Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Мəңгүрттік қоғамдық құбылыс ретінде

Адам! Оның кемел ақыл-ойына, шамасына шаң жұқтырмас жүйріктей шешен тіліне, асыл тастай сан қырлы өнеріне табынып, тамсанған тұста бас əріппен жазып, ардақ тұтар Адам, сайып келгенде, əлі ашылмаған жұмбақ əлем, əлі айтылып бітпеген дастан. Адамның болмыс-бітімі, табиғаты соны заманнан бері небір сұңғыла ғұламалардың ойын он саққа алып қашып, алуан-алуан пікірге маңдай тіреткен. Бірақ берік байлам жасап, тиянақты тұжырымға табан тіреп, яки, Адам деген құдірет мынадай болады деп нақты айту қиынырақ. Сондықтан да сарыла зерттеу, тынбай іздену, таласа талқылау, жүйелі талдау, үздіксіз жалғасып, үрдіске айналып келеді. Демек,  адамның қоғамдағы орны мен рөлі дегенді айқындау бір күннің не бір ғасырдың шаруасы емес. Ол ықылым заманнан бері күрделі мəселе болса, бұдан былайғы жерде де адамзат өмірімен сабақтаса, тамырласа жалғасары даусыз. Адам жайлы пікірлер қаншама қиыншылықты болғанмен, осы мəселеге ат басын бұрған ғалым, ойшыл, даналардың барлығы да адамды қоғам дамуының негізгі қозғаушы күші деп таныған. Алайда адамның мəнін, табиғатын тануда, оның жасампаздық мүмкіндіктерін бағалауда зерттеуші- ғалымдар ортақ бір тоқтамға келе алмай, пікір қайшылығына ұрынғаны жасырын емес.

Кез келген замандағы философиялық ойдың басты сұрағы Адам мəселесі, оның мəні жəне дамуы, мақсаты мен оның болашағы болған жəне де бола бермек. Жер жаһандағы тіршілік тізбегінің ең жоғары басында Адам, Адам болмысы тұрады. Ол өзіндік ерекше феномен. Протагор адамды барлық заттардың өлшемі деп сипаттаған. Ал осы басты өлшем өзін қай өлшеммен өлшемек?!

Адам — қай заманда қандай қоғамдық құрылыста болмасын, ең басты жəне аса маңызды мəселе. Əрбір қоғам өзі өмір сүріп отырған дəуірдің позициясын нығайтатын қайраткерлер тəрбиелеуге, сол қоғамға лайық адамдарды қалыптастыруға баса көңіл бөлген. Тарихта адам — қашанда басты тұлға. Күллі тарих дегеніміз — адам табиғатының үздіксіз өзгеруі ғой. Демек, бұл мəселе бұған дейін күн тəртібінен қалай түспей келсе, бүгінгі таңда да қоғамдық өмірдің өміршең ісіне айналып отыр. Расында, адам ең негізгі өндіргіш күш ретінде жан-жақты өсіп, жетіле беруі тиіс. Күш-қуаты, қайрат- жігері жағынан болсын, ақыл-ойы, парасаты, жалпы рухани жағынан болсын кемелдене түсуі Адам табиғатына тəн. Сайып келгенде, философиялық тұжырым жасасақ, Адам деген құдіреттің артықшылығы мынада: өз қажеттілігі мен сұранымдарын қанағаттандыру мақсатында пікір алмасып, ой бөліседі, яғни бірімен-бірі тұрақты қоғамдық байланыста болады.

Адам — қоғамдағы ең басты құндылық. Адам, адамның жан дүниесі — мəңгілік тақырып. Адамның табиғаты өте күрделі, ол ғасырлар бойы тіршілік дүниенің сан қилы өзгерістерін бойына жинақтаған. Адам бүгінге дейінгі органикалық дүние дамуының биік шыңы болып табылады. Сондықтан да адам бойындағы қасиеттерді жыға тану, айыра білу оңай шаруа емес. Жоғарыда айтып кеткендей, иə, біз адам табиғатын, болмысын, психологиясын, физиологиясын, биологиялық ішкі құпияларын түгел танып-біліп үлгерген жоқпыз. Болмыстағы ең жасампаз, құдіретті күш — адам. Сондықтан да адам жəне оның болмысы, санасы, дүниеге деген көзқарасы, танымы философияда ең бірінші талдауды қажет етеді. Философия негізінен кез келген мəселеге жауап бермейді, ол көтерілген мəселені зерделейді, саралайды, ойлануға жол ашады.

