Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Ғұмырын ғылым жолына бағыштаған ұлы ғалым, ұлағатты ұстаз. Тарихшы Е.Бекмахановтың туғанына — 100 жыл

Кіріспе

2015 жылы ғұлама тарихшы-ғалым Ермұхан Бекмахановтың туғанына 100 жыл толады. Тарихтың көне қойнауынан ақиқатты ақтара көрсеткені үшін ғалымның қуғын-сүргінге ұшырағаны, əйтсе де туған халқым деп соққан үлкен жүрек мойымай, бəріне төтеп бергені бүгінде кімге болсын белгілі.

Кеңес үкіметі тұсында қазақ ғылымының дамуына аянбай еңбек сіңірген Қ.Сəтбаевтың, М.Əуезовтің, Е.Бекмахановтың еңбектері ғасырлар бойы қазақ тұлғаларының арманына айналған ұлттық идеяның тармағы еді. Мəселен, Е.Бекмахановтың идеясы, алдымен, ұлт мүддесінің тірегін сақтап, оны болашақ қазақ елінің ұлттық идеясына айналуына мүмкіндік жасау болды. Ол шынымен де, Кенесары тарихымен байланысты бүкіл қазақ елінің жағдайын, рухани өмірін, елдігін, батырларының қызметін, бірлігін бейнелейтін мол мұра қалдырды. Оны танудың, зерттеп жазудың ғылымда жолын салды. Тарихта көміліп бара жатқан ұлттық санамыздың ізін аршып кетті. Бірақ ұлттың тарихын жəне оны қалыптастырушы халық тұлғаларының феноменін толықтай жазып үлгеруге дарынды ғалымының өмірі жетпеді.

Ерекең түрлі түрмелер мен Колыма лагерінде қамауда болып, солардың азаптарын басынан өткізді. Осы темір тордың арғы жағында көрген зорлық-зомбылық, оған дейінгі жəне кейінгі қуғын- сүргін оның жанын күйзелтті, тағдырын жүдеушілікке ұшыратты, ғұмырын қысқартты. Ұстаздық, ғалымдық əрі азаматтық кемеліне келген шағында дүниеден озуына себепші болды.

Бекмаханов тағлымы жеке басқа табыну дəуіріндегі ғылымда ойлау-зерттеу бостандығы болмағанын, тарих ғылымы тұмшаланып, өресіз бюрократтардың, ғалымсымақтардың саяси қолшоқпарына айналып, өз пікірін айтқан авторлар үшін қандай зауал тудырғанын айқын дəлелдеп береді. Ермұхан Бекмаханұлының отаршылдардың ойранынан аяққа тапталып қалған Кенесары– Наурызбайдың рухын қайта көтеріп, халқының ұлттық сана-сезімін оятуға бағытталған іс-əрекетінің аяғы бүкіл ұлтжанды қазақ атаулыға қарсы бағытталған саяси науқанға əкеліп соқтырды.

Ермұхан Бекмахановтың өмір жолы туралы қысқаша деректер

Ұлттық намысты ту еткен ғалымның шəкірттерінің бірі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дүйсетай Шаймұханов «Азамат жолы» атты естелігінде Ермұхан Бекмахановтың өмір тарихын былайша өрбітеді: «Ермұхан аға Арқа өңірінде, дəл айтар болсам, 1915 жылғы 15 ақпанда Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы № 10 ауылда дүниеге келген. Əке-шешесі 1932 жылғы аштықтың құрбаны болып, бала Ермұхан ағайындардың қамқоры мен көмегі арқылы, жаратқанның құдірет күшімен аман қалады. Орта мектепті бітірген соң жоғары оқу орнына түссем деп талпынған ол Семейдегі бір жылдық даярлық курсында оқиды. Сөйтіп, талапты жас 1933 жылы Воронеж педагогика институтының тарих факультетіне түсіп, сол оқу орнын 1937 жылы аяқтап, 1937–1939 жылдары Алматыдағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер, директордың орынбасары болып жұмыс атқарады. Ал, 1940–1941 жылдары Мəскеуде, ВКП (б) Орталық Комитетінің жанындағы жоғары партия мектебінде оқыған. Алматыға қайтып оралып, бес жыл қатарынан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің лекторы, 1946–1947 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының тарих, археология жəне этнография институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, ал 1947 жылдан 1951 жылға дейін Қазақ мемлекеттік университетінің Қазақ ССР тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды» [1].

