Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Қадырғали Жалаири — орта ғасырдағы қазақтың ғұлама тарихшысы, белгілі биі жəне мемлекет қайраткері

Кіріспе

Қызыл империяның тұсында орыс тарихшылары шындықты жасырып, тарихымызды бұрмалап көрсетті. Дəл, дұрыс баяндайтын шежірелерді ел көзіне көрсетпей, оқуына мүмкіндік бермей тығып тастады. Тек өз алдымызға егемен ел болғалы бері шындықтың шымылдығы айқара ашылды.

Қазақ халқы мемлекеттік тəуелсіздігінің арқасында өзінің тарихи, рухани жəне мəдени құндылықтарына ие бола бастады. Соңғы жылдары елдің бұрынғы атақты батырларына, ұлы қайраткерлеріне жəне ғалымдарына іздеу салып жатырмыз.

Қазақта ауызша тарихпен бірге жазбаша тарих та болды. Оның негізін салған, ХVІ ғасырда өмір сүріп, түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының сол дəуірдегі ата тарихын хатқа түсіріп, артына өшпес мұра қалдырған тарихшы, ғұлама ғалым Қадырғали би Қосымұлы Жалаири (кейде Жалайыри деп те жазылып жүр).

Тəуелсіздігіміздің арқасында «Қадырғали би Жалайыри» қоры көп жылдан бері дарынды данамыздың еңбектерін жинап, зерттеп, жарыққа шығарды. 2007 жылы Алматыда Х.М.Ғабжалилов басқарған Алаш тарихи-зерттеу орталығынан екі томдық «Жалайыр» деген атпен шыққан еңбекте Қадырғали би туралы өте құнды деректер басылды.

Тағдырдың жазуымен өмірінің көпшілік бөлігі өзге ел, өзге жерде өткенімен  Қадырғали Жалаири өзінің туған елін, халқының мұрат-мақсатын қашанда жадында ұстады. Ол қазақ жұртының тарихын тарқататын, кейінгіге нұсқа болатын «Жамиғ ат-Тауарих» («Жылнамалар жинағы»,    немесе «Шежірелер жинағы») атты кітап жазып қалдырды. Ал белгілі отандық ғалымдар Р.Сыздықова мен М.Қойгелдиев (Қойгелді) кемеңгер тарихшының кітабын жан-жақты зерттеп, «Қадырғали би Қосымұлы жəне оның «Жылнамалар жинағы» атты монографияны жарыққа шығарды. Қадырғали бидің кітабында халқымыздың шығу тарихы ғылыми тұрғыда баяндалған. Өзінің көрген-білгенін, көкейге түйгенін жазып қана қоймаған. Өзінен бұрынғы шығыс елдеріне кеңінен танымал Парсы мемлекетінде министр қызметін атқарған Рашид ад-Дин еңбегінен («Джами ат-Тауарих» атты кітабы) қазаққа қатысты жерлерін аударып, шығармасына арқау еткен.

Рашид ад-Диннің еңбегі екі кітаптан тұрады. Соның бірінші бөлімінің қысқартылған нұсқасын аударып, өз еңбегіне қосқан. «Қадырғали би Қосымұлы жəне оның «Жылнамалар жинағы» атты кітаптың авторларының айтуынша: «Мұнда түркі-монғол тайпаларының Шыңғыс хан империясы құрылғанға дейінгі қоғамдық өмірі, Шыңғыстың тоғызыншы атасы Бұланжардың өмірге келуі жəне оның Шыңғыска дейінгі ұрпақтары жайлы аңыз, Шыңғыстың өмірбаяны жəне оның Газан ханға дейінгі ұрпақтарының тарихы баяндалады. Шыңғыстың яса-заңдарын қосқанда мұнда барлығы 24 дастан берілген.

Аудармада объективті себептерге байланысты орын алған кемшіліктер бар екендігін айта келіп, сонымен бірге оның өн бойынан нағыз жазушылық, аудармашылық таланттың ұшқындарын байқауға да болады. Қадырғали би «Джами ат-Тауарихты» еркін аударып қана қоймай, ұлы шығармада берілген адам, өзен-су, жер аттарына да анықтаулар енгізген, сондай-ақ халық арасында өз заманына дейін сақталып келген деректерге сүйене отырып, ол Рашид ад-Дин еңбегінің қайсыбір детальдарын толықтыра түскен» [1; 35].

Би еңбегінің құндылығы қазақ тарихына тəн ортағасырлық деректердің мол болуымен ерекшеленеді. Сондықтан да орыс тіліне аударушылардың бірі А.А.Ромаскевич Жалаиридің еңбегі туралы кезінде былай деген: «...При установлении чтения собственных имен хулагуидских ханов очень много помог татарский текст «Сборника летописей», изданный И.Н.Березиным» [2; 4]. Ал Шоқан   Уəлиханов   сөзімен   айтсақ:   «Қазақ   тарихына   қатысты   деректердің   молдығы жағынан

«Жылнамалар жинағына» иықтасар ештеңенің жоқтығы күмəн».

Қадырғали би Қосымұлының өмірі туралы мəліметтер

ХV ғасырдың орта кезінде Өзбек хандығынан бөлінген қазақтар ноғайлы-түрікмен секілді тайпалармен бірігіп, өз алдына жеке мемлекет құра бастады. Алғаш бұл бірлікке ертедегі Түрік қағанатының негізін қалаған көне рулар: қаңлы, қыпшақ, үйсін, дулат, қоңырат, албан, суан, жалайыр сияқты тайпалар кірген еді.

Қазақ мемлекетінің құрамына енген жалайыр тайпасы ертеден белгілі. Орта ғасырларда жалайырлар Түрік қағанатының негізін қалауға, кейін Орта Азия мен Персияда жаңа əулеттердің құрылуына ықпалын тигізіп, сол əулеттердің орнығып нығаюында белгілі рөл атқарып отырған. Монғол тарихшысы Саган Сэцэннің (1604–1662) жазбаларына сүйенсек, Шыңғыс ханның заманынан бастап жалайырлар хан ордасына жақын жүріп, ерекше олжаға ие болып отырған [3; 15].

Жалайыр руы, негізінен, төрт тармақ ретінде, Шу, Сыр, Ангрен-Шыршық, Қаратал-Жетісу бойында орналасқан.

XVI ғасырда көптеген тарихи еңбек жазған ғұлама ғалым һəм мемлекет қайраткері Қадырғали би Қосымұлы Жалаири осы тарақ таңбалы Жалайыр руынан шыққан. Ол өз руының атын ата тегі етіп алған. Оның есімі мен шығармасы тарихи əдебиеттерде осы күнге дейін түрліше жазылып келген. Мəселен, оның атын бірде Қадырғали, Қыдырғали, Қадыр Əлі, Қадыр Али, Қадырғали бек Хошимұлы десе, бірде өзінің шыққан руының атымен Жалайыри немесе Жалайырлық деп атаған. Сол сияқты оның еңбегі де бірде «Джами ат-Тауарих», бірде «Жами-ат-тауарих», бірде «Жамиғ ат- Тауарих» немесе «Жылнамалар жинағы» деп əр түрлі аталып жүр.

