Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Алаш арыстары идеясы — ЕСЕП партиясын құру

Кез келген өркениетті ел өз тарихының тамырын тереңнен іздестіреді. Тарихының бастауын ежелгі дəуірлерден тартқан мемлекет мызғымас саяси-идеологиялық сана қалыптастыра алатындықтан, онда ұлттық құндылықтар негізінде қоғамдық келісім жəне демократиялық өрлеу, нарық пен ғылым байланыстары дамиды. Сондықтанда ұлттың келешегі мен болашағы үшін өткенге бет бұру, одан сабақ алудың маңыздылығы ешқашан төмендеген емес.

Қазақстан Республикасы тəуелсіздігін жариялағаннан кейін қазақ халқының бұрын «ақтаңдақ» болып келген тарихы қайта жазылып, сан алуан мəселелер заман талабына сай өзінің  ғылыми бағасын беру үрдісі жүргізіліп жатыр. Əсіресе Қазақстанның ортағасырлық, жаңа жəне қазіргі заман тарихында орын алған көптеген мəселелер қайтадан қарастырылып, іргелі еңбектердің зерттеу нысанына алынды.

Қазақстан егемендігін алғанына, ел тəуелсіз болғанына 23 жыл толды. Осыдан жиырма үш жыл бұрын туған балалар — апталдай бозбала мен бойжеткен. Қазақстан Республикасының азаматтары мен  азаматшалары  «тəуелсіздік»  сөзінің  парқына  үңіліп,  таным-түйсігімен  сезіне  алып  жүр   ме?

«Тəуелсіздікке біз қалай жеттік, оған жету жолында нендей əрекеттер, іс-қимылдар жəне кімдер құрбан болды?» деген өзекті сұрақ туындайды. Сондықтанда Қазақстан Республикасында қазіргі таңдағы  ең  өзекті  мəселе  бақытымыз  баянды,  тəуелсіздігіміз  ғұмырлы  болуына  орай,    тарихтан тағылым алған, ұлттық руханият қайнарынан қанып ішкен жас буын-жас ұрпақты тəрбиелеу мəңгілігіміздің мəңгілік мəселесі болып табылады. Бұл ретте тарих тағылымын санада жаңғырта отырып, ұрпақтар сабақтастығын қалпына келтіру үрдісі өзекті сипатқа ие. Ұрпақтар сабақтастығы ең бірінші кезекте кешегі «Алаш» ұранды ұлт зиялыларының қазақ мемлекеттігін қалпына келтірудегі тарихи ерен еңбегін бүгінгі отандық тəлім-тəрбие өзегіне айналдыру деп білеміз. Бізге отаншыл терең білімді зияткер жастар керек. Ал, олардың бойтұмар етіп ұстанар тұлғалары Алаш ұранды арыстар идеясы болса, туған отанымыз — Қазақстанның рухани жəне экономикалық өркендеуі жаңа сапалы өреге шығарына сенімдіміз. Біздер үлгі-өнеге алатын алдыңғы толқын ағалардың  кешегі тоталитарлық жүйе қысымындағы азаматтық ерліктері, елдік жолындағы қызметтері өшпес өнеге.

Мақаламыздың басында қойған сұрағымызға жауап қарастырсақ: «Тəуелсіздік — мемлекеттің өз саясатын өз еркімен жүргізуге қабілеттілігі. Тəуелсіздіктің нышандары ретінде мемлекеттің əлемдік қауымдастық мойындаған аумағының болуы, сол аумақты басқаратын мемлекеттік биліктің болуы, елдікті нақыштаған əнұран, тудың жəне елтаңбаның болуын атауға болады. Саяси тəуелсіздікті экономикалық тəуелсіздікпен ұштастырмайынша, толыққанды тəуелсіздікке жол жоқ», — деген анықтамадан шығатын қорытынды адам баласы бостандықта, ешкімге кіріптар болмай, өз несібесімен, өзіне қолайлы жағдаятын жасап өмір сүру [1]. Ежелгі дəуірдегі Тұмар  ханшайым, Шырақ батыр, атақты Атилладан бастау алатын азаттық жолы əр ғасырда өзінше түрленіп отырды. Тəуелсіздікке жету жолында қаншама бабаларымыз құрбан, егеменді ел боламыз деп жандарын қиды. Азаттық аңсаған, армандап өткен арыстарымыздың саны шексіз. Тарихтан бізге мəлім, Əбілқайыр ханның елшілігі 1731 жылы Ресей империясының патшайымы Анна Иоановнаға бодан болуға келіскені. Осы тарихи құжаттан бастап, ешқашан біреудің кіріптары болып көрмеген қазақ халқына бодандықтың қыл бұрауы мойнына тағылды. Өміріміз жақсылық пен жамандықтан құралғандықтан, əр істің де екі жағы болады. XVIII ғасырда қазақ халқының басына түскен нəубəт кезеңдеріне қысқаша жолу жасасақ, оңтүстік-шығыста «арыстанша ақырған» жоңғарлар, шығыста «аюша ырылдаған» Қытай, оңтүстікте «қасқырша ұлыған» Азия хандықтары, солтүстікте «жолбарысша атылғалы» тұрған Орыс империясы жан-жақтан қысым көрсетті. Халық қамын əріден ойлаған Əбілқайыр хан бастаған Кіші жүз сұлтандары мен жайсаңдары бодан болу арқылы қазақ халқын аман-есен оттан арашалап алып қалу мақсатын ұстанды. Бірақ бодандықтың қамыты мықты байланып, 300 жылға жуық уақыттан кейін күрмеуі шешілді. Егемен, тəуелсіз ел боламыз деп, 300 жылға жуық аралықтың ішінде əр жылда, əр жерде толассыз, тоқтамай ашық та, жасырын да, отаршылдыққа бағытталған көтерілістер болды. Өйткені бұл заңдылық еді, қазақ халқының түп тамырына қарасақ, ен далада еркін өскен, бодан болып көрмеген. XVIII ғасырдың өзінде бодандыққа қарсылықты қазақтың ұлы Абылай ханымыздың қайтсе де елді аман алып қалу саясатынан жəне ғасыр аяғындағы батырымыз Сырым Датұлы көтерілісінен көреміз. XIX ғасырда батырларымыз бен бағландарымыз бодандыққа қарсы атқа мінді. Бəрін айту мүмкін емес, қазақтың соңғы ханы Кенесары хан, Исатай мен Махамбет батырларымыз жəне ғасыр ортасына қарай қарт Жанқожа батырларымыз қарсы көтерілді. XX ғасырда əлем өзгеріп, заманға сай адамдарда өзгерді. Ғасыр басы əлемде қанды қырғын соғыспен басталды. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» демекші, соғыс əсері қазақ халқына да тиді. Майдан даласындағы тыл жұмысына бұратана халықтан 19–43 жас арасындағы ер азамат алына бастады. Құнарлы жерінен, шұрайлы көлінен айырылған қазақ, енді азаматтарынан тірідей айырылуға көнбей, отаршылдыққа қарсы əр жерде көтерілістер басталды. Ірі орталықтары Торғай мен Жетісу болып, басшылары қазақ батырлары Əбдіғаппар Жанбосынов пен Амангелді Имановтар болды. Заманына сай мұздай қаруланған Ресей империясының əскері көтерілісті басып, халықты қырғынға ұшыратты. Осы кезеңде қарудың күшін ғылым мен білім орнын алмастырған қазақ зиялылар шоғыры тарих сахнасына шықты. Əлемдік империалистік мемлекеттердің қулық ойларын алыстан түсінген, зиялы қауым өкілдері қазақ халқын оқу оқып, білім іздеуге, өнер үйренуге бір сөзбен — көкірегі ояу, көзі ашық болуға шақырды. Ұлт зиялылары мұсылманшыл түркі жəдитшілдігімен толық сабақтастық таба білді. Ойларын іске асыру үшін, жеке партия жəне оның өз органы — газет, журналы болды. Əр партияның мүшелері, ұлт зиялылары пікірлері əр түрлі болғанымен, бəрінің алдына қойған көксеген ой — арманы мен мақсаты біреу-ақ — егеменді ел болып, тəуелсіздікке жету. Солардың ішінен айрықша көзге түскені Алаш партиясы болды. «Алаш» партиясы 1917 жылы 21–26 шілдеде Орынбор қаласында Жалпықазақтың съезінде құрылды [2; 999]. «Алаш мұрасы» сериясын жарыққа шығарушы авторлар ұжымы  «Алаш» терминіне: «Алаш (ежелгі түрік сөзі — бауырластар, қандастар, туыстар) — көне заманда, түркі халықтары бөліне қоймаған қауым кезінде дүниеге келген ұғым. Орта ғасырлық жəне одан ерте кезеңдегі деректерде қазақтың өз алдына ел болып хандық құрғанға дейінгі ежелгі тайпалардың ортақ атауы. «Алаш» сөзі қазақ атауының баламасы ретінде берілген. «Атамыз — Алаш, керегеміз — ағаш» деген қазақ халқы ұлттық тəуелсіздік жолындағы күресінде ежелгі «Алаш» ұғымына қайта оралып, оны   бостандық   пен   бірліктің   ұраны   етіп   алды.   Соның   дəлелі   ретінде   «Алаш   қозғалысы»,

