Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Тəуелсіздік — қазақ халқының ұлттық рухының жаңғыруының мүмкіндігі

ХХІ ғасырға Қазақстан тəуелсіз ел болып аттады. Ата-бабаларымыз ұрпақтары үшін жандарын аямай, ұрпағының болашағы үшін қайғыға салынып, бірлігінің, ерлігінің арқасында жауларынан қорғап, ұрпақтарына мұраға қалдырған асты да, үсті де байлыққа толы ұланғайыр жерде Қазақстан Республикасы тəуелсіздіктің көк туын желбіретіп өмір сүріп отыр. Елімізде Асан Қайғы аңсаған «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман орнады. Жер-Ұйық — Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері келісімде, татулықта, бірлікте өмір сүріп отыр. Бұның бəрі қазақ халқының өзінің асқан төзімділігінің жəне сабырлылығының (бұдан қазақ халқы алдына жан салмайды) арқасында елдегі этносаралық та, конфессияаралық та татулықты сақтауға деген ұмтылысынан туындады. Бірлік пен жасампаздықтың 22 жылдық тарихын басымыздан өткіздік. Тек бірліктің мағынасын дұрыс түсінгеніміз жөн. Абай айтпақшы: «Бірлік — ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып, бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы...» [1]. Сондықтан бірлік дегенде ақылға бірлік, ұлттық рухқа, намысқа бірлік, ұлттық танымға бірлік деп түсінгеніміз жөн. Сөзіміз бен ісіміз бір жерден шықпай, қазақтың тарихын, ұлттық болмысын танудағы өлшемдеріміз қазақтық өлшемдерге сай келмей жатса, антұрғандықтың басы осы. Қате өлшем ақиқатқа бастамайтыны белгілі. Жалған сананың құрсауында қалып қойғымыз келмесе, дүниетанымдық өлшемдерімізді өзгертуіміз қажет-ақ. Тəуелсіз жаңа Қазақстанда өмір сүріп отырып, санамыздағы отарлық сана салып берген өлшемдерден арыла алмауымыз тəуелсіздігімізге сын.

Тіпті, тəуелсіздіктің өзі осы өлшемдерден арылуға, өлшемдерді жаңартуға берілген мүмкіндік.

Тəуелсіздік — жаңғыру жəне жаңару мүмкіндігі. Бұны қалай түсінуге болады?

Мүмкіндік — бұл философиялық категориялардың бірі. Мүмкіндік əлі жүзеге аспаған, бірақ жүзеге аса алатын құбылыс. Ол заңды, объективті, қажетті тұрғыда жүзеге асса, шындыққа айналады. Ал жаңғыру болса, бұл — бұрын болған, кейін кейбір жағдайларға байланысты өшкен, жоғалған, ұмытылған дүниелерді қайтадан қалпына келтіру. Жаңғыруды ғылым тілінде «ренессанс» ұғымы арқылы көрсетуге болады. Философ Ғ.Есімнің айтуынша, «ренессанс — өнер, эстетика, философия, мəдениеттану саласында жиі қолданылатын ұғым. Бұл ұғым алғашқы мəнінде Батыс жəне Орталық Еуропаның бірқатар елдерінің ортағасыр мəдениетінен жаңа заман мəдениетіне өту дəуірін сипаттау үшін қолданылғанымен, ол тек Еуропаға қатысты емес, ондай рухани құбылыс өзге аймақтарға да қатысты» [2]. Мəселен, Шығыс ренессансы, мұсылман ренессансы, Қазақ ренессансы. Демек, ренессанс — адамзат баласының тарихында болған істің қайта жаңғыруы. Өткеннің болашаққа керекті құндылықтарын жаңа заманға сай жаңарту, жаңғырту.

