Студенттердің мәдениетаралық қатысым құзыреттілігін қалыптастыруда инновациялық оқыту технологиясының негіздері

ХХІ ғасыр – озық технологиялар ғасыры. Сондықтан білім беру жүйесінде жаңа технологияларды тиімді пайдалану заман талабы. Әсіресе шетел тілін үйренуде мұның пайдасы өте зор. Себебі тіл үйрену арқылы адам бүкіл бір ұлттың мәдениеті мен әлеуетін қатар үйренеді.

Aдам іс-әрекетінің әртүрлі салаларында, сонымен қатар, білім саласында инновациялық оқыту технологиялары бүгінгі күні үлкен өзектілікке ие болып отыр. Білімді дамыту үшін білім берудің үйреншікті әдісінен оқыту процесінде оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттыратын білім берудің жаңа белсенді әдісіне көшу керек. Бұл тапсырманы оқыту процесінде тек жаңа технологияларды қолдану арқылы жүзеге асыруға болады. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында (3-бап) [1] белгілегендей, білім беру жүйесін ақпараттандыру, мемлекеттік білім саясатының негізгі қағидаларын жүзеге асырудың маңызды бір механизмі болып табылады. Cол себепті де, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020  жылдарға  арналған  мемлекеттік  бағдарламасында «Білім саласын ақпараттандыруды дамыту жоспары жүргізілуде. Қазақстан Республикасында білім беру жүйесін дамытудың басымды бағыттарының бірі білім беруді ақпараттандыру» делінген [2].

Инновациялық технологияларды оқу үдерісінде  пайдалану нәтижелі білім алуға бейімдейтін, білім беруде жаңа технологияларды орынды енгізумен тұжырымдалады. Олардың қатарында – бейнеконференциялар, телефорумдар, портфолио сияқты инновациялық технологиялар, оқыту мен тәрбиелеудегі, өмірлік дағдыларды қалыптастыру жөніндегі тренингтер, соның ішінде әлеуметтік тәлімдегі және т.б. жеке-дара жетістіктер болып есептеледі [3].

Инновациялық технология – сөзінің мазмұнына тоқтала кетсек, «инновация» – (лат.nouis-жаңа) жаңалау, жаңа, өзгеру деген ұғымды білдіреді. Ал, «технология» – (грек. technoөнер, шебер, білгір және logos – ілім, ғылым) деген сөзінен шыққан. Сонымен инновациялық технология дегеніміз – педагогтың білім, білік, дағды, кәсіптік әдіс-тәсілдер жүйесін жаңаша өзгертіп қолдану арқылы білім беру мақсатындағы мұғалім мен оқушының өзара қарым-қатынас процесі.

Әдістемелік инновациялардың көпшілігі интерактивтік оқыту әдістерімен байланыстырылған. «Интерактив» сөзі ағылшынның «interact» сөзінен шыққан, мұндағы «inter» – бірлесіп, өзара, «act» – әрекет ету деген мағынаны береді, ол деген интеракция – жеке индивидтердің, топтың, жұптың өзара біріккен әрекетте бір-біріне алма кезек әсер етуі. Яғни интерактивті оқыту дегеніміз – сұхбат арқылы оқыту [4].

Интерактивті оқыту 1990 жылдары интернет желісінің дамуымен байланысты пайда болды. Осыған орай, көптеген ғалымдардың пікірінше, интерактивтік оқыту комьютер және интернет желісін пайдалану арқылы оқыту дегенге саяды [5].

Педагогика саласында инновациялық оқытудың үлгісі бірнеше түрге бөлінеді:

  • пассивті – студент оқытудың объектісі ретінде көрінеді (тыңдайды, қарайды);
  • активті – студент оқытудың субъектісі ретінде көрінеді (өзіндік жұмыстарды, шығармашылық тапсырмаларды орындайды);
  • интерактивті – өзара әрекетте болады (мұғалімстуденттоп).