«Алашорда», «Алаш» деген ұғымдарды атауға болады. «Алаш азаматы» деу қазақ халқының ауыз бірлігіне, елдің, жердің тұтастығына мегзейді», — деген анықтама береді [3]. Ата-баба арманы үзілмей жеткен Алаш ұранды ел тұтқаларының дала даналарының елдік идеясын ХХ ғасыр басында Алаш қайраткерлері дамытты. Оның да өзіндік заңдылықтары бар, «Мəңгілік ел» идеясы қазақтың киелі жері Алтайда көтерілді. Алаштанудың негізін қалаушылардың бірі, ғалым Мəмбет Қойгелді: «Алаш идеясы бұл қазақ халқының күнделікті тыныс-тіршілігінен бастау алады», деп ой түйіп, Алаш идеясының қайнарын: «Алаш идеясы бұл белгілі бір топтың еркімен өмірге келе салған жасанды, сондықтан да өткінші құбылыс емес. Ол ұлтпен бірге өмір сүретін, ұлт өмірінен тамыр алған құндылықтар жиынтығы, яғни ол қазақ ұлтының түрлі тарихи кезеңдерде өмірлік мүддесін білдіріп отыратын манифест бағдарлама. Алаш идеясын өмірден біржола ығыстырып тастауға көп күш жұмсаған кеңестік билік өмірден кете салысымен Алаш идеясының қайта жаңғырып, жаңадан күш алуы оның өміршеңдік сипатын анықтайды» деген жолдардан тарихи сабақтастықтың үзілмегенін көреміз [4; 4]. Төлепберген Болатбек Алаш идеясын ХХ ғ. басында ту етіп ұстағандар мен жалғастырушылар хақында: «Мұқым Алашқа ұран болған Алаш идеясы — ақыл тоқтатқан аға буынның бастауымен ерте есейген жас ұрпақтың жалғастыруымен тағылымы бүгінге сабақ боларлық салмақты да жасампаз идея», — деп ой қорытады [4; 13, 14].

Алаш партиясының заңды мұрагері, Қазақтың тұңғыш ұлттық мемлекеті 1917 жылы желтоқсанның 5–13 күндері аралығында Орынбор қаласында жалпықазақтың ІІ Съезі Алашорда ұлттық үкіметі құрылып, жабық дауыс беру нəтижесінде Əлихан Бөкейхан — Ұлт  Кеңесінің Төрағасы болып сайланды [2; 329–333]. Осы Алаш партиясы жайында Ханкелді Əбжанов: «Торлаған тұманнан жол таппай тұрған халқын өрге сүйреген күш Алаш қозғалысы еді. Саяси  мəдениеті əлемдік деңгейге көтерілген, кəсіби даярлығы заманының сұранысына сай, адамгершілік-имандық қасиеттері ұлы даланың сан ғасырлық құндылықтарымен суғарылған Ə.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Ж.Ақпаев, М.Шоқай, Б.Қаратаев сынды дүлдүлдер бастапқыда осынау қозғалыстың тұлғалық-интеллектуалдық əлеуетін сомдаса, іле-шала Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, С.Сəдуақасов, М.Əуезов, Ж.Аймауытов, С.Лапин, тағы басқалар əрлендірді. Қ.Кемеңгерұлының 20-шы жылдар басында Ə.Бөкейханды білімімен Еуропаның таңдамалы оқымыстыларына тең түсіп құрдас болған деуінде тарихи шындық бар. Əлекеңдер мен Ахаңдардың сарқытын ішкен М.Əуезов, көзін көрген С.Сейфуллин кейінде бірі əлем əдебиеті классиктері қатарынан орын алса, екіншісі қазақ əдебиетіндегі социалистік реализм тəсілінің негізін қалаушы ретінде тарихқа енді. Біз бұл жерде саяси жəне таптық ұстанымдары əр қилы азаматтарды бір қауымға бекер топтастырып отырған жоқпыз. Əңгіме олардың бəрі ұлтшыл, ұлтжанды, ұлты үшін білімі мен білігін, күш-қуатын жұмсағанында, тіпті құрбандыққа барғанында», — дейді [5]. Осы ойдан түйетініміз, алып орыс империализміне халқымызға тəн батырлық пен ерлікке сай, қазақ ұлтына деген шексіз махаббаттың арқасында қасқайып қарсы шықты. Алаш зиялыларының алдыңғы жəне кейінгі буынының ойлаған ойы, іске асырамын деген армандары үзілмей жеткен тарихи сабақтастық арқылы Қарағандыда «Елін сүйген ерлер партиясы», Батыс Қазақстанда «Қазақ халқын қорғаушылар одағы», Мəскеудегі «Жас тұлпар», Керекудегі «Жас ұлан», Хасен Қожа-Ахмет құрмақ болған «Жас қазақ» секілді ұйымдармен жаңғырып жəне соңғы Желтоқсан көтерілісінің қылмысымен асқақтады.