Бізге жеткен деректерден Қадырғалидың əкесінің аты да бірде Қасым, ал енді бірде Хосым, тіпті кейде Қосын, Көшімбек болып та жазылып жүргенін байқаймыз.

«Мұсылман ғалымдары» атты жинақта: «Қадырғали Қосынұлы (Қосымұлы) Жалайыри 1530 жылдары туып, 1605 жылдары шамасында қайтыс болған. Өз өмірі туралы өте аз мəлімет қалдырған. Біздің қолымызда бар деректер бұл құрметті адамның өмірін баяндау үшін жеткіліксіз», — деп жазылған [4;87]. Ал «Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық» деген еңбекте мынандай дерек келтірілген: «Қадырғали Жалайыри, Қыдырғали Қосымұлы Жалайыри, (1555–1607) — орта ғасырдағы қазақ халқының ғұлама ғалымы, белгілі биі. Жалайыр тайпасынан шыккан. Жалайыри атануы осыдан. Ата-бабалары Қарахан заманынан бері үздіксіз хан нояндары, уəзірлері, батырлары болып, аталық қызметін атқарған. Əкесі Қосым бек, атасы Темшік батыр атанған» [5; 366].

Қадырғалидың қазақ даласында өткен жастық шағы тарихқа белгісіз. Ол хан ордасының қағазын жазып, жас сұлтандарға тəлім-тəрбие беру ісін басқарған. Ханның қарашысы (ақылшысы, кеңесшісі) ретінде іс атқарған адам. Қадырғалидың ата-бабалары жəне өзі хан ордасына жақын болғандықтан, ол үшін ХV-XVІ ғасырлардағы қазақ хандықтары жайында тарихи шығарма жазу оған онша қиынға түспеген жəне бұл шығармада шындықтың, ақиқаттың көбірек болуына мүмкіншілік туған.

Жалаиридің ауылын қалмақтар шауып, Шығай ханның баласы, Тəуекел ханның інісі əскер басы Ондан сұлтан жау қолынан өлген соң, 13 жасар баласы Оразмұхаммедті (Оразмəмбетті) ертіп, ауыл аймағымен Сібір ханы Көшімнің қол астына көшіп барады. Онда ол төбе би болып сайланады. Өзінің «Жылнамалар жинағында»: «Менің аталарым Оразмұхаммед сұлтанның аталарына қызмет етті. Өзім Оразмұхаммедтің əкесі Ондан сұлтанға қызмет еттім, одан соң Оразмұхаммедтің қасында болдым», — деп жазады [6; 198].

Қадырғали ана тілімен қатар араб, парсы тілдерін жетік игеріп, Шығыстың классикалық озық əдебиеті мен мəдениетін, ғылымын терең білген... «Мен дүние жүзіндегі неше түрлі мемлекеттерді аралаған  əділ  үкім,  нақыл  сөзге  қанық  көптеген  кітаптар  оқыған  адаммын»,  —  деп  жазған    ол «Жылнамалар жинағында». Қадырғалидың ғұлама ғалымдығы мен даналығын бағалаған Көшім хан оны өзінің ақылгөй кеңесшісі еткен [7; 74].

Бұл жерде олар (Қадырғали мен Оразмұхаммед) Көшім, Сейдақ (Сейтек) сұлтандармен бірігіп, Сібірді жаулауға келген Ермак əскерлеріне қарсы күреседі. Бұл күресте, əсіресе, Қадырғали Қосымұлы ерекше тапқырлық көрсетеді [8; 97].

Қадырғали Қосымұлы Сібір князі Сейтектің (Сейдақтың, Сейдектің) де кеңесші биі болған. Кейіннен Көшім ханға қарсы шығып, ол Ораз-Мұхаммедпен бірге Сейтекпен жақындасқан. Сөйтіп, оның мəртебесін көтеріп, беделін арттырған [5; 366].

Орыс жылнамаларында былай деленген: Сейдекке (Сейтекке) «Қазақ ордасының бір ханзадасы (Ораз-Мұхаммед) мен Қараш мырза (бұл арада Қадырғали Жалаири осылай аталып отыр) келгеннен кейін, ол күшті болып алды...» [7; 74].

1580 жылдан бастап Қадырғали Ораз-Мұхаммедтің (Оразмұхаммедтің) қарашысы болады. 1588 жылы Ораз-Мұхаммед екеуі Ертіс бойында «тұйғын салып, аң аулап жүріп», Сібір воеводасы Даниил Чулковтың қолына тұтқынға түседі де, сол жылы аманат ретінде Мəскеуге əкелінеді. Қазақ ханы Тəуекел өз туысы Ораз-Мұхаммедті сұратып, орыс патшасына сан рет елші жібереді. Бірақ орыс патшасы Ораз-Мұхаммед пен Қадырғали Қосымұлын өз еліне қайтармайды. 1588 жылдан 1598 жылға дейін олар Мəскеуде, патша сарайында болады. Оған себеп болған нəрсе тағы да Ораз-Мұхаммед сұлтан. Өйткені, ол Ресей патшасының қарамағына келгеннен кейін шведтерге қарсы, Қырым хандығына қарсы жасалған көптеген жорықтарға қатысады. Осы жорықтарда ерлік көрсетіп, көзге түседі. Соның үшін Ресей патшасы Борис Годунов Оразмұхаммедті Қасым қаласына əмір етіп сайлайды [4; 88].

Ораз-Мұхаммед осы қалада бірнеше жыл хандық құрады. Қ.Жалаири оның төрт уəзірінің бірі етіп тағайындалады. Осы кезде Қадырғали Қосымұлы тікелей ғылыммен шұғылданады.

Жалаири Қасым қаласында 1600 жылы өзінің атақты «Жамиғ ат-Тауарих» («Жылнамалар жинағы») атты шежіре кітабын жазуды бастап, оны 1602 жылы аяқтаған. Шежіре 157 бет, қытай қағазына ұқыптылықпен жазылған. Бұл шығарманың бізге белгілі данасы Қазан университетінің кітапханасында сақтаулы (каталог № 10422). Бізге белгілі бұл дананың өзін  Қадырғали өлгеннен кейін 1641–1642 жылдары аты-жөні белгісіз бір адам көшірген. Осы қолжазбаны Н.И.Ильминский түркі-шағатай (ескі қазақ) тілінен орыс тіліне аударған. Н.Ильминскийдің аударған мəтін басылып шықпаған. Ол текст қазір кайда екені белгісіз. Ал көне текстің тұпнұсқасын 1854 жылы И.Н.Березин өзінің шығармаларының екінші томына енгізіп, факсимилие (фотокөшірме) түрінде басып шығарған [8; 99,100].

Ғалым өз шығармасын Шығыс ғұламаларының дəстүрі бойынша орыс патшасы  Борис Годуновқа арнаған [5; 366]. Алайда ол кітаптың Мəскеу патшалығына берілгендігі жөнінде ешқандай мəлімет жоқ.

Қадырғали Қосымұлы Жалаиридің (Жалайыридың) өмірі туралы қысқаша дерек осы.

Жалаиридің шежіресі — ертедегі қазақ тілінде жазылған тұңғыш тарихи шығарма

Шежіре қазақ тілінде алғаш 1989, одан соң 1991, 1997 жылдары жарық көрді. Сөйтіп, Қадырғали Жалаири шығармасы шым-шырғасы шықпай оқырман қолына тиді.

Жазбаның бас жағы Борис Годунов патшаға мадақ, орта тұсы Рашид-ад-Дин шежіресінің ықшам баяны, аяғы Орыс хан мен Оразмұхаммед аралығындағы оқиғаларды қамтыған Шыңғыс ұрпақтарының тарихы. Жалаири шежіресі Рашид-ад-Дин жазбасының көшірмесі емес. Көлемі шағын, бірақ тың тараулары бар жеке тарихи жазба [5; 248].

Жалаиридің бұл еңбекті жазудағы негізгі мақсаты — өз əміршісі Шыңғысхан ұрпағы — Ондан сұлтанның баласы Оразмұхаммедтің хан тағына лайық екенін дəлелдеу. Екінші бір мақсат: «...Патша Борис Федоровичтің мəңгі əділдігін, ақтығын айту жəне тағы жоғары мəртебелі Оразмұхаммед ханды жоғары мəртебелі патшаның құрметпен хандыққа отырғызғанын көрсету үшін жазылды» (Березин И.Н. Библиотека восточных источников. Тю 1. — Казань, 1854).

Кітаптың негізгі бөлімі XII ғасырдан XVI ғасырға дейінгі қазақ жеріндегі оқиғаға арналған. Автор: «Ертедегі оқиғаларды парсы тіліндегі «Шыңғыс-Зададан» қазақшаға аудардым. Ал одан кейінгі оқиғаларды Аллаһтың қуатының арқасында өзімнің зерттеуімше жаздым» деген. Бұған қарағанда кітаптың бірінші бөліміндегі баяндалған оқиғалар Рашид-ад-Диннің белгілі «Жамиғ ат- Тауарих» атты парсы тіліндегі еңбегінен қазақ тіліне аударылған да, ал екінші бөліміндегі оқиғалар — қазақтың XVI ғасырдағы тарихына байланысты жазған беттері — бірінші қазақ тарихшысының өз қаламынан шыққан. Қазақтың орта ғасырдағы тарихымен шұғылданушылар үшін тың мағлұмат беретін өте бағалы бөлімі — осы Қадырғалидың өзі жинап, өзі зерттеген, көзімен көріп, заманның куəгері болған дəуірі — XVI ғасыр [4; 90, 91].

«Жылнамалар жинағының» екінші бөлімінде:

Ғалым XVI ғасырдың басынан бергі қазақ хандықтарының ішкі, сыртқы жағдайларына тоқталады. Қазақ хандарының саяси-əлеуметтік жағдайы туралы көптеген мағлұмат береді:

а) Орыс хан туралы былай деген: Оны «барлығы аға тұтып, патшалыққа отырғызды. Одан соң Орыс хан Алатау төңірегіне қоныс тепті. Ол жер өте үлкен жəне биік тау еді жəне онда жақсы жайылымдар, сулар мен бұлақтар да көп болған... Отырар, Сайрам шаһарлары... Шу, Талас, Ыстықкөл, Теклік əулəяттары болған. Халқы өте көп, іргелі, мықты, даңқты жəне батыр болған»;

ə) автор бұдан кейін Құйыршық хан, Барақ сұлтан, Кіші Жəнібек, Қасым хан жайында баяндайды. «Оразмұхаммед Орыс ханнан Жəнібек ханға дейін төртінші буын еді» — дейді. «Шығай хан батырлығымен мəлім болды. Оның ұлы Ондан сұлтан ержүрек, батыр, садақ атудың керемет мергені еді. Əрқашан сыртқы жауларға қарсы күресте көп ерлік көрсетті... Ақырында қалмақтармен шайқаста отыз жасқа келген жігіт шағында шаһит болды», — деп жазды;

б) Қадырғали Қосымұлының еңбегі қай сұлтанның, қай ханның, қай жерде шаһит болғанын, жерленгенін көрсетуімен де құнды. Тəуекел ханды «ислам мемлекетінің басшысы» деп атаған. Ондан сұлтан шаһит болғанда Оразмұхаммедтің он үш жаста жетім қалғанын айтады. «Он алты жасында жалпы христиан басшысы Борис Федоровичке қызмет істеуге дайын болды» дейді. (Оразмұхаммед 1610 жылы Лжедмитрий мен Василий Шуйский арасындағы қантөгісте ерлікпен көз жұмған) [9; 76].

Жалаири Шығыс елдеріне, оның шаһарларына шолу жасап, қазақ сахарасын мекендеген Жалайыр, Арғын, Қыпшақ, Қаңлы, Найман, Қоңырат, Алшын секілді т.б. түркі  тайпаларына анықтама береді...

Шығармада қазақ тайпаларының халық болып қалыптасуы, оның тəуелсіздігі үшін жүргізген күресі, халықаралық жағдайы, тағы басқа мəселелер суреттеледі.

Тарихи еңбекте XVI ғасырда қазақ еліндегі рулық, патриархалдық-феодалдық қатынастың қаншама дамығандығы көрсетіледі. Тарихшы ханның төңірегіндегі сұлтандар мен қарашылар, бектер, мырзалар, аталықтар мен данышпандар, хафиздар сияқты түрлі əлеуметтік топтарға тоқталады.

  1. «Шежірелер жинағында» көптеген адам аттары (Жаған бикен, Қанық ханым) кездеседі. Біраз қызық деректер келтіріледі: а) шығыс билеушілерінің жұбайлары мен қыздары «хатун» титулын иемденген туралы: Мунулун хатун (Дутум Мəнəннің əйелі), Томалун хатун (Шыңғыс ханның қызы); ə) бұл лауазымның өзге тілдік нұсқада да қолданылғаны туралы, олар: фужин — қытай сөзі, мағынасы — «əміршінің жұбайы»; Бөрте фужин (Шыңғыс ханның ең бас бəйбішесі); б) сондай-ақ «ақа-аға» сөзі туыстық сөз болуымен қатар, титулды білдіретін сөз ретінде де қолданылғаны туралы: Булад аға, Сүйінчəк аға, Кəлміш ақа. Бұл сөз қазақ хандығында да əскер басшысы деген ұғымға тура келген [3; 16].
  1. Кадырғали өзінің еңбегінде Қамбар сұлтан жөнінде əңгімелей келіп былай дейді: «Қамбар сұлтан өмірінде Қасым ханның тобығында жүрді. Ол ешуақытта хан болуға тырысқан емес. Қамбар сұлтан ылғи сақта болып, əскерді басқарған адам. Оның тұқымдары да хан болған емес». Бұл деректерге қарағанда, қазақтың батырлар жырында көп жырланатын атақты Қамбар батыр — əскери адам, хан əскерінің басы, ол Қазақ хандығының жерін, шебін қорғауға, халқын, ел-жұртын қорғауға бар өмірін сарп еткен адам деп топшылауга негіз бар [8; 103].

