Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Мәдениет психологияның пәні заман талабы ретінде

Психология ғылымының қалыптасу және даму тарихына қарайтын болсақ, оның бірнеше рет өз зерттеу пәнін (жан, сана, мінез-құлық, психика механизмдері мен заңдылықтары) өзгерткенін көреміз. Оған ғылым дамуындағы интерналдық әрі экстерналдық факторлар себеп болды. Жалпы ғылымның дамуы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени жағдай мен ғылыми қоғамдастық пен ғылыми парадигмаға байланысты екендігі бәрімізге белгілі. Әрбір кезең өз сұранысына сай келетін мәселелерді шешуді талап етеді. Неміс тілінде «Zeitgeist» деген ұғым бар, қазақша замана рухы дегенді білдіреді. Әр уақыттың өзіне тән жалпы интеллектуалдық және мәдени атмосферасы болады. Ол адамдарды белгілі бір идеяны қабылдауға даярлығы мен сезгіштігінің жоғары немесе төмен болуын сипаттайды. Жаһандану сияқты құбылыс орын алған ХХІ ғасырда психология ғылымы қай тұғырды ұстанғаны жөн?

Саяси-экономикалық қана емес, мәдени және ақпараттық ғаламдану салдары, унификация мен гомогендену (біркелкілену) үрдісі неге әкеледі? Әлемде халықаралық ынтымақтастықтың кеңейіп, жаңа технология дамуына, экономикалық және ғылыми-техникалық өрлеуге жаңа мүмкіндіктер ашылғанымен, өзге мәдени құндылықтарды экспорттау индивидтің төл дәстүрден алшақтауына әкеледі. Бүгінде лингва франкаға айналған ағылшын тілі жергілікті тілдерді ғылым саласынан ығыстырып шығаруда. Бұл жағдай әрбір халықтың өз тілі мен мәдениетін сақтап қалуы жолында орасан зор күш-жігер жұмсауын талап етеді. Оның үстіне қазіргі геосаяси текетірес пен жаһандану жағдайында білім беру функциясы өзінің тар деңгейінен шығып ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін факторға айналып отыр.

Американдықтар «ұлттық қауіпсіздік» пен «ұлттық білім беру» арасына теңдік белгісін қояды екен. Олар егер білім сапасы мен мазмұны өзге ұлт тарапынан анықталып, еріксіз мәжбүр етілетін болса бұл әскери әрекет деп бағалануға тиіс деп санайды. Білім мазмұнындағы ұлттық бөлік пен жалпы адамзаттық бөлік арасындағы ара қатынас назардан тыс қалмау керек.

Бүгінгі таңда зерттеушілер психологияны көп парадигмалы ғылым екендігін мойындайды. Тек жалғыз ақиқат әмбебап психология болуы мүмкін еместігіне ғалымдардың көзі жетуде. Ғылымның өзге таным түрлерінен айырмашылығы оның өзін-өзі теріске шығара алу қабілеті (К. Поппер негіздеген «фальсификация» өлшемі) болуында жатыр. Мәңгі қатып қалған ештеңе жоқ. Психиканың қалыптасуында табиғат пен қоғамның әсерін ескеру нәтижесінде биогенетикалық және социогенетикалық бағыттар пайда болды. Адамның өзін биологиялық аспектісі бар индивид және әлеуметтік аспектісі бар тұлға ұғымдарымен сипаттай бастадық. Алайда әлеуметтік ұғымынан мазмұны, мәні жағынан ерекшеленетін әрі жеке бөліп алып қарастыруды талап ететін «мәдениет» ұғымына психологтар лайықты назар аудармай жүр. Психология ғылымы мәдениетті зерттеуді батыс елдерінде антропология, посткеңестік елдерде мәдениеттану еншісіне қалдырды. Көптеген уақыт бойы психологияда позитивизм парадигмасы үстем болып келді. Ақпараттық технология жетістігі тудырған, бүгінгі таңда ықпалды бағыттардың бірі болып отырған когнитивтік психология «бірінші» психология (В. Вундт негізін қалаған жаратылыстанулық эксперименттік үлгі) парадигмасы шеңберінен шыға алмауда. Когнитивтік психологтардың өздері оның жалпы когнитивтік ғылымға және барған сайын күшейе түскен когнитивтіліктің физиологиялыққа айналу тенденциясына алаңдауда. Психолог ғалымдардың кешенді зерттеу талпыныстары психиканың физиологиялық негізін қарастырумен шектеліп қалуда. Соңғы уақыттары әлемдік психологиядағы басымдығын мойындатқан Батыс елдерінің психологтары мәдениетті психологияның кіндік ортасына қоюды талап етуде. Мәдениетті психологиялық зерттеулердің орталығы, діңгегі болуын негіздеген зерттеушілер шықты (М. Коул, М. Сегалл, Дж. Берри, П. Дасен, А. Пуртинга және т.б. ).