Алаш идеясы үшін күресті кеңестік билік жағдайында жалғастырған қоғамдық ұйымдар мен жеке азаматтардың қызметі арқасында Тəуелсіздікке жетудің жолдары жатыр. Қазақстан Республикасының мұрағат құжаттарын сараласақ, ХХ ғ. 30-жылдардың аяғы мен ХХ ғ. 90-жыл- дардың аралығында жастардың, соның ішінде жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушыларының Алаш идеясын ту етіп көтеру ниеттерін көреміз. Іс-қимылдарын ресми тіркелмеген саяси-қоғамдық ұйымдар мен топ жəне партиялар құрып мақсаттарын жүзеге асыруға талаптанған. Негізін ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының шығармаларымен танысу арқылы өз бойларына дарытқан. Кеңестік қатал жүйе тұсында оқылуға тыйым салынған ұлт зиялы қауымның шығармаларымен жүздесу сəттерін сыйлаған ұлт болашағын ойлаған оқытушылар қуғын-сүргіннің шет жағасын білсе де жасырын түрде бағыт-бағдарлардың беріп отырғанын көруімізге болады. Сөзіміз   дəйекті   болуы   үшін,    бір   ғана   Қарағанды   өңірінде   ХХ ғ.    40-жылдардың     басында Қарағандыдағы екі жылдық мұғалімдер инсититутына түскен студенттердің «ЕСЕП — Елін сүйген ерлер партиясын» мысал етіп алсақ та жетеді. Дана халқымыз: «Ұстазы жақсының —  ұстамы жақсы», — деп бекер айтпаған. Өзінің ізденімпаздығы жəне ұстазының жеке кітап қорынан Алаш көсемдерінің бұрын көрмеген, оқымаған кітаптарымен танысты. Ол кітаптар Ахмет  Байтұрсыновтың «Маса», «Қырық мысал», Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» жəне Сəбит Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ əдебиеті», 1-бөлім, «Ұлтшылдық дəуірі» («Қазақстан» баспасы, 1932, Қызылорда) латын əрпімен шыққан кітабы. Аталған кітаптарды, оқуға тыйым салынған оқулықтарды студентерге тараттың деген жала Айтбай Нəрешовтың алдынан шығып, азап шеккен азаматтар қатарына қосылды [6; 4]. Осы кітаптарды оқып шыққаннан кейін халықтың нағыз досы Алаш партиясы екеніне толық сенгендері жайында Махмет Темірұлы: «Алдағы уақытта сол Алаш азаматтарының жолын қуып, туған еліміздің азаттығы, бостандығы үшін күресуге бел будық», — дейді [7; 6]. Осыдан шығатын қорытынды, біздің жыл санауымызға дейінгі жəне онан кейінгі уақыт аралығында тарихтың бұрқанған от-дауылдарында жеңін — жастық, етегін төсек етіп, тіршілік етіп келе жатқан халық деген жарықтық тумасында бостандыққа құштар, еркіндікке ғашық. «Еңкейгенге — еңкей, ол əкеңнің құлы емес, шалқайғанға — шалқай, ол құдайдың ұлы емес», — дейтін қазақ халқының даналығында да көшпелі жұрттың көп ғасырлық тəжірбиесінен туындаған əлсізді жəбірлемейтін күштіге көнгісі келмейтін кекесінді ойы тұнып жатқан жоқ па?

1937–1938 жылдары жаппай ұлт зиялыларын репресияға ұшыратқаннан кейін, бір партиялық жүйемен қабаттаса, ұлттық тəуелсіздікті армандаған, ЕСЕП партиясының болғандығын ҚР ҰҚК құжаттарында: «...Искаков и Темиров в период учебы в Нуринской средней школе, а затем в 1940– 1942 годах в Карагандинском учительском институте создали антисоветскую националистическую орзанизацию «ЕСЕП» (партия героев, любяших Родину), которая своей задачей ставила отторжение Казахстана и республики Средней Азии от Советского Союза и создания на их территории буржуазного государства; проводили среди казахской молодежи антисоветскую агитацию, читали контрреволюционную литературу», — деп көрсетіледі [8]. Осы құжаттарды саралап, ЕСЕП партиясы тарихын төрт кезеңде бөліп қарастырғанды жөн деп білеміз:

  • қалыптасу кезеңі — 1940–1942 жылдары;
  • даму кезеңі — 1944–1951 жылдары;
  • шарықтау кезеңі — 1960–1964 жылдары;
  • тарихи сабақтастық кезеңі — тəуелсіздікке қол жеткізу.

Бірінші, қалыптасу кезеңі, 1940–1942 жылдары қайнар көзін Алаш идеясынан  алған, Қарағанды облысы Нұра ауданының Казгородок (қазіргі Кертінді) ауылындағы орта мектепті бітіріп келген бір топ оқушы Қарағандыдағы екі жылдық Мұғалімдер инсититутына түскен студенттерден басталады [6; 6]. Бүркіт Ысқақов ел өмірінің ащы шындықтарын көзімен көріп, көкірегімен ой түйіп жүрген 17 жасар жасөспірім, осы институтта қазақ əдебиетінің аға оқытушысы А.Нəрешевтен тəлім алуы ой өрісінің жетіліп толығуына əкелді. Айтбай Нəрешов басшылығымен құрылған «Жас қалам» үйірмесіне Бүркіт Ысқақов көмекші болды. Үйірмеде жүрген кезінде Алаш қайраткерлерінің, оның ішінде Ахмет Байтұрсыновтың «Маса», «Қырық мысал», Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» жəне Сəбит Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ əдебиеті», 1-бөлім, «Ұлтшылдық дəуірі» («Қазақстан» баспасы, 1932, Қызылорда) латын əрпімен шыққан кітаптарын үйірмеге əкеп бірге талдайтын. Мысалға, Ахмет Байтұрсынұлының:

Қазағым елім

, Қайқайып белің,

Сынуға тұр таянып.

Талауда малың,

Қамауда жаның,

Аш көзіңді, оянып!

Қанған жоқ па əлі ұйқың,

Ұйықтайтын бар не сиқың?! —

деген өлеңдерді оқып халықтың нағыз досы Алаш партиясы сияқты өз еліне қызмет ететін партияның керек екенін түйсінеді. Саналы да арлы жастардың көкейлерінде «біз келешекте не істеуіміз керек?» деген сұрақ мазалайды. Оған жауапты Мағжан Жұмабаевтың:

Кене мен Абылайдың жолын қумай.

Жапанда жайылудың мəні қалай?! —

деген өлең жолдарынан табады. Өздерінің келешекте қазақ халқының азаттығы, тəуелсіздігі үшін күрескен Абылай мен Кене хандардың жолын қууға бел байласады [9]. Суырып салма ақындығы мен қайсарлығын мына естеліктен көреміз: «Тарих сабағының мұғалімі Қабзəкір Байтасов студенттерден карта алдында сабақ сұрайды. Кезек Бүркітке келеді, мұғалім оған күлімдеп: «Сен, шын ақын болсаң, осы картаға қарап тұрып, көп ойланбастан бір ауыз өлең шығарып жіберші», — дейді. Сонда ол қомданған бүркітше ширыға түсті де, көп ойланбастан: «Уа, Азия, ұлысың, Ұлылығың құрысын. Құрысын демей не дейін, Еуропаның құлысың», — дегенде мұғалім де, тыңдап отырған біздер де Бүркіттің ақындық алғырлығына өте риза болып, сүйсініп қалдық», — дейді [10; 34].

ЕСЕП партиясының белді мүшесі Махмет Темірұлы: «1941 жылдың бас кезінде «ЕСЕП» партиясы дүниеге келді», — дейді [10; 36]. Бүркіт Ысқақов (негізін қалаушы), Махмет Теміров (орынбасары), Елеш Бимағанбетов, Дəкен Шалабеков, Аманжол Дүйсенбаев, Əшім Сүлейменов, Жанайдар Əубəкіров — бұлар институтта оқып жүрген студенттер. Ауылдағы пікірлес достары жəне партия мүшелері: Рақыш Бұйрабеков, Кəмəли Рахметов, Қажыкен Тінтаев, Аққошқар Мұқанов, Байдалы Боқаев, Ақаш Мұқанов, Балапан Сəкібаев, Орынбай Сауқанов, Сайдалы Кенжебаев (Мақуов кейіннен). Тарих факультетінің студенттері де пікірлес болған, олар Нұркенов Ахметжан, Сейітов Қайлеш, Аманбаев Мұқаш, Əубəкіров Хайридден. Институтта Бүркітпен жақсы достардың бірі Жаппар Өмірбеков жəне ерекше тілектестері Оңайбек Құдышұлы, Орынбай Айтмағанбетов. Құптаушылар сол кездегі жалғыз Жамбыл атындағы қазақ мектебі оқушылары да болды. Мектепке барып Алаш ақындарының өлеңдерін оқып, жырмен сусындандыратын оқушыларды. Мақсаты — тəуелсіз ел болу, міндеті — жастарды ұлттық рухта тəрбиелеу. Мақсатқа жету үшін, міндетін іске асыру  үшін  өз  бағдарламасы  мен  заңдарын  құрды.  Бағдарламасын  қорытындылап  айтар  болсақ: «отарлық бұғаудан босану; азаттық алу үшін күресу; саяси жағдайды алдын ала бағамдай білген, коммунизмге зор қауіптің төніп келе жатқанын, КСРО талқандалса қолайлы жағдайды пайдалану; жастардың ұлттық ой-санасын ояту; туған халқының мүддесі мен намысы үшін жан аямай күресу; келешекте көздегендері халықтық мемлекет; Қазақстанда тұратын, туып өскен, туған жерін сүйетін халыққа арқа сүйейді; отарлық бұғаудағы халықтармен одақтасу; түбі бір түркі елімен ынтымақтасу; дін Исламды ұстанған халықтармен бірігуге талпыну; коммунистік жүйе құрсауындағы елдерді қолдауға шақыру; «ЕСЕП» партиясының төңірегіне жиналыңдар. Туған жер, туған халқың үшін жан пида!» [11]. Қазақ жастарының санасына осы айтылғандарды сіңдіруге, біріншіден, əкімшіл-əміршіл жүйе кедергі жасаса, екіншіден, империалистік мемлекеттердің əлемді бөлісу саясатынан тұтанған Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы «ЕСЕП»-тің кең таралуына мүмкіндік бермеді.

