Субъективтік құқықтарға қатысты адам мен тұлға түсінігі

Адам құқықтары қоғам мен әлемде орын алып отырған барлық маңызды құбылыстар мен оқиғаларды «өлшеуге» мүмкіндік беретін әмбебаптық құндылық [1, 234-б.]. Тұлға – құқықтың бастапқы субъектісі, сондықтан да оның құқықтары мен мүдделерінен заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерінің басым болуына жол беруге болмайды [2, 7-б.]. Адам құқықтары жеке тұлғалардың экономикалық, саяси және әлеуметтік қызметімен қатар жүреді. Оларды тұлғалардың өз ара ықпалдасуының нормативтік нысаны десе болады. Адамзат тарихы мен тәжірибесі көрсетіп отырғандай, адам құқықтары мен бостандықтары қамтамасыз етілмесе, демократия мен әлеуметтік құқықтық мемлекетті құру мүмкін емес. Субъектілер арасында өмірдің бағыт-бағдарлары жөнінде түрлі пікірлердің болуы жағдайында барлық субъектілерге өз бағыт-бағдарларына сәйкес өмір сүруге нақты мүмкіндік беру үшін қажет ортақ құндылықтар болуы керек дейді ресейлік зерттеуші А.Н. Бабенко [3, 93-б.]. Демек, мұндай құндылықтар ретінде бүгінгі күні адам құқықтары  танылып отыр. «Мәңгілік те шынайы игіліктер мен олардың рөлі жөніндегі мәселе адам баласы үшін іргелі, негізгі болып табылатын құндылықтардың болуы мәселесіне айналады. Осындай құндылыққа адамның өмірі мен бостандығы айналды» [3, 94-б.]. Іргелі құндылық болып адамның бостандықты қажет етуі табылады. Бұл абсолютті құндылық, өйткені бостандығы шектелген адамның өмір сүруінің өзі қорлыққа айналуы мүмкін.

Алайда адам құқықтарының түсіндірілуіне қатысты басқа да ағымдардың бар екендігін ұмытпауымыз керек. Бүгінгі күннің өзінде мұндай көзқарастар жоқ емес. Мәселен, ресейлік зерттеуші С. Рогожиннің сөзіне сүйенсек, адам құқықтары идеясының мәніне тоталитарлық белгі тән және мұны либералды сана мен тұлғаның өзіндік санасының бастапқыдан қатал белгіленген шеңберінен байқауға болады. Оның айтуынша «адам құқықтары – формализмділігімен және саяси утилитарлығымен өзіне тартатын батыстың азған әлеуметтік және философиялық ойының өнімі» [4, 35-36 бб.].

Сол сияқты адам құқықтарына қатысты мынадай да пікір бар: «адам құқықтары – глобализмнің,   атлантизмнің   және   батысшылдықтың   (вестернизация)   «әскери   ұраны».

...Батыс үшін «халық» адамдардан (азаматтар, индивидуумдар) тұрады және егер адамдар басқа елге көшіп, азаматтығын ауыстырса, олар басқа «халықты» құрайды, өйткені мұндай ұғымдағы «халық» өзінің сапалы табиғатынан айырылған жасанды нәрсе. Еуразияшылар үшін   «индивидуумға»,   «адамға»   қарағанда   «халық»   бастапқылық   сипатқа  ие, өйткені «адамды» «адам» қылатын халық. Өздігінен адам дегеніміз – клон, голем, биоробот, механизм, машина» [5, 220-б.].

Әрине, мұндай көзқарастарды кеңінен тараған деп есептеуге болмайды, бірақ олардың бар екендігін есте ұстау керек.

Жалпы алғанда, адамды қоғам мен мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде тануға негізделген және индивидтің автономиясын қорғап отыратын мемлекеттік биліктің өзін-өзі шектеуінің көрінісі болып табылатын адам құқықтарын тиімді құқықтық құрылым деп танитын көзқарас кеңірек таралған деп басып айтуға болады.

Қазіргі кезде кез келген демократиялық мемлекет адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарын бекіту және қамтамасыз ету қажеттілігі мен құндылығын мойындайды. Осы елдердің қатарында Қазақстан Республикасы Конституциясында да адам құқықтарын қорғаудың заңи шарттарының бірі болып табылатын оның құқықтары мен бостандықтарының тізімін бекітіп отыр. Конституцияда адам баласына қатысты әртүрлі ұғымдар (терминдер) қолданылған – «адам», «азамат», «жеке тұлға», бірақ осылардың қай-қайсысы да, ең алдымен, қоғам мүшесін білдіреді.

Адам құқықтары идеясы Батыс қоғамында пайда болғанын атап өтейік, ол дұрыс та шығар, өйткені Шығыс халықтарының өркениеті ұжымдық психологияға негізделген. Сондықтан бұл елдердің тарихында қоғамдық өмірдің басты қозғаушысы ретінде әрқашан, қай заманда да жанұя, ру, тайпа және т.с.с. топтар танылған. Индивидтің мүдделері ешқашан топтық мүдделерден жоғары қойылған емес. Бұл дәстүрлі қазақ қоғамына да тән қасиет еді.

Ал «тұлға» мен «адам» ұғымдарының тұжырымдалуына, ең алдымен индивидуализм мен рационализмге сүйенген протестанттық этика түрткі болды, - дейді А.В. Хованская, – өйткені басқа діндер мен конфессиялардағы жаратушыны жанама түрде тану процесіне қарағанда, протестанттық діндегі жаратушымен қарым-қатынасқа түсу адамның жеке уайымы мен жеке-дара рухани тәжірибесіне сүйенетін [6, 12-б.].

Қазақстандық ғалым Ж.Д. Бусурмановтың айтуы бойынша «адам құқықтарына қатысты Еуропаны орталыққа қоятын көзқарас бүгінгі күні кеңінен тараған және әлемнің көптеген мемлекеттерінде орын алған. Оның бастамасы бүкіл болмыстың орталығы ретіндегі адам құндылығы туралы көзқарастар қалыптасып, тамыр тарта бастаған батыс қоғамын өзгерту кезінде пайда болды» дейді [7, 3-б.].

Қазіргі кезде адам құқықтары бастапқылық сипатқа ие, олар кез келген адам баласының бойына тумысынан бітеді деп танылған. Бұл құқықтарды сақтау мемлекеттің тікелей міндетіне айналып отыр. Сондай-ақ, адам құқықтары жаратылыс құқығынан туындайды. Қазақстандық зерттеуші М.С. Башимов көрсететіндей, «адам құқықтары саласындағы ойшылдар көзқарастарының айырмашылықтарына қарамастан, олардың барлығы үшін ең бастысы тұлғаның бостандығы, оның автономиясы мен ажырамас құқықтарды иелену мүмкіндігі идеясы болып табылады» [8, 11-б.].

Мемлекеттің даму барысында азаматтық қоғамның пайда болғаны белгілі. Азаматтық қоғам дегеніміз – нақты адамға, оның мүдделерін жүзеге асыруға бағытталған еркін демократиялық құқықтық қоғам. Азаматтық қоғамды мемлекеттен дербес дамитын қоғамдық ұйымдар  жиынтығы,  өздігінен  дамушы  және  өзін-өзі  басқарушы  жүйе  және мемлекеттің дамуына тікелей әсер ететін, оның өркениетті жолдармен қалыптасуына ықпал ететін қоғамдық институттардың жүйесі ретінде де анықтауға болады [9, 14-б.].

Тағы бір анықтама бойынша «азаматтық қоғам» дегеніміз – «мемлекеттен тәуелсіз, бірақ онымен әрекеттесіп отыратын, мүшелерінің арасында экономикалық, мәдени,  құқықтық және саяси қатынастары дамыған, мемлекетпен бірігіп дамыған құқықтық қатынастарды құратын әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени және моральдық мәртебесі жоғары азаматтар қоғамы» [10, 75-б.].

Мұндай қоғамда жалпы гуманистік идеалдарды, дәстүр мен заңды құрметтеу тәрбиеленеді, творчестволық және кәсіпкерлік қызмет еркіндігі қамтамасыз етіледі, адам мен азамат құқықтарын іске асыру мүмкіндігі, мемлекет қызметін бақылайтын және шектейтін механизм құрылады.

«Азамат» ұғымы «адам» ұғымына қарағанда құқықтық мағынаға ие және мемлекетпен тікелей байланысты, өйткені азаматтық ұғымы мемлекет пен жеке тұлғаның ерекше байланысын қамтиды, ол мемлекет пен саяси қоғамның мүшесі ретіндегі азамат пен мемлекеттің белгілі бір өзара құқықтары мен міндеттерін туындататын тұлғаның құқықтық жайы болып табылады. Құқықтық тілмен айтқанда, «азаматтық» - бұл өзара құқықтар мен міндеттер жиынтығы арқылы көрініс табатын тұлғаның мемлекетпен тұрақты құқықтық байланысы [11, 121-б.]. Бұл анықтаманы құқықтық ғылым үшін дәстүрлі деуге болады, өйткені ол бұрынғы кезде де [12, 75-б.], қазір де [13, 64-65-бб.] осы түрінде қолданылып келеді. Сонымен қатар бұл анықтама азаматтыққа тән ең маңызды, мәнді белгілерді қамтиды [14, 212-б.].

Бірақ «азаматтық» ұғымының анықтамасына қатысты бір ерекшеліктер де бар. Қазақстандық ғалым А.Н. Сагиндыкова азаматтықтың нормативтік анықтамасы алғашында 1990 жылғы  «КСРО азаматтығы туралы» заңында берілген  деп  көрсетеді  және 1991 жылғы «Азаматтық туралы» ҚР Заңы бұл анықтаманы мемлекет пен тұлғаның өзара құқықтары мен міндеттерінің жиынтығы арқылы көрініс табатын олардың тұрақты саяси-құқықтық байланысы ретінде сол күйінде қабылдады дейді. Ол «саяси-құқықтық» байланыс деген ұғымның дұрыс еместігін және оның «құқықтық байланыс» ұғымымен алмастыру қажеттілігін дәлелдейді [15, 137-б.].

Бұл мәселеге қатысты басқа да көзқарас бар. Мәселен, әйгілі қазақстандық ғалым, академик Ғ. Сапарғалиев азаматтықты біртұтас саяси-құқықтық құбылыс ретінде қарастырған кезде оның демократиялық мемлекет жағдайындағы объективтік қажеттілігін ғана емес,  оның мемлекеттің болуы мен дамуы үшін маңыздылығын түсінуге болады дейді. Азаматтық қоғамның жаратылыстық-тарихи даму процесінің нәтижесі бола тұрып, мемлекеттің әлеуметтік базасы болып табылады. Демек, азаматтық мемлекет халқының саяси-құқықтық көрінісі болып табылады [16, 72-б.].

Азамат құқықтары индивидтің өз құқықтарын заңсыз сыртқы араласудан қорғау ғана емес, олардың жүзеге асырылуында мемлекеттің белсенді көмегіне арқа сүйейтін индивид пен мемлекеттің қарым-қатынас аясын қамтиды. Демек, азаматтың құқықтық мәртебесі оның мемлекетпен деген ерекше құқықтық байланысынан туындайды, яғни азаматтық институтынан. Сол сияқты азамат құқықтары позитивтік құқыққа сүйенетіні кеңінен танылған.

Мемлекет азаматы, ең алдымен адам баласы болып табылады, сондықтан ол адам құқықтарына ие болады. Ал азамат құқықтарына кез келген адам ие бола алмайды, ол үшін ондай адамның азаматтығы болуы тиіс. Осыған қатысты әйгілі ресейлік ғалым В.С. Нерсесянц былай дейді: «Қазіргі адам құқықтары тұжырымдамасының тарихи дамуындағы әртүрлі сатыларында біз ішінара, шектелген, артықшылықтарға ие адамның түрлі баламаларымен кездесеміз» [17, 108-б.].

Демек, азамат құқықтары – тұлғаның қосымша сипаттарына байланысты адам құқықтарының бір түрі. Мұндай қосымша сипаттарға азаматтықпен қатар белгілі бір жасқа толуды да жатқызуға болады, өйткені азаматтыққа қатысты құқықтарды жүзеге асыру үшін тұлғаның саналы да ерікті қызметі талап етіледі. Осыған орай Н.Н. Матузовтың пікірімен келісуге   болады,   оның   айтуынша   «қазіргі   кезде   көрсетілген   сыныптау  өз мағынасын жоғалтуда, өйткені жаратылыстан пайда болған адам құқықтары дамыған демократиялық мемлекеттер тарапынан әлдеқашан танылған, сондықтан олар азамат құқықтары ретінде де танылады. Қалай болса да, мемлекет ішінде құқықтарды екі «сұрыпқа» бөлудің тәжірибелік мағынасы жоқ, өйткені тіпті мемлекет аумағында өмір сүріп жатқан апатридтер де оның заңдары мен халықаралық құқық юрисдикциясына жатады» [18, 294-б.].

Дегенмен де, көптеген мемлекеттердің заңнамасы әлі де азамат пен адам құқықтарын бөлек бекітеді. Мысалы, Қазақстан Конституциясына да келсек, шетел конституцияларын алсақ та, азамат құқықтары мен бостандықтары адам құқықтары мен бостандықтарынан бөлек бекітілген. Мұны қазақстандық ғалым Ө.Қ. Қопабаев нақты көрсетеді. Адам құқықтары туралы айтылған жерлерде «әрбір адам», «бәрі», «бірде-бір адам», «ешкім», т.с.с., ал азамат мәртебесі құқына қатысты «азаматтың құқы бар», «азамат міндеті», «азаматтарға кепілдік береді» сияқты т.б. тұжырым, түсініктер пайдаланылады [19, 23-б.].

Адам құқықтарына қатысты терминдер арқылы бостандықтар мен құқықтардың мемлекет аумағындағы кез келген адамға (оның Қазақстан азаматы, шетелдік әлде азаматтығы жоқ тұлға болуына қарамастан) тиесілі екендігі білдіріледі. Академик Ғ. Сапарғалиевтің айтуынша «адам құқтары» мен «азамат құқтары» ұғымдары жақын және органикалық байланыста екендігі сөзсіз, өйткені азамат дегеніміз – бұл адам, сондықтан адамға  қатысты  нәрселердің  барлығы  азаматқа  да  қатысты.  Бірақ  «азамат  құқтарының» «адам құқтарынан» айырмашылығы сол азаматтарға мемлекет көлемі жағынан кеңірек құқықтар мен бостандықтар береді және кепілдендіреді, сондай-ақ ерекше міндеттер жүктейді дейді ғалым [16, 88-89-бб.].

Осыған орай, Конституцияның бірқатар баптарында тек Қазақстан азаматтарының құқықтары тұжырымдалған. Көбінесе ол саяси құқықтар.

«Тұлға»  ұғымына  (терминіне)  келсек,  ол  әмбебаптық  сипатқа  ие  және «адам» мен «азамат» терминдерін біріктіре отырып, олардың мәнін қысқаша түрде білдіреді. Тұлғаның, оның қалыптасуы мен қасиеттерінің көрініс табуы мәселелері ХХ ғасырдың екінші жартысында кеңінен зерттелген болатын. Тұлғаның барлық сипаттарын біріктіретін ортақ жалпылама қасиетін зерттеу нәтижесінде мұндай қасиет ретінде оның әлеуметтік қызметі болатыны табылды. Адамның әлеуметтік қызметі тұлға мәнінің көрініс табатын құралы ғана емес, оның қалыптасуының негізгі шарты болатыны да шындыққа жанасады [20, 47-б.], өйткені белгілі бір адамның тұлғасын білу үшін ол туралы, оның қасиеттері туралы басқа адамдардың берген мәліметтерін жинақтау және талдау керек.

Құқықтық әдебиетте тұлға ұғымы «адамдар арасындағы қарым-қатынастарда көрініс табатын адамның әлеуметтік маңыздылығы бар жеке-дара анықталған қасиеттерінің жиынтығы» ретінде анықталады [21, 260-б.]. Демек, тұлға адам баласына ғана тән қасиет болып табылады. Сондықтан болар бірқатар нормативтік актілерде «адам» мен «тұлға» ұғымдары синоним ретінде қолданылады. Бұл тек ішкі құқық актілеріне ғана емес, халықаралық құқық актілеріне де тән. Мысалы, 1948 жылғы Адам құқықтарының Жалпыға бірдей  Декларациясында  бұл  ұғымдар  бөлінбейді.  Декларацияның  29-бабында (1-тармақ):

«Әрбір адамның оның тұлғасының еркін және толық дамуына мүмкіндік бере алатын қоғам алдында міндеттері бар» [22], - делінген.