Бүгінде Қазақстандағы психология ғылымы үшін өткен ғасырда неокантшылдық Баден мектебінің өкілдері (Виндельбанд, Риккерт, Дильтей) көтерген проблемалар қайта өзекті болуда. Өйткені психология саласында ғылымилықтың өлшемі мен стандарты жаратылыстанымдық нормалар тұрғысынан бағалануда. Біздің білгіштер бұл стандартқа сай келмейтіндерді жалған ғылым, этнодемагогия қатарына жатқызады. Отандық психология ғылымы үшін Баден мектебінің ірі өкілі Генрих Риккерт (1863-1936) сияқты тұлға өте жетпей тұр. Ол кісі өзінің әйгілі

«Табиғат туралы ғылым пен мәдениет туралы ғылым» еңбегінде ғылымдарды пәні мен әдісі бойынша бөлуді ұсынды. Оның айтуынша, ғылымдарды табиғатты зерттейтін жаратылыс­ тық ғылымдар және құндылықтармен байланысты боп келетін мәдениет туралы ғылымдар деп бөлуге болады. Жаратылыстану ғылымдары жалпы заңдарды ашып табуға бағытталғандықтан негізінен номотетикалық әдістерді қолданса, гуманитарлық ғылымдар дара, қайталанбас құбылыстарды сипаттайтын идиографиялық әдістерді пайдаланады. Алғашқысы фактілерді жалпылайды, заңдарды тұжырымдайды, ал соңғысы қайталанбас өзгешеліктерге мән береді. Оқиғалар туралы ғылым болып табылатын әлеуметтік-гуманитарлық пәндерде идеографиялық әдіс басты таным құралы. Идеографиялық ойлау типі әр адамға адам деп қарауға үйретеді. Номотетикалық ойлау технократтық психологияның күшеюіне, адамға зат, бұранда, қызмет етуші, атқарушы тетік деп қарауға әкеледі. Жұмысшы персона емес, персонал ғана. Жалдамалы жұмыс күші, пролетариат еш құрметтеуге тұрмайтын материал ғана. Тек гуманизмді басшылыққа алатын ғылымдар ғана адамға құрал емес, мақсат ретінде қарайды. Сондай-ақ жаратылыстану ғылымы мен гуманитарлық танымның методологиялары арасында заңдарды түсінуде де бірқатар айырмашылықтар барын ескеру керек. Табиғатта жалпы заңдар орын алатынына ешкім күмәнданбаса да, қоғамдық саладағы заңдар жөнінде олай сенімді түрде айта алмайсың. Мысалға, тарихи оқиғалар қайталанбайтын дүние болса, онда тарихи заңдар туралы айту қаншалықты орынды? Адам табиғаттың заңын өзгерте алмайтынын мойындасақ та, ал әлеуметтік-психологиялық заңдарды ше?

