенбе құтқа: келсе, кетіп  қалады, 

Сенбе баққа: береді һəм алады, —сияқты жолдармен өмірде «болдым, толдым, бақытқа кенелдім» деген тоғышарлық психологиядан əрқашан бойды аулақ салуға шақырады.

Сөйтсе де, ақын құт пен бақыттың адамзат басынан ұшып кетпей, баянды да мəңгі қонуын аңсайды [5; 111]:

Баянды боп жаралса ғой құт деген,

Асыл бақыт сол болар-ау күтпеген.

Ұшпай бақыт, қонса алаңсыз түгелдей,

Мəңгі жайнар, күн көзі де түнермей!

«Құт дарыған елдің адамы қандай?» деген сұраққа Баласағұн былай деп жауап береді: «Құт- бақытқа кенелсем деп тор құрушылар көп. Бірақ ол қасиетті адамға ғана қонады. Құтты іздеген адам жібек мінезді, көңілі таза, тілі майда, жігерлі болып, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге мейірін төксе, араз көңілді тыйып ұстаса, осы қасиеттер — құтты ұстаудың құлып-кісені» [10].

Ғұлама ақын баюдың жолдарын ашып айтпаса да, байлыққа деген өзінің көзқарасын білдірген.

Оның пайымдауынша, байлық, алтын-күміс дүниедегі ең қымбат нəрсе емес.

Керісінше, ең қымбат нəрсе — ол оқу-білім, ақыл-қанағат, адамгершілік. Сондықтан да Баласағұн алтын, күміске көзі тұнбаған адамды нағыз періштеге балайды [5; 278]:

Күміс көрген адам көңіл бұрмаса,

Көзі тұнып, дымы құрып тұрмаса.

(Алтын көріп, адам жолдан таймаса,

Адамдықты, адалдықты ойласа).

Ондай жанды періште деп қараңыз,

Шынында да періштеге балаңыз.

Жалпы, дастанда дəулетқұмарлық, дүниеқорлық, байлық, мансапқа құмарлық жан-жақты сыналады. Ғұламаның пайымдауынша, нағыз байлық — жан тазалығы. Өйткені рухың таза болса, сен аспандай бересің. Байлыққа құмарлық тұлғаның мінез-құлығының азып-тозуына жол ашады.

Ойшыл ақын «опасыз өткінші ғұмырда байлық қумай, білімге ұмтылыңдар» деп үндейді [5; 68]:

Кісіден кісі айырмасы — парқы көп,

Айтсам, білім — бұл парықтың нарқы дөп.

Бұл сөзімді білімдіге арнадым,

Білімсіздің тілін ұға алмадым.

Білімсізбен ешбір сөзім жоқ менің,

Ей, білікті, қызметшіңмін мен сенің.

  1. Баласағұни əлемдік үйлесімділік негізінде əділетті адамзат əулетін құруды армандаған. Сондықтан да ол ғылым мен білімге зор мəн берген.

Ақын мемлекет, қоғам, ел басқарған əкімдер, мораль, этика, тағы басқа мəселелерге арналған тарауларында білімнің күш-құдіретін ардақтап, ғалымдарды көкке көтере мадақтайды [5; 75–77]:

 

Ақыл — шырақ, қара түнді ашатын,

Білім — жарық, нұрын саған шашатын.

Ақыл болса, асыл болар — болса ер,

Білім болса, бектік қылар — қылса ер.

Ақыл кімде болса — болар асыл ол,

Білім кімде болса — бек һəм басың ол.

Кісі ұланы қара жерге қол салды,

Көтерді бəрін, білімін ол қолданды.

Ақылмен кісі асыл атанар,

Бекке ел ісі білімімен жасалар.

Талай ізгі іс, атқарылды ақылмен,

Мың рахмет ақыл-еске асыл кен!

Пайдасы көп, аз ақылды аз деме,

Қадыры көп, аз білімді аз деме!

Жұпарға ұқсап білім де тез таралар,

Сақтап болмас басқалардан даралап.

