Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Фразеологизмдер құрамындағы түр-түс атаулары: лингвотанымдық талдау

Қазіргі біздің еліміздің халықаралық деңгейдегі жаһандану үдерісі кезеңінде барлық саладағы халықаралық ынтымақтастығы мен байланыстардың нығаюы əр түрлі халықтың тіл жəне мəдениет өкілдерінің əлемді қабылдау, сезіну ерекшеліктерін тану жəне түсіну қажеттілігін алға тартады.

Ғылым мен техниканың дамуы ғылымның барлық салаларына, соның ішінде тіл білімінің дамуына да өз əсерін тигізуде, лингвистикада жаңа бағыттар мен түрлі салалардың негізі қаланып, дамып, тіл білімінің зерттеу нысанының саны артуда. Этнолингвистика, когнитивтік лингвистика, лингвомəдениеттану, паралингвистика, прагмалингвистика сияқты лингвистика салалары тілді əр деңгейде, ғылыми тұрғыда зерттеуге мүмкіндік туғызды. Қазақ тіл білімі де жаңа бағыттардағы зерттеулермен толығу, даму үстінде.

Əр халықтың этникалық болмысының шынайы нышаны — тіл. Қазіргі таңда тілдің теориялық- танымдық тұрғыдан зерттелу қажеттілігі туындап отыр. Бұл тұрғыда тіл мен адам санасының тұтастығы қарастырылып, адам санасының жемісі тілдік білім, күрделі ассоциативті-вербалды құрылым, болмысты рух жəне ой бірлесуіндегі таратушы жүйе боп кешенді түрде сипаттауға негізін табады.

В. фон Гумбольдттың «салыстырмалы антропологияcы» əр түрлі мəдени топтардың рухани ұйымдастырылу маңыздылығын айқындау мақсатында қатар қойып зерттеу деп пайымдайды. Яғни, салыстырмалы антропология адамның ойлау, сезіну, эмоциялық тұрғыдан қабылдау түрлері, əр түрлі мəдениетте əрқалай болу сияқты мəселелерді қамтып қарастырады. Осыған байланысты «адамзат рухының» тілдегі, əдет-ғұрыптағы, дəстүрдегі, мифтегі көрінісін зерттеу, яғни қабылдау, тану, ойлау мен адамның əлемге эмоционалдық қатынасын талдау оның өзекті мəселелеріне жатады. Тіл «халық рухының əрекеті» тұрғысынан салыстырмалы антропологияда əлемді ұлттық тұрғыдан реттеу құралы ретінде қарастырылған. Себебі əрбір тілде «халықтың өзіне тəн мінезі бейнеленетін дербес бейнелер» бар [1].

Əр этностың арасындағы мəдени жəне психологиялық ерекшеліктерді зерттеудің бірден-бір жолы — негізгі концептерді зерттеу. Мəдени константын, менталитетін көрсететін мəнді концептердің бірі — «түр-түс» концептісі. Қазіргі кезде мəдениетаралық қатынастың кеңеюіне байланысты, тілі, діні, мəдениеті əр түркі, еуропалық тілдердегі түр-түс концептісін ашатын сөздер мен сөз тіркестеріне когнитивтік жəне лингвомəдени талдау жасау арқылы, «түр-түс» атауларының аталған тілдегі ұлттық-мəдени ерекшелігін, сонымен қатар əлемдік тілдік бейнесінің əр ұлт өкілдер санасындағы құрылған моделін анықтау өзекті болып саналады.

Адам өмірінде түстің үлкен маңызы бар. Түс адамдардың көңіл-күйіне, эмоциясына əсер етеді. Сондықтан да түстерді əр түрлі ғылым салаларының мамандары зерттеп-зерделеуге тырысады. Дегенмен түстердің əр қырын (аспектілерін) зерттегенде мамандар тарапынан адамзаттың қоршаған ортадағы заттар мен құбылысты атауда қолданатын тереңде жатқан тарихи-мəдени тəжірибесі толығымен ескерілмейді. Дүниенің түр-түс бейнесі де толығымен жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Тілшілер де түр-түс атауларын негізгі лексикалық топтардың қатарына жатқызады. Лингвистер, этнолингвистер, тіл тарихын зерттеушілер он шақты тілді зерттей келе, түр-түс атауларының жүйесінде кейбір əмбебап ұқсастықтар кездеседі деген тұжырымға келеді. Сондай-ақ белгілі бір түстің əр түрлі реңкіне қатысты тіл-тілде бейнелі тіркестер, идиомалар жəне мақал-мəтелдер қолданылады. Олар əрбір ұлттың өткен өмірінен əлеуметтік-тарихи, эмоционалдық-ментальдық ақпарат бере алады [2].

