Қытай Халық Республикасы мен Иран Ислам Республикасы бүгінгі таңдағы халықаралық қатынастарда өзіндік ерекшелігі бар сыртқы саясатты ұстанатын мемлекеттердің қатарында. Бұл екі мемлекетті, жалпы алғанда, өзара достас мемлекеттер деп айтуға әбден болады. Иранның ядролық бағдарламасы, сондай-ақ оның сыртқы саясатындағы негізгі ұстанымдар Қытай мен Ресей секілді алпауыттардың қолдауына ие болып отырғаны белгілі. Иранның ядролық бағдарламасының қарсыласы АҚШ-тың өзі Иранның әуе күштеріне қарсы ешқандай шара қолдана алмай отыр. Бүгінгі таңдағы әлемді жайлаған қаржы дағдарысы жағдайында мемлекетаралық байланыстардың прагматикалық көзқарас тұрғысынан құрылатындығы айдан анық. Өйткені әрбір мемлекет қандай сыртқы саясат жүргізсе де, қандай келісімшартқа отырса да, ең алдымен, өзінің, яғни өз елінің мүддесін алғашқы орынға қоятыны сөзсіз.
Ал енді Қытай мен Иран арасындағы байланыстарға келер болсақ, бұл екі мемлекет те қарым- қатынастарын өзара тиімділік негізінде дамытып келеді. Екі ел де Азияның әлеуеті зор, географиялық жағынан жақын орналасқан, тарихи жағынан тағдырлас мемлекеттері болып табылады. Қытай мен Иран арасындағы дипломатиялық байланыстар 1971 жылдың 16 тамызында орнатылған. Сол кезден бергі өткен 38 жылдың ішінде Иран патшалықтан Ислам Республикасына ауысып, Иран-Ирак соғысын және халықаралық оқшаулануды басынан өткерді. Қытай да өз кезегінде Мәдени революцияны, ашық есік саясатын жүргізе отырып, мемлекеттік күш-қуаты мен халықаралық мәртебесінде де айтарлықтай өзгерістер болды. Әйтсе де, Қытай мен Иран арасындағы екіжақты достық қатынастардың осы уақытқа дейін сақталып келе жатқандығы олардың болашақтағы өзара ынтымақтастығының берік негізін қаласа керек.
Екі ел арасындағы байланыстардың негізгі саласы энергетикалық ынтымақтастық болып табылады. Қытай бүгінде мемлекет тұтынатын энергия көздерін сырттан алып келеді. Жылдан-жылға артып отырған сұраныс елді осы саладағы ынтымақтастықты жүзеге асыра алатын мемлекеттер аясын кеңейтуге мәжбүрлеуде.
Иран бүгінде құны 132 млрд баррельге (барланған әлемдік қордың 11,1%-ы) бағаланып отырған көлемі бойынша дүние жүзінде екінші мұнай қорына ие; сондай-ақ 27,5 трлн кубометрге бағаланған (барланған әлемдік қордың 15,3%-ы) табиғи газ қоры бойынша да екінші орында. Ирандықтардың мұнай қорлары саудиялықтардан, газ қорлары ресейліктерден кем болғанмен, басқа ешқандай мемлекет осыншалықты үлкен көлемдегі өмірлік маңызы бар ресурстарға бақылау орнатпаған. Қытай, Үндістан, Жапония, Еуропалық Одақтың мүшелері және басқа да көптеген мемлекеттер Иранға тәуелді, өйткені олардың мұнайға деген сұранысының қомақты бөлігін Иран қамтамасыз етіп отыр [1].
2002 жылдың сәуір айында Қытай Төрағасы Цзянь Цзэминьнің Иранға мемлекеттік сапары болды. Иран президенті М. Хатамимен болған кездесуде Қытай басшысы Қытай мен Иранның екеуі де ежелгі өркениеті бар мемлекеттер екендігін, екі ел халықтарының екі мың жылдан аса уақыт бұрын «Ұлы Жібек жолы» арқылы өзара қатынастарды бастағанын, сондай-ақ әлемдік өркениеттің дамуына үлес қосқандығын айтты. Сонымен қатар дипломатиялық байланыстар орнағалы 30 жылдан бері екі ел саяси, сауда-экономикалық, мәдени және тағы басқа салалардағы достық ынтымақтастық байланыстарды нығайтып, дамытып келе жатқандығын атап өтті. Иран басшысы Хатами соңғы жылдардағы Иран-Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастығындағы жетістіктерге жоғары баға бере отырып, Қытай кәсіпорындарының Иран экономикасының құрылысына белсене қатысуын екі мемлекет үшін де тиімді екенін атап көрсетті. Иран Қытаймен өзара тиімді ынтымақтастықты әрі қарай кеңейте беруге мүдделі екенін, сондай-ақ Қытай кәсіпорындарының Ирандағы зауыттар құрылысына инвестициялар салуын қолдайтынын айтты. Кездесу қорытындысы бойынша 6 құжатқа қол қойылды: мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; екіжақты салықты болдырмау туралы келісім; байланыс және ақпараттық технологиялар ынтымақтастығы туралы меморандум; теңіз тасымалы туралы келісім; 2003-2005 жылдарға арналған мәдени ынтымақтастық жоспары және тараптар арасындағы сауда кеңестерінің ынтымақтастығы туралы келісім [2].
1997 жылдан бастап Иранның мұнайы Қытай базарына жол ашты. Бүгінде Иран жыл сайын Қытайға 27 миллион тонна шикі мұнай экспорттай отырып, Қытайдың үшінші ірі мұнай тасымал- даушысына айналған. Ал Қытайдың электромеханикалық өнімдері мен қосалқы бөлшектері үздіксіз Иранға жеткізілуде. Қытайдың Иранда салған Тегеран темір жолы, электр станциясы, түсті металдар балқытатын зауыт, мұнай-химия зауыты екі елдің достық ынтымақтастығын айғақтайды [3].
2004 жылдың наурыз айында Қытайдың мемлекеттік «Zhuhai Zhenrong Corp» мұнай-сауда компаниясы Ираннан 110 миллион тонна сұйылтылған табиғи газды импорттайтын 25 жылдық келісім жасасты. Осыдан кейін 2004 жылдың қазан айында одан да ірі тағы бір шарт жасалынды: Қытайдың мемлекеттік «Синопек» мұнай компаниясы мен Иран құны шамамен 100 миллиард доллар болатын келісімге келді. Бұл келісімге сәйкес, Қытай 25 жыл бойы Иранның Ядаваран кенішінен қосымша 250 миллион тонна сұйылтылған газ импорттай алады. Сондай-ақ аталмыш келісім негізінде аталған уақыт аралығында Қытай Ядаваран кенішінен күніне 150 мың баррель шикі мұнай ала алады. Бұл келісімшарт Иранның энергия ресурстарын барлау, бұрғылау және шығарумен қатар мұнай-химия және газ инфрақұрылымына қомақты Қытай инвестицияларын тартуды қарастырады. Иранның энергетикалық секторына жұмсалатын Қытай инвестицияларының жалпы көлемі 25 жылдың ішінде 100 млрд-тан асуы мүмкін. 2004 жылдың аяғында Қытай Иран мұнайының экспорты үшін негізгі базарға айналды [4].
Иран мен АҚШ арасындағы алауыздық онымен басқа мемлекеттердің байланыстарды дамытуына кең жол ашып отыр немесе сол үшін қолайлы жағдайлар туғызып отыр деуге болады. Барлық америкалық компанияларға Иранда жұмыс жасауға тыйым салған АҚШ Президенті Б. Клинтонның 1995 жылғы жарлығының арқасында Иранда жұмыс істейтін қытайлық, жапониялық, үндістандық және тағы басқа ел компаниялары Иранда сауда жасауға мүмкіндік алып отыр. Мысалы, Қытай компаниялары Иранмен энергетика саласында ынтымақтастықты АҚШ, Еуропа елдері сияқты бәсекелестерсіз жүзеге асыруда.
30 жылдан бері Иран мен Қытай байланыстарының даму процесі түрлі өзгерістер мен сынақтардан өте отырып, екіжақты қатынастардың берік саяси негізі қалыптасты. Екі мемлекет те дамушы елдер қатарына кіреді, бірақ оларда жүргізіліп жатқан саяси жүйе әртүрлі. Сонда да олар бір- бірінің таңдауын құрметтейді, бір-бірінің ішкі ісіне араласпайды, сондай-ақ екеуі де тәуелсіз дербес сыртқы саясат жүргізеді және басқа ірі мемлекеттің оларға билік жүргізуін қаламайды. Қытай әлемнің кез келген мемлекетімен ресми байланыстарды орнатудағы негізгі саяси талабы - Тайваньды Қытай аумағының ажырамас бөлігі деп мойындау және онымен ешқандай ресми байланыстар орнатпау екені белгілі. Қытайдың 2005 жылы қабылдаған Мемлекеттің бөлінуін болдырмау туралы Заңын Иран толығымен қолдайды. Бұл заңның 2-ші бабында «Әлемде бір ғана Қытай бар. Құрлық та, Тайвань да біртұтас Қытайға тиесілі. Қытайдың егемендігі мен аумақтық тұтастығы бір ұғым саналады. Мемлекет ешқашан Тайваньның сепаратистік күштеріне ешқандай сылтаумен, ешқандай формада аралды Қытайдан бөлуге жол бермейді» делінген. Ал 3-ші бабы: «Тайвань мәселесін шешу және Отанның бірігуін жүзеге асыру – ешқандай сыртқы күштердің араласуына жол бермейтін Қытайдың ішкі ісі», - дейді.
Ал Қытай өз кезегінде Ресеймен бірге соңғы кезде үнемі сынға ұшырап отырған Иранның атомдық энергетикалық бағдарламасына қолдау көрсетуде. 2004 жылы Қытай мен Иран арасында мұнай мен газға қатысты тарихи келісімге қол қойылғаннан кейін Қытайдың Сыртқы істер министрі Ли Чжаосин БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Иранның атомдық бағдарламасына қарсы әрекеттерін Қытайдың қолдамайтыны жөнінде хабарлады [4]. Ресей мен Қытайдың Иранға қатысты ұстаны- мымен басқа мемлекеттер санаспай қоймайды, өйткені екеуі де БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері болып табылады.
АҚШ-тың Дьюк Университетінің профессоры, саясаттанушы-ғалым Жалил Рошандэл «Вашингтон пост» газетіне сұхбат берген кезде былай деген болатын: «Иран Қытайдың өзінің ұзақ мерзімді стратегиялық серіктесі болатынына сенім білдіреді, сол үшін де ол барлық мүмкіндіктерді қарастыруда. Дегенмен, Қытай АҚШ тарапынан болып жатқан қысымды сезінді, сондықтан ол Иранмен қандай да болсын формадағы стратегиялық байланыстардан бойын алшақ ұстауда. Қытай сыртқы саясатының күн тәртібінде Қытай-Американ стратегиялық байланыстары Қытай-Иран байланыстарынан маңыздырақ екені күмәнсіз». Сонымен қатар Жалил Рошандэл Қытай мен Иран байланыстарының 20 жылдық даму жолын екі кезеңге бөледі: «Иран-Ирак соғысы кезінде Иран Қытайды «серіктесі» деп мүлдем санаған жоқ, бірақ оны қару мен ресурстар жеткізуші объект ретінде қарастырды. Сол кездегі қырғиқабақ соғыс жағдайында Иран Кеңес Одағы мен Қытайдың идеологиясынан қауіптеніп, олармен оншалықты көп байланыс жасаспады. Бірақ Иран-Ирак соғысы аяқталғаннан кейін Иран АҚШ-тың эмбаргосы мен экономикалық санкцияларына ұшырағаннан кейін біртіндеп шығысқа қарай бет бұра отырып өзінің кезінде жіберген дипломатиялық кемшілігінің орнын толтырды. Иранның бұрынғы премьер-министрі кезінде Азия елдерімен, оның ішінде Қытаймен, Үндістанмен және Жапониямен байланыстарды белсендіруді қолдай отырып, мұнай саудасын Иранның саяси-экономикалық мүддесіне айырбастағысы келді [5].
Иранның бай энергия ресурстары Қытай экономикасының қарыштап дамуына өз септігін тигізсе, Қытайдың техникасы мен тауарлары Иран экономикасының дамуына көмектесті. Бұл өзара тиімді байланыстардың үлгісі деуге болады.
Энергетика саласындағы ынтымақтастықпен қатар Қытай Иранмен ядролық және ракеталық технологиялар саласында байланыстарды нығайтуда. Елдің энергия көздеріне деген тапшылығын Қытай Иранның мұнайы мен газы арқылы қанағаттандыруға мүдделі. Сондай-ақ Иран мұнайын сатып алу үшін де өте үлкен мөлшердегі қаражат қажет, ал Иран Қытай ракеталары мен ядролық технологияларына мұқтаж болып тұрған кезде Қытай үшін де мұнай сатып алуға қажетті қаржыны табу қиынға түспейтін секілді. Бұл жерде айта кететін жайт, Қытай 1993 жылы мұнайды сырттан әкеле бастаса, мұнай тұтыну бойынша 2005 жылы Жапонияны басып озып, АҚШ-тан кейінгі екінші ірі мұнай импорттаушысына айналған.
Иранның бүгінде бар жағалық ракеталар техникасы, негізінен Қытайдан әкелінген. Оның ішінде Қытайда жасалынған С801, 802 ракеталары 2000-2002 жылдары Иранға жеткізілген. Сонымен қатар осы мақсаттарға Қытайдың компаниялары қомақты мөлшердегі техникалық көмек көрсеткен. 2004 жылы Иран Қытайға ең соңғы жаңа үлгідегі 2 мұнай ұңғымасын жасап берген кезде Қытайдың бірқатар ракеталық техникасына ие болған.
Иранның қазіргі президенті Мұхамед Ахмадинежад өткен жылдың қыркүйек айында Қытайда сапармен болып қайтты. Сапардың негізгі мақсаты Пекинде өткен дене кемістігі бар адамдардың олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысу болғанмен, бұл сапар Пекин дипломаттарының назарын ерекше аударды. Ашылу салтанатының алдында Қытайдың мемлекет басшысы Ху Цзиньтао Иран президентімен кездесу өткізді. Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, Иранның ядролық мәселесі жөнінде сөз қозғалған кезде Ху Цзиньтао бір жағынан, Қытай Иранның ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану құқығын қолдайтынын, халықаралық ядролық қаруды таратпау жүйесіне қолдау көрсететінін, оған қоса қару қолдануға қарсы екенін ашық түрде мәлімдейтінін, Иранның ядролық мәселесін бейбіт келіссөздер арқылы шешуді қолдайтынын айтты. Бұл екі мемлекет басшыларының бір апталық уақыт ішіндегі екінші кездесуі болатын. Алдыңғы аптада, дәлірек айтсақ, Тәжікстан астанасы Душанбеде Шанхай ынтымақтастық ұйымы басшыларының саммиті барысында Қытай мен Иран басшылары сұхбат өткізген [6].
Мұнда айта кететін жайт, Иран Шанхай ынтымақтастығы ұйымында байқаушы мәртебесіне ие. Оның болашақта аталмыш ұйымға ресми мүше болып кіру ойы да жоқ емес. Бірақ Иранның бұл ойының жүзеге асу-аспауын уақыт көрсетер. ШЫҰ-ға Қытай, Ресей және Орталық Азияның 4 республикасы мүше болып табылады.
Иран Ислам революциясы жеңісінің 30 жылдығы тойланып жатқан тұста 2009 жылдың 12 ақпанында Иранның Қытайдағы елшілігі салтанатты түрде Пекинде «Иран Қытай тілшілерінің көзімен» атты баспасөз конференциясын өткізді. Аталмыш іс-шара барысында Иранда болып келген Қытай тілшілері өз көздерімен көрген жаңалықтармен бөлісе отырып, Иран Ислам Республикасының құрылғаннан бергі 30 жыл ішіндегі өзгерістер жайын сөз етті. Тілшілердің сауалдарына жауап берген Иран елшісі бұдан 30 жыл бұрын екі ел арасындағы сауда көлемінің нөлге тең болғандығын, ал қазір24 миллиард долларға жеткенін, Қытай мен Иран арасында мұнай, табиғи газ саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылғандығын, сондай-ақ болашақта да ынтымақтастық салаларының кеңейе беретіндігі жөнінде айтты [7].
Қытай мен Иран арасындағы өзара байланыстар дамуын қорытындылайтын болсақ, бүгінгі таңда екі ел арақатынасына өте жақсы деп баға беруге болады. Өйткені Қытай мен Иран бүгінгі айтарлықтай тұрақты емес халықаралық жағдайда бір-біріне саяси тұрғыдан қолдау көрсетіп жатса, экономикалық жағынан да өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыруда. Оған қоса екі ел арасында ешқандай қарама-қайшылық немесе қандай да бір сипаттағы текетірес орын алып көрмеген. Мұның өзі Қытай Халық Республикасы мен Иран Ислам Республикасының саяси-экономикалық мүдделері- нің ортақтығын айғақтаса керек. Бүгінде екі ел арасындағы байланыстардың болашақтағы қарқынды дамуына септігін тигізер құқықтық-шарттық негізі қалыптасқан, сондықтан Қытай мен Иран байланыстарының қазіргі беталысы болашақта да оншалықты өзгере қоймайды деуге негіз бар.
Әдебиеттер
- Майкл Т. Клэр (Michael T. Klare). Новые ходы на трехполюсной шахматной доске ("Asia Times", Гонконг) 23 июня 2006 // http://www.inosmi.ru/translation/228353.html
- Renmin Ribao. 21.04.2002.
- Yi ZhongYi guanxi 30 nian // http://blog.huanqiu.com
- Ефраим Гандзик. Узы, которые связывают Китай, Россию и Иран ("Asia Times", США)// http://www.inosmi. ru/text/translation /220241.html
- Zhongguo Yilang feiji huan shiyou? // http://ido.thethirdmedia.com
- Dong Fang. Yilang zongtong fanghua yinfa Beijing waijiaojie guanzhu. Beijing 07.09.2008 // http://www.voanews. com/chinese/archive/2008-09/w2008-09-07-voa23.cfm
- Deng Yu. ZhongYi maoyi e da 240 yi meiyuan. – Zhongguo chanjing xinwenbao. – 02.2009.