Өзбекстанның Еуропалық Одақпен қатынастары

Өзбекстан саяси, экономикалық және қауіпсіздік саласы бойынша Еуропалық Одақпен қатынастарын дамытуға қызығушылығын арттыруда. Өзбекстан үкіметінің пікірінше, еуропалық елдермен берік қарым-қатынастар орнатудың жолы "Өзбекстанның ашық сыртқы саясаты және көпжақтылығымен анықталады". Еуропа Ташкентте Өзбекстанды модернизациялау барысында, бүгінгі күндегі демократия мен адам құқығының нышаны және жоғарғы технология мен инвестицияның қайнар көзі ретінде көзқарас қалыптастырды. Сонымен қатар осыған қатысты Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Кәрімов былай деген: "Батыс әлеммен байланыс бізге бүгінгі күндегі технологиялармен, табиғи шикізатты кешенді пайдалану үшін және басқа да маңызды өнеркәсіп ағымдарына инвестицияның құйылуын қамтамасыз етеді". Сонымен бірге банктік және әкімшілік саласы бойынша кадрлар дайындауға, алдыңғы қатарлы әлемдік биржаларымен қатынасты ұстану үшін ақпараттық желі құру Өзбекстан үшін еуропалық қолдау маңызды болды. Өзбекстан Республикасының Еуропамен және АҚШ-пен көпжақты байланыстарын белсендіру, оның стратегиялық мақсаттарына, яғни елдің гүлденуі мен дамуына және әлемдік қауымдастықта қауіпсіздік кепілі мен тұрақты дамыған, бүгінгі күндегі демократиялық мемлекет ретінде лайықты орын алуға қол жеткізудің негізгі қадамы болып табылады [1].

Жалпы ЕО-мен қатынастарының негізі 1991 жылы желтоқсан айында қол қойылған ЕО елдерінің Бірлескен Мәлімдемесінде бастау алған. Онда бұрынғы Кеңес Одағының  территориясындағы елдердің тәуелсіздігі мойындалғандығы бекітілген. Дипломатиялық қатынастар 1994 жылы 16 қараша айында орнатылған. 1995 жылдың қаңтар айынан бастап Брюссель қаласында Өзбекстан Республикасының елшілігі жұмыс жасап келеді. Қатынастардың бастапқы құқықтық негізде қызмет еткен сатысы Өзбекстанмен мойындалған ЕО мен Кеңес Одағы арасында құрылған Сауда мен кооперация туралы Келісім болып табылады. Осы жайында 1996 жылы Өзбекстанның көзқарасы бойынша, Өзбекстан мен ЕО арасындағы қатынастардың дамуында кейбір маңызды оқиғалар орын алды. Ақпан айында ЕО-ның Кеңесі Сыртқы істер министрлігінің деңгейінде  Өзбекстанмен Әріптестік және Ынтымақтастық туралы келіссөз жүргізе бастауға шешім қабылдап, 1999 жылдың  1 шілде айында оған Флоренцияда қол қойылды. Өзбекстан ЕО-мен осындай деңгейде, Әріптестік және Ынтымақтастық туралы Келісімшартқа келген посткеңестік кеңістіктегі елдердің ішіндегі Ресейден кейінгі екінші мемлекет болып тұрғанын Өзбекстанның саяси басшылығы ерекше көңіл бөліп негізге алды [2].

Басқа авторлардың пайымдауынша, Өзбекстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың алғашқы кезеңінде, экономикалық реформалардың бәсең жүргізілуі мен өзбекстандық билік тарапынан саяси талаптардың орындалмауы байқалған. Осыған қарамастан Өзбекстан ЕО-мен ынтымақтастығында әрі қарай Өзбекстанның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және ЕО-мен тең құқықты қатынаста дамитындығына үлес қосты. Сонымен бірге бұл серіктестік экономикалық, мәдени және ғылыми сала қатарында, Өзбекстан үшін Брюссельмен саяси ынтымақтастықты білдірді. Өзбекстандық басшылар бұл құжатта Өзбекстан мен ЕО және ЕО-ға мүше елдер арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық негізін орнатып, қағидалы жаңа ынтымақтастық кезеңіне, экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени саладағы байланыс үшін кең мүмкіншіліктерге жол ашатындығын атап өтті [3].

