Еліміздегі жұмыссыздық мəселесін шешудің түрлі жолдары

Тəуелсіз жас мемлекетіміздің аз ғана уақыт ішінде қол жеткізген жетістіктері, бағындырған белестері мақтан тұтарлықтай. Жеткен жетістіктерімізге Елбасымыз Нұрсұлтан Əбішұлының 2012 жылғы Қазақстан халқына Жолдауынан мəлімет келтіріп өтуге болады:

  • жаңа құрамдағы Парламент жəне жаңарған Үкімет өз жұмысына кірісті;
  • 2011 жылмен салыстырғанда 2012 жылы ел экономикасы 7,5 пайызға өсті;
  • ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 11 мың доллардан асты;
  • бұрын сатылып кеткен активтердің бірқатар маңызды бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылып алынды;
  • барлық акциялардың пакеті Қазақстанға оралып, оларға өзіміз басшылық ететін нəтижеге де қол жеткіздік жəне т.б. [1].

Мұның өзі еліміздің алға қарай біраз қадам жасағанын көрсетеді. «2013 жылғы қаңтарда жұмыссыздар саны, бағалау бойынша, 488,1 мың адамды, жұмыссыздық деңгейі 5,4 % құрады. Қазақстан Республикасы Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2013 жылғы қаңтар айының соңына 47,9 мың адам («Жұмыспен қамту бағдарла- масы – 2020» қатысатындар құрамына енгізілген тұлғалардың есебінсіз) ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздар үлесі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,5 %-ын құрады (2012 ж. қаңтар —, 0,5 %).

2013 жылғы қаңтардағы бағалау бойынша, жасырын жұмыссыздық деңгейі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,4 %-ын құрады.

Статистика агенттігінің мəліметіне қарағанда, республика экономикасында 2013 жылғы қаңтарда (бағалау бойынша) 8,5 млн адам жұмыспен қамтылды. Өткен жылғы сəйкес кезеңге қарағанда олардың саны 57,0 мың адамға, яғни 0,7 %-ға көбейді. Жалдамалы қызметкерлердің саны аталған кезеңде 5,8 млн адамды (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 68,8 %) қамтиды.

Бүгінгі əлемдегі экономикалық жəне шаруашылық қатынастардың күннен күнге дамуы барысында жұмыссыздық мəселесі назардан тыс қалған емес. Жұмыссыздық, макроэкономикалық теория тұрғысынан, негізгі макроэкономикалық мəселелердің бірі болып саналады. Себебі экономикалық өсуге жұмыссыздықтың тигізер əсері айтарлықтай деңгейде.

Жұмыссыздық зардабын бəсеңдететін факторлардың қатарына ғылыми-техникалық өрлеу, жаңа қосымша жұмыс күшін қажет ететін өндіріс саласындағы еңбек етуге қабілеті бар тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету жатады. Жалпы, ғылыми-техникалық революция жағдайында жұмыспен қамтуды тұрақты түрде өсіру, негізінен, өндірістік емес салалардың дамуы арқылы жүзеге асырылады. Оның ұлғаюы, тұрғындардың əр түрлі қызмет түрлеріне деген шығынының тез өсуімен жəне халық шаруашылығының орташа көрсеткішіне қарағандағы жоғары еңбек ауқымдылығымен сипатталады.

Дүние жүзіндегі маңызды мəселелердің бірі — жұмыссыздық деңгейін төмендету жəне жұмыссыздарды жұмысқа тұрғызу. 2013 жылдың 2 тоқсанында жұмыссыздық деңгейі көрші Ресей мемлекетінде 5,3 % құраса, Еуроаймақта жоғарғы мөлшерде 12 % құрады. Ең қиын жағдай, Грек жəне Испан мемлекеттерінде жұмыссыздық деңгейі 2013 жылдың маусымына 26 пайыздан жоғары мөлшерді құрады, ең төменгі көрсеткіш 5 % мөлшерінде Австрия жəне Германия мемлекеттерінде тіркелген. Жапония мемлекетіндегі жұмыссыздық деңгейі 3,8 % төмендеген. АҚШ-та жұмыссыздық деңгейі 2012 жылғы 7,8 % 2013 жылдың маусымына 7,4 % төмендеген.