Психология оқулықтарында 1879 жыл ғылыми психологияның дүниеге келген уақыты боп саналады, өйткені дәл сол кезде Лейпцигте неміс ғалымы В. Вундт әлемде тұңғыш рет психологиялық зертхана ашты. Оны психологияға эксперимент әдісін кіргізгені үшін тарихшылар заманауи психологияның әкесі деп бағалайды. Алайда, Вундттың дара психологияны халық психологиясын (тіл, миф, әдет-ғұрып) зерттеумен толықтыру керек деген идеясы елеусіз қалды. Оның  он томдық «Халық психологиясы» атты еңбек жазғанына мән берілмеді. Бүгінде аудармашылардың немістің бірегей «Volkerpsichologie» терминін «халық психологиясы» деп қате аударып жібергенін енді біліп жатырмыз. Сөйтсек,  оның «этностық» түсінігімен бірге «мәдени психология» деген мағынасы бар екен. Бір сөзбен айтсақ, этномәдени психология. Мұның бәрі, айналып келгенде, академиялық психологияның өз зерттеулерінде мәдениетті ұзақ уақыт ескермеуіне әкеп соқты. Нәтижесінде, мәдениет ұғымын жалпы психологияның зерттеу аумағына ғылыми енгізу үлкен әдіснамалық мәселе болып отыр.

Мұндай жағдайда мәдениет феноменін арнайы зерттеу маңызды болмақ. Оны қай ғылым саласы зерттесе ұлтқа тиімді болады? Бүгінде дүниежүзінде «Мәдениет мәселесі» (Culture matters) деп аталатын жаңа зерттеу бағыты қалыптасты. Сонымен, мәдениетті зерттеуді қай ғылымның үлесіне қалдырамыз?

Ең алдымен, бұрындары өзге ғылымдардың зерттеу нысаны мен пәні болып келген мәдениет ұғымына қандай анықтама береміз? Сөздің шығу тарихына, этимологиясына көз жүгіртетін болсақ, «мәдениет» термині қазақ тіліне арабтың  «маданият» – қала, қалалық деген сөзінен енген. Бұл ортағасырлардағы мұсылман мәдениетінің өркендеу кезеңінде қалыптасқан түсінікпен байланысты. Қазақ тіліне арабшадан енген кірме сөз болып табылады. Әлемнің екінші ұстазы атанған жерлесіміз ұлы ойшыл әл-Фараби (870-950) өз еңбектерінде адамды – «хайуани мадани», яғни мәдениетті адам, мәдениетті жан деген анықтама берген. Ал орыс тіліндегі «культура» термині латынша «cultura» өңдеу, өсіру деген сөзден шыққан. Бұл терминнің алғашқы мағынасы жерді, оны өңдеп-баптаумен тығыз байланысты болды. Оны тұңғыш рет ежелгі Римнің мемлекеттік қайраткері, тарихшы Марк Порций Катон (Үлкені) «Ауыл шаруашылығы» («De Agri Cultura») атты трактатында қолданған екен. Демек, «мәдениет» ұғымы жерді жырту, бау-бақшаны өңдеу, яғни өсімдіктер және жануарлар дүниесімен, дәлірек айтқанда, егіншілік пен ауыл шаруашылығымен тығыз байланыста қарастырылды. Кейін мәдениет терминінің мағынасы кеңейіп түрлі өзгеріске ұшырады. Әйгілі римдік шешен, философ Цицерон өзінің «Тускуландық сұхбаттар» атты еңбегінде алғаш рет мәдениет сөзін егін шаруашылығынан бөлек мағынада, адам жанын рухани жетілдіру деп түсіндірген. Ол философияны «жанның мәдениеті», «жанды жетілдіру» («cultura animae»), онымен айналысатын адамды ақыл-ой мен рух мәдениетіне ие деп есептеді. Сөйтіп, ол мәдениетті рухани құбылыстар қатарына жатқызды.