Жасырсаң жұпар, оны иісі білдірер,

Жасырсаң білім, тілің айтып бүлдірер.

Білім — байлық, азаймас һəм жоғалмас,

Еш қарақшы, ұрыға да тоналмас!

Ақыл, білім бейне кісен кісіге,

Кісенді ашып бармас қылмыс ісіне.

Жүсіп Баласағұн оқыған, парасатты, көзі ашық адамдар, ғалымдар ел басқару ісінде, ел-жұрттың талап-тілектерін жүзеге асыруда патшаларға, түрлі дəрежедегі əкімдерге, бектерге ұдайы ақыл-кеңес беріп көмектесіп отыруы тиіс деп түсінеді. Ақын ел билеушілердің, білімді адамдардың ақыл-кеңесін тыңдап, соған сəйкес елге билік жүргізуге шақырады.

Дастанда мынадай ой-пікір бар: Патша ел-жұртын қылыштың күшімен,  қатал тəртіппен басқарып отырады, ал ғылымдар қалың бұқараны ақыл-парасатымен басқаруы керек [8; 171].

Философ-ғалым адам бойындағы жаман қасиеттердің бəрі, атап айтқанда, зұлымдық, қатыгездік, сараңдық, опасыздық, т.б. — бəрі түптеп келгенде білімсіздіктен, надандықтан туындайды деп есептейді.

Баласағұн ең алғашқы ағартушылардың бірі ретінде сауаттылықты дəріптеп, оны халықтың мəдени деңгейін көтеретін бірден-бір құралы деп білді. Бүгінгі күнде мəнін жоймаған мына бəйітті оқиық [5; 68]:

Білімді — аз, білімсіздер қаптаған,

Ақылсыз көп — ақылдыны таптаған.

Философ білікті, парасатты адамдарды қоғам өз дəрежесінде бағаламайтын, бұл дүниеде ашкөз надандардың ұтатынын, олар пайдакүнемдік пен парасатқа, білімге, адам тағдырына, адамзаттық мұраттарға көз жұма қарайтынын айтады [11].

Бұл жағдайды түзеу үшін өмірдің бар салаларына білім нұрын сеуіп, қараңғы халықтың көзін ашып, оларды бұл дүниелік күйкі əрекеттерден серпілту керек дейді ғұлама.

Жалпы, Баласағұни бəйіттері арқылы біз «білім мен ақыл — адам болудың нағыз кемел жолы» деген ой түйеміз. Сондықтан да дастанда ақыл мен білім жайында айтылған ойлар көп. Осы белгілеріне қарап, оны ғибратнама үлгісіндегі дастан деуге болады [5; 77]:

Ақыл, сенің анттасқан нақ жолдасың,

Білім, сенген мейірімді қандасың.

Немесе [5; 78]: Ей, ақылды! Өкпе-сорға шалдырма!

                        Сақтап атты, ашуға бой алдырма! —

деп келетін өсиетке толы жыр үлгілері — соның айғағы.

  1. «Құтты білікте» көтерілген этикалық-философиялық мəселелердің бірі — қанағат, ынсап мəселесі болып табылады. Ақын «қанағат» ұғымын философиялық категория ретінде қарастырады. Ел басқарған əкімдердің бəрін қанағатшыл, ынсапты болуға шақырады. Сондай-ақ ол дүниеқұмарлықты, ашкөздікті, парақорлықты өлтіре сынайды [5; 219]:

Ашкөзденбе, ұятты ойла, адал бол,

Ашық айтып, əділ іске жарар бол!

Мешкей тынып, сұғанақ көз қояр ма!?

Ашкөзділер жаһанды жеп, тояр ма?!

Сұғанақтық — дауасыз дерт, арылмас,

Күллі жаһан емі қонбас, жазылмас.

Барлық аштар, жесе ақыры тояды,

Сұғанақ көз, тек көрінде қояды.