Екінші даму кезеңі, 1944–1951 жылдары ұлттық тəуелсіздік үшін жүргізілген үгіт-насихат нəтижесіз  болмады.  Оның  дəлелі,  əділетсіз  қоғамға  қарсылық  кейінгі  буыннан  қолдау тапқанын: «1944 жылдың тамыз-қазан айларында өмірге əлі келмеген «Елін сүйген ерлер партиясы» (ЕСЕП) партиясының белсенділері ретінде «Советтік Қарағанды» газетінің қызметкері Бейсембай Жақсылықов,    облыстық    драма    театрында    істейтін    Зейнолла    Əбілдин,    Жамбыл  Рүстемов, «Социалистік Қазақстан» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі Жаппар Өмірбеков Қарағанды облыстық ішкі істер (НКВД), мемлекеттік қауіпсіздік (КГБ) басқармалары тарапынан тұтқындалады», — деп көрсетіледі [12; 411]. Автор Əбдіжаппар Əбдəкімұлы айтқандай, өмірге əлі келмеген  емес,  ұлттық  қауіпсіздік  құжаттарынан  жəне  ЕСЕП  партиясының  құрылу      кезеңінде: «институтта Бүркітпен жақсы достардың бірі Жаппар Өмірбеков» — деген жолдардан көргеніміздей, ЕСЕП партиясының даму кезеңі екенін көреміз. Осы айтылғандарға қосымша, жеке қордағы ҚазКСР Орталық Атқару Халық Комиссарияты Қарағанды облысы, Тельман ауданының халық бөлімінің, Токаревка ауылында 25.09.1944 жылы № 404 анықтамасы құжатында: «Өмірбеков Ж. 15.08.1942– 28.03.1943 жылдар аралығында Ақтөбе орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі, 28.03.1943 жылдан Елтай орта мектебінің директоры, 20.08.1944 жылы жұмысынан басқа жұмысқа  ауысуына байланысты босатылды», — деп нақтылайды. Анықтама айтылған жағдайдың кету себебі, жасөспірім емес жиырма төрт жасқа аяқ басып, ақыл тоқтатқан жас жігіт директорлық қызметінен өзінің көп ұзамай істеп жүрген істерінің əшкереленетінін біліп өз еркімен қызметінен кетуі де мүмкін. Осылай қорытынды жасауымызға, Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан уақытта, мамандардың тапшылығы айқын сезіліп тұрған кезде директорлық қызметтен босату сол мезгілде мүмкін емес болатын. Қазақ КСР Жоғарғы  Соты  24  желтоқсан  1956  жылғы  шығыс  нөмері  —  22/  очзо  н  анықтамасы құжатында:

«Омирбеков Жаппар Ералиевич 04.06.1945 жылы ұлттық Ішкі істер комитетінің қарамағындағы Ерекше мəслихаттың (Особое совещание, қысқаша — ОСО) Қаулысымен сотталған.  ҚазКСР Жоғарғы  Соты  Қылмысты  істер  жөніндегі  Коллегиясының  20  желтоқсан  1956  жылы  əрекетінде қылмыс құрамы болмағандықтан, қозғалған іс қысқарады», — деп  қорытындыланған. 14.04.1993 жəне 30.11.2000 жылғы толықтырулармен «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша Жаппар Өмірбекұлының құқы қалпына келтірілді [13]. Қалған бірге ұсталған азаматтардың тағдыр тəлкегін: Ерекше мəслихаттың Қаулысымен Б.Жақсылықов пен З.Əбілдин РСФСР Қылмыстық кодексі 58-ші бабының 10 жəне 11-ші тармақтарына сəйкес жазаланған. Жазаларын Колыманың Верховянск деген ең суық нүктесінен 120 шақырымда орналасқан Худан Кен барлау басқармасында 50–70 градустық аязға төтеп беріп он жыл өмірлерін еңбек пен түзеу лагерлерінде өткізген», — дейді [12; 411]. Тоталитарлық жүйе құрсауынан ұлттық көзқараспен шыққысы келген ойлы азаматтарды отап отырды.

1950  жылы  26  желтоқсанда  «Правда»  газетінде  Т.Шойынбаев,  Х.Айдарова,  А.Якуниндердің «Қазақстан тарихы мəселелерін марксистік-лениндік тұрғыдан баяндайық» деген мақаласының жариялануы кезекті қуғын-сүргіннің басталуына себеп болды. «ЕСЕП» партиясының мүшелері Алматыда жүрген кездерінде де бастаған істерін тастамай жалғастыруда болады. Аса сақтықпен жастардағы ұлттық рухты дамытуы жайлы: «...Ысқақов пен Теміров Ұлы Отан соғысы біткеннен кейін заңға қарсы қарым-қатынастарын қалпына келтіріп, 1950 жылы Алматы педагогикалық институтының студенттері Қалиев, Азанбаев жəне Аманқұловтарды өз топтарына тартқан», — деп түйінделген [8]. Ұлтжанды азамат Бүркіт Ысқақов өзінің «ЕСЕП» партиясы мүшелерімен ақылдаса келе, Е.Бекмахановты қолдап, Кенесары қозғалысын отаршылдыққа қарсы бағытталған күрес екенін дəлелдеп жауап хатты «Правда» газетінің өзіне жазуға келіседі. Сол кездегі үш адамның бірі МҚҚ- нің астыртын жансыз адамдары болатын. Сондықтан Бүркіт Ысқақов 1951 жылдың 18 қаңтарында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің жауапты хатшысы қызметінде, жұмыста отырған жерінен қауіпсіздік қызметінің адамдары тұтқындайды. Бостандықта қалған «ЕСЕП» партиясы мүшелерін Махмет Теміров, Нарешев Айтбай, Нарешев Рамазан, Қалиев Жакен, Азанбаев Мұстахим, Аманқұлов Адырбектерді бірінен кейін бірін ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері тұтқындайды [8]. Тергеу алты айға созылып, Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмысты істер Жөніндегі Коллегиясының 1951 жылғы 14–15 маусымдағы үкімі бойынша РСФСР Қылмысты істер кодексінің 58–10, 58–11- баптарының 2-тармағымен айыпталып, Бүркіт Ысқақов, Махмет Теміров, Нарешев Айтбай 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға кесіліп, оған қосымша 5 жылға азаматтық құқығынан айырылады. Нарешев Рамазан, Қалиев Жакен, Азанбаев Мұстахим 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға кесіліп, оған қосымша 4 жылға азаматтық құқығынан айырылады. Аманқұлов Адырбек 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға кесіліп, оған қосымша 3 жылға азаматтық құқығынан айырылады [8]. Махмет Теміров пен Нарешев Айтбайды Сиблагқа — Иркутск облысына айдауға жіберсе, қалған бесеуін Бүркіт Ысқақов, Нарешев Рамазан, Қалиев Жакен, Азанбаев Мұстахим, Аманқұлов Адырбектерді 1948 жылы Жезқазған өңірінде, басқармасы Кеңгір елді   мекенінде  құрылған   «Степлаг»  лагерінде   тұтқында   өмірлері   өтті   [10; 88].   Осы жылдары «Үкіметке қарсы үгіт жүргізгендер», «Отанына опасыздық жасағандар» деп аталатын 58 баптың 10– 11 тармағы бойынша немесе «үштіктің» бұйрығымен азапталған тұлғаларымыз қаншама еді. 1956 жылдың атақты, аты шулы ХХ съезд жеке басқа табынуды əшкерелеуі, Коммунистік партияның саясатына оң өзгерістер енгізді, ұлт зиялыларына оң əсерін тигізді. КСРО Жоғарғы Соты Қылмысты істер жөніндегі Коллегиясының 1956 жылғы 17 қарашадағы Қаулысы бойынша Бүркіт Ысқақов бастаған «ЕСЕП» партиясы мүшелері толық ақталып, партиялықтары қалпына келтірілді. 14.04.1993 жылғы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша «ЕСЕП» партиясы мүшелері құқықтары қалпына келтірілген [8].