Өзбекстанның сыртқы саясатындағы Еуропаға деген бағыты соңғы жылдары біршама  кеңейтіліп, бүгінгі таңда жеке еурополық мемлекеттермен, сондай-ақ жалпы Еуропа континентімен ынтымақтастықты өз алдына қояды. Ташкент пен Брюссель арасындағы ынтымақтастық, ЕО құрылымы тарапынан модернизация мен реформа үрдістеріне қолдау көрсетуінен көрініс алады.

Еуропалық Одақпен ынтымақтастық ТАСИС бағдарламасы шеңберінде Еуропа – Кавказ – Азия көлік дәлізін (ТРАСЕКА) үйлестіру мен дамыту жобасына қатысады. Жобаның мақсаты ортаазиялық елдердің транспорттық оқшаулануын жеңу болып табылады. Ортаазиялық елдерін Кавказ, Түркия елдері арқылы Еуропамен біріктіруді көздейтін ұсынылған жобада, Өзбекстанмен қатар, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзірбайжан, Грузия, Молдова, Болгария, Румыния, Түркия және Украина мемлекеттері де қатысады. Бүгінгі уақытқа дейін осы жобаның шеңберінде 123 млн евро тұратын құрылыстық жұмыстар жасалды. Осыдан бөлек ТАСИС шеңберінде Өзбекстан тағы бірнеше ЕО-ның аумақтық жобаларына қатысады. Мысалы, шекараларды басқару (БОМКА), есірткіні бақылау (КАДАП), энергетика саласына (ИНОГЕЙТ) және білім (ТЕПМУС) мен ғылым (ИНТАС) саласына негізделген. Еуропалық Одақтың TAСИС бағдарламасының шеңберінде 1992 жылы Өзбекстанға 150,5 млн евро бөлініп, 1992-2002 жылдар кезеңінде Өзбекстанда 77 жоба іске асты. Өзбекстанда ЕО мемлекеттерінің инвестициялық мүмкіншіліктері, ірі экономикалық жобаларының іске асырылуы аса жоғары бағаланады. ЕО-ның кәсіпорындары мен банктері 1995-2002 жылдар аралығында жалпы құны 8 млрд американ долларынан асатын ірі жобаларды жүргізу мен іске асыруға жұмсалған [4].

Өзбекстан өзінің экономикалық қуатымен елге еуропалық инвесторларды тарту үшін көптеген халықаралық форумдарды пайдаланды. Осылайша, Ташкент Еуропалық Одақтың саяси ортасымен байланысты орнатуға барынша ұмтылды. Бұл мәнде болып тұрған бір жайт, Өзбекстан Республикасының Еуропа мен АҚШ-қа алғашқы сапары ірі концерндерді қолдаудың арқасында болды. Ал қауіпсіздікке келетін болсақ, Ташкент аумақтағы қауіпсіздік мәселесіне батыстық мемлекеттердің көңілін барынша аударуға және өзінің саясатын Өзбекстан мен оның аймағындағы қауіпсіздігі күрделі күйде тұрғандығымен ақталуға тырысты.