Өз дəуірінің рухани тəжірибесін бойына сіңірген осынау шығарма қазақ əдебиетінің дамуына айрықша əсер еткен. Қазақтың классикалық поэзиясы өзінің шығармашылық бастауын «Құтты біліктің» рухани, эстетикалық əлемінен алған. Мəселен, жаңа қоғамдық тарихи жағдайда қазақ ақын- жыраулары адам мінез-құлқының бір көрінісі болып табылатын қанағат сезімін өздерінше пайымдаған. Оны қазақ қауымының ұғымына лайықты етіп жырлаған.

  1. Дастанда тіл өнері жайлы айтылған ойлардың эстетикалық тəрбиені қалыптастырудағы маңызы.

«Құтты біліктің» ең негізгі көтерген мəселесі — адамгершілік. Адамгершіліктің сан саласы бар. Оның бірі — тілді тыйып ұстап, орынды жұмсай білу. Тіл екі жүзді қанжар секілді. Тілден бақ қонады, тілден бас кетеді.

Дастан авторы тілдің маңызын түсіндіруге талай тапқыр сөздер қолданған [5; 64–67]:

Тіл қадірлі етер, ерге бақ қонар,

Қор қылар тіл, кететіғұн бас болар.

Тіл — арыстан есік баққан ашулы,

Сақ болмасаң жұтар, ерім, басыңды!

Не дейді, ұққын, тілден жапа шеккен ер,

Құлақ салып, амал қылып, есті елер:

«Тілімнен көп жапа шектім, есебім:

Бас кесілмес үшін, тілді кесемін!

Сөзіңді бақ, басың кесіп алмасын, 

Тіліңді бақ, тісің сынып қалмасын!»

Біліп айтқан сөз — білікті, саналар,

Біліксіз сөз басыңды жеп, табалар.

Көп сөйлеме, аз айт бірер түйірін,

Бір сөзбен шеш түмəн сөздің түйінін.

(Көрген емен көбік сөзбен оңғанды,

Тобықтай түй тоқсан ауыз толғамды!)

Сөз кісіні ұлы қылар, бек қылар,

Көп сөз басты қара жерге кеп тығар.

Көп сөйлесең, «Езбесің» деп жек қөрер,

Сөйлемесең, «Мылқау» екен — деп сөгер!

Бұлай болса, тең ортасы — керегің,

Тілге ұстамды болсаң, өсер беделің!

Тіліңді бақ, басың аман болады,

Сөзді қысқа айт, жасың ұзақ болады.

Туған адам өліп сөзі қалады,

Өзі кетіп, ізгі аты қалады!

Қалар мұра — сөз, кісіден кісіге,

Сөзді мұра тұтсаң, пайда ісіңе.

Ойшыл ақынның пайымдауынша, дана адамның сөзі де, ісі де бір жерден шығады. Ол барлық жағынан əділет үлгісі болуға тиіс деп біледі. Тауып айтылған өнегелі сөзге берер бағасы зор: «Алтын мен күміс байлық емес, тауып сөйлей білген байлық. Дүниеде ешнəрсе де баянды емес, тек жақсы сөз ғана баянды».

  1. «Құтты білік» дастанында отбасындағы эстетикалық тəрбиеге зор мəн берілуі.

Адам өмірінде эстетикалық тəрбие зор рөл атқарады. Əсемдікті көре, түсіне жəне жасай алу адамның рухани өмірін байытады, қызғылықты етеді. Оған ең жоғары деңгейде рухани лəззаттануға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда Жүсіп Баласағұн отбасы жайлы айтылған мына бір бəйітінде [5; 601–602]:

Адал жарда болмаса ізі күдіктің — Бақыты сол, байлығы сол жігіттің. Жаны сұлу — нұр құяды жаныңа, Мейірім, мінез, шаттық тіле жарыңа. Бай қатынға басты тіксең — жақпассың, Атақтыдан еш береке таппассың.

Құлай сүйген, жаны таза, ақылды,

Жақсы əйел құрметті етер атыңды.