Өкінішке орай, атақты ғалым Кенесары Қасымұлының көтерілісін қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы ретінде бағалағандығы үшін саяси қуғын-сүргінге душар болды. 1952 жылы 25 жылға бас бостандығынан айырылып, жер аударылды. 1954 жылы ақталып шыққан соң, Қазақстанның ХҮІІІ– ХІХ ғасырлардағы саяси, əлеуметтік-экономикалық тарихы туралы терең мазмұнды бірнеше ғылыми еңбектер жазды.

Елу жастан озғанда ғұлама ғалым ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды. Алматыдағы зиялылар зиратына жерленген.

Қазақстандық ғалымдардың Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20–40-жылдарында» атты монографиясын талқылаудағы көзқарастары

Ермұхан Бекмаханұлы 1946 жылы Мəскеуде «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20–40-жылдарында» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Қорғауға Қ.Сəтбаев, Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин арнайы қатысып, қолдау көрсетті.

2010 жылдың соңғы айларында Астананың «Фолиант» баспасынан Медеу Сəрсекенің «Ермұхан Бекмаханов» атты ғұмырнамалық-эссе кітабы [2; 672] жарық көрді. Белгілі жазушы осы еңбегінде диссертацияның сəтті қорғалуын былайша баяндайды: «1946 жылдың 14 қазаны күні Тарих институтының Волхонка көшесіндегі ескі ғимаратының үлкен залына Мəскеу мен Ленинградтың тарих білгірлері жиналып, туу Қиырдағы Қазақстаннан келген отыз бір жасар тарихшының ғылыми еңбегін талқылауға бас қосты. Алдыңғы қатарда — институттың ғылыми кеңесінің мүшелері. Кеңес төрағасы — академик Б.Д.Греков. Кеңес мүшелерінің санатында есімдері КСРО-ға мəшһүр ғұламалар — А.М.Панкратова, Н.М.Дружинин, М.В.Нечкина, профессор М.П.Вяткин жəне басқалары, жиыны 15 тарихшы. Бəрі де осы ілімнің сол күңдегі үздіктері...

Ғылыми кеңестің төрағасы мəжілісті ашып, диссертация иесінің есімін атап, қорғайтын тақырыбын жариялап, қазақ тарихшысын мінбеге шақырды.

Ермұхан мінбе төрінен залдағы жұртқа еміне қарап:

  • Тарих ілімін қадірлеуші қымбатты қауым! Менің қарапайым еңбегіме ықылас білдіріп, тілектес пиғылмен келген баршаңызға шынайы көңілден рахмет айтамын!.. — Басын иіп ізет білдірді де, көкейкесті мəселеге түсті. — Қазақстанның өткен тарихының өзекті мəселесі — XIX ғасырдың бас кезінде əлеуметтік-экономикалық ахуалының күрт төмендеуі салдарынан бұқара халықтың ат жалын тартып мініп, отарлаушы елдің жаналқымға алған өктемдігіне қарсы шыққан қозғалысын кейбір əріптестерімнің əр түрлі түсіндіріп, өздері пайымдаған тұжырымды иланымды деректермен толық айшықтай алмауы — сол кезеңнің осы күнге дейін күңгірт қалпында қалуына себеп болды. Ал мен назарларыңызға бүгін ұсынып отырған диссертациямда нақ осы кезеңді əр қырынан қарастырып, «Қазақ КСР тарихының» 14-тарауын жазарда өзім ұстанған ғылыми байламды көптеген жаңа деректермен кеңейтіп əрі тереңдетіп, 1943 жылы қорғаған кандидаттық диссертациямның көлемінен кем дегенде бес есе көбейтіп, қысқасы, мəнді тақырыпқа қайта оралдым...
  • Кенесары қозғалысының прогрессивтік жəне ұлт-азаттық мəнін, Дала халқының жаппай қолдауы себепті ең ұзақ та қаһармандық күрес болғанын тұңғыш жариялаушы тегінде мен емеспін. Сол күрестің тарихи мəнін халыққа паш етіп, Кенесары ерлігін дəріптеген соңғы зерттеуші де, сірə, мен болмаспын... Тоқетерін айтқанда, жүз жыл бойы осы қозғалыс туралы мұрағаттарда, жазба əдебиеттерде жалпылама айтылған, көпшілік көзінен тасада жатқан, жұртшылыққа мəлім емес көптеген деректерді, сондай-ақ ел жадында, ауыз əдебиеті нұсқаларында сақталған тарихи дастан, батырлық жырлар мен жоқтауларды саралап, ғылыми жүйелеп, хал-қадерімше зерттеп, ең сенімділерін ескі қоймалардан суырып əжетіме жаратудан туған еңбегімді бүгін назарларыңызға ұсынып отырмын... — деп докторант жігіт сөзін түйді.

Сөз кезегі ресми оппоненттерге тиеді. Олар үшеу: Ресей тарихының əйгілі білгірі — Н.М.Дружинин, Қазақстан тарихын көп жылдан қазып жүрген М.П.Вяткин жəне Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих, археология жəне этнография институтының директоры заң ғылымының док- торы С.В.Юшков. Үшеуі де жаңа еңбектің сонылығын, ерекшелігін, өткен ғасырдың бас кезіндегі күрделі кезеңнің əлеуметтік-экономикалық сипаты терең талданған сүбелі ғылыми еңбек дүниеге келгенін баса айтумен бірге кейбір тараулардың олқылықтарын да көрсетіпті.

Ақырында тілеуқор жұртты біршама күткізіп, жасырын дауыс берудің нəтижесі жарияланды: ғылыми кеңес мүшелерінің 14 адамы докторлық атақ беруді жақтаған, тек бір ғана ғылым иесі қарсы шыққан; сөйтіп, жас зерттеушінің ұзақ жылғы еңбегі ақталып, мəртебелі ғылыми атаққа қолы жетті!» [2; 178–184].

1947 жылы ғалымның «ХІХ ғасырдың 20–40-жылдарындағы Қазақстан» атты  негізінен Кенесары көтерілісіне арналған монографиялық зерттеуі жарық көрді. Алдымен докторлық диссертация қорғап, Мəскеу ғалымдарына тарихи шындықты ғылыми тұрғыдан танытуы, соңынан зерттеулерінің нəтижелерін жеке кітап етіп бастырып шығаруы халқымыздың ұлттық сана-сезімін оятуда тарихи маңызы бар ісі болды.

Бір қызығы, сол жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Қазақ КСР Ғылым академиясы  Тіл  жəне  əдебиет  институтының  өрескел  саяси  қателері  туралы»  Қаулысынан  кейін «байшылдар» мен «ұлтшылдарды» əшкерелеу науқаны басталған болатын. Сондықтан да дəл сол кезде Ермұханның кітабының басылып шығуы жанып жатқан отқа май құйып жібергендей болды. Жалған белсенділер жеңді түріп, алақанға түкіріп шыға келді. Кенесары көтерілісін сынаушылар ашықтан-ашық Бекмахановқа ауыз сала бастады:

  1. Ең əуелі ЖАК-қа Бекмаханов негізінен Рязановтың жарыққа шықпаған қолжазбасын пайдаланған деген арыз түсті. Бұл істі тексерген академик Дружинин плагиат туралы пікірді толық теріске шығарып дəлелдеп берді.
  2. 1948 жылы 31 қаңтарда «Лениншіл жас» газетінде М.Ақынжанов пен Т.Шойынбаевтың «Саяси қате, ғылыми құнсыз кітап» деген сыни мақаласы жарияланды. Осыған байланысты Ж.Шаяхметов М.Сусловқа өтініш жасап, осы сұраныс бойынша КСРО ҒА Тарих институты 28 ақпанда Бекмахановтың монографиясын талқылады. Дискуссияның негізі — М.Ақынжанов пен Т.Шойынбаевтың рецензиясы болды. Оларға талқылауда бірінші болып сөз алған Х.Ғ.Айдарова қосылды. Олар Бекмахановқа буржуазияшыл-ұлтшыл деген айып тағумен шектелді [3; 132]. Бұларға орыс ғалымдары Дружинин, Бахрушин, Вяткин, Кучкиндер қарама-қарсы шықты. Пікірталас қорытындысында академик Греков автордың жеке басына тиісу, оны буржуазияшыл- ұлтшыл деп айыптау ғылыми пікірталасқа жат əрекет екендігіне көңіл аударды.
  1. Өкінішке қарай, Мəскеудегі дискуссия ортақ пікірге жеткізбеді. Жанжал күшейе түсті. «Мəскеудегі айтыста оңбай күйреген топ мерейі үстем болған əріптесін қайткен күнде мұқатуды тілеп, өздеріне де, өзгелерге де маза бермеген қарекетке қайыра кірісті. Бетке ұстаған желеу: кітапты талқылау Мəскеуде əділ жүрген жоқ; ғылыми айтысқа мəселенің бүге-шігесін жақсы білетін жергілікті тарихшылар қатыспады, күрделі кезеңнің шынайы сыры ашылмай қалды; ал  сөз ұстағандар — Е.Бекмаханов диссертациясына оппонент болғандар, оны туу бастан даурыға қолдаған ежелгі достары; сондықтан да ғылыми талқыны Алматыда қайыра өткізу қажет; сөйтпейінше, біз тоқтамаймыз, БК (б) П Орталық Комитетіне қайыра арызданамыз, тарихи шындықты жеріне жеткізгенше алысамыз...