Тəуелсіздік — жаңғыру жəне жаңару мүмкіндігі. Бұлай айтуға толықтай негіз бар. Біріншіден, бізде реалды мүмкіндіктерді шындыққа айналдыратын объективті, заңды жағдайлар бар. Ол — тəуелсіздік. Еліміз тəуелсіз екендігі шындық, рас, бұны ешкім де жоққа шығара алмайды. Демек, тəуелсіздік бөгде сана əсерінен өзгеріске түскен төл санамыздың жаңғыруына, жаңаруына  жол ашады. Екіншіден, сан ғасырлар бойы қазақты қазақ қылып əлемге танытқан, адамзат қауымының өзге халықтарынан ерекшелеп, «Қазақ халқы» деген атауды иелендірген, қазақтың тек өзіне ғана тəн қасиеттері, ұлттық құндылықтары, ұлттық дəстүрі, ұлттық мəдениеті, ұлттық санасы, яғни, қазақтың төл сана болмысы, болған. Бірақ бұл төл сана болмысы ресей отаршылығы салдарынан өзгерген, бүлінген. Ал қазір тəуелсіздік жағдайында осы өзгеріске ұшыраған төл болмысымызды жаңғырту мүмкіндігі туып отыр. Сондықтан еліміздің азаматтары ұлттық тəуелсіздікті қазақ  халқының ғасырлар бойғы аңсаған асыл арманы мен мұратын іске асыратын, мүмкіндікті  шындыққа айналдырар сана ретінде қабылдауы қажет.

Бөгде сананың шабуылына ұшыраған төл сананың қайта жаңғырып, жаңаруы тəуелсіздігін енді алған ел үшін үлкен мəселе. Ел тəуелсіздігін алғанымен, оның санасында отарлаушы елдің орнатқан құлдық санасы қалып қоятыны белгілі. Ал елдің құлдық санадан арылмай тұрып толыққанды тəуелсіз болуы екіталай. Тəуелсіз елдің санасы да, рухы да тəуелсіз болуы керек. Елдің шын мəніндегі тəуелсіздігі оның саяси, экономикалық жəне рухани тəуелсіздігінің болмысының қандай екендігімен анықталады. Рухани тəуелсіздік қазаққа отарлаушылардың көзімен, не болмаса отаршылық жасап берген теріс тұжырымдармен жасалынбайды. Рухани тəуелсіз болу үшін қазаққа дұрыс таным-түсінік қалыптастыру керек. «Адам баласының əрекетінен туындайтын жақсылық атаулының бəрі таным- түсініктің дұрыс, ал жамандық атаулының бəрі таным-түсініктің бұрыс болуынан туындайды. Таным- түсінік дұрыс қалыптасу үшін əуелі бұрын болған істің мəнісі, оның пайдасы мен зиянының себеп- салдары ашылып, содан соң енді болатын істің бағыт-бағдарын, оны істеудің неліктен қажетті- қажетсіздігін анықтау шарт» [3], — деген тарихшы Қ.Салғараұлының сөзін ескерсек, егер тəуелсіздігімізді баянды еткіміз келсе, қазақ елін қайтсек мəңгілік еткіміз келсе, еліміздің болашағын ойласақ, тəуелсіздікті жаңғыру жəне жаңару мүмкіндігі ретінде қабылдағымыз келсе, таным- түсініктің дұрыс қалыптасуының қажеттілігін сезінгеніміз жөн. Отарлық сана — əрқашан да елдік санаға қарсы сана, елдік сананы бүлдіруші, қиратушы сана. Сондықтан тəуелсіздік алған ел үшін ең қажетті іс дұрыс таным-түсінік қалыптастыру арқылы елдің санасын жаңғырту, ағарту, заманға сай жаңарту ісі болмақ.

Қазақ елі ресей отаршылығы тұсында экономикалық, саяси, рухани тəуелділікке түсті. Отарлау арқылы келген бөгде сананың (төл санаға қарсы сырттан келген сананың) əсерінен қазақтың төл сана болмысы бұзылды. Ресей отаршылығының зардаптарын айтып тауысу мүмкін емес, себебі отарлық сана қазақ қоғамының барлық саласында өз ізін қалдырған, тамырын жайған. Тəуелсіздік кезінде де бұл жалған санадан арылмауымыздың ең басты себебі қазақтың ұлттық рухының құлдырауынан деп анықтасақ, қателеспейміз. Отарлаушылардың қазақтың ұлттық санасын, болмысын жоюға бағытталған түрлі-түрлі əрекеттері нəтижесінде ұлттық рух та құлдырауға ұшырады. Рухтың тоқырауына əсер еткен бұл əрекеттерді көрсету үшін Т.Ы.Əбжановтың «Қазақ рухының философиясы» оқулығындағы ойларды толықтай келтірейік.

