Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Биіктік, немесе Профессор Дүйсетай Шаймұханов жайлы ой-толғау

Кіріспе

Бұл өмірде барға қанағат, жоққа сабырлық қылып, айналасын жау, өмірін түнек көрмей, қолы жеткен несібесін Алланың рахымы, балаларымның ризығы деп қабылдайтын жайсаң жандардың бақыт туралы түсінігі, шынымен де, өзгеше. Дабырлап жеткен атақтан, қымсына келген сыйластықты көңіл төріне шығаратын жандар бұлар. Омырауға таққан орденнен, арқадан қаққан алақанның жылуын тəуір көретін асылдар олар...

Мен бүгін сондай бір азамат туралы əңгіме етпекпін. Ол ерке еді, өмірге, айналаға еркелеп жүретін. Өзі өмір сүру үшін емес, өмір бұл үшін жаралғандай болып жүретін. Жан-жағына жалтақтамай, бұқпай-жалтармай, Жаратқанның берген дарыны мен білімін алға салып, алшаңдай басып өтті. Қалағанын жаңылмай тапқан адамдар ғана осыңдай риза көңілде болатын шығар. Оның қалағаны ғылым болатын.

«Дін — ғылымның анасы, ғылым — діннің баласы», — деп атам қазақ ғылым-білімді имандылық шуағынан жаратып қарайды. Жасыратыны жоқ, ғылымды бұл биік қасиеттен ада қылып, қарақан басының қамына дейін төмендетіп алған адамдар да жоқ емес. Бірақ бір дəуірдің ғылымын алғанда бұл мұхиттың жанындағы шалшықтай ғана ғой. Қуантатыны да сол. Ал шын ғалымдардың бейнесін мен қазақтың біртуар азаматы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Дүйсетай Аймағамбетұлы Шаймұханов арқылы көрсеткім келеді.

Өйткені, Қазақстанның тəуелсіз мемлекет болған жағдайында отандық тарих ғылымы үшін шектеусіз, кең жəне терең дамуға мүмкіндік туды. Ежелгі, орта ғасыр жəне жаңа  замандардың күрделі мəселелері қайта қаралып, тың деректер негізінде бұрынғы тұжырымдар өзгеріп, жаңа қорытындылар жасалуда.

Егемендік жағдайда Отан тарихына еңбек сіңірген аға буын ғалымдардың мұраларын тарихнамалық жолмен əділ сараптап, жан-жақты талдап, объективті, дұрыс бағасы берілуде. Əсіресе XX ғасыр басында Əлихан Бөкейхан, Т.Рысқұлов, М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедов, С.Асфендияров жəне тағы басқа ұлт зиялылары мен кеңестік тарихшылардың еңбектері мен саяси-қоғамдық  қызметі жөнінде көптеген диссертациялар қорғалды. Кеңес дəуіріндегі орта буын тарихшылардың ғылыми мұрасы да кеңінен талдануға түсуде, Б.Сүлейменов, Е.Бекмаханов, Ə.Тұрсынбаев жəне  басқа көрнекті кеңес тарихшыларының еңбектері қайта талданып, егемендік жағдайындағы қалыптасып келе жатқан ғылыми-саяси көзқарастар елегінен өткізілуде. Осы орта буын тарихшылар арасында Д.А.Шаймұхановтың орны мен рөлі ерекше болды десек, қателеспейміз. Бұған, біріншіден, Дүйсекең ағамыздың əлемдік жəне Қазақстан тарихының өзекті проблемалары жөніндегі осы күнге дейін құндылығын жоғалтпаған көптеген еңбектері де; екіншіден, ірі партия қызметінде істеп, Қарағанды педагогикалық институттың ректоры болып, Орталық Қазақстанда тарих ғалымдарының бірінші докторы аталып, политехникалық институтта (қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті) жəне Қарағанды мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі қызметін көп жыл бойы атқарып, ірі ғылыми көшбасшысы ретіндегі қыруар қызметі де себеп болды.

Тектілік

Біз бір-бірімізді жақсы білгіміз келсе: «Еліңде кімің бар?» — деп сұраймыз. Құдайға шүкір, мұндай сауалға жауабымыз бар. Жау бетке — білектімізді, дау бетке — біліктімізді, жарастыққа — жақсымызды жұмсаған халықпыз ғой. Сонда қатарымызды түгендескенде: «Жақсың кім еді?» — дегенде ауызға қалың, ну ормандай еліміздегі ата бəйтеректер іспеттес абзал жандар еске түседі.

Міне, осындай ағалардың бірі, заңғар ғалым Ермұқан Бекмахановтың шəкірті, Арқа өңірінің қадірлі де, сыйлы азаматы, ұлағатты ұстаз — Дүйсетай Аймағамбетұлы Шаймұханов. Дүйсекең — Арғын тайпасының Қаржас руындағы Құлеке... Өтен ұрпағы (кестені қара) [1].