Ашық талқы тілеген пікірмен санасуға тура келді. Дауға төрелік айтуды Қазақстан КП Орталық Комитеті Академия басшыларына жүктейді.

1948 жылдың маусым айының орта шенінде Қазақ КСР Ғылым академиясының төралқасында «Қазақстан XIX ғасырдың 20–40-жылдарында» кітабын талқылауға арналған…жиын шақырылған… Жиында сөз ұстаған қазақстандық тарихшылар — С.Н.Покровский, X.М.Əділгереев, А.Н.Нүсіпбеков, Т.Е.Елеуов,  С.Г.Медведов  жəне  басқалары  Кенесары  Қасымов  бастаған  қозғалыстың ұлт-азаттық сипатта жүріп, күллі халық қолдаған күрес болғаны — тарихи шындық, өйткені бүлік шығарушы сұлтанның небəрі 1500 төлеңгітімен патша өкіметінің əскеріне он жыл бойы төтеп бере алмайтыны айқын... дескен уəж айтыпты. Академия төралқасында өткен жиынға Тарих институтынан санаулы қызметкерлері шақырылған. Соны да желеу еткен қарсы топтағылар біржақты талқыға қатыспайтынын мəлімдеп тағы да дау көтереді. Амал қанша, ҚКП ОК-і тарихшыларды түгел шақырып, зиялы қауым өкілдерін де қатыстырып ғылыми айтыс ұйымдастыруға нұсқау береді. Мақсат — тарихи ақиқатты жан-жақты, кең талқы үстінде анықтау» [2; 201–202].

  1. 1948 жылдың шілде айының 14-нен 19-ына дейін Қазақ ССР Ғылым академиясының Тарих институтында Е.Бекмахановтың кітабы жайлы бес күнге созылған қызу пікірталас болып өтті. Талқылаудың барысында үш түрлі пікір бой көрсетті [4]:

Алғашқы топ — Ермұханның ашық қарсыластары — Т.Шойынбаев, С.Толыбеков, Х.Айдарова, М.Жизневский, Б.Сүлейменов, А.Нұрқанов, М.Ақынжанов, тағы басқалар.

Екінші топ — Е.Бекмахановтың еңбегін жақтаушылар — И.Будовниц, А.Жиреншин, Е.Ділмұхамедов, тағы басқалар.

Үшінші топ — ғалымның еңбегіне объективті ғылыми талдау жасауға тырысушылар. Олар: А.Нүсіпбеков, Т.Елеуов, Х.Əділгереев, Б.Аспандияров, Т.Күлтелеев жəне тағы басқалар.

Дарынды ғалымның қарсыластарының пікірлері оны жақтайтындардың пікірлері тəрізді өзара ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктермен ерекшеленеді. Ғылыми талдаудан гөрі жеке бастың көре алмаушылығына немесе ашық жаулық көзқарасқа бой алдырғандар да болды. Сонымен қатар Е.Бекмахановтың қарсыластары арасында өзінің ғылыми деңгейінің төмендігімен ерекшеленіп, тақырыптан ауытқығандар да кездесті.

