ХХ ғасырдың басында қолданылған ғылыми терминдердің жасалу тəсілдері

Əдеби тілдің «жон арқасы» терминология болса, оны ғылыми тілден бөлуге болмайды. Себебі ғылыми тілдің өзі ғылымның əр саласына тəн түрлі терминдерден тұрады. Сондықтан да терминология, əр сала терминдерінің қалыптасуы туралы сөз болғанда, ең алдымен, ғылыми тілдің, ғылымның əр саласы терминдерінің қалыптасуына тоқталған жөн. Зерттеу еңбектерінде ғылыми тіл «жалпы əдеби тілдің атқаратын əлеуметтік-қоғамдық қызметінің үлкен бір саласы. Бұл сала ғылыми-техникалық прогрестің шарықтап дамуына байланысты қанатын жайып, тамырын тереңдете түседі, өзі де дамиды, жалпы əдеби тілімізді де кемелдендіре түседі. Басқаша айтқанда, қоғам өміріне ғылыми-техникалық прогресс қаншалықты қажет болса, сол қоғам мүшелеріне қызмет етіп отырған ғылым тілі де соншалық қажет» деген анықтама беріледі [1].

Қазақ ғылыми тілінің қалыптасуы ХХ ғасырдың басынан басталады. Сол заманда қазақ зиялылары ұлттық тіл нормаларын сақтап қалуды, халықаралық терминдерді қазақыландырып, ғылым тілін қарапайым халыққа түсінікті етіп қалыптастыруды өздеріне міндет тұтты. Сондықтан да олар қазақ тілінде əр сала бойынша оқулық жазды, аударма жасады. Сөйтіп, ХХ ғасырдың басында ғылымның тіл білімі, педагогика, психология, медицина, құрылыс, математика, энергетика салалары қазақша сөйледі. Қазақша сөйлеу арқылы қазақ тілінде осы саланың түрлі терминдері қалыптасты.

Жалпы əр елдің ғылыми тілі сол халықтың өз тілінде жасалса ғана, осы тілде сөйлейтін барлық ұлттың ортақ байлығы болмақ. Ғалым тілінде айтсақ, «ғылым да ашық мəнерде жазылып, мейлінше көпшілікке түсінікті болғанда ғана, қоғам өміріне ықпал ете алмақ». Яғни, ғалым ойына сүйенсек, қазіргі таңда қазақ қоғамында кейбір ғылым салаларының кенжелеп қалып жатқанының да, ашылған қандай жаңалық болсын, қоғам өміріне сіңісіп кете алмауының да басты себептерінің бірі ғалымдардың ғылым тілінде кеңестік дəуірде халықаралық терминдер өз қалпында қолдансын деген қағиданы ұстанғандығында. Ғалым бұл ойын одан əрі жалғастырып, ғылым тілін халықтық тілден алшақтатудың бастауын тереңнен іздейді: «Латын тілі заманында ғылым аз жақсының ғана айналысатын, солардың ғана мүддесіне қызмет етуші кəсіп түрі болып, термин жай жұртқа түсініксіз болатындай етіп жасалды. Осы жəне өмір өзгерістері де мимырттық сипатта болуы себепті ғылым сөзінің жалпы тілге өтуі баяу болып, соның салдарынан бір ұлт ішінде-ақ «ғылым тілі» жəне «халықтық тіл» үлгілеріндегі екі дайлық (дуализм) пайда болғаны белгілі. Терминнің арнайылығын баса көрсетіп, оның бойынан қалай да сала маманына ғана түсінікті, басқа үшін бұлыңғыр шартты таңба көруге тырысушылық — сол өткен уақыт сарқыншағы болса керек» [2]. Шынында да, ғылыми терминдер латын тілінен бастау алды. Сол арқылы барлық ел қажетті атауларды латын тілінен іздеді. Дегенмен уақыт өте келе, ғалымдар ғылым тіліндегі шет тілдік терминдердің көпшілікке түсініксіз екендігін байқап, əр ел мамандары өз тілінде термин жасай бастады. ХХ ғасырдың басында ғылым тілінде негізінен терминдерді барынша қазақыландыру үрдісі жүрді. Онда ғалымдар түрлі тəсілдер арқылы термин жасауға ұмтылды.

Орыстың ғылыми тілін зерттеуші Д.С.Лотте ғылыми термин жасаудың түрлі тəсілдерін көрсетеді:

  • қолданыстағы дағдылы сөздердің мағынасы жағынан ұқсастығына қарай терминге айналуы;
  • қолданыстағы сөздерге түрлі қосымшалар жалғау арқылы жаңа сөздер қалыптастыру, мəселен, магнит — магниттеу;
  • қолданыстағы жеке сөздердің бірігуі арқылы жаңа сөз жасау;
  • сөз тіркесті терминдердің қалыптасуы, яғни қолданыстағы синтаксистік формалардың көмегімен екі немесе одан да көп сөздердің тіркесуі арқылы жаңа сөз жасау;
  • терминология мен жаңа терминдер жасау мəселесін қарастыру кезінде, бір жағынан, ғылыми нақтылық, екінші жағынан— сөздің қысқалығы талап етіледі. Сондықтан кейде шет тілдік терминдерге жүгінуге тура келеді. Оның екі жолы бар: а) терминді дайын күйінде қабылдау; ə) терминнің қабылдаушы тілге сөзбе-сөз аудармасы (калька тəсілі) [3].

ХХ ғасырдың 20–30-жылдарында қазақ зиялыларының термин жасауға ұмтылысында осы Д.С.Лотте көрсеткен тəсілдердің барлығы да қолданылғанын байқаймыз.

1920–30-жылдардағы атау сөздерін жасаудағы белсенді тəсілдердің бірі — осы ғалым айтқан бірінші жол, нақтырақ айтсақ, лексика-семантикалық тəсіл. Яғни тілімізде бұрыннан бар сөздер мағынасына қарай еш өзгеріссіз белгілі бір сала термині ретінде қолданыс тапты. Мəселен, психологияда Жүсіпбек Аймауытов жасаған əдет (привычка), зерде (рассудок), қайрат (воля), құрал (пособие), түйсік (восприятие) т.б., құрылыс саласында Мұхтар Əуезов жасаған балшық, көпір, ірге, діңгек, еден, шатыр т.б., педагогикада Мағжан Жұмабаев құрастырған құлық (этика), елес (иллюзия), сығыр (близорукий) т.б., медицинада Халел Досмұхамедұлы жасаған қаңқа (скелет), жүйке (нерв), өзек (организм), электроэнергетика саласындағы күш (сила), қуат (напряжение), тегеурін (мощность), шүмек (кран), желі (система, цепь), екпін (напор), үлгі (формула), нұр (луч), үйкелу (трение), шошала (будка), жаншу (давление), сиқы (модель), тиек (движок), жағу, тоғыстыру (включение), ықпал (индукция), бет (шкала), мырыш (цинк), сілті (щелочь) т.б. көптеген термин сөздер осындай тəсілмен жасалды. Яғни күнделікті тірліктегі ауыз екі сөйлеу тіліндегі бұндай сөздер басқа бағытта жұмсалып, ғылыми тілдің бір бөлшегі ретінде көрініс тапты.

Бұдан басқа термин сөздер тіліміздегі бар сөздерден морфологиялық тəсіл арқылы сəйкесінше жаңа сөздер туындады. Мəселен, тіл білімінде Ахмет Байтұрсынов құрастырған бастауышбаяндауыш, есімдік т.б., Жүсіпбек Аймауытов жасаған жұртшылық (үйірлесу), белсенгіш, затшылдық, қоздырғыш, мазмұндау т.б., Мағжан Жұмабаев жасаған жылылық (температура), суреттеу (описание), сезімтал, бейғамдық (рассеянность) т.б., Халел Досмұхамедұлы құрастырған тақташық (пластинка), түйіршік (клетка) т.б., энергетика саласындағы кескіш (зубило), оңашалау (изоляция), бақылағыш (контролер), жинауыш (коллектор) т.б. сөздер грамматикалық мағынасына қарай термин жасау құралы болды.

Жалпы Н.А.Баскаков, Э.В.Себортян, Т.Ғарипова сияқты тюрколог-ғалымдар өз еңбектерінде түркі тілінің сөзжасамына тоқтала келе, сөз тудырушы түрлі қосымшаларға сипаттама береді. Онда – шы/ші; -лық/лік; -лы/лі, -ды/ді, ты/ті; -шылық/шілік; -ма/ме, -ба/бе; -ыс/іс, с; -ыл/іл; -у, т.б. сөз тудырушы жұрнақтар сөз болады.