Еуропалық Одақ пен Өзбекстан Республикасы арасындағы әскери және қауіпсіздік саласы бойынша қатынастары 2001 жылғы 11 қыркүйектегі оқиғадан кейін ерекше көзге түсе бастады. АҚШ-та бет алған қайғылы оқиғадан кейін Өзбекстан мен ЕО арасындағы қатынастардың маңыздылығы байқалды. Еуропалық мемлекеттер АҚШ-тың халықаралық лаңкестікке қарсы соғысына деген тілектестігін білдіріп, ЕО мен Өзбекстан арасындағы қауіпсіздік саласындағы байланысын бірінші орынға қойып, Орталық Азияға енді ерекше көңіл бөліне бастады. Аумақ ортасындағы өзінің стратегиялық жай-күйінің арқасында Брюссель үшін Өзбекстанмен қатынастары енді маңыздылығын көрсете бастады. Себебі, мемлекет Солтүстік Ауғанстанмен шектесті және ЕО-ға өзінің Гиндукуштегі жоспарын сәтті өткізу үшін қажет болған сенімді транспорттық жолдар мен базаларын ұсына алатын болды. Ол жолдар арқылы кезінде кеңестік үкіметте өзінің Ауғанстандағы әскери операцияларын үзбей ұстанып отырған. Ауғанстанды сыртқы әлеммен байланыстыратын жалғыз темір жолы Өзбекстанның территориясы арқылы өтеді. Сонымен қатар Өзбекстанның әскери инфрақұрылымы жақсы сақталып, Батыстың қызығушылығын тудыруда. Осындай түсініктер Орталық Азиядағы Өзбекстанды ЕО-ның басты серіктесі ретінде қалыптастырды. Осылайша, Ташкентпен қауіпсіздік саласында ынтымақтастығы уақыт өте келе маңызды болды.

Өзбекстан батыстық елдердің сенімін ақтап, олардың Ауғанстан соғысындағы күш салысын сөз жүзінде де, іс жүзінде де қолдап отырды. Өзбекстанның саяси басшылығы АҚШ-тың әскери операцияларының басталуының алдында олардың талибтерге қарсы одақтастарына әуе кеңістігін қарамағына беретіндігін мәлімдеп, Ауғанстан шекарасына жақын орналасқан Ханабадтағы әскери әуебазаларына транспорттық ұшақтарды кіргізуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде АҚШ осы әуежай арқылы Ауғанстанның солтүстік бөлігінде өзінің құтқару мен іздеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлауға мүмкіндік алды. Сонымен бірге Вашингтоннан басқа ЕО-ның Дания мен Нидерланды сияқты мүше елдері де осы әуебазасы арқылы өз ұшақтарын пайдаланған. 2002 жылы ақпан айында Өзбекстан өзбек-ауған шекарасына тікелей жақын орналасқан Термез қаласында тағы да бір әуебазасын шетел қарамағына берді. Онда Германияның Бундесверінен 200-ге жуық жауынгері орналасқан. Бұл Ауғанстанда бейбітшілікті орнатуға үлкен жауапкершілікті өз мойнына алған Бундесвердің жұмысын біршама жеңілдетті. Бүгінгі таңда Германияның Федералды үкіметі Термездегі әуежайсыз ешқандай әскери тапсырма сәтті өтпес еді деп болжайды [5].

Өзбекстанның халықаралық лаңкестікке қарсы жүргізген күреске қатысуы, еуропалық одақтастарының қарамағына берілген Өзбекстанның әуе кеңістігі және жалпы Батыспен қауіпсіздік саласындағы  ынтымақтастығы  толығымен  Өзбекстанның  ұлттық  мүддесіне  негізделген.  Себебі,тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап, Ауғанстаннан халықаралық лаңкестік пен есірткі сату қауіптерінің шығуы Өзбекстанды қобалжытты. Өзбекстанның Батыспен қауіпсіздік саласында ынтымақтастығы осылайша 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін Өзбекстан үшін маңызды болды. Ол Өзбекстанның тек қауіпсіздік жағдайын жақсартып қана қоймай, сонымен бірге АҚШ  және ЕО-мен бірге өзінің ынтымақтастығын күшейтуге мүмкіншілік алды. Өзбекстан ЕО-мен қатынастарын белсендіру үшін ресми құжат дайындап, онда негізгі көңілін келесі салаларға бөлді:

  • парламентаралық байланысты дамыту;
  • халықаралық лаңкестік пен ұйымдастырылған қылмысқа қарсы күресте аумақтық қауіпсіздікпен қамтамасыз ету саласында ынтымақтастықты күшейту;
  • экономикалық кооперацияны кеңейту;
  • жалпы ортаазиялық нарықтың құрылуына қолдау көрсету.