«Біз рух мəселесін көтере отырып, халқымыздың рухының құлдырау кезеңдерін мынадай сатыларға бөлдік:

Бірінші — XVIII ғасырдың басындағы мен ХІХ ғасырлардағы Ресейдің Қазақстанды отарлау саясаты. Бұл қылмыстық əрекет (Ресейге еркімен қосылу деген) жалған атпен жүргізіліп келді. Расында, Ресейдің қазақ жерін отарлауы сол кездердегі алып мемлекеттер Англия мен Америка сияқты елдердің Үнді, Қытай, Африка, тағы да басқа елдердің халқын ашықтан-ашық қырып жою бағындыруынан өзгешелеу сияқты еді. Формасы алдамшы саясатпен бүркемеленген отарлаудың мазмұны біркелкі болды.

Екінші — ХХ ғасырдың басындағы бүкіл дүние жүзін дүр сілкіндірген Ресейде басталған 1917 жылғы Қазан төңкерісі қазақ халқы үшін аса қауіпті, əрі қатерлі кезеңнің басы болды. Əрине, бұған деген көзқарас əр түрлі еді. Алаш Орда басшылары трагедияның басталғанын бірден аңғарса да, көптеген қазақ зиялылары бұл еркіндікке бастайтын жол шығар деген алдамшы ойдың құрсауында қалды.

Үшінші — 1932 жылғы бүкіл Ресейді жайлаған, оның ішінде қазақ халқына азалы жыл болып, 3,5 миллион халқын қолдан жасаған қырғынға ұшырату. Бұл — «Екінші кіші октябрь» революциясының қазақ халқына əкелген трагедиясы еді.

Төртінші — ХХ ғасырдың отызыншы жылдарының аяғына қарай басталған зиялы қауымды қырып жою процесі. Еліміздегі бетке ұстар ғұлама ғалымдар мен ақын-жазушыларды, саяси қайраткерлерді жазықсыздан-жазықсыз қырып-жою кезеңі. Қазақтың рухын енді қайта бас көтере алмайтындай етіп таптап жаныштау тарихта бұрын-соңды болмаған зұлымдық еді.

Бесінші — 40-жылдардың аяғына қарай, қазақ елінде, Абай мен Шəкəрім, Мұхтарлардың кіндік қаны тамған жердің іргесінде атом полигонының ашылуы жəне оның зардабы. Берия, Курчатов, Сахаров, Тихонов, тағы басқаларының қанқұйлы «ғылыми жетістіктері» 500 000 адамның өмірін құрбандыққа шалып, Қазақстан жеріндегі Семей, Өскемен, Павлодар, Қарағанды, Көкшетау    сияқты  облыстардың тұрғындарына жазылмайтын аурулардың түрлерін ала келді. Сондай-ақ Қазақстанда орналасқан 19 астам қауіпті ядролық полигондардың жəне ондағы жарылыстардың қазақ рухына əсер еткені бəрімізге мəлім.

Алтыншы — қазақ рухының дамуына аса қауіпті болған факторлардың бірі — Кеңес үкіметінің Хрущев бастаған Қазақстанда тың жəне тыңайған жерлерді игеру саясаты. Бұл саясат халқымыздың демографиялық жағдайын жасанды түрде түп-тамырымен өзгертуге, қазақтардың санын азайтуға, сол арқылы қазақ тілін жойып жіберіп, мəдениетін өркендетпеуге əкелген процесс еді. Осылардың зардабын əлі күнге дейін бастан кешіріп келеміз» [4].

Қазіргі кезде рухымыздың қайта жаңғырып жатқан жайы бар. Бұған, біріншіден, тəуелсіздікке қол жеткізуіміз себеп болып отыр; екіншіден, халықты рухтандыратын оның жері, елі, тілі, өнері, тағы да басқа этностық қасиеттері жəне аттары аңызға айналған көсемдері, батырлары, билері, жыраулары, ақындарының рухы. Қарға тамырлы қазақтың қалыптасуынан бастап, осы кезге дейінгі тарихын қайта зерделеу, мəдениетін, əдебиетін, данышпан ғұламаларын қайта тану рухтың жаңғыруына əсер етуде.