Мәдениет жайлы түсініктердің тарихи дамуына, оларды ғылым саласы ретінде жүйелеп саралауға неміс оқымыстылары көп еңбек сіңірді. Мәдениетке алғаш рет жеке ұғым ретін-  де анықтама берген неміс ғалымы Самуэль фон Пуфендорф (1632-1694) болды. Ол мәдениет ұғымына білімсіз, оқымаған «табиғи адамға» қарама-қарсы түсінік ретіндегі қоғамда тәрбиеленген «жасанды адам» деген анықтама берді. Білімсіз және тәрбиесіз адам еш уақытта мәдениетті бола алмайтыны түсінікті, ендеше блім мен тәрбие барлық халықтар мәдениетінің қайнар бұлағы болып табылады. Ал мәдениет сөзінің ғылыми және күнделікті айналысқа түсуінде үлкен рөл атқарған неміс тіл маманы И.К.   Аделунг   (1732-1806)еді. Ол 1782 ж. «Адамзат ұрпағы мәдениетінің тарихи тәжірибесі» атты еңбегінде мәдениетті адам мен халықтың бейімділігі мен қабілеттілігін жақсартатын, ізгілендіретін іс-әрекет деп анықтады. Қарап отырсақ, мәдениет ұғымы табиғат, «натура» сөзіне қарама қарсы мағынада қолданылып отыр. Табиғаттан тыс, адам қолынан шыққанның бәрі де мәдениет көрінісі бола алады. Мәдениет – табиғатқа адамның әрекеті арқылы жасалатын өзгерістер. Бұл сөзде адам еңбегінің ерекшелігі, оның адамның іс-әрекетімен байланыстылығы, адамның және оның қызметінің бірлігі қамтылған. Мәдениет әлемі – адамның өз әлемі, өйткені ол адамның жасампаздық қабілеттерінің жемісі. Бір сөзбен айтсақ, күллі адамзат тарихы – мәдениет тарихы. Сөйтіп, мәдениет дегеніміз табиғаттан бөлек адам қолымен жасалған құбылыстар. И. Кант айтқандай, адамды жабайылықтан бөліп көрсететін – мәдениет, ақыл-ой, моральдық жетілу. Мәдениетті – адам жасаған «екінші табиғат» деуге де болады.

Қорыта айтсақ, мәдениет тұжырымдамасы тарихи тұрғыда жер өңдеу, егіншілік түсінігінен бастау алып, ХІХ ғасырда тұлғаны жетілдіру, әсіресе, тәрбие мен білім беру арқылы адамды дамыту, кейінірек ұлттық ұмтылыстар мен мұраттарды білдіретін түсінікке айналды.

Мәдениет бірқатар академиялық пәндердің зерттеу нысаны мен пәні болып отыр. Олардың ішінде негізгілері: мәдениеттану, мәдени зерттеулер, мәдени антропология, мәдениеттің философиясы, мәдениеттер социологиясы және т.б. Ресейде мәдениет туралы негізгі ғылым ретінде мәдениеттану саналады, бұл термин Батыста, көбінесе ағылшынтілді елдерде тар мағынада, мәдени жүйе ретіндегі мәдениетті зерттеу мағынасында түсініледі. Мәдени үдерістерді зерттейтін пәнаралық саланы осы елдерде мәдени зерттеулер (ағыл. cultural studies) дейді. ХХ ғасырда «мәдениет» ұғымы әлемдік антропологиядағы негізгі ұғымдардың біріне айналды. Ол генетикалық мұрагерлік жолымен берілмейтін адами құбылыстардың жиынтығын қамтиды. Сонымен, мәдени антропология адам мәдениеті мен қоғамның алуан түрлілігін зерттеумен айналысады және осы әр алуандылықтың себептерін түсіндіру оның негізгі міндеті болып табылады. Әлеуметтану ғылымының әдіснамалық тәсілдері арқылы мәдениет пен қоғам арасындағы  байланыстарды мәдениеттер социологиясы зерттейді. Мәдениеттер философиясы мәдениеттің мәнін, дәрежесін арнайы философиялық тұрғыдан қарастырады.

Мұндай кең ұғымды психологияға қалай кіргізуге болады? Ұғымның шекарасын анықтап алмасақ, зерттеу жүргізу қиынға түседі. Американдық психолог Г. Триандис материалдық мәдениеттен (еңбек құралдары, ғимарат, заттар және т.с.с. ұстап көруге болатын дүниелер) бөлек «субъективтік мәдениет» ұғымын ажыратып көрсетеді. Субъективтік мәдениетке қолмен ұстап көре алмайтын нәрселер: құндылықтар, аттитюдтер, әлеуметтік нормалар, әдет-ғұрыптар және т.б. жатады. Көптеген психологтар мәдениеттің дәл осы субъективтік аспектісіне қызығушылық танытады. Біздің не ойлайтынымыз, нені сезінетініміз, басқаларға қалай қарайтынымыз, қатынасымыз осы мәдениетке байланысты болып келеді. А. Пуртинга мәдениетті белгілі бір әлеуметтік-мәдени топ мүшелерінің мінезқұлқын шектейтін  жүйе  ретінде  қарастырса,  Д. Мацумота: «Мен мәдениетті топтың өзінің өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында орнатқан эксплициттік және имплициттік ережелердің динамикалық жүйесі ретінде анықтаймын, оған топтың ортақ бейім-бағдарлары, құндылықтары, көзқарастары, мінез-құлық нормалары мен үлгілері кіреді...ол ұрпақтан ұрпаққа беріледі, салыстырмалы тұрақты болып табылады, бірақ уақыт өте өзгеруге қабілетті» [1, 31 б.]. Мәдениет инкультурация барысында игерілген мінез-құлық боп табылады. Жаңа туған нәрестенің мәдениеті жоқ. Ол даяр мәдениетке келеді.

Психология ғылымында мәдениетті зерттейтін бірнеше пәндер бар. Батыс елдері ғылымдарында (әсіресе, АҚШ елінде) мәдениет пен психология арасындағы байланысты психологиялық антропология, кросс-мәдени психология, мәдени психология және индигендік (төлтума) психология сияқты пәндер зерттейді. Посткеңестік ТМД елдерінде, соның ішінде Қазақстанда бұл мәселелермен этнопсихология ғылымы айналысады. Бұл пәндерге қысқаша сипаттама бере кетейік.

Психологиялық антропология өзінің бастауын ХХ ғ. 20-ж. аяғынан алады. Ол «мәдениет және тұлға» деп аталатын пәнаралық зерттеу бағыты ретінде пайда болды. Әйгілі өкілдері ретінде М. Мид, Р. Бенедикт, А. Кардинер, К. Клакхон, Р.  Линтон, К. Дюбуа есімдерін атауға болады.  Р. Бенедиктің «Мәдениеттер үлгілері» (1934) атты классикалық еңбегі күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ (постфигуративтік,  кофигуративтік және префигуративтік мәдениет типтері). Ал 25 кітап жазған М. Мидтің XX ғ. 30-шы жылдардағы АҚШ-тағы танымалдылығы голливудтық жұлдыздардан  еш  кем түспеді.  Әсіресе, оның Самоа аралындағы есею» атты атты алғашқы кітабы оны әлемге әйгілі етті. Мұхит аралдары (Океания) тұрғындарының өмір салтын сипаттаған бұл кітап 2 млн. данадан астам тиражбен жарық көрді. Бұл зерттеушілер «американдық антропологияның әкесі» саналатын американдық антрополог, лингвист ғалым Франц Боастың (1858-1942) шәкірттері еді. Ф. Боас АҚШ-та бірқатар еуропалық ғалымдардың (Тард, Вундт, Бастиан) идеяларын таратуға әсер етті. Оның Кларк университетінің 20 жылдығына  арналған «Антропологиядағы психологиялық проблемалар» атты дәрісі этнология факторы ретіндегі психологияның дамуы үшін маңызды тарихи белес болып табылады. Әдетте, «антропология» терминін естігенде бізде ол жер қазу, археологиямен (палеоантропология) не адам сүйектерімен айналысатын физикалық антропология (биологиялық) саласымен байланысты ассоциация тудырады. Ал АҚШ-та антропология деп мәдениет туралы ғылымды айтады. Антрополог этнос пен мәдениеттің адамға әсерін зерттеуші маман. Бейнелеп айтқанда, олар «психологиялық сүйекті» іздестірумен шұғылданады.