Қазақстандағы 2013 жылдың 2 тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 5,2 %, немесе 469,2 мың жұмыссыздарды, құраған, олардың 258,8 мыңы, яғни 55,2 %, əйелдер. 2013 жылдың 1 маусымына 182,6 мың жұмыссыздар жұмыспен қамту орталықтарына ресми түрде өтініш білдірген, олардың 89,6 мыңы ауылдық жерлерден екені белгілі.

Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректеріне сəйкес, кəсіпорынның жабылуы, штаттың қысқартылуы немесе келісімшарттың мерзімінің бітуі себептерімен 102,8 мың адам жұмыстан босатылған, ол барлық жұмыссыздар санына шаққанда 22,5 % құрайды. Аймақтар арасында бұл көрсеткіш Оңтүстік Қазақстан обылысында — 23,2 мың адам, немесе республика бойынша көрсеткішке шаққанда 23 %, Ақмола жəне Ақтөбе обылыстарында — 10,3, немесе 10 %, құрайды. Өз еріктерімен жұмыстан босатылғандар саны 108,7 мың адам, немесе барлық жұмыссыздар санына шаққанда 23 % көрсеткен. Бұл көрсеткіш Павлодар облысында 14,3 мың адам, немесе облыс бойынша жұмыссыздар санына шаққанда 13,2 %, Қостанай облысында — 13,0 мың, немесе 11,9 %, құраған.

Жұмыссыздықтың ұзақ мерзімге созылуы айтарлықтай кері əсерін тигізуде. Өйткені ұзақ мерзімде жұмыс таппаған жұмыссыздар жұмыс іздеуден бас тартады жəне олар жұмыс күші ретінде саналмайтын да болады. Макродеңгейдегі созылмалы жұмыссыздық билеп алған халықтың үлесі көп болса, соғұрлым оның орта жəне ұзақ мерзімдегі экономикаға тигізер залалы да артады. АҚШ-та бұл көрсеткіш барлық жұмыссыздар санының 29 % шамасында, ол 2007 жылы 10 % құраған.

Қазақстандағы 1–3 жыл аралығындағы жұмыс ізеуші жұмыссыздар саны 60,8 мың адамды, оның барлық жұмыссыздар санына шаққандағы үлесі 13,3 пайызды құрайды. Олардың көбі ауылдық жердің тұрғындарынан 34,9 мың адамды құраған жəне оның ішінде 19,6 мыңы, яғни, 17,8 пайызы əйелдер [6].

Жұмыссыздар (табысты жұмысы болмаған, оны белсенді іздеп жəне оған кірісуге дайын 15 жəне одан жоғары жастағы тұлғалар) саны 2013 жылғы 2 тоқсанда 17,4 мың адамды құраса, өткен жылғы сəйкес мерзіммен салыстырғанда 1 мың адамға кеміді. Қазірде жұмыссыздық деңгейі 5,0 % болып қалыптасты (2012 жылғы 2 тоқсанда 5,2 %) (1-сур).

 1-	cурет. 2012–2013 жылдардағы жұмыссыздық деңгейі, % 2013 жылғы III-тоқсандағы жынысы жəне жасы бойынша жұмыссыз халық   

2013 жылғы III-тоқсанда жұмыссыздардың жалпы санындағы 15–24 жастағы жастардың үлесі 9,6 %, немесе 44,9 мың адамды, 15–28 жастағы жастардың үлесі 32,9 %, немесе 154,0 мың адамды, құрады. 15–24 жастағы жастар жұмыссыздығының деңгейі 3,9 % (2012 жылғы III-тоқсанда — 3,8 %), 15–28 жастағылардікі — 5,4 % (2012 жылғы III тоқсанда — 5,2 %) болды.

Соңғы жылдары ұзақ мерзімді жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі байқалады. Алайда ұзақ уақыт бойы жұмыс іздеп жүрген жұмыссыз адамдардың үлесі əлі де едəуір. Биылғы жылы 229,4 % мыңнан аса адамның жұмысы болмады. Бұл олардың жалпы санының 37,3 % құрады. Бір жəне одан ұзақ уақыт бойы жұмыс іздеп жүрген жұмыссыздар ішінде əйелдер басымдық танытады, 67 %-ға ие. Ұзақ мерзімді жұмыссыздық ерлерде — 3,1 %-ке, əйелдерде 5,6 %-ке жетті.