Бұл істер айтуға жеңіл болғанымен, орындалуына келгенде қиындықтар туындап жатады. Ол қиындықтардың себебі тарихымыз, даналарымыз, жырауларымыз, ақын-жазушыларымыз жайлы танымымыз отарлаушылардың мүддесіне сəйкес, солардың көзімен жазылған. Біздің ел сияқты өзге елдің отарында болған үнді халқының ұлы Дж.Неру «Индияны тану» атты кітабында: «Индияның бүкіл болмысы менің қанымда қайнап тұр, оның бойындағы барлық құбылыстардың барлығы менің жан дүниемді қатты тебірентеді. Сонда да, мен өз еліме, оның бүгініне өзім байқаған өткеннің сарқыншақтарына жаттың көзімен жəне сондай жеккөрінішпен қарадым. Мен өз елімді Батыстың көзқарасы арқылы таныдым жəне кəдімгі достық пейілдегі еуропалық оған қалай қараса, мен де солай қарадым... Өйткені менің елімнің тарихы ағылшындардың көзқарасымен жасалған тарих еді» [5], — деп жазыпты. Шындық осы. Əр отарлаушы ел өзінің боданындағы елдің елдік санасын, ұлттығын, намысын, рухын жоюға мүдделі. Отарлаушылар қазақ тарихын қамтитын гуманитарлық-қоғамдық ғылымдарды еуроцентристік пиғылда түсіндірді. Қазақ халқының ұлт ретінде əлемдік  ғылымға қосқан үлесі жоқ, ғылым-білімге, өнерге «жабайылық» деңгейінде жүрген олар орыс ғылымының арқасында жетті деп, орыстың артықшылығы мен «еңбегі» баса айтылды. Олардың идеологиясына қарсылық тудырмағандары — тарихтың «жағымды кейіпкері», қарсы келгендері «жағымсыз кейіпкері» ретінде көрсетілді. Жастайынан осындай білімнің шəрбатымен сусындап өскен қазақ баласы толысқан шағында сол ілімнің жемісін берді. Өзіміздің төл хакімдерімізді тануда батыстық өлшемдерге салынып алып, олардың шын болмысын анықтауда қателіктерге бой алдыратынымыз да алған біліміміздің жемісі.

Еуроцентризмнің «əмбебап» сана жасаудағы талпынысы нəтижесіз қалмады. Қазақстанда ғылым мен білім батыстық үлгіде дамып отырғаны шын. Ұлттық философияның өзі батыстық үлгідегі парадигмалардан, қағидалардан, категориялардан, заңдардан бас тарта алмай келеді. Жазушы, мəдениеттанушы Мурад Аджи айтқандай, «тюркский (кипчакский) мир удивит свое прошлое и будущее во многом таким, каким покажет его наука вашей свободной страны. Но для этого надо избавиться от колониального комплекса неполноценности, зависимости и страха, который пока очень заметен  в  научной  среде  Казахстана.  К  сожалению,  здесь  идеи  европоцентризма  и    откровенно «западничества» сильнее даже, чем в России» [6]. Еуропалық философиядағы түсініктерді қазақ философиясынан іздеу, мазмұны ұқсас келген ұғымдарды батыстық категорияларға, ағымдарға телу дұрыс емес екенін түсіну керек. Себебі батыстық түсінікте қазақ ұлттық философиясының қыры мен сырын, ерекшелігін ашып көрсету мүмкін емес. Еуропоцентристік көзқарастан арылсақ, өзіміздің Ұлттық философиямызбен-ақ біраз жетістіктерге жетер едік. Шəкəрім Құдайбердінің сөзімен  айтсақ,

«Басқа жұрт қазақты, əсіресе өзіміз — надан, білімсіз, өнерсіз, мəдениетсіз дейміз. Өнерсіз, надан қалғанымыз рас. Бірақ жете тексерсек, біздің де зор білімді адамдарымыз болған. Жер жүзіне жайылған, ғылым іздеп, өмірін сарп еткен бабаларымыз өткен. Əбу Насыр, Əбу Сина, Қорқыт, Ұлықбек, тағы-тағылар түрік қауымынан, бізден шыққан. Тіпті кешегі өткен Əнет Бабаның өзі ғалым-философ адам екен. Соны да тани алмай, баға бере алмай келдік қой. Абайға не қылмадық, не көрсетпедік — қарғадық, сөктік, жала жаптық, ұрдық, соқтық, талас-тартыс, ру партиясын қуумен өттік қой. Нақыл сөздердің иесі, алтын қазынаның қорларын жасаған — Асан, Бұқар, Марқасқа, Өтеген, Үмбетей сияқты дүлдүл, төкпе ақын, жыраулар, осыларды жете ұғынып, түсіне алдық па? Жоқ!» [7]. Төл хакімдерімізді дұрыс тани алмай келеміз. Жоғарыдағы пікірлердің авторы Ш.Құдайбердіұлының өзін əлі күнге ағартушы деп жүргеніміз өтірік емес. Абай Құнанбайұлын да ағартушы қылып алдық. Айта берсек, мысал көп, енді қазақ философиясындағы еуропоцентристік көзқарасты көрсету үшін Асан Қайғыны мысалға алайық.

