Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Қазақ даласындағы алғашқы ағартушылар дүниетанымдарының саяси мазмұны

Қазақ халқының рухани мəдениетінің даму тарихында XIX ғасырдың екінші жартысы өзгерістерге толы болды. Соған байланысты дəл осы кезде Қазақстанда ағартушылық мəдениеті пайда болып, дамиды. Адам ойының жəне ғылымның даму жолында дін тұрған жерде ағартушылық дүниетаным пайда болады. Бұл қазақ ойларының тарихындағы өте ғажайып феномен болды десек, қателеспейміз.

Əр халықтың өз заманының ойшылдары дүниенің, болмыстың, өмірдің, адамның жай-күйін жете түсінуге ұмтылғаны, əрине, белгілі. Бірақ олардың ойларына сол бір кезеңде қалыптасқан дүниетаным мен жалпы өркениеттік өзгерістер əсер тигізгені де қазіргі таңда біз үшін айдан анық болып тұр. Міне, осыған байланысты, ХІХ ғасырда Қазақстанда қалыптасқан, адамдар санасын өзгерту, халықтың басым көпшілігінің əлемдік өркениет үлгісімен рухани жаңару процесінің күрделі сипатын ашып көрсетуде ағартушылықтың маңызы, əрине, зор. Себебі сонау Жаңа дəуірде қалыптасқан бұл дүниетанымдық ағым қоғамдағы өзгерістермен ұштасып, олардың негізінде ізгілік, əділеттілік идеялары мен ғылыми таным-білім негіздерін тарату жолдары арқылы қоғам кемшіліктерін түзетуге, оның талғам-талаптарын, саясатын, тұрмысын өзгертуге болады  деген идеяны ұстанып, қоғам өміріне көп өзгерістерді енгізуге ықпал етуде болды.

Қазіргі таңда елімізде болып жатқан өзгерістер, əрине, бірден қалыптасқан жоқ. Оған алдыңғы қатардағы адамдар да өз септігін тигізді деп айтуға болады. Сондықтан да болар, Елбасшымыз Қазақстанның келер ғасырдағы басты даму бағдарын белгілеп, берген стратегиялық жоспарларында халықтың рухани жаңаруына ерекше көңіл аударады. Оның айтуынша: «Адамның ой-санасын бір сəтте өзгерту мемлекеттің қолынан келмейді. Бірақ мемлекет өзгерістер процесін объективті тенденцияларды түсіндіру, маңызды ақпаратты халыққа жеткізу жолымен жəне де, ең бастысы, өзіндік молшылыққа бағытталған əлеуметтік-экономикалық саясатты іске асыру жолымен жеделдетуге қабілетті. Адамдардың жаңа дүниетанымы қалыптасқанша ондаған жылдар қажет болады» [1]. Сол жыдардың өту барысында қазақ қоғамдық өмірінде ағартушылық көзқарастардың ерекшелігі мен маңыздылығы өте жоғары.

Қазақстанда ағартушылық ойдың мəнін түсінуде қазіргі отандық ғылымда  келесі теориялық жəне əдіснамалық қағидалар қалыптасқан:

  • Біріншіден, қарастырылып отырған ағартушылық идеология нақты-тарихи шындық болып табылады. Ресейге қосылу, оның мəдениетімен кең танысу жəне сол арқылы еуропалық өркениетпен сусындау — Ресейге бодан кезеңінің нəтижесі болып табылғанымен, қазақ ағартушылығы дүниежүзілік ағартушылық ойдан оқшауланбай, керісінше, онымен ортақтастықта — XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр басындағы жалпы ресейлік қозғалыстың ықпалы тиген дербес құбылыс ретінде дамыды. Сондықтан Қазақстандағы ағартушылық идеологияны зерттеуде жалпы ағартушылық құбылысқа тəн белгілермен қатар, оны тудырған мəдени-əлеуметтік ортаның ерекшелігіне де баса назар аудару қажет.

 

