Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

1939–1940 жж. кеңес-финлянд соғысы туралы

XIX ғасырдың басында болған орыс-швед соғысының нəтижесінде Финляндия жаулап алынып, 1809 жылдан 1917 жылға дейін Ресейдің құрамында болды. Батыс державаларында аландаушылық тұғызбау үшін Ресей билеушілері Финляндияны автономия ретінде ұстап, оған кейбір кеңшіліктер берді, мысалы, басқару органы Сеймге, аздаған қарулы күштердің қызметіне рұқсат берді, тіпті орыс- финлянд шекарасы белгіленді, ол Ресей астанасы — Петербургтен 32 км жерде өтті. Бірақ Финляндияның билеушісі орыс императоры болып есептелді, ал фин жеріндегі билікті патшаның атынан орыс генерал-губернаторы жүргізді. Əрине, бұл ерекшеліктерге Финляндия Ресейдің құрамында болғанша көп мəн берілмеді, бірақ 1917 ж. Ресейдегі Ақпан жəне Қазан төңкерісінен кейін орыс-финлянд қатынастарында күрделі проблемалар пайда болды.

Қазан төңкерісінің негізінде Ресейде билікке большевиктер келіп, Кеңес үкіметін құра бастаған кезде 1917 жылдың 6 желтоқсанында Финляндия Сеймі өздерінің тəуелсіздігін жариялады. Жаңа ғана билікке келіп жатқан большевиктер үкіметі 1917 жылдың 31 желтоқсанында Финляндияның тəуелсіздігін мойындауға мəжбүр болды [1; 37].

1918 жылдың қаңтар-сəуір айларында Ресей большевиктерінің тікелей көмегімен Финляндияның бір бөлігінде жұмысшылардың революциялық үкіметі құрылды, ол Халық өкілдерінің кеңесі деп аталды. Осы революциялық үкіметпен кеңестік Ресей басшылары 1918 жылдың наурызында ресми шартқа қол қойды, ол бойынша большевиктер үкіметіне пайдалы бірқатар шешімдер қабылданды [2]. Бірақ орыс большевиктерінің Финляндияны кеңестендіру саясаты іске аспай қалды, 1918 жылдың мамыр айында патриоттарға сүйенген финлянд буржуазиялық үкіметі герман əскерлерінің көмегімен елдегі азамат соғысты тоқтатып, билікті өз қолына алды. Осыған байланысты, кеңес-финлянд қатынастардағы проблемалар күрделене түсті, олар əсіресе екі елдің арасындағы шекара мəселесіне байланысты болды.

Кеңестік Ресей мен Финляндия арасындағы шекара жəне басқа мəселелер 1920 жылдың 14 қазанында Тарту (Юрьев) бейбіт шартында өзінің бірқатар шешімін тапқандай болды. Аталған шарт бойынша екі мемлекет арасындағы соғыс жағдайы тоқтатылып шекара мəселелері келіссөздер арқылы шешілетін болды. Кеңестік Ресей Финляндияның тəуелсіздігін мойындай  отырып,  оның 1918 ж. келісімдегі шекарасын өзгеріссіз қалдырды, шарт бойынша Финляндияға Петсамо облысы берілді. Ал Финляндия жағы 1918–1920 жж. өздері басып алған Карелияның Реполо жəне Поросозер волостарын қайтарып, Ино жəне Пумала бекіністерін жоюға келісті. Сонымен қатар екі мемлекет Ладога көлінің аймағында əскери құрлыстарды жəне соғыс-теңіз кемелерін ұстамау туралы шешімге келді. Арнайы келісім бойынша РСФСР құрамында Шығыс-Карел автономиялық облыс құрылатын болды [3; 30].

Осыған қарамастан, кеңестік Ресей мен Финляндия қарым-қатынастарында бір-біріне сенбеушілік анық байқалып тұрды, оның себептері де болды. Мысалы, финдер Ресей құрамындағы Шығыс Карелияны өздерінің территориясы деп есептеді, сонымен қатар Мəскеу басшылығының фин коммунистеріне ашық көмек көрсетуі оның Финляндияны кеңестендіру саясатынан бас тартпағанын анық дəлелдеп отырды.

Аталған мəселелерге қарамастан, екі мемлекет өз қатынастарын бір деңгейде ұстауға тырысты. 1932 жылы КСРО мен Финляндия бір-біріне шабуыл жасаспау жəне жанжалдарды бейбіт түрде шешу туралы шартқа қол қойды. Ол бойынша екі жақ 1920 жылғы шартта бекітілген шекараны мойындау, бір-біріне шабуыл жасаспау туралы келісімге келді, жəне арадағы мəселелерді бейбіт түрде шешу керектігі көрсетілді, ал 1934 жылы бұл шарт 10 жылға ұзартылды [4; 175].

Өзін бейбітшілікті жақтайтын мемлекет ретінде көрсеткісі келген Финляндия 1935 жылы бейтараптылық саясат туралы мəлімдеме жасады, соған қарамастан, Финляндияның Президенті П.Свинхувуд жəне басқа фин басшылары «ең басты қауіп КСРО жағынан болып тұр» деген сөздерін тоқтатқан жоқ [3; 31].

1933 жылы Германияда билікке келген Гитлер жəне оның сыбайластары Финляндиямен тығыз қарым-қатынас орнатуға ерекше мəн берді, соған байланысты екі мемлекет арасында саяси- экономикалық жəне əскери қатынастар кең етек алды. Осыны бақылап отырған КСРО басшылары мен дипломаттары финлянд үкіметінің саясаты алаңдаушылық тұғызады деген мəлімдемелер жасай бастады [4]. Олардың айтуы бойынша, Финляндия Кеңес Одағына шабуыл жасайтын плацдармға айналуы мүмкін деген жорамал жасалды. Ендігі кезде финлянд жағына əр түрлі кінə тағу кеңес дипломаттарының белгілі дəстүріне айналды, соның айғағы ретінде 1935 жылғы 27 ақпанда КСРО Сыртқы істер халық коммиссары М.Литвиновтың: «Финляндия КСРО-ға шабуыл жасауға дайындық жүргізіп жатыр» деген негізсіз мəлімдемесін келтіруге болады [5].