ХХ ғ. 60  жылдары  «мәдениет  және  тұлға» зерттеу бағыты «психологиялық антропология» атты ғылыми пән ретінде атала бастады. Бұл атауды тегі қытайлық  американдық  ғалым Ф. Хсю (Сюй Лангун) ұсынды. 1961 жылы оның редакциялауымен шыққан жинақ осылай аталды. Хсюдың пікірі бойынша, психоантропологтың басты міндеті адамдардың әрекетін басқаратын саналы және бейсаналы идеяларды зерттеу. Психологиялық антропология пәнаралық сипатқа ие болғандықтан өзге пәндермен қатар психологиялық зерттеулердің нәтижелерін пайдалана алады. Оның негізгі әдістері табиғи жағдайда қолданылатын бақылау мен түсіну әдістері. Кейде тестілеу (Роршах тесті) мен эксперимент әдістері де қолданылады. 

Психологиялық  антропологияның негізгі үш зерттеу бағыты бар:

1) балалардың әлеуметтенуін зерттеу (онымен айналысатын пән тармағын балалық шақ этнографиясы дейді);

2) ұлттық мінезді зерттеу;

3) әртүрлі мәдениеттердегі норма мен патологияны талдау. Осы бағыттың ірі өкілі, американдық мәдени антрополог Ф. Боктың айтуынша, психологиялық антропология – психологиялық ұғымдар мен әдістерді қолданатын антропологиялық зерттеулер. Оның зерттеу пәні – әртүрлі мәдени орта жағдайындағы индивидтің қалай әрекет ететіні, ойлауы мен сезінуін (эмоциялық реакциясын) талдау.

Психологиялық антропологияның дамуындағы маңызды тарихи белес ретінде 1973 жылы Чикагода өткен антропологиялық және этнологиялық ғылымдардың VI Халықаралық конгресін атауға болады. Онда психологиялық антропология тек американдық құбылыс қана емес, әлемнің өзге елдерінде де мойындалды (Ұлыбритания, Италия, Германия және т.б.). Ол Батыстағы жоғары оқу орындарында іргелі түрде оқылатын оқу пәніне айналды

Мәдениетті психология тұрғысынан зерттеуді көздейтін пәннің бірі – кросс-мәдени (ағылшына cross – қиылыс, қоспа, салыстыру) психология. Ол бүгінде Батыстың түгел дерлік жоғары оқу орындарында лайықты орын алып отыр. Кросс-мәдени психологиясының пәнін канадалық ғалым Дж. В. Берри былай анықтайды:

«Кросс-мәдени психология – бұл әртүрлі мәдени және этностық топқа жататын индивидтердің психологиясындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды зерттеу; психологиялық өзгешеліктердің әлеуметтік-мәдени, экологиялық және биологиялық ерекшеліктермен байланысын, сондай-ақ, осы өзгешеліктердің қазіргі кездегі өзгерістерін зерттеу» [2, 15 б.]. Алғашқы кроссмәдени зерттеулер негізінен кейбір психологиялық процестердегі мәдени айырмашылықтар туралы мәліметтерді жай жинаумен әрі сипаттаумен (дескрипция) ғана шектелді. Бұл жұмыс өте маңызды әрі қызық болғанымен, көптеген кросс-психология саласындағы мамандарды толық қанағаттандыра алмады. Олар мәдени айырмашылықтың себебі болып табылатын нақты психологиялық айнымалыларды тапқылары келді. Қалайша мәдениет осындай ерекшеліктердің қайнар көзі болып табылады дегенге теориялық және эмирикалық түрде жауап іздей бастады. Мәдениет адамның мінез-құлқын анықтайтын басым фактор әлде жай шектеуші фактор? «Мәдениет» ұғымы тым жалпы әрі абстракты түсінік болғандықтан оны нақты өлшеуге болатын психологиялық айнымалыға айналдыру қажеттілігі туындады. Кросс-мәдени психологтар (Г. Триандис, Г. Хофстеде және т.б.) мәдениеттің психологиялық өлшемі ретінде бірқатар параметрлер ұсына бастады.

