Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Мемлекеттің халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясының мәні және қазақстандық тәжірибе

Мемлекеттің мәні, әлеуметтік міндеті және даму заңдылықтары оның функциялары арқылы өз көрінісін табады. Мемлекет функциясы оның ішкі табиғатын сипаттайды және оның мемлекет ішіндегі және халықаралық аренадағы қызметінің мәнін айқындайды. Мемлекет қоғамды басқару үшін өз қызметінің бағыттарын, функцияларын айқындауы тиіс. Мемлекет функциясы сол мемлекеттің алдына қойған даму стратегиясына, ұлттық мүддеге тікелей тәуелді болады. Яғни, мемлекет функциясы мақсат-міндеттерді іске асырудың тетігі болып табылады. Жалпы алғанда, мемлекет және құқық теориясы мемлекет функцияларының мәні мен мақсатын, жіктелінуі мен топтастырылуын жан-жақты зерттеді, дегенмен, еліміздің дербес мемлекет ретінде даму тарихында оның кейбір функцияларының теориялық негізделуі әлі де болса қажет етіледі. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Қазақстан Республикасының халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясының ерекшеліктеріне тоқталудың өзіндік қажеттілігі бар деген ойдамыз. Мемлекеттің нақты функциясына тоқталмас бұрын, мемлекет функциясына жалпылама түсінік беру қажет. «Функция» термині теорияда әртүрлі мағынада қолданылады: заң шығару функциясы, басқару функциясы, сот функциясы, салық функциясы,  билік  жүргізу  функциясы  және  т.б. Сонымен  қатар,«функция» ұғымы тек мемлекетке ғана қатысты емес, басқа да әлеуметтік құбылыстарға қатысты қолданылады. Құқық функциясы, қоғамдық ұйымдар функциясы, отбасы функциясы, халықаралық ұйымдар функциясы және т.б. функцияларды ажыратуға болады. Осыған дейін көптеген авторлар  мемлекет функциясына әртүрлі анықтама беріп келді. М.И. Байтин «Социалистік мемлекеттің функциялары дегеніміз – бұл оның таптық мәні, атқаратын рөлі, міндеттері мен мақсаттары, социализм мен коммунизмге барар жолдағы даму заңдылықтары өз көрінісін табатын және нақтыланатын қызметінің бағыттары» деген анықтама береді [1, 190-б.].

Ал, екінші бір автор Н.В. Черноголовкин мемлекет функциясына анықтама берместен бұрын оның басқа да мемлекеттік болмыстармен байланысын талқылауды ұсынып, мемлекет функциясының мемлекет мәнімен арақатынасына тоқталады. Оның ойынша, функция мемлекеттің таптық мәнін айқындайды және ол мемлекеттің басты белгісі болып табылады. Алайда, функция арқылы мемлекет мәні тек сыртқы көрініске ие болмайды, сонымен бірге ол нақтыланады және мемлекеттің көпқырлы функциясы арқылы жүзеге асырылады. Бұл функциялардың екінші бір белгісі – олардың мемлекеттік қызметпен байланыстылығында дегенді білдіреді. Бұл байланыстың тығыздығы соншалық, заң әдебиетінде «мемлекет функциясы» және «мемлекеттік қызмет» деген ұғымдарды шатастыру жағдайлары кездесіп қалады. Бұл жерде айта кетуге тиісті жайт, ол мемлекет функциясының өз мәні мен мағынасының барлығы және оның мемлекет мәні мен мемлекеттік қызметтен ерекше екендігі. Мемлекет функциясының өзіне тән белгілеріне сәйкес, оны мемлекет мәнін көрсететін оның қызметінің бағыттары ретінде бағалауға болады. Көбінесе мемлекет функциялары мемлекеттің дамуының басты кезеңдеріндегі алдында тұрған тарихи міндеттер мен әлеуметтік бағыттарға сәйкес келеді, бұл өз кезегінде мемлекет функциясының мазмұнының негізгі бөліктерін ашып айқындайды. Социалистік мемлекеттің функциясы дегеніміз – мемлекет функциясындағы оның басты даму сатысында алдында тұрған тарихи міндеттерді шешуге байланысты, оның таптық мәнін көрсететін негізгі бағыттар [2, 7-б.]. Мемлекеттің функциялары мемлекеттің өз даму сатысында не істеу керектігін және оның органдары мен мекемелерінің күші неге жұмылдырылуы қажет екендігін нақтылайды. В.О. Тененбаумның ойынша, мемлекет функциясы негізінен мемлекет тетігінің сәйкес бөлігі арқылы жүзеге асырылады [3, 138-б.]. Ендігі бір автордың ойынша, мемлекеттің функциясы – мемлекеттің қоғамдық қатынастарға мақсатқа сай әсер етуі арқылы жүзеге асырылатын әлеуметтік-таптық қасиеті [4, 102-б.]. Мемлекеттің функциясына субъективтік фактордың, яғни жеке адамның және олардың бірлестіктерінің, мемлекеттегі биліктің саналы қызметінің, саясат пен ғылымның тигізетін әсері өте мол. Кей кездері мемлекеттік билікке келген нақты бір тұлға мемлекеттің бірқатар функцияларының мазмұнының өзгеруіне немесе кейбір функциялардың жандануына немесе бәсеңдеуіне тікелей әсер ете алады.