Шындығында түр-түс атауларын тамыры алыста жатқан, халықтың ұзақ тарихымен төркіндес, оның рухани, мəдени өмірімен астарласа келіп, эстетикалық талғам-танымымен, ұлттық психологиясымен, салт-санасына, əдет-ғұрпымен ұласатын қоғамдық, филологиялық, этнолингвистикалық мəні зор мəселелер қатарына жатқызуға болады. Түр-түс ғылымының дүниеге келіп, жан-жақты зерттелу нысанына айналғанына екі ғасырға жуық уақыт болды. Алғашқыда түс табиғаты олардың практикалық қажеттілігіне орай көбірек зерттелінді. Бұл тұрғыдан есімдері белгілі болғандар — Ньютон, Ломоносов, Вернер, Саккарде, Рунге, Освальд, Гете, Мерц, Поля, Рехтер, Раткин, М.Люшер т.б. Түр-түстің лингвистикалық тұрғыдан зерттелуі жалпы тіл білімінде — Л.Уроф, А.Мэтьюз, Р.Фрумкина т.б., түркі тілдері əлемінде — А.Н.Кононов, Э.В.Севортян, А.М.Щербак т.б. есімдерімен байланысты.

Түр-түс атауларының табиғатын когнитивтік, семантикалық, əлеуметтік лингвистикалық, психолингвистикалық, салыстырмалы-тарихи тұрғыдан зерттеуді қажет етеді. Шетел тіл білімінде бұндай зерттеулер жүргізілуде. Бұл тұста ағылшын жəне орыс тілдеріндегі түр-түс атауларын мəдениеттану бағытында зерттеген А.Вежбицкаяның еңбектерін атауға болады.

Адамзаттың көру қабылдауының мүмкіншіліктерінің елеулі бөлігін түсті айыру қабілеті құрайды. Сондықтан түр-түс атауларының мəселесін ашу маңыздылығы да орынды: біріншіден, жаратылыста бар түстің экстралингвистикалық ұстанымдары тілдік жүйеде де бейнеленеді, екіншіден, түр-түс атаулары объективті түс гаммасының əр түрлілігін бейнелейтін, ықшамды жəне жеңіл ажыратылатын лексикалық топ болып саналады. Дегенмен түс əр тілде əр түрлі бейнеленеді [3].

Қазақ тілінде түр-түс атаулары көптеген фразеологизмдердің құрамында, кісі жəне жер-су аттарында, түрлі этнографизмдер мен тарихи сөздердің құрамында, мақал-мəтелдер мен жұмбақтарда кездеседі. Түр-түске байланысты фразеологизмнің ішінде сан жағынан ең бірінші орында тұрған тұрақты тіркестер — «қара» түске ұйытқы болған фразеологизмдер. Оның себебі, біріншіден, табиғаттың кең түрде қабылдануына, көрнекілігіне жəне басқа түр-түс атауларымен тіркесе қолданылуына, яғни аралас түр-түсті білдіруге бейімділігіне байланысты болса, екіншіден, оның табиғат пен қоғамның өмірдегі құбылыстардың көбінің түр-түсіне, бейнесіне, сұлбасына, қайғы- қасіретіне, қаралы сəтіне, көңілсіз жайтқа т.б. осы сияқты күңгірт жақтарына қатыстығына байланысты. Қара түс қазақ топырағында — «қайғы-қасірет», «ауыр тұрмыстың тауқыметі»,«қаталдық», «қатыгездік», «кедейшілік-жоқшылық», «қарапайымдылық», «қалың бұқаралық», «нəсілі төмендік» т.б. мағыналарды білдіреді.

Құрамында түр-түс атауы бар фразеологиялық бірліктерді салыстырмалы-салғастырмалы зерттеген еңбектерге қарағанда түр-түс атауларының жасалуына тек лингвистикалық жайттар (фактор) ғана негіз болмайды. Түс атауының жасалуы əр түрлі экстралингвистикалық жайттарға байланысты болған: этностың мəдени үрдісінен, тұрмысынан, салт-дəстүрінен, ұлттық психология мен танымдық ерекшеліктерден, сондай-ақ халық тарихында болған əр түрлі оқиғалар мен объективті құбылыстардан. Сондықтан фразеологизм құрамында түр-түс атауларының қолданылуы кездейсоқтық емес. Зерттеушілер əр түрлі тілдердің лексикалық жəне фразеологиялық бірліктерінде бірдей түр-түс атауларының қолданылуы негізгі əрі өмірде қажетті түстердің жұмсалуында деп есептейді: «Преобладание одних и тех же наименований цветов в лексических и фразеологических единицах различных языков объясняется тем, что это главные, самые необходимые для общения цве- та: «Если мы хотим понять друг друга, то для этого достаточно слов черный, белый, красный, жел- тый, зеленый, синий как главных названий для наших ощущений» [4; 16].

Дегенмен, бірнеше тілдегі түр-түс атаулары бар фразеологизмдерді салыстыра қарастырғанда зерттеушілер қарама-қайшылығы мол, күрделі жайттармен кездеседі. Бұл, əсіресе, шетел тілін оқытуда, көркем туындыларды аударуда қиындық туғызады.