Сонда екі аяқты, жұмыр басты пенденің басқа жаратылыстан, дəлірек айтқанда, хайуаннан артықшылығы неде? Бұл туралы ұлы ойшыл Абай адамды ақыл, парасат иесі ретінде жоғары   қояды.

«Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деп шынайы сезім дүниесімен даралай түседі. Жаратылыстың ең үздік, ең үлкен сыйы адам десек, оның болмыс-бітімін, бар табиғатын танып-білу күрмеуі шешілмеген, əлі де шешіле қоймайтын мəселе. Осы жерде Абай атамыздың «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деуі жайдан-жай айтыла салмағандығын түсінуімізге болады.

Адам — биологиялық тіршілік иесі, дегенмен табиғат оған барлық адамдық қасиеттерді бермеген. Жастайынан бақытсыздыққа ұшырап хайуандардың арасында өскен балалар тік  жүре алмай төрт аяқтап жүріп, сөйлемей ырылдап, аңдарша дыбыстар шығарғаны белгілі. Тұрпаты адам болғанмен, жан дүниесі адам емес. Сондықтан оған адам болуға ұмтылу қажет. Шəкəрім   айтқандай, «адам бол, хайуаннан ерек» болу қажеттігі туындайды. Абай «Жетінші қара сөзінде»: «Дүниенің көрінген һəм көрінбеген сырын түгендеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады» [1], — дейді. Демек, хайуан жан- ды адам Протагор айтқан барлық заттардың өлшемі бола алмайды. Болуға лайықта емес болғаны. Сондықтан адам адамдық қасиетін, Абай өзі «Қырық үшінші сөзінде» биологиялық табиғи сұраныстары мен азды-көпті білуге ұмтылдырушы мақсат негізін жибили (араб. — еріксіз болатын тілек) деп атаса, ақыл, ғылым бұлар — кəсиби (араб. — еңбекпен табылған нəрсе) екендігін айтқан. Бұл жайында Ғ.Есім өзінің «Хəкім Абай» атты еңбегінде «Абай жибили қуаты «жан қуаты» дейді. Ол əуелде шағын болғанымен, адам есейген сайын зорая берсе керек. Алайда ол қуат ескерусіз қалып, жоғалмаса да ешнəрсеге жарамайтын болуы да ықтимал... Адам ішіп-жеп, тəн қуатын ғана ойламай, жан қуатын да жетілдіру үшін қам жеуі қажет» [2], — дейді.

Ал, бүгінгі қоғам адамдарының көбі жан қуатынан көрі тəн қуатын жоғары бағалауда. Содан да шығар, бүгінгі қоғамда Адам құндылық болудан қалып барады. Біз қазір өркениетті  қоғамда отырмыз, ал өркениетті қоғамда ең басты құндылық — Адам деп есептеледі. Бірақ бұл қоғамда іс жүзінде орындалып отыр ма? Əрине, жоқ. Себебі адамның қоғамдағы орны, қадір-құрметі əр елде əр түрлі өлшеммен айқындалуда. Бір елде ең басты өлшем — оның байлығы, бір елде — дарыны, бір елде — шыққан тегі, бір елде — еңбегі мен өнері, тағы басқасы. Сонымен адам құнын таразылайтын өлшем сан алуан. Бұл өлшемдер заман өзгерген сайын құбылып алмасып тұрады. Ал қазіргі біздің өмір сүріп отырған қоғамымызда, жеке адамның қоғамдағы орны оның байлығының мөлшерімен өлшенетін болды. Сондықтан да ақыл-ой арзандап, парасаттылық көненің көзіне айналды. Сонда ақыл-ой арзандаса, адамның адамдығы қайсы? Негізінен адамды хайуандардан ерек қылып тұратын ол ақыл-ой, яғни санасы, емес пе.

Сана жалпы есі түзу адамның бəрінде бар, яғни, ол адамның адам екендігін білдіретін басты белгі. Ал ақыл ой-сананың негізінде қалыптасады. Əр адамның ақыл-ойы əр түрлі болады, сондықтан адамдар да əр түрлі. Демек, сана жалпы адамға тəн нəрсе, ал ақыл-ой — адам санасының іштей жетілу деңгейі. Бірақ сана арқылы бəрін бағындырамыз десек, қателесеміз. Сананың мүмкіндіктері шексіз деп бағалау өзіңнің күшіңнің шексіз екендігіне сенумен пара-пар. Философиялық ілімдердің қатарында болмыстың, танымның, моральдың негізі сана деп анықтайтындары  да бар. Демек, сана тек адамға ғана тəн ең үлкен байлық. Ал егер осы адамның ең үлкен байлығы санасына нұқсан келер болса, онда ол адамдықтан шығып мəңгүрт кейпіне түседі.

Мəңгүрттік дегеніміз — адамның санасынан айырылып, өзінің адамдық тегін еркін танымайтындай, күйге түсуі.

Жалпы «мəңгүрт» ұғымын əлемдік руханиятқа, əдебиетке, қоғамдық ой-санаға енгізіп, адамзаттың түбіне жетпей қоймас рухани кеселдің атын бірінші болып атаған, адам осалдығының осы қатерлі кеселінің түбі жақсыға соқтырмасын көркем оймен алғаш кестелеген Əбіш Кекілбаев болса («Күй» повесінде), ал «мəңгүрттік» ұғымын ғаламдық өзекті мəселелермен ұштастыра отырып, мəңгүрттікті философиялық категорияға айналдырған Шыңғыс Айтматов («Ғасырдан да ұзақ күн» романында) болды. Осы повесть пен романдағы көтерілген мəселелер саналы адамзат үшін, мүлгіген ойын оятып, рухани сілкініске бастайтын ұлы туындылар деп айта аламыз. Бұл романдар əдеби тілде жазылғанмен көтерілген мəселе философиялық талдауды қажет етеді. Адамдар арасында рухани дағдарыстың өріс алғаны туралы жан айқай, «сөз атасын» түсінген халыққа адамзат тағдырындағы ұлы мəселені жеткізгендей. Адам бойынан қаталдық, қатыгездік жиі көрініс беріп, мейірімділік пен қайырымдылық күн санап жағалауынан алыстай бастауын жазушылар өз шығармаларына тірек еткен. Адам тағдыры турасында талассыз толғанып, қатыгездік пен қаталдық, жыртқыштық сананың адам бойындағы қалыптасуын жете зерделеп, парасат-пайым биігінен қарап, рухани ізгілік мұхитының терең тұңғиығына сүңгіп, қоғамның сыры мен қырын дəл тауып, бір адамның мұңы арқылы бар халықтың мұңын жоқтайды. Өзінің түнек тарихынан тағылықтың ең сұмдық, қатыгез түрін мирас қылған қаражүрек жалмауыр жуан-жуандар («Ғасырдан да ұзақ күн» романында) мен түркімендердің («Күй» повесінде) адамның ең асыл қазынасына қалай қорқаулық жасағандарын түбіне жете зерттейді. Асқан шеберлікпен суреттелген оқиғалар жазаның ең ауыр, сұмдық түрі — адамды мəңгүртке айналдырып жіберу жайлы. Онда қолға түскен жауынгерлер қашып кетпес үшін жəне де кек қайтару ниетімен жауынгерлердің шаштарын алып, əлі ылғалы кеппеген жып-жылы теріні бастарына кепеш қылып кидіріп ақыл-естерінен айырып, адам баласын қалай мəңгүрт жасағандары суреттеледі. Бұны басқа шіре салу дейді. Міне, осындай жан түршігерлік халге ұшыраған пенде үшін өткен де, бүгін де, келешек те жоқ, санасында дүние-əлем, тіршілік ету туралы түсінік те жоқ. Ол ақыл-есін біржолата қараңғылық билеген, зердесі тұманданып, шыққан тегін, туған елін, əкесінің кім екенін, қала берді өзінің кім екенін білмейтін, жақсылықты жамандықтан, жақынды өзгеден айыра алмайтын, туған анасын дұшпан көріп өлтіруге дейін баратын мисыз хайуан, мəңгүртке айналады. Ол найсап, бұл дүниеде үн-түнсіз күн кешіп жатқан көп мақұлықтың бірі болып меңіреу тірлік кешеді.

Жаза біткеннің ең жойқаны адамды тірідей жадысынан айыру арқылы, өмірлік бағыттан адастыру. Ақыл-ой адам өле-өлгенше өзімен бірге болатын жалғыз қазына, ақыл-ой жеке адамға ғана тəн, жалғыз асылың, одан айырылу дегеніміз — адамдықтан алшақтау деген сөз. Міне, осыған қарағанда мəңгүрттікті — санадағы дерт, сана кемістігі деп те анықтауымызға болады.

«...Жерді, суды тартып алса мейлі, байлығыңды тартып алса мейлі, тіпті жаныңды алса да мейлі… Ая, адамның ақыл-ойын тартып алуды қандай қара жүрек ойлап тапты екен? О, құдай, бар екенің шын болса, мұндай зұлымдықты жұртқа қалай дарыттың. Жер бетінде басқа сұмдық аз ба еді?» [3], — деп Ш.Айтматов айтқандай, шынымен де адамның санасымен ойнауда түкке тұрмағаны ма? Өз заманында Платонның «адамның санасы адамдардың ойыншығы болды» дегені де осыған саяды.

Мəңгүрттік — бұл рухани тажал. Рухы өлген, сана-сезімнен жұрдай, ұлты үшін, Отан үшін жаны күймейтін, патриоттық сезімнен ада, ойлау өрісі дамымаған пенде немесе өзін-өзі толық жоғалтқан адам.

Негізінен қазақ халқының мəңгүрттенуі соны замандардан басталғандығы тарихтан, жазба əдебиеттерден мəлім. Бірақ осы ұғым жайлы бұрын зерттеліп, жазылған мəліметтер жоқтың қасы. Бұған себеп біздің 70 жыл бойы өзге елдің отарында болып, өз тума тарихымыздан, қазыналы да, мол дүниетанымдарымыздан, құндылықтарымыздан көз жазып қалуымызда.

Осыған байланысты А.Қасымжанов: «Қазақ халқының қазіргі кездегі өзінің өмір кешкен тарихи жолын танып-білуге деген құштарлығы жай емес. Себебі біздерді көп жылдар бойы «мəңгүрттікте» ұстап келді. Отаршылдық саясат, өктемдік тəртіп, голощекиндік геноцид қазақ халқының ес жиып, етек жабуына мүмкіндік бермеді.

Халқымыздың талай зиялы азаматтары, шектен шыққан қаныпезер саясаттың құрбанына айналды. Жер жылап, ел күңіренді, ер азаматтарының мойнына қыл арқан ілініп, рухани мұраларымызға, оның тамырына балта шабылды. Өткен мен болашақтың арасы үзіліп, орта орға айналды. Əрине, мұның бəрі қолдан жасалған саясат еді, аз халықтарды басып ұстау, тарихи жадынан айыру, ұлттық сана-сезімнің оянуына жол бермеу ол кездегі белгілі бір адамдарға тиімдірек болды»,— деп жазады [4]. Міне, осылай қолдан жасалған саясатпен олар ұлттық санаға, қоғамның рухани дүниесіне осылай енді, басты мақсаттары осындай жолдармен ұлттың тамырларын жегі құрттай кесіп түсу болды. Халықтың күнделікті тұрмысында, өмірлік дағдылық харекетінде ғасырлар салған тарихи белгілер, əдет-ғұрыптар «ескінің қалдығы» ретінде өгейсуге, жатсынуға ұшырады. Ұлттық тамырдың тарихи қасиеттерінен қол үзе бастады. Бұл жағдай ұрпақтар арасындағы байланысты жойып, халық даналығын жалғастыруға кедергі жасады. Сондықтан да ұрпақ тəрбиесі жүйесіздікке ұшырап терең тамырынан үзілуге бет алды. Ұлттық негіздердің əлсіреуі осыдан басталды. Осылай, көп жылдар бойы ұлттық дүниетанымда, ұлттық мəдениетте «ақтаңдақтардың» болуы, кеңестік идеологияның «шідері» ұлт дүниетанымының, ұлт мəдениетінің кешенді зерттелуіне кері əсерін тигізді. Бір қызығы, осы кезеңде өсіп шыққан, уызға жарымаған, мəйектен ажыраған адамдар мəңгүрттікке шалдықты. Бұл да дерт, бұл жеке бастың емес, бүкіл қазақ жұртының дерті.

Қазақ мəңгүрттікті тəңірден өзі тілеп алған жоқ жəне тумысынан да мəңгүрт болып жаратылған жоқ. Оған астарлы да зор маңызы бар саясат себеп болды.

Жоғарыда көрсетілгендей, ұлттық сананы ұдайы жергілікті ұлттың менталитетіне жат идеологиямен улау, оның үстіне орыс тілін қызметте өрлеудің баспалдағы іспетті дəріптеу, осылар арқылы жергілікті ұлтты қазақи ұстанымдарынан бірте-бірте жирентіп, ескі салт-дəстүрлерден,    өзге де қазақ менталитетіне сай əдеттерімізден жатсындырып, халықтың бабалар дəстүрінде қалыптасқан кейбір қасиеттерінен, ұлттық болмысынан айыру қазақты мəңгүрттенуге əкеп соқтырды.

Нақты деректерге сүйенсек, Кеңес өкіметі тұсында тұтас қоғамға, ақыл-ой түсінігіне идеологиялық шіре салынғанын көреміз. Бұрын аңыздарда ғана айтылып, халқымыз атын атауға қорқатын мəңгүрттік осылайша көрініс тапты. Соның салдарынан бір ғасыр ішіндегі ұрпақтар алмасуындағы заңдылықтар бұзылып жəне олардың бойындағы ғасырлар бойы қалыптасып, дəстүр ретінде келесі ұрпаққа ауысатын бүкіл салт-сана, дүниетаным, ұлттық рухани қазына көздері тəрізді табиғи рухани құндылықтар үзіліп, келесі ұрпақ өкіліне жетпей қалды. Демек, ата ұрпақ пен жас ұрпақтың арасын жалғастырушы алтын көпір түбірімен жойылды.

«Онсыз да миы ашып жүрген елдің миынан мипалау жасау қылмысы еді» [5] деп, Серік Ақсұңқарұлы жазғандай, осындай əрекеттердің салдарынан біздің санамыз қаншама жылдар бойы уланып, мəңгүрттене бердік.

Оны қайта қалыпқа келтіру, біркүндік іс емес. 70 жыл бойы рухани құлдықтың кісенінде болу, сананың мертігуі салдарынан пайда болған психикалық беріш ешқашан өшпейді, ұрпақ санасынан да суырып алып тастай алмаймыз, ол мəңгібақи сақталады. Ал оны жою үшін кеңестік кезеңдегі адамды, бүкіл жас ұрпақты туғанынан бастап тəрбиелеу керек шығар? Сонда ғана адам жəне қоғам санасы қайта қалыптасады. Адамның өзі сол қалыптан қалыптанып шығады емес пе? Бірақ бұл мүмкін емес. Себебі бұл əрекет мəңгүрттің бас терісіне бітісіп кеткен түйенің желін қабын қайтадан сыпырып алумен пара-пар.

Сондықтан біз, яғни бүгінгі таңдағы өскелең ұрпақ, заманның қателігінен биік болуымыз керек. Ол үшін халықтың рухани мұрасын тарихымыздың ұзақ кезеңімен байланыстыра, жан-жақты кең түрде зерттеу міндет. Қазіргі болмыстың тарихи негіздерін, бүгінгі өзімізді-өзіміз ел есебінде сезіну жағдайында, өткен мен болашақ алдында, ата-бабаларымыз бен ұрпақтар алдында жауапкершілікті ұстана алуымыз шарт. Тарихи шындықты бұрмаламағанымыз жөн, жас ұрпақ санасына халықтың басына түскен үлкен саяси-рухани зұлматты айтып, жеткізуіміз қажет. Сонда ғана, мəңгүрттіктің тамырының тереңде жатқанын жəне де осы «рухани дерттің» қазіргі таңда неліктен кең етек алып, құлдық бір індет сияқты жайылып кеткендігін түсінуімізге болады. Данышпан бабамыз Шəкəрім:

Бұрын шын бар, бүгін шын,

Ертең шын бар-үш бөлек.

Керегі жоқ бұлардың,

Бұзылмайтын шын керек —

дегеніндей [6], бұндағы бұрынғы шын — тарих, бүгінгі шын — өмір, ертеңгі шын — болашақ. Əрқайсысының өз философиясы, өз өлшемі бар. Өткен тарих шынына сарапшы көп, бүгінгі өмір — түсініксіз, ертеңгі күн — көк тұман. Бұлармен бірге таза ойлармен, қате концепциялар бірге жүреді. Сондықтан адасушылыққа ұрынбас үшін, əр уақыттың өз шындығын айқын ашып, зерттеп отыру қажет. Мезгілдің өлшемі уақыт тек бірақ бағытта өткен күннен бүгінге, одан ертеңге бағытталған.

Бірақ «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» деген аталы сөз бар емес пе, сондықтан бəріне өткен тарих жəне Кеңес өкіметі кінəлі деп, бүкіл болып өткен  жағдайды қара тақтаға іліп, сол өткеннің салдарынан бүгінгі таңда біз осындай рухани тоғышарлыққа ұрынып, мəңгүрттік күй кешіп отырмыз деген де жаңсақ пікір қалыптаспауы керек. Себебі өткенді зерттемей, ұғынбай, бүгінгінің іске асуы мүмкін емес. Іздену, ұғыну — өткенге құрметпен қарау. Бұл халықтың іштей түлеп, өзін-өзі тану жолына түсуі болып табылады.

А.Сейдімбеков «Əрбір адамның бойында адамзат баласы жүріп келе жатқан жолдағы баға жетпес тарихи тəжірибенің үлгісі бар. Сол тарихи-мəдени тəжірибені танып-білу арқылы адам баласы өзінің парасат-болмысын шыңдайды», — деп жазғандай [7], тек қана сол уақыт аралығында болып өткен тарихи процестерді дұрыс танып, ажырата білуіміз қажет. Тарихи сабақтастық жүріп отырғанда ғана адам санасы, ой-өрісі, көзқарасы, танымы дұрыс қалыптасады.