Жалаири еңбегінің тарихи ескерткіш болуымен қатар, тіл тарихын зерттеуде де мəні зор екенін көре аламыз. «Жылнамалар жинағының» авторы қазақтың бай тілін жақсы меңгерген. Ол көрген- білгенін шеберлікпен суреттей білген, жақсы сауатты жазушы болған. Сондықтан бұл еңбек тек тарихи мұра ғана емес, сонымен бірге бағалы əдеби шығарма. Бұл еңбек тарихи жəне əдеби ескерткіш болумен қатар, қазақ халқының рухани байлығының ең басты жəне бай саласы — тіл тарихын зерттеуде де мəні зор. Кітапта көптеген жер-су аттары, түрлі мақал-мəтелдер көп кездеседі білген.

Халқымыздың қадірменді ұлы Қадырғали Жалаиридің қаламынан туған көне қазақ тіліндегі тарихи еңбектің қысқаша мазмұны осындай. Біздің ойымызша, бұл еңбекке жəне оның авторына біз тарихи тұрғыдан, атап айтқанда, XVI ғасырдың өлшемімен қарауымыз керек. Ал бұл тұрғыдан алғанда, Қадырғали би Қосымұлының «Жылнамалар жинағының» мəні өте зор.

«Жылнамалар жинағының» ғылыми құндылығын əйгілі ғалымдардың бағалауы

Белгілі ғалымдар Жалаиридің еңбегінің ғылыми құндылығын жоғары бағалап, оны Орта Азия мен Монғолияның көптеген көрнекті тарихшыларымен тең дəрежеде деп санаған. Əсіресе Қадырғали Жалаиридің ғылыми еңбегін атақты орыс ғалымдары, Қазан университетінің профессорлары Н.И.Ильминский, И.Н.Березин, академик В.В.Вельяминов-Зернов жəне Ш.Уəлиханов жоғары бағалаған [10; 99–100].

Қадырғали шығармасымен Ресейде алғаш танысқан ғалымдардың бірі — шығыстанушы, академик X.Д.Френ. Ол шығарманың Тəуекел ханның немере інісі, Қасымов хандығының ханы Онданұлы Оразмұхаммедтің сандығында сақталған Қосымұлының өз қолымен  жазған түпнұсқасымен таныс болған. X.Д.Френ Ибрагим Халфинге Абылғазы еңбегін осы нұсқамен салыстырып оқуға кеңес берген [1; 9].

Жалаиридің тарихи еңбегінің ғалымдар назарына ілінуі ХІХ ғасырда өмір сүрген татар ғалымы Ибрагим Халфиннің есімімен тығыз байланысты. Ол бұл еңбектің бір көшірмесін 1819 жылы Қазан университетінің кітапханасына тапсырған. И.Халфин тапсырған жалғыз көшірме данасын Шығыс қолжазбалар жинағына бастырғанда профессор И.Н.Березин былай деп алғы сөз жазыпты: «Біз шығармаға қандай ат берілгенін білмейміз, бірақ кітаптың негізгі бөлігі Рашид ад-Диннің əйгілі туындысының қысқаша аудармасынан тұрғандықтан, біз оның атын да қолжазбамызға бере аламыз» [11; 60].

Сонымен, бабамыз жазған туындыға құрметпен қарап зерделеген ғалымдар ішінде орыс шығыстанушысы И.Н.Березиннің (1818—1896) орны бөлек. Қадырғалиды татар жылнамашысы дей отырып, ол осы дүниені 1854 жылы «Жамиғ ат-Тауарих» деген атпен жариялаған. Өйткені əуелде қолжазбада шығарма аты көрсетілмеген-ді. Орыс ғалымы шығарманың мазмұнына қарап, бұл дүниенің монғол хандарының уəзірі болған парсы жылнамашысы Фазл Аллаһ Ибн  Əбу-л-Хайр Рашид ад-Дин (1249–1318) қаламынан туған «Жамиғ ат-Тауарихқа» ұқсас болуына орай, Қадырғали шығармасына да сондай ат бере салған.

Қ.Жалаиридің «Жамиғ ат-тауарихының» негізгі тарауларын алғаш орысшаға аударып, оған түсінік берген ғұлама ғалым Шоқан Уəлиханов. Аса көрнекті ағартушы: «Күмəн жоқ,  қазақтар туралы ең алғаш дерек Березин бастырып шығарған «Жылнамалар жинағында» кездеседі («Жылнамалар жинағы» (Жалаири). Шығыс тарихшыларының кітапханасы. Издание профессора И.Н.Березина, т. II, ч. I, Казань, 1854). Осы басылым қазақтардың өткені туралы ең құнды, алғаш жазба ескерткіш. Мұнда нақты тарихи деректер аз болғанымен, қазақ хандары мен сұлтандарының ата тегі бар.... Қазіргі қолда бар деректерді, ел аузындағы аңыздармен, ноғайлармен қарым-қатынас жайлы орыстың елшілік актыларды Жалаиридің «Жамиғат-ат-таурихымен» салыстырған жөн.

«Жылнамалар жинағы» Ораз-Мұхаммед Қасым қаласын билеп тұрғанда, һижраның 1000 жылында, Борис Годуновтың патшалығы соңында жазылған. Жылнама авторы Қасым қаласы билеушісі Ораз-Мұхаммедпен бірге болған, аты-жөні белгісіз..., бұл жылнама таза араб тілінде жазылған, аударма сөзбен... жəне тілмен, дегенімен, өзбектердікі (XV–XVI ғасырларда қазақтарды өзбек деп те атаған), далалық теңеулер мен мəтелдерге тұнып тұр.

Елден алыстағы қайғы, сағынышын Ораз-Мұхаммедпен бөліскен автор, ханның хатшысы сайланады. Автор былай дейді: «Бұл жылнаманы Борис Годунов патшаның жебеуші, қонақжайлылығы құрметіне арнап жаздым... Кейіннен Қасым қаласының билеушісі болған Ораз- Мұхаммед сұлтан — Ондан сұлтанның баласы, қазақ пен қалмақтардың ханы Тəуекелдің немересі. 1587 жылы Ораз-Мұхаммед жəне Сібір ханының баласы — ханзада Сейтекті Даниил Чулков деген əскер басы тұтқындайды.

«Сібір жылнамаларында» Ораз-Мұхаммедті — ол Қазақ Ордасының ханзадасы, сұлтаны дейді. Сол жылы тұтқындар Москваға жөнелтіледі, Борис патша оларды өте жақсы қабылдап, бірнеше жылдан соң Ораз-Мұхаммедті Қасым қаласының ханы етіп тағайындайды. Жылнама-кітап авторының сөзіне қарағанда, ол Ораз-Мұхаммедтің жерлесі болса керек жəне автордың (тарақ таңбалы) Жалайыр руынан екені айтылады. Борис Федоровичтің ханзадаға деген кішіпейіл ілтипаты мен мейрімі арқасында осы кітап дүниеге келді дейді автор. Автордың өзі туралы осы сөздеріне жүгінсек, оның Ораз-Мұхаммед сұлтанның жерлесі, шыққан тегі тарақ таңбалы, ең басты жалайыр руынан екенін білеміз. Жалайырлар қазақтың ең басты руы, Ұлы жүз құрамына кіреді», — деп жазған [12; 122–123].