Сонымен, түр-түс атаулары əрбір халықтың лексикалық қорында көптеп кездеседі. Əрбір тілдегі түр-түс атаулары белгілі бір заттың сапалық сынын білдіретін, сондай-ақ белгілі бір халықтың мəдени өмірі мен тарихынан, салт-дəстүрі мен əдет-ғұрпынан мол мəлімет беретін күрделі категория болып саналады.

Түр-түс атауларын зерттеген ғалымдардың тұжырымдауына қарағанда, табиғатта ақ пен қарадан басқа таза, қоспасыз түс жоқ. Жан-жануарларға тəн түр-түстерді талдау негізінде зерттеушілер дəстүр бойынша «негізгі түс» жəне «түс реңктері» деп алудың өзі шартты екендігі, негізгі жеті түстің (не он) əр түрлі мөлшерде араласқан белгілі түстердің қосындысы екендігі көбірек байқалатындығын тəжірибе арқылы көз жеткізген [5].

Қазақ тіл білімінде түр-түс атауларын жаңа қырынан зерттеген ғалым академик Ə.Қайдаровтың есептеуінше, тілімізде заттық негізге сүйену принципі арқылы жасалған бір буыннан тұратын жүз елудей түр-түс атаулары бар. Бұларға қан қызыл, шиедей қызыл, қырмызы қызыл, алтын сары, аспан көк, шойын қара, қоңыр қаз /жай т.б. жатады. Бұл принцип арқылы тіліміздегі түр-түс атаулары үнемі толығып отырары сөзсіз.

Мəселен, орыс тілінде бұл модель бойынша көптеген түр-түс атаулары жасалынған: кофейный, кровавокрасный, молочный, салатный, сиреневый, терракотовый, небесный, горчичный т.б. Қазақ тілінде, керісінше, бұл тəсілмен жасалған түр-түс атауларының саны онша көп емес.

Түр-түстер адамға «жылы», «суық» (немесе «салқын») көрініп əсер ететіндіктен, олар «жылы»,«суық» болып бөлінеді. Мысалы, қара, көк, жасыл түстер адамға «суық» əсер етсе, қызыл, қызғылт,сары түстер адамға «жылы» болып көрінеді.

Зерттеушілердің тұжырымдауына қарағанда, түркітануда, қазақ тіл білімінде түр-түс мəселесін жан-жақты, тілдік материалдар негізінде тұлғалық-мағыналық ерекшеліктерін аша отырып зерттеген еңбектер көп емес. Түркі тілдеріндегі түр-түс атауларының семантикасын алғаш рет академик А.Н.Кононов зерттеуді қолға алды. Осы мəселеге қатысты түркі тілдеріндегі географиялық терминологияда кездесетін «ақ» жəне «қара» сөздерінің семантикасын, түс атауларының мағыналық ерекшеліктерін қарастырған А.Н.Кононовтың «О семантике слов «ақ» и «қара» в тюркской географической терминологии», «Семантика цветообозначений в тюркских языках» еңбектері жатқызылады [6]. Бұл еңбектерінде автор түркі халықтарының тіліндегі түр-түс атауларының жасалу жолдары мен олардың беретін мағыналарын зерттейді.

Қазақ тіл білімінде түр-түстердің тілдегі көрінісін қарастырған бірнеше еңбектер бар. Мəселен, Ə.Қайдаров өз зерттеулерінде табиғаттағы түр-түстерге, олардың жер-су атаулары құрамындағы мағыналық ерекшеліктеріне шолу жасап, төрт түлік мал түстеріне қатысты атаулардың семантикалық жəне этнографиялық сөз орамдарына негіз болуын жан-жақты қарастырады [7].

Сонымен, тіл тілдегі түр-түс атауларының негізгі атауыштық мағынасынан басқа əр түрлі лексикалық-семантикалық, символдық мағыналары халық болмысындағы əмбебап категория екені даусыз. Бұл мағыналар бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жетіп отырғаны белгілі. Тілдердегі түр-түстер өздерінің символикалық қасиеттері арқылы түр-түске тіпті қатысы жоқ немесе қазіргі кезде мүлдем алыс ұғымдар мен мағыналарды білдіреді.

Түс концептісін табиғат концептісімен байланыста қараудың қажеттігін А.Вежбицкая «Тіл, мəдениет, таным» деген еңбегінде былай деп түсіндіреді: «В данной работе я предположила, что универсальные тенденции в нашем понимании цветовых категорий могут быть связаны универсалиями человеческого опыта вообще и в особенности — с универсальными чертами жизни человека на земле. И я истолковала цветовые концепты через понятия окружающей среды, такие которые заключены в английских словах fire ‘огонь’, sun ‘солнце’, sky ‘небо’, grass ‘трава’, sea ‘мо- ре’, ground ‘земля’.... они тоже рассматриваются как конструкты, построенные людьми на базе их жизненного опыта, полученного на земле» [8].