Қазақтың жерінде алғашқы утопист кім болған десек, бірден ойға Асан Қайғы келеді. Бұл Асан Қайғының шынымен утопист болғандығынан емес, оны еуропоцентристік көзқарастарға сай утопист қылып түсінетіндігімізден. Асан Қайғыны утопист ойшыл деп анықтау шындыққа жанаспайды. Қазақ ойшылдарын түсіну үшін міндетті түрде батыстық өлшемдерге сүйеніп үйренгенбіз. Асан Қайғыны Т.Кампанелла, Т.Мор сияқты утопистермен салыстыру көптеген əдебиеттерде кездеседі. Соның бірі 2010 жылы жарық көрген Серік Мырзалының «Философия» оқулығы. Онда: «Асан Қайғы — қазақ жерінен шыққан алғашқы утопист. Елдің ауыр тұрмысы, табиғат қатаңдығы, оқтың-оқтың болатын жұт, аштық т.с.с. оны қатты күйзелтеді. Табиғатқа қарсы тұру, оны өзгерту керектігі сияқты батыс қоғамдарында пайда болған идеялар көшпенділерге тəн нəрсе емес еді. Сондықтан ұлы жыраудың назары «Жер-Ұйықты» іздеуге бағытталады. Оның суы — сүт, топырағы — май, тасы — алтын, онда халық зардабы, соғыс, тартыс-қырқыс дегендер жоқ, бай да, кедей де жоқ, бəрі де жеткілікті, бəрі де бақытты. Ол мұндай «жұпар қорығын» өмір бойы іздейді» [8]. Қарап отырсақ, Асан Қайғыны утопист қылған оның «Жер-Ұйықты» іздеуі екен. Асанның ойшылдығын, саяси болмысын, елдік, бірлік идеяларын утопистік сарында түсіндіру бір кездері саясатқа тиімді болған. Асан философиясын тануда мұндай өлшемдерді қолдану оның дүниетанымын тар мағынада түсінуге əкеліп соғады.

Асан Қайғы утопист емес, себебі, біріншіден, «утопия» ұғымы «жоқ жер» дегенді білдіреді. Бұл ұғымның пайда болуы Томас Мордың есімімен байланысты. Утопия — Т.Мор ойдан шығарған аралдың атауы, оның қиялының жемісі. Ал Асанның Жер-Ұйығы қиялдың жемісі емес, реалды. Жер- Ұйық — Жер жəне Ұйық (Ұю). Жер-Ұйық — қазақ мемлекетінің алғашқы ұлттық идеясы. Асан Қайғы Жер-Ұйықты қазіргі Қазақстан территориясынан іздейді, халықтың қоныстануына ыңғайлы жер тапсам деп ойлайды. Жердің қасиетін бірден танитын Асан Қайғы əр жерлерге мінездеме береді. Оның Қаратауды, Сайрамды, Сыр бойын, Шуды, Нұраны, Есілдіде, Баян тауын, Шыңғыс тауын, Алатауды, тағы да басқа жерлерді аралап, оларға сипаттама бергенін бəріміз де білеміз. Жер-Ұйықты іздеп жүріп, Жиделі-Байсынды табады. Жиделі-Байсын ғана емес, тіпті, халыққа пана болатын, жері құнарлы, суы тұнық, шөбі шүйгін, жазы жайлы, қысы қолайлы, халқы бірлікте, тыныштықта өмір сүретін кез келген жер Жер-Ұйық болуға лайықты деп айтуымызға болады.