Әдетте біз «әлеуметтік тұлға», «саяси тұлға» сияқты ұғымдарды жиі қолданамыз. Ал қоғамдық практиканың (халықаралық қатынас, мәдени алмасу, бизнес саласы, психологиялық консультация, білім беру және т.б.) бүгінгі сұраныстары «мәдени тұлғаны» ескеру қажеттігін талап етуде. Психологияға «мәдени тұлға» категориясын енгізсе де артық етпейді. Оның үстіне психологиялық білімдердің экспериментке негізделген фактілері мен мәліметтері қоры молайған сайын психология ғылымының экологиялық валидтілігіне қатысты шүбәланулар арта түсуде. Батыстық академиялық ғылыми психология («WASP») әртүрлі мәдени ортада өмір сүретін адамдардың мінез-құлқын түсіндіруге келгенде дәрменсіздік танытты. Психология ғылымына адам психикасын зерттейтін жалпы ғылым мәртебесінен, дәрежесінен айырылу қаупі туындады. Өйткені, қазіргі психология ғылымдарының зерттеу қортындыларының әмбебаптығы проблемасы өткір тұр. Психология ғылымы нағыз ғылыми қорытынды шығарғысы келсе, онда мәдени ерекшеліктерді ескеретін кросс-мәдени (салыстырмалы) зерттеулерді жүргізуі қажет.

Мәдениетті өзінің зерттеу нысанына айналдырған келесі пән – мәдени психология. Ол жеке бағыт ретінде АҚШ-та ХХ ғ. 80-жылдары пайда болды. Оның негізін қалаушылар М. Коул,   Д. Брунер, Р. Шведер, Д. Миллер сияқты батыс ғалымдары. Мәдени психология АҚШ-тан бөлек Германияда едәуір дамуда. Мәдени психологияның іргелі қағидасы тұжырымдалды: мәдениет пен тұлға мінез-құлқы бөлінбес тұтастық болып табылады. Саарбрюккен мәдени психология мектебінің көшбасшысы Э. Бош мәдениетті тәуелсіз айнымалы деп қарастыруға және оны позитивистік, жаратылыстану ғылымдары тұрғысынан зерттеуге қарсы болды.

Біз ғылыми әдебиеттерде онша қарастырылмаған индигендік психология мәселесіне тоқталайық. Қазақша оны төлтума психология деуге болады. Бұл бағыттың ең жарқын өкілдерінің бірі кәріс психологы У.  Кимнің пайымдауынша,

«индигендік психология – басқа аймақтан алып келінбеген және тек «өздеріне» арналған ерекше психологиялық білім [3]. Бұл тұрғыдан қарасақ, психологиялық құбылыстар әлеуметтік-мәдени контексте зерттелінуі тиіс, кез келген құбылысты психологиялық түсіндіру мен түсіну жергілікті стандартқа сай болуы тиіс. Индигендік психология жалпы барлық елдерді, мемлекеттерді қамтиды. Оның зерттеу нысанына экономикалық даму үстіндегі мемлекеттер, жаңа индустриялды мемлекеттер және экономикалық дамыған мемлекеттер де кіреді. Көбінесе адамдар индигендік психологияның зерттеу пәнін шеткері, оқшауланған жерлерде өмір сүретін «экзотикалық» адамдар жайлы антропологиялық зерттеулермен теңестіреді. Ол қате түсінік.