Жұмыссыздық, соның ішінде жастар жұмыссыздығы, қай елдің болмасын өзекті, шешімін табуды қажет ететін мəселесі болып табылады. Бұл — біздің елде де орын алып отырған басты мəселе. Қазақстандағы жастар арасындағы жұмыссыздық елдегі жалпы жұмыссыздық деңгейі бойынша жоғары көрсеткіште болып отыр. Экономикалық дағдарыс кезеңінде жастар, көбінесе, халықтың осал тобына қосылады. Расында, экономикалық өсім құлдыраған кезде жастар дағдарыстың əсерін алғашқылардың бірі болып сезеді. Сонымен бірге экономикалық қиын кезеңдерде жалпы жұртшылыққа қарағанда, əсіресе жастардың жұмысқа орналасуы оңайға соқпайды. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі жалпы жұмыссыздық деңгейінің жартысына жуығын құрауда.

Бұл тек біздің елдегі ғана өзекті мəселе емес. Халықаралық еңбек ұйымы əлемдегі жастар арасындағы жұмыссыздық «дағдарыс деңгейіне» жетті дейді. Ұйымның баяндамасында əлемдегі жастардың 13 % жуығы жұмыссыз екені айтылған. Ал қазақстандықтар елдегі жұмыссыздық туралы əр түрлі пікірлерін айтты.

Женевада (Швейцария) орналасқан Халықаралық еңбек ұйымының мəліметі бойынша, əлемде 15 пен 24 жас аралығындағы азаматтардың 13 %, шамамен 75 млн адам, жұмыссыз қалған. Көптеген білікті жастар жарты жалақыға немесе қара жұмыс істеуге мəжбүр болып отыр. Ұйымның айтуынша, «əлемде 6 миллионнан астам азамат жұмыс табудан үмітін үзген». Халықаралық еңбек ұйымы əлем елдерінің үкіметтерін жұмыс орнын ашу мəселесін «ең басты мақсат» деп қарастыруға шақырды.

«Дағдарыс деңгейіне жеткен жастар арасындағы жұмыссыздық проблемасы жұмыс орнын ашу мен шешім шығару процесіндегі басты мақсатқа айналып, жекеменшік секторындағы инвестиция айтарлықтай дамыса ғана, бұл мəселе шешілуі мүмкін» деп мəлімдеген еді Халықаралық еңбек ұйымы.

Қазіргі кезде еліміздегі жастардың жұмыссыздығы мəселесі біртіндеп шешіліп жатыр. Солардың бірі — жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін қолданылып жатқан шаралар жəне бұл шаралардың жүзеге асырылуы:

  1. Қазақстан Республикасындағы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңы аясында нақты шаралар мен міндеттер орындалуы керек. Жастардың құқығы қорғалуы керек.
  2. Жекеменшік секторын қаржыландыру қажет.
  3. Жастар кəсіпкерлігін қолдау тиіс.
  4. Жалпы кəсіпкерлік секторды инвестициялау қажет.
  5. 2020 жылға дейінгі жастар саясатының тұжырымдамасы, келешек ұрпақтың белсенді өмір сүріп, ел ішіндегі əрбір істен тыс қалмауына жағдай жасайды. Ал, 2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясатын дамыту тұжырымдамасы жұмыссыздықты азайтуға бағытталады.
  6. Қазіргі жастарды қолдауға арналған бағдарламалардың барлығы жастардың тұрмысын түзеу үшін қолға алынып отырғаны шындық. Бүгінде жастар саясаты саласында əлеуметтік маңызы бар 76 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде «Ауыл жастары», «Дипломмен — ауылға!», «Жастар – кадрлық резерві», «Жастар — Отанға» жəне «Жастар тəжірибесі», «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы сияқты жақсы-жақсы жобалар бар.
  7. ҚазАқпараттың хабарлауынша, жастар арасындағы жұмыссыздықтың ғаламдық деңгейі 12,7 %-ды құрауда, яғни дүние жүзіндегі жұмыссыз жастар саны 4 млн адамға артқан. Біздің елдегі жағдай əлдеқайда жақсы, 2012 жылдың 4-тоқсанындағы жұмыссыздық деңгейі — 5,4 %-ды, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9 %-ды құраған.
  8. Жастарды еңбекпен қамтуға «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасында ерекше көңіл бөлінеді. Бағдарламаның шамамен 60 %-на қатысушылары — бұл жастар. Жастар саясатын дамытудың жаңа тұжырымдамасы алдымызға белгілі тапсырмалар қояды, олар келешекте орындалатын болады», — деп атап көрсетті Еңбек министрлігінің басшысы.
  9. Айта кететін жайт, жастардың еңбек етуге құлшынысын жоғалтпау керек, ол жұмыс істеуге белсенді кірісіп, өзіне-өзі жұмыс іздеп, белсенділік таныту керек, жалқаулыққа бой алдырмауы тиіс.