Үшінші шарықтау кезеңі, 1960–1964 жылдары «ЕСЕП» партиясының идеясы жанданып, жоғары оқу орындарында кеңестік өкіметке қарсы үндеулер мен ұран-парақшалар шыға бастады. Осы жылдардағы қарсылық туралы, мұрағат құжаты № 12-іс айыптау қорытындысының деректерінде, ұйымдастырушылары Зейнолла Игіліков пен Кəмел Жүнісов. Олар 1961 жылдың қаңтарында кездесіп, өздерінің антикеңестік ойларымен бөліседі, олардың ішінде жүргізіліп отырған саясатты, орыс коммунистерінің бел алуы, қазақ тілі мен мəдениетінің жоғалуы жəне т.б. 1961 жылдың наурызында өздерінің ойларын жазбаша түрде жоғары оқу орындарындағы жастарға жеткізуді көздеген. 1961 жылдың сəуір айының екінші жартысында Игіліков жазып, Жүнісов құптап,

«Жас қазақ» атымен редакциялаған. 1961 жылдың 22 сəуірінде Шет аудандық  тұтынушылар одағында хатшы Рымкеш Нұртазинамен жақындықтарын пайдалану арқылы 14 данамен жазу машинкасында жоғарыдағы құжатты көбейткен. 1 Мамырда 10 парақты Ақшатау кентіндегі поштамен  Қазақстанның  түрлі жоғары оқу  орнындарына  жіберген.  Өздері тұратын  Ақсу-Аюлыны біліп қоймас үшін, із адастыру үшін жасаған. Бұл хаттармен Орал жəне Қызылорданың мұғалімдік институттарында, Алматының шаруашылық жəне Киров атындағы Қазақ ұлттық институттарында жоғары оқу орындарының студенттерінің көп бөлігі танысқан. Бірақ 1962 жылдың 10 желтоқсанында Зейнолла Игіліковты, ал 1962 жылдың 17 желтоқсанында Кəмел Жүнісовты тұтқындайды. № 12 — қылмыстық істің айыпталушылары З.Игіліков жəне К.Жүнісов Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 56- бабының 1-тармағы мен 58-бабы бойынша тағылған айыпқа байланысты өздерінің кінəлəрін толық мойындады. Айыптау қорытындысы Қарағанды қаласында 8 наурыз 1963 жыл дайындалды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облыстық басқармасындағы тергеу бөлімінің аға тергеушісі мен Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Қарағанды облыстық басқармасының бастығымен келісілген», қысқаша нұсқасы осындай [14; 160–161]. ЕСЕП партиясының шарықтау кезеңіндегі хаттарды жоғары оқу орнындарына таратуынан барлық қазақ елін қамтуға  тырысқанын көреміз. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы мен өз Ата заңы бола тұра, ұйықтап жатқан қазақ елін жаппай ояту мақсатын сеземіз. Іске байланысты 1963 жылы 18–19 наурызда ашық түрде Қазақ КСР атымен, Қарағанды облыстық соты үкім шығарып, бұйырады: «К.Жүнісов жəне З.Игіліков Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 56-бабының 1-тармағы мен 58-бабы бойынша 3 жылға бас бостандығынан айырылады. Еңбек пен түзеу лагерінде күшейтілген тəртіпте Игіліков Зейнолла, жалпы тəртіпте Жүнісов Кəмел болуы тиіс», — деп бекітіледі. Потьма еңбекпен түзеу лагерінде жазаларын өткереді. Зейнолла Игілікұлы Потьма еңбекпен түзеу лагерінің № 11 лагерлік бөлімшесінен 1965 жылы 10 желтоқсанда босатылады. ҚР Бас Прокуратурасы 07.05.1993 жылғы № 13/396–93 бұйрығымен Жезқазған облысы, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы совхозының тұрғыны Зейнолла Игілікұлының құқы қалпына келтіріледі [14; 162]. Кəмел Жүністегі Тəуелсіздік алғаннан кейін ғана қудалаудан құтылып, құқы қалпына келтірілген [15].

Зейнолла Игілікұлы мен Кəмел Жүністегінің «Жас қазақ» атымен редакциялаған хаттарының əсері Қарағандыдағы жоғары оқу орындарының да студенттерінің арасынан қолдау тапты. Оған мысал ретінде, Қарағанды педагогикалық институты, тарих-филология факультеті, қатысушылар физика-математика факультеті мен нақты ғылымдар факультеттерінің комсомол активтерімен 8 мамыр 1964 жылы өткен жабық комсомол жиналысында қаралған күннің мəселесі студент- комсололдар Омарбеков Мақсым, Сауғабаев Кəрім, Əдікəрімов Совет, Спаин Аманжолдардың жеке істері қаралады. Істі қарау барысында Кəрім Сауғабаевқа: «Жүнісовтың соты болған кезде сіз неге өзгелерден ерекше көп «Тоқтат енді» деп неге айқайға бастың. Бұл жағдайды  сотпен келіскеушілігіңді қалай түсіндіресің?», — деген сұрақтар қойылған. Аманжол Спаинға сөз кезегі берілгенде 1961 жылы бірінші курста оқып жүрген кезде Ақбастаудан хат келгенін айтады. Осы екі мысалды талдағанда ЕСЕП партиясының жастарға жүргізген үгіт-насихатының жемісі жəне жоғары оқу орындарында оқып жүрген жастардың санасына ұлттық рухты себуі нəтижелі болды.  Істің шешімі Мақсым Омарбеков пен Кəрім Сауғабаевты БЛКЖ Одағынан (ВЛКСМ) жəне оқудан шығарылды. 4 курс студенті Əбдікəрімов Советті БЛКЖ Одағынан шығару жəне Спаин Аманжолға жеке ісіне кіргізумен қатаң түрде ескерту берілді. Студенттер Омарбеков Мақсым, Сауғабаев Кəрім соңғы бітіретін курстан 1964 жылы оқудан қуылған, өйткені Елін сүйген ерлер партиясының идеясын жандандырған «Жас қазақ» ұйымын құрған деген айып тағылады [16].