Қалай болса да тұлға ұғымы құқықтың негіз қалаушы санаттарының және құқық үшін сыртқы құндылықтардың бірі болып табылады. Н.С. Малеин айтқандай, «Тұлғаны құрметтеу оны бірінші кезектегі жалғыз құндылық ретінде тану ретінде көрініс табады және ол арқылы, құқықты қоса алғанда, барлық басқа екінші кезектегі құндылықтар анықталады» [23, 4-б.].

Е.А. Тюгашевтің айтуынша «құқықтар мен міндеттердің иесі ретінде адамның тұлғасы туралы абстрактілік көзқарас, бір жағынан, тұлғаны құқықтар мен міндеттердің иесі ретінде, екінші жағынан, адамды тұлғаның иесі ретінде бөліп қарастыруға мүмкіндік береді. Адам тұлғаның иесі болуы да, болмауы да мүмкін» [24]. Мұндай жағдайда құқықтануда тұлғаның негізгі белгісі болып құқықтар мен бостандықтардың жеткілікті негіздемесі ретінде оның еркіндігі мен ақылы танылады. Дегенмен де, құқық ғылымында «адам» мен «тұлға» ұғымдарының айырмашылықтары белгіленбегендігін айтып кетейік.

Кейбір шет елдердің конституцияларында тіпті «адам тұлғасы» деген сөзтіркес кездеседі (мысалы, Испания мен Грекия конституциялары).

Еліміздің Конституциясында аталған екі ұғым да қолданылады, бірақ «адам» ұғымы әлдеқайда көбірек кездеседі. Сол сияқты бұл ұғымдар салалық заңнамада кеңінен қолданылуда. Мысалы, Азаматтық Кодексте талапкердің тұлғасы, несие берушінің тұлғасы және т.с.с. ұғымдар пайдаланылады. Сонымен қатар Азаматтық кодексте «адам» ұғымы да кездесіп отырады. Мысалы, материалдық емес игіліктердің қатарына Кодекс адамның ажырамас құқықтары мен бостандықтарын жатқызады, кодексте адамның өмірі мен денсаулығы, оның қадір-қасиеті қорғауға алынған.

Осындай мысалдарды Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінен де көптеп келтіруге болады. Мысалы, бұл Кодексте айыптының тұлғасы, тұлғаға қарсы  қылмыстар және т.с.с. сөзтіркестер бар. Сонымен бірге Кодекс кісі (адам) өлтіру, адамды құлдыққа айналдыру және т.с.с. «адам» ұғымына байланысты санаттарды қолданады. Демек, Қазақстан заңнамасы «тұлға» мен «адам» ұғымдарын айырып қарастырмайды.

Н.Т. Ведерниковтің айтуынша жекелеген адам деңгейінде тұлға санатын талдап қарастырған кезде «тұлғаның типтік, қоғамға маңызды қасиеттері көрінетін ең  маңызды деген бірнеше негізгі қызмет саласын бөліп көрсетуге болады. Ол үш сала: өндіруші еңбекке қатысуға байланысты сала; қызметтің саяси-қоғамдық түрлеріне қатысуға байланысты сала; тұрмыс, демалыс және мәдени қызмет саласы... осы аталған қызмет салаларында тұлғаның қоғамдық мәні, оның типтік белгілері көрініс табады. Басқа сөзбен айтқанда, кез келген адамды жұмысшы, азамат және жекелеген тұлға ретінде қарастыру ұсынылады» [20, 48-б.]. Демек, тұлға адамның қоғамдық процестерге қатысуы арқылы көрініс табады деуге болады. Осыған орай Н.И. Матузовтың мына сөздерімен келісуге болады: «Бұқаралық ақпарат құралдарының лексиконында, күнделікте, тіпті ғылымда да әдетте адам құқықтары ретінде азамат, тұлға, субъект, индивид құқықтары түсініледі» [18, 294-б.]. Бұл көзқарасты дұрыс теп тану керек, өйткені, жоғарыда көрсеткеніміздей, азамат құқықтары адам құқықтарының бір түрі, ал тұлға құқықтарына кез келген адам ие болады. Мұны кеңестік ғалым Е.А. Ануфриева да растайды, оның айтуынша «Тұлға дегеніміз – кез келген адам, өйткені кез келген адам нақты қызмет кезінде көрініс табатын әлеуметтік қасиеттерге (белгілерге) ие, ал соңғысы болса тұлғаға белгілі бір баға беруге мүмкіндік туғызады» [25, 78-б.]. Демек, тұлға қасиеттеріне кез келген адам ие бола алады, сондықтан «адам құқықтары» мен «тұлға құқықтары» ұғымдары бір мағынада қолданылады.