Адамды мəңгүртке айналдыру тарихқа жүгінсек, өткен ғасырларда болған, ол жоғарыда аталған роман мен повестегідей күштеп, басына шіре тағу арқылы ақыл-есінен айырып мəңгүрт жасау немесе астарлы  да,  зымиян  саясаттың  ықпалымен  жүзеге  асып  отырған,  бірақ  дəл  қазір  бұндай      жоқ.

«Мəңгүртік» жетілген басқа формада, яғни мемлекеттік негізде, өмір сүріп жатқандығы даусыз шындық.

Бұрынғы мəңгүрттік мəңгүрттік пе? Əр заманның өз мəңгүрті болады екен. Сырттан күшпен енгізілген отаршылдықтың таз кепеші бұрынғыдан да күшті болды. Жаман дерт қашанда жалғасын тауып, өрбігіш, өміршең келмей ме? Бүгінде туған тілін, дінін, ділін, тегін танымас шала жансар рухани   мəңгүрт   ұрпақ   пайда   болды.   Бұл   күнде   ешкімнен   зорлық,   қорлық   көрмей-ақ  қазақ жастарының кейбірі ерікті тұрде мəңгүртке айналуда. Бұл қазақ ұлтының, қоғамының дерті. Мəңгүрттіктің қай-қайсысы да жақсы емес, бірақ соның ішінде бүгінгі таңда рухани мəңгүрттік аса қауіптісі. Мемлекетіміз бұл дертті жоятын шараларды іске асыруда. Бірақ бұған ұзақ уақыт қажет, өйткені дерт күшті. Кейде қорқып, екі удай ойға да келесің. Сөйтіп, қарап отырсақ, бір кезде Əбіш Кекілбаев пен Шыңғыс Айтматов сөз еткен мəңгүрттік проблемасының мазмұны да, түрі де өзгеріпті. Бірақ түптамыры бір. Аңыздарда айтылатын мəңгүрттікке бірлі-екілі адам ғана шалдықса, ал, қазіргі таңда бұл үлкен қоғамдық проблемаға айналды, сондықтан да мəңгүрттік проблемасы шешуі қиын үлкен қоғамдық мəселеге айналып отыр.

Дегенмен де, қазіргі дүниежүзілік даму барысында, ұлттық мəдениеттің тамырларының ерекшеліктері жоғалып, уақыты өткен дүниелер ретінде «өгейсініп», қолданылу аясы тарылған. Олар біздің бүгінгі күндегі тұрмыс-салтымызға, əдет-ғұрпымызға, қоршаған ортаға тəн емес деп, əлдебір «баршылық-техникалық» мəдениетке бет алудамыз.

Қазіргі уақытта дүние жүзінде аса күрделі процестер іске асуда. Соның бірі — жаһандану процесі. Ғылым мен техниканың көз ілеспестей дамудың шегіне жеткен ғасыры. Қаттырақ айтар болсақ, біз сияқты енді ғана еңсесін көтеріп келе жатқан елді алпауыт мемлекеттер таптап кету қауіпі тұрған дəуір.

Жаһандану кезінде қуатты елдердің ықпалы басқа елдерге күшейе түседі. Оны біз елімізде бүгінгі жастардың мінез-құлқынан да байқап отырмыз. Бірақ көпшілік жағдайда, қоғамда болып жатқан жайларды нарық заңдылықтарының əсері деп, өзімізді-өзіміз уландырамыз. Қуатты ел болғанда ұлттық ой-санамыз да жетіліп, өзіндік бағыт-бағдарын алады деп үміттенеміз.

Бүкіл əлем халықтары өміріне жаһандану үрдісі еніп келе жатқан бүгінгі күнде өз тəуелсіздігіне кеше ғана, өткен ғасырдың соңында қол жеткізген Қазақстан үшін өз келбетінен айырылып қалмау мəселесі өткір де өзекті болуы тиіс. Демек жаһандану деген осы екен, біз осыған илігіп ере берсек, нағыз өркениетті, мəдениетті халық болып шығамыз деу қазақ ұлты үшін өте қауіпті. Сол үшін де жаһандану мəселесін толық түсініп күрделі де жан-жақты талдау қажет.