1938 жылы фашистік Германия Австрияны басып алғаннан кейін, КСРО басшылығы ендігі қауіп Германия жағынан болуы мүмкін деген тұжырымға келді. Осыны есептеп отырып, Кеңес Одағы жағы финлянд үкіметіне қатал ескертулер жасай бастады, соның бірінде Германия КСРО-ға Финляндия арқылы шабуыл жасаған жағдайда Қызыл Армия Финляндияға басып кіруі мүмкін деген құпия ескерту еді, бұл, бір жағынан, Финляндияны қорқыту жəне үркіту саясатының анық белгісі болды [6]. Солтүстік-батыста қалыптасқан жағдайды есептей отырып, КСРО үкіметі 1938 жылдың сəуір айында Финляндияға аймақтағы қауіпсіздік мəселесін бірге шешуге дайын екенін білдірді. Осыған байланысты Кеңес Одағы Финляндияға əскери шартқа отыруды ұсынды, бұл шарт Германия фин жеріне басып кірген жағдайда іске асырылатын болды. Сонымен бірге КСРО жағы Германия Финляндияға басып кірсе, бұл мемлекет немістерге қарсылық көрсету туралы міндеттеме алу керектігін дəлелдеп көрсетті. Осымен қатар герман агрессиясына тойтарыс беру үшін Кеңес үкіметі финдердің Готланд (Сур-Сари) аралында əскери базаларын салуға ұсыныс жасады. Бірақ КСРО осындай өзара көмек туралы келісім-шартты ұсынса да Финляндия жағы оны қолдамады, өйткені мұндай қадамдар Финляндияның тəуелсіздігіне қауіп төндіреді деп есептелді [1; 394].

Осыған   қарамастан,   Кеңес   Одағының   басшылығы   жаңа   ұсыныстар   жасады,   1939 ж. 5 наурызында кеңес жағы Фин бұғазындағы Финляндияның төрт аралын жалға беруді сұрады, олардың орнына КСРО Ладоганың солтүстігіндегі жерлерді беруге дайын екенін мəлімдеді. Алайда 1939 жылдың наурыз-сəуір айларында жүргізілген екі ел арасындағы келіссөздер нəтижесіз аяқталды. 1939 жылдың 11 сəуірінде Гитлер «Қарулы күштердің 1939–1940 жылдардағы соғысқа дайындағы» туралы Директиваны бекітті. Ол бойынша герман əскерлері Англия, Францияға қарсы соғысқа, кейін «Шығыс жорығына» бағытталды. Осындай жағдайда Англия, Франция жəне Кеңес Одағы 1939 жылдың сəуірінен бастап Еуропада коллективтік қауіпсіздікті сақтау туралы келіссөздер бастады, олар тамыз айының ортасына дейін жүргізіліп белгілі нəтиже бермеді. Сонымен қатар кеңес-ағылшын-француз дипломаттары Германиямен де жасырын келіссөздерді жүргізген еді. Ең соңында өз пайдасын ойлаған Кеңес Одағы 1939 жылдың 23 тамызында Германиямен шабуыл жасаспау туралы 10 жылдық пактіге қол қойды [7]. Дүние жүзін таңқалдырған бұл шарттың «құпия хаттамасы» болған. Ол бойынша: Эстония, Латвия, Литва, Финляндия, Бессарабия жəне Польшаның Шығыс аймақтары Кеңес Одағының ықпалына көшетін болды. Сөйтіп, осы шарт негізінде КСРО мен Германия Шығыс, Солтүстік-Батыс жəне Оңтүстік-Шығыс Еуропаны өздерінің экспансиялық пиғылдарына қарай бөліске салды [8]. Осыған байланысты кеңес-ағылшын-француз келіссөздері мағынасын жоғалтып тоқтап қалды. Осындай КСРО-ның екіжүзділік саясатына байланысты Еуропадағы коллективтік қауіпсіздік жүйесін құру үшін жүргізілген жұмыстар сəтсіздікке ұшырады. 1939 жылдың 1 қыркүйегінде Германия Польшаға шабуыл бастағаннан кейін, Англия жəне  Франция Германияға соғыс жариялады, осылай Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті [9].

1939 ж. қыркүйек айында Германиямен бірігіп Польшаны талқандаған Кеңес Одағы Украина мен Белоруссияның батыс аймақтарын басып алды. Осыдан кейін КСРО басшылығының назары қайтадан Финляндияға ауды, 1939 жылдың 11 қыркүйегінде Кеңес Одағы Финляндияға Өзара көмек туралы пактіге қол қоюды ұсынды, бірақ Мəскеудегі келіссөздерде фин жағы бұл ұсынысты қабылдаудан бас тартты.

Қалай болса да осы проблеманы тез арада шешкісі келген КСРО басшылығы 14 қырқүйекте Финляндияға қатал талап қойды, ол бойынша Финляндия Ханко түбегін 30 жылға Кеңес Одағына жалға беруі керек болды, сонымен қатар фин жағы КСРО-ға Готланд, Сескар,  Лавансари, Тиуринсари, Бьерке аралдарын жəне шекараға жақын Ленинградтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Карел мойынтығының бір бөлігін беру туралы ұсыныс жасалды. Қосымша талаптар бойынша фин жағы Кеңес Одағына 2761 ш. км аумағы бар Рыбачий жəне Средний түбектерін кеңес терри- ториясындағы аумағы  5523 ш. км  Шығыс  Карелиядағы  жерлерге  айырбастау  керек  болды  [10]. 23 қазанда жіберген өзінің меморандумында Финляндия үкіметі өз шекарасын ішкі жаққа жылжыту жəне өз территориясында шетел əскерлерін орналастыру туралы КСРО-ның ұсыныстарын қабылдамайтыны туралы хабарлады [4; 174].