Расында да, «айналадағы табиғатты біршама танып болған адам өзін танып-білуге көп əрекет етіп келеді. Ол өзінің адамдық қасиетін, рухани дүниесі мен мінез-құлқын, жүріс-тұрысы мен т.б. ерекшеліктерін танып-білумен ғана шектелмей, сыртқы пішінін, бет-əлпетін, реңін, шырайын, денесінің (көзінің, қас-кірпігінің, шашының, сақал-мұртының т.б.) түсін анықтауға да көп көңіл бөлген. Осының нəтижесінде тілімізде жүздеген түр-түстік тіркестер, теңеулер, салыстырулар пайда болған» [7; 132].

Поэтонимдердегі түр-түстің символдық таңбасын қарастырған тараушасында Г.Қ.Қортабаева табиғатта жай көзбен жəне арнаулы аспаппен көруге болатын 2000-нан 30000 мыңға дейін түр-түс бар деген деректер келтіреді. Табиғатта кездесетін əр алуан түстің барлығы əрқашанда зат пен құбылыстың атауын бере бермейді. Олар кейде мүлдем түске қатысы жоқ мағыналарды білдіре алады. Түр мен түстің тура мағынасынан басқа ауыспалы, қосымша ақпарат беретін символдық мағыналары да болады. Түстердің діни мағыналары да бар, ақты — христиандар, жасылды — мұсылмандар, сарғыш қызылды — буддаға табынушылар қасиет тұтады. Əр халықтың, əр ұлттың жанына жақын, айрықша қастерлейтін өз бояуы, өз түсі болады [4; 96–97].

Сын есім ретінде қолданылатын негізгі түр-түс атаулары (ақ, қара, қызыл, сары, көк, сұр) көне заманда қалыптасқандығына əрбір халықтың лексикасы мен фразеологиясында кездесетіні дəлел. Бұл жағдай неміс тіліндегі фразеологизмдер құрамында ақ, қара, қызыл, көк, жасыл, сары түстердің жұмсалуына да түсіндіре алады. Неміс тіліндегі фразеологизмдердің жасалуына əр түрлі оқиғалар мен жайттар əсер еткені белгілі.

Түр-түс атаулары лексикалық жүйенің бірліктері, яғни сөздермен ғана берілмейді, сонымен қатар тұрақты сөз тіркестері (фразеологизмдер, мақал-мəтелдер т.б.) арқылы жасалынады. Қандай да бір ұлттың ерекшелігі ең алдымен оның тілі, ана тілі. Мəселен, фразеологизмдер құрамында қолданылатын түр-түс атаулары əр халықтың тілінде көптеп кездеседі. Мұндай фразеологиялық тіркестер қазақ тілінде де, неміс тілінде де айтар ойды əрі қысқа, дəл, тапқыр жəне бейнелі білдіруде күнделікті қарым-қатынаста да, көркем туындыларда ұтымды қолданылады: weiß wie eine Wand werden — (сөзбе-сөз: қабырғадай ақ болу), боп-боз болу, weiß werden — бозарып кету, аппақ болу; weißes Gold — ақ алтын (мақта, қант, фарфор), in schwarz gekleidet — қара кию, қара жамылу; grün und blau schlagenкөк ала қойдай сабау, ауыр соққыға жығу [9].

Академик Ə.Т.Қайдардың айтқанындай: «Фразеологизмдер — күрделі лингвистикалық бірліктер. Олардың күрделілігі тек құрылымдық түрлері мен синтаксистік модельдердің көпшілігімен ғана емес, сонымен қатар тематикалық жəне семантикалық көп жақтылығымен, сондай-ақ ойдың түрлі эмоционалды-экспрессивті реңктерін бейнелеу мүмкіндігімен түсіндіріледі» [10; 12]. Мысалы, ақ дегені — алғыс, қара дегені — қарғыс; ақ, қарасын ажырату фразеологизмдерінде ақ пен қара түс ретінде қолданылып тұрған жоқ, ақ — адал, айыпсыз, қара — айыпты мағыналарында. Қара табан еңбегін сатып күн көрген жарлы, сіңірі шыққан кедей, жалшы, жалаң аяқ; қызыл кеңірдек болу — бекер айқайласып, жанжалдасу; қызыл тіл шешен, жүйрік тіл; қойдан қоңыр — момын, жуас [11].

«Фразеологизм — екі немесе бірнеше мəні бар сөздерден тұратын, мағынасы жағынан тұтас жəне құрылымында тұрақты тіл бірлігі. Ол — халық даналығының айғағы. Тіл тілде түр-түске қатысты көптеген фразеологизмдер тілде ондаған жəне жүздеген жылдардан бері қолданылуда, өйткені халық көңілді əуенді де, ажуа-мысқылды да жеткізетін өткір образдық тіркестерді қолданғанды ұнатады» [12].