Біз əңгіме етіп отырған кезеңде осы аталған барлық жұрнақ арқылы жаңа атау сөздер жасалды десек, қателеспейміз. Жеке-жеке тоқталар болсақ:

  • -шы, -ші жұрнағы арқылы мағлұматшы (энциклопедия), күйші, музыкашы (музыкант), əмірш (диктатор), еңбекші (пролетарий) т.б.;
  • -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік жұрнағы арқылы бірлестік (коллектив), жігіттік (юношество), зеректік (способность), көлемдік (пространство), бейғамдық (рассеянность), көнелік (архаизм) т.б.;
  • -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнағы арқылы басқарма (правление), қоспа (синтез) т.б.;
  • -лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті жұрнағы арқылы жаратынды (естественный), жасанды (искусственный) т.б.;
  • -у жұрнағы арқылы білімдендіру (образование), жетілу (развитие), суреттеу (представление), сіңіру (усвоение), түсіндіру (объяснение) т.б.;
  • -ша, -ше жұрнағы арқылы сандықша (прямоугольник) т.б.;
  • -ыш, -іш жұрнағы арқылы бастауыш (подлежащее), баяндауыш (сказуемое), жамылыш (крыша зданий), төсеніш, жинауыш (коллектор) т.б.;
  • -ыс, -іс, -с жұрнағы арқылы қозғалыс (рефлекс), тітіркеніс (раздражимость), серпіліс (реакция), көрініс (выставка) т.б.;
  • -гіш, -ғыш, -қыш, -кіш жұрнағы арқылы тітіркендіргіш (раздражитель), белсенгіш (активность), қоздырғыш (возбудимость), өсіргіш (произведение), көрсеткіш (индекс), кескіш (зубило), бақылағыш (контролер) т.б.;
  • -шылық, -шілік жұрнағы арқылы əкімшілік (власть), теңшілік (социализм), жиəнгершілік (империализм), жұртшылық (подражение) т.б.;
  • -шыл, -шіл жұрнағы арқылы үмітшіл (оптимист), отаншыл (патриот), азатшыл (либерал) т.б.;
  • -шыл+дық, -шіл+дік жұрнағы арқылы көнешілдік (архаизм), жатшылдық (варваризм),бұқарашылдық (демократия), жұртшылдық (публицистика) т.б.;
  • -шық, -шік жұрнағы арқылы тақташық (пластинка), түйіршік, түбіршік (клетка) т.б.;
  • -паз жұрнағы арқылы еліктемпаз (подражательный), сезімпаз (чувствительный) т.б.

Сондай-ақ ғылыми терминдер сөздердің бірігуі арқылы да жасалды. Атап айтар болсақ, физиология ғылымына қатысты палочка сөзі селеубас деп аударылды жəне промышленность — өнеркəсіп, сыворотка — сарысу, аристократ ақсүйек деп қолдынылды, сонымен бірге автожол, аэроқатынас сөздері осы бірігу тəсілі арқылы қалыптасты.

ХХ ғасырдың басында қазақ тілінде сөз тіркесі ретінде қабылданған терминдер де болды. Олардың кейбіреулері таза қазақы сөздерден құралса, екіншілері қазақша қосымша иеленіп, үшіншілерінің бір сыңары орыс тілінде де алынды. Мəселен, əлеумет ғылымы (социология), саулық сақтығы (гигиена), əдіс ғылымы (технология), бек дəуірі (феодализм), сан жүйесі (арифметика), сүйек ұлпа (костная ткань), нобай бейнесі (схема), бəсеке тұтқырлық (удельное сопротивление), еріме қоруыштар (плавкие предохранители), шорт жалғастыру (короткое замыкание), жөнші кітап (справочник), жарыспа тоғыстыру (параллельное включение), кезекпен тоғыстыру (последовательное включение), табан шойын жолдары (рельсы), бейтарап сызық (нейтральная линия), су екпін серіппесі (гидравлический удар), ішкі (өзіндік) ықпал (самоиндукция), қозғалу қуаты (кинетическая энергия), кіндіктес шығыршық (контакные кольца) сияқты сөз тіркесімен жасалған терминдер тек қазақ тіліндегі сөздерден құралды. Ал социалистік жарыс, психологиялық анализ секілді сөз тіркестері қазақ тіліндегі қосымша жалғану арқылы жасалды. Сондай-ақ электршам, мал пелшір, аптамабел албары (гараж), електір техникесі, кəспіресір мəшинесі, телегірам апараты, електір мотор, турбин мəшинесі тəрізді терминдерде өзге тілдегі сөздер өзгеріссіз (тек орфоэпиялық заңдылыққа сай қазақы əріптермен жазылу арқылы фонетикалық өзгеріске ұшыраған) қабылданған. Ол түсінікті де. Себебі 1938 жылға дейін қазақ тілінде орыс əліпбиіне тəн əріптер болмаған. Тек 1938 жылы бұндай əріптер қазақ тілінің əліпбиіне енгізілген. Сондықтан да осы кезде жасалған биологие, акуарі (аквариум), актіб (актив), бағзал (вокзал) сияқты терминдерге сын көзімен қараудың қажеті жоқ деп білеміз.

