Түркологиядағы түбіртану мəселесі

Түркітану ғылымындағы түбір сөз проблемасының зерттелуі өзіндік дəстүрі мен қағидалары қалыптасқан, мақсат-мүддесі айқындалған классикалық сала болып табылады десек те, тілдің негізін құрайтын бір буынды сөздердің табиғаты толық ашылып болмағаны белгілі. Түбір проблемасының күн тəртібінен түспей отыруы алғашқы дыбыстық тілдің сұлбасы байқала бастаған кезден бастау алатын түркі түбірінің бірнеше сатылы даму жолы мен қайшылыққа толы қат-қабат күрделі табиғатына байланысты. Түркі сөздері тұлғасының қарапайымнан күрделіге қарай дамуы басты ерекшелік болғанымен, фонетикалық заңдылықтарға орай кезеңкезеңімен кері процестерді де (ықшамдалу, редукция, элизия т.б.) басынан өткізуі, одан қайта күрделенуі тəрізді мəселелер де түбір табиғатын айқындауда қиындықтар туғызады. Фонетикалық құбылыстар таплалогия мен редукция үнемдеу принципi бойынша жаңа дыбыс тiркесiмiн, жаңа фонологиялық жағдайды тудырады. Бұл дыбыстардың позициялық ауысуына, дыбыстардың түсiп қалуына, екi дыбыстың орнына жаңа бiр дыбыстың пайда болуына алып келедi, ал дыбыс өзгерiстерiнiң қордалануы коммуникативтiк дербестiктi сақтау принципi бойынша фонетикалық жүйенiң жаңаша қалыптасуына арқау болады. Осы процестiң нəтижесiнде дыбыс сəйкестiктерiнiң екiншi дəрежелi фоно-морфо-семантикалық қырлары қалыптасады. Кез келген тілдің лексикалық жүйесінің даму жолын, басқа тілдермен туыстық деңгейін анықтау ең алдымен түбір құрылымын айқындап алуға негізделетiндiктен түркі түбірлері жайлы алғашқы зерттеулер де түбір құрылымын анықтауға бағытталып, түркі, кең көлемде алғанда алтай тілдері бойынша түбірдің дыбыстық құрылымы жайлы екі бағыт қалыптасты:

Моносиллабтық (В.В.Радлов, Г.Вамбери, Дж. Клосон, В.Котвич т.б.); 2. Дисиллабтық (В.Банг, К.Менгес, Б.Я.Владимирцов, Н.К.Дмитриев т.б.) түркі тілдері деректері негізінде морфемдік, компоненттік, семантикалық, логикалық талдау əдістері арқылы дисиллабтар мен полисиллабтар құрамындағы алғашқы буынды бастапқы тұлға ретінде қарауға теориялық негіз бар. Сондықтан моносиллабтық бағыт көптеген ғалымдар тарапынан (Н.Сауранбаев, Б.Юнусалиев, Н.А.Баскаков, А.М.Щербак, Э.В.Сенортян, А.Н.Кононов, Ə.Т.Қайдар, Ə.Ибатов, М.Томанов, Б.Сағындықұлы, т.б.) қолдау тауып, зерттеу нəтижелері түркі тілдері бойынша түбір жəне түбір-негіздер жүйесін құрайтын 6 құрылымдық модельді – V, VС, VСС, СV, СVС, СVСС – негізгі тұлғалар деп танығанмен, осы модельдердің қайсысы алғашқы (этимон түбір, этимологиялық түбiр, архетүбір, өлі түбір, ілкі түбір, бастапқы түбір, т.б.) деген мəселе үлкен пікірталас өзегі болып отырғаны белгілі. Б.М.Юнусалиев сөздiк қордағы екi буынды, көп буынды сөздермен бiрге бiр буынды лексемалар құрамында да өлi түбiлер сақталып қалатыны жайлы «Омертвеншие корни не исчезают бесследно. Они лишились лишь лексической самостоятельности, но их звуковая материя продолжает жить в той или иной форме в основе новообразованных корненых слов» дей отырып, тiптi «... туынды тұлғалар да дербестiгiн жоғалтуы мүмкiндiгiн» айтады [1,63]. А.Хасенова түркi тiлдерiнде сөз iшiндегi дыбыстардың орын алмасып қолданылуы (үйрек, урған, өрəн, ургат, өрəт; қапуғ, қапуғ, қапқа, қақпа т.б.), түбiрлердiң тек соңғы дыбыстары емес алдыңғы дыбыстарының да саны артық немесе кем болып келуi (қаз. нану, сену; өзб. инон-моқ, илон-моқ т.б.) қалыптасып кеткен тiлдiк ерекшелiк екенiн, қазақ тiлiндегi п дауыссызына бiтетiн етiстiктердiң қосымша жалғану барысында деформацияланып б, у, м дыбыстарына ауысуы кездесетiнiн (жап: жабады, жауып, жамыл, жапқан т.б.) негiзге ала отырып, А.Зайончковский мен Б.М.Юнусалиев ұсынған теориялық қорытындыға күмəн келтiредi. Ғалымның пайымдауынша «Бұл құбылыс сөз iшiнде не сөз аяғында кейбiр дыбыстардың айтылуда түсiп қалуға икемдiлiгiмен де тiкелей байланысты» [2,72]. Кейiнгi жылдарғы зерттеу нəтижелерi ғалымның көзқарасына қарсы фактiлердi де айқындап отыр. Қазақ тiлiндегi қарт, қария, кəрi; айт, айтыс, айқай т.б. сөздерiнiң құрамынан қар, ай тұлғаларын түбiр морфема ретiнде ажыратып, -т, -йа, -i, -т, -ыс, -қай тұлғаларын түбiр құрамына қатысы жоқ элементтер ретiнде таныған М. Томанов “ ... осы аз ғана фактiлер тобына жасалған талдаудың өзi де (жəне тек бiр тiл ыңғайында) қазiргi тiл нормалары бойынша бөлiп-жаруға келмейтiн жалаң түбiр деп қаралатын сөздердiң недəуiр тобы “мағынасыз” түбiрлер мен “белгiсiз қосымшаларға ажырайтындығын көрсетедi” деп қорытады [3,140]. Сондай-ақ ғалым түбiр құрылымын анықтауда бiраз дау-дамай туғызып жүрген протезалық дыбыстардың, «екiншi дəрежелi дифтонгiлер мен созылыңқылардың қалыптасуы да түбiр құрамын фонетикалық басқа сипатқа алып келгенi мəлiм» [3,141] деп бастапқы түбiр құрамына аталған құбылыстардың аса қатысы жоқтығын меңзейдi.

