Экологиялық мониторинг – каспий теңіз аймағы қоршаған ортасын қорғауды мемлекеттік реттеудің тетігі

Экологиялық құқық бұзушылықты алдын-алудың шарасы балып экологиялық мониторинг болып табылады.

В.В. Ерофеевтің пікірінше, экологиялық мониторинг бұл – жасалатын байқаудың варианттары мен рекомендациялардың, экологиялық қауіпсіздік жəне қоршаған ортаның жай-күйіне əсер етуді жүйелі түрде басқаруға қажетті ғылыми бағдарламаның, байқау, бағалау мен болжаудың кешені [1].

Мониторинг дегеніміз не? «Мониторинг – бұл қоршаған ортаны қадағалау мен бақылаудың жүйесі. Ол үш сатыдан тұрады: қоршаған табиғи орта жағдайының, адамзат қызметінің əсерінен болатын қоршаған табиғи орта жағдайын болжаудың, бағалау жəне қадағалау жүйесі [2].

М.Е. Есжанов пайымдауы бойынша, экологиялық мониторингтің мазмұны – қоршаған табиғи ортаның сапасының жəне жекелеген табиғи ресурстардың жағдайын болжамдау, бағалау жəне қадағалау бойынша ғылыми негізделген əдістер негізінде белгілі-бір жұмыстардың орындалуын құрайды [3].

С.К. Культелеевтің ойынша, қоршаған ортаның мониторингі қоршаған табиғи орта жағдайын, адам денсаулығымен өзге тірі организмдер үшін зиянды жəне қауіпті сындарлы жағдайларының алдын алуды қадағалау деп атап көрсетеді[4].

ҚР Экологиялық кодексінің 139-бабында экологиялық мониторингке келесі анықтама беріледі. Қоршаған орта жəне табиғи ресурстар мониторингі, яғни бұл - табиғи жəне антропогендік факторлардың əсерінен болатын олардың өзгерістерімен жағдайын бақылау, болжамдау жəне бағалау мақсатымен табиғи ресурстарымен қоршаған орта жағдайын қадағалаудың кешенді жүйесі. Атмосфералық ауа, жер, жер үсті жəне жер асты сулары, жер қойнауы, жануарлар жəне өсімдіктер əлемі, сондай-ақ климат пен азондық қабат, экологиялық жүйелер, тұрғындар денсаулығына əсер ететін қоршаған ортаның факторлары экологиялық мониторингтің объектісі болып табылады.

Мониторинг өткізудің  масштабына, аумағына, физика-географиялық, экономикалық, экологиялық-ландшафтық шектерге байланысты келесі түрлерге бөлінеді:

  • Республикалық;
  • Аймақтық;
  • Жаһандық.

Қазіргі ҚР Экологиялық кодексінде көзделген қоршаған ортаның, табиғи ресурстардың жəне құқықтық негіздің бірыңғай мемлекеттік мониторинг жүйесі жүргізілуде. Жоғарыда көрсетілген нормативтік-құқықтық актінің 140-бабында қоршаған орта жəне табиғи ресурстардың бірыңғай мемлекеттік мониторингі төмендегідей мониторингтің ішкі жүйелерінен тұрады:

  • қоршаған орта жағдайының мониторингі;
  • табиғат ресурстарының мониторингі;
  • мониторингтің арнаулы түрлері;

Қоршаған орта жағдайының мониторингінің өзі келесі түрлерге бөлінеді:

  • атмосфера ауасы жағдайының мониторингі;
  • атмосфера жауын-шашын жағдайының мониторингі;
  • су ресурстарының сапалық жағдайының мониторингі;
  • жер қойнауы жағдайының мониторингі;
  • метеорологиялық мониторинг;
  • радиациялық мониторинг;
  • трансшекаралық ластану мониторингі;
  • фондық мониторинг [5].

Экологиялық мониторинг арқылы, табиғи ортаның сапасы мен жай-күйі туралы қажетті мəліметтер жинақтап, кемшіліктер бойынша нақты шешім қабылдауға септігін тигізеді.

Арнайы құралдармен тексерілген жəне бірыңғай мемлекеттік органдарда жинаған экологиялық мониторинг жүргізуден алған мəліметтер, экологиялық жай-күйді толық бағалау, болжау, қоршаған ортаға зиянды заттардың əсер етуін өзгерту, төмендету, табиғи ресурстарды пайдалануды теңестіру үшін қажетті болып табылады. Мұндай жүйе бұрынғы «Қоршаған ортаны қорғау туралы» заңында бірыңғай мемлекеттік қоршаған орта мониторингі деп аталған. Ал қазіргі Экологиялық кодексте қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі - экологиялық қауіпсіздікті, табиғи ресурстарды сақтауды, молықтыруды жəне ұтымды пайдалануды, сондай-ақ халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мақсатында басқарушылық жəне шаруашылық шешімдердің қабылдануы үшін қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйін байқауды, сондай-ақ олардың нақты жай-күйі туралы деректерге талдау жасауды қамтитын көп мақсатты ақпараттық жүйе болып табылады.

Жалпы ұлттық жəне аймақтық деңгейдегі мониторингті ұйымдастыру, атқарушы органға жүктелген жəне оның қызметтері арнайы заң актілерінде көзделеді.

Қоршаған орта мониторингі, табиғатты қорғау қызметімен айналысатын мемлекеттік органдар мен т.б. органдарға қажетті ақпараттық жүйе болып табылады. Шын мəнінде экологиялық мониторинг, экологиялық сараптама жүргізуге қажетті мəліметтер болып табылады. Себебі жоспарланып отырған жобалардың объектілері мен қызметтерінің экологиялық талаптар мен қоршаған орта сапасының нормативтеріне сəйкестігін анықтау, экологиялық сараптаманың мақсаттарының бірі болып табылады. Белгілі бір территорияның табиғат объектілерінің сапасы мен оған қойылған экологиялық талаптары əртүрлі болып келеді, сондықтан да үнемі бақылауды талап етеді. Ал қоршаған ортаның мониторингі беретін ақпараттардың көмегенсіз объектілерге экологиялық сараптама жүргізу мүмкін емес [3].

Сонымен қатар экологиялық мониторинг бұл тек тиісті ақпараттық база ғана емес, зиян келтіру көздерін мақсатты түрде басқарып, тиімді əдістерді қолдана отырып, сапалық жəне сандық бағалаудың болжамдарын жүзеге асыруына септігін тигізеді.

ҚР-да экологиялық мониторинг жүргізуі қазіргі таңдағы талаптарға сай келе бермейді. Ал техникалық жабдықтардың тозуы салдарынан алынған ақпараттардың шынайылығы төмендеп отыр. Сондай-ақ мониторингтің ведомствалық үйлестіру жүйесі де дұрыс жолға қойылмаған. Яғни əртүрлі министрлер мен ведомствалар қоршаған ортаның жай-күйіне толық объективті түрде баға бере алмайды. Сəйкесінше тиісті ақпараттарды уақытында алуға қиындықтар туындап отыр. Қазір барлық өндірістік мониторинг жүйесі, ведомствалық мониторинг ұйымдары мен кəсіпорын құрамына кіретін, геоинформация негізіндегі қоршаған орта мен табиғи ресурстардың экологиялық мониторингінің бірыңғай  мемлекеттік  жүйесін құру қажет. Бұған  қол  жеткізу үшін, ең  алдымен экологиялық ақпараттарды жинау, жүйелеу, сақтау жəне тарату қорын құру, қазіргі материалды-техникалық база жүйесін модернизациялау, барлық мемлекеттік органдардың өзара байланысын айқындайтын нормативті заң актілерін қабылдау қажет.

Су объектілерінің мониторингі – олардың жай-күйінің гидрологиялық, гидрогеологиялық, гидрогеохимиялық, санитарлық-химиялық, микробиологиялық, паразитологиялық, радиологиялық жəне уыттылық көрсеткіштерін тұрақты бақылау, теріс процестерді уақтылы анықтау, олардың қанат жаюын бағалау жəне болжау мақсатында алынған ақпаратты жинау, өңдеу жəне беру, жүзеге асырылатын су шаруашылығы іс-шараларының зиянды салдарларын болғызбау жəне тиімділік дəрежесін айқындау жөнінде ұсынымдар əзірлеу жүйесі болып табылады [5].

Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік Конвенцияның 19-бабына сəйкес уағдаласушы тараптардың мынадай міндеттері бар:

  1. Уағдаласушы Тараптар Каспий теңiзi теңiз ортасы жай-күйi мониторингiнiң тиiсті дербес жəне/немесе бiрлескен бағдарламаларды құру жəне жүзеге асыру үшiн күш жұмсайды.
  2. Уағдаласушы Тараптар Каспий теңiзiнде мониторингі жүзеге асырылатын ластаушы заттардың тiзбесiмен жəне өлшемдерiмен, шығарындылар жəне сығындылар үшін келiседi.
  3. Уағдаласушы Тараптар Каспий теңiзi теңiз ортасы жай-күйiн бағалауды жəне Каспий теңiзi теңiз ортасының ластануын алдын алу, бақылау жəне төмендету үшін қабылданатын шараларының тиiмдiлігін дербес жəне/немесе бiрлесiп тұрақты жүзеге асырады.
  4. Уағдаласушы Тараптар мониторинг бағдарламаларын, өлшеу жүйелерiн, талдау əдiстерiн, деректердi өңдеуге жəне сапа деректерiн бағалау əдiстерiн əзiрлеу мен қолдану ережелерiн үйлестiруге күш жұмсайды.
  5. Уағдаласушы Тараптар шешiм қабылдауға негiз жəне мамандар, əкiмшілер жəне халық үшін ақпарат пен бiлiмнiң жалпы көзi болып табылатын орталықтандырылған деректер базасын əзiрлейдi [6].

Жалпы Каспий аймағында бірнеше экологиялық мониторинг бағдарламалары жүзеге асырылуда. 2007 жылы Евро-одақ (ТАСИС) жобаларын жүзеге асыру барысында «Каспий теңізінде  су сапасының мониторингі жəне зардапты аймақтардың қызметтерінің жоспарларын» жүзеге асыру жолға қойылды. Жобаның мақсаты – Каспий теңізінде су сапасының мониторлық механизмін қамтамасыз ету жəне экологиялық мəселелерді шешудің уникалды жоспарын дайындау болып табылады. Ол үшін барлық Каспий аймағы мемлекеттері, теңіз суларына жедел анализ жасауға жəне пробасын алуды жетілдіруге қол жеткізетін жаңа құралдар мен техникалық жабдықтар алады.

«Космостық радиолакация мəліметтері негіздері Каспий теңізі мұнай ластау» жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Дегенмен бірнеше жылдар бойы космостық апараттар көмегімен Каспий туралы алынған мəліметтер əлі күнге дейін тиісті нысанда талданбаған. Сондықтан Каспий теңізінің мұнаймен ластану маштабы туралы əлі толық заңды мəліметтер жоқ.

Экологиялық мониторинг тек басқару мен шаруашылық қызметтер үшін ғана қолданылмайды, сондай-ақ ол құқық қорғау органдары қызметтеріне қажетті ақпараттық жүйесін құрайды. Табиғи ресурстарды пайдаланумен экологиялық зиянның орнын толтырумен байланысты істер бойынша дауларды шешу барысында да экологиялық мониторингтің ролі күшті. Көп жағдайларда сот объектілер бойынша шешім шығару мақсатында мəліметтерді талап етеді немесе тараптар тиісті ақпараттарды өздері ұсынады. Бірақ сот қызметтерінде де келіспеушіліктер туындауы мүмкін. Мысалы, талап арызда көрсетілген зардаптың есептеу кезінде, сот міндетті түрде мамандардың көмегіне жүгіне отырып, есептеу қажет.

Сот тəжірибесінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы даулар бойынша шешімдер көп жағдайларда анықталған экологиялық ақпарат негізінде қабылданады. Ал табиғи ортаның сапасы мен жай-күйі туралы ақпараттар тəуелсіз экологиялық ұйымдар немесе жеке тұлғалармен берілетіндіктен, объективті шешім қабылдауға қиындықтар туғызып отыр. Сондықтан да құқық қорғау органдары мен сот органдарына экологиялық мониторинг ақпараттарын ресми түрде пайдалануға қатысты заңдарда орын табуы керек.

 

Әдебиеттер

  1. Ерефеев Б.В. Экологическое право России. – М., 1996. – С.
  2. Петров В.В. Экология и право. – М., 1981. – 129 с.
  3. Есжанов М.Е. Проблемы правового регулирования экологического мониторинга в РК: дис. канд. юрид. наук. –Алматы, 1999. – 19 с.
  1. Культелеев С.Т. Экологическое право РК. – Алматы, 2003. – 230 с.
  2. Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі 9 қаңтар 2007 жылғы. – Алматы: Юрист,
  3. Каспий теңiзiнің теңiз ортасын қорғау жөнiндегі негiздемелiк Конвенция (Тегеран, 2003 ж. 4 қараша) // Юрист анықтама жүйесі.
Жыл: 2011
Қала: Алматы
Категория: Құқық