  • Екіншіден, осы ағартушылық идеологияның басты ерекшелігі — оның азаттыққа, бостандық пен теңдікке ұмтылыс ниетіндегі кеңес өкіметіне дейін жəне сол өкімет тұсында өз мəнін жоймаған негізгі идеялық бағыт ретінде сақталуында (М.Дулатов «Оян, қазақ!», М.Жұмабаев «Тəңір», «Мен кім», «Тез барам» т.б., А.Байтұрсынов «Қазақ өкпесі», «Тəні саудың жаны сау», «Қазақша оқу жайынан», Ə. Бөкейханов, Ш.Құдайбердиев, М.Шоқаев, Ж.Аймауытов т.б.). Патша өкіметі мен сталиндік қуғын-сүргіннің зардабын басынан өткізіп, əділет пен шындық жолында халқының мұң- мұқтажын жоқтаған қазақ зиялыларының халықты оянуға, білімге, оқу-ағартуға шақырған еңбектері халық бостандығы мен теңдігі жолындағы күреспен тығыз байланысты болды.
  • Үшіншіден, қазақ ағартушылығы күрделі де қайшылыққа толы эволюциялық даму сатысынан өтті. Ол өз дамуында керітартпа идеялық бағыттармен күреске толы болды. XIX ғасырдың екінші жартысы — XX ғасырдың алғашқы кезеңінде ағартушылар кейбір діни түп негізшіл-клерикалды идеологиямен жəне əр түрлі діни-мистикалық бағыттармен келісімде болмады. Қоғамдық-саяси өмірдің маңызды бағыттары мен ілімдері де жеткілікті болатын. Оларға XIX ғасырдың орта тұсында пайда болған дəстүрлі-консервативті Тəңіршілдік бағытын, Ресейдің мұсылман халықтарының арасында кең тараған панисламизм мен пантюркизм ілімдерін жатқызуға болады. Қарастырып отырған рухани құбылыстың рөлі мен мəні нақтылы идеялық күрестің аясында көрінетіндіктен, берілген бағыттар мен ілімдердің табиғатын жете ұғыну қажеттілік пайда болады.
  • Төртіншіден, Қазақстандағы ағартушылық ойдың қалыптасуына XIX ғасырдың 40–60- жылдарындағы орыс ағартушыларының, əсіресе «батысшылдарының», «славянофилдердің» қайсыбір мұраттары қазақ ағартушыларының жанына жақын  келді.  Олар  (Ш. Уəлиханов,  А. Құнанбаев, Ы. Алтынсарин) Ф. Достоевскийдің, Н. Добролюбовтың, А. Герценнің,  В. Белинскийдің еңбектерімен, ал кейбірі (Ш. Уəлиханов, А. Құнанбаев) олардың авторларымен таныс болатын. Халықшылдықты тəжірибелік іс-əрекетке жетекші етіп, идеялық бағдарға ала отырса да, нақты- тарихи жағдайда халық бұқарасының екіжақты, яғни, əлеуметтік жəне ұлттық қанаушылық пен жалпы аймақтық артта қалушылық себептеріне байланысты қазақ ойшылдары тұтас алғанда типтік ағартушылық тұғырды ұстанды. Яғни, белгілі қоғамдық топқа, дəлірек бұқара халыққа, бағытталып, қоғамдық прогресті саны басым топтың мүддесі үшін күреспен байланыстырған революцияшыл демократтарға қарағанда қазақ ағартушылары XVIII ғасырдағы Еуропадағы ешбір тап пен сословиені бөле-жармай, жалпы ұлттың атынан сөйледі. Бұл, бір жағынан, көрсетілген кезеңде берілген аймақтың қоғамдық қатынастарының пісіп-жетілгенін аңғартса, екіншіден, осындай ерекше жағдайда жалпы халықтық прогресс идеясы өзекті болғанын жəне оның аса маңызды қоғамдық қажеттілікті бейнелегенін көрсетеді.
  • Бесіншіден, қазақ ойшылдары ағартушылық тұғырда қалғанымен, аңсаған қоғамды ұлт- азаттық күрес жолымен орнату əдістерін де жоққа шығармаған. Əйтсе де негізінде барлығы еркін, азат қоғам құрудың бейбіт жолын таңдады: жоғарғылардың реформасы көмегімен немесе «əділ»,«таза» білім мен басқару жəне ағарту, ғылым-білім арқылы өз халқының көзін ашып, санасы мен көңілін оятып, өздерін-өздеріне танытып, ескіліктен, езгіден арылтпақ болды. Бұдан тарихи құрылымы мен қоғамдық күштердің жіктелуі əлдеқайда өзгеше орыс революционер-демократтары секілді төңкеріс жолын қуаттап, оған бірден-бір шешуші əдіс, айқын жол деп шақырмауын кемшілікке жатқызу орынсыз болар еді. Керісінше, рух пен тəн арасындағы, жалпы аспан астындағы үйлесімділікті іздеп, сол жолда, бойды сезімге емес, ақылға жеңдіртіп, мəселенің шеті мен шегіне ауытқымай негізгі ортасын ұстануды үйрететін дана Шығыс философиясының көрінісін аңғарамыз.
  • Алтыншыдан, қазақ ағартушыларына қоғамдық прогресс жолындағы күресті француз немесе орыс ағартушылары сияқты феодализмнің немесе крепостнойлық тəртіптің ыдырауы жағдайында емес, үзілмей жалғасып келе жатқан дəстүрлі қауымдық қатынас үстемдігі кезеңінде жүргізуге тура келді. Осыған байланысты олардың көзқарастарында қоғамдық прогресс идеялары ұлтаралық ынтымақ, достық, орыс халқы мəдениетінің жетістіктері мен игі əсері жайлы ойлармен астасып жатты [2; 86–87].

Жалпы, ағартушылық феномені Жаңа дəуірде Еуропада пайда болғаны белгілі. Онда рационалистік парадигма үстемдік етті, адамзат ғылым мен білім ұстанымы бірінші қатарға қойылды. Осындай жалпыға бірдей тəртіптен Қазақстан да тыс қалмады. Дегенмен, Еуропа жəне Ресеймен салыстырғанда ағартушылық феноменінің себептері мен қызметтері бізде басқаша болды. Сонымен қатар, Қазақстанда ХІХ ғ. қазақ мəдениетінде де, саяси-экономикалық өмірінде де көптеген тенденциялар орныға басталғаны бəрімізге белгілі. Бұл үрдістің, əсіресе, халық   ағарту  саласындағы өсуі айқын сезілді. Ал оның түпкі тамырын да, тарихын да ұлы ойшылдар мен жеке тұлғаларсыз көзге елестету мүмкін емес.

Сондықтан еліміздегі алғашқы ағартушылық ойлардың ерекшеліктерін, саяси мазмұнын бағалау үшін, əр бір ойшылдардың көзқарастарына тоқталу қажеттілік туындатып отыр. Бұл жолда қазақтың ірі əдебиетші-ғалымы, қоғам қайраткері, жазушы М. Əуезовтың келесі пікірін ескерсек, қателеспейміз: «Қазақ ССР тарихының өткен ғасырын еске алсақ, көзге толық, көңілге медеу үш адамды алдымен айтамыз. Олар кең Қазақстанның шалғай жатқан өлкелерінен шықса да бір туғандай сезілетін асыл жандар. Олар — үшеуі үш мұнарадай болған: Шоқан, Ыбырай, Абай» [3].

Қазақстандағы XIX ғ. қоғамдық-саяси, философиялық жəне ағартушылық ой-пікірінің бірінші өкілі Ш. Уəлиханов (1835–1865) өз дəуірінің белгілі ғалымы, ағартушы-демократы болды. Шоқан Уəлиханов Қазақстандағы ағартушылық ойдың басында тұрды. Ол бірінші болып ХІХ ғасырдың ортасындағы қазақ қауымның дамуына сəйкес ағартудың саяси, философиялық жəне социологиялық принциптерін негіздеді.

Оны қазақ ағартушылық идеологиясының негізін салушы деп  санауға болады. Отандық ғалым Мұрат Өрленбайұлы Насимовтың айтуынша: «Қазақ ойшылы, этнографы, тарихшысы, географы, ғұлама ғалымы жəне ағартушысы Шоқан Уəлихановтың ғылыми еңбектері мен  қоғамдық  көзқарастары  бүгінгі  күнге  дейін  өз  құндылығын  жоғалтпайды.  Оның  «Абылай», «Шаман дінінің қазақ арасындағы қалдықтары», «Сібір қарамағындағы қазақтардың сот реформасы туралы записка», «Жоңғария очерктері» атты мақалалары халқымыздың қалыптасуы мен дамуы туралы баяндайды» [4].