Мəселеге əділ баға беру үшін тарихшының осы айтыста сөйлеген қорытынды сөзін басшылыққа алған жөн. Мұнда Е.Бекмаханов «Шындық айтыста туады» деген əйгілі мақалды басшылыққа алып, өзінің қарапайым еңбегіне байланысты пікірталастар қазақстандық зерттеушілерге, əсіресе  оның өзіне аса пайдалы деген қорытындыға келді: «Шынымды айтайын, мен үшін өте-мөте пайдалы болған ұзақ талқыдан кейін жұмысты бұрынғыдан да үдетуге құлшынып тұрмын. Не істесем де, нендей жаңа еңбек бастасам да туған халқым үшін, байтақ елім үшін, осы айтыс үстінде маған қолдау көрсеткен, айтысты ықыласпен тыңдаған зиялы қауымның сенімін ақтау үшін əр күнімді ғылыми ізденіс жасауға, еңбек жазуға жұмсауға тиіспін... Мен əлі жасаң қызметкермін, ізденіс тəжірибем де көп емес. Алғашқы ғылыми монографиямды жазу үстінде мен ғылыми дəреже, иə мəртебе  туралы ойлаған жоқпын, тек қана туған халқымның рухани мүддесін көздеп іске кірістім. Сіздер неше күн сөз еткен қарапайым еңбегімді жазу үстінде мен Кеңес өкіметінің, большевиктер партиясының қамқорлығы арқасында білім алып, ғылым жолына түскенімді ешқашанда есімнен шығарған емеспін... Төрт мəрте талқыдан соң Кенесары Қасымов қозғалысының шынында да ұлт-азаттық күрес болып танылғанына көңілім марқайып тұр, бұл күресті күллі халық қолдағанына ешкім де енді шүбə келтіре алмайды... Əрине, көптеген жолдастар адал пиғылмен ескерткен олқылықтарды түп-түгел түзетемін. Нақ сондай түзетуді екінші басылымы əзірленіп жатқан «Қазақстан  тарихына» да енгіземін. Əлбетте, бұл кітап менің ғылыми соңғы еңбегім болмайтыны түсінікті, өткен ғасырдың екінші жартысы туралы кең көлемді жаңа монография жазуға ізденіс бастадым, таяу жылдарда оны да назарларыңызға ұсынамын... Сондықтан да, жолдастар, енді ғана қаз тұрып, іргесі қалана бастаған казақ тарихы ғылымын жаңа табыстарға тезірек жеткізу үшін арамызда туған айтыс-тартысты доғарып, бір тілек, бір білек, бір жүрекпен жұмыс істеп, жаңа биіктерге көтерейік... деген ақ тілекпен сөзімді аяқтаймын!..» [2; 267, 268].

Е.Бекмаханов Кенесары қозғалысына қатысты саяси тұрғыдан айтылған сындармен келіспейтіндігін үзілді-кесілді білдірді. Ол бəрінен бұрын ешбір ашу-ызасыз жəне мəселені сайқымазаққа айналдырудан əлдеқайда аулақ болған Күлтелеев, Нүсіпбеков, Əділгереев, Медведов, Елеуов тəрізді ғалымдарға алғыс айтты.

Осы талқылаудан соң тарихшылардың Кенесары жайлы дау-дамайы сəл-пəл саябыр тапқандай болды. Бірақ бұл сырттай солай көрінгенімен де, шындығында, шешуші шайқастар алдындағы алдамшы тыныштық еді.

Ғалымның 50-жылдардың басында қуғын-сүргінге ілігуі

1940-жылдардың аяғы мен 50-жылдардың басында республиканың көрнекті ғалымдары мен қоғам кайраткерлері А.Жұбанов, Қ.Жұмалиев, Б.Сүлейменов, Е.Ысмайылов, Л.Домбровский, ҚазКСРҒА Президенті Қ.Сəтбаев, көрнекті жазушы жəне ғалым М.Əуезов, ҚазМУ-дың ректоры Т.Тəжібаев жалған айыптармен қудаланды. Космополитизммен айыпталған биолог, медик, геолог ғалымдардың бірқатары ғылыми мекемелер мен жоо-ның кафедраларынан қуылды.

40–50-жылдар басындағы тоталитарлық режим кезіндегі кейбір фактілер, Қазақстандағы қуғын- сүргін ауқымының өте зор болғандығын көрсетеді. Олардың өзіндік əдіс-тəсілдері болды. Республика аумағында əрекет еткен ГУЛАГ филиалдары сол кездегі режимнің геноцидті ұйымдастыруының маңызды тəсілі болып табылды [5].

Ұлтшылдықты  əшкерелеу науқанына  1950 жылғы  26 желтоқсанда  «Правда» газетінде шыққан «Қазақстан тарихы мəселелері маркстік-лениндік тұрғыдан зерттелсін» деген мақала ерекше қарқын берді. Мақала авторлары ғалымдар арасында негізінен Е.Бекмахановтың монографиясын талдау кезінде көзге түскен ортақол тарихшылар болатын (Т.Шойынбаев, Х.Ғ.Айдарова, А.Якунин). Соған қарағанда бұларды қолдаушы белгісіз бір күш болса керек. Осылайша партия органы өз беделін пайдаланып, саяси науқанды ашты: «Мақала авторларының: «Бекмахановтың «қателіктерін» Мəскеу мен Алматы ғалымдары ашпады. Енді ол қателіктер «Қазақ ССР тарихының» екінші басылымына кірді», — деген қатал тұжырымдары бұл «қатардағы» тарихшылардың үлкен беделді пайдаланғанын дəлелдейді» [3; 134].