Педагогикада интерактивтілік – терминінің жиі қолданылатынына қарамастан ол теория мен практиканың жеке пәні ретінде қарастырылған емес. Әдіскер ғалымдар бұл ұғымды жан-жақты саралай келе оны жүйе ретінде төмендегідей сипаттайды:

  • екі не одан да көп қатысушының біріккен әрекеттерін талдаудың бірлігі болып табылатын дидактикалық жүйе;
  • ұжымдық іс-әрекет;
  • әрекет нәтижесіне рөлдік жауапкершілік;
  • басқа тұлғамен субъектілік байланыс;
  • тұлға әрекетінің басқа мүшелердің қасиеттеріне тәуелді болуы және ықпалы;
  • әрекеттің тәрбиелік сипатының субъектінің іс-әрекетінде бейнеленуі;
  • субъектілердің өзара қарым-қатынасы [6]. Педагог ғалымдардың А.Қ.     Рысбаева,

Н.А. Кулмышева т.б. пікірінше, интерактивтілік бұл дидактикалық құралдардың (орта, мазмұн, оқу құралдары, іс-әрекет) әрбір субъектінің өз нәтижесі үшін рөлдік жауапкершілікте болуын қамтамасыз ететін және қарым-қатынас  кезінде субъектілер арасында «полидиалог», өзара әрекет, өзара түзетулер, қатынастар орнатуда көздейтін іс-әрекетті ұйымдастыра білу қабілеті. Сонымен бірге интерактивтік оқытудың тәрбиелік міндеттерді шешуде рөлі ерекше мәнді. Педагогикалық үдеріске қатысушылар біріккен әрекетте  бір-бірімен  ынтымақтастықта  жұмыс істейді, ұжымдық жауапкершілікті сезінеді, мәдениет пен әдептілікті сақтауға ұмтылады [7].

Белгілі ғалым О.Г. Смоглянинов интерактивтіліктің үш түрін қарастырған:

  1. Реактивті интерактивтілік: студенттер бағдарлама ұсынған сұрақтарға жауап береді. Тапсырмалар реті белгілі бір ережеге сүйеніп, өте қатаң түрде анықталады. Студент өзін қызықтыратын тақырыптарды таңдай отырып, бағдарламаларды еркін түрде алдыңғы бағдарламалармен демонстрация көрсетуде немесе оқып-үйренетін материалдармен алғаш танысқан кезде пайдалы болуы мүмкін.
  2. Іс-әрекетті интерактивтілік: студенттер бағдарламаның жұмыс істеуін өздері басқарады. Олар тапсырмаларды ұсынылған ретпен орындауды не бағдарлама көлемінде өз бетінше іс-әрекет етуді өздері шешеді. Мұндай типті бағдарламалар гипермәтіндік белгілеуді қолданады және электрондық анықтамалардың, энциклопедиялардың деректер қорының және т.б. құрылымдарына ие болады. Оқытудың сызықтық емес моделі қолданушыларға жеке білім беру троекториясы бойынша өздігінен білім алуды жүзеге асыруға көмектеседі. Бұл жағдайда мұғалім оқып үйренушіге қажет білімді бермейді, ол тек білім беру стратегияларын қолдауды және ақпаратты іздеуде көрсетілетін көмекті және студенттердің өз іс-әрекеттерін саналы түрде түсінуін қамтамасыз етеді. Сызықтық емес модель қашықтықтан оқытуда тиімді болады.
  3. Өзара интерактивтілік: студент пен бағдарлама бір-біріне бейімделуге қабілетті. Оқып үйренушіге кездесетін әртүрлі кедергілерді жеңе отырып зерттеу жүргізуге жеке есептерді шешуге мүмкіндік береді. Мұндай түрдегі бағдарламалар жаттықтыратын және практикумдық оқыту бағдарламалары және т.б. мысал бола алады [8]. Қазіргі кезде ағылшын тілімен компьютер, телекоммуникациялық құралдарды  меңгеруді уақыттың өзі талап етеді, тіпті кейінгі жылдары олардың рөлі зорая түсуде. Студенттердің ағылшын тілі пәніне деген қызығушылығын арттыруда көп ізденіп, жаңа ақпараттық технологияларды меңгеруді, әртүрлі әдіс-тәсілдерді білуді қажет деп санаймыз. Жаңа ақпараттық құралдарды ағылшын тілі сабағында қолдануда, оның ішінде интерактивтік оқыту  төмендегідей мүмкіндіктер туғызады:
  • үлгерімі төмен студенттерге көмектеседі;
  • студенттердің сабаққа деген қызығушылқтары артады;
  • сабақта пайдаланылатын көрнекіліктердің санын арттырады;
  • студенттердің жеке жұмыс істеуге үйретеді;
  • грамматикалық құрылымдарды оңай түсінуге көмектеседі;
  • студенттердің есте сақтау, есту, көру, сөйлеу, ойлау қабілеттерін дамытады;
  • пікірталас, талдау, анализ жасау мүмкіндіктерін арттырады [9].