Өз тəуелсіздігін қорғаған Финляндияға қарсы КСРО басшылығы арандатушылық пен күш көрсету саясатын жүргізе бастады. Осыған дəлел ретінде Хельсинкидегі КСРО өкілі В.В.Деревянконың 1939 жылдың 17 қарашасында В.Молотовқа жіберген құпия  кеңестерінен байқауға болады, онда ол финдерге қысым көрсету үшін кеңес-фин шекарасында жағдайды ұшықтыру, Финляндияға қарсы ақпарат науқанын жүргізу, тіпті екі ел арасындағы шабуыл жасаспау туралы пактіні денонсациялау жəне т.б. ұсыныстар жасайды [11].

Финляндиядағы өз өкілінің кеңестерін КСРО басшылығы қабылдаған болу керек, өйткені кеңес жағының ақпараты 1939 жылдың 26 қарашасында Майнила мекенінің қасында финдер жағы Қызыл Армиясының  позициясын  атқылап,  содан  бірнеше  кеңес  қызыл  əскері  қаза  тапты  деген хабарды тарата бастады. Осыған байланысты КСРО үкіметі Финляндияға наразылық нотасын жолдап, онда финдердің қарулы күштері ішкі жаққа 25–30 км шегіну керек деген қатал талап қойды [12]. Қазіргі уақытқа дейін «Майнила оқиғасын кім ұйымдастырды?» деген сұраққа тарихшылардың басым көпшілігі бұл кеңес жағы ұйымдастырған арандатушылық деп көрсетеді. Дəл осы кезде кеңестік ақпарат құралдары Финляндия жағынан КСРО-ға қауіп төніп келе жатыр деген хабарды көп бере бастады. Ал өнеркəсіп орындарында: «Шабуыл жасаушыларға тойтарыс беру керек», «Финляндияны жазалайтын уақыт жетті» деген ұрандармен көптеген митингтер өткізілді. Бұл шаралар Финляндияға қарсы агрессия ұйымдастырудың саяси-идеологиялық негіздері еді.

1939 жылдың 28 қарашасында КСРО басшылығы Финляндия үкіметіне екі елдің арасындағы шабуыл жасаспау пактін денонсацияланғаны туралы хабарлады, ал 29 қарашада Финляндиямен дипломатиялық қатынасты тоқтату туралы мəлімдеме жасады [13]. Енді ғана КСРО жағынан төніп тұрған қауіпті сезген Финляндия үкіметі сол күнгі нотасында өзінің əскерлерін Ленинградтан керекті қашықтыққа жылжытатыны туралы келіссөзге дайын екенін хабарлады.

Бірақ көршілерге агрессиялық саясатты ұстанған Кеңес Одағының басшылары фин мəселесін күшпен шешуге кірісті, 30 қарашада КСРО Телеграф агенттігі мынандай хабарды таратты: «Фин əскерлерінің жаңа арандатушылығына байланысты Ленинград əскери округының əскерлері таңертеңгі 8:30 сағ Карел мойынтығында жəне басқа жерлерде Финляндияның шекарасынан өтті» [14; 106]. Осылай Кеңес Одағы тəуелсіз Финляндияға қарсы əділетсіз шабуыл жасады, бұл кеңес- финлянд соғысының басталуына əкеп соқты.

Басталған соғыста КСРО басшылығының агрессиялық жəне саяси екіжүзділігі анық байқалды. Соғыс қимылымен қатар кеңес жағы əр түрлі арандатушылық шаралар ұйымдастырды, принципсіз саяси ойын бастады. Мұның барлығы Кеңес Одағының халықтарын жəне дүниежүзілік қауымдастықты неше түрлі жалған шаралармен алдауға бағытталды, соның бірі ретінде О.Куусинен басқарған фин «халық үкіметінің» қызметін атауға болады. 1918 жылдың қаңтар-мамыр айларында ресей большевиктерінің түрткілеумен болған Финляндиядағы жұмысшылар көтерілісі жеңіліс тапқаннан кейін осы көтерілісті ұйымдастырған фин социалистері 1918 жылдың тамыз айында Коммунистік партия құрды, оның Орталық комитеті КСРО-да орналасты. Фин коммунистеріне əр түрлі қолдау жасап, КСРО басшылары басталған соғыста өздерінің саяси жоспарларында іске асырғысы келді.

1939 жылдың 30 қарашасында КСРО территориясында орналасқан Финляндия Коммунистік партиясының Орталық комитеті фин халқына арнаған үндеуін жариялады, онда ол финдерді буржуазиялық үкіметті құлатып, соғысты қолдаған социал-демократияның көсемдерін қолдамай, халық үкіметін құруға шақырды [15].

Соғыстың екінші күні Қызыл Армия басып алған финдердің Терииоки деген мекенінде фин коммунисті, Коминтерннің хатшысы О.Куусинен басқарған «халық үкіметі» пайда болды, ол Финляндия Демократиялық Республикасының Уақытша халық үкіметі деп аталды [16]. Бір таңғаларлығы, «Куусинен халық үкіметін» Кеңес Одағы танып, онымен толыққанды дипломатиялық қатынас орнатып өзара көмек жəне достық туралы шартқа қол қойды [8; 244]. Бұл шартты көптеген мемлекеттер «саяси спектакль» деп бағалады. Сонымен қатар Финляндия Коммунистік партиясының Орталық комитетінің үндеуі жəне «өзара көмек жəне достық туралы» О.Куусинен үкіметінің декларациялары Мəскеуде дайындалғаны дəлелденді, В.Молотов редакциялаған бұл құжаттардың орыс тілінде жазылған жобалары КСРО Сыртқы істер министрлігінің архивінде табылды [3; 38]. Куусинен үкіметін құрудың басты мақсаты да болды, ол дүниежүзілік қауымдастық алдында Кеңес Одағын жағымды жəне пайдалы жағынан көрсету болды. 1939 жылдың желтоқсан айында В.Молотов Терииокидегі  үкімет  жəне  онымен  келісілген  шарт  туралы  Ұлттар  Лигасына  берген  жауабында:

«Кеңес Одағы Финляндиямен соғысып отырған жоқ, ол халық қолдаған Финляндия үкіметіне көмек көрсетіп жатыр», — деп сендіргісі келді [17].