Төртінші тарихи сабақтастық кезеңі — Тəуелсіздікке қол жеткізу. ЕСЕП (Елін сүйген ерлер партиясы) партиясында болған азаматтардың фотосуретері мен құжаттары Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражай экспозициясында ашылған «ХХ ғасырдың 30–50-жылдарындағы Қазақ зиялыларының тағдыры» залына қойылған. Осы ойымызды Махмет Темірұлының сөзімен сабақтастырсақ: «Бірақ еркіндік, дербестік жолындағы ұлы қозғалыс қазақ халқының, хандары мен билерінің, батырлары мен бағландарының ел қорғаған жорықтары мен шайқастарынан, ұлт-азаттық күрестерден, Алаш идеясынан, содан туындаған «ЕСЕП», Мəскеудегі «Жас тұлпар», Керекудегі «Жас ұлан», Хасен Қожа-Ахмет құрмақ болған «Жас қазақ» секілді ұйымдардан, Желтоқсан көтерілісінен тұрмай ма?» [7; 6]. Осы мақаламен айтпақ ойымыз, «ЕСЕП» партиясы сол кезде тəуелсіздігімізді алып бермесе де, қауіпсіздік қызметінен басқа ешқай жерде тіркелмесе де, халық жүрегінен орын алды. Ол тəуелсіздікке жетеміз деген қайсар сенімді одан əрі бекітіп, үзілмеген тарихи сабақтастық арқылы Желтоқсан көтерілісімен ұштасты. Ал, Желтоқсан көтерілісі 70 жыл дүркіреген алып Кеңестер Одағын таратуға алғы шарт жасады.

Мақаламызда айтылған жағдайларды саралай келіп, тəуелсіз елімізде өзекті «Алаштану» мəселесінің шешу жолын қарастырғанда біржақты көзқараспен шындыққа жете алмайсың, объективті бағасын бере алмайсың жəне оның түйінін қарқата алмайсың. Кеңестік кезеңді ұлт тарихында алар орнын Ханкелді Əбжанов: «Большевиктік идея толқынында кеңестік негіздегі қазақ мемлекеті дүниеге келді, аумақтық тұтастыққа қол жеткіздік, республиканың экономикалық, əлеуметтік, мəдени келбеті шырайланды, халықтың интеллектуалдық əлеуеті жаңаша қалыптасты. Ең бастысы — тəуелсіздіктің алғышарттары ХХ ғасыр басында емес, ХХ ғасыр аяғында, яғни социализм қойнауында, пісіп-жетілді. Демек, кеңестік дəуірді жөн-жосықсыз қаралай берудің реті жоқ, сынның шын болғаны жөн», — деп өзінің ойын түйіндеп: «Бірақ тоталитаризмнің қазақ халқы кешірмейтін, ұмытуға жатпайтын, ұрпақтан ұрпаққа аманаттайтын екі қылмысы да бар. Бірі — 1917  жылғы қазанда билікке келгеннен 1991 жылы тарқағанша СОКП үздіксіз жүргізген кеңестік саяси қуғын- сүргін, екіншісі — əр жылдардағы, əсіресе 1931–1932 жылдардағы ашаршылық. Ғылымда тарихпен тəрбиелеу деген қағида бар тəрбиелеумен қоса тарих таразылай да, жазалай да біледі», — деген сөзінен шығатын қорытынды, кеңестік жүйенің билікке келуімен қатар келген қуғын-сүргінді əр жылдардағы шарықтау кезеңдеріне байланысты бөліп қарастыруды қажет ететінін жəне тарихтан тағылым алсақ, болашаққа нық сеніммен қадам басатынымызды көреміз [14; 13–21]. Социализмнің кемелденген шыңына жетеміз деген коммунистік партия мен жеке басқа табынушылықты ҚР Президенті Н.Ə.Назарбаев: «Өтіп бара жатқан ғасырдың тоталитарлық жүйелеріндей жаппай бақылаудың жегіқұрт жүйесін өткен заманның ешқандай перғауыны да, қатыгез əміршісі де жасай алмаған болар», — деп тарих тағылымына бойлата ойлатады [17; 249]. Тоталитарлық жүйе тұсында ұлттық сана, дін мен діл, əлеуметтік құрылым, əлеуметтік түзілім, адамзат қауымдастығының мораль мен этникалық құндылықтары аяусыз ойрандалды. Қазақ халқының сан ғасырлық үзілмей ұрпақтар сабақтастығы арқылы жеткен дəстүрлі билік, рухани мəдениеті, халық ауыз əдебиеті үлгілері, жазба əдебиеті мен шығыс ғұламалары еңбектері жəне т.б. феодалдық мешеулік, «еуропацентристік» көзқарас тұрғысынан сипатталып біржақты баға беріліп, мəдениеті болмаған «жабайыларға» өркениеттің жетістіктерін əкелеміз деген желеумен ұрандатты.

Алаштану — бұл өзіңді тану, өзіңді тану барысында тарихтан тағылым алып, елі мен жерін қорғаған батыр бабалардан тəлім алу. Алаш ұранды азаматтардың ерлік істері мен елдік қасиеттерін бойға сіңіріп, тəуелсіз Қазақ елін көркейтіп, қарыштап дамуына өз үлесін қосу. Алаштану мəселесі тəуелсіздігіміздің тарихы болғандықтан, əр азамат өз жағдайына қарай көмек қолын созса, күрмеуі шешілмей тұрған мəселеге септігі тиер еді.