Жастар арасындағы (15–28 жас) жұмыссыздық дүние жүзі елдерінде қобалжулық туғызып отыр. Жастар арасындағы жұмысқа тұру — 15-тен 24 жас аралығында күрделі мəселенің бірі, өйткені бұлар оқу орындарын бітіретін жастағылар болып табылады. 2013 жылы жастар арасындағы жұмыссыздық көршілес Ресейде 14,8 % құрады, ал Еуроодақ елдерінде 23,5 % болды. 2008 жылдан бері жастар арасында жұмыссыздық саны төмендеген жалғыз мемлекет, ол — Германия — 7,9 %. Португалия мен Италияда бұл көрсеткіш 37 % тақайды, ал Грек жəне Испан елдерінде ол 55 % асады (2-сур.).

   2-сурет. 2013 жылдың желтоқсан айындағы дүние жүзі елдеріндегі жастардың жұмыссыздық деңгейі

Қазақстан Республикасында есеп беру кезеңінің аяғында тіркелген жастар арасындағы жұмыссыздық, жұмыспен қамту органдарында тіркелген барлық жұмыссыздар санына шаққандағы үлесінің өзгеруі (Астана мен Алматы қалалары, аймақтық жұмыспен қамту басқармаларының мəліметтеріне сəйкес).

 Қазақстанда 2013 жылдың 2-тоқсанында 15–28 жастағы экономикалық белсенді жастардың барлық саны 2407,5 мың адамды құрады, яғни бұл — республика бойынша барлық экономикалық белсенді халық санына шаққанда 26,6 %. Мемлекет экономикасында жұмыс істейтіндер 2266,6 мың адам, немесе 26,4 %, олардың ішінде басым көпшілігі жалдамалы жұмысшылар — 67,7 %, немесе 1534,6 мың адам, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар — 732 мың адам, немесе 32,3 %, жұмыс істемейтін жастар — 140,9 мың адам, немесе барлық жастар санына шаққанда 6,2 % (2-кесте).

                                                                                                                                                            2-кесте

  Жастар арасындағы (15–28 жас аралығында) жұмыссыздық деңгейі (Қазақстан Республикасы статистика агенттігінің мəліметтеріне сəйкес)

Жұмыспен қамту органдарының мəліметтеріне сəйкес, 2013 жылдың 2-тоқсанының аяғындағы тіркелген жастар жұмыссыздығы 20,5 мың адамды құрады [6].

Ендігі кезекте еліміздегі жұмыссыздық деңгейіне келетін болсақ, Қазақстан Республикасының өңірлеріндегі соңғы жылдардағы жұмыссыздық деңгейі 3-кестеде көрсетілген.

 2006–2013 жылдар арасындағы Қазақстан Республикасының өңірлері бойынша жұмыссыздық деңгейі

Жоғарыдағы кестеде Қазақстанның 14 облысы жəне Алматы мен Астана қалалары бойынша 2006 жəне 2013 жылдар аралығындағы мəліметтер берілген. Бұл мəліметтер бойынша Қазақстан Республикасы бойынша жұмыссыздық деңгейі 2006 жылы 8,8 % тең болса, 2013 жылы 5,3 % дейін төмендегенін көреміз. Соның ішінде Елордамыз — Астанада жұмыссыздық деңгейі 2006 жылдағы 8,4 пайызға қарағанда 2012 жылы 10 % дейін көтеріліп, 2013 жылы 5,6 % күрт төмендеген. Кестеде көрсетілгендей, 2006 жылы ең төмен жұмыссыздық деңгейі Шығыс Қазақстан облысында болса, 2013 жылғы деректер бойынша, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды облыстарында. Ал жұмыссыздықтың ең жоғарғы деңгейі 2006 жылы Қызылордада болса, 2013 жылы Алматы қаласында байқалған.