Сол уақытта «Правданың» мақаласы — сот үкімінен де пəрменді еді. Тіпті, Орталық Комитеттің бірінші Хатшысы да оның күшін жоя алмайтын. Бұл үкім енді Қазақстанның тағдырын ұршықтай иірді.

«Ағаш атқа мінгізілген» басты күнəһар — біртуар тарихшы Е.Бекмаханов 1951 жылдың көктемінде партия қатарынан қуылды, оқытушылық жұмыстан аластатылды. 1951 жылы 15 мамырда «ірі саяси қателіктері үшін» ҚазМУ-ден КСРО тарихы кафедрасының  профессорлығынан шығарылды. Бір қызығы Ермұхан 1948 жылы Қазақ КСР тарихы кафедрасының меңгерушісі болды. 1949 жылы 30 тамызда КСРО тарихы кафедрасының профессоры атағын алды. Аласапыран жағдайда Қазақ КСР тарихы кафедрасы жабылып, ол тек 1958 жылы 21 мамырдағы КСРО Жоғары оқу орындары министрінің бұйрығымен сол жылғы 1 қыркүйекте, яғни Ермұхан айдаудан қайтқан соң, ашылды. Қазақстандағы тұңғыш Қазақ тарихы кафедрасының ашылуы да Бекмахановтың тағдырымен байланысты болды [6].

1951 жылдың сəуірінде КСРО ҒА Тарих институтының ғылыми кеңесі Е.Бекмахановты кандидаттық, докторлық жəне профессорлық атақтарынан айырып, «бұрынғы қаулысының қате болғандығын» мойындаған масқара қаулы алып, сол қарарды ЖАК төралқасына жөнелтуге мəжбүр болған (академик Н.М.Дружинин ғана: «Мұндай масқара — ғылым тарихында бұрын-соңды болған емес, мен бұған қатыспаймын!» — деп дауыс берерде залдан шығып кеткені ғылыми кеңес хаттамасында жазылған). Күйеуінің тағдырына араша болуды өтініп Халима Адамбекқызы Бекмаханова Мəскеуге барғанда академик Анна Михайловна Панкратова: «Ермұханның Кеңес өкіметіне адал тарихшы екеніне өзімдей сенемін, бірақ менің де қолым байлаулы, ал жағдай сəл өзгерсе, сүйікті шəкіртімнің тағдырын жеңілдетуге көмектесемін, қарағым, ақиқатқа сеніміңді жоғалтпа!» — деп жұбатады [7].

Партиядан шығарылып, университеттегі жұмысынан қуылған соң, қайраткер ғалымға Алматыда тұруға рұқсат берілмеді. Ол Алматы облысының Нарынқол, Жамбыл облысының Шу аудандарының мектептерінде тарих пəнінің мұғалімі болып жұмыс істеді.

Бұдан кейін Бекмахановқа КГБ–дегілер «көңіл» аударды. «Бекмаханов ісі» ұйымдастырылды. 1952 жылдың 5 қыркүйегінде ержүрек ғалым тұтқындалды. Оған мынадай саяси айыптар тағылды:

«1952 жылғы 5 қыркүйекте Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздігі министрлігі Бекмаханов Ермұханды тұтқындап, оған антисоветтік қызметі үшін айып тақты. КСРО-да орнаған саяси құрылысқа қарсы ниетте болған Бекмаханов Ермұханның өзінің ғылыми қызметкер болған жағдайын пайдаланып, 1942–1952 жылдарда антисоветтік жұмыс жүргізгендігі анықталды. Өзінің «ғылыми» жұмыстарында ол Қазақстанның Россияға қосылуының маңызын буржуазияшыл-ұлтшыл тұрғыдан түсіндірді. Өзінің ұлтшылдық концепциясын негіздеуде Бекмаханов реакцияшыл ақындардың жəне совет халқының қас жаулары — алашордашылардың деректерін пайдаланды. Онымен бірге өзінің таныстарының арасында антисоветтік үгіт жүргізді...

Бекмаханов совет өкіметіне жау пиғылда болып, 1942–1952 жылдары ұлтшылдық идеяларды насихаттап, антисоветтік үгіт жүргізгені үшін... РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10- бөлімінің екінші бөлігіне сəйкес айып тағылды» (Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық архиві. 23-қ., 1-т., 447-іс, 1–2-б.) [8].