Өзбекстанның ішкі саяси өмірінде артынша орын алған Әндіжан оқиғасы жоғарыда көрсетілген құжаттардың іске асуына үлкен сұрақ белгісін қойды. Ташкент пен Брюссель арасындағы байланыс бүгінгі күнге дейін байқалмайтын терең бір дағдарысқа алып келді. Өзбекстан мемлекетінің шығысында орналасқан Әндіжан қаласында 2005 жылы 12-14 мамырда үкіметтік әскер мен қаруланған топ арасындағы қақтығыста көптеген адам қаза болған. Өзбекстан үкіметі Әндіжандағы оқиғаны ақпараттық мәлімдеме бойынша "елдегі конституциялық саяси тәртіпке қарсы қарулы көтеріліс" деп түсіндірген. Бұл Әндіжан оқиғасын халықаралық сатыда қабылдануы сан түрлі болды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүше елдері, яғни Өзбекстанның әріптестері оқиғаға қатысты өзбек үкіметін ресми қолдады. Бірақ Ресей Әндіжандағы көтерілісті өзінің бағытымен сараптап, "шешендік сепаратистердің" ізі деп пайымдады. Ал ЕО-ның оқиғаға байланысты реакциясы біршама қатаң көзқараста қалыптасты. Брюссель Әндіжандағы өзбектік қауіпсіздік күшінің әдісін ең өткір түрде айыптап, өткен оқиға бойынша халықаралық тексеріс өткізуді талап етті.

Еуропалық Одақ Өзбекстанға қойылған талаптардың орындалуына сенімсіздікпен қарады. Брюссельдің Әндіжан оқиғасы бойынша халықаралық тексерісті өзкізудегі талабын орындауға  белгілі мерзім берген. Бірақ ол талапты Ташкент елемегендіктен, Еуропалық Одақ Кеңесі  Өзбекстанға қатысты 2005 жылдың 14 қарашасында санкция енгізген болатын. Ол бойынша, тәртіпсіз және ретсіз күш қолдануға жауапты адамдардың елден шығуға тыйым салынуы, Ташкентпен қару саудасының және ЕО мен Өзбекстан арасындағы Әріптестік және Ынтымақтастық туралы Келісім шеңберінде келіссөздердің тоқтатылуы негізге алынды. Санкция бастапқыда бір  жылға  созылған және осы уақыт ішінде ЕО Кеңесімен қайта қаралуға тиіс болды. Қайта қарау мәселесі болған өзбекстандық биліктің қамаудағы адамдарға деген көзқарасы мен жалпы адам құқығын құрметтеу туралы қағидаларды орындау болып табылды.

Оқиғадан кейінгі Өзбекстан үкіметінің ішкі және сыртқы саяси қадамы екі әсерлі болып көрінді. Бір жағынан, Ташкент жергілікті белсенді құқық қорғаушыларға қысым көрсетуді жалғастырып, шетелдік тілшілер мен құқық қорғаушы ұйымдарды нәтижесінде елден қуып шықты. Ал екінші жағынан, елдің бүлінген имиджін қалпына келтіру үшін саяси басшылық көптеген заң шығарушы бастаманы қолға алды. Әндіжан оқиғасынан кейін Президент шетелдік инвестицияны қолдау мен қорғау туралы жарғы шығарды. 2005 жылы тамызда Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Кәрімов басқа жарғыға қол қойды. Ол елде 2008 жылдан бастап өлім жазасын толығымен жою  туралы жарғы болды [6].