Соғыс жəне еңбек ардагері Тұрсын Қарашев «Дүйсетай досым еді» деген қызықты мақаласында Дүйсекеңнің балалық шағын былай еске алады: «Дүйсетай 1925 жылы Баянауыл ауданындағы Қарауылшоқы ауылында дүниеге келген. 1930 жылғы жаппай колхоздастыру науқаны басталғанда ол ата-анасымен қазіргі Бұқаржырау ауданындағы Жастілек колхозына қоныс аударады. Бұл кезде Баянауылда туып, осы аудандағы Алабас колхозына мен де көшіп келгенмін. Екі ауылдың арасы 25 шақырым болатын. Ол уақытта бұл ауылдарда бастауыш мектептер ғана жұмыс істейтін. Осы бастауыш мектептерді бітірген екеуіміз көрші Жаңақала ауылындағы орталау мектепте оқып, 7- сыныпты сол жерде бітірдік. Оқуды ылғи жақсы бағалармен оқып, мақтау грамоталарын алып отырдық. Дүйсетайдың батылдығы, еңбекқорлығы барлық уақытта бірдей байқалып тұратын. Бірде тəтті жегіміз келіп, оның аудан орталығындағы Күлшат апайының үйіне бардық. Екі мекеннің арасы 14 шақырымдай еді. Оның ата-анасы жібергісі келмегеніне қарамастан, біз қолымызға темір таяқ алып, жаяу жолға шықтық. Мен қорқып келемін, ол қорықпайды. Маған «егер қасқыр бізге ұмтылса, сен оң жақтан, мен сол жақтан сұққылап, оны соғып аламыз» деп, жігерлендіріп қояды. Біз сол кезде небары 12 жастамыз. Дүйсетайдың балалық шақтағы батылдығының бір белгісі осы.

Аудан басында Жəкен Əмірəлин деген құрдасымыз болды. Əкесі дайындау мекемесінің бастығы еді. Ең бірінші сол үйге бас сұққанбыз. Əке-шешесі бізді жібермей 4–5 күн ұстады.

Бала кезімізде бəріміз де комсомол болуды армандаушы едік. 12–13 жасымызда мектептің комсомол жиналысына қатысуға құмартатынбыз. Бір күні кешкілік комсомол жиналысы өтіп жатқанда екеуміз есіктен тыңдап тұрғанымызда, мектеп директоры Ашық Түсіпбеков «екеуің де жақсы оқисыңдар, есіктен сығалауларың жарамайды» деп, бізге реніш білдірді. Содан іле-шала ауылсоветке барып, жасымызды ұлғайтып, 1924 жылы тудық деп анықтама алып, комсомол мүшелігіне өттік. Осыдан кейін 1940 жылы бізді бірінші рет əскер қатарына шақырды. Сол жерде біздің өтірігіміз шығып, дəрігерлік жас айыру сараптамасына жіберді. Олар Дүйсетайды 1928 жылы, мені 1927 жылы туған деген құжаттарды қолымызға берді» [2].

Өмірдің өзі өзен сияқты емес пе?! Мезгіл сайын құбылып кең арнасын бірде толтырып, бірде саябыр тартып тұратын. Ал, тіршілік заңының пəлсапалық мұраты — адал мақсат. Оның тұтқасы — білім.

Жастайынан білім-ғылымға үйір болған Дүйсекең соғыс жылдарының өзінде білімін жетілдіруге тырысып бағады. Ол талабы зая кетпей, Қарағанды мұғалімдер институтын үздік тəмамдап, Бұқаржырау ауданындағы Үлгі, Семізбұғы орта мектептерінде ұстаздық етті. 1949–1954 жылдары Алматының Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінде  оқып, оны үздік дипломмен аяқтады. Студент болып жүргенінің өзінде ол қоғамдық жəне ғылыми жұмыстарға белсене араласты. Оның бұл ісі атаусыз қалған жоқ. Профессор Дүйсетай Шаймұхановтың ата-тегі кесте 1 көрсетілген.

Профессор Дүйсетай Шаймұхановтың ата-тегі

Оқытушылар мен профессорлар қауымы оған үлкен сенім білдіріп, курстың жетекшілігіне тағайындалады. Осы мезеттен бастап Дүйсекең ғылым жолына түсті. Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қарағанды комсомолы ұйымының жұмысы жөнінде алғашқы ғылыми еңбегін жазып, кандидаттық диссертациясын қорғады. Бұл мезгілде ол 31 жаста еді.

Дүйсетай Аймағамбетұлы журналист Қуаныш Муталлаповқа берген сұхбатында мынадай деректер келтіреді: «1950 жылдары баспасөз беттерінде Қарағанды көмір бассейнінің маңызы жайлы жазған мақалаларым көптеп басылды. Олардың барлығының түрін түстеп, атын атайын десем өте көп. 1959 жылы кандидаттық диссертациямды қорғадым. Соған дейін қаншама дүние жарыққа шығып жатты. Кейін де жазған дүниелерім жоқ емес.

«Комсомол Караганды в борьбе за уголь» (1958), Черная металлургия» (1966), «Единой семьей» (1968), «История освоения Караганда-Темиртауского промышленно-производственного комплекса» (1979), «Создание и развитие черной металлургии Казахстана» атты жəне т.б. кітаптарым республика баспаларында жарық көрген. Сондай-ақ менің жетекшілігіммен Екібастұз көмір бассейнінің  тарихы да жазылған» [3; 24].

Елуінші жылдардың басында Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқып жүріп, сондағы зиялы азаматтардың қатарында ұлт мүддесі, қазақ тарихының болашағы туралы қоғамдық сананы оятуға көзі мен көкірегі ашық ұлтжанды достарымен бірге өткізген күндердің тəрбие-тəлімі шын зиялылықтың ай таңбасындай санасына сіңгені болар, Дүйсекең сол адал жолдан айныған жоқ.