Түркілік түбір табиғатын қазақ тілі аясында əр қырынан жан-жақты қарастырған академик Ə.Т.Қайдар ұзақ жылдар бойы түркі тілдеріндегі түбір, негіз терминдерінің ара-жігі толық ажыратылмай келгеніне ерекше мəн беріп, аталған ұғымдардың өзіндік ерекшеліктерімен сараланатын ғылыми анықтамасын ұсынады. Ғалым нақты тілдік деректер мен В.В.Радлов бастаған белгілі лингвисттүрколог ғалымдардың пікірлеріне сүйене отырып, «... разложимость односложных корней-основ в тюркских языках ... вполне реальный факт» [4,28] деген қорытындыға келеді. Түркі тілдері бойынша ғалым пікірінің негізділігіне дəлел бола алатын, дисиллабтармен қатар моносиллабтардың да біразы тіл дамуындағы ұзақ мерзімді қамтитын агглютинативтік процестің жемісі екенін көрсететін тілдік деректер қоры жинақталып, маңызды теориялық тұжырымдар дəйектелді. Түркі тілдеріндегі гомогенді моносиллабтарды етіс-есім омонимиясы тұрғысынан зерттеп синкретизм құбылысының теориялық сипаттамасын ауқымды тілдік дерек негізінде дəйектеп берген Е.Қажыбек «...түркi тiлдерiндегi сөз таптары синкретизмiнiң iздерi грамматикалық деңгейде де – дериваттардың етiстiк–есiм омонимиясы немесе сөзжасам аффикстерi негiзiнде де аңғарылады» дей отырып, соңғы құбылысқа аса ыждаһаттылықпен қарау қажеттігін, яғни аффикс арқылы жасалған етістік, есім мəнді моносиллабтар құрамында кездейсоқ сəйкестіктердің де кездесіп қалуы мүмкін екенін көрсетеді [5,244]. Моносиллаб синкретизмдер табиғаты негізінде түбірлердің көп функционалды болу құбылысын жалғамалылық кезеңге дейін қолданыста болған сөзжасам моделi ретінде қарастырған зерттеуші «Семасиологиялық тұрғыдан қарағанда түркі түбiрiнiң синкреттi семантикасы ең ежелгі тектілдің семантикалық жүйесiнiң сiлемi. Сондықтан түркі тілдері лексикасын диахрондық негізде саралауда түркілік сөз мағынасының жалпыдан нақтылыққа қарай даму бағытына ерекше мəн беру қажеттігін» айтады [6,245]. Аса ежелгi дəуiрлерде қолданылған түбiрлер мен қосымшаларды мүмкiндiгiнше бастапқы қалпына келтiрудi өз зерттеуiнiң басты мақсаты етiп алған қазақ ғалымы Б.Сағындықұлы қазiргi түркi сөздерiнiң ежелгi тұлғасын реконструкциялауда дəстүрлi салыстырмалы-тарихи əдiстер жиынтығымен қатар математикалық амал-тəсiлдерге де, атап айтқанда теңдеу теориясына жүгiнедi. Ғалым математикалық амалды тiлдiк деректерге қолдану барысында компоненттiк талдау əдiстерiнiң нəтижелерiн пайдаланады. Тек өлi түбiрлер ғана емес қазiргi қосымшалардың да кезiнде дербес мəндi лексемалық дəрежеде қолданылғаны туралы гипотезалