Салықтық қызметтің түсінігі мен маңызы

Қазақстан Республикасы бүгінгі таңда құқықтық даму жолын таңдаған тəуелсіз мемлекет болып табылады. Осыған орай ол өз экономикасын тұрақтандыруда нарықтық даму жолын таңдады.

Мемлекетіміздің егемендігі, оның əлеуметтік бағдарлы нарықтық қатынастарға бағытталған даму жолына көшуі, сондай-ақ мемлекет жəне қоғам мүддесіне қажетті қаржы-қаражаттардың мемлекет құзырында орталықтандырылуы жəне өтпелі кезеңдегі экономиканы реттеу барысында пайдаланылатын салық механизмінің жаңаша қалыптастырылуы салықтық құқықтың экономика жəне құқық аяларынан өзіне тиесілі орын алуының басты себебіне айналып отыр. Демек, мемлекеттің материалдық мүддесі мен қоғам өмірінің айрықша аясының тоғысатын жері, көбінесе объективті қаржылық-құқықтық құбылыс ретінде көрініс табатын салық салу аясы əрқашан да мемлекеттің салықтық құқығының реттеуші ықпалының ауқымы болып табылады.

Салықтық қызметі - уəкілетті мемлекеттік органдар мен салық органдарынан құрылатын органдардың жиынтығы. Біздің ойымызша, нарықтық экономика кезінде дұрыс əрекет ету үшін салықтық қызметтің маңызын, соның негізінде пайда болатын салықтық -құқықтық қатынастардың маңызын дұрыс түсіну керек сияқты.

Қазақстан Республикасының салықтық қызметіндегі қалыптасатын қатынастарды реттейтін қаржылық құқық саласы осы қызметтің басты институттарының бірі болып табылады. Ондай қызмет нарыққа өту кезіндегі жаңа салықтық саясатты анықтайтын экономикалық заңдармен көрініс табады. Сол себепті мұндай саясаттың бастамасы ретінде Қазақстан Республикасының «Салық жəне бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2008 ж. 10 желтоқсанда қабылданған Заңын айтамыз. Қабылданған нормативтік құқықтық актілер жеке жəне заңды тұлғаларға, олардың коммерциялық жəне коммерциялық емес ұйымдарының əрекеттері үшін салық салуды анықтайды. Əртүрлі сатылардағы бюджеттерді қаржылық қамтамасыз ету мемлекеттік кірістер арқылы жүзеге асырылады.

Мемлекеттік кірістер дегеніміз - мемлекеттің қорына əртүрлі кіріс көздерінен келіп түскен жəне өздерінің міндеттері мен функцияларын орындау үшін қолданылатын қаржылық ресурстар. Мемлекеттік кірістердің басты көзі салық екендігі бəрімізге əйгілі, себебі мемлекеттік қазынаға түсетін ақша қаражаттарының негізгі бөлігі - Қазақстан Республикасының  заңдарына сəйкес төленетін əртүрлі салықтардан, алымдардан, төлемдер мен баждар есебінен қалыптасады.

Салықтың (экономикалық) мəн-жайы мен заң жүзінде іске асырылатын мəнінің арасында қарама- қайшылық туындамауы қажет. Демек, салық, салық салу, мемлекеттің салық жүйесі деген сөздердің мағынасын мемлекеттің кірісін салық төлеушілердің - заңды жəне жеке тұлғалардың материалдық мүдделеріне мүмкіндігінше нұқсан келтірмей қалыптастыру керек деп түсінген дұрыс.

Мемлекеттің салық саясатын жетілдіруге байланысты елбасшысының Қазақстан халқына жолдауында бірқатар маңызды мəселелер айтылған болатын, атап айтар болсақ: «2007 жылдан бастап қосымша құн салығының ставкасын 1%-ға, ал 2008-2009 жылдары қосымша тағы да 1-2 %-ға азайту; 2008 жылдан бастап əлеуметтік салық шамамен 30 пайызға азайтылып, ол жұмыс берушілерді жұмысшылар жалақысын ынталандыруы керек: 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын бизнес субъектілері үшін салық салудың кемітілген бірыңғай мөлшерлемесі енгізілсін» [1].

Қазақстан Республикасындағы салықтық жүйе мен салықтық қызметті қалыптастыратын салықтық қызмет субъектілері болып табылады. Оның ішінде ең негізгі субъектілердің бірі салық органдарын атап көрсетуге болады. Салық органдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жанындағы салықтық комитет ретінде өзінің жұмысын атқарады. Оның өз кезегінде облыс орталықтарында жəне республикалық маңызы бар қалада жəне Астана қаласындағы аумақтық салық органдары бар. Аумақтық салық органдарын облыс көлемінде аудан орталықтарында салық органдары бар. Салық органдарының ресми атауы ҚР Қаржы министрлігінің жанындағы Салық комитеті деп аталады.

Салық органдарының құқықтық негізі ретінде Салық кодексінің үшінші тарауы болып табылады. Мұнда салық қызметі органдарының міндеттері мен құқықтары берілген. Олардың негізгі міндеттеріне:

  1. салықтың жəне бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсу толықтығы мен уақтылығын қамтамасыз ету;
  2. міндетті зейнетақы жарналарын (бұдан əрі – міндетті зейнетақы жарналары) есептеудің, ұстаудың жəне жинақтаушы зейнетақы қорларына аударудың жəне əлеуметтік аударымдарды (бұдан əрі – əлеуметтік аударымдар) есептеудің жəне Мемлекеттік əлеуметтік сақтандыру қорына төлеудің толықтығы мен уақтылығын қамтамасыз ету;
  3. Қазақстан Республикасының салық саясатын іске асыруға қатысу;
  4. өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
  5. Қазақстан Республикасы салық заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.
  6. Салық қызметі органдары уəкілетті орган мен салық органдарынан тұрады.
  7. Салық органдарына уəкілетті органның облыстар, Астана жəне Алматы қалалары бойынша, аудандар, қалалар жəне қалалардағы аудандар бойынша аумақтық басқармаларды, сондай-ақ уəкілетті органның ауданаралық аумақтық бөлімшелері жатады. Арнайы экономикалық аймақтар құрылған жағдайда осы аймақтардың аумағында салық органдары құрылуы мүмкін.
  8. Салық органдары тиісті жоғары тұрған салық қызметі органына сатылы тұрғыда тікелей бағынады жəне жергілікті атқарушы органдарға жатпайды.
  9. Уəкілетті орган салық органдарына басшылықты жүзеге асырады.
  10. Салық қызметi органдарының рəмiзi болады. Салық қызметi органдары рəмiзiнiң сипаттамасы мен оны пайдалану тəртiбiн уəкiлеттi орган бекiтедi [2. 18 бабы ].

С.М. Найманбаев мынадай ой айтады: «Салықтық қызметтің құқықтық нысандарына мыналар жатады: 1) салық заңдарының жобасын дайындау; 2) салық заңдарына сəйкес жəне сол заңдарды атқару негізінде нормативтік-құқықтық актілер шығару; 3) жекелеген салықтық құқықтық актілер шығару; 4) келісімді негізде екі жақты салықтық құқықтық акт қабылдау; 5) мемлекеттің немесе оның уəкілетті органының салық заңдарында белгіленген өкілеттіктерін өздері қатысатын нақты салықтық құқықтық қатынаста біржақты түрде жүзеге асыру» [4. 35-36 бб.].

М.В. Карасева былай деп жазды: «Мемлекеттің жəне муниципалдық құрылыстардың қаржылық қызметі құқықтық нысанда жүзеге асырылады. Қаржылық қызметтің басты объектісі құқықтық объект болып табылады. Мемлекет жəне муниципалдық құрылыстар қаржылық-құқықтық актілер қабылдай отырып, қаржы ресурстарын жұмылдыруды, бөлуді жəне жұмсауды жүзеге асырады» [5. 28 с.].

С.М. Найманбаев пен М.В. Карасеваның пікірлерін түйіндей келе, салықтық қызметті жүзеге асыру тек нормативтік қаржылық құқықтық актілердің бір түрі – салық заңнамалық актілерін жəне заңға тəуелді салықтық құқықтық актілер шығару нəтижесінде ғана жүзеге асырылады, сондай-ақ салық шарттарын жасасу жəне оны заң жүзінде бекіту, салық органы арқылы өз салықтық құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру да салықтық қызметтің құқықтық объектісін білдіреді деп айтуға болады. Демек, мемлекеттің салықтық қызметі аясында туындап, қалыптасатын жəне одан əрі дамитын салықтық құқықтық қатынастардың мəні мемлекет еркімен, сондай-ақ мемлекет (қоғам) мүддесімен шартталған. Салықтық құқықтық қатынастар қоғамның жəне мемлекеттің экономикалық- қаржылық мүдделерін іске асыру нысаны болып саналады. М.В. Карасева қаржылық-құқықтық қатынастардың айрықша ерекшеліктеріне мынадай белгілерді жатқызған: « Мемлекеттің қаржылық қызметі аясында туындайды жəне дамиды; оның бір тарапы мемлекет болғандықтан, өктем билік сипатында болады; мүліктік сипатта болады»[5. 112б.]. Сонымен бірге қаржылық құқықтық қатынастардың экономикалық мəні мен маңызына, мемлекет мүддесін білдіретін өктем билік – мүліктік сипатына тоқталып өткен.

Біздің ойымызша, М.В. Карасеваның дəл осындай қысқаша тұжырымынан салықтық құқықтық қатынастар мемлекеттің салықтық юрисдикциясы шеңберінде туындайтын жəне мемлекет мүддесіне сай дамитын экономикалық мəн-жайлы, императивтік салықтық құқықтық нормаларға негізделген қоғамдық қатынастар болып табылады деген ұғымды анықтауға болады. Мемлекеттің салық салу жөніндегі құзыретінің іске асырылу бағытындағы салықтық құқықтық қатынастардың материалдық салық міндеттемелерінің толық жəне уақтылы орындалуына орай түбегейлі түрленуі мемлекеттің негізгі қаржылық бюджет жоспарының салықтық кірісі бөлігінде орындалғанын білдіреді деп тұжырымдаймыз.