Шоқаннан кейін Қадырғали Жалаириді еске салған еңбек Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романы болды. Халқымыздың тарихынан ойып орын алуға тиіс Ораз-Мұхаммед сұлтан мен Қадырғали Жалайыр бекті ел-жұртымен қайта табыстырған бұл шығармаға 1984 жылы Мемлекеттік сыйлық берілгені белгілі. Мұхаңның кейінгі «Қазақ тарихының əліппесі» кітабында Қадырғалиға бір тарау арналған [13; 156, 157].

Халқымыздың тарихын жалықпай зерттеп, том-том бағалы кітаптар шығарып,  қазақ өркениетінің өсуіне жойқын ықпал еткен шамшырақтарымыздың бірі жəне бірегейі — академик Əлкей Хақанұлы Марғұлан. Əлекең халқымыздың өркениеттік қалыптасуы мен жетілуін зерттеуде ортағасырлық тарихшылар Мұхаммед Хайдар Дулати мен Қадырғали би Қосымұлының еңбектеріне иек артқан. Əсіресе Əлкей Хақанұлының қазақ тарихына қатысты зор көңіл аударған еңбектерінің бірі — Жалаиридің «Тарих-и Оразмұхаммед» атты еңбегі. Бұл еңбектің дерек көзі ретінде Қазақстанда арнайы талданылуы Ə.Марғұлан есімімен байланысты. «Күміс сандық құпиясы» атты мақаласында («Қазақ тарихы» журналы, 1994, № 4) Ə.Марғұлан Ресей кітап қорларына түскен Оразмұхаммед сұлтанның кітапханасы жөнінде жазып, жалпы қолжазба мəдениетінің ортағасырлық қазақ коғамына да тəн болғандығына тоқталады: «Оразмəмбеттің (Оразмұхаммедтің) кітапханасында сақталған кітаптардың ең бағалысының бірі өзіне дос болған серігі, əрі атақты биі, көркем тілде қазақша жазатын жазушы Қадырғали Жалаиридің шығармасы. Оның кітабы 1598 жылы жазылып біткен, əуелдегі аты қандай екені белгісіз. Жазудың бас-аяғы жоғалып кеткен... Кітапта ол Ресей патшасы Борис Федоровичке зор алғыс айтады... Шоқан оған зор ғылыми мəн беріп, бұл қазақ тілінің жақсы бір мұрасы деп білген. Оның түсіндіруінше: «В отношении сведений о қиргизах самое первое место занимает «Сборник летописей» издания Березина, замечательных тем более, что представляют единственные памятники прошедшей жизни казахов. Он написал в конце царствования Бориса Году- нова... В нем степных уподоблений, поговорок бездна».... Оған бірінші көңіл қойған жазушы Абылғазы. Бұл кісі Қадырғалидың кітабын Есім ханның үйінде қонақ болып Түркістанда жатқанда оқыған болу керек. Есім — Тəуекелдің інісі, Оразмəмбеттің ағасы. Мəскеуден қазақ елшілері алып келген Қадырғалидың кітабы Тəуекелде, Есімде болуы айдан анық. Сондықтан бұл кітапты Абылғазы бір ғана Түркістан қаласында оқиды. Орта Азияда өзге қалаларда бұл кітап болмаған. Ресейде бұл кітапты жақсы білген П.И.Рычков, Н.М.Карамзин оның керек жерін пайдаланып отырған. Абылғазы оқып шыққан бұл кітаптың бір көшірмесін Ибрагим Халфиннің Френге жазуынша 1819 жылы Қазан университетінің кітапханасы сатып алады... Қадырғали араб, парсы, түркі, орыс тілдерін бірдей жақсы білген... Қадырғали Жалайыр тайпасынан шыққан қазақтың бірінші ойшыл ғалымы, жазушысы, өрнек қалдырған мəдениет мұрагері. Өзінің жазуында да Жалайыр тайпасын жоғары көтеріп ардақтаған. «Алаш мыңы арасында ұлығы тарақ тамғалы Жалайыр болған». Оның жазғандарын қазақ жазу мəдениетінің бірінші үлгісі деп тану керек» [9; 76].

Ə.Марғұлан академик Френнің сілтемелеріне сүйене отырып, Оразмұхаммед сандығында сақталып, кейін қолжазба түрінде түрлі кітап қорларына шашырап кеткен шығармалардың тізімін келтірген. Олар «Насап наме», «Дастан Едіге би», «Дастан Айсаұлы Ямет», «Дастан Ақсақ Темір», «Сиыршы», «Дастан Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Тарих-и Рашиди» сияқты т.б. қолжазба кітаптар еді. Əлкей Хақанұлының пікірінше, «мұнда «дастан» деп аталған кітаптар тегісімен Қадырғали Жалаиридің жазғаны сияқты, соның стилине келеді» [14; 18].

1992 жылы Алматыда басылған С.Г.Кляшторный мен Т.И.Сұлтановтың «Казахстан: летопись трех тысячелетий» деген көлемді кітабы тұңғыш Қазақ мемлекетінің (1470–1718) 525 жылдығына арналған. Петербургтік ғалымдар осы кітаптағы тарихи оқиғаларды баяндау үшін Қадырғали би Қосымұлының еңбегіне он шақты рет жүгінген. Мысалы, жерге, таққа таласқан хан-сұлтандардың XV ғасыр басындағы қиян-кескі шайқасының дұрыс көрсетілгенін айта келіп: «В сочинении Кадырали бека говорится, что мангытский бий Кази Навруз сразился с Бараком. Барак хан погиб в этом сражении. Это утверждение Кадырали бека согласуется с рассказом автора «Умдат ат-таварих» ал-Хадж Абдал-Гаффара Кирими», — делінген [15; 209].

Қазақ хандығын күшейтуде айрықша рөл атқарған алғашқы хандарымыздың бірі — Қасымға («Қасым салған қасқа жол») байланысты деректер келтіргенінде де Петербург ғалымдары Шығыстың өзге де жылнамашыларымен бірге Жалаиридің еңбегіне сүйенген. Олар өз шығармаларының 224-ші бетінде мынандай қорытынды жасаған: «Специфику работы исследователя средневековой истории казахского народа во многом определяет в прошлом слабое распространение среди казахов письмен- ности и книжного образования. Единственный известный пока исторический труд, созданный пред- ставителем казахского племени, — сочинение Кадырали бека, сына Хошум бека из племени джалаир, написанное в начале XVII в. и условно названное издателем И.Н.Березиным «Сборник летописей». Сведения Кадырали бека о Казахском ханстве XV-ХVІ вв. основаны на надежных местных источни- ках и могут указывать на существование в казахском обществе если не собственной письменной тра- диции, то живого интереса к генеалогиям и вопросам политической истории» [15; 224].