Басталған соғысқа 4 млн халқы бар Финляндия жағынан: 16 атқыштар дивизиялары мен резерв құрамалары, 900 артиллерия қондырғылары, 270 əскери ұшақтар жəне 29 кеме қатысты [14; 107]. Ең басынан фин жағы қорғаныс тактикасын пайдаланды. Бұл соғыста Финляндияға Англия, Франция, АҚШ, Швеция, Норвегия жəне Италия көмек көрсете бастады. Осы елдер қару-жарақ жіберуімен қатар, өз жерлерінде финдарға көмек ретінде «еріктілер» отрядтарын құра бастады. Батыс мемлекеттері Финляндияға халықаралық деңгейде қолдау көрсетті, олардың талабы бойынша 1939 жылдың 14 желтоқсанында Кеңес Одағы агрессор ретінде Ұлттар Лигасынан шығарылды [18].

160 млн астам халқы бар Кеңес Одағы жағынан бұл соғысқа 52 атқыштар жəне кавалерия дивизиялары жəне арнайы құрылған қосымша құрамалары қатысты, олар екі армия болып С.Тимошенко басқарған Солтүстік-батыс майданында соғысты. Мұнымен қатар Ладога көлі мен Баренц теңізіне дейінгі кеңістікте тағы үш кеңестік армиялар өз операцияларын жүргізді. Қызыл Армия соғыста: 11 мың зеңбіректер мен минометтер, үш мыңға жуық танкілер, 3  мыңнан астам əскери ұшақтарды пайдаланды. Сонымен қатар құрлықтағы əскерлерді Балтық, Солтүстік флоттарының жəне Ладога флотилиясының əскери кемелері қолдап отырды [14; 107]. Осыған қоса кеңес əскерлерінде орасан зор қару-жарақ, жанармай қоры, моторландырылған көлік, əр түрлі байланыс құралдары болды.

Фин кампаниясына арнайы дайындаған КСРО Бас штабының бастығы Б.Шапошниковтың соғыс жоспары болса да, соғысты тез аяқтағысы келген И.Сталин, К.Ворошилов, тағы басқалар бұл жоспарды қабылдамай тастады, оның орнына соғысты 2–3 аптада аяқтауға болады деген К.Мерецковтың жоспары бекітілді.

Бірақ бұл жоспар іске аспай қалды, өйткені Қызыл Армия əскери техника мен құралдарды керекті деңгейде пайдалана алмайтыны байқалды. Кеңестік əскери теория мен оқу уставтары жоғары деңгейде болса да, олар Финляндия территориясының ерекшелігіне жарамай қалды, көбінесе ашық жерде соғысқа үйретілген Қызыл Армия ормандық алқаптардағы соғыста өзінің дəрменсіздігін көрсетті. Əскери теория арқылы белгіленген доктриналарды 1939 жылы кеңес əскерлері орындай алмай, Орталық командованиенің стратегиялық жоспарларын іске асыра алмады. Орасан зор əлеуетіне сенген жəне Финляндияның мүмкіншіліктерін тиісінше бағаламаған КСРО басшылығының «соғысты тез аяқтау керек деген» жоспары ең басынан іске аспай қалды.

Фин командованиесі жақсы ұйымдастырылған барлау жұмысы арқылы Қызыл Армияның шабуыл жасайтын негізгі бағыттарын анықтап алды, сондықтан финдер қыс кезінде көлдер мен ормандары көп өз жерінде соғысуға жақсы дайындалып үлгерді.

Фин əскери басшыларының пайымдауынша, майдандағы ең қауіпті жер Карел мойынтығы болды, өйткені осы кеңістікте ғана Қызыл Армия өзінің ірі күштерін пайдалануға мүкіншіліктері болды. Осы мойынтықта финдер өздерінің қорғаныс шебін құрды, бұл қорғаныс шебіне Койвистодағы күшті жағалау батареялары жəне Вусксы өзенінінен Ладога көліне дейінгі бекіністер кірді. Сонымен қатар фин қорғанысында Выборгке (Виипури) баратын тас жəне темір жолдары қауіпті деп есептелді.

Финдердің негізгі қорғаныс шебін «Маннергейм линиясы» деп аталған үш қатардан тұратын бекіністер құрады, олар 1927–1939 жылдары салынды. Линияда 45 қатар сым темір, тас қорғандар, танкілерді жібермейтін бетон надолбтар орналасты. Бүкіл қорғаныс шебінде 1,5 мың доттар мен дзоттар орын алды, олардың арасында мина алаңдары болды [19]. Осы бекіністерді кеңес əскери басшылары Еуропадағы ең мықты қорғаныс шебі француздардың «Мажино линиясымен» салыстырды, бірақ «Маннергейм линиясы» француздардың атақты бекінісімен салыстыруға келмейтін ескірген, заман талабына сай келмейтін қорғаныс шебі болды.

Соғыс басталсымен Финляндия қарулы күштерінің бас қолбасшысы болып маршал К.Маннергейм тағайындалды [20], оның штабы дайындаған жоспар бойынша фин армиясы өзінің қорғаныс соғысын жүргізді.

Соғыстың бірінші кезеңінде Карел мойынтығын екі армия корпустарынан тұратын генерал Эстерманның армиясы қорғады. Оның солтүстік жағын Ладога көліне дейінгі жерлерді генерал Хейнрикстің 3-ші армиялық корпусы қорғады, ал «Маннергейм линиясына» дейінгі кеңістікті шекарашылар отрядтары, егерь батальондары, кавалерия құрамалары жəне жергілікті жасақшылар отрядтары қорғады. Ладога көлінің Солтүстік-батысында соғыс қимылдарын генерал Хеглундтың 4- ші армиялық корпусы, ал одан кейінгі Солтүстік мұхитқа дейінгі жерлерді генерал  Туаипоның арнайы құрамалары жүргізді. Осы кезде фин əскерлерінде, əсіресе артиллерияның жетіспеушілігі анық байқалды, ал Маннергеймнің резервіндегі екі дивизияда артиллерия мүлдем болған  жоқ. Жоспар бойынша финдер «Маннергейм линиясына» дейін соғыса отырып, сол линияда Қызыл Армияның шабуылын тоқтатпақ болды. Ал Ладога бойымен жылжып келе жатқан кеңес əскерлерінің флангтары мен тылына тұтқиылдан шабуыл жасау арқылы жойып жіберу жоспарын іске асырмақ болды.