Бай келіншектің кесепатын білмейсің...

Қайын жұртпен саудаласып жүрмейсің...

Шын ойласаң, ошағыңның ырысын,

Адал жарың — байлығың да, тынысың, —

деп жырлап, ерлі-зайыптылардың бір-біріне адалдығының, отбасында сақталуы тиіс эстетикалық, этикалық құндылықтардың маңыздылығын айқын көрсеткен [12].

Дана ақын [5; 419]:

Əйел алмақ болсаң, егер, қарарсың,

Жіті бағып таңдаулысын аларсың! —

дей келіп, жақсы əйел үш сипатты болады деген ой қорытады [5; 421]:

Жібек мінез — қыз-келіншек шырыны,

Біле білсең, əйел көркі — қылығы!

Ақылды, пəк болса, асылға баларсың,

Үш сипаттың бəрін содан табарсың!

Ақылды əйел, ізде — іздесең сен егер,

Есті болса, төрт құбылаң теңелер.

Мұндай жанды кездестірсең, бекін де.

Ей, батырым, тырыс, қолдан кетірме!

Жалпы, Баласағұн шынайы көркемдікті адамның рухани жан дүниесі мен эстетикалық сұлулығын көрсететін белгі деп санаған.

Жүсіп Баласағұнидың пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с.) үлгі етіп суреттеуі

Мына бес күндік алдамшы дүниеде бір жаратушының хақ жолына өз өмірін арнап көптеген пайғамбарлар өткен. Сол абзал жандардың ардақтысы Мұхаммед (с.ғ.с.) болғаны шындық.

Мұхаммед (с.ғ.с.) — Ислам теологиясының негізін қалаушы. Ол ең бірінші болып иманды адамдар санының көбеюіне ықпал етті. Адамдарға Ислам негіздерімен өмір сүруді үйретті. Оған қоса ол — қасиетті кітап Құран Кəрімді [13] Алладан жеткізуші. Сондықтан да біз оны соңғы пайғамбар əрі Алланың сүйікті құлы деп танимыз, солай деп иман келтіреміз.

Жүсіп  Баласағұни  да  өз дастанында  пайғамбарымыз  Мұхаммед  (с.ғ.с.)  өнеге  етіп суреттеген [5; 53]:

Рахымды ием, пайғамбарын жіберді,

Кісі ізгісі, ел сарасы жігерлі.

Түнек түнде шамы болды халықтың,

Саған, жұртқа нұрын шашты ол жарықтың!

Ол Құдайдың елшісі, ерім, білгейсің,

Сен, содан соң, тура жолға кіргенсің!

Ата-анасын қиып мұнда келді ол,

Үмбетіне тілек, бағыт берді ол!

Кірпік ілмей, нəр де сызбай жүдеді,

Жалғыз сенің тілеуіңді тіледі!

Сені тілеп, бейнет шекті күні-түн,

Риза болсын, мақта: ақта үмітін!

Бүкіл өмірін Алла жолына арнап, адам баласының игілігіне қызмет еткен Жүсіп Баласағұни атақты «Құтті білік» шығармасында Алланың хикметін жанымен былайша толғаған [5; 50–51]:

Алла атымен айттым сөздің əлібін,

Жарылқаған, жаратқан бір тəңірім!

Тіледі де, жаратты бар болмысты,

«Бол!» — деді де, бірден бəрін болғызды.

Жаралғанның бəрі мұңлық, мұңы көп,

Ием ғана, жалғыз шері, мұңы жоқ.

Ей, ерікті, мəңгі мұңсыз, Құдайым,

Бұл ат жалғыз саған ғана лайық!

Саған өзге кіріге алмас, дарасың,

Əуелгі де соңғы да өзің, сарасың.

Жалғыздығың қосылмай еш санаққа —

Еркің сенің жетті күллі тарапқа.

Іш пен тысты бірдей білген асылсың,

Көзден — жырақ, көңіліме жақынсың.