Салық қызметі органдары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде жүктелген міндеттерді іске асыруды салық кодексінде белгіленген тəртіппен электрондық тəсілмен жүзеге асыруға құқылы. Салықтық өзара тығыз байланысқан құқықтық жəне экономикалық қатынастардың жүйесінен тұрады. Салықтық қызметті жүзеге асыру барысында салықтардың экономикалық мəн- жайын білдіретін фискальдық, қайта бөлу бақылау жəне реттеуші функциялары да өз рөлін атқарады. Мемлекет атынан жүзеге асырылатын салықтық қызмет тек құқықтық негізге сүйене отырылып атқарылады. Салықтық қызметтің құқықтық негіздеріне, бірінші кезекте Қазақстан Республикасының Конституциясы, арнайы қаржылық, салықтық заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілер жатады [3].

Нарықтық экономикаға көшу кезеңінде Қазақстан Республикасының алдындағы тұрған əртүрлі сипаттағы міндеттерді шешу үшін мемлекеттік бюджеттің негізгі кіріс көздерін қалыптастырушы салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің атқаратын рөлі, олардың құқықтық реттелуінің, осыған байланысты қатынастардың мемлекет тарапынан басқарылуының дұрыс болуының маңызы зор. Мемлекет өзінің функцияларын жүзеге асыру үшін, мемлекет ретінде танылып өмір сүру үшін, мемлекеттегі болып жатқан əртүрлі процестерді ақшамен қамтамасыз ету үшін, ақшаның ықпалымен əсер ету үшін белгілі бір қор қажет. Сол қор мемлекеттік бюджет болып табылады. Мемлекет осы бюджетке келіп түсетін əртүрлі кірістер мен түсімдерді жəне бюджеттен шығатын шығыстарды əртүрлі құқықтық актілерімен реттеп отырады.

Бұл бюджеттердің негізгі кіріс көзі - салықтар, алымдар, баждар, төлемдер болып табылады. Салық қызметін жүзеге асыру барысында қалыптасатын салықтық құқықтық қатынастарды зерделей келе, оларға талдау жасай отырып, келесідей түйіндер жасауға жəне осы салық жүйесін, оның негізінде қалыптасатын салықтық қатынастарды жетілдірудің негізгі бағыттары ретінде төмендегілерді атауға болады:

  • салық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету;
  • салық жүйесін барынша қарапайым жасау, заңдар мен нормативтік актілерден екіұшты, түсініксіз талқылау беретін нормаларды алып тастау;
  • салықтық ставкілерді азайта отырып, мүмкін деген салықтық міндеттемелер жүйесін қалыптастыру;
  • тікелей жəне жанама салықтардың үйлестілігінің тиімді деген жолын таңдау;
  • салықтар мен міндетті төлемдерді төлеу тəртібін белгілейтін актілерді (соның ішінде бухгалтерлік есепке алу нормаларын да) салық заңдарына сəйкестендіру;
  • шаруашылық қызмет субъектілеріне салынатын салықтарды есепке алуды мейлінше дұрыс жүзеге асыру;
  • салық салу қызметінде еріктілік қағидасын қалыптастыру. Ол үшін салық төлеушілерге салық қызметінің маңызын түсіндіру, салық заңдарында болып жатқан өзгерістер мен толықтырулармен оларды дер кезінде таныстырып отыру, əртүрлі кеңестер беріп отыру жəне т.б.

Салықтық қызмет қатынастар жүйесінің салықтық əлеуетін ғылыми құрылымдау принциптеріне сəйкес белгіленген нақты əдістемелік-құқықтық қағидалар салық міндеттемелерін негіздеуге мүмкіндік береді. Осы орайда материалдық салықтық қызмет сапасын, функционалдық ерекшелігі мен экономикалық əлеуеті салық салу жүйесіндегі жанама немесе тікелей салықтардың нақты мəн- жайларына қарай айқындалады деп түйіндеуге болады.

 

Әдебиеттер

  1. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ə. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы: Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында, Қазақстанның əлемдегі бəсекеге барынша қабітетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы. Астана, 2006 жылғы 1 наурыз. 2-басымдық 10-тармақ.
  2. Салық жəне бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Алматы: Юрист 2010-616 б. 12.06.2001ж.
  3. http׃\\ Google.kz.
  4. С.М. Найманбаев Салықтық құқық. - Алматы: Жеті жарғы, 2005. - 400 б.
  5. Карасева М.В. Финансовое право (общая часть). - М.: Юристъ, 2000. - 256 с.
Жыл: 2010
Қала: Алматы
Категория: Құқық