Құрамында түр-түс атауы бар кейбір фразеологиялық тіркестердің негізінде тарихи фактілер, сонымен қатар аңыздар да жатыр. Фразеологияға халықтық мақал-мəтелдер де, жазушылардың, ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің айқын жəне тапқыр сөздері де кездеседі.

Өз ойын айқын жəне мəнерлі жеткізуде құрамында түр-түс атаулары бар фразеологизмдер көркем əдебиет тілінде кеңінен қолданылады.

Тіл-тілдегі түр-түске қатысты символдық мағыналар белгілі бір ұлттың мəдени құндылықтарына байланысты ұлттылығымен ерекшеленеді.

Академик Ə.Қайдар қазақ тіліндегі түр-түс атауларының тілдік негізі, пайда болу жолдары, түр- түс атауларының субстантивтенуі (заттануы) мен символдық ауыс мағынада қолданылуын «көп дəстүрлі танымға байланысты мəселе» ретінде қарайды [10; 33].

Қазақ тілінде түр мен түске қатысты эпитет арқылы жасалған адам есімдері де кездеседі. Түр мен түстің табиғатын зерттеген ғалым Н.Б.Бахилина былай дейді: «В художественной литературе цветообозначение используется в качестве эпитета, поэтому важно не точнoе определение цвета, а то, что бросается в глаза, на то хотелось бы обратить особое внимание» [13].

«Қазақ ономапоэтикасы: сатиралық-юморлық кейіпкер аттары» тақырыбында жазған кандидаттық диссертациясында Г.Қ.Қортабаева түр мен түске қатысты жасалған есімі езу тартқызып, күлкі шақыратын, аты ашу туғызып, қабақ түйгізетін, күлкілі кейде кекесін мағынадағы аттарға төмендегілерді жатқызады: Ақбалдақ, Ақдолы, Ақжаулық, Ақима, Ақтуша, Ақмағанбет (ов), Ақиған, Ақсақал (ов), Ақсом, Аққисым, Ақтайлақ, Ақкөз, Ақкөңіл, Ақкемпір, Аққыз, Ақжем, Ақтабанов, Ақторсық, Алабас, Албике, Алайкөз (ов), Арамқара, Бозінген, Бозтайлақ, Бозғылт, Боздақ, Дəуқара, Жағал, Көкжал, Көкжаулық, Көкіман, Көкібай, Көкми, Көкаяз, Кекала, Көкірек, Көкқасқа, Көкдолы, Көксау, Көктиын, Көкаяқ, Көкқасов, Көкшақа, Көкбайтал, Күкіртсары, Күреңкөз, Қарақатын, Қарабай, Қаракөріпкел, Қарабұқа, Қаракемік, Қарашаруа, Қарабет, Қабанқара, Қарашал, Қарабек, Қарасарт, Қарин, Қызылкөзұлы, Қызылтазы, Қошқыл, Қоңырқұлжа, Месқара, Саршолақ, Сарыбас, Сарсақал, Саразбан, Семізқара, Сұраман, Сұрсұлу, Сұрқияқыз, Ұйқысары, Үкісарықыз, Шабдарұлы, Шиқара, Шұбарбай, Шикіл т.б.

Зерттеуші кейіпкер аттарының құрамында түр-түстің түрлерінің сандық көрсеткіші төмендегідей екенін анықтаған: ақ түс – 27, қара 22, көк 16, сары 15, сұр 7, қызыл 5, боз 5, қоңыр 3, жирен 2, ала 4 рет, шағыр, төбел, шұбар, жағал, қу тəріздес түс аттары жалқыдан ғана кездесті [4; 7].

Өзге тілдердегідей қазақ тіліндегі түр-түс атауларына байланысты сөз тіркестерін табиғатқа, адамға, əлеуметтік-қоғамдық тұрмысқа, салт-дəстүрге, əдет-ғұрыпқа т.б. байланысты топтарға бөлуге болады. Қазақ халқы ежелде көшпелі елдердің біріне жатқандықтан тіршілігі табиғатпен терең байланысты болды. Көшпелі халықтың табиғатты өзіне бағындыруды мақсат етпей, табиғатпен тілдесе тіршілік ете алатындарын өмірлік тəжірибе ретінде ғана ұғынған, мұнда моральдық, этикалық қалыптар тұрақтанған.

Əр түстің тура мағынасынан басқа ауыспалы мағынасы да бар, мəселен, ақ түсі қазақ мəдениетінде адамшылықты, пəктік, ізгі ниеттілікті, адалдықты, шындықты, жақсылық, молшылықты, əулиелікті білдіретін асыл, қасиетті сүйкімді, жылы түс боп танылады. ...Ақ та болсам, жоқ сылтаумен тағы арандатпақпең? Бөжей, Түсіп арам болса айтарсың! Ақ болса, жазықсыз болса, неңді айтасың? [14; 87]. (Əрі қарай мəтіндегі мысалдар осы басылым бойынша беті көрсетіліп, беріледі).