Барың аян, күн мен айдай жарықсың,

Ақыл, көңіл жетпес, тегің алыс тым.

Сонымен, ғұлама ақын Алланың асқан нығыметін, бір Жаратушы екенін жырлап қоймай, басқалардың да Құдайды танып білуіне, тіпті жас жеткіншектердің үлгі өнеге алуына терең өсиет қалдырған.

Дастандағы өсиет сөздердің қазақ халқының мақал-мəтелдерінің түптөркініне іспеттес болуы

Баласағұн шығармасындағы даналық сөздері қазақ мəдениеті мен халықтық мақал-мəтелдері арқылы ұштасып кеткенін байқау қиын емес.

«Құтты білікті» оқи отырып, бүгінгі қазақ мақал-мəтелдерінің түпкі негізі соларда жатқанын анықтауға болады:

  1. Қазақ мақалында: Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді.

Баласағұнида [5; 532]:

Ойлы кісі айтқан сөздің ақ шынын: Кісі өлсе де, өлмес аты жақсының!

  1. Қазақта: Бүгін бітер істі ертеңге қалдырма.

Баласағұнида [5; 501]:

Ертеңге — деп, бітер істі тастама, Қалар кейін, шықса ісің басқа да!...

  1. Қазақта: Кеңесіп пішкен тон келте болмас.

Баласағұнида [5; 512]:

Кеңесіп іс жасау керек кеңінен, Кеңеспеген кісі өкініп, еңірер.

  1. Қазақта: Жақсымен жанассаң атаққа ілінерсің, жаманмен жанассаң шатаққа ілінерсің.

Баласағұнида [5; 483]:

Жаманға сен жолама, жаласына жанарсың, Жақсылыққа жанассаң, жақсы қылық табарсың!

  1. Қазақта: Ит үреді, керуен көшеді.

Баласағұнида [5; 332]:

Көк төбетті бөрі елемей жеңбей ме? Ит үреді, керуен көше бермей ме!?

  1. Қазақта: Əуелгі байлық — денсаулық, екінші байлық — ақ жаулық, үшіншісі — он саулық.

Баласағұнида [5; 344–345]:

Ішпек-жемек əуелгісі бұлардың, Қатын алмақ — бірі рахат-құмардың, Үшіншісі — тəн саулығың, тірлігің, Бұл үшеудің сақтау қажет бірлігін.

 

  1. Қазақта: Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді.

Баласағұнида [5; 264]:

Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді, Сөз қалады, таяқ табы кетеді!

  1. Халық арасында Бір топ итті арыстан бастаса, күндердің күнінде олар арыстанға айналар, ал бір топ арыстанды ит бастаса, олар итке айналады деген мысал бар. Осыны ойшыл ақын поэзия тілімен [5; 222]:

Біл, арыстан басшы болса иттерге,

Арыстандай күркірер кеп иттер де!

Арыстандар басы болса ит бір күн,

Арыстандар жасар еді ит тірлік! —деп суреттеген.

Ж.Баласағұни «Құтты білікте» əдеп, əдет туралы былай деген:

Аз ғана игі іске көп рахмет айт.

***

Кісі алдындағы асқа қолыңды созба.

***

Кісі айыбын ашқаннан, жапқан жақсы.

***

Мінезі жақсы төрге озар.

***

Жақсы қылық адамға — ас пен киім.

***

Сəлем берген саулық береді, Сəлем алған қызығын көреді.

***

Үлкен келсе, асыңды аяма, Ыстық асқа үрлеме.

***

Құрсақта біткен қылық қара жерге бірге кіреді,

Сүтпен біткен ізгі қылық, өлгенше өзгермейді.

Қорыта айтқанда, дастанда қазақтың шешендік сөздерімен, бата-тілегімен, мақал-мəтелімен сабақтас тақырып — ойы, жүйесі мен мəнері, өрнегі бірдей шығып жататын нақыл сөздер аз емес.