Соңғы жылдары қазақ ғалымдары мен жазушыларының күш салуы арқасында Жалаири еңбегі өз халқымыздың алтын қазынасына айналғанын айта кеткен жөн. Белгілі шежіреші Байұзақ Албани«Тарихи таным» атты кітабында былай дейді: «1600 жылы орыс патшасы Борис Годунов Оразмұхаммедті Қасымов ханы (Қасым патшалығы) етіп тағайындады. Сол кезде Қадырғали Жалайыриға да билік тиіп, 4 уəзірдің бірі болды. Елдің тарихын тереңірек зерттеуіне билігі де ықпал етті. Ол жырақта жүрсе де қазақ хандарының саяси-əлеуметтік жағдайларын, Қазақстанда рулық, патриархалдық-феодалдық қатынастардың қалыптасуы, хан төңірегіндегі сұлтандар мен қарашалар, бектер мен хафиздер, т.б. жайында деректі мəліметтер жазып қалдырды. Автор жылнамада Шығыс елдеріне, оның шаһарларына шолу жасап, қазақ сахарасын мекендеген жалайыр, арғын, қыпшақ, қаңлы, найман, қоңырат, керейт, алшын, т.б. түркі ру-тайпаларына тарихи анықтама берді. Ол Рашид ад-Диннің парсы тіліндегі «Жамиғ ат-Тауарих» шежіре кітабына сүйене отырып, Шыңғысхан əулеті жəне оның өзі жайында аса мол деректер келтіреді, қазақ хандарының өмірбаянына тоқталады. Онда қазақ жері, оның қалалары, XIII–XVI ғғ. аралығындағы қазақ жеріндегі оқиғалар, қазақ хандықтарының ішкі-сыртқы жағдайлары, əлеуметтік топтар жəне қазақ жерін мекендеген ежелгі рулар бірлестігі жайында деректер бар.

Қ.   Жалаиридің   шежіресі   —   ертедегі   қазақ   тілінде   жазылған   тұңғыш   тарихи   шығарма.

Ш.Уəлиханов бұл кітаптың аңыздан гөрі ақиқаты молырақ деп жазған» [16; 194].

Қадырғали би еңбегін зерттеудегі жасалынған ізденістердің нəтижесін «Қазақстан тарихы» жаңа басылымының бірінші томынан анық байқауға болады: «Өлкенің ортағасырлық тарихын жазу жөнінде Еуразия тарихнамасындағы алғашқы тəжірибелер XVII ғасырда жасалды. Жалайыр тайпасынан шыққан түрік тарихшысы Қадырəлі бек 1602 жылы ауызша айтылып келген тарихи аңыздар мен Рашид ад-Диннің тарихи жинағы негізінде «Оқиғалар жинағы» деген  еңбек құрастырған, онда монғол шапкыншылығынан кейінгі қыпшақ даласында болған оқиғалар суреттеледі» [17; 45].

Соңғы кездері Қадырғали Жалаиридің еңбегін тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Қойгелдиев   арнайы   зерттеп   жүр.   Ғалым   өз   ойын   «Қадырғали   би   Қосымұлы   жəне  оның

«Жылнамалар жинағы» атты монографиясында (Р.Сыздықовамен бірге жазылған) былайша түйіндейді: «Қадырғали би еңбегі — ортағасырлық түркі жазба тарихының дəстүрі арқасында өмірге келген еңбек. Сондай-ақ Қадырғали би — сол тарихи кезеңдегі мəдени дамудың деңгейі  мен сипатына сай жазба тарихпен қатар, жатқа тарих айту дəстүрін де жақсы меңгерген автор. Ал ол өмір сүрген тарихи кезеңде көшпелі түркі қоғамдарында қоғамдық-мəдени құбылыс ретінде ауызша тарих айту дəстүрінің гүлдеу дəуірі еді. «Жинақта» берілген шежірелік материалдар, түркі халықтары арасында кең тараған Едіге жайлы эпостан үзінді, пайдаланылған мақал-мəтелдер  соның айғағы. Міне, осы тұрғыдан алғанда Қадырғали би еңбегі — жазба жəне ауызекі тарих айту дəстүрлерінің өзара ықпалының тамаша көрінісі. Сондықтан да еңбекке белгілі бір тарихи кезеңде қатар даму алған осы екі дəстүрдің бірдей үлгісі ретінде қарау оның деректік сапасын тура бағалауға көмектесері даусыз.

«Жинақтың» астарлы ойы, жазу стилі, көркем тілі оның авторының таланттан құр қол еместігін, заманында қазақ қоғамында белгілі би, халықтың жүріп өткен жолын жақсы білген шежіре адам болғандығын білдіреді. Сондай-ақ Қадырғали бидің өзі өте жақсы меңгерген ана тілі түркіден басқа, парсы тілін біршама жетік, ал араб, орыс тілдерін де білгендігі байқалады. Міне, осы қасиеттер оған тайпалық одақтан халықтық бірлік жолына түскен қазақ қоғамының алғашқы жылнамашыларының бірі болуға көмектесетіндігі сөзсіз. Академик Ə.Марғұланның сөзімен айтсақ, Қадырғали бидің еңбегі — қазақ жазба мəдениетінің алғашқы үлгісі. Оның артында қалдырған мұрасы осындай қорытындыға негіз бола алады» [1; 36].

Жоғарыда келтірілген деректерді қорытындылай келе айтарымыз, соңғы жылдары көптеген зерттеушілердің күш салуы арқасында Қадырғали Жалаиридің еңбегі өз халқымыздың алтын қазынасына айналғанына өте қуаныштымыз. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді», — дейді дана халқымыз. Барды бағалау, қолдағы асылды жоғалтып алмау — ең абыройлы міндет деп санасақ, аталмыш туынды — сол асылдың көзі, алтынның сынығы.

Жалаиридің Қасым қаласындағы зираты туралы деректер

Қадырғали Жалаиридің сүйегі — сонау Мəскеуден 280 шақырым аралықта орналасқан Қасым қаласында. Ол — Ока өзенінің бойындағы, ертеден бар қала. Бұл қала мешеряктар (ел) қаласы деп саналатын. Шығыс халықтары «Кермен» деп кеткен. Бұл — жақсы бекіністі қала. 1265 жылы осы қалада Александр Невский қайтыс болған. Ал, 1471 жылдан бастап Қазаннан барған бір сұлтанның есімімен Қасым қаласы, немесе Қасым хандығы, деп аталып кеткен.

Орыс зерттеушілері Е.В.Михайловский, И.В.Ильенко «Рязань. Касимов» атты кітапта мынадай мəліметтер ұсынады: «Город стоит на левом берегу Оки на высоких холмах, изрезанных оврагами. Река изгибается в этом месте в виде большой петли и имеет ширину около 380 м.

Как выглядел город в XV в., сейчас представить трудно. Но известно, что вокруг его деревянной крепости, ограниченной с севера и юга глубокими оврагами, до сих пор существующими, располага- лись слободы: за южным оврагом на Татарской горе — Татарская, дальше, по направлению к речке Бабенке и старому Городцу, — Пушкарская и с восточной стороны вдоль дороги на Владимир вытя- нулась Ямская. От этого времени в городе сохранилось лишь одно сооружение — толстая круглая башня-минарет, которая была возведена вместе с мечетью вблизи дворца царевича Касима в 1467 г. на Татарской горе. Все постройки, как и минарет, были сложены из известняковых блоков.

Мечеть по указу Петра I в 1702 г. была разобрана, но минарет остался. Долго татарам не давали восстановить ее. Только в 1768 г. после разрешения Екатерины II мечеть стали строить вновь из бе- лого камня на старом основании. Остатки этой древней кладки видны в нижней части ее первого эта- жа; в XIX в. над ней был надстроен из кирпича второй этаж с большими прямоугольными окнами...