Табиғатқа байланысты тіркестер: ақ жауын, ақ жаңбыр, қара суық, қара дауыл, қара бел, қара жол, қара шоқы, қызыл арай, қызыл іңір, көк (аспан, аспан əлемі), жеті қат көк, көк шалғын, көк тайғақ, көк аяз, қоңыр күз, қоңыр салқын, сары күз, сары аяз т.с.с. қазақ тілінде кеңінен қолданылады.

Тұрмыс-тіршілікке, салт-дəстүрге байланысты: ақ тамақ, ақ құба, ақ көңіл, ақ ниет, ақ сақал, ақ жаулық, ақ жол, ақ дастарқан, ақ бата, ақ отау, ақ сүтін ақтау, ақ мол болу, ақ саусақ, қара көңіл, қарабет, шойын қара, дəу қара, қарасын өшіру, қара жұмыс, қызыл шырайлы, қызыл көз, қызыл кеңірдек, көк өрім, көк бет, көк жалқау, көк ми, көк инені түрте білмеу, көк ала қойдай сабау, көсегесі көгеру, көк тəңірі, қоңыр дауыс, сары уайым, сары шикіл т.с.с. сөз адамға, адамның сырт- пішінін, мінез-құлқы ерекшеліктерін, іс-əрекетін, сыпайылығын, қасиеттілігін, т.б. танытатын фразеологиялық тіркестер.

Сонымен ақ түсіне байланысты фразеологизмдер соңына жету, қалжырау мағынасын береді.

Мысалы: ақ көбік болу, ақ қаптал, ақ құйқа болу, ақ сабын болу, ақ сирақ болу, ақ сүйек болу.

Ақ түсіне байланысты фразеологизмдер алғыс, тілек мəнінде де жұмсалып келеді. Мəселен, айтқаның келсін, айтқаның ақ болсын. Ақ түсі ұйытқы болған фразеологизмдердің қазақ тіліндегі символдық мəні − қадірлі, қасиетті, адал, пəк, таза ұғымдары. Халық ұғымында аса молшылықты білдіретін тіркестер, мысалы: ақ түйенің қарны жарылу. Ежелгі түркі халқының өмірінде түйе ерекше орын алған, киелі болып саналған. Мереке-қуаныштарға шынпейілділік пен салтанаттылық мəн беру мақсатында, ерте кездерде түйенің қарнын жару салты болған. Ақ атанның құрбандықққа шалынып, ауыл-аймақтың белгілі бір қуанышқа кенеліп, көл-көсір дəм-тұзға елдің қарық болуына байланысты пайда болған тіркес. Бұл — ақ түсті түйенің сирек кездесіп, оның қадірлі болуының тағы бір дəлелі.

Ақ түске қарама-қарсы түске қара түсі жатқызылады. Түркі тілдеріндегі түр-түс атауларының мағыналарын алғаш рет арнайы зерттеген академик А.Н.Кононов қара түстің сын есім ретінде 20 шақты түрлі мағыналары барын көрсетеді. Қара түс қараңғы, ызғар, қалың, үлкен, күшті, дүлей, көп, қарапайым, белгісіз мағыналарын беріп қоймай, ауыртпашылықты, қайғы-қасыретті, кедейлікті білдіреді.

Кейбір зерттеушілер қара түске байланысты атауларды мағынасына қарай 6 топқа бөліп қарастырады: 1) жамандықтың; 2) жауыздықтықтың, қатыгездіктің; 3) алғашқылықтың, бастап-қылықтың; 4) киеліліктің, қасиеттіліктің; 5) қарапайымдылықтың; 6) қайғы-мұңның белгілері [15].

Қара түстің тағы бір мағынасы əдемілікпен байланысты қолданылады: Қаракөз, Қарашаш. Сонымен бірге қара түсі адамның өзімсініп атайтын табиғи төл түсі: жердің түсі, берекенің нышаны. Ол — философиялық ұғым, тұрақтылықты, статиканы білдіреді: қара жер, қара халық, қара мылтық, қара ат, қара күң сияқты тұрақты тіркестер.... Құнанбай өз басы шешеден жалғыз, бəйбішенің жалғызы. Қара шаңырақ иесі. Қалың дəулет пен əмір, билік иесі (М.Ə., 73-б.).

Көне түркі тілінде қызыл — оңтүстікті, қара — солтүстікті, ақ — батысты, көк — шығысты білдіреді. Қызыл оттың, күннің белгісі болғандықтан, киелі түстің мағынасына ие болады. Қазақ халқының əдет-ғұрпында ертеде күнге табынған, отты аттамаған, отқа түкірмеген, отты су құйып сөндірмеген, шоғын баспаған, отпен аластаған. Əр шаңырақ астындағы ошақтағы жанған от бірліктің, берекенің, ұрпақ жалғасу тіршілігінің белгісі, осыдан отау, отбасы деген сөздер шыққан.