Екіншіден, Мордың утопиясында жеке меншік деген жоқ, ол болмағандықтан, əлеуметтік теңсіздік те жоқ, тапқа бөліну де жоқ, барлық адамдардың тумысынан құқықтары тең. Аралдың тұрғындары «жұмақта» өмір сүреді, болашақтары жарқын. Ал Асан болса, болашақта жұмақ болады деп ешқашан айтпаған. Оны мына өлеңінен аңғаруға болады:

 Мұнан соң қилы-қилы заман болар

Заман азып, заң тозып, жаман болар,

Қарағайдың басына шортан шығып,

Балалардың дəурені тəмам болар.

Ол күнде қарындастан қайыр кетер,

Ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер.

Ұл-қызың орысқа бодан болып,

Қайран ел, есіл жұртым сонда не етер [9].

 Бұдан көретініміз, болашақта жұмақ емес, керісінше, қилы заман орнамақшы. Қилы заманда заман азады, құндылықтар ауысады, қоғамдағы нормалар, заңдар ұмытылып, бұрын істеуге болмайтын, теріс əрекеттер қалыпты құбылысқа айналады. Билік қазақтардың қолынан кетіп, орысқа бодан болады. Бұл Асан Қайғының болашаққа зер салып қарағаннан туған қауіптері. Ол «қилы заман» концепциясы арқылы ұрпақтарына ескерту айтады. Бұнын бəрі қазақ жерінде ресей отаршылығы кезінде толықтай орнады. Асанның айтқаны дəл келді.

Асан Қайғы — нақты тарихи тұлға, ресей отаршылығы болатынын ерте көре білген данышпан, ойшыл, жырау, мемлекет қайраткері. Оның айтқан қилы-қилы замандарынан өтіп, тəуелсіздікке қол жеткізіп, Жер-Ұйық — Қазақстанда бірлік пен бейбітшілікте өмір сүріп отырған  біз, оның ұрпағымыз. Бабаларымыздың дүниетанымын түсінуде қазақтық өлшеммен келу, олардың тарихтағы орындарын дұрыс бағалау — біздің ата-баба алдындағы борышымыз. Борышымызды өтей отырып, қоғамда дұрыс таным-түсінік қалыптастырамыз.

Біздің елде дұрыс таным-түсінік қалыптастыру төңірегіндегі мəселелер жүйелі түрде талданбай келе жатқан сияқты көрінеді. Қазақтың төл сана болмысы, оның тілі, ділі, мəдениеті, дəстүрі жайлы дұрыс таным-түсінік қалыптастыра алмай отырмыз. Бұл мəселелер туралы сөз қозғалса, оны айта- айта жауыры шыққан құр сөз таластыру ретінде қабылданады. Өйткені төл санада, ұлттық дəстүрде тəрбиеленудің, ұлттық құндылықтардан нəр алудың қоғамда қандай маңызы барын түсінбейміз не түсіндіре алмаймыз. Əйтпесе «қазақ халқы жергілікті халық емес», «қазақтар — үстіміздегі ғасырдың (ХХ ғасыр) басында пайда болған. Оларды большевиктер жасанды жолмен жаратқан» [10] (бұл пікірлердің авторы тарихшы Е.Масанов) деген пікірлер тəуелсіз елімізде айтылмас болар еді. Қазақтарды ХХ ғасырда большевиктер жасанды жолмен жаратты деу — тарихи білімсіздік, тарихи қателік. Большевиктердің жаратқаны қазақтар емес, осы күнге дейін тамырын кеңге жайып келе жатқан мəңгүрттік еді.