Кемеңгер ақын мəтінге кіргізген нақыл сөздер, мақалдар мен мəтелдер дастанды ерекшелендіре түседі: «Түркілерде бұл жөнінде мақал бар, соны осы жерде келтірудің реті бар», «Түркі тілі дана сөздерді сақтаған, Бабалардың сөздерін тыңдау керек ол үшін. Бабалардың мақалдарын сақтау — сенің борышың», — дейді автор.

«Құтты білік» еңбегінің тəрбиелік мəні

Бұл еңбек — халықтың құты, ырысы болған ілім. Ғасырлар бойы көзі ашық, көкірегі ояу ұрпаққа адамдық, азаматтық қасиеттерін, əдеп-адалдық дəстүрін сіңірген шығарма. Бұны біз келесі жыр жолдарыннан аңғарамыз:

  1. Жүсіп Баласағұнның еңбекті «Құдатғу білік» қоюына өзінің жауабы бар [5; 80]:

Кітап атын «Құдатғу білік» қойдым

— Құтын тұтсын оқушым білікті ойдың.

Жазған кітап, сөйлеген сөздеріммен,

Екі дүниені ұстауды көздедім мен.

  1. Ғұламаның жігітікке ашынып, өкініп, қарттық-егделік хақында айтқандары мынадай [5; 581]:

Жортқан бұлттай жігіттіктен ауыстым,

Ескен желдей тірлігімді тауыстым.

Қайран жастық, қайран отты күндерім,

Тұта алмадым, қадіріңді білмедім!

Жігіт дəурен, оралшы бір құстайын,

Бүлде жауып, алақанда ұстайын!

Беу, жігіттік, қайда жолың, тұрағың? Таба алмадым сарсылдым сан, сұрадым!

Осы өлең жолдары адамның пендешілік өмір кешпей, рухани тазалыққа шақырады. Оқушыларға болашақтарына мақсат қоюға, уақыттың қадірін түсінуге, жамандықтан аулақ болуға тəрбиелейді.

  1. Ақын жақсылықтың мерейі туралы былайша толғанады [5; 595]:

Бұл дүние қып-қысқа көрген түстей, Қадірін білген дұрыс көрге түспей. Өмір де бір қазына, алған қарыз, Қайырым етті қайтара салған парыз. Түптің-түбі бұл тағдыр теңестірер, Ажал келсе: ұлық, құл демес, білем. Жақсылық қыл, суымай бойда қаның, Бір өлім бар, жөн болар ойлағаның. Қалар өлсең меншігің — есімің де, Қатты серпкен кең дүние есігінде.

Құрметтер ел, жан болсаң затың жақсы,

Талай ғасыр жаңғырар Атың жақсы.

Қарғысын естір талай ғұмырлардың,

Есімі қаны қара зұлымдардың.

Не күтіп жүр: Даңқы ма, мазағы ма?

Өз ырқында. Тек сынба азабына.

Қалар ныспы, сіңерміз қара жерге,

Мақтап?.. Даттап?.. «Тірілтер» қалың ел де...

Жүсіп Баласағұн бұл өсиетінде ақиқатты ашып көрсетеді. Жер бетіндегі адамдардың теңдігін баяндайды.

  1. Жас нəресте өмірге келісімен-ақ оны дұрыс тəрбиелей бастау — əке-шешенің қасиетті борышы екенін ақын жырға былайша қосқан [5; 421–422]:

Ай мандайлы ұл-қыз туса алдыңда,

Үйіңде өсір, бөтен жерде қалдырма.

Тəрбиеші ал ізгілікті, көшелі,

Ұл-қыз жақсы, таза болып өседі.

Ұл-қызыңа əдеп үйрет, білім бер,

Қос жалғанды бірдей көріп, күлімдер.

Ұлына əйел əпер, қызды ерге бер,

Қайғы-мұңсыз тірлікке не тең келер!

Ұлды үйрет күллі өнер-білімге,

Онымен мал-дүние табар түбінде.