1939 жылдың желтоқсан айындағы КСРО жағы ұйымдастырған шабуылда  К.Мерецков басқарған 7-ші армия Карел мойынтығында əскери операцияларын жүргізді. Майданның басқа шептерінде 8, 9-шы жəне 14-ші кеңес армиялары ұрыс жүргізді. Кеңестік жоспар бойынша шабуыл кезінде Карел мойынтығында фин əскерлерін талқандап Выборг қаласын алғаннан кейін Хельсинкиге бағытталған ірі шабуыл басталу керек еді. 8-ші армия мойынтықтағы фин əскерлерінің тылына басып кіретін тапсырма алды. Ал, 9-шы армия үш жақтан шабуыл жасап, Кухмо, Суомисалми жəне Салла қалалары арқылы Ботника бұғазына шығып, Оулу қаласының маңында Финляндияны екіге бөліп тастауға бағытталды. Дəл осы уақытта кеңестік 14-ші армия Петсамо аймағын оккупациялап, финдердің Баренц теңізіне баратын жолын жауып тастайтын операцияларын жүргізді.

Бірақ орманды алқап, қалың қар, -35–40º С аяз, жолдың жоқтығы жəне ұймдастыру жағынан жіберілген қателер Қызыл Армияға сəтті соғыс қимылдарын жүргізуге мүмкіншілік бермеді. Карел мойынтығындағы кескілескен ұрыстардан кейін 7-ші Кеңес армиясы финдердің шекаралық бекіністерін 25–60 км тереңдікке өтіп, желтоқсанның орта кезінде «Маннергейм линиясына» шығып, оған шабуыл жасады. Бірақ финдер өздерінің қорғаныс позицияларын ұтымды пайдаланып, Қызыл Армияның шабуылын тоқтатты. Кеңес Армиясы орасан зор шығынға ұшырады, мысалы, қоршауда қалған 44, 18-ші дивизиялар талқандалып, 200 астам кеңес танкілері толық жойылды, сонымен қатар мыңдаған кеңес солдаттары мен офицерлері жараланды жəне үсікке ұрынды. Осы шабуылды басқарушыларының бірі К.Мерецков: «Біз финдер қолданған қорғаныс тəсілдеріне жəне тактикасына дайын болмағанымызды анық байқадық», — деп жазды сол кезде [21].

1939 ж. желтоқсан айының екінші жартысында солтүстік аймақтағы Полвеярви, Аиттийоки жəне Суомисалми маңындағы шайқастарда фин əскерлері Қызыл Армияның 139, 75-ші жəне 163-ші дивизияларын талқандап, ірі жеңістерге жетті. Сөйтіп, соғыстың бірінші кезені Қызыл Армияға ешқандай əскери табыс əкелмеді, сондықтан кеңес жағы əскери операцияларды уақытша тоқтатып «Маннергейм линиясына» өту үшін ауқымды шабуылды дайындай бастады. 1939 жылдың аяғы мен 1940 жылдың басында Карел мойынтығындағы шабуылға 7, 13-ші армиялар жəне Ставканың резервінен алынған жаңа құрамалар дайындалды, осы əскерлер 1940 ж. 7 қаңтарында құрылған Солтүстік-батыс майданын құрды. Жаңа құрылған майданның құрамында: 21 атқыштар дивизиясы, 13 артиллериялық полкі, 4 артиллерия дивизионы, 5 танк бригадасы, 4 танк батальоны жəне 15 авиация полкі болды [22; 173]. Осылай, финдерден бірнеше есе артық күш дайындаған Қызыл Армия командованиесі алдағы шешуші шайқастарда жеңіске жетудің жолын іздей бастады.

Соғыс басталып жүріп жатса да, оны ең басынан тоқтатуға əр түрлі қадамдар жасалғанын айта кеткен жөн. Ұлттар Лигасы Финляндияның сұрауы бойынша Кеңес Одағына соғыс мəселесін бейбіт жолмен шешу туралы əр түрлі ұсыныстар жасады, бірақ екі ел арасындағы мəселені тек күшпен шешкісі келген КСРО басшылығы оған құлақ аспады. Осыған байланысты 1939 ж. 14 желтоқсанында Ұлттар Лигасы Кеңес Одағын өз қатарынан шығарғанда КСРО басшылығы өз позициясын былай білдірді: «КСРО-ны шығару Ұлттар Лигасының өзіне пайдасыз, өйткені ол өз абыройын жоғалтып отыр. Ең соңында бұл КСРО-ға өте пайдалы... Ұлттар Лигасымен қатынасты үзген Кеңес Одағының енді не істесе де қолы босады» [23]. Ұлттар Лигасының ұсыныстарына жəне шешімдеріне осылай қарау Кеңес Одағының халықаралық құқық нормаларымен есептеспейтінін жəне мойындамайтынын анық көрсетті.

Халықаралық қауымдастық қалыптасқан жағдайды есептей отырып, Финляндияны толық қолдады, тек Кеңес Одағымен пактіге қол қойып алған Германияның ғана ерекше позициясы болды. Германия КСРО-ның агрессиялық саясатына немқұрайды қарап, қайта оны ақтауға тырысты. Сол күндері швед жазушысы Свед Гединмен кездескенде Гитлер: «Финдер КСРО-ның позициясын дұрыс түсініп, ақылды саясат жүргізіп орыстармен татуласқаны жөн болады»,— деп көрсеткен [24].