«Мəңгүрттік», ғылым тілімен айтсақ, маргиналдық. Маргиналдыққа «Мəдени-философиялық сөздікте» мынадай анықтама берілген: «Маргиналдық (лат. marginalis — шет, жиектегі,  шекарадағы) қоғамдағы əр түрлі процестердің нəтижесінде (көші-қон, этномəдени əрекеттестіктер, қоғамдық жүйелердің модернизациялануы жəне т.б.) пайда болатын өзге мəдениет» [11]. Маргиналдыққа тəн қасиет тұлғаның «екі ұдайылануы», оның бағдарларының «мəдениаралық» болуы, төл санаға немқұрайлылық. Маргинал өзінің бойынан не төл мəдениеттің болмысын, не бөгде, яғни сырттан келген мəдениеттің болмысын таппай шатасқан, шекаралық халдегі адам. Мұндай адамдар үшін ұлттық болмыс, ұлттық сана, ұлттық рух, ұлттық дəстүр, ұлттық мақтаныш жəне тағы сол сияқты ұғымдар жат. Олар үшін «ұлттық» деген мəселенің қойылуы да жөнсіз. «Ұлт» ұғымы төңірегінде қөтерілетін сұрақтардың бəрін өткенді аңсаушылық, əсіреұлтшылдық деп қабылдайды. Себебі маргиналда ұлттық намыс, ұлттық мақтаныш жоқ. Ұлттық мақтаныш сезімі əрбір адамда болуға тиісті сезім. Қандай адам болмасын туылғаннан белгілі бір ұлттың өкілі саналады. Кез келген адамның этностық болмысы бар. Этностық болмысты адам өзі таңдап алмайды, ол адам еркінен тыс құбылыс. Қазақ болайыншы, не орыс болайыншы, не қытай болайыншы деп туылмаймыз. Бірақ таңдау болмағанмен де этностық болмысымызды мақтан тұту, егер ұлт өркениет көшіне ілесіп, дамудың даңғыл жолына түссе, ұлты үшін қуану, оған тілектес болу, не ұлттың басына қайғы түссе, қиын-қыстау заман орнаса ұлтымен бірге мұңаю, оның қайғысына ортақтасу есті адамның ісі, азаматтылықтың белгісі. Азаматтылық адамның бойындағы елдік сананың, мемлекеттік сананың көрінуімен айқындалады. Елдің азаматының мойнында екі жауапкершіліктің тоғысуы заңды құбылыс. Біріншісі, ата-бабалар аманаты. Себебі біздің ұлттық негізіміз, ұлттық құндылықтарымыз ата-бабалардан қалған. Аманатқа қиянат жасалмауы тиіс. Құндылықтарды өз бойымыздан табу, сақтау, өзімізбен бірге алып жүру алғашқы жауапкершілік болмақ. Екіншісі, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Болмысымызда сақталынған ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру. Осы жауапкершіліктерді сезінгенде ғана азаматтар елінің дамуына үлес қоса алады. Кез келген азаматтың елінің болашағы туралы ойлануы орынды.

Адам баласы тек бүгінгімен өмір сүрмейді. Оның бүгінгісімен қоса өткені мен болашағы бар. Грек ойшылы Питтак айтпақшы: «Қорқыныш пен үрей болашақта, тыныштық өткенде». Расында да, тыныштық өткенде, себебі өткен белгілі. Өткенге көңілі толушылық не өкініш сезімі  əрдайым болады, бірақ өткенде қорқыныш жоқ. Қорқыныш болашақта, болашақ — белгісіз. Болашақтың негізгі қасиеті — белгісіздік. «Көк тұман алдындағы келер заман», — дейді Абай. Болашақ тұманды. Тұманның ар жағында не бар екені белгісіз. Тұманның соңынан жарқырап күн шығуы да мүмкін, не тұманның соңынан суық жаңбыр жаууы да мүмкін. Елімізде «көпшілігі» айтып жүргендей «жұмақ» орнамауы да мүмкін. Бізге «шегіртке философиясының» қажеті жоқ, бізге қажеті «құмырсқа философиясы» болмақ. «Шегіртке философиясы» — тек бүгінгімен өмір сүру, болашақтың керемет болатындығына сеніп алып, əн айтып, би билеп, тоқмейілсіну. Бұл ұстаным елді өрге, төрге сүйремейді, керісінше, оны көрге сүйрейді. Бізге «құмырсқа» жолын ұстану лазым. Бұл жол — халқымыздың үкілеген үмітін ақтар жол, мүмкіндігімізді шындыққа айналдыратын жол,  ізденіс жолы, еңбек жолы, елдік жолы. Қазақ халқында «қыстың қамын жаз ойла» деген нақыл сөз бар. Яғни қысқа дайындықпен, сақтықпен келу. Құдай сақтансаң сақтайды. Əр нəрсеге  сақтықпен, дайындықпен келсең, қорқыныш та, үрей де сейіледі.