Бақ ұлыңды, бекерге бос жүрмесін,

Бейбастақ боп кетер бекер жүргесін.

  1. Данагөй адамшылыққа — адамшылық, қайырымға — қайырым ету туралы былай дейді [5; 598–599]:

Ілкі сəттік өмірің болса жалғанда

— Қайырым ет, қайырым қылған жандарға.

Серттей түйсең, ұшқан ойды сөзімнен,

Шет қалмайсың несібеңнен, еліңнен.

Сиымды бол сыйлап сені жақтаса,

Тайраңдама — қалың елің мақтаса.

Адамшылық — адамға тəн қазына,

Солай қазір, солай болғын бағыдан.

Қайырым етсе достарың, не бауырың,

Еселеп бер, көтер жүктің ауырын.

Сөйтсең, дана ер болғаның сенімді,

Құрығанда, байқатасың тегіңді.

Данышпан философ оқушыларға адамгершілік қасиеттерді дарыта отырып, оларды достықты бағалауға, жақындарын сыйлауға тəрбиелейді. Тұлғаға тəн қасиеттерді, ізгілікті насихаттайды.

Қорыта айтқанда, Баласағұни философ ретінде жəне тəрбиелік тағылымға толы педагог ретінде артына өшпес мұра, тəрбиелік дəстүр, өнеге қалдырған адам.

Түйін

Жалпы, «Құтты білік» не жайында?

  • «Құтты білік» — мемлекетті басқару ғылымы. Ол — түркі тілінде жазылған тұңғыш саяси еңбек.
  • «Құтты білік» — жалпыадамзаттық ұстанымдарды, адамгершілік қағидаларды зерттеген терең философиялық мұра.
  • «Құтты білік» — ежелгі түркі тіліндегі классикалық поэзияның тұңғыш шығармасы.
  • «Құтты білік» — оқырманын тəрбиенің түрлі салалары бойынша даналық ойлардан сусындататын тəлім-тəрбиелік энциклопедия.
  • «Құтты білік» — кісілікті қорлауға, орынсыз қантөгіске, əлеуметтік əділетсіздікке жаны қас ақынның дүниенің қызығы, құты — білім, ақылда, адамшылықта деген мүддесін биік көтерген толғаныс.
  • «Құтты білік» — насихат, ғақлия саздары айқын, елдік, мемлекеттік құрылысты егжей- тегжейлі түсіндірген тариқат.
  • «Құтты білік» — заманның, уақыттың озмыштығына ойшылдықпен мəн берген, дүниенің асыл мəнін байсалды түсіндірген ақылман дастан.
  • «Құтты білік» — «мұсылман идеологиясына негізделген, сол идеологияны насихаттайтын, түркі тілінде жазылған жалғыз еңбек». Сондай-ақ Жүсіп Баласағұн — түркілік ислам əдебиетіндегі мадақ (Аллаға, пайғамбарға, сахабаларға, ел билеуші қағанға) жанрының негізін қалаушы.

Сөз соңында айтарымыз «Құтты білік» («Құтадғу білік») — «Құтқа, бақытқа қалай жетуге болады?» деген адам баласы үшін ең өзекті, аса маңызды өмірлік һəм мəңгілік сұраққа жауап беретін ақылман туынды. Ал оның қандай жолдар екенін көкірегі ояу оқырман баба мұрасын зерделей оқу арқылы ұғына алады [5; 40–41; 605]:

Əзіз кітап — бұл ұлылық негізі,

Біліктіге болғай білім теңізі!

Құт білікпен безенген бұл, жамағат,

Шүкір қылып ал да, тіле қанағат.

Күллі дана сөзі түгел сүзілген,

Інжу-маржан тізбегіндей түзілген!

Тыңдағанға — ұғынықты, қадірлі,

Жазбасы — ауыр, надандарға кəдімгі!

Көз-қолыңды демеп жарық шашар да,

Ісіңді оңдар сөзі екі жаһанда.