Англия, Франция жəне басқа еуропалық мемлекеттер Финляндияны толық қолдап, Кеңес Одағының саясатына қауіптене қарады. Осыған орай, КСРО-ның Швециядағы елшісі А.Коллонтай 1939 ж. 18 желтоқсанында өз күнделігінде «Париж ақпараты өзінің қауіпін жасырмайды, олардың пайымдауынша, Кеңес Одағы мен Германия толық жақындасқаннан кейін Гитлер мен большевиктердің Батыс державаларына бағыттаған қарулы күштері мыңдаған жылдары қалыптасқан мəдениетті жойып жіберді» деген пікірін жазады [25; 206].

Ал осыдан бұрын финдердің бірнеше бейбітшілікті орнату туралы ұсыныстарын қабылдамаған КСРО басшылығы 1940 ж. қаңтарында өз позициясын өзгерте бастады. Жаңа шабуылды дайындап жатқан Кеңес Одағының басшылары халықаралық жағдайдың күрделене түскенін, батыс елдерінің Финляндияны қолдап, КСРО-ға қарсы Одақ құрып жатқанын байқап қалды. Əсіресе батыс одақтастарының Солтүстікке десант түсіріп, КСРО-ның Оңтүстігіндегі мұнай орталықтарын бомбалау туралы жоспары өте қауіпті еді. Осыған байланысты 1940 ж. 28 қаңтарында КСРО жағы Финляндиямен  келіссөз   жүргізуге  дайын  екенін   мəлімдеді,  бұл  келіссөздер   Норвегия    өкілінің қатысуымен өтетін болды. Бірнеше рет финдердің норвегия дипломаты арқылы жіберген ұсыныстарын қабылдамай тастаған КСРО жағы ең соңында олардың Фин бұғазын қорғайтын үш жақты конвенция құру туралы жоспарын қолдайтыны туралы хабар берді. Бірақ осы жоспарды іске асыру үшін Кеңес Одағының басшылары финдер жағына жаңа ұсыныстарын орындауды қатал түрде талап етті, ол бойынша Финляндия КСРО-ға Ханко түбегін жəне оның қасындағы бірнеше аралдарды, Карел түбегін жəне Ладога көлінің солтүстік жағалауын беру керек болды. Осыдан кейін Финляндия үкіметі кеңес-фин қатынастарын бейбіт түрде шешуге дайын екенін мəлімдеді.

Бірақ соғыстың бірінші кезеңіндегі сəтсіздіктерді есептей отырып жəне келіссөздер уақытын ұтымды пайдаланған КСРО басшылығы финдердің шешімін аяғына дейін күтпей, 11 ақпан күні Қызыл Армияға жаңа шабуыл бастау туралы бұйрық берді. Кеңестік Солтүстік-батыс майданының əскерлері 3 сағаттық артиллерия дайындығынан кейін «Маннергейм линиясына» шешуші шабуылын бастады. 3 күндік кескілескен ұрыстардан кейін 7-ші армияның құрамалары финдер қорғанысының бірінші шебін бұзып өтіп, 5–6 километрге жылжыды. Осыдан кейінгі күндері кеңес əскерлері майдан бойынша ені 12 километр, тереңдігі 11 километр территорияны басып алды. Дəл осы кезде кеңестік 13-ші армия «Маннергейм линиясының» бірінші шебін өтіп, финдердің Муола-Ильвес қорғаныс аймағы үшін ұрыс бастады. Қызыл Армия финдердің тылына өтіп кету қауіпі төнген кезде фин əскери басшылығы өз əскерлерін екінші қорғаныс шебіне шегіндіруге мəжбүр болды. Дəл осы күндері шабуылын екпінді жүргізген кеңестік 7-ші армияның əскерлері 21 ақпанда финдердің екінші қорғаныс шебі үшін ұрыс бастады, ал 13-ші армияның құрамалары Муола бекінісінің аймағындағы финдердің басты қорғанысына жетті. Сонымен қатар Ладога көлінің солтүстік жағасында ұрыс жүргізген кеңестік 9-шы, 8-ші жəне 15-інші армиялар қарсыластарын ығыстырып, ұтымды позицияларға көшті. Қосымша дайындықтан кейін Қызыл Армия 28 ақпанда жаппай шабуылды жалғастырды, соның негізінде Солтүстік-батыс майданының əскерлері финдерді негізгі позицияларынан ығыстырып, шегінуге мəжбүр етті. Осыдан кейінгі шабуылда Қызыл Армия Фин бұғазынан өтіп, финдердің Выборг қорғанысын айналып өтіп, Выборг қаласына шабуыл жасап, оны 11 наурызда алды. Дəл осы күндері «Маннергейм линиясынан» өткен кеңес əскерлері майданның басқа  аймақтарында  да  финдерге  соққы  беріп,  оларды  жаппай  шегінуге  мəжбүр  етті.      Сөйтіп, «Маннергейм линиясындағы» шайқастарда жəне басқа жерлердегі ұрыстарда фин əскерлері ірі сəтсіздікке ұшырап, жаппай шегінуге көшті.

Əрине, жеңілістерге ұшырап шегініп бара жатқан фин əскерлерінің соңына түскен Қызыл Армия бүкіл Финляндияны басып алу керек еді жəне сол жоспарды іске асыруға тырысты.  Бірақ бұлай болса, соғыс созылып кететін болды, жəне Батыс мемлекеттерінің Финляндияға көрсеткен көмегі бүкіл соғыс бойы тоқтаған жоқ. Мысалы, соғыс кезінде батыс елдері Финляндияға 350 ұшақ, 1500 зеңбіректер, 6000 пулемет, 100 мыңдай винтовка, 650 мың граната, 2,5 млн снарядтар жəне 160 млн патрондар жіберді. Сонымен қатар Қызыл Армия сəтті шабуылға көшкен кезде Англия мен Франция Финляндияға көмек ретінде 150 мыңдық армия жіберетіні туралы мəлімдеді [22; 174]. Қалыптасқан жағдайды есептеген КСРО басшылығы фин үкіметінің бейбіт шартқа отыру туралы ұсынысын қабылдады.