Шоқанның ағартушылық көзқарастары бай мазмұнға толы. Ол қазақтардың кедейлік тұрмысының жəне саяси белсенділігінің төмендігінің себебі ретінде надандықты санады. Осыдан ол ағартуды аса жоғары бағалаған. Оның пікірінше, білімді адамдар кедейшілікпен нəтижелі түрде күресе алады. Халықтың дамуы үшін ең бірінші бостандық пен білімді қажет еткен  ойшыл, патшалық биліктің қазақ даласына ғылымды жəне мəдениетті жібермеу саясатына қарсы тұрды. Бұл мəселеге байланысты қазіргі ғылыми зерттеулерде кездесетін мына пікірмен келісуге болады: «Қазақ ойшылы өзінің «білімсіз, мəдениетсіз, тұрлаусыз» халқының ауыр жағдайына күйзеліп, отарлық езгі мен ұлттық тепкінің астында жүрген елінің күреске шығуға мүмкіндігінің мүлдем жоқ екенін ашына жазады» [5]. Дегенмен, ағартушы осындай отарлық езгіден этникалық ерекшеліктерінің эволюциялық даму жолында өз сапалық түрлерін сақтап қалуға тырысқан, қазақ халқы  ешуақытта басқа өркениеттік ұлттардың жетістіктерінен аулақ болған жоқ деп есептейді. Тіпті, оның айтуынша, қазақ халқының дамуы мен өркениеттік мəдениетке жақындаудың бір жолы — ол жалпы азаматтық ағартушылыққа қол жеткізу болып табылады. Осы айтылған ойларымызды растауда Шоқанның мына сөздерін еске алуға болады: «Біздің тұжырымымыз еуропалық, əрісі жалпы адам баласына тəн ғылым-білім бұлағының нəр алуда, сол мақсатқа жету жолындағы бөгеттермен батыл күресу. Бұл дамуға, мəдениетті өрістетуге қабілеті қандай да болмасын халықтың түпкі мақсаты болу керек. Ал қазақтың еуропалық қайта туындау идеясын қабылтайтын қабілеттілігін арттыру үшін оған алдын ала білім беру арқылы ой қабілеттілігімен жүйке жүйесін жетілдіру керек» [6; 72].

Ойшылдың ағартушылық дүниетанымының мазмұны оның қазақ ауылдарда діни мектептердің ашылуына қарсы болғанынан да көрініс табады. Керісінше, ол орыс мектептердің ашылуы тиісті деп есептеген. Себебі ол жаңашылдықтың жақтасы бола тұрып, өз елінде білім мен ғылымның таралуын шын ниетімен қалады. Шоқан ресей мен еуропалық ғылым жəне адамгершілік жүйесіне негізделген тиянақты халықтық тəрбиені қалыптастыруға шықырды. Оның көмегімен қазақтардың дəуірлік артта қалушылықты жою мүмкіндігіне жəне дамыған елдердің қатарына қосылуына жол ашылады деп санайды атақты ойшыл.

Сонымен қатар Шоқан өзінің ғылыми еңбектерінде қоғамның экономикалық проблемаларын да қарастырғаны белгілі. Олардың астарында да терең ағартушылық мəн бар десек, қателеспейміз. Мысалы, ол аймақта өндіріс күштердің дамуына кедергі жасайтын бұрынғы керітартпа дəстүрлерді жою қажет деп есептеген. Соның бірі – барымта болып табылады деген ойшыл. Егер осындай дəстүрлер экономикаға кері ықпал етсе, оларды ұстанбауға шақырған.

Ойшыл қазақ шаруаларын қанауға өте қарсы болды. Өзінің сот реформалары жөніндегі жазбаларында отаршыл əкімшіліктің тонаушы саясатын атап көрсеткен. Əсіресе шенеуніктердің тұрғылықты халықты заңсыз тонап жатқанын ашына көрсеткен. Шоқанның ойынша, халықты қанаудан жəне кедейшіліктен құтқару үшін билеушілердің саяси үстемдігін шектеп  жəне де халықтың  демократиялық  құқықтарын  кеңейту  қажет.  Осы  жерде  халықтың  сол        құқықтарды пайдалана алуына назар аударған. Сол үшін халықтың білім алу мəселесін шешу қажет деп тұжырымдайды ойшыл.

Ағартушы көзқарастарының прогрессивтік-демократиялық сипатын жəне  жергілікті əкімшіліктің қызметі жөніндегі ойларын оның көзқарастары толық түрде баяндайды. Бұл жерде ол тиімді сайлау элементтерін енгізуді ұсынғаны туралы айтып кету қажет. Мысалы, Орынбор басшылығының артықшылығы мен кемшілігін байқауында, ойшыл оның кемшілігін келесі тұжырымдама арқылы түсіндіреді: «Орынбор дала басқармасының негізгі көпшілігі, орда шенеуніктерін халықтың сайлауымен емес, шекара бастықтарының қалауымен сайлауында» [6; 96]. Оның ойынша, сайлау принциптерін дұрыс қолдану, билікке таңдаулы адамдарды əкелуі тиіс.

Шоқанның ағартушылық көзқарастарының тағы бір саяси сипаты қоғамдық өмірді реформалаумен тығыз байланысты болды. Оның пікірінше, қоғамның білімді мүшелері қандай да болмасын реформаларға қол жеткізіп сол арқылы халықты қоғамдық прогреске жетелеуге тиісті. Осы жерде ол реформаларды қалай дайындау жəне өткізу керек деген қызықты ойлар ұсынады. Бұл ойлар қазіргі өзгерістер заманында өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Ойшыл реформаларға тарихи жағдайларды ескере отырып, ғылыми бағытпен қарау керек деген. «Қоғамдық мəселеде халық реформасынан аса қажет мəселе жоқ» — деп жазып, ол халықтың мұқтаждығына тікелей қатысты экономикалық жəне əлеуметтік реформаларға аса назар аударады. Себебі, ағартушының ойы бойынша прогресс бүкіл адам баласының түпкі мақсаты, яғни материалдық əл-ауқатын жақсартумен тығыз байланысты. Осыған орай ойшыл: «Қоғамдық тұрмыс мұқтаждығын жақсартуға бағытталған қандай да болмасын реформа қоғамның мұқтажы мен қаражаты белгілі болғанда ғана кездейсоқтыққа ұшырмай, діттеген мақсатына жете алады», — деген ой білдірген [6; 71].

Ұлы ғалым-ағартушы басқару саласын қайта құру мəселесіне көңіл бөлуде, реформалар барысында билеу округтерінде халыққа жақынырақ өзіндік басқару жүйесі пайда болады деген. Ағартушының ойынша, адамның тұрмысын жақсартуға бағытталған реформалар табысты болып, ал оған зиян келтіретін реформалар мақсатқа жетуге кедергі жасайды. Сондықтан Шоқан осы мақсатқа сəйкес келмейтін реформаларды жоққа шығарған. Реформалар қоғамдық өмірдің экономикалық жəне əлеуметтік жақтарын қозғауы тиіс, себебі олар «халыққа етене жақын, ең маңызды, соның мұқтажына тікелей қатысты реформа» болып табылады. Ал, саяси реформалар экономикалық істерді жүзеге асыратын құрал ретінде болады.