Шығыс елі, күллі түркі ішінде,

Дүниеде — кітап жоқ бұл пішінде...

Сөзімді айттым, құлы болмай құлқынның,

Пайдасы үшін қалған қалың жұртымның.

Аңсамадым — мадағыңды, даңқыңды,

Көзге ілмедім күміс, гауһар, алтынды.

Көз суалды, түнді түнге жалғадым,

Сөзді жазып, баршаңызға арнадым.

Менің зілдей еңбегімді білсін деп,

Келер ұрпақ еске тұтып жүрсін деп.

Бұл кітаптың əр ұйқасын, əр жолын,

Тілім айтып, тізді мына өз қолым.

Бұл кітапты сендер оқып жүргенде,

Қолым қалмас; болмас тіпті тіл менде.

Ұмытпа тек, оқырманым-сырласым,

Жақсы сөзім жалғызсырап тұрмасын.

Сонымен, Жүсіп Баласағұн өмірдің өткіншілігін, болымсыздығын айта келіп, өзі бұл дүниеден кетсе де, сөзінің мəңгі қалатынына сенген.

 

 Əдебиеттер тізімі

  1. Келімбетов Н. Түркі халықтарының ежелгі əдеби жəдігерліктері. — Алматы: Раритет, 2011. — 243-б.
  2. Қыраубаева А. Ежелгі əдебиет. 5-томдық шығармалар жин. 2-т. / Томды баспаға əзірлегендер: Г.Асқарова, Н.Мəтбек.— Алматы: Өнер, 2008. — 216 б.
  3. Тауасарұлы Қ. Түп-тұқианнан өзіме шейін / Баспаға дайынд. Б.Қыдырбекұлы. — Алматы: Жалын, 1993. — 25-б.
  4. Ержанов Қ. Қара-Бурахан, Қожа Ахмет Иассауи жəне Жүсіп Баласағұн — бір асылдың сынықтары // Қазақ. — № 49–50 (721–722). — 5–12 желт. — 7-б.
  5. Баласағұн Ж. Құтты білік / Көне түркі тілінен ауд. жəне алғы сөзі мен түсінік. жазғ. А.Егеубаев. — Алматы: Жазушы, 1986. — 616 б.
  6. Нысанбаев Ə. «Құтты білік» сол заманда «Қарахан» мемлекетінің Ата Заңының орнында жүрді // Жүсіп Баласағұн (ХІ ғ.). — Аңыз адам: Жұлдыздар отбасы. — 2013. — № 18 (78). — 28-б.
  7. Əбілдаев Ж. Қазіргі таңда «Құтты білік» дастанының үш нұсқасы белгілі // Жүсіп Баласағұн (ХІ ғасыр). — Аңыз адам: Жұлдыздар отбасы. — 2013. — № 18 (78). — 42, 43-б.
  8. Келімбетов Н. Ежелгі дəуір əдебиеті: Оқулық. — Алматы: Ана тілі, 1991. — 264 б.
  9. Қазақстан ғылымы: Энциклопедия. І-т. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. — Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС, — 450-б.
  10. Қыраубаева А. «Құтты білік» — кемел мемлекеттің құрылымы // Жүсіп Баласағұн (ХІ ғасыр). — Аңыз адам: Жұлдыздар отбасы. — 2013. — № 18 (78). — 10-б.
  11. Қазақ даласының ойшылдары (ІХ–ХІІ ғғ.). — Алматы: Ғылым, 1995. — 160 б.
  12. Əнуарбекқызы Ə. Баласағұн ойларындағы басты мақсат — адамның өзін-өзі тəрбиелеуі // Жүсіп Баласағұн (ХІ ғасыр). — Аңыз адам: Жұлдыздар отбасы. — 2013. — № 18 (78). — 48, 49-б.
  13. Құран Кəрім / Ауд.: Р.Нысанбайұлы, У.Қыдырғанұлы. — Алматы: Жазушы, 1991. — Қазақшасы — 578 б.; арабшасы — 585 б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.