Интерактивтік тәсіл коммуникацияға, танымдық іс-әрекетке жақсы стимул береді. Мұғалім студенттерге көп көңіл бөле алады, бірігіп әрекет етуге тән ерекшелікте мұғалімге әрбір оқушының әрекетінен хабардар болуға, әрбіріне көңіл бөлуге және қажет болған жағдайда көмек беруге мүмкіндік туғызады.

Заманауи педагогика ғылымы оқыту үрдісін білімділіктен құзыреттілік амалға бағыттайды. Олар бір-бірінен концептуалды түрде ерекшеленеді. Құзыреттілік амал келесі сипаттарға ие екені дәлелденген:

  • мақсатқа бағытталғандығы;
  • мазмұны мақсатқа жету құралы болып табылатын мұғалімнің жобалық қызметі;
  • іс-әрекетте құзыреттілікті қалыптастыруы (біздің жағдайда қарым-қатынаста);
  • өз бетімен оқуы және өзін-өзі бағалауға бағытталғандығы;
  • үрдісті педагогикалық және ақпараттық технологиялар негізінде жүзеге асыруы;
  • жағдаяттық оқытуға бағытталғандығы. Қазақстанның білім   беру   жүйесінде   шетел тілін оқытудағы басты мәселелерді ол бүкіләлемдік білім беру кеңістігіне сай бейімделіп білім алуға, кәсіби білім деңгейін жоғарлатуға, сапалық біліммен қамтамасыз етудің ғылымиәдістемелік жүйесін жаңарту болып отыр. Осы мәселе жөнінде профессор С.Ә. Әбдіғали: «Қазіргі таңдағы Қазақстанда шетел тілін оқытудың негізгі міндеті – тілді шынайы және толыққанды қарым-қатынас ретінде үйрену. Әрбір шетел тілінің сабағы мәдениеттер тоғысуы, мәдениетаралық қарым-қатынас тәжірибесі, себебі әрбір шетел сөзі шетел өмірін және мәдениетін көрсетеді, әрбір сөз ол ұлттың өмірі жөніндегі түсінігін білдіреді» – деп түйіндейді [10].

«Мәдениетаралық қатысым құзыреттілік» ұғымына сипаттама берсек, ол әртүрлі ұлттар мен мәдениет өкілдерінің меңгерген тілдік білімдерінің, өмірлік немесе ғылыми тәжірибелерінің арқасында еркін қарым-қатынас жасай алу іскерлігі мен тұлғаның өзара түсінісе алушылық қасиетін қамтиды деп көрсеткен [11]. И.И. Халееваның пікіріне сүйенер болсақ, «Мәдени жүйелілік жүйе шектеуінен асқан жағдайда  танылатын  адами  өзара  іс-әрекеттердің барлығы мәдениетаралық болып табылады» дейді [12].

Мәдениетаралық құзыреттіліктің қалыптасуы деп – әртүрлі ұлттар мен мәдениет өкілдерінің игерген тілдік білімдерінің, шет тілдік қарым-қатынаста жинаған тәжірибелердің көмегімен еркін қарым-қатынас жасай алу іскерлігі мен тұлғаның өзара түсінесе алушылық қасиеті. Мәдениетаралық қатысымдық құзыреттіліктің қалыптасуы қазіргі ақпараттық қоғам заманының дамуымен тығыз байланысты. Шетел тілін үйрететін орта білім беру жүйесінде өзге мәдениеттерді меңгертуі көпшілік оқу орындарында кеңінен таныстырылмағандықтан елеусіз қалып кетіп отырғаны да жасырын емес. Яғни, шетел тілін студенттерге үйретуде сол тілді жан-жақты таным түсінігінен өткізуге амал-тәсілдер қолданып, өмір сүру барысында адам бойында болу қажет құзыреттіліктердің бірі – «мәдениетаралық қатысым құзыреттілікті «сіңірте отырып қалыптастыруы қажет.