Сөз болып отырған уақытта қазақ тілінде өзге тілді терминдерді өзгеріссіз қабылдау да, калька əдісі арқылы сөзбе-сөз аудару да орын алды. Өзгеріссіз қабылданған сөздерге 1931 жылы жарық көрген «Атаулар сөздігіндегі» демокірат, интернасанал, капитал, мəтімəтіке, кəмуніс жəне М.Əуезов аударған «Құрылыс материалдары» еңбегіндегі керамика, плита, цемент, минерал, бетон, шлак, асфальт сияқты көптеген терминдерді мысалға келтіруге болады. Сонымен қатар ХХ ғасырдың 20-жылдарында қалыптасқан терминдерде бірізділік болмағандықтан (сөздіктерде басқаша берілген терминдер, баспасөз беттерінде басқаша жазылып жүрді), əрі орыс тілінің үстемділігімен 30- жылдардың ортасынан бастап көптеген халықаралық терминдер сол күйінде аудармасыз қабылданып отырды. Мысалы, план, проект, закон, герб, дисциплина, тема, право, лекция т.б. Мұндай ғылыми терминдер ғалымдар арасында көп талас тудырды. Кейбір ғалымдар халықаралық терминдердің мағыналарын қазақтың байырғы мəндес сөздері бере алмайды деген пікірде болса, енді біреулері қазақ тілін сөзге жаңа ұғым бере алмайтын сорлы емес дей келе, заман өткен сайын сөздердің мағынасы да кеңейе, не тарыла түсетінін алға тартты. Осындай даулардың негізінде елімізде Мемлекеттік терминология комитеті құрылып, ол «қазақ тілінде баламасы болсын я болмасын шетел жəне орыс тілдерінен кірген интернационалдық терминдер мен советизмдер аударылмай қабылдансын» деген қағиданы ұстанды. Сондықтан да 30-жылдардан бастап қазақ ғылыми тілінде халықаралық терминдер көбейді.

Ал калька əдісі арқылы алынған терминдерге келер болсақ, өткен ғасыр басында олар да көптеп табылады. Мəселен, жігіттік (юношество), қызмет (деятельность), балалық (детство) т.б. терминдер.

Яғни аталған кезеңде қазақ тіліндегі атаулар қалыптастыруда Д.С.Лотте көрсеткен ғылыми- техникалық терминдердің жасалу тəсілдері кеңінен пайдаланылған.

Алайда бұл терминдердің барлығы бірдей өздері сипаттап отырған зат немесе құбылыстың мағынасын дəл, нақты бере алды, болмаса олар қатесіз, дұрыс жасалды деуге болмайды. Бұл кезде қараайғыр (паровоз), серке (лидер), ал жебір (алгебра), отарба (поезд) сияқты көптеген терминдер мағынасына байланысты қазақы түсінікпен жасалды. Қ.Жұбановтың сөзімен айтсақ, аударылмайтынды аударуға көңіл бөліп, нəтижесінде термин емес, термин болып тұрған сөздің лексикалық мағынасы аударылды.

Жалпы ХХ ғасырдың басында қазақ зиялылары қалыптастырған термин сөздердің көпшілігі бүгінгі таңда өзгеріссіз сол қалпында қолданыста жүр. Тіпті кезінде тақырып, жоспар, жоба отаншыл деп аударылып, кейін орыс тілінің үстемділігімен алынып тасталған терминдер қазіргі кезде қайта қабылданды. Қалай дегенде де, қазіргі қолданыста жүрген көптеген ғылыми терминдер негізі осы кездегі қазақ зиялыларымен қалыптасып, қазіргі таңдағы жаңа атаулардың жасалу тəсілдері да сол уақытта кең қолданыста болған. Яғни қазақ тіліндегі ғылыми-техникалық терминдердің бастауы ХХ ғасырдың басында жатыр десек, артық айтпаймыз.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Қайдар Ə. Ғылым тілі жəне əдеби тіл статусы // Терминдер мен олардың аудармалары. — Алматы, 1990. — 9-б.
  2. Қазақ ономастикасы мен терминологиясының өзекті мəселелері. — Алматы, 2005. — 106-б.
  3. Лотте Д.С. Краткие формы научно-технических терминов. — М., 1971. 
Жыл: 2009
Категория: Филология