Қазақстан Республикасының «Жұмыспен қамту туралы» Заңына сəйкес жұмыс беруші кəсіпорын халықты жұмыспен қамтуға белсенді қатысуы керек. Заң бойынша жұмыс берушілер мемлекеттік жұмыспен қамту саясатын іске асыруға мүдделі:

  • жұмыссыздарға жұмысқа орналасуға жəрдем көрсету;
  • қызметкерлерді кəсіби даярлау жəне оларды оқыту жүйесін дамыту;
  • қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру жəне жүргізуге жəрдемдесу;
  • қызметкерлерді сақтандыру жəне тағы сол сияқты əрекеттер жүргізу.

Ал, мемлекет азаматтардың жұмыспен нəтижелі əрі еркін таңдау арқылы қалыптасуына жəрдемдесу саясатының жүргізілуін қамтамасыз етеді. Осыған орай, мемлекет жұмыссыздықтағы əлеуметтік қорғаудың мынадай түрлерін атап көрсетеді:

  • жұмысқа орналасуға жəрдемдесу;
  • жұмыссыздар үшін кəсіби даярлау, біліктілікті арттыру, қайта даярлау жəне қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру;
  • қоғамдық жұмыстарда істейтін жұмыссыздар еңбегіне ақы төлеу;
  • табысы аз азаматтарға жататын жұмыссыздарға атаулы əлеуметтік көмек көрсету;
  • Қазақстан республикасында жұмыссыздыққа қарсы əлеуметтік саясатты жетілдіру үшін 2011– 2020 жылдарға арналған жұмыспен қамту бағдарламасы қабылданды;
  • бұл бағдарламаның негізгі бағыттары экономика салаларында жаңа жұмыс орындарын құру болып табылады;
  • жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныс теңгерімділігі жөніндегі шаралар жүргізу;
  • халықты əлеуметтік   қолдауға   мұқтаж    нысаналы   топтардың   жұмыспен   қамтылуын ұйымдастыру;
  • қосымша жұмыс орындарын құратын шағын жəне орта кəсіпкерлікті қолдау мен дамыту;
  • жұмыспен қамтудың өңірлік мəселелерін шешуде жергілікті атқарушы органдардың рөлі жөніндегі шаралар қабылдау;
  • білім беру ұйымдарының түлектерін жұмыспен қамтуға жəрдемдесу жəне т.б. [5].

Халықтың əл-ауқатын жақсартуға бағытталған кедейлікті азайту іс-шаралары жəне жұмыспен қамтылған халық санын көбейтуге жасалып жатқан мемлекеттің оң саясатына қарамастан, кейбір мəселелер əлі де алаңдату туғызуда. Елдегі жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі Қазақстан үшін экономикалық өсуге өз септігін тигізуде, оның үстіне, одан əрі жұмыссыздық деңгейін төмендету, яғни, жұмысбастылықты көтеру мақсатында, халықты жұмыспен қамту саясаты жүзеге асырылуда. Оның жарқын дəлелі — «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын орындау аясында 2016 жылға қарай 1,5 млн адамды жұмыспен қамту қарастырылуда [3].

«Біздің басты мақсатымыз — əлеуметтік қауіпсіздік жəне азаматтарымыздың байқуаттылығы. Бұл — қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепілі. Нағыз пəрменді əлеуметтік саясат — ол халықты жұмыспен тұрлаулы қамту саясаты» делінген Президент Жолдауында. Ендеше, мемлекеттің қоғамның шын мəніндегі көмекке зəру мүшелерін қолдау жөніндегі жауапкершілікті өз мойнына аларына сенім мол.

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Назарбаев Н.Ə. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Қазақстан халқына жолдауы // Егемен Қазақстан. — 2012. — № 828–831. — 15 желт. — 1–8-б.
  2. Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010–2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы // Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наур. № 958 Жарлығы.
  3. Қазақстан Республикасының «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы. — 2011. — 31 наур.
  4. «Даму» кəсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ веб-сайты // [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: damu/kz
  5. Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайты // [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: enbek.gov.kz
  6. Қазақстан Республикасының Статистика агенттігінің ресми сайты // [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: stat.gov.kz- 2013
Жыл: 2014
Категория: Экономика