Ойшыл мəжбүрлі реформаларға түбегейлі қарсы болған. Күшпен жүргізілген реформалар адамзатқа үлкен қасіреттер əкеледі деп тұжырымдайды. Ол ондай əдістерге қазақ даласында жол беруге болмайтыны туралы айтады. Сондай-ақ «жалған теорияларға негізделген жəне  басқа халықтың өмірінен алынған» реформалар да қасірет əкелуі мүмкін. Солардың қатарына ол дайындалып жатқан сот реформасын жатқызады. Үкіметтегі шенеуніктердің реформа туралы пікірді халықтан емес, ақсүйектерден сұрауын қате деп санайды. Оның айтуынша, реформаторлар мен заң шығарушылар өз қызметтерінде қоғамдық пайданы ескерулері тиіс. Осы ойларды əрі қарай дамыта келе, Шоқан жалпы саяси басқару, билік жүргізу, əрқашан «қоғамдық организм жан-жақты дами алатын мызғымас прогресс заңына негізделіп», іс жүзінде асырылуы тиісті деп тұжырымдайды ғалым [7].

Шоқанның ойларында қоғамның өзгерістерге деген қажеттілігі қоғамдық даму жəне халықтың өмір сүру деңгейіне байланысты екені көрсетіледі. Бұл жерде дифференцияланған бағыт қажет деп санайды ойшыл. Сонымен бірге ағартушы халықтың өмір принциптерінің сақталуына көп көңіл бөлген. Оның ойынша, көп ғасырлық дəстүрлер жəне халық тапқырлығы көшпелі қоғамның əлеуметтік-саяси жəне адамгершілік бастауларының негізі болып табылады. Осыдан ұлттық, тарихи, мəдени дəстүрлерді жəне көшпелі тұрмыстың ерекшеліктерін жан-жақты ескеру қажет деп санайды ойшыл. Ол қоғамдық дамудың төменгі сатыларының саяси құрылымының жетістігі ретінде гуманизм идеясы болуы тиіс деп санады жəне адамгершілік мəселесіне зор көңіл бөледі. Ол үстем таптың адамгершілік принциптерін сынға алып, қарапайым халық пен бай адамдардың мүдделері сəйкес келмейтінін атап көрсеткен. Жалпы алғанда, ойшыл қазақтарды бейбітшіл, дарынды халық екеніне шүбə келтірмей, олардың прогреске жету жолдарын қарастыруға тырысқан жəне осыдан өз халқының айқын болашағының кепілін көрген.

XIX ғ. екінші жартысында Уəлихановтың ағартушылық дəстүрлерін Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаев əрі қарай дамытты.

Ыбырай Алтынсарин (1841–1889) — қазақ халқының аса көрнекті ағартушысы, жазушысы, қоғам қайраткері. «Қазақ мектептерін Еуропа жолына, өнер жолына бұрып бастаған ең тұңғыш жаңашыл оқытушы, тарихта өшпестей із қалдырған педагог, ақын, жазушы Ыбырай   Алтынсариннің ағартушылық қызметке қосқан үлесі мен еңбегі зор. Ыбырай жастарды оқу-білім, өнерге ұмтылуға кеңес бергенде құрғақ насихатқа ұрынбайды, қайта өз ойын нақтылықпен дəлелдеуге ұмтылады» [4], — деген пікірмен келісе отырып, оның өмірі мен шығармашылығы Қазақстанның Ресейге қосылуынан кейінгі кезеңмен байланысты болғанын атап өтуге болады.

Ағартушы өзіндік білім алумен мықтап айналысып əжептəуір табысқа жетеді. Оны педагогика да, əдебиет те, философия да қызықтырды. Осының əсерінен ол сол кездегі бай Орынбор кітапханасына жиі барып барлық күрделі əдебиеттерді қызыға оқыды. Оның  рухани  əлеміне сол кезде өлкеде тарала бастаған алдыңғы қатарлы ойшылдардың, соның ішінде Ресейдегі революциялық-азаттық қозғалыстың өкілдерінің идеялары əсер етпей қойған жоқ. Оның жеке кітапханасында   көрнекті   орыс   педагогтарының  жəне   жазушыларының  шығармаларымен  қатар,

«Современник» журналы жəне Чернышевскийдің, Добролюбовтың, Белинскийдің шығармаларының болуы кездейсоқ емес. Жəне де осыған байланысты оның бірқатар идеялары мен ойлары осы ойшылдардың пікірлерімен сəйкес келді. Шетел авторларынан Шекспирдің, Руссоның, Гегельдің шығармалары да қазақ ағартушысының ағартушылық идеялары мен  демократиялық көзқарастарының қалыптасуына жағымды ықпал еткенін айта кеткен жөн.

1876 ж. оның өмірінде маңызды оқиға болды. Ол Петербург қаласына сапар шегеді. Бұл сапар оған орыс қоғамын толғандырған əлуметтік-саяси проблемалармен жақын танысуға мүмкіндік береді. Ол орыс интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдерімен жақын араласады. Революциялық- демократиялық əдебиетпен танысуы да оның білім деңгейін көтере түсті. Нəтижесінде оның қызметінің прогрессивтік бағыты айқындала түсті.

Ол Ш.Уəлиханов секілді өз өлкесінің өмірі басқа ағысқа түскенін алғашқылардың бірі болып аңғарды. Ойшыл ендігі жерде ескі, дəстүрлі нормалар жаңа шаруашылық, құқықтық қатынастарда жарамсыз болып қалғанын аңғарады. Ағартушы дəстүрлі патриархалдық-феодалдық қарым- қатынастардың өмірдің жаңа талаптарына сəйкес келмейтінін жəне ескі тəртіпті ауыстыру мен адамдар арасында жаңа қарым-қатынастар қалыптастыру қажет екенін түсінді. Ол халықтың қамын ойлау қазақ зиялыларының адамгершілік парызы деп білді. Осыған байланысты ол былай  деп жазады: «Біздің үлесімізге бəрін əлі құру, енгізу қажеттігі бар ең ауыр да жауапты ауыртпалық тиіп отыр ... Қараңғы ортаға жаңалық енгізу, шамамыз жеткенше, қолымыздан келгенше жарық сəуле түсіру» [8].