Біз болашақ тіл мамандарының тек тілдің тұлға ретінде ғана емес мәдениетаралық қарымқатынас құзырлылығының қалыптасуын оқу үдерісінде қалай жүзеге асатынын қарастырамыз. Оқу материалдарын меңгеруде сдудент өз үлесін білімдерімен, идеяларымен қосады және алмасады. Ол үшін сабақта жеке, жұптық, топтық зерттеу жобалары, рөлдік ойындар, шығармашылық жұмыстар, пікірсайыстар ұйымдастырылады. Мұндай жұмыстар кез келген тіл үйренуші студенттeр үшін қызықты. Өйткені шетел тілін үйренушінің шеңбері өте кең мазмұнына тек кәсіптік бағдар ғана емес, жалпы адамзаттық құндылықтар, мәденитанымдық мазмұндар орын алған. Сонымен, болашақ шетел тілі маманының тұлға ретінде мәдениетаралық қатысым құзыреттілігін қалыптастыруда төмендегідей өлшемдерді ескереміз:

  • мәдениетаралық қатысым құзыреттілігі қалыптасқан субъект-ауызша және жазбаша сөйлеуді еркін меңгерген;
  • шетел тілінің терминдері мен қарым-қатынас стилін меңгерген;
  • жалпы адамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген;
  • мәденитанымдық құндылықтарды меңгерген;
  • өз білімін, ақпарат көздерін кәсіби жағдайда шешуге қабілетті, белсенді;
  • лингвистикалық құзыреттілікті меңгерген;
  • инновациялық, интерактивтік білімнің мазмұнын меңгерген маман.

Мәдениетаралық қатысым  құзыреттілігін кең мағынада С.С. Құнанбаева, Н.Д. Гальскова,П.В. Сысоев, С.Г. Агапов сынды отандық білікті ғалымдардың ғылымизерттеу еңбектері және нәтижелері мен тұжырымдары зерттеу бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.

Мәдениетаралық қатысымдық құзыреттілікзерттеушілердің ғылыми жұмыстарында субқұзыреттілігі болып табылады. Dell Hymes (Дейл Хаймс) 1960 жылы коммуникативтік құзыреттілік концептісін (the concept of communicative competence) енгізді. Оның пікірінше, коммуникативтік құзыреттілік құрамына: лингвистикалық, социолингвистикалық, социомәдени, дискурстық, әлеуметтік, стратегиялық құзыреттіліктер құрайды [13]. Ал отандық ғалымдардың бірі С.С. Құнанбаева шетел тілін меңгеруде тұлғаның бойында мәдениетаралық қатысым деңгейін қалыптастыруда мәдениетаралық қатысымдық, яғни субқұзыреттіліктің құраушы компоненттерін былай бөліп көрсетеді: қатысымдық; әлеуметтік; жеке тұлғаға бағдарланған; стратегиялық; лингвомәдени; концептуалдық; когнитивтік [14].

Сонымен, білім беру үдерісінде мәдениетаралық қатысым құзыреттілігін қалыптастыруда инновациялық технологияларды қолдану теориясы мен практикасын талдай келе біз мынадай тұжырымдамаға келдік: бүкіл әлемдегідей біздің елімізде де, жалпы білім беру саясаты, стратегиясы мен оқыту үдерісінде жаһандану анықталады, бұның негізінде постмодернизм сапалы оқыту үдерісінде әдіснамалық негізін анықтайды. Осыған байланысты, оқытушылық қызметтің инновациялығы төмендегі бірізділікпен белгіленеді:

  • нәтиженің нақты белгіленгендігінде емес, орайластырылған жағдаят мәнмәтінінде түсіндіріліп, процессуалдық жағында белгіленеді;
  • нақты білімді дәл сол күйінде жеткізіп беру ғана емес, студенттің өзіндік шығармашылық және зерттеушілік потенциалын дамыту;
  • нақты пәндік білімді жаттап алу ғана емес, ол пәнді меңгеру барысында алынған білімдерді пәндік ортадан тыс ауандарға бейімделе отырып, ой өрісінен өткізе отырып әрекет жасай алу;
  • тек білім, білек, дағды жүйесінің іске асырылуы емес, сонымен қатар, компетенттілік амал, инновациялық,   пәнаралық, қатысымдық және т.б. құзыреттіліктерінің қалыптастырылуын қадағалау;
  • оқыту барысында тек репродуктивтік сипатқа ие әдістерді қолдану орнына, әдістердің құрылымдылығын қолданған жөн. Аталмыш әдістер тұлғаның еріктілігі мен әлеуетінің ашылуына септігін тигізеді, негізгі әдіс ретінде диалог қарастырыла отырып, алынған білім бойынша тұлғалылық негізінде жеке білімді тәжірибеде қолдана алу біліктілігі көрсетіледі.