1940 жылдың 12 наурызында Мəскеуде Кеңес Одағы мен Финляндия арасында бейбіт шартқа қол қойылды. Оның баптары бойынша Финляндия КСРО-ға қарсы коалицияларға қатыспайтын болды, сонымен қатар Карел мойынтығында шекара Ленинградтан 150 шақырымға алыстатылды, осыған қоса Мурманск, Мурманск темір жолы жəне Петрозаводскіден шекара финдер жағына жылжытылды. Шарттың негізінде Финляндия Фин бұғазындағы бірнеше аралдар мен Рыбачий түбегін, Баренц теңізіндегі Средний түбегін беруге мəжбүр болды [26]. Сонымен қатар финдер жағы Ханко түбегін Кеңес Одағына 30 жылға жалға берді, ал КСРО жағы өз əскерлерін финдердің Петсамо облысынан шығаруға келісті [27].

Осылай агрессиялық саясат жүргізген Кеңес Одағы 3 айдан астам уақыт соғыс жүргізіп, тəуелсіз мемлекет — Финляндияның бірқатар жерін жаулап алып, оларды КСРО құрамына кіргізді. Саясаттағы ойын осы кезде де орын алды. Жаулап алған жерлерден фин халқының өкілдерін қуып тастағаннан кейін, КСРО басшылығы сол жерлерге Карелияны қосып, жаңа Карел-Фин кеңестік одақтас республикасын құрды [28]. Кеңес-финлянд соғысының негізгі нəтижелері осындай болды.

1939–1940 жж. кеңес-финлянд соғысы қарсыласқан екі жаққа да ауыр нəтиже əкелді. 105 күнге созылған соғыста Қызыл Армияның шығыны орасан зор болды, оның ішінде 72 408 адам қаза тауып, 17 520 хабарсыз кетіп, 20 мыңға жұығы тұтқынға түсіп, 200 мыңнан астамы жараланды [29]. Əскери техника жағынан Қызыл Армия 640 ұшақ пен 2,5 мың танкіден жəне т.б. қару-жарақтан айырылды.

Кеңес əскерлерімен салыстырғанда фин қарулы күштерінің шығыны əлдеқайда аз болды, олардың 19 571 адамы қаза тауып, 43 357 жараланды жəне 4161 жауынгері хабарсыз кетті [30]. Бұл финдер жағы берген деректер, бірақ əлі күнге дейін оларды ешкім теріске шығарған жоқ, соған қарағанда бұл деректер шындыққа жатады деп айтуға болады.

1939–1940 жылдардағы кеңес-финлянд соғысын көптеген кеңес жəне қазіргі орыс  тарихшылары «данқты соғыс» емес, «тарихи маңызы жоқ» соғыс деп көрсетуге тырысады, өйткені бұл соғыста мақтаулы Қызыл Армия азғантай армиясы бар Финляндиямен 3,5 ай соғысып өзінің дəрменсіздігін, соғысқа дайын емес екендігін көрсетті. Осыған байланысты КСРО Қарулы Күштерінің атына зор нұқсан келтірілді. Батыс мемлекеттерінің əскери басшылары Қызыл Армияның қабілетіне, мүмкіншіліктеріне күмəнмен қарайтын болды. Соғыс оқиғаларын зерттеген неміс генералы Типпельскирх: «Ең соңында финдердің жеңілетініне күмəн болмаса да, əскери жағынан қарағанда орыстардың атағына нұқсан келіп, оларда сенімсіздік пайда болды. Осыдан сұрақ туындайтын: неге олар үш ай кескілескен ұрыстардан кейін ғана мақсатына жетті? Дегенмен шабуыл жеткілікті күштермен басталмады. Сонымен қатар орыстарда бүкіл соғыс бойы көрсетілген жайбасар тактика, нашар командование жəне зор шығын болды, осыған байланысты дүние жүзінде Қызыл Армияның қабілеті туралы кереғар пікір қалыптасты. Кейінде осының барлығы Гитлердің шешім қабылдауына белгілі ықпал жасады» [31]. Кеңес-финлянд соғысындағы Қызыл Армияның дəрменсіздігі жəне Вермахттың Батысты тез арада іске асырылған блицкригі Гитлердің пікірін өзгертті, енді ол КСРО Қарулы Күштерін англо-француз əскерлерінен де тез талқандауға болады деп айта бастады. Осы кезден бастап Германия басшылығы КСРО-ға шабуыл жасау жоспарын дайындай бастады.

Кеңес-финлянд соғысы КСРО-ның халықаралық аренадағы жағдайына да нұқсан келтірді. Ұлттар Лигасынан шығарылғаннан кейін дүниежүзілік қауымдастық КСРО-ға агрессор ретінде қарайтын болды. Осы кездегі Кеңес Одағының агрессиялық саясаты көптеген елдерде сынала бастады, ал кейбір КСРО-мен көршілес мемлекеттерде абыржушылық жəне үрей пайда болды, өйткені КСРО басшылығы өздерінің дүниежүзілік революция теориясына сүйеніп, көрші мемлекеттерді кеңестендіру саясатын іске асырғысы келді. Бұл үшін кеңес жағы халықаралық революциялық күштерді, Коминтернді, тіпті өздерінің қарулы күштерін пайдалануға дейін баратыны көрініп қалды. Осыған мысал ретінде КСРО-ның Финляндияға шабуыл жасап, онымен соғысқанын келтіруге болады. Сонымен қатар өзінің саяси мақсатын іске асырғысы келсе, КСРО-ның басшылығы ешқандай халықаралық ұйымдармен жəне құқықтармен есептеспейтіні анық байқалды. Сондықтан 1939–1940 жж. кеңес-финлянд соғысы Кеңес Одағының сыртқы саясатындағы ең жағымсыз оқиғаларының бірі ретінде қала бермек.