Мемлекеттің функциялары әртүрлі, олардың пайда болуы немесе өзгеріске ұшырауы қоғамның эволюциялық өзгеруі және алдына қойған мақсаттарына жету жолында кездесетін міндеттердің кезектілігіне байланысты болады. Міндет  шешілуге тиісті мәселе. Функция – осы мәселені шешуге бағытталған әрекет. Мемлекет функциясының эволюциясын  ашу  үшін  «мақсат» – «міндет» – «функция» санаттарының арақатынасын қарастырамыз. Мемлекеттің нақты мақсаттары қалыптасуы үшін оның әлеуметтік бағыттары айқындалады. Ал, оған қол жеткізу үшін нақты міндеттерді шешу қажет, бұл өз кезегінде сәйкес функцияны жүзеге асырумен байланысты болады [4, 61-б.].

Жоғарыда келтірілген ойлар социалистік кезеңге жатады, ал қазіргі кезеңдегі еңбектерге көз жүгіртсек, А.Б. Венгеров өзінің «Мемлекет және құқық теориясы» оқулығында: «Мемлекет функциясы – кешенді түрде қарастырылатын айқын бағыттағы мемлекеттің іс-әрекеттерінің пәні мен мазмұны және оны қамтамасыз етуші құралдар мен әдістер», деген анықтама берген [5, 141-б.]. Н.И. Глазунованың пікірінше, мемлекет функциялары – бұл мемлекеттік билік органдарының және лауазымды тұлғалардың қоғамға тигізетін басқару әсері, олардың қызметінің басты бағыттары, басқаша айтқанда, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты [6, 101-б.].

Осы салада еңбек етіп жүрген ғалым Т.А. Ағдарбеков «Мемлекет функциясы деген атау, мемлекет жұмыстарындағы мақсаттардың негізгі, өте маңызды бағыттарын айқындауға пайдаланылады. Себебі, сол арқылы оның әлеуметтік рөлі көрінеді. Заң шығарушы, атқарушы және сот органдарының қызметтеріндегі негізгі бағыттардың табиғаты бір болады. Олардың ең бірінші мақсаттарына қоғам өмірінің бір қалыпта дамуын қамтамасыз ету кіреді», – дей келіп, ойын былайша қорытындылайды: «Мемлекеттің функциясында, оның мәнін көрсетумен қатар, қоғам дамуындағы негізгі мәселелерді шешудегі рөлін және ең алдымен, ел тұрғындарының әртүрлі мүдделерін қамтамасыз ететіндігі айқындалады» [7, 88-б.].

Оның ойынша, мемлекеттің функциясы оның даму кезеңдеріндегі алдарында тұрған негізгі мақсат-міндеттерімен тікелей байланысты. Себебі, мемлекеттің функциясы осы мақсат-міндеттерді тікелей жүзеге асыру үшін құрылады және жүзеге асырылады. Мемлекеттің мақсаттарының мазмұны, оның ішкі және сыртқы жағдайларына байланысты болады. Елдің экономикалық өміріндегі дағдарыстық құбылыстар, мемлекеттен өзінің барлық органдарының күшін біріктіріп, сол экономикалық жағдайды жөндеуді талап етеді. Қылмыстың өсуі, мемлекеттен дер кезінде оған қарсы шараларды ұйымдастыруды талап етеді. Сыртқы жақтан болуы мүмкін шабуыл қаупі мемлекет органдарының тұрғындарды ондай жағдайға дайындап, бірігіп қорғанудың алдын ала дайындығын ұйымдастыруына ықпал етеді.

Жоғарыда талдау жасалған тұжырымдамаларға негіздей отырып, келесідей мәселеге назар аударғымыз келеді, мемлекет функциясының маңыздылығы белгілі тарихи даму кезеңіне сәйкес, қоғамның қажеттіліктеріне қарай өз орындарын ауыстырып отырады немесе өз маңызын жойып, сәйкесінше, жаңа мемлекет функциясы пайда болады. Бұған мысал ретінде мемлекеттің экологиялық функциясын алуға болады, XX ғасырдың соңғы ширегінде ол мемлекеттік функция сипатына ие болып, қазіргі кезде мемлекет үшін ең басты функцияға айналып отыр. Өйткені, барлық жер бетіндегі тіршіліктің, соның ішінде, адамның өмір сүру мүмкіншілігі осы функцияны жетілдіруге, басты орынға қоюға міндеттейді.

Мемлекет функциясы оның сипаты мен мазмұнына қарай жіктелінеді. Жүзеге асырылу сипатына қарай мемлекет функциясын тұрақты және уақытша деп бөліп қарастыруға болады. Мемлекеттің тұрақты функциялары оның өмір сүруі үшін аса маңызды негізгі мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін ұйымдастырылатын және тұрақты түрде жүзеге асырылатын іс-әрекеттердің бағыты болып табылады, мысалы, мемлекеттің әлеуметтік функциясы. Ал, мемлекеттің уақытша функциясы нақты бір орын алған жағдайға байланысты ұйымдастырылатын, сол жағдай түзелген соң жойылатын бір реттік іс-әрекеттердің жиынтығы болып табылады. Мысалы, төтенше жағдайлар орын алған кездегі шетелдерден келген көмекті қабылдап, тиісті орындарға жеткізу немесе халықаралық маңызы бар іс-шара өткізуге байланысты ұйымдастырылатын іс-шаралардың жиынтығы.

М.И. Байтин социалистік мемлекет функцияларын негізгі және негізгі емес деп бөліп қарастырады. Негізгі мемлекет функциясы нақты тарихи кезеңде мемлекеттің алдында тұрған басты стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асырумен байланысты мемлекеттің іс-әрекетінің жалпылама, маңызды кешенді бағыттары. Ал мемлекеттің негізгі емес функциясы негізгі қызметтің құрамдас бөлігі және мемлекеттің нақты, қоғамдық өмірдің кішігірім бөлігінде міндетін атқаруымен байланысты іс-әрекеттерінің бағыты болып табылады [1, 207-209-бб.].

Мемлекет функциясын көптеген авторлар мазмұнына қарай ішкі және сыртқы деп бөліп қарастырады. Мемлекеттің ішкі және сыртқы функциялары оның типінің, нысанының өзгеруіне байланысты, сонымен қатар, қоғамның дамуына, халықаралық жағдайдың өзгеруі мен қоршаған ортаның ахуалына байланысты өзгеріске ұшырап отыруы мүмкін. Мемлекеттің  ішкі функциясы мемлекеттің қоғамның ішкі өмірін басқаруға бағытталған іс-шараларының жиынтығы. Мемлекеттің ішкі функцияларына оның әлеуметтік функциясын, экономикалық функциясын, экологиялық функциясын, құқықтық тәртіпті қорғау функциясын, қаржылық бақылау функциясын, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау функциясын жатқызуға болады.

Мемлекеттің сырқы функциясы мемлекеттің халықаралық аренадағы рөлін  айқындауға  және өзге мемлекеттер мен халықаралық ұйымдармен байланысын қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларының жиынтығы. Мемлекеттің сыртқы функциясына өзге елдермен байланыс  орнату, сыртқы жаудан қорғану, халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функцияларын жатқызуға болады. Осы мәселемен айналысып жүрген отандық ғалымдардың бірі, профессор С.Ж. Айдарбаев мемлекеттің сыртқы функцияларының бірі ретінде интеграциялық функцияны қосып қарастыруды ұсынады, оның пікірінше, әлемдік жаһандану үрдісі мемлекеттің интеграциялық функциясының дамуына тікелей ықпал етеді [8, 7-б.]. Қазіргі кезде әлемде орын алып жатқан халықаралық жағдайлардың сипатына көз жүгірте отырып, шындығында мемлекеттің өзге мемлекеттермен интеграциялануы оның интеграциялық функциясының дамуына оң ықпал ететіндігін мойындауға тура келеді. Дегенмен, интеграцияланудың мемлекеттің тәуелсіздігіне, ұлттық сипатына, халқының ділі, діні және тіліне тікелей әсер ету мүмкіндігін ескерсек, интеграциялануды басты орынға шығару біздің еліміз үшін әлі де ерте екендігін көре аламыз.

Соңғы уақыттарда мемлекеттің халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясының маңызы артуда. Ол мемлекеттің кез келген жаһандық маңызы бар мәселеге қатысты өз ұстанымын айқындауымен, егер мүмкін болса сол мәселені шешуге атсалысуын қамтамасыз етумен байланысты жүзеге асырылады. Аталмыш функция әр мемлекеттің немесе ұлттың мүддесіне нұқсан келтірместен нақты орын алған жағдайды оны шешуге үлес қосушылық арқылы шешуге бағытталады. Бұл функциясы аясында ғаламдық деңгейде қоршаған ортаны қорғау, табиғи қорларды тиімді пайдалану, орын алған төтенше жағдайлардың салдарын жою және т.б. маңызды мәселелерді жатқызуға болады. Ресейлік автор Л.А. Морозова мемлекеттің сыртқы функцияларын әлемдік экономикамен интеграциялану, қорғаныс  функциясы,  әлемдік тәртіпті қолдау және әртүрлі салаларда өзге мемлекеттермен әріптестік функциясы деп бөліп қарастырады [9, 109-111-бб.]. Мұндағы бір мән бере кететін жайт, автордың Ресейдің БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне мүше, ядролық қаруы бар держава екендігін басшылыққа алып мемлекеттің сыртқы функцияларының қатарына әлемдік тәртіпті қолдау функциясын жатқызуы. Яғни, әлемде екі жүзге жуық мемлекет болса олардың барлығының әлемде өзге мемлекеттерге ықпалы және әлемдік тәртіпті қамтамасыз етуге атсалысуға әлеуеті жоқ. Сондықтан бұл тұжырымдамадан автордың Ресей Федерациясының осындай әлеуетін басшылыққа ала отырып сыртқы функция түріне осы функцияны қосқаны артықтау болғанын айта аламыз. Себебі, жоғарыда айтып өткеніміздей, мемлекеттің функциясын ұйымдастыру соған сәйкес тетікті құруды талап етеді. Әлемдік тәртіпті қолдау барлық мемлекеттің міндеті болғанымен оны әр мемлекет өзінің басты мақсаттары мен міндеттері қатарына қосып, тұрақты түрде осы мәселемен айналысу тетіктерін қалыптастыра алмайды. Біздің пікірімізше, мемлекет және құқық теориясының жалпы барлық мемлекеттерді қамтитындығын ескере отырып әлемдік тәртіпті қамтамасыз етуге атсалысу бойынша мемлекеттің атқаратын іс-шараларын халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясының құрамына жатқыза отырып қарастырған жөн болар еді. Бұл өз кезегінде халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясының мазмұнын кеңейтіп, маңызын арттыра түсер еді. Кез келген мемлекет өзінің мүмкіндігіне қарай экология, экономика, әскери, адам құқықтарын қорғау, бейбітшілікті қамтамасыз ету, діни қақтығыстарды болдырмау, терроризммен күрес, наркобизбеспен күрес, төтенше жағдайлардың зардабын жою және т.б. мәселелерде өзге елдермен және халықаралық ұйымдармен қызметтесіп, орын алған жағдайлардың барлық мемлекеттер мен халықтар үшін тиімді шешілуіне атсалыса алады. Сонымен, мемлекеттің халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясы дегеніміз – мемлекеттің халықаралық аренада орын алатын өзі немесе өзге мемлекеттер мен халықаралық қауымдастық үшін маңызды мәселелерді шешуге нақты әрекет арқылы өзіндік үлес қосумен және осы мақсатта әртүрлі іс-шараларды ұйымдастыруға мұрындық болумен байланысты қызметінің негізгі бағыттары. Теориялық тұрғыдан негізделген тұжырымның тәжірибеде жүзеге асырылу сипатын айқындау мақсатында халықаралық маңызы бар мәселелерді  шешуге  атсалысу  функциясының Қазақстан Республикасында жүзеге асырылу сипатына тоқтала кетуді жөн көрдік.