Брюссель үшін бүгінгі таңда жалпы адам құқығын құрметтемеу, азаматтық еріксіздік және демократиялық қағидаларды елемеу өзбек-еуропалық қатынастарға кедергілер келтіреді. Осы жағынан Өзбекстан Еуропалық Одақтың Орталық Азиядаға күрделі әріптесі болып қалады.

Дегенмен, Ташкент өзінің ЕО-мен қарым-қатынастарын қалпына келтіру туралы бірнеше рет үндеу тастаған болатын. Мысалы айтатын болсақ, 2006 жылы шілденің ортасында Сыртқы істер министрлігінде кадрларды алмастыру кезінде, Еуропада іскер тәжірибесі бар Владимир Норовты Министр ретінде тағайындалуын ескеруге болады. Сонымен қатар Өзбекстан басшылығы 2006 жылы Әндіжан оқиғасын талқылау барысында ЕО делегациясын қабылдауға дайындығын білдіртті. ЕО делегациясы желтоқсан айында сарапшы деңгейінде Әндіжан қаласының бір абақтысында сараптама жүргізуге рұқсат алып, қылмыскерлермен әңгіме жүргізді. Бірақ сарапшылар арасындағы кездесуді екінші бөлімнен кейін тоқтатуға тура келді. Оның себебі, ЕО-ның көзқарасы бойынша өзбектер тарапынан ұсынылған құжаттар тіпті маңызсыз болуы байқалды. 2007 жылы мамыр айында адам құқығы жөнінде диалог жүргізіліп, ЕО Кеңесі тәртіпсіз және ретсіз күш қолдануға жауапты адамдардың елден шығуға деген шектеу уақытын созу туралы шешім қабылдады. Бұл  шешім Ташкент  үшін  күтпеген  жағдай  болды.  Себебі  Өзбекстан  үкіметінің  ойынша,  санкция  күшінің толығымен жойылуына негізделген талаптарға Өзбекстан жеткілікті көніп келді деп пайымдайды [4, 473 б.].

ЕО санкциясының болғанына қарамастан, Орталық Азияға қатысты ЕО-ның стратегиясы бойынша белсенді жұмыс жүргізуге Өзбекстан кедергі келтірмеді. 2006 жылдың аяғында Еуропалық Одақтың Орталық Азия елдеріне арналған саяси стратегиясы әзірленген болатын. Осының нәтижесінде 2007 жылы маусымда бағдарламаның ашылуында Өзбекстанды Сыртқы істер министрлігінің бірінші орынбасары деп таныды. Орталық Азия бойынша Еуропалық Одақ стратегиясын іске асыруда Өзбекстан өзінің географиялық орналасуының арқасында көшбасшы бағытын ұстануда. Еуропалық Одақтың мүше елдері Орталық Азияға қатысты ЕО стратегиясының құруды арадағы қатынастардың кеңеюімен түсіндіреді. Аталмыш стратегияны Ташкент соңғы жылдары қатты бүлінген ЕО-мен қатынастарын реттеудің жеңіл жолы деп түсінуі тиіс болды.

"Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы Саяси Стратегиясы" атты Орталық Азияға қатысты ЕО-ның стратегиясы 2007-2013 жылдарды қамтып, жеті салада күшті және белсенді түрде ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Ол салаларға қауіпсіздік, экономикалық, энергетикалық, экологиялық, мемлекеттік, құқықтық, білім мен саяси диалог кіреді. Олар жалпы қабылданған адам құқықтарын құрметтеу құндылықтарына, демократия мен заң нормасына негізделген және өзінің тиісті құқықтық құрылымдарын ЕО-ға теңестірген және экономикалық салалардағы конвергенцияны реттеуге кепілдік беретін міндеттемелерді қамтиды. Орталық Азияда 2007-2013 жылдар кезеңінде ынтымақтастықты дамыту құралын орындауға арналған қаржылық шектерді ЕО бүгінгі күні 750 миллион евроға жеткізді. 2007-2013 жылдарға арналған инвестициялық жоспардың мақсаты – Орталық Азия елдерінің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін дамыту, олардың тұрақты экономикалық дамуына және кедейлікті қысқарту ұмтылысына жәрдемдесу, Орталық Азия және Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы шектерді, аумақтық ынтымақтастықты оңайлату. Осы негізгі мақсаттарға қол жеткізу үшін инвестициялық жоспар үш басым салаға шоғырланған:

  • Орталық Азияның өңірлік ынтымақтастығы мен ізгі көршілік қатынастар саласы: негізгі бюджеттің 30-35%-ы - желілер; қоршаған орта; орналасқан шегі мен басқару және халықаралық қылмысқа қарсы күрес пен кеден; білім беру.
  • Кедейлікті азайту және өмір сүру деңгейін арттыру саласы: негізгі бюджеттің 40-45%-ы.
  • Биліктегі және экономикалық реформадағы тәртіпті алға бастыру: негізгі бюджеттің 20-25%-ы. 2007-2013 жылғы   Орталық   Азия   үшін   стратегия   өңірлер   әріптестері   елдерінің,   мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен және басқа да тәуелсіз консультанттарымен бірлесіп әзірленген [7].

Өзбекстанның делегациясы Сыртқы істер министрі Владимир Норовтың қатысуымен өткен "Өзбекстан-ЕО" ынтымақтастық Кеңесінің 8-ші отырысында, ЕО-ның ортаазиялық стратегиясын жүзеге асыру туралы және ЕО мен Өзбекстанның даму үрдісі талқыланды. Өзбекстан стратегияның аумақтық және екіжақты негізде сәтті іске асыруға дайындығын білдіртті.

Еуропалық Одақтың Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Пьер Морель Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер Министрі Владимир Норовпен бірге Өзбекстан мен ЕО арасындағы қатынастардың экономикалық жетістіктерін талқылады. Ол бойынша 2007 жылғы Өзбекстан мен ЕО елдері арасындағы тауар айналымы 1,5 млрд долларға жеткен. Осы жылдың аяғында Өзбекстан территориясында ЕО елдері инвесторларының капиталының негізінде 688 кәсіпорын және 272 компания өкілдері жұмыс істеуде. Өзбекстанда бүгінгі күні көлік жасау, газ, тоқыма өндірісі мен жеңіл өнеркәсіптің түрлері даму үстінде тұрғандығын сараптады [8].

Өзбекстанның қатысуынсыз стратегияның қуаты мен нәтижелі жүзеге асырылуы мүмкін емес болды. Өзбекстан аймақтың ортасында орналасқан геосаяси орынның бұлағы және экономикалық, көлік-коммуникациялық, қор мен адамзат қуаты бірегей болып қамтылған Орта Азиялық мемлекет болғандықтан, аталмыш стратегияда маңызды орынға ие болды.

 

Әдебиеттер

  1. Каримов И. Узбекистан: Собственный путь обновления и прогресса. - Ташкент, 1995. - С.
  2. Каримов И. Узбекистан на пороге 21 века: угрозы безопасности, условия и гарантии прогресса. - Ташкент: Узбекистан, 1997. - С.
  3. Байзакова К.И. Политико-правовые основы сотрудничества Европейского Союза с государствами Центральной Азии. - Алматы, 2003. - С.
  4. Центральная Азия: внешний взгляд. Международная политика с центральноазиатской точки зрения – Zentralasien Der Blick nach Aussen. Internationale Politik aus zentralasiatischer Sicht / Пер. Р.Султанов. - Б., 2008. - С.
  5. Узбекистан – ЕС. http://www.mfa.uz:8001/cehtm
  6. Узбекистан отменяет смертную казнь как высшую меру наказания / Наш мир. №21. - 08.2007.
  7. Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы Саяси Стратегиясы 2007-2013. minplan.kz
  8. Французский журнал об Узбекистане / Стратегические партнеры. 06.2008. www.press-uz.info.
Жыл: 2009
Қала: Алматы