Вблизи мечети стоит м а в з о л е й (по-татарски — текие) Шах-Али-хана, построенный в 1555 г. Это небольшое сооружение простой прямоугольной формы с низким белокаменным сводом тоже сложено из блоков известняка...

Третий памятник татарской архитектуры — мавзолей Авган-Мухаммед-султана  построен  в 1649 г. на татарском кладбище, раскинувшемся с южной стороны речки Бабенки, на восточной ок- раине Старого посада, где жило в XVII в. почти только русское население.

В 1622 г. хивинский хан Ильбарс-султан отправил младшего брата Авган-Мухаммед-султана к старшему брату Хабаш-султану, чтобы тот умертвил его. Но Хабаш-султан сжалился над одиннадца- тилетним мальчиком, и Авган-султан тайно был вывезен из Хивы русским послом к московскому царю, где нашел защиту и получил образование. Позже он получил Касимовский удел «в кормление» и до своей смерти служил русскому царю. Умер Авган мухаммед-султан в Москве в 1648 г. Его жена Алтын-ханым перевезла его в Касимов и построила здесь над его могилой мавзолей — небольшое прямоугольное сводчатое здание из кирпича. Оно украшено тесаными деталями и рельефными изразцами, покрытыми желтой, зеленой и коричневой глазурью» [18; 204, 205].

Қасым қаласына баба əруағына тəу етіп барушылар онда мұражай ашылғанын зор қуанышпен хабарлайды. Шығыстанушы, профессор Сайлау Батырашұлы «Қадырғали Жалайыри зираты Ресейдің Рязань облысындағы Қасымов қаласында жатыр» деген мақаласында осы деректі былайша нақтылай түседі: «Осы уақытқа дейін Қадырғали бидің жатқан жері белгісіз болып келді. Соны анықтау үшін 2005 жылы 15–20 қазан күндері халықаралық «Кадырғали би Жалайыри» қоры ұйымдастырған арнайы топ Мəскеуге жəне Ресейдің Рязань облысындағы Қасымов қаласына іссапармен барып қайтты. Топ кұрамында Д.А.Қонаев атындағы университеттің ректоры Өмірəлі Қопабаев, Сыртқы істер министрінің кеңесшісі қызметін атқаратын, осы жолдардың авторы жəне көне қолжазбалар маманы Шафиғи Мақсұт болды.

Арнайы ұйымдастырылған сапардың негізгі мақсаты — XVI ғасырда өмір сүріп, түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының сол дəуірдегі ата тарихын хатқа түсіріп, артына өшпес мұра қалдырған тарихшы, ғұлама Қадырғали би Қосымұлы Жалайыридың (1530–1605) жерленген орнын тауып, анықтау болды. Сонымен бірге Ресейдегі Мəскеу, Рязань мұрағат қорларынан осы тұлғаның өміріне қатысты жəне қалдырған мұрасы жайлы деректер мен мағлұматтарды жинау еді...

XV ғасырда бұл жер Мəскеу князьдігінің құрамына енеді. Мəскеу князі Василий II Қазан ханзадасы Қасымның құрметіне бұл қаланың атын «Касим қаласы» деп өзгертіп, Мəскеу князьдігінің шығыс жақ шетінде, орыс патшасының қолтығының астындағы «Қасым хандығын» құрады. 1471 жылы қала ресми түрде «Касимов» болып аталады. Содан бері де талай замандар өтіп, қала өзгеріп өсіп, Ока өзенінің жоғарғы жағына карай ауысады. Ал ескі қоныстағы («Старый  посад») мұсылмандар зираты сыртта қалады. XX ғасырдың басына дейін осы зиратта көптеген құлпытастардың болғаны туралы жазбалар жəне көзі көрген адамдар бар. Бір деректе 20-жылдары осы құлпытастардың ішіндегі Қадырғали би Жалайридің аты жазылған тасты жергілікті тұрғынның қорасынан көргенін зерттеуші жазған. Бірақ ол тастың кейінгі тағдыры белгісіз.

Бұл зират ұзақ уақыт қоршаусыз, қорғаусыз қалғандықтан, əлгі айтылған құлпытастардың қазір көбісі жоғалып біткен. Кеңес Одағы уақытысында дінмен күресеміз деген сылтаумен Қасым хаңдығындағы мұсылман мешіттері қиратылған. Зираттың үстіне шөп шығып, ол жерлер мал жайылымына айналып кеткен. Дегенмен, бұл орында тарихтың куəсіндей болып белгі қалыпты. Ол — Авган мұхаммед сұлтанның кесенесі. Мұны жергілікті татарлар текие деп атайды екен.

Авган мұхаммед XVII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Хиуа ханы Араб-Мұхаммед ханың баласы. 1621 жылы Хиуада таққа таласу күресінде Араб-Мұхаммед хан жеңіліп, басына ауыр күн туған кезде 11 жасар Авган-сұлтанды орыстың өкілі аманатқа алып кеткен. Ер жеткен Авган- сұлтан Мəскеу патшасына қызмет етеді. Ол 1648 жылы қайтыс болады. Сұлтанның мəйітін əйелі Алтын-ханым Қасымов қаласына алып келіп, жерлейді. Басына қызыл кірпіштен салынған кесене тұрғызады. Сол заманда Ресей аумағында тұратын белгілі мұсылмандар, бектер, сұлтандар о дүниелік болғанда, жерлейтін жері Қасым хандығының орталығы болатын.

Біз көне жазбаларға, архив материалдарына жəне естіп, білген мағлұматтарымызға сүйене отырып, Қадырғали би Қосымұлы Жалайыри осы қорымда жерленгені анық деген байламға келдік. Бұл тұжырымды Рязань облыстық мұрағат директоры Татьяна Синельникова, Қасым хандығын зерттеуші ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Александр Беляков, Қасымов қаласы өлкетану мұражайының директоры Марина Горожанова да мақұлдады. Ендеше, осы жерге белгі тас қоюға тура келді. Бірақ тағы да ойланатын мəселе туды. Сонда ескерткіш тасты зираттың қай жеріне қоямыз? Ақыры құлпытасты кесененің ішіне Авган-сұлтанның жəне 5 ханзадалардың құлпытастары қатарына қойғанымыз жөн болар деген байламға келіп, ұсынысымызды жергілікті билікке жеткіздік. Қала басшылары, мұсылмандар имамы М.Сейфоллаұлы мұны бірауыздан құптады. Олардың айтуынша, ескерткішті жасап қою үшін кемінде жарты айға жуық уақыт керек. Бізде үш тəулік қана уақыт қалған. Сондықтан топ мүшелері олардың бұл ұсыныстарын мақұл көріп, жұмысты тапсырып кетейік деді. Алайда жұмысшыларға артық ақша төлеп, мен күн, түн демей жұмылып, ескерткішті бабамыздың басына қойып, бір-ақ елге қайтамыз деген талап қойдым. Мұны білген Қасымов қаласының Дума депутаты Сергей Васин жəне коммуналдық шаруашылықтың бастығы 20-дан астам инженер, жұмысшы, шеберлері бар құрылыс бригадасын тəулік бойы жұмыс істетті. Тас туралы əңгіме болғанда Алматының мəрмəрі немесі гавр əкеліп қойсақ деген ойда болғанбыз. Сөйтсек, осы жерде Ока өзенінің бойынан бозғылт түсті ақ тасты құрылыс материалы ескерткішке пайдаланады екен. Қалада тас өңдейтін зауыт жəне бірнеше шеберхана бар. Біз де осы тастан ескерткіш жасауды жөн көріп, аталмыш зауытқа барып, үлкен, салмағы жарты тоннадан асатын тасты кестіріп алдық. Оны  кесененің ішіне апарып кіргізіп,  Авган  сұлтанның  құлпытасының  қабырға жақ  қатарына  дəл сондай етіп орнаттық. Ақ тастың бетіне Құран Кəрімнен: «Бисмиллаһи Ар-Рахмани Ар-Рахим» деп жаздық, ал төменірек араб жəне қазақ əрпімен «Қадырғали би Қосымұлы Жалайыри». 1530–1605. Құлпытасты қойған «Қадырғали Жалайыри» қоры. Қазақстан. 20.10.2005» дедік [2; 4].