Студенттердің мәдениетаралық қатысым құзыреттілігін қалыптастыруда олардың сөздік қорындағы, біліміндегі, жас ерекшелігіндегі, кәсіби құзыреттілігіндегі және т.б. айырмашылық кәсіби тілдесімде бөгет болуы мүмкін екенін ескеруіміз керек, себебі білім, құзырет тағы басқа қосымша көрсеткіштер қатысушылардың кәсіби деңгейін көрсетеді. Студент өзі қарым-қатынасқа түсушілердің рөлін статусын білуі, соған орай өзінің сөзін үйлестіре білу, тілдесімнің мәдениетаралық ерекшелігін ескере отырып, қажетті тілдік құралдарды пайдалана білу қажет.

Қорытындылай келе, мәдениетаралық қатысым құзіреттілігі өзге мәдениет өкілдерімен шынайы қарым-қатынас орнату мақсатында өзге мәдениет ерекшеліктерін және де өз мәдениетімізді құрметтей отыра тілдік терең түсіністік негізінде өзара ақпарат беру, ақпарат қабылдау. Сонымен қатар, өзара түсіністік қабілетін қалыптастыра отырып оны мақсатқа бағытталған түрде қолдана отыра нәтижелі өзара қарым-қатынас орната алу қабілеті болып табылады.

Студенттердің мәдениетаралық қатысым құзыреттілігін қалыптастыру теориясын талдай келе біз дәл қазіргі уақытта инновациялық оқыту технологиялары бірінші орында деген қорытындыға келеміз. Зерттеу жұмыстарымызбен байланысты біз білім беру процесіне инновациялық оқыту технологияларды енгізудің теориялық негіздері мен тәжірибелерін қарастырып жатырмыз. Осы мақаладағы теория мәселелерін талдау мақсатында мамандарды ЖОО-на дайындаудағы мәдениетаралық қатысым құзыреттілігін қалыптастыру процесіне концептуалдық әдістерді қолдану қарастырылды. Осы мақалада талданған теориялық тұжырымдар біздің магистрлік жұмысымызға негіз болады.

 

 

Әдебиеттер

 

  1. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шiлдедегi N 319 «Білім туралы» Заңында «Егемен Қазақстан» 2007 ж.
  2. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы,Астана, Ақорда, 2010 ж.
  3. Жазыбаева Ж.С. Оқыту үдерісінде жаңа технологияларды тиімді пайдалану. – №4. – Алматы: Білім,
  4. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми сөздігі. Информатика және компьютерлік технология. – Алматы: Мектеп,
  5. Әлімов А. Интербелсенді әдістерді жоғарғы оқу орындарында қолдану. – Алматы,
  6. Сулейменова О.Я., Толебаев Т.П., Қайбалдиева Б.М. Шетел тілін оқыту үрдісінде жаңа технологияларды қолданудың маңызы. – Алматы: Вестник КазНМУ. 09.2012.
  7. Рысбаева А.Қ., Кулмышева Н.А., Исмаилова А.Т., Түнғатова Н.Ә. – Білім алушылардың оқу-танымдық іс-әрекеті табысылығын интерактивті оқыту арқылы қалыптастыру: оқу әдістемелік нұсқау. – Алматы,
  8. Смолянинова О.Г. Мультимедия в образовании, Кроснояркс. Информатика и образование,
  9. Жазыбаева Ж.С. Оқыту үрдісінде жаңа технологиларды тиімді пайдалану. – Алматы,
  10. Әбдіғали С.Ә. Әдістеменің кейбір өзекті мәселелері: әдістеме. – Алматы: Абылай хан атындағы ҚХҚ және ӘТУ,
  11. Абдуразахова П.П. Мәдениетаралық қатысым құзыреттілік.
  12. Халеева И.И. Интеркультура – третье измерение межкультурного взаимодействия. Актуальные проблемы мужкультурного коммуникаций. – М. МГЛУ, 1999
  13. Hymes On Communicative Competence. In J.B.Pride and J.Holmes(eds), Sociolinguistics, Hardmondsworth: Penguin, 1972.
  14. Құнанбаева С.С. Қазіргі шеттілдік білім берудің теориясы мен практикасы. – Алматы,

 

Жыл: 2015
Қала: Алматы
Категория: Психология