Төлепберген Болатбек алаштану тақырыбының шешу жолдарына келгенде: «Алаштану мəселесінде кəсіби тарихшылардың жазған еңбектерін қарап шығу мақсатымен кітапханалардағы аталған тақырыптағы кітаптарды іздестірдік. Өкінішке орай, Ұлттық кітапханадан қолданыс аясында ұзақ жылдардан бері жүріп сарғайып, тозығы əбден жеткен алаштанушы, тарихшы-ғалым ағаларымыз, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, марқұм Кеңес Нұрпейісовтың 1995 жылы «Ататек» баспасынан шыққан «Алаш һəм Алашорда» кітабы жəне тарих ғылымдарының докторы, профессор Мəмбет Қойгелдиевтің 1995 жылы «Санат» баспасынан шыққан «Алаш қозғалысы» кітаптарынан басқа аталған тақырыпта жазылған еңбектерді кездестіре алмадық. Тіпті, бұл тың тақырыпқа жаңадан жазылып жатқан дүниелер болмаса, аталған екі кітапты көп данамен қайта бастырып шықса да игілікті іс болар еді ғой», — дейді [4; 13–14]. Демек, алаштың бағытындағы ғылыми ізденістерді заман талабына сай жаңғырту, оны санаға сіңдіру мемлекетіміздің негізгі қызметі болып қалмақ.

Саяси қуғын сүргін құрбандарын жыл бойы естен шығармауымыз, тарихта болған ақтаңдақтарымызды қайта қайталамас үшін кейінгі жас ұрпаққа сабақ болу керек. Өйткені тарихи тұлғалардан сабақ алмай, тарихи тұлғалардың ерен істерін мұрат тұтпай мемлекет басқаруда жəне саясатта үлкен дəрежеге жету мүмкін емес.

Тарихи сананы қайта қалпына келтіру — бұл тек қана өкімет пен атқарушы биліктің ғана емес, Қазақстан Республикасында тұратын барлық халықтар атсалысуы керек. Осы істе «Мəдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жəне қазіргі кезеңде жүзеге асырылып жатқан «Халық тарих толқынында» бағдарламасы игі ықпал жасады. Бұған қоса, «Білім жəне мəдениет» телеарнасында тарих, өлкетану мəселелеріне қатысты жақсы бағдарламалар бар жəне осыған қоса «Алаш» тақырыбына арнайы бағдарлама ұйымдастырылып, ол бағдарламада тарихи сананы ұлы бабаларымыздың Алаш ұранды арыстар идеясы жəне ұлттық рухымен толықтыруымыз қажет жəне керек. Жаһандану заманында ғаламторға сүйенген жастарымыз өсіп келе жатыр, сондықтан да ғаламтордағы ұлттық идеяны насихаттайтын əр түрлі порталдарға мемлекеттік көмек көрсетіліп, олардың ісінің одан ары дамытуларына  мүмкіндік  берілуі  қажет.  Ұлттық  идея  хақында,  ҚР  Президенті      Н.Ə.Назарбаев: «Ұлттық идея идеология жəдігөйлерінің ашқан жаңалығы емес, миллиондаған адамдардың  өздерінің ұлттық міндеттерін түсінуінің жемісі болып табылады», — дейді [17; 237]. Ағымдағы жылы елімізде Алаш қозғалысы мен қазақтың тұңғыш ұлттық үкіметі Алаш Орданың 96 жылдығын жəне Алаш арыстарының атаулы күндері аталып өтілді. Осы мақсатта жасалынған жұмыстарды сараптасақ, істелінген істер саусақпен санарлық. Бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы белгіленген күндерге арнап қана мақалалар бермей, əр санында тарихымызды тереңінен зерттелген мақалалармен қамтыса. Осы айтылғандарды іске асыра білсек, Мəңгілік Қазақ елі тəуелсіздігі баянды болып қалады.

 

 Əдебиеттер тізімі

  1. Айбын. Энциклопедия / Бас ред. Б.Ө.Жақып. — Алматы: Қазақ энцикл. бас ред., 2011. — 725-б.
  2. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы: Көмекші оқу құралы. — Алматы: Санат, 1995. — 368 б.
  3. Алаш. Алашорда. Энциклопедия / Құраст. Ғ.Əнес, С.Смағұлова. — Алматы: Арыс, 2009. — 28,29-б.
  4. Төлепберген Б. Мəңгі жас Алаш идеясы: Публицистикалық зерттеулер мен мақалалар. — Алматы: Алматы баспа үйі, 2008. — 304 б.
  5. Əбжанов Х. Алаш қозғалысындағы ұлттық идея эволюциясы // Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ зиялылары: Алаш қозғалысының 90 жылдығына арналған ғыл.-практ. конф. материалдары. — Қарағанды: Гласир, 2008 — 5-б.
  6. Құдышев О. Азап шеккен азаматтар // Орталық Қазақстан. — 1989. — 12 ақп.
  7. Ержұман С. Алаш идеясы жəне «ЕСЕП» партиясы // Егемен Қазақстан. — 2011. — 23 ақп.
  8. ҚР ҰҚК № 600 іс қорытындысы. — Алматы, 1998. — 11 ақп.
  9. Жағыпар Əділеттің Махмет Темірұлымен сұхбаты // Көбетей. — 2011. — 7 мамыр (жеке мұрағаттан).
  10. Темірұлы М. Арман мен азап: Естелік. — Алматы: Санат, 1998. — 160 б.
  11. Жағыпар Ə.Б. Бүркіт Ысқақов — «ЕСЕП» партиясының негізін қалаушы // «Тұғырлы тəуелсіздік — ғұмырлы ұрпақ кепілі» атты респ. ғыл.-тəж. конф. материалдары. — Жезқазған, 2011. — 86, 87-б.
  12. Əбдəкімұлы Ə. Қазақстан тарихы (ерте дəуірден бүгінге дейін): Оқу құралы. Өңд. толық. 2 бас. — Алматы: «Қазақстан» ЖШС баспа үйі, 2005. — 608 б.
  13. Жағыпар Əділеттің Наргүл Жаппарқызымен сұхбаты. — Алматы, 2012. — 14 шілде (жеке мұрағаттан).
  14. Жағыпар Ə.Б. Зейнолла Игілікұлы — ЕСЕП партиясы негізін жалғастырушы // ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы Қазақстандағы саяси-əлеуметтік ахуал: ашаршылық пен қуғын-сүргін тарихы: Мақалалар жин. — Астана: «Алсем-Астана» баспасы, 2012. — 240 б.
  15. Жағыпар Əділеттің Кəмел Жүністегімен сұхбаты. — Ақсу Аюлы, 2012. — 3 ақп. (жеке мұрағаттан). 16 ҚОММ. — Қ. 538п. — Тіз. 1. — Іс. 18. — П. 66–82.17  Назарбаев Н.Ə. Тарих толқынында. — Алматы: Атамұра, 1999. — 296 б.

 

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.