Ы.Алтынсариннің ағартушылық дүниетанымында халықты ағартуда, біріншіден, надандықпен күресу қажет деген ой басым. Ол үшін қазақ даласында діни емес мектептерді ашу қажет деп біледі ойшыл. «Мектептер, — деп жазады ол, — қазақтарға білім берудің негізгі орталығы, оларда қазақ халқының болашағына деген үміт жатыр». Оның ойынша, одан əрі қарай мектеп ісін дұрыс жолға қою қажет. Мектептер жаңа жақсы өмірге күресе алатын жаңа азаматтарды қалыптастыруға назар аударуы тиіс. Білім беру жұмысшылардың өздерінің құқықтық теңсіздігін түсінуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге ойшыл бір-біріне қарама-қайшы таптар бар жерде, жақсы қарым-қатынас болуы мүмкін емес екенін түсінген. Білім беруді ол еңбекші халықтың құлдықтан, надандықтан жəне кедейшіліктен босатылуы деп түсінген. Ағарту ісі бұқараны əлеуметтік теңсіздікпен күресуге дайындайды деген сенімде болған. Мысалы, «Бай мен жарлы баласы» атты əңгімесінде жазушы бай баласы Асан мен кедей баласы Үсенді бас кейіпкер етіп ала отырып, əлеуметтік мəні зор ірі мəселеге назар аударады. Баланың қалыптасуына орта мен отбасының əсер-ықпалын ашып көрсету арқылы мəн-маңызы үлкен қорытынды жасайды [9; 8–17]. Бұл жерде оның саяси ағартушылығын айтып көрсетуге болады.

Ағартушы Алтынсарин білім берудің түпкілікті мақсаты ретінде өлкенің рухани дамуы ғана емес, экономикалық дамуын көрді. Мысалға ол бұл қажеттіліктерді орыс-қазақ мектептерінің оқу бағдарламаларын құрастырғанда ескеріп отырған. Жалпы білім беру пəндерін оқытумен қатар, оқушыларға қолданбалы тəжірибелік білім беру керек екенін айтқан. Осы мақсатта мектептерде тəжірибелік бау-бақша, əр түрлі құрал-жабдықтар жəне басқа да көрнектіліктер болуы тиіс деп санаған. Ағартушының ойынша, мектеп өз құрылымы бойынша жаңа мəдени өмірдің, жаңа дəстүрлердің, тəртіптің, өнердің үлгісі болуы тиіс. Оның ойынша, қазақтардың тұрмысын қайта қалыптастырудың маңызды құралы ретінде олардың көшпеліліктен отырықшылдыққа көшуін санаған. Сонымен бірге қандай да болмасын мəжбүрлеу шараларына қарсы болған. Оның пікірінше, бұндай шаралармен тұрғылықты халықтың тұрмыстық жəне шаруашылық өмір-салтын қайта қалыптастыру мүмкін емес. Бұл үшін оларды отырықшыл өмірдің артықшылықтарын түсінетін жағдайға жеткізу керек. Сонда ғана жаңа өмір салтына көшу ешқандай «сыртқы күштердің» əсерінсіз «табиғи жолмен» жүзеге асады. Бұл процеске ағарту жолымен тезірек ықпал ету қажет. Ол үшін:

«Біздің балаларымыздың білім алуы туралы ең алдымен өздеріміз, ата-аналар қам жасауымыз қажет», — деп жазады ойшыл [10]. Ол қазақ балаларының орта жəне жоғарғы техникалық жəне ауылшаруашылық оқу орындарында оқығанын қалаған.

Ағартушылық жолында ойшылдың еңбектері ерекше орын алады. 1879 жылы шыққан атақты «Қазақ хрестоматиясы» оқушыларға оқу құралы ғана емес, халықтың оқуына арналған кітапқа айналды. Ол бойынша бірнеше ұрпақ тəрбиеленіп өсті. Ойшылдың ойынша, ғылымнан нəр алған жастар бүкіл халыққа ықпал ете алады. Сондықтан да хрестоматияның бірінші бетінен-ақ жастарды білім алуға шақырады. Ғылыммен айналысқан жəне оның құндылықтарын игере алған адамдарды қалай құрметтесең де лайықты деп санаған.

Ағартушы жастардың патриоттық сезіміне де ықпал етуге тырысқан. Халық ғылыми жəне техникалық тұрғыда артта қалып қойды, сондықтан да оны жою үшін білімді игеру қажет деп түсінген.    Өзінің    педагогикалық    қызметінің    басты    ұраны    ретінде    келесі    ұранды      алды:

«Өз Отанымызға лайықты үлес қосу — əрқайсымыздың борышымыз». Ағартушы надандықпен, халықтық прогреске қарсы адамдармен қиын да ұзақ күрес болатынын түсінген. Оның жолында реакциялық ақсүйектер ғана емес, патшалық шенеуніктер де тұрғанын аңғарды. Олар қазақтардың кең түрде білім алуына қарсы болғаны бізге белгілі. Патша үкіметі қазақтарға білімді белгіленген, өз мақсаттарына сəйкес келетін мөлшерде ғана беруге тырысты. Ал ағартушының мақсаты басқаша болды. Сондықтан да оның қызметі кең көлем алып, демократиялық бағыттары айқын бола бастағанда патша əкімшілігі ол туралы жағымсыз көзқараста болып, оны халықтық училищенің облыстық инспекторы қызметінен тайдыруға сылтау іздей бастады.  Осыған  байланысты Ыбырай дала күштілеріне ғана емес, патша үкіметіне де сыни көзқараста болды. «Мен бұрын мені басшылық қолдайды деп сеніп келсем, бірақ енді оған барлық кезде сенуге болмайтынын түсіндім. Бірақ та мен өз көзқарастарымнан жəне талаптарымнан күшім жеткенше кейін шегінуге мүдделі емеспін», — деп жазады ол [11].

Ағартушы көзқарастарының саяси мазмұны оның билік жүйесін жақсарту жолдарын іздеу кезеңінде ақсақалдар билігіне көңіл бөлуден де көреміз. Өйткені көшпелі халыққа билік  жүйесі жақын жəне ұғынықты болуы тиіс еді. Бұл билік, ойшылдың ойынша, жоғарының үстемдігінен еркін болып, қазіргі билікке қарағанда əділетті болар еді. Сонымен бірге ол отаршыл əкімшіліктегі қазақтар санын көбейтіп, олардың білімін көтергісі келген. Осынысымен ол жергілікті халық өкілдерін билікке тартып, сол арқылы билік органдарында жəне елді басқаруда халықтың егемендігі элементін сақтап қалғысы келген.

Қоғамтанушылық мəселелерге келгенде Ы.Алтынсарин сол кездегі қоғамды қатерлі қоғам деп сипаттады. Себебі ол қоғамда билеушілердің, билердің, моллалардың үстемдігі орнаған еді. Осыған байланысты көзқарасын ағартушы былай деп бейнелейді: «Қызмет бабында мен көп қазақтармен араласамын, солардың ішінде менің туыстарым да бар. Олар туралы көп нəрсе білемін жəне көбісін жек көремін. Ордадағы лауазым иелері ұятсыздықпен кедей қазақтарды тонауда. Олар менің оларға деген көзқарасымды байқап, мүмкіндігі келгенше мені бұл жерден тықсырғысы келеді» [12].