Ең алдымен бұл функцияның еліміз үшін жаңа функция түріне жататындығын ескеру қажет, Кеңес Одағы құрамында еліміз федерация субъектісі болып танылғандықтан оның сыртқы функциялары ұйымдастырылмады немесе шектеулі сипатта болды деуге болады. Мысалы, еліміз федерация субъектісі ретінде өзге елдермен мәдени, ғылыми, денсаулық сақтау т.б. салаларында байланыс орнатқанымен, өзге елдермен дербес байланыс орнату, сыртқы жаудан қорғану, халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функцияларын жүзеге асыруға мүмкіндігі болмады. Тәуелсіздік алған уақыттарда еліміздің өзге елдермен байланыс орнату және сыртқы жаудан қорғану функциясы барынша дамыды. Тек еліміз өзге мемлекеттер тарапынан танылып, халықаралық қатынастарды орнықтырған соң, экономикалық жағынан тұрақтылыққа қол жеткізген уақыттардан бастап халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясы қолға алынды. Қазіргі кезде Қазақстанның дербес мемлекет ретіндегі халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясы әртүрлі бағыттарды қамтиды. Ең алдымен, ол ғалам үшін маңызы бар экологиялық апаттардың зардаптарын жою, жаңа экологиялық апаттарды болдырмау үшін күресте өзге елдермен және халықаралық ұйымдармен әріптестік орнату және бірлесе әрекет ету. Бұған еліміздің Семей полигонының және Арал апатының салдарын жоюға байланысты халықаралық қауымдастықпен қызметтесуін жатқызуға болады. Сонымен қатар, болашақта Балқаш көлінің тартылу қаупінің алдын алу бойынша еліміздің халықаралық қауымдастықпен бірлесе атқарып жатқан шаралары да осы қызмет аясында жүзеге асырылуда. Еліміз әртүрлі елдерде орын алып жатқан төтенше жағдайлар мен дағдарыстардың салдары мен зардабын жою бағытында да белсенділік танытып жүргенін атап өтуге болады. Мысалы, Украинаның оңтүстік шығысындағы Луганск облысының аумағында орын алған жағдайлардың салдарын жоюға гуманитарлық көмек ретінде осы жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Республикасы жалпы құны 69 миллион 727 мың 875 теңгенің азық-түлік өнімдерін жіберді [10, 1-б.]. Сонымен қатар, әртүрлі елдерде орын алған әскери қақтығыстарға қатысып, олардың тиімді шешілуіне де атсалысу мәселесінде де Қазақстан Республикасы белсенділік танытып жүр. Мысалы, 31 қаңтар 2000 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің  өкімімен  Қазақстандық  бітімгершілік батальоны құрылып, ол өз кезегінде Ирак жерінде бітімгершілік күштерінің қатарында қызмет етті [11, 1-б.]. Сонымен қатар, еліміз әртүрлі мемлекеттер арасындағы түсініспеушіліктерді шешу, әскери қақтығыстарды болдырмау бойынша ара ағайындық қызметті де жоғары деңгейде атқаруда. Мысалы, 2013 жылдың сәуір айында Алматыда «алтылықтың» (Иран, Ресей, АҚШ, Қытай, Франция, Англия) арасындағы Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздері жүргізілді. Бұл келіссөздерді Қазақстан тарапы ұйымдастырып, жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз етті [12, 1-б.]. Терроризммен күресте халықаралық ынтымақтастық орнатуда Қазақстан үлкен жетістіктерге жетті, елімізде Интерполдың ұлттық Бюросы, Қазақстанның бастамасымен ТМД құрамында Антитеррорлық Орталық құрылды, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы арнайы терроризмге қарсы бағдарламалар бекітті және т.б. Еліміздің халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясының тағы бір бағыты оның ғаламдық маңызы бар мәселелерді талқылап, шешуге байланысты бастамашылық және ұйымдастырушылық әрекеттері. Бұл бағытта еліміз әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшыларының съезін Астанада 2003-2012 жылдар аралығында төрт рет ұйымдастырды, 1-2 желтоқсан 2010 жылы ЕҚЫҰ Астана Саммитін және өзге де ірі шараларды өткізді. Дегенмен, осы тұста ескеретін жайт еліміздің мұндай іс-шараларды көбінесе өзін халықаралық аренада таныту мақсатында ұйымдастыруы, яғни, ірі көлемдегі іс-шара өткізу арқылы өзін өзгелерге таныту мақсатын басшылыққа алуы. Бірақ, мұндай ірі іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізудің мемлекет үшін ірі қаражат жұмсауды талап ететіндігін ескерсек, біздің еліміз сияқты әлі де болса экономикалық дамуда нақты жетістіктерге жетпеген мемлекет үшін оның соншалық қажеттілігінің жоқтығын айтуға тура келеді. Себебі, мемлекет халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу үшін ең алдымен өзінің ішкі мәселелерін шешіп алуы қажет, ішкі мәселелер азаматтардың әл ауқатының көтерілуі, жұмыссыздық мәселелесінің шешілуі, ішкі инфроқұрылымның жоғарғы деңгейде дамуы, кедейлік деңгейінің төмендеуі сияқты және т.б. мәселелермен айқындалатындығы баршаға аян. Сондықтан, мемлекеттің өзін жарнамалауды аса маңызды мәселе ретінде қарастырып, өзінің халықаралық аренадағы имиджін қалыптастыру үшін жаһандық маңызы бар мәселелерді талдауға арналған арнайы жоғарғы деңгейлі жиындар мен іс-шаралар өткізуі аса дұрыс ұстаным емес деп тұжыруға болады. Тіпті, оның соншалықты нәтиже бермейтінін режиссёр Ларри Чарльзтың «Борат: кереметтей Қазақстан мемлекеті үшін Американың мәдени зерттеулері» фильмінің әлемдік прокаттағы жетістіктері көрсетіп берді. Кезінде бұл фильмнің еліміз үшін үлкен жарнама болғанын еліміздің сыртқы істер министрі де мойындаған болатын [13, 1-б.]. Біздің пайымдауымызша, мемлекетті жарнамалау мақсатында ірі көлемдегі қаражат жұмсап жоғарғы деңгейлі жиындар мен басқосулар ұйымдастырудың сыртқы саясат үшін артық нәрсе.