Осыған байланысты қазақстандық философ Т.Қ.Бурбаев былай дейді: «Əрбір тұлға белгілі бір мəдени ортаның жемісі немесе ол бір мəдениетті бойына сіңіруші, оны өзінің бойтұмарындай сақтаушы, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші. Өмірдің жеке тұлға үшін мағынасы немесе қызығы мен шыжығы да осында. Əрине, адам болмысында өмірдің мағынасын нəрлендіріп, аша түсетін көптеген құндылықтар бар екені сөзсіз, дегенмен адам үшін халқыңа қызмет істеуден, сол халқыңның шынайы ұл қызы бола білуден артық бақыт болмаса керек. Сонда халықтың шынайы ұл-қызы бола білу деген нағыз қазақ болу деген ғой.

Сонымен, жаһандастыру кезеңінде қазақ болу оңай ма? деген сұрақ төңірегінде  ойланып көрейік. Бəз біреулер, тəйірі, осындайда сұрақ бола ма? деуі де мүмкін. Əрине, қазақ болып туу бар да, қазақ болып өмір сүру бар. Біле білгенге екеуі екі нəрсе, екі дүние. Қазақ болып өмір кешуі қазіргі заманда шүбə келтіретін құбылыс.

Қазақ болу деген сөз сол халықтың ғасырлар бойы жинаған ұлы қасиеттерін бойына ұстау, оны сақтау, дамыту оған өскелең ұрпақты тəрбиелеу, дəстүрің мен салтыңды, тілің мен өнеріңді, мəдениетіңді болашаққа мирас ету. Міне, осы тұрғыдан ой өрбіткенде қойылған сұрақ салмағының қаншалықты ауыр екенін, оған берілер жауап та қомақты болу керектігі айтпаса да түсінікті. Заман өзгеріп, адамзат жаңа көкжиектерге шыққан сайын, əлемдік саяси, экономикалық, мəдени тұтастандыру процесі неғұрлым шапшаңдаған сайын өзін-өзі енді танып, етек жеңін енді  жия бастаған халық үшін, мұндай сұраққа жауап берудің қаншалықты қиын екенін де сезінеміз» [8].

Сондықтан да жаһандану аясында ұлт ретінде жойылып кетуге апарып соқтыруы мүмкін рухани мəңгүрттіктен сақтану, алдын алу шараларын бүгінгі күннен бастаған жөн.

Халқымыздың бір туар ұлдарының бірі М.О.Əуезов: «Əуелі адам баласының келешектегі адамшылығына ірге болатын істі сол адамның шыққан ортасы бір сурет жасап беріп, соған өзі киген тонын кигізеді. Содан кейін ол адамның өмір жолында көретін жақсы, жаман үлгісінің бəрі-жамау, ия бояу болады», — дейді [9]. Бұдан шығатын қорытынды мынау: жалпы қандай халықтың болсын сан ғасыр сарайынан өткен өзіне ғана тəн ұлттық үлгі-өнегесі, миллиондаған ұрпағын тəрбиелеген салт- дəстүрі, əдет-ғұрпы, таным-нанымы бар. Əркімнің өзі арнап пішкен тоны болады, ол біреуге кең, біреуге тар келеді дегендей, өзінікі өзіне ғана жарасып, үйлесіп тұрады. Демек, қай халықтың болсын өзіне тəн тұрмыс-тіршілігі, күн-көрісі, салт-санасы ұзақ дəуірлер бойы бірге жасасып, сол халықпен біте қайнасып, қалыптасады деген сөз.

Дегенмен де, қазіргі жас жеткіншектер бозбала, бойжеткендер көбінесе Еуропаға, не мұхиттың ар жағындағы құрбыларына еліктейді. Əр елдің намысына қарай өз мəдениеті, əдет-ғұрпы өзіне   ғана жарасатыны хақ. Бұл біздің қазақ жастарында «қарға боламын деп аяғын үсітіпті» дегеннің кері болып отыр.

«Не деген бақытты едің келер ұрпақ» деп XX ғасырдағы қазақ өлеңінің хас шебері Қасым Аманжолов жырлағандай, тəу етер тəуелсіздігін алған тұстағы қазақ жұртының ұл мен қызының бақ- тəлейі бөлек-ақ. Олай дейтініміз, жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқы ежелден-ақ бес нəрсені бой тұмардай қасиет тұтып, қадірлеп өтіпті. Олар: тілі, діні, ділі, тарихы, ата- мекені, осы бес анық. Бұл бесеуінсіз қандай халық болмасын, тарихтың тереңінен нəр алып өзінің жеке дара ұлт екенін дəлелдей алмайды екен. Қазіргі таңда, талай дүрбелеңге түсіп, қаншама қиындықтарға ұшырап, «толарсақтан саз кешсе де» рухы ортайып көрмеген ата-бабаларымыз аманат етіп қалдырған осы бес құнды дүниелерді кейінгі ұрпақ, қазіргі жастар, көздің қарашығындай сақтай алып отыр ма? деп те ойланып қаламыз. Жауырынды жаба тоқығанымызбен көңіл күпті екені анық.