1952 жылы 4 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы соты Ермұхан Бекмахановты 25 жылға соттап ГУЛАГ лагеріне айдады. Сөйтіп, саяси науқанды ұтымды пайдаланып, қайткен күнде жазалауды жобалаған қаскөйлердің əрекет ісі жүзеге асты. Ғылым өріне елеулі еңбегімен күрт көтерілген дарабоз тарихшының тағдыры небəрі үш күнде шешіліп, мың тұтқынның ілуде біреуі ғана оралатын алыс сапарға 37 жасында кете барды. «Не үшін, кінəм неде?» деген түйткілді сұрақ жауапсыз қалды.

Көрнекті тарихшының өмірінің соңғы жылдарында өнімді еңбек етуі

1953 жылы билік басына келген Н.С.Хрущев И.В.Сталинді «жеке адамға табынушылықпен» айыптап, ол жүргізілген саяси қудалаудың барлығын партияның қателігі деп жариялады. Сөйтіп, заман өзгере бастады. Е.Бекмахановтың ісі қайта қаралып, 1954 жылы 16 ақпанда ол ақталып шықты. Қанша ауыр болғанымен де, абақтыдағы азапты жылдар Ерекеңнің сағын сындыра алмады. Ол өзінің  бұрынғы   ғылыми  ізденістерін  жалғастырды.   Өзі   ұсталып  кеткенге   дейін  бастап   қойған «Қазақстанның Ресейге қосылуы» атты еңбегін аяқтау ісімен айналысты. Бұл еңбегі тарихшы-ғалым А.М.Панкратованың батыл көмегі арқасында Мəскеудегі «Наука» баспасынан 30 баспа табақ көлемінде 1957 жылы жарық көрді.

Е.Бекмаханов өзінің жемісті еңбегіне сай ғылым мен қоғамдағы орнын қайтадан алды. Оған университеттегі өзі ұйымдастырған кафедрасы қайтарылып берілді. 1962 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. Өмірінің соңғы он жылында өнімді еңбек етіп, терең мазмұнды ғылыми шығармалар, орта мектептер үшін Қазақ КСР тарихының оқулығын жазды. Бірнеше жас ғалымдарды даярлауға атсалысты.

Асыл азамат Ермұхан Бекмаханов 1966 жылы 6 мамырда 51 жасқа қараған шағында ауыр науқастан дүниеден өтті. Ғұлама ғалымды Халық Қаһарманы, академик Шапық Шокин былайша еске алғаны халық жадында сақталып қалды: «Ұлтымыздың аса көрнекті тарихшысы Ермұхан Бекмаханов уақыт бедеріне бағынбаған, шыншыл ғалым болатын. Ол докторлығын екі рет қорғады. Еңбегінің нашарлығынан емес, тыйым салынған Кенесары тақырыбына жазылғандықтан. 1947 жылы Қазан төңкерісінің 30 жылдығына байланысты Одақтық Академия бойынша үлкен салтанатты кеңес өтуі керек болатын. КСРО ҒА-ның басшысы Вавилов Сəтбаевқа телефон соғып, Қазақстан тарапынан баяндама жасайтын адамды айтуды сұрайды. Қаныш Бекмахановты ұсынады. Жиналыста қағазсыз сөйлеген жас баяндамашыға ғалымдар таң-тамаша болады» [9].

2012 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының (қазіргі Павлодар мемлекеттік университеті) 50 жылдығына орай білім ордасының кітапханасына Ермұхан Бекмахановтың есімі берілді.

Сөз соңы

Əрбір ғалымның тұлғалық қасиеті, зиялылығы — оның мұраларында. Ол дүниеден өтсе де тарихта қалады. Ал тарихта қалатын оның мұраларындағы идея нағыз дарын иелерін тауып, оны ұлт игілігіне сай ізденуге бағыттай түсетіндігі белгілі.

Қазақ тұлғасы Ермұхан Бекмаханұлы қанша қудаланса да, қазақ батырларының қасиеті туралы идеядан қол үзбеді. Оның есімін Одақ ғалымдарына танымал еткен, кейіннен өзін ғана емес, бүкіл қазақ зиялыларын қуғындауға негізгі себептердің бірі болған «ХІХ ғасырдың 20–40-жылдарындағы қазақ тарихы» (1947) атты еңбегі совет өкіметі жылдарында басылым көрмеді. Тек еліміз егемендігін алғаннан кейін барып, орыс жəне қазақ тілдерінде жарық көріп, қалың оқырманның рухани игілігіне айналды [10,11]. Өйткені дарынды ғалымның Кенесары хан бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының тарихын зерттеп, ақиқатты негізде жазып кетуі қазақ тарихының рухын, сол арқылы ұлттың рухын сақтап қалған өте құнды дүние болды.