Қазіргі қазақ тілінде «қызыл» түстің ғана емес албыртып тұратын, қызара бөрткен, жас, қызу қанды, сұлу реңді «қыз» деген сөзінің шығуына негіз болса керек [16; 34]. Қазақ тіліндегі фразеологизмдердің құрамында келетін «қызыл» түс те бірнеше мағынада жұмсалады. «Қызыл» түсі Күннің, Оттың түсіне байланысты қабылданып, күні бүгінге дейін көптеген халықтар үшін солардың символы ретінде қасиетті түс болып саналады.

Қызыл қанның түсі болғандықтан, ең алдымен, бұл түс арқылы жасалған фразеологизмдер қан немесе ет мəнінде қолданылады. Мысалы, қызыл ала қылу, қызыл көрген құзғындай, қызыл көрмеу.

Қазақ тіліндегі фразеологизмдер құрамындағы қызыл түс көбіне соматизмдермен тіркесіп, ұрыс, төбелес мағынасын береді. Мысалы, қызыл кеңірдек болу, қызыл көз, қызыл өңеш болу, қызыл танау болу, қызыл тер болу, қызыл шеке болу, қызыл жон ету. Сондай-ақ «қызыл» түсі қызыл сөз фразеологизмінің құрамында келіп, жылтырақ, мəнсіз деген ұғымды білдіреді. Бұл ұғым осы бір ғана фразеологизмнің мағынасын ашады.

Қазақ мəдениетінде көк түсі — тыныштық пен бірліктің, береке мен тірліктің белгісі. Көк — тəңір сөзінің эквиваленті. Тəңір — дүние, тіршілік атаулының жаратушысы, Құдай. Көк түсі арқылы ең бір құдіретті де киелі қасиетін танытады. Сондықтан ол мықтылықты, жеңімпаздықты, рухы жоғарылықты, үстемдікті, паңдықты білдіреді.

Жеті қат көк — шығыс астрономиясында жеті жұлдызға сəйкес: Ай, Меркурий, Шолпан, Күн, Қызыл жұлдыз (Марс), Мəштүри (Юпитер), Сатурн. Көк — жұлдыздар, шоқ жұлдыздар, планеталар, галактикалар орналасқан шексіз əлемнің, космостың, халықтың атауы. Көк — көне түркілік космоним [16].

Көк түсінің мағынасының көптігінің бір себебі — жалпы түркі халықтары ұзаққа дейін көк пен жасылды айырмай келгенінде. Қазақ халқында табиғаттағы көк түсі негізгі түс болса керек, бір-біріне жақын бірнеше реңктердің туындайтынын көруге болады (шөпке, өсімдікке, өсіп-өнуге байланысты). Көк — символикалық жағынан тыныш шексіз теңізді, ұстамдылықты, ақшыл көк немесе көгілдір үлкен сезімді, нəзіктікті, бейбітшілікті білдіреді.

М.Қашқаридің «Лұғатында» «көк» сөзі тек, ата тек ретінде алынған: «оның көгі кім?». Тілімізде «көгермегір», «көктемегір» — қарғыс сөздері, яғни ұрпағы, тегі жалғаспасын, өспесін мағынасында қалыптасқан.

Қазақ халқының ұлттық ою-өрнектерінің де, күмбездерінің де түсі көбінесе көк түсті. Осындай жағдайларға байланысты көк түстің де рəміздік мазмұны ерекше санаға ие.

Сол сияқты, көк езу, көк ауыз, көк жалқау, көк долы, көк ми т.б. тіркестер адамның мінез- құлқына, жеке басына қатысты жағымсыз мағынаны, ойсыздықты білдіреді.... — Құдай-ау, неткен көк мылжың?... (М.Ə., 284-б.) Көк мылжың — сөзуар, көп, бет алды сөйлеу мағынасын береді.

Қоңыр түсі — қазақ тұрмысында байсалдылықты, биязылықты білдіреді. Қоңыр тірлік, қоңыр күз, қоңыр жел, қоңыр əн, қоңыр дауыс тіркестерінде бірқалыпты, біркелкі, жайлы, жағымды мағыналар қатарын көрсетеді.... Алыстан келген қоңыр үн ыңырсыған ананың бесік күйіндей, байтақ даланы тербеп тұр [17; 246]. (Əрі қарай мəтіндегі мысалдар осы басылым бойынша беті көрсетіліп, беріледі).

... Зере немересін өз қасына шақырып ап,.. : — Айналайын, қоңыр қозым, — деп арқасынан қағып, маңдайынан иіскеді (М.Ə., 298-б.).