Ойшыл сондай-ақ жергілікті билікке қатысты мəселерді де қозғаған. Ол халықтың жергілікті биліктің зиянды билеу тəртібін түсінгенін атап көрсетеді. Қазақ ауылдарындағы билік орындарына жəне сотқа сайлау кезеңінде, билікте асыра сілтеу, халық есебінен пайда табу көрінісін берген. Жəне де ойшыл үкіметтің өз отандастарына білім беруге құлқы жоғын, бұл істі маңызды деп санамайтынын түсінді. Бұл жағдайда ол туған жерінің қоғамдық-саяси проблемаларынан сырт қала алмады. Сондықтан да билікті, басқаруды жəне сотты жетілдіру мəселелеріне көп көңіл бөлген,  өйткені оларға бұқараның болашағы маңызды болатындығын түсіне білді.

Ы.Алтынсариннің саяси көзқарастарында терең демократизм жəне өз халқының мүддесін қорғауға деген ұмтылысты байқауға болады. Мысалы, «Қазақтың қайғысы» деген жазбаларында ол билікті жəне басқаруды ұйымдастырудың өзіндік бағдарламасын ұсынды. Онда жəне басқа да еңбектерінде билік, басқару жəне сот туралы бірқатар пікірлер айтылған. Оның ойынша, олар халықты мойын ұсындыру үшін емес, халықтың əл-қуатын жақсарту үшін қажет. Сонымен бірге билеушілер өздері де заңды қатал ұстануы керек. Бұларсыз қоғамдық тыныштық жəне тəртіп орнату мүмкін емес деген ойшыл. Билік жəне сот өкілдері қоғамдық зұлымдық негізі — парақорлықтан алыс болуы тиіс. Олардың қызметі жеке мүдделерге емес, қоғамның, отанның мүдделеріне бағынуы тиіс. Олар бағынышты халықтың жағдайын жəне тұрмысын жақсы білулері қажет деп есептейді қазақ ағартушысы. «Егерде олардың болашағымен, жергілікті жағдайларды білетін тəжірбиелі мамандар айналысса, қазақтар жақын болашақта елінің пайдалы, адал жəне іскер мүшелеріне айналады», — деп жазады Ыбырай [9; 157].

Ағартушының қоғамдық өмірде халықтың оңды дəстүрлерін қолдану туралы пікірлер білдіргені де белгілі. Оның ойынша, қазақ қоғамында өзара көмектің оңды жақтары бар, олар болашақ шаруа қожалықтарын құруға негіз болар еді. Сондықтан да қазақтарды ауылдық құрылыстың мүдделерін билікті ұйымдастыруда, сондай-ақ жер мəселесін шешуде байланыстыруға тырысқан. Экономикалық мүдделердің ортақтығы ауылдық-қауымдық əл-ауқаттың негізі деп санаған. Ойшыл қазақтарды өмірдің жаңа жағдайына бейімдеуге тырысты. Отан алдындағы борышы, оны сауатсыз отандастарының тағдырын толғандырмай қоймады.

Адам жəне қоғам өміріндегі еңбектің алатын орнына ерекше маңыз берген Ыбырай, адал еңбек пен қанағатшылдық — адам бақытының негізі деп санағаны да белгілі. Еңбек тақырыбы — оның шығармаларының негізі. Еңбексіз өмір бос деп санайды ойшыл. Еңбек, ізгілікке ұмтылу адамгершілік адамға лайықты өмірді қамтамасыз ететінін Ы.Алтынсарин «Таза бұлақ» деген əңгімесіндегі мысал арқылы дəлелдейді.

Жалпы алғанда, жоғарыда қарастырылған ағартушылық ойларының негізінде ойшылдың өмір тəжірибесінен нəр алған терең саяси идеялары байқалады. Отандық ғалымдардың дəлелдеуінше, Ыбырайдың дүниетанымының қалыптасуына туған ел, халық ауыз əдебиеті, прогрессивті орыс əдебиеті мен Еуропа ойшылдарының еңбектері өз əсерін тигізді. Ш. Уəлиханов секілді, Алтынсарин да өз халқының артта қалушылығын жоюдың бірден-бір жолы ағартушылықта деп сенді жəне Қазақстандағы халық ағарту ісінің ұйымдастырылуы мен дамуына белсене араласты [2; 105]. Шын мəнде ұлы ағартушы-демократ қоғамдық өмірдегі прогрессивтік дамуды көре білді. Ол өз халқының жарқын болашағына кəміл сенген еді.

XIX ғ. қазақ ағартушыларының келесі ірі өкілінің бірі, əрине, көрнекті ақын Абай Құнанбаев (1845–1904) болып табылады. Оның шығармашылық еңбектері саяси сипатта болды. Ол ғылым мен білімнің, адамдардың өзіндік қасиеттерін қалыптастыратынын, өзі, ақиқат пен əділдік үшін күресуге шақыратынын айтқан болатын. Ал оның іс-əрекеті халықты қанаудан сақтау болатын. Осы жағдайда ол билікті білімді адамдарға беру керек деген тұжырымға келеді. Ойшыл білімді билеуші мен білімді халықтың концепциясын негіздеушілердің бірі. Оның пікірінше, қазақтарды дұрыс жолға қойғысы келетін адам билікке ие болуы тиіс. Халықтың қоғамдық өміріндегі билік пен басқарудың күші, маңызы жəне орны ерекше екенін атап көрсетті. «Егер менің қолымда билік болса, мен адам түзелмейді дегендердің барлығының тілін кесер едім», — дейді ол. Жəне ойшылдың қоғамдық өмірде бірқатар нəрсе мемлекеттік лауазымдағы адамдардың ерік-жігеріне байланысты деген ойы бізді қызықтырмай қоймайды. Осыдан ақын-демократ саяси биліктің күштілігін мойындайды деген пікірге келеміз.