 

Әдебиеттер

  1. Права человека: итоги века, тенденции, перспективы: Учебник для вузов / Отв. ред. Е.А. Лукашева. – М.,
  2. Шайкенов Н.А. Правовое обеспечение интересов личности. Автореф. дисс. …д.ю.н.: 12.00.01. – Алма- ты, 1992. – 47 с.
  3. Бабенко А.Н. Проблемы обоснования ценностных критериев в праве // Государство и право.  – 2002. –№12.
  4. Рогожин С. Права человека или идеологические манипуляции запада в России // Московский журнал международного права. – 2001. – №1.
  5. Дугин А.Г. Проект «Евразия». – М.: Эксмо, Яуза, 2004. – 512 с.
  6. Хованская А.В. Достоинство человека: международный опыт правового понимания // Государство и право. – 2002. – №3.
  7. Бусурманов Ж.Д. Права человека в постсоветском государстве: вопросы теории и практики обеспече- ния. Автореф. дисс. …д.ю.н.: 12.00.01. – Алматы, 2006. – 57 с.
  8. Башимов М.С. Институт омбудсмена в Республике Казахстан и зарубежных странах (сравнительно- правовой анализ). Автореф. дисс. …д.ю.н.: 12.00.02. – Астана, 2008. – 52 с.
  9. Сманова А.Б. Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды қалыптастырудың құқықтық негіздері. З.ғ.к. ...дисс. автореф.: 12.00.01. – Алматы, 2006. – 26 б.
  10. Политология: энциклопедический словарь / Общ. ред. и сост.: Ю.И. Аверьянов. – М.: Изд-во Моск. коммерч. ун-та, 1993. – 431 с.
  11. Большой юридический энциклопедический словарь. – М.: Книжный мир, 2006. – 720 с.
  12. Юридический энциклопедический словарь. Гл. ред. Сузарев А.Я.; Ред. кол.: М.М. Богуславский, М.И. Козырь, Г.М. Миньковский и др. – М.: Сов. энциклопедия, 1984. – 415 с.
  13. Румянцев О.Г., Додонов В.Н. Юридический энциклопедический словарь. – М.: ИНФРА-М, –Советское государственное право: Учебник / Под ред. С.С. Кравчука. – М.: Юрид. лит., 1980. – 632 с.
  14. Сагиндыкова А.Н. Конституционное право Республики Казахстан: Курс лекций. – Алматы: Білім,
  15. – 336 с.
  16. Сапаргалиев Г. Конституционное право Республики Казахстан: Учебник. – Алматы: Жеті Жарғы, 1998. – 336 с.
  17. Нерсесянц B.C. Философия права: Учебник для вузов. – М.,
  18. Теория государства и права: Курс лекций / Под ред. Н.И. Матузова, А.В. Малько. – М.,
  19. Қопабаев Ө.Қ. Шетелдердің конституциялық құқығы. – Алматы: «Жеті Жарғы», 1998. – 160 б.
  20. Ведерников Н.Т. Место и роль личности обвиняемого в предмете доказывания по уголовному делу // Государство и право. - 2003. – №6.
  21. Общая теория государства и права: академический курс в 2-х томах / Отв. ред. проф. М.Н. Марченко. Том 1. Теория государства. –- М.,
  22. Всеобщая декларация прав человека от 10 декабря 1948 г. // Международные акты о правах человека. Сборник документов. – М.: Издательская группа НОРМА – ИНФРА-М, 1998. – С. 39-43.
  23. Малеин Н.С. Гражданский закон и права личности в СССР. - М.,
  24. Тюгашев Е.А. Юридическое понятие личности //http: //www.yurclub.ru /docs/theory /articlehtml
  25. Ануфриев Е.А. Социальный статус и активность личности. - М.,
Жыл: 2009
Қала: Алматы