 

 Әдебиеттер тізімі:

  1. History of USSR Foreign Policy (1917–1945). [Istoriya vneshnej politiki SSSR (1917–1945)] — 1. — Мoscow: Nauka, 1986.
  2. Karr E. The history of Soviet Russia. The Bolshevist Revolution 1917–1923. [Istoriya sovetskoi Rossii. Bol’shevistskaya revoluciya 1917–1923 gg.] — B.1. — Vol.2. — Мoscow: Progress, 1990. — Р.
  3. Dongarov G. The war which could not be. [Voina kotoroi moglo ne byt’] // Voprosy istorii. — № 5. — 1990. — Р. 29–36.
  4. Kekkonen K. Friendship and good neighborliness: Speeches and presentations. [Druzhba I dobrososedstvo: Rechi I vystu- pleniya, 1963–1967]. — Мoscow: Nauka, 1967.
  5. Documents of Soviet foreign policy. [Dokumenty vneshnei politiki SSSR]. — Vol.18. — Мoscow: Nauka, 1973. — Р.
  6. Semiryaga M.I. Mystery of Stalin's diplomacy (1939–1941). [Tainy stalinskoi diplomatii (1939–1941)]. — Мoscow: Vysshaya shkola, 1992. — Р.
  7. History of the The Soviet period. [Istoriya SSSR. Sovietskii period]. — Мoscow: Vysshaya shkola, 1987. — Р. 345.
  8. Sokolov K. The course of Soviet history. 1917–1940: A tutorial. [Kurs sovetskoi istorii 1917–1940: Uchebnoe posobie]. —Мoscow: Vysshaya shkola,1999. — Р. 24–37.
  9. The initial period of war. [Nachal’nyi period voiny] /Eds. Ivanov S.P. — Мoscow: Voenizdat, 1974. — Р.
  10. Paasikivi Paasikivi Line: Articles and Speeches, 1944–1956. [Liniya Paasikivi: Stat’I I rechi, 1944–1956]. — Мoscow: Politizdat, 1958. — Р. 74.
  11. Dongarov A.G. Are there any ultimatum to Finland? [Pred’yavlyalsya li Finlyandii ul’timatum?] // Voenno-istoricheskii — 1990. — № 3. — Р. 45.
  12. — 1939. — November, 27.
  13. — 1939. — November, 29.
  14. The contemporary history of the Motherland XX century: In 2 [Noveishaya istoriya Otechestva XX veka: V 2 t.]. — Vol. 2.— Мoscow: Vlados, 1998.
  15. Semiryaga I. It is not well-known war. Eve and the beginning of the war. [Neznamenitaya voina. Kanun I nachalo voiny] / Dokumenty i materialy. — Leningrad: Lenizdat, 1991. — Р. 193.
  16. — 1939. — December, 3.
  17. — 1939. — December, 5.
  18. Vert N. History of the Soviet state. [Istoriya Sovetskogo gosudarstva]. — Мoscow: Progress-Akedemiya, 1995. — Р.
  19. Great Soviet Encyclopedia: in 30 [Bol’shaya sovetskaya jenciklopediya v 30 tomah]. — Vol. 15. — Мoscow: Sovetskaya jenciklopediya, 1974. — Р. 983, 984.
  20. Carl Gustaf Mannerheim (1867–1951), Baron of the Finnish state and military leader, Marshal (1933). Graduated from the University of Helsinki in the Tsarist Russia and Nikolayev Cavalry School (Petersburg). He served in the Russian army until During the First World War was a general and head of military units of the Russian army. In 1918, as commander of the Finnish army, he participated in the break of the revolution Finnish workers. December 1918 — June 1919, was Regent of Finland. In 1939–1940, was commander in Chief of the Soviet-Finnish War. In 1944–1946, was President of Finland. Sovetskii jenciklopedicheskii slovar’. Izdanie tret’e. — Мoscow: Sovetskaya jenciklopediya, 1985. — Р. 755.
  21. Mereckov K.A. In the service of the people. [Na sluzhbe narodu]. — Мoscow: Vysshaya shkola, 1984. — Р.
  22. Sovetskaya istoricheskaya jenciklopediya. — Vol.13. — Мoscow: Sovetskaya jenciklopediya,
  23. — 1939. — December, 16.
  24. Semiryaga I. An unnecessary war. Collection of materials: Archives reveal secrets. [Nenujnaya voina. Sbornik materialov: Arhivy raskryvayut tainy]. — Мoscow: IPL, 1991. — Р. 129.
  25. Mezhdunarodnaya zhizn’. — 1989. — № 12. — Р.
  26. History of the USSR from ancient times to the present day. In 2 series, in 12 volumes. [Istoriya SSSR s drevneishih vremen do nashih dnei. V 2-h seriyah, v 12 tomah]. — Vol. 9. — Мoscow: Nauka, 1971. — Р.
  27. Collection of documents on the history of the Soviet Union for seminars and The era of socialism. [Sbornik do- kumentov po istorii SSSR dlya seminarskih I prakticheskih zanyatii. Jepoha socializma]. — I. 3. 1933–1941: A tutorial / Eds. Drobizheva V.Z. — Мoscow: Vysshaya shkola, 1980. — Р. 299.
  28. Great Soviet Encyclopedia in 30 volumes. [Bol’shaya sovetskaya jenciklopediya v 30 tomah]. — Vol.11. — Мoscow: Sovetskaya jenciklopediya, 1973. — Р.
  29. Аdambekov К. History of the Russian Empire, the Soviet state and the CIS in the XX century. – A tutorial. [XX gasyrdagy Resei imperiyasy, Kenes memleketi zhane TMD tarihy. Oku kyraly]. — Karagandy: Publishing house KarGU, 2005. — Р. 151.
  30. Aptekar’ A. Are justified the victim? [Opravdanny li zhertvy?] // Voenno-istoricheskii zhurnal. — 1992. — № 3. — Р. 43.
  31. Adambek B.K. The puppet government of O.Kuusinen during the Soviet-Finnish war in 1939–1940. [Marionetochnye pravitel’stvo Kuusinena v period sovetsko-finlyandskoi voiny 1939–1940]: Materials of the annual scientific conference«Zhuasovskie chtenie - 11». — Karagandy: Publishing house KarGU, 2007. — Р. 157.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.