Индигендік психологияның мазмұнын тек «Үшінші Дүниеде» өмір сүретін адамдар жайлы ғана білім емес, кез келген мәдени және этностық топтарға тән жергілікті, инсайдерлік білімдер жүйесі құрайды. Бұл бағыттың ұстанымы бойынша, іштегі, жергілікті адамдар ғана нағыз төлтума және жергілікті мәдени феномендерді толық түсіне алады, ал сырттан келгендерге бұл түсінік шектелген түрде ғана қол жетімді болып есептеледі. Қазақтардың да тек өзіне тән мәдени синдромдары, индигендік тұлға концепциялары (мәселен, Абайдың «толық адам» концепциясы, Шәкерімнің ар ілімі сияқты) бары белгілі. Өкінішке орай, батыстық әдіснамадан өзгені мойындамайтын қазақстандық психологтар ондай тақырыптарға бойлап бара бермейді. Сонымен, зерттеушілер индигендік психология ретінде белгілі бір мәдени дәстүрге негізделген психологиялық ой-пікірлер мен практиканың жүйесін атап жүр. Индигендік психология әлеуметтік мінез-құлықты зерттейтін ғылымдардың мәдени аспектіні ескеру қажеттілігінен туындап отыр. Индигендік психология осы талаптарды ескереді. Өйткені, индигендік психологтар жергілікті (локалды) адамдар қоғамының әлеуметтік-мәдени фактісіне сәйкес келетін мінез-құлық туралы ғылымды дамытқысы келеді. Индигендік психология батыстан бөлек қоғамның дәстүрі, нанымы, сенімі мен идеологиясын бейнелейтін психология. Батыстық психологияның басымдығына қарсы реакция (жауап) ретінде өмірге келіп отыр.

Белгілі зерттеуші Л.Н. Гумилев негіздегендей, жалпыадамзаттық мәдениет дегеніміз оны құрайтын этностық мәдениеттер. Американдық тіл жоқ, алайда американдық мәдениет бар, дәл солай аргентина тілі жоқ, бірақ аргентиналық мәдениет бар. Әр халық өзіндік этномәдениет жасайды. Біреулері оны келесі ұрпаққа жеткізіп сақтай алады, ал біреулері сақтай алмайды.

Бүгінде еліміздің әлемдік білім беру кеңістігіне қосылуы бірқатар мәселелерді тудырып отыр. Шетелдік үлгілерді сын көзімен қарамай айна қатесіз көшіріп алу қаншалықты дұрыс? Қазақстандық мазмұнның үлесі қандай мөлшерде болуы тиіс? Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін жергілікті профессорлар (қазақ тілді) магистратура мен PhD докторантура даярлайтын бөлімдерге енді сабақ бере алмай ма? Олар бүгінде ағылшын тілін жеткілікті білмегендіктен магистрлік және докторлық диссертациялық жұмыстарға тақырып беру және жетекшілік ету құқығынан айырылып отыр. Трансұлттық білім стандарты отандық ғылыми өнімді, әсіресе төлтума гуманитарлық сипаттағы интеллектуалдық өнімді өндіруге қаншалықты ынталандырады? Импортты алмастыру саясатының ғылым саласына еш қатысы жоқ па? Техникалық, жаратылыстанымдық ғылымдарда қазақстандық мазмұн жағына мән бермесек те мәденицентристік, аксиологиялық ғылым болып табылатын әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарда оны ескермесе болмайды. Позитивистер мен сциентистер ғылымды имандылық пен адамгершілік тұрғысынан бейтарап объективті дүние деп есептегенімен, отандық педагогтар мен психологтар ешқашан тәрбие аспектісін оқытудан, білім беруден бөле-жара қарастырмаған. Сол себепті де біздің университетте куратор-эдвайзерлер институты өзінің тиімділігін дәлелеген құрылым болып отыр. Қазір постнеклассикалық кезеңде тұрған ғылымда аксиологиялық аспектіні жоққа шығармайды. Жалпы этногенезі осы территорияда қалыптасқан байырғы қазақ халқы үшін мәдени бірегейлік мәселесін дұрыс шешу үшін де мәдениет категориясын психология ғылымы тұрғысынан теориялық негіздеу аса маңызды міндет болмақ.

 

 

Әдебиеттер

 

  1. Мацумото Д. Психология и культура. – СПб-М.: ЕВРОЗНАК, 202. – 415 с.
  2. Берри Д., Пуртинга А. и др. Кросс-культурная психология: Исследования и применения. – Харьков: Гуманитарный центр, 2007. – 560 с.
  3. Лебедева Н.М. Этническая и кросс-культурная психология: учебник для высших учебных заведений. – М.: МАКС Пресс, 2011. – С.18.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.