Сары түсі ақыл-парасаттың, қанағат, сабырлылықтың белгісі: сабыр түбі сары алтын, сарғайған жетер мұратқа — жұбаныш пен үміттің кепілі болса, бір жағынан, қайғы-мұңмен байланыстырылады: сары уайымға салыну, сонымен қатар ұзақтылық мағынасында сарғая күту; кең, үлкен мағынасында: сары дала колданылады.

Жалпы ала түсі ақ түс тобындағы ақ, боз, сары, сұр, құла, құба, қылаң, бозғылт, сарғылт реңктер мен қара-қоңыр түс тобындағы қара, қоңыр, торы, кер, күрең т.б. реңктердің араласу салдарынан туындауына орай əр түрлі түр-түс гаммасында жасалуынан көптеген ауыс мағыналарда кеңінен қолданылады.

Əр түрлі түсті деген ұғымнан абстракцияланған ала ауыз, немесе алты бақан ала ауыз, фразасында ынтымақ, бірлігі жоқ, пəтуасыз деген мағынаны білдіреді Ала сөзінің кейбір этнографиялық мəні төмендегідей тұрақты тіркестерде қолданылады: біреудің ала жібін аттамау — қиянат жасамау, арамдыққа бармау, ұрламау; ала жіптерін кесісу — араздасу, айырылысу мағыналарын, ала аяқ қу, залым, сұм адам бейнесін береді [18].

Қорыта келгенде, ата-бабамыздан мұра боп қалған тіліміздің сөз байлығы, сөздердің анық- қанықтығын, сөздерді көркемдейтін, əсерлете түсетін түр-түс фразеологизмдері қазақ халқының тарихын, салт-дəстүр, ұлттық сана мен ой-өрісін, адамгершілік қалыптарын, тұрмыс-тіршілігін, ісін, мінез-құлқын, жан дүниесін, ділін, дінін əрі қысқа, əрі нұсқа суреттейді.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Гумбольдт В.Ф. Избранные труды по языкознанию. — М.: Прогресс, 1984. — С.
  2. Верещагин Е.М., Костомаров В.Г. Лингвострановедческая теория слова. — М.: Рус. яз., 1980. — С.
  3. Макеенко И.В. Лексико-семантическая структура систем цветообозначения в русском и английском языках: Учеб.- метод. пособие. — Саратов: Изд-во Сарат. ун-та, 2001. — С.
  4. Қортабаева Г.Қ. Қазақ ономапоэтикасы: сатиралық-юморлық кейіпкер аттары: Филол. ғыл. канд. ... дис. — Алматы, 2007. — 127 б.
  5. Қайдаров Ə. Т., Өмірбеков Б., Ахтамбердиева З.Т. Сырға толы түр мен түс. — Алматы: Қазақстан, 1986. — 45-б.
  6. Кононов А.Н. О семантике слов «ақ» и «қара» в тюркской географической терминологии // Изв.АН ТаджССР. Отд. общ. наук. — Вып. V. — 1954. — С. 81–86; Семантика цветообозначений в тюркских языках // Тюркологический сб. — М., 1975. — С. 145–153.
  7. Қайдаров Ə., Ахтамбердиева З., Өмірбеков Б. Түр-түстердің тілдегі көрінісі. — Алматы: Ана тілі, 1992. — 160 б.
  8. Вежбицкая А. Язык.Культура. Познание. — М.: Наука, 1996. — С.
  9. Бинович Л.Э. Немецко-русский фразеологический словарь. — М.: Гос. изд-во иностр. и нац. слов., 1956. — 904 с.
  10. Қайдар Ə. Қазақ тілінің өзекті мəселелері — Актуальные вопросы казахского языка. — Алматы: Ана тілі, — 304 б.
  11. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. — Алматы, 1977. — 711 б.
  12. Баран Я.А., Зимомря М.І., Білоус О.М., Зимомря І.М. Фразеологія: знакові величини. — Вінниця: Нова Книга, — С. 38.
  13. Бахилина Н.Б. История цветообозначений в русском языке. — М.: Наука, 1975. — С.
  14. Əуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. — 3-т. Абай. Роман-эпопея. — Алматы: Жазушы,1979. — 424 б.
  15. Лауланбекова Р.Т. Түр-түс компонентті күрделі аталымдардағы ұлттық дүниетанымның тілдік көрінісі: Филол. ғыл. канд. ... дис. — Алматы, 2010. — 34-б.
  16. Айтбаев Ө.А. Аудармадағы фразеологиялық құбылыс. — Алматы: Ғылым, 1975. — 15-б.
  17. Мұстафин Ғ. Бес томдық шығармалар жинағы. — 1-т. — Алматы: Жазушы, 1981. — 384 б.
  18. Ахметжанова Ф.Р., Қайырбаева Қ.Т. Түр-түске байланысты тұрақты сөз тіркестері. — Өскемен: ШҚМУ баспасы, 2000. — 88-б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.