Абайдың көзқарастарының саяси мазмұнын жəне билік проблемасына қатынасын қарастыра отырып, оның қоғамның құрылымы жөніндегі ойларына да тоқталуға болады. Ол адамдарды екі топқа бөледі: басқаруды қажет ететін надан топ жəне ақылды, білімді, таңдаулылар тобы. «Тобыр — надан, оны басқара біл... Тобырда білімді адамдар сирек кездеседі», — деген Абайдың сөзі белгілі. Ол адамзаттың екі жартысының бір-бірінсіз өмір сүре алмайтынын мойындаған. Осы байланыстылықтан биліктің өзіндік принциптерін ұсынған. Оның пікірінше, билеушілер елдің таңдаулылары болуы тиіс, бірақ шындығында олар шеттетіліп келді. Бұл жөнінде ойшыл үшінші

«Қара сөзінде» былай дейді: «Елдегі жақсы адамдардың бəрінің үстінен бекер, өтірік «шапты, талады» деген əр түрлі қылмыстық іс көрсетіледі. Оған жауапқа шақыру — тергеу шығарады. Өтірік, көрмегенін көрдім деуші куəлар да əлдеқашан дайындап қойылған» [13; 131]. Əрине, ойшыл осының барлығы олардың билікке деген ұмтылысын шектеу үшін жасалады деп түсінеді.

Ойшылдың дүниетанымының прогрессивтік-демократиялық сипаты əкімшілік сот мəселелері бойынша көзқарастарынан да көрінеді. Абай отаршылдар мен феодалдардың мақсаттарының бірлігін түсіне білген. Сондықтан да ол патша үкіметі XIX ғ. 60-жылдары енгізген сайлау жүйесіне қарсы болды. Ол оның халықты алдауға, сайлаушыларды сатып алуға негізделгенін атап көрсетті. Осы жағдайда ол болыстық билеушілер, билер жəне ауыл басқарушылары қызметіне орысша білім алған адамдарды сайлауды ұсынған. Өйткені олар сол кездегі надан билеушілерден басым тұрды. Соларды сайлау арқылы біз ең құрымаса қандай да пайда табар едік дейді ол. Себебі бұл қазақтарды өз балаларына білім беруге ықпал етеді жəне ондай адам дала басқарушылардан гөрі, заңға тəуелді болар еді.

Сонымен қоса ойшыл сол кездегі билер сотына қарсы болған. Себебі, сот лауазымы болыс билеушілер лауазымы секілді сатып алуға негізделген. «Қазір би болып, халықтың мүддесіне қарсы келетін адамдар сайланады; олар ескі құқықтық ережелерді білулері тиіс еді. Олар қай заңдардың ескіргенін білулері тиіс. Қазіргі сайланатын соттар ескі заңдарға айырбас таба алмайды» [14]. Осыған байланысты ол билердін санын көбейткеннен олардың сапасын арттыруға күш жұмсау керек жəне мерзімсіз сайланатын билерді дұрыс деп табады.

Жалпы алғанда, Абай феодалдық құрылымның қарама-қайшылықтарына назар  аударып, қазақтар үшін жаңа қоғамдық құрылыстың ең жағымды түрін іздеп табуға тырысты. Бұл жолда ол таза рулық басқару тəжірибесін қолдап, былай жазады: «Ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы, топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халық та оны сынамақ, бірден-бірге жүгірмек болмайды екен» [13; 213].

Ақын қазақтардың жалпыұлттық мүддесін де түсіне білген. Осыдан ол халқын ұлттық бірлікке шақырады. Осыған байланысты ру аралық дүрдараздықты қоздыратын топтарды сынаған. Қазақтарда жалпыұлттық сана-сезім қалыптасуына жақтас болған. Басқа бірлігі күшті халықтардан үлгі алуға шақырады. Оның бұл ойлары бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтпаған. Ол қазақтың қоғамдық пікірін жаңа сатыға көтере білді. Өз замандастарының ішінен ерекше бөлініп шығып, адамдардың сынаушысына жəне ақылшысына айналды. Прогреске жетуде ойшыл жас адамдарға,  білімге, ғылымға құштар болуға кеңес береді. Ол бос уақыт өткізуді жəне жалқаулықты кедейліктің бір себебі деп түсінген. Адамда ерік, жігер қалыптасуына көңіл бөлген. Ол халық өмірін жақсартуда білімнің, ғылымның жəне еңбектің орнын жоғары бағалаған. Қазақтарды ағартуда еуропалық өркениетті игеруді маңызды орынға қойған. Орыс халқынан өнерді үйренуге шақырады. Адамдар өз өмірлерін өздері қалыптастырулары қажет деген ойды айтады. Ол үшін жоғары мəдениетті халықтардан үйренуге тиіспіз дейді ақын. «Егер біз басқалар білетінді білсек, біз күшті халыққа айналамыз» деген ойшылдың сөзі қазіргі күнде маңызын жоғалтпайды.

Қоғам өмірін өзгерту үшін ағартушы кеңес беріп қана қоймай, өз бағдарламасын жасауға да кіріседі. Оның бағдарламасы келесі талаптардан тұрады: барлық балаларды мектептерге беру; мектептер халық есебінен жасақталуы; мектептер білім беріп қана қоймай əр түрлі мамандыққа үйретуі тиіс; ең алдымен балаларды ана тіліне, дəстүрлі білімге, содан кейін орыс тіліне, өнерге, ғылымға жəне мəдениетке үйрету керек; зайырлы білім арқылы ғана бала өз халқына пайдалы адамға айналады. Сонымен қатар ақын еңбекшіл халықтың мүддесін қорғаған. Зұлымдықтың негізі олардың рулық немесе ұлттық айырмашылықтары емес, мүліктік жағдайының теңсіздігі деп білген. Ол сол кездегі қоғамның жіктелу мəселесіне көп көңіл бөлген. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, оған бұл жерде орыс демократтарының еңбектері көп ықпал еткен.

Абай өз шығармаларында этикалық идеалдарды көп қарастырған. Оның этикасының негізгі принципі: «Адам бол». Осыдан келіп оның көптеген шығармалары адамгершілік сипатта жазылған. Ойшылдың пікірінше, адам саналылық пен адамгершіліктің, еңбексүйгіштік пен  білімділіктің, достық пен махаббаттың қосындысы болуы тиіс. Ол өз шығармаларында шындықты бейнелеуде реалистік бағытты ұстанады. Сол кездегі тəртіпке түбірімен қарсы болғанын  көрсетеді. Ағартушының шығармашылығында жеке адамның қалыптасуында қоғамдық ортаның шешуші орын алатыны айқындалған. «Адам — өз кезеңінің жемісі, егер ол жаман болса, оған замандастары кінəлі. Дəуір адамды қалыптастырады» деген ойшылдың көзқарасымен толық келісуге болады сияқты. Абайдың ағартушылық дүниетанымын бағалауда қазіргі отандық ғалымдардың көбісі оның шығармашылық күш-қуатын адамдық игіліктерге, ақиқат адамдық болмысты іздеуге, адамға лайық өмірге ұмтылуға бағытталған деп санайды [15]. Міне, ойшылдың осы ойлары бүгінгі күнде де өзінің прогресшіл маңызын жоймағанын көрсетеді.

Жоғарыда көрсеткендей, қазақ халқының рухани мəдениетінің даму тарихында XIX ғасырдың екінші жартысында ағартушылық ерекше тарихи құбылыс пайда болды. Оның негізінде отандық ағартушылар өздерінің көптеген еңбектерінде қазақ қоғамының артта қалуын шаруашылық өмірдің дамыған болмағанымен байланыстырды. Қазақ ағартушыларының пікірінше, ең негізгісі мəселе — ол қазақ қоғамның прогреске бейімділігімен байланысты болды. Осы сұраққа жауап іздеу барысында, халқымыздың ұлы ағартушылары артта қалған елдердің өзіндік дамуы үшін, дамыған елдердің мəдениетін бойларына сіңіру керек деген тұжырымды жасады. Олар отаршыл əкімшіліктің тонаушылық саясатын əшкерелеп сынға алды. Бұл қазақ жəне орыс қоғамының алдыңғы қатарлы өкілдеріне патша өкіметінің реакциялық билігін терең ұғынуға көмектесті.

Қазақ үкіметтің мүдделерін ескеруі, ағартушылардың ойынша, көптеген қоғамдық қайшылықтардан сақтанға мүмкіндік береді. Сондықтан да олар Ресей үкіметінің қазақ қоғамда жасаған жағдайын терең зерттеуіне мүдделі болды. Олар өркениетті орыс халқының өз қол астындағы елге қоғамдық дамуда көмек беретініне сенімді еді. Бұл сенім Қазақстандағы патша өкіметінің өкілдеріне көптеген өтініштермен сұраулар жасауға итермеледі. Бірақ та халықтың өмірін жақсарту жолындағы бұндай күрес жолы қазақтардың қоғамдық-саяси  құрылымын қайта қарастыруға деген сенімді ақтаған жоқ.

Сонымен, қазақ ағартушылығының басты ерекшелігі — оның феодалдық  құрылыстың дағдарысы нəтижесінде табиғи түрде пайда болуы емес, өлкенің Ресейге қосылуының идеялық бейнесі ретінде пайда болуы. Еуропалық жəне ресейлік ағартушылыққа қарағанда өзінің идеялық мазмұны бойынша, қазақ ағартушылығы əлсіз дамыған халықтардың артта қалушылығын жою мəселелерін теориялық негіздеу төңірегінде дамыды.

Ағартушылық дəуірдегі болашақ қоғамдық құрылыс мəселесіне байланысты қазақ ойшылдарының мұраты батыс ағартушылары өкілдерінің мұратымен сай келмеді. Батыс ағартушылары өздерінің сенімдеріне қарамастан, өз қоғамының сұранысына жауап беретін нарықтық құрылысты объективті идеализацияласа, қазақ ағартушылары қоғамның барлық мүшелері сауаттандырылған, толық еркіндік пен əділдік жəне адамдардың өз елінің саяси өміріне толық араласуын қамтамасыз еткен, білімге негізделген тəуелсіз тəртіп орнату үшін күресті. Олардың мұраттары дəл біздің кезеңімізде орныға түсті деп айта аламыз.

Қорыта айтқанда, қазақ ағартушылық Қазақстанның XIX ғасырдың екінші жартысындағы жағдайында əлеуметтік-экономикалық жəне мəдени прогресс жолындағы мықты қозғалыс беруші күшке айналып, орыс өркениетіне бейімделу жолында дамыды. Сонымен қатар отандық ағартушылар осы прогреске жету жолда өз мүмкіндігінше жағдай жасауға тырысты. Жалпы алғанда, Абайдың жəне басқа алғашқы қазақ ағартушыларының адамның ақыл-парасатын дəріптеуінің, надандықты, ескілікті, діни əдет-ғұрыптарды сынап-мінеуінің, сондай-ақ қажетті саяси-əлеуметтік өзгерістерді қазақ даласына енгізу қажеттілікті жəне басқа ағартушылық идеяларының зор прогресшіл маңызы болғанына толық сенім білдіреміз.

 

 Əдебиеттер тізімі

  1. Назарбаев Н.Ə. Тəуелсіздік белестері. — Алматы: Атамұра, 2003. — 18-б.
  2. Ғабитов Т. Қазақ философиясы. — Алматы: Раритет, 2010. — 280 б.
  3. Əуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Зерттеулер, мақалалар / Жауапты шығ. Л.Əуезова, Т.Əкімов. —Алматы: Жазушы, 1985. — 19-т. — 242-б.
  4. Насимов М.Ө. Ағартушылық астарындағы қазақтың саяси ойы. — [ЭР]. kz ақпараттық порталы [сайт]. (назар аудару мерзімі 16.01.2015).
  5. Өзбекұлы С. Қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікір тарихының өзекті мəселелері. — Алматы: Білім, — 66-б.
  6. Уəлиханов Ш. Сот реформасы жайында хат / Қазақ ағартушыларының философиясы. Қазақ халқының философиялық мұрасы: 20 т. — 10-т. — Астана: Аударма, 2007. — 472 б.
  7. Валиханов Ч. Избранные произведения. — М.: Наука, 1986. — С.
  8. Алтынсарин И. Собрание сочинений: В 3 т. — 3 т. — Алма-Ата: Наука, 1978. — С.
  9. Ыбырай Алтынсарин тағылымы: əдеби-сын мақалалар мен зерттеулер / Құраст. М. Жармұхамедов. — Алматы: Жазушы, 1991. — 383 б.
  10. XV–XX ғғ. қазақ ойшыл оқымыстыларының тəлім-тəрбие туралы ой-пікірлері / Əлемдік педагогикалық ой-сана: 10 т.— 3-т. / Бас ред. Ж.Қ. Түймебаев. — Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2010. — 102-б.
  11. Есжанов С. Ыбырай Алтынсарин // Ақиқат. — 2009. — № 11. — 103-б.
  12. Ы.Алтынсарин хаттарындағы ағартушылық философиясы / Қазақ ағартушыларының философиясы. Қазақ халқының философиялық мұрасы: 20 т. — 10-т. — Астана: Аударма, 2007. — 259-б.
  13. Құнанбаев А. Шығармаларының екі томдық толық жинағы: 2 том. — 2-т. — Алматы: Ғылым, 1977. — 312 б.
  14. Туманшин К.М. Общественно-политические взгляды Абая Кунанбаева. — Караганда: Изд-во КарГУ, 1994. — С.
  15. Қазақ ағартушыларының философиясы / Қазақ халқының философиялық мұрасы: 20 т. — 10-т. — Астана: Аударма, 2007. — 463-б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.