Мен кіммін? Ертең кім боламын? Тамырым қайда? Қайдан шықтым? Өмір сүрудің қазіргі жаһандану үрдісінде мəні не? деген маңызы зор сұрақтарды əрбір қазақ азаматы өзіне іштей болса да қойып, соған жауап іздер болса, мүмкін біздің қоғамымыз дəл бүгінгідей рухани дағдарысқа ұшырамас еді. Ал рухани дағдарыс болған жерде ұлттың ұлт болып сақталып қалуы неғайбыл.

Белгілі француз философы Жак Деррида: «Ұлттың өзін-өзі айқындап, тануы басқа ұлттардан өзінің артықшылықтары мен ерекшеліктерін айқын сезінуден жəне өзіндік қайталанбас болмысы мен əлемдік ойдың кесек бөлшегі екенін ұғынудан тұрады», — деген [10].

Біз қазір тəуелсіз, дербес елміз, тəуелсіздігімізді аялай білуіміз қажет. Еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ə.Назарбаев: «Тəуелсіздікті əрбір сəт, əрбір секунд қорғауымыз керек», — дейді [11]. Ал тəуелсіздікті жоғарыда атап көрсеткен бес анық қана сақтай алады. Онсыз біз тобырға, яғни мəңгүртке, айналамыз.

Сонымен, мəңгүрттік дегеніміз — М.Шаханов тілімен айтқанда, адамзат тағдырының тамырсыздық індеті. Ол өз өлеңінде тамырыңды тамырсыздық індетінен қалқалайтын əр адамның өз анасынан басқа төрт анасы болу керек деп мəлімдейді: олар туған жер, туған тіл, туған дəстүр мен салт-санасы жəне туған тарихы. Осы қасиетті төрт ана — адамзат тағдырының тынысы, ал осы төрт ана үшін болатын күрес — күрестердің ұлысы деп тамаша көрегендікпен бейнелейді. Қазіргі адамзат тағдыры шынымен де тамырсыздық індетін бастан кешіп отыр. Сондықтан да қазіргі кезде қазақ даналық рухымен оның өрелі даму жолын, тарихын философиялық негізде талдау аса  маңызды мəселе болып табылады. Өйткені философия бүкіл адамзаттың, оның ішінде қазақ халқының, рухын танудың бірден-бір жолы. Жекелеген адамдар үшін философия — өзіндік сананың ең жоғарғы формасы. Тек өзіндік сана, өзін-өзі жете тану арқылы ғана əрбір жеке тұлға өз халқының рухани дүниесіне зер салып, содан бойына нəр алады.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Сен де бір кірпіш дүниеге...(Абай өлеңдері мен «Қара сөздері»). — Алматы: Рауан, 1994. — 116-б.
  2. Есім Ғ. Хəкім Абай (даналық дүниетанымы). — Алматы: Атамұра-Қазақстан, 1994. — 191-б.
  3. Айтматов Ш., Шаханов М. Құз басындағы аңшының зары. — Алматы: Рауан, 1977. — 110-б.
  4. Қазақ: Жоғары оқу орындары студенттеріне арнал. оқу құралы. — Алматы: Білім, 1994. — 86-б.
  5. Қазақ рухының философиясы: Оқу құралы. — I-кіт. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2003. — 7-б.
  6. Шəкəрім. (Өлеңдері мен поэмалары). — Алматы: Жалын, 1988. — 87-б.
  7. Сейдімбеков А. Қазақ əлемі: Этномəдени пайымдау. — Алматы: Білім, 1997. — 111-б.
  8. Бурбаев Т.Қ. Қазақ болу оңай ма? Ғаламдастыру қарсаңындағы ділдік болмыс хақында // Ақиқат. — — № 12. — 55–60-б.
  9. Қазақ тілінің болашағы бар ма? (дөңгелек үстел) // Жалын. — 2004. — № 4. — 59–62-б.
  10. Миголтаев А. Философия. — М.: ЮНиТи, 2003. 
  11. Назарбаев Н.Ə. Қазақстан жедел əлеуметтік, экономикалық, саяси жедел жаңару жолында // Егемен Қазақстан. — 19 ақп. — 3-б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.