Сонымен, ұзақ жылдар бойы жүргізілген ізденістердің нəтижесінде Қадырғали Жалаиридің Қасым қаласында жерленгені, қашан жəне қалай қайтыс болғаны белгілі болып отыр.

Түйін

Қадырғали Жалаириден бұрын, бұдан да басқа қазақ тілінде қолжазба кітаптар болды деген тарихи мағлұматтар бар. Бірақ ол ескерткіштер əлі табылған жоқ. Сондықтан да, əзірше қолымызда бар деректерге сүйене отырып, XVI ғасырда таза қазақ тілінде тарихи еңбек жазған Қадырғали Қосымұлын — қазақ тіліндегі жазба шығармалардың бастаушысы деуге болады.

Қадырғалидың тарихи еңбегінің ғылыми жұртшылыққа белгілі болғанына бір ғасырдан артық уақыт өтті. Бірақ оқушылардың көпшілігі күні бүгінге дейін қазақ тіліндегі тұңғыш тарихи шығарма, жазба ескерткішті қалдырған адамның кім екенін, оның еңбегінің халқымыздың мəдени тарихынан алатын орнын жете білмей келді. Тіпті ғылыми жұмыспен шұғылданып, қазақтың тарихы, тілі жəне əдебиетін зерттеп жүрген кейбір оқымыстыларымыздың өздері де бұл авторға жəне оның еңбегіне соңғы уақытқа дейін жеткілікті назар аудармады. Сол себептен де Қадырғали Жалаиридің есімі ұмытылуға тақалып, өзінің тарихта алатын орнына ие бола алмады.

Осы жағдайды ескере отырып, Қадырғали би Қосымұлының «Жамиғ ат-Тауарих» («Шежірелер жинағы») еңбегінің жазылуына 400 жыл толуына орай өткізілген конференцияда қазақтың майталман жазушысы М.Мағауин «Ұлы тарихшы, ұлы қолбасшы» тақырыбына көсіле баяндама жасады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде: «Бүгін Ұлыстың Ұлы күні, қазақ тарихының Ұлы күні, 400 жылдан соң бабамыздың бағалы еңбегімен ұрпағы етене қауышты. Соңғы 40–50 жыл бойында тарихқа, əдебиетке, мəдениетке қатысты көп түсінікті қайта қарау керек деп ұғамын. Айталық, би ұғымы біздің бабамыздың заманында ел билеуші, князь деген мағынаны білдірген. Оның мəнін жойған патшалық өкімет қой. Демек, біздің Қадырғали би бабамыз кезінде Сібір хандығын жайлаған халықтың ішінде ел билеушісі болған. Қадырғали Жалаири — қазақ халқының деңгейін көрсететін биіктік. Оның заманында халықтың санасы да күшті еді. Мен оның есімін Алматыдағы ұлттық кітапханаға беру қажет деп есептеймін», — деген ұсыныс жасады [3; 16].

Келешекте ұлы бабамыз Жалаиридің «Жамиғ ат-Тауарих» еңбегі əлі де толық  зерттеулерді қажет етеді. Өйткені бұл туынды — тұнып тұрған байлық. XIІ ғасырдың басынан бергі қазақ хандығының ішкі-сыртқы жағдайларын зерделей білген Қадырғали бабамыздың есімі алдағы уақытта жарқырата көрсетуге тұрарлық есім.

Сөз соңында айтарымыз, қайткен күнде де Қадырғали би Қосымұлы Жалаири сынды ұлы ғұламаларымыздың бар екенін бағалай білейік, ағайын!

 

 Əдебиеттер тізімі

 

  1. Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали би Қосымұлы жəне оның «Жылнамалар жинағы». — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 1991. — 272 б.
  2. Батырашұлы С. Қадырғали Жалайыри зираты Ресейдің Рязань облысындағы Қасымов қаласында жатыр // Егемен Қазақстан. — 2008. — 22 қаңт. — 4-б.
  3. Алдабергенова М. Қадырғали Жалаири // Парасат. — 2008. — № 2. — 15, 16-б.
  4. Мұсылман ғалымдары / Баспаға əзірл. Д.Тоқмырза. — Алматы: Шапағат-Нұр, 2006. — 104 б.
  5. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2006. — 768 б.
  6. Дербісалиев Ə. Қазақ даласының жұлдыздары (тарихи-филологиялық зерттеу). — Алматы: Рауан, 1995. — 240-б.
  7. Қазақ Совет энциклопедиясы. Т. 7 / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Сов. энцикл. Бас ред., — 648 б.
  8. Ұмытылмас есімдер / Құраст. Б.Ысқақов. — Алматы: Қазақстан, 1994. — 224 б.
  9. Тоғысбайұлы Б. Жылқының жалын, жаудың жағын айырған // Жұлдыз. — 1996. — № 4. — 64–93-б.
  10. Умарова Г.С., Шарабасов С.Ғ. Қазақ əдебиетінің тарихы: Оқулық. — Астана: Фолиант, 2007. — 244 б.
  11. Тоғысбайұлы Б. Тарихтың ашылмаған беттері. — Астана: Елорда, 2001. — 304 б.
  12. Уəлиханов Ш. Таңдамалы. — Алматы: Жазушы, 1985. — 560 б.
  13. Жалайыр Ж.Қ. Қадырғали Жалайыр есімін ұмытпайық // Жұлдыз. — 2001. — № 7. — 156, 157-б.
  14. Қойгелді М. Қазақ тарихына қатысты зерттеулерінде Мұхаммед Хайдар Дулати мен Қадырғали Жалайыридың еңбектеріне сүйенген / Академик Əлкей Марғұлан (1904–1985) // Жұлдыздар отбасы: Аңыз адам. — — № 1(61). — 18-б.
  15. Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: летопись трех тысячелетий. — Алма-Ата: Рауан, 1992. — 379 с.
  16. Албани Б.Қ. Тарихи таным: ежелгі халықтар, тайпалар, рулар, жер жұтқан қалалар. — Алматы: Ататек, — 400 б.
  17. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін): Төрт томдық. — 1-кіт. — Алматы: Атамұра, 1996. — 544 б.
  18. Михайловский Е.В., Ильенко И.В. Рязань. Касимов. — М.: Искусство, 1969. — 240 с.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.