Өкінішке орай, кезінде диплом жетекшісі болған ғұлама тарихшы Е.Бекмахановтың қуғын- сүргінге ұшырауына байланысты Дүйсетай ағамыз аспирантурадағы оқуын кейінге қалдырады. Ол 1951 жылы Қарағандыға келіп, алғашқыда Облыстық партия комитетінде лектор, 1952–1956 жж. Облыстық комсомол комитетінің хатшысы, 1956–1958 жж. облыстық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кəсіподағы комитетінің төрағасы, 1958–1965 жж. Қарағанды облыстық партия комитетінде нұсқаушылық, кейін хатшылық қызметтерді атқарады. Қай қызметте болмасын Дүйсетай Аймағамбетұлы оны абыроймен орындап, халық алдында беделді болады.

«Шəкіртсіз ұстаз — тұл» демекші, кезінде Д.Шаймұхановтың аялы алақанының  жылуынан медет алып, бүгінде Қазақстанның игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген атақты профессордың шəкірттері мол. ҚарМУ-дың Археология, этнология жəне Отан тарихы кафедрасының меңгерушісі тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Қ.С.Өскембаев «Қадірі асқан ағамыз» атты мақаласында тарихымыздан ойып орын алған профессор Д.А.Шаймұхановтың шəкірттерінің бірі болғанын ыстық сезіммен былай жеткізеді: «Дүйсетай Аймағамбетұлы өмірінің соңғы жылдарына дейін уақытының елеулі бөлігін халқымыздың тарихын зерделеуге, ұлттық сананы жаңғыртуға, өлкеміздің мəдениеті мен білім саласының өрлеуіне өз ізін қалдырған тұлға. Ол 1965–1972 жж. — ҚарПТИ, 1972–1974 жж. — ҚарМУ оқу орындарында кафедра меңгерушісі; 1974–1982 жж., — Қарағанды Дене тəрбие педагогикалық институтының ректоры болып қызмет істеді. 1982–1992 жж. — Е.А.Бөкетов атындағы университеттің кафедра меңгерушісі, 1992–2006 жж. кафедра профессоры болды.

Дүйсетай Аймағамбетұлы ғылыми ізденістерін үнемі тоқтатпай, 1959 жылы тарих ғылымдарының кандидаты, ал 1968 жылы тарих ғылымдарының докторы дəрежелері алу үшін диссертацияларын қорғап, 1970 жылы профессорлық атағын алған еді. Ол сонымен бірге 15 ғылым кандидатын, 2 ғылым докторын дайындап шығарды. Оның қаламынан шыққан ғылыми еңбектердің құндылығы, тікелей туған жердің қадір-қасиетін қашанда құрметтейтін халқымызға өлкенің экономикалық табыстарында жеткен мағлұматтарды мұрағат құжаттарымен көрсете отырып тарту етуі еді. Бұл зерттеулерде сонымен бірге халықтар достастығы да дəріптелді» [3; 34,35].

Иə, бұрын тар аяда жазылған тарихты қайта жаңарту, жаңғырту оңай шаруа емес. Бірақ халық — қашанда оптимист. Тəуелсіздік алған жылдары əр түрлі мамандық иелері, келсін-келмесін, тарихты жаңаша жазуға жаппай ұмтылыс жасады.

Бұл ұмтылыс тарихи сананы қалыптастыруға едеуір оңды əсер етті. Алайда тарихтың нақты жүйеленуі бір арнаға түспеді. Барлық ауыртпалықты кəсіби тарихшыларға көтеруге тура келді. Академик М.Қозыбаев бастаған бір топ мамандармен бірге академик Д.А.Шаймұханов та осы игі іске бел шеше кірісті.

1995 жылы Қазақстанда жаңа тарихи сана қалыптастырудың тұжырымдамасы жасалды. Бұл тұжырымдамада тарихи шындықты қазақ халқының ұлттық мүддесі тұрғысынан көрсетуге жол салынды. Егер осы маңызды құжатта арғы-бергі тарихымыздың «ақтаңдақ беттерін» ашудың жолдары мен əдістері айқындалса, оған академик Дүйсетай Шаймұхановтың да сіңірген  еңбегі ерекше зор болды.

Ғалым

Профессор Дүйсетай Шаймұханов үнемі өзін-өзі жетілдіру мен дамытуға жетелеп жүретін адам еді.

Ғалымның жарық көрген ғылыми еңбектері жаңалығымен ерекше баурап алатын. Ол біздің арамызда жүргенде: «Ғылым көлденең көк аттыны да, байлық қуған дүниеқоңызды да көтермейді.

«Заман өзгерді деп бүркіт күшігенге айналмайды» деген сөзді ғылымға арнап айтуға болады. Қай коғам болсын, қай халық болсын, ғылым тамыр-таныстықтан, көз қысты, бармақ бастылықтан таза болу керек. Нағыз шынайы ғалым тақ іздемейді, атақ сұрамайды. Ондай адамды ғылымның өзі көтереді», — деп отыратын. Академик ағамыз осы сөзді бүкіл ғұмырында берік ұстанды. Пайдакүнем болуды, өз қара басын ойлауды жеке басының ұстанымына сəйкес емес деп есептеді.