Жалпы алғанда, мемлекеттің функциялары оның алға қойған мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру үшін ұйымдастырылатындығын ескерсек, мемлекет функциясын ұйымдастыруда мемлекет үшін маңызды  мәселелер  алдыңғы орынға қойылуы тиіс. Сонда ғана, мемлекет функциясы жүзеге асырылуы арқылы жалпы мемлекет пен қоғам пайдалы нәтижелерге қол жеткізері сөзсіз. Бүгінгі Қазақстан Республикасының халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясы өте жоғарғы деңгейде жүзеге асырылып, еліміздің халықаралық аренадағы орны мен рөлін айқындауға  септігін тигізуде. Дегенмен, еліміз үшін халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясын жүзеге асырудың ішкі функцияларды жүзеге асырудан басымдық алмауы тиімді болар еді.

 

 

 

Әдебиеттер

 

  1. Байтин.М.И. Сущность и основные функции социалистического государства. – Саратов: Издательство СГУ,1979. – 302 с.
  2. Черноголовкин.Н.В. Теория функций социалистического государства. – М.: «Юридическая литература», 1970. – 215 с.
  3. Тененбаум. В.О. Государство: система категорий.Саратов: Издательство СГУ, 212 с.
  4. Абдуллаев.М.И., Комаров.С.А. Проблемы теории государства и права. Учебник. – СПб.: Питер, – 576 с.
  5. Венгеров А.Б. Теория государства и права: учебник.– М.: Юриспруденция, – 528 с.
  6. Глазунова.Н.И. Система государственного управления: учебник. – М.: «Юнити», – 256 с.
  7. Ағдарбеков Т.А. Мемлекет және құқық теориясы. – Қарағанды: Болашақ Баспа, 2002. -320 б.
  8. Айдарбаев С.Ж. Некоторые аспекты состава внешних функций государства в эпоху глобализации // Актуальные вопросы современного международного права: материалы научно-теоретеческой конференции, (Алматы, 24-25 апреля 2009 г.) /Отв. ред. С.Ж. Айдарбаев. – Алматы: «OST-XXI век», 2009. – С.4-7.
  9. Морозова Л.А. Теория государства и права.М.: Юристъ, -414 с.
  10. Казахстан отправил на Украину гуманитарную помощь// Новости на портале «Nur.kz»: 01.2015 – URL:< news.nur. kz/348921.html>, Accessed:15.01.2015.
  11. Казахстанский миротворческий батальон «Казбат» отмечает 10-летний// Новости.Gazeta.kz: 26.02.2010 – URL:<news.gazeta.kz›art.asp?aid=143178>, Accessed:15.01.2015.
  12. Иран поддерживает предложение о переговорах // новости Karah.ru: 12.08.2013 – URL:<karah.ru/worldhtm>, Accessed:15.01.2015.
  13. Казыханов поблагодарил  Бората  //  Новости  Усть-Каменогорска  и  ВКО:  04.2012  – URL:<yk-news.kz>, Accessed:15.01.2015.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.