Еліміздің болашаққа қорықпай, үрікпей нық сеніммен аяқ басып аттауы үшін:

  • біріншіден, елде деколонизация, яғни отарсыздану процесін, жүргізу қажет;
  • екіншіден, əлемдегі өркениетті елдердің қатарына жетіп, олармен терезесі тең ел болуымыз үшін өзіміздің төл дүниетанымымызға сəйкес іргетас, негіз қалыптастыру, төл мəдениетімізді жаңғыртуды қолға алуымыз керек. Өркениетті елдердің қатарына жету үшін тек əлеуметтік- экономикалық ахуалдың кемелдігі жеткіліксіз. Еліміздің еңсесін биік, тəуелсіздігін баянды, ұлттығын берік, дəстүрін өміршең қылатын отарлық-бөгде санадан ада мəдени-рухани өзегіміз. Өркениетті елдердің айдынына мəдени-рухани негізсіз түсу теңізде ескексіз қайықпен жүзумен бірдей. ХХ ғасырдың басында қазақ халқының қалпын А.Байтұрсынұлы:

 Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ,

Теңізде жүрміз қалқып кешпесі жоқ.

Жел соқса, құйын қуса жылжи беру,

Болғандай табан тірер ешнəрсе жоқ [12], —

 деп сипаттаған еді. Табан тірейтін мол рухани мұрамыз бола тұра қазіргі  ХХІ ғасырда қазақтың қалпы өзгермеген сияқты. Отарлық санадан айықпай жатып жаһандану үрдісіне түсіп кеткен жайымыз бар;

– үшіншіден, ұлттық рухани құндылықтардан сусындаған адам капиталын қалыптастыру, қазіргі қоғамда қазақтық болмыстағы ұрпақ тəрбиелеу керек. Елдің болашағы — өскелең жас ұрпақ. Əр елдің болашағының баянды, не баянсыз болуы бүгінгі жастар болмысының ертең қалай қалыптасарына байланысты. Жастар болмысын қалыптастыру отбасындағы тəрбиеден басталады. Тəрбие басы — тал бесік. Қазақтың ғұламасы М.Əуезов «Ел боламын десең, бесігінді түзе» демеп пе еді. Бесікті түзеу — ұрпақтардың тарихи сабақтастығы, төл мəдениетті сақтаудың тəсілі. Бесігін түземеген елдің болашағы жоқ. А.Байтұрсынұлы айтпақшы, «Баланы ұлша тəрбиелесең — ұл болмақшы, құлша тəрбиелесең — құл болмақшы». «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, отбасында, балабақшада, мектепте қазақ халқының төл рухани құндылықтары арқылы ұрпақ тəрбиелеп, қазақ тілінде сөйлетудің, ұлттық рухты бойына сіңдірудің қажеттілігін түсінгеніміз жөн.

Бұл іс-шараларды іске асыруға, яғни отарсыздану процесін жүргізуге, ұлттық мəдени-рухани өзегімізді жаңғыртуға, қазақтық болмыстағы ұрпақ тəрбиелеуге тəуелсіздік жол  ашады. Тəуелсіздіктің бағасы да, құны да, маңыздылығы да осы іс-шараларды атқару деңгейіне байланысты анықталуы керек. Себебі тəуелсіздік — жаңғыру жəне жаңару мүмкіндігі.

 

 Əдебиеттер тізімі

  1. Абай. Қара сөздер. — Алматы: Өнер, 2010. — 16-б.
  2. Есім Ғ. Адамзат. — Астана: Фолиант, — 152-б.
  3. Қойшығара Салғараұлы. Ойлан, қазақ! — Астана: Фолиант, 2009. — 142-б.
  4. Əбжанов Т.Ы. Қазақ философиясының рухы. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2003. — 5,6-б.
  5. Тарих. Адамзат ақыл-ойының қазынасы. — 6-т. Əлемдік тарихи ой. — Астана: Фолиант, 2006. — 423-б.
  6. Мурад Аджи. Тенгрианство и основы современной европейской культуры. Культурные контексты Казахстана: история и современность. — Алматы, — С. 12.
  7. Шəкерімұлы А. Менің əкем, халық ұлы — Шəкерім // Жұлдыз. — 1992. — № 11. — 31–32-б.
  8. Мырзалы С. Философия. — Алматы: Бастау, 2010. — 312-б.
  9. Толысбай Кенжалы. Асан Қайғы. — Алматы: Дайк-Пресс, 2006. — 169-б.
  10. Оян, намыс //Қоғамдық-саяси, мəдени-танымдық журнал. — 2010. — № 1. — 4-б.
  11. Мəдени-философиялық энциклопедиялық сөздік. — Алматы: Раритет, —147-б.
  12. Байтұрсынұлы А. Ақ жол. — Алматы: Жалын, 1991. — 214-б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.