Қазақстан елінің Президенті Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев өзінің 2011 жылғы Жолдауында мынадай қызық дерек келтірді: «Сегодня в развитых странах на 1 миллион населения приходится от 1 до 6 вузов. В Казахстане всего вузов — 149. 200 научных Советов штампуют кандидатов и докторов наук. В науку идет 1 из 60 кандидатов наук и 1 из 37 докторов наук. С этого года прекращается работа этих Советов» [4].

Шынында, өткен ғасырдың 60–80-жылдары бұрынғы ғылым кандидаттары, докторларға қойылатын талаптар өте үлкен еді. Бұндай жұмыс үшін терең зерттеу, сүбелі нəтижелер, жаңалықтар болуы міндет етіп қойылатын немесе оқулықтардың, əдістемелік құралдардың авторы болуы керек еді. Сонымен қатар ғылыми жетістіктермен көзге түсіп, ғылыми ортада мойындалуы керек болатын. Бір сөзбен айтқанда, Кеңестер үкіметі кезінде доктор болу деген — дана болу деген ұғымға барабар еді. Олар кейінгі көшбасшы, пана болатын, кейінгі жастарды тəрбиелейтін. Ал бүгінгі докторлардың олардан айырмашылығы жер мен көктей. Болар болмас, толар толмас еңбек жазылып, күлді-бадам бірдеңелер ғылыми жұмыс болып саналады, қазір «доллар докторлар» көбейіп кетті. Ғылым саласына реформа жасалып жатыр ғой, мүмкін, бір жақсы өзгерістер болар. Ал Дүйсетай Аймағамбетұлы сияқты нағыз ғалымдар ғылым классиктері, міне, солар бүгін көлеңкеде қалып, көзден таса жүр. Жастарды тəрбиелегенде, ғылымға баулыған кезде осындай азаматтарымызды үлгі етіп көрсетуіміз керек қой. Бұл жақсыларды біз айтпасақ, кім айтады!

Д.А.Шаймұханов — Орталық Қазақстан өңірінің жаңа тарихын зерттеген ғалымдардың көшбасшысы. Ол Орталық Қазақстан өңіріндегі тарихшылардың ішінен бірінші болып 40 жасында докторлық диссертация қорғады. Ғұлама ғалымның 200-ге жақын ғылыми еңбектері жарық көрді. Оның жетекшілігімен бірнеше адам кандидаттық жəне докторлық диссертацияларын қорғады. Сонымен қатар Дүйсекең қаланың, облыстың қоғамдық өміріне белсене араласты. Осынау еңбектері ескеріліп, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы атағына ие болды. Қалалық ономастикалық комиссияның мүшесі ретінде көмірлі қаланың көшелері мен алаңдарының жаңа атау  алуына, халқына, еліне еңбегі сіңген тарихи тұлғалардың есімін мəңгі есте қалдыру ісіне де елеулі үлес қосты. Сондықтан да Дүйсекең оқытушы болып 42 жыл еңбек еткен Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ мен Техникалық университет ұжымдары тарапынан ғалымның кұрметіне ол тұрған үйге мемориалдық тақта орнату туралы ұсыныс түскенде, Қалалық ономастикалық комиссия мүшелері мен қалалық мəслихат депутаттары бір ауыздан қолдады. Ғалымның 80 жылдығына байланысты Қарағанды қаласындағы Бейбітшілік гүлзары, 46-шы үйге Дүйсетай Шаймұхановтың  мемориалдық тақтасын ашу салтанаты болып өтті.

Бірақ ғылымның шыңына шыққан Д.А.Шаймұханов сияқты өте белгілі азаматтарымызды халыққа танытып, олардың атына ескерткіш тақта ғана емес, тіпті көшелер берсе, артық болмас еді. Осындай мəселелерді көтеріп, қоғамдық пікір тудырып отыратын осы ғалымдар еңбек еткен орталары, оқу орындары болуы керек сияқты.

Біреу ел қорғап батыр болады, біреу елдің ғылымын дамытып, ел қамын ойлайды. Ғылымның жолы түзу десек, сол жолда жүрген ғалымдарымыздың жарқын бейнесінің жоғалмауына қам жасауымыз керек!

Карлаг тарихының атасы

Тарих ғылымы өзінің танытқыштық һəм тəрбиелік мəні жөнінен басқа гуманитарлық ғылымдардан жоғары тұрады. Сонымен бірге тарих өзге ғылым салаларына қарағанда жеке адамның санасында азаматтық жəне саяси мəдениетті қалыптастыруға келгенде де алдына жан салмайды. Осы тұрғыдан алып қарасақ, тарих ғылымымен айналысушы ғалым да бүкіл ғылымның көшін бастаушы желмаяға ұқсайды.

Кезінде Отан тарихымен айналасушы тарихшылар арасында осындай рөлді атқарып, ғылым көшін адал бастаған ғалымның бірі — академик Дүйсетай Шаймұханов болды.

Аса қиын əрі қысылшаң жылдары дүниеге келгендіктен, балалық шақтың қызығын көрмей өскен Дүйсекеңнің тарихқа пейіл білдіруінің өзінде кеңестік зұлмат саясаттың табы жатыр. Дүйсетай Аймағамбетұлы Орталық Қазақстан аймағында орналасқан Карлаг тарихының бұрын ашылмаған көлеңкелі тұстарын тың деректер негізінде зерттеп, 1997 жылы «Карлаг» деп аталатын кітабын [5] шығарды. Бұл монографиясын жариялау арқылы ол өзінің ұстазы заңғар ғалым Е.Бекмаханов секілді жазықсыз жазаланған талай-талай ұлт зиялыларының тағдырын халыққа жария етті.

Кітапта төмендегідей мəселелерге назар аударылған [3; 44]:

  1. Карлаг-тың қалыптасуы мен даму тарихы. Карлаг — КСРО Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) Қарағанды ерекше бағыттағы еңбекпен түзеу лагері. ГУЛАГ архипелагындағы — ең ірі азап лагері. Ең алғаш 1932 жылы мұнда 22 мың адам отырса, соның 87 пайызы қазақтар болды [6; 5].
  2. Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің бос далалық жерде құрылмағанын дəлелдеуі. Сталиннің орталығы Долинка кентінде орналасқан Карлаг басқармасын құру туралы 1931 жылғы қаулысы шыққанға дейін, Карлаг аумағында 80 мың тұрғыны бар 4 мың қазақ киіз үйі болды. 1930–1931 жылдары халықты зорлап көшіру басталды. Бұл үшін НКВД-ның əскері пайдаланылды. Немістер, украиндар мен орыстар негізінен Қарағанды облысының Тельман, Осакаров, Нұра аудандарына қоныс аударды. Қазақтардың тағдыры ерекше қайғылы болды: лагерге берілген жердің солтүстік бөлігіндегі халықтың көпшілігі Қарағандыға, оған таяу жерлерге көшті. Осының бəрі байлар мен кулактарды тəркілеп, олардың мыңдаған малын талан-таражға салумен тұстас келді.

Тəркіленген малдың біразы «Гигант» кеңшарында ұйымдастырылған «Востокмясо» деген ұйымға берілді [7].

  1. Карлаг-тың территориялық ауқымы Қарағандымен қатар, солтүстік аймаққа жататын Ақмола облысымен тікелей байланыста болғанын ашып беруі. Карлаг басқармасының əкімшілік орталығы Долинка кентінде орналасқанымен, оған қарасты лагерлер ұзындығы мен көлденеңі 300 x 200 шақырымды алып жатқан Орталық Қазақстанның аумағын тұтас қамтыды. Бұл қазіргі Франция мемлекетінің аумағынан үлкен. Мұнан басқа Карлаг-тың орталығынан 350 шақырым қашықтықта жатқан Ақмола жəне 650 шақырым қашықтықта орналасқан Балқаш бөлімшелері жұмыс істеді. Карлаг құрудағы басты мақсат Орталық Қазақстан аумағында қарқынды дамып келе жатқан өнеркəсіп өндірістері — Қарағанды көмір бассейні, Жезқазған, Балқаш мыс балқыту комбинаттары үшін азық-түлік белдеуін қалыптастыру болатын. Сондай-ақ осы өндіріс ошақтары үшін сотталғандардың тегін жұмыс күшін пайдалану мақсаты да бірінші кезекте тұрды. Құл күші Сталиннің «бақытты социализм» құру жоспарын жүзеге асыру үшін өте қажет болды. Жалпы, қазақ жерінде Карлаг басқармасының бағыныштылығында 26 бөлімше, 192 лагерь болған. Əр бөлімшенің өзіндік шаруашылық құрылымдары, бақша учаскелері, мал фермалары, егістік алқаптары жұмыс істеген. Басқасын былай қойғанда, тек мал фермаларының өзінің саны 106-ға жеткен. Ресейден əкелген мал жоқ, мұның бəрі қазақ халқынан тартып алынған ақтылы малы екені, айтпаса да, түсінікті. Карлаг республика басшылығына бағынбады, тек тікелей Мəскеуге, ГУЛАГ-қа ғана тəуелді еді. Оның өз ішкі əскерлері, телеграф-пошта байланысы, дербес шаруашылық жүйесі болды. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет ішіндегі мемлекет еді [8].
  2. Ақмоладағы «Отанын сатқандар» əйелдерінің лагеріндегі («АЛЖИР») саяси репрессия құрбандарына (əйелдер мен балаларға) ерекше назар аударылуы. КСРО-да талайдың өмірін тозаққа айналдырған 953 лагерь болса, соның үшеуі еліміз аумағында құрылды. Осындағы атынан адам шошырлық «АЛЖИР» лагері КСРО-дағы əйелдер қамалған жалғыз азаптау орыны болды.

«АЛЖИР» 1937 жылы НКВД-нің арнайы бұйрығымен салынды. Көлемі үш гектарға жуық жерді алып жатқан «АЛЖИР»-де кезінде 30 мың əйел жазықсыз жапа шекті [6; 5].

  1. Спасскідегі əскери тұтқындар мəселесін талдау. 1941 жылы Карлаг-та соғыс тұтқындарының арнаулы лагері («Карлаг» жүйесіндегі ерекше режимдегі Спасск лагері) ашылып, 40 мың адам əкелінді [6; 5]. Толық емес деректер бойынша, осы лагерьде 1942–1946 жылдар аралығында 7 мыңнан астам адам өлген. Олардың ішінде 516-сы — жапондық əскери тұтқындар [5; 94].
  2. Тұтқын-ғалымдардың лагерьде жасаған ғылыми еңбектерін айқындау. Карлаг-та сотталғандардың арасында көрнекті ғалымдар мен ірі мамандар жұмыс істеді.

Олар жер суаратын арналардың, картоптың, бидайдың жергілікті жағдайға бейімделген жаңа тұқымдарының  сызбаларын  жасап  шығарды.  Осы  кісілер  суыққа  төзімді  қара  бидайдың  сортын шығарып, оны «Долинкалық» деп атады. Сондай-ақ ғалымдар ойлап тапқан тағы бір бидай сорты да Долинканың бас лагерьлік пунктінің атауымен «Долинкалық» деп аталды. Карлаг-та Тимирязев академиясы түлектерінің түгелге жуығы болып кетті. Василий Пустовойт — болашақ академик, екі мəрте Социалистік Еңбек Ері, Анна Ланина — Мəскеудің бүкілодақтық мал шаруашылығы институтының бұрынғы қызметкері, кейінен КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Пельцих — профессор, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ботаник, селекцияшы, Архангельский — кейіннен ВАСХНИЛ академигі, Вавиловтың шəкірттері Корнилов, Зайцева — Ленин сыйлығының болашақ иегері, Фортунатов — Орталық Қазақстанда «Гигант» кеңшарында алғаш болып бау-бақша ашқан ірі селекционер (жеміс-жидектің 85 сорты, тал-көшеттердің 30 сорты).

Карлаг-та бүкілəлемдік танымал биофизик-ғалым, гелеобиология жəне аэроионофикацияның негізін қалаушы Александр Чижевский жазасын өтеген. Ол аэроионофикация жұмыстарының негізгі бөлігін шахтерлерді емдеуге арнады [9].

Карлаг-та жазықсыздан-жазықсыз көп белгілі əдебиет жəне өнер қайраткерлері отырып шықты. Олардың арасында КСРО халық əртісі Л.Русланова; əлемде тұңғыш балалар театрының негізін қалаушы, Социалистік Еңбек Ері Н.Сац; ақындар Н.Заболоцкий, Р.Тамарина; жазушылар Г.И.Серебрякова, Д.Еркінбеков, М.Зуев-Ордынец; əдебиетші-ғалымдар Қ.Мұхамедханов, Р.Нарешев, т.б. болды [10; 369].

Қорыта келе айтарымыз, Д.А.Шаймұхановтың еңбектері ғалымдар үшін саяси репрессиялар тарихының ашылмаған беттерінің бірі Қарағанды еңбекпен түзеу лагері мəселесін анықтады. Ол болашақ тарихшыларға тақырыптың жаңа қырларын ұсына алды. Бұл Отан тарихындағы саяси репрессиялардың зерттелуінің жаңа қадамын ашып берді.

Ректор

Д.А.Шаймұханов 1973–1982-жылдар аралығында Қарағанды дене шынықтыру педагогика институтының ректоры болды. Бұрын басшы органдарда істеп мол тəжірибе жинақтаған Дүйсекең осы мекемеге басшылық етуде де ысылғандығын таныта білді. Байсалды да тұрақты басшылығының арқасында институт сан жағынан да, сапа жағынан да өсіп, нығайды.

Педагогика институты 1952 жылы Мұғалімдер институты негізінде құрылғаны белгілі. 1970 жылы Қарағанды педагогика институтының спорт факультеті негізінде Қарағанды дене шынықтыру педагогика институты болып құрылды. 1984 жылдан осы аты берілді. Халық ағарту жүйесіне бастапқы əскери оқу, педагогика жəне психология (мектеп жасына дейінгі), педагогика жəне бастауыш білім беру методикасы, дене тəрбиесі (оқу мерзімі — 4 жыл), дефектология, математика, еңбек оқуы, физика, сызу (оқу мерзімі — 5 жыл) мамандықтары бойынша кадрлар даярлады. Институт құрамында алты факультет (бастапқы əскери оқу, мектепке дейінгі тəрбие, педагогика жəне бастауыш білім беру методикасы, физика-математика, инженерлік-педагогика, дене тəрбиесі), 150 тыңдаушыға арналған даярлық бөлімі, 26 кафедра болды [10].

Бірде осы институтта ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен профессор Қ.З.Əлжановтың (2007 жылы   қайтыс   болды)   Дүйсетай   Аймағамбетұлы   туралы   айтқан   мына   сөздері   əлі       есімде:

«Институттың оқу-əдістемелік жəне ғылыми-қоғамдық жұмысына белсене араласу бізге көп нəрсені үйретті. Дүйсекең сияқты өмірден алған сабағы мол, байыпты да байсалды азамат  басқарған мекемеде жүріп көпті үйрендік. Ол өнегелі тəрбиеші болды, əсте өзімшіл емес, өзінен гөрі өзгені көбірек ойлайтын, жанашыр да қамқор жан болатын.

Оның 10 жыл бойы үлкен білім ордасының басшысы бола білуінің сыры мен құпиясы да осында жатқан сияқты. Институтта қызмет істегендердің бəрі бірдей дарынды, еңбекқор, тəртіпті жандар болды деуден аулақпын. Ұжым болғаннан кейін оның арасында əр түрлі адамдар болады, істен гөрі бос сөзге көбірек үйір, айғайы мен бұратартары көп неше түрлі керауыздар да біздің арамызда болды. Ал профессор Шаймұхановтың даналығы сонда, ол осылардың бəрімен тіл табыса жүріп, Институт жұмысын ақсатқан жоқ. Ұжымның шырқы бұзылмай, негізгі міндеттерін орындаумен болды».

Шынында Дүйсетай Аймағамбетұлының əр қызметкер жөнінде өз пікірі, қалыптасқан көз- қарасы болатын. Ол кімге қандай тапсырма беру керек, оның қандай істерді атқаруға қабілеті бар, осыларды əрдайым ескере білетін. Артық сөзді, орынсыз мақтауды да жек көретін. Көлгір сөзге, өсек- аяңға үйір адамдарды ұнатпайтын. Адамдар жөніндегі қалыпты мінезі өзгере бермейтін, қазір мақтап, артынан даттап жату деген ол кісіге жат қасиет еді.

Үлкен мекемеге жетекшілік ете, көптеген қоғамдық жұмыстарды атқара жүріп Д.А.Шаймұханов ғылыми-зерттеу жұмысын да еш тоқтатқан емес. Оның ғылыми-зерттеу жұмысының ауқымы кең болатын. Көптеген шетелдік ғылыми симпозиумдар мен конференцияларға қатысып, Қазақстан тарихының күрделі проблемалары бойынша ғылыми баяндамалар жасады.

Дүйсетай Аймағамбетұлы басшылық еткен институт ғалымдары күрделі еңбектерді, өзекті, бірақ зерттелмеген проблемаларға арналған ірі-ірі монографияларды, очерктерді, көптеген мақалалар мен құжаттар, мəліметтер жинақтарын дайындап, жария етіп отырды. Бұл еңбектерді даярлауда Дүйсекең үлкен шебер басшы екенін көрсетті. Ғылым мен адамгершіліктің тізгінін тең ұстаған, адамгершілігі мол жан екенін таныта білді. Ол атақ пен дəреже қумайтын, өзінен төменгілермен өз қатарынша, жоғарыдан қарамай тұрып сөйлесетін. Бұл қарапайым, кішіпейіл мінездері оны ұжым құрметіне бөледі.

Ұстаз

Дүйсетай Аймағамбетұлының басты тəрбиелік ұстанымы адам баласын ойлауға, талдау жасай білуге, одан жақсы шешім шығаруға үйрету болды. Ол өзінің өмірінің соңғы күндеріне дейін студенттерге дəріс оқыды, қазіргі заманның өзекті мəселелері туралы əңгіме қозғады. Ұстаз- ағартушы өз білімі мен талантты ғибратын, тəжірибелік əдіс-тəсілдерін жастарға жеткізуден жалыққан емес.

Ұстаз ретінде оның кəсіби біліктілігі студенттерді ізденуге ынталандырып, өзіндік ұмтылыстарына рух беретін сөздермен көтеріп отырушы еді. «Адамға түсінікті де жақын тартатын əңгіме үлкен пайда келтіреді. Алдын ала жазылған немесе халық алдына шығып парақтан оқыған, көп пафостан тұратын дəрістерде сенімділік пен шындық болмайды» деп оның ақиқатты алға тартуы көп мəнді аңғартса керек.

Иə, мұғалім болу оңай жұмыс емес. Дəріс оқу — жазылғанды оқып беріп, берілген уақытта студенттерді шашау шығармай ұстап отыру емес. Ол асқан сауаттылықты, білімділікті керек етеді. Дүйсекең сол жағынан оқ бойы озық тұрып, онысын бұлдаған емес.

Университеттерде оқытушылар студенттерді ғана емес, студент қауымы да оқытушыларды іріктейді. Оған қандай сезім басшылық ететінін кім білсін, бірақ бір оқытушыны студенттер құдай тұтып, əр сөзін қалт жібермей құлақтарын қалқайтса, екіншісіне жағымсыз кейіпкерлердің атын беріп, атақ-дəрежесінің ту-талақайын шығарады. Ал Дүйсетай ағамыз студенттеріне жақсы ұстаз ғана емес, қамқоршы əке де бола білді. Ол балаларға жанашырлық көрсетіп жүретін. Əсіресе диплом қорғайтын студенттерінің қатты риза болып жүретінін сыртынан естіп жүретінбіз.

Академиктің ғалым жəне педагог кадрларды даярлаудағы қадамдарын ерекше атап  өтуге болады. Бүгінде ғалым еңбегін жалғастырып келе жатқандар өте көп. Олардың бір шоғыры — қазір қазақстандық тарих ғалымдардың көрнекті өкілдері.

Патриот

Академик Д.А.Шаймұханов халық алдында үлкен жауапкершілік мен міндетті нақты сезген патриот еді. Ол халықтың əл-ауқатын көтерудің басты жолдары мен бағытын, əсіресе ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуды көздеді. Себебі қарапайым халықтың əл-ауқаты елдің экономикалық даму көрсеткішінің «шыңы» дейтін. Еркіндік пен білімді сіңіру арқылы ол өз ұлтының дұрыс қалыптасуын қалады. Ұстаздың нағыз ұлтшылдығы мен патриоттығы ұлт болашағын ойлаудан көрінді.

Дүйсетай Аймағамбетұлы қазақ халқының ілгері қадам басуы мен экономикасының дамуына, мəдениетінің көтерілуіне Қеңес заманының əсері болғандығын жасырмайтын. Ғалымның қоғамдық, педагогикалық қызметін, Қазақстан тарих ғылымын дамытудағы еңбегін мемлекетіміз жоғары бағалады. Ол тоғыз рет үкімет наградаларымен (медальдармен), екі мəрте ҚР-ның Жоғарғы Кеңесінің жəне тағы басқа да комсомол, кəсіподақтардың Құрмет грамоталарымен марапатталды, ҚР-ның ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін төс белгісімен, оқу-ағарту жұмысының үздігі, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі атақтарына ие болды. Дүйсекең Қарағанды қаласы мен Бұқаржырау ауданының Құрметті азаматы, Е.А.Бөкетов атындағы университеттің Құрметті профессоры атанды [11].

Дүйсетай Аймағамбетұлы ғажайып адам еді. Қаңқу сөз, мəймөңкені жақтырмайтын. Ешкім оның дауыс көтеріп, өзін жоғары ұстағанын, ешкімнің алдында төмендегенін көрген емес. Ол кез келген жағдайда адами қасиеттерін жоғалтпауға тырысты. Кейінгі өмір соқпақтарында ізгіліктің бəрібір өз алдынан шығатынына кəміл сенді.

Академик ағамыз өз қарамағында жұмыс істейтін қызметкерлерді төмендетпейтін. Қатар жүргендермен, шəкірттерімен тең дəрежеде сөйлесетін жəне зор сеніммен қарайтын, жастарға жанашыр болатын. Ол адам бойына адалдықты, жанқиярлықты, жауапкершілікті дарыта білді. Егер сын айтса, анық, нақты, көңілге кірбің түсірмейтін сөздермен айтатын. Ол сөздер жүрекке инедей қадалмай, ілгері жетелеуге септік жасайтын. Біз мұны жақсының шарапаты деп білеміз.

Дүйсекең отбасында да патриот еді. Жақсы қасиеттерді ол балаларының, жақын туыстарының бойына да қалыптастыра алды. Доцент, тарих ғылымдарының кандидаты Рымтай Аймағамбетқызы Шаймұханованың əрдайым ағасы туралы жан-жақты бейнелеп айтқан əңгімелері Дүйсекеңді терең білімді, ой-өлшемі ерен, парасатты жан ретінде көз алдымызға толық елестетуге мүмкіндік береді. Əке жолын жалғастырушы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Сəуле Дүйсетайқызы Шаймұханованың еңбектерін де ерекше атап өткен жөн сияқты. Əрине, бұл ретте Дүйсетай ағамыздың жары, жан серігі, пікірлесі, биология ғылымдарының кандидаты Нина Тұрғалиқызы Абылқасымованың да еңбегі зор.

Түйін

Дүйсетай Аймағамбетұлының өмірі — тағылымды өмір. Ағамыздың өмірі  рухани құндылықтарға толы болды. Сондықтан да алдағы уақытта тарихшы-ғалым жайлы зор толғау, ғажайып əуез, ұшқыр көсем сөз, тұрпатты əліптеме жазылады деген үмітіміз бар.

Қазақтың «ізденген жан қалмас ұятқа, еңбек еткен жан жетер мұратқа» деген сөзі рас. Дүйсетай Шаймұханов — өз елінің адал перзенті, мақтан тұтар Алаш азаматтарының бірі. Оның тұғыры биік, өзі зор тарихи тұлға. Осындай жұртшылыққа үлгі болатын, пейілі кең, жаны жомарт, жетесі биік азаматтарымызды биіктету біздің елдігімізді, жастарымыздың болашағын шыңға шығарады!

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

  1. Zhaksybayev S.I. Descendants of a sort Karzhas. — Pavlodar: EKO, 2008. — Р.
  2. Karashev T. Dusetai was my friend // Ortalyk Kazakhstan. — 2008. — January, 29.— P.
  3. Materials of a round table on a subject «Topical issues of modern history», the devoted memories of the doctor of historical sciences, professor D.A.Shaymukhanov. — Karaganda: Publishing house HAG, 2011. — 189
  4. Let's construct the future together! Message of the President of the Republic of Kazakhstan Nursultan Nazarbayev to the people of Kazakhstan // Thought. — 2011. — № 3. — P.
  5. Shaymukhanov A., Shaymukhanova S.D. Karlag. — Almaty: National agency for the press and massmedia, 1997. — 176 р.
  6. Merkuman G. Stalin genocide: sad data // Kazakh. — 2011. — № 14–15 (528–529)7. — April, 8–15. — P.
  7. Saulebektegi Тhe truth about Karlagе: grief and grief // Kazakh. — 2011. — № 20–21 (534–533). — May, 20–27. — P. 5.
  8. Asauov Karlag — the tragedy of Kazakhs // The Three-copecks piece the Horde. — 2011. — № 20. — May, 19. — P. 10, 11.
  9. Asauov Consequences of tragic years // Тhe Three-copecks piece the Horde. — 2009. — № 22 (488). — May, 28, June, 3. — P. 15.
  10. Karaganda area: Encyclopedia. — Almaty: Atamura, 2006. — Р. 440.
  11. Oskembayev K.S. Authority of the senior companion // Ortalyk Kazakhstan. — 2008. — January, 22. — P.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.