Ұлттың тарихы мен мəдениеті, руханияты жолындағы қай ғалымның болсадағы міндеті — оның тазалығын сақтап, оның ұрпақ тарапынан əділ бағаның берілуіне мүмкіндік жасау. Бұл бағыттағы ізденуші жас ғалым үшін ең басты міндет — ақиқатқа адал, шындыққа келгенде ұстамды болу. Е.Бекмахановтың ғылыми мұралары бүгінгі біздерге осы қасиетті үйретеді [12; 106].

Бұл жерде қазақ батыры Бауыржан Момышұлының Ермұханды неге ерекше жақсы көрген себептерін атап өткен жөн сияқты [13]:

  1. Ол Абай айтқан ақыл, қайрат, жүрек үшеуін бірдей ұстап халқымызды шын сүйе білді, оның отына күйе білді. Сүю аз, оны əркім-ақ бастан кешіреді. Ең киыны — халық қайғысының отына күйе білу...
  1. Екінші жақсы көрген жəне жақсы көретін себебім, Москваның атақты, үлкен тарихшы ғалымдары оны шын пейілімен құрметтеп сыйлайтын, онымен ашық пікірлесіп сырласатын, санасатын. Бұл — үлкен жеңіс. Мен оның сыртынан да жылы лебіз білдірген туысқан республикалар тарихшыларын талай кездестірдім.
  2. Ермұханды үшінші жақсы көрген жəне жақсы көретін себебім, басына ашылмас қайғының қара бұлты қат-қабат төнгенде де халқымыздың болашағынан үміт үзген жоқ.

Сөз соңында айтарымыз, бүгінде елінің елдік намысын көтеріп, отаршылдарға қарсы ту көтеріп шыққан ардагер азаматтың есімін білмейтін, оның елі үшін жасаған рухани ерліктерін мақтан тұтпайтын қазақ жоқ. Ермұхан Бекмұхановтың мұралары əлі де талай талант иелерінің  ғылым жолына түсіп, қоғамға адал қызмет ететін, кейінгі уақытқа мол дүние қалдыруына жетекші болып отыратындығы ақиқат.

 

 Əдебиеттер тізімі

  1. Лұқпан Е. Азамат жолы // Орталық Қазақстан. — 2005. — 9 сəуір. — 5-б.
  2. Сəрсеке М. Ермұхан Бекмаханов. Ғұмырнама. — Астана: Фолиант, 2010. — 672 б.
  3. Жұртбай Т. «Ұраным — Алаш!..» (Талқы. Үшінші кітап. Түрме əфсанасы) // Жұлдыз. — 2014. — №
  4. Омарбеков Т. Ғалымға ішкі мəдениет, ғылымға өре керек // Қазақ əдебиеті. — — № 29 (2815). — 18 шілде. — 6-б.
  5. Артықбаев Ж.О., Пірманов Ə.Б. Қазақстан тарихы: Энцикл. бас. — Алматы: Атамұра, 2008. — 470-б.
  6. Тəкенов Ə. Тарихшы Ермұхан Бекмаханов (тарихнамалық шолу) / Е.Бекмаханов. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20–40-жылдарында. Оқу құралы. — Алматы: Санат, 1994. — 371–381-б.
  7. Сəрсеке М. Ел тарихы: тартқан тауқымет // Егемен Қазақстан. — 2012. — 19 мамыр. 7-б.
  8. Ысқақұлы Д. Зобалаң, немесе қапасқа қамалған рух // Егемен Қазақстан. — 2011. — 4 тамыз. — 5-б.
  9. Қазақ халқының тарихи тұлғалары: қысқаша анықтамалық. — Алматы: Өнер, 2013. — 2-кіт. — 195,196-б.
  10. Бекмаханов Е. Казахстан в 20–40-е годы ХІХ века: Учебник. — Алма-Ата: Қазақ ун-ті баспасы, 1992. — 400 с.
  11. Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20–40-жылдарында: Оқу құралы. — Алматы: Санат, 1994. — 416 б.
  12. Сəрсембин Ү. Қазақ ғалымының бейнесі // Ақиқат. — 2014. — № 10. — 104–107-б.
  13. Бекмаханов Е. Жеті томдық шығармалар жинағы. — 7–т. (Естеліктер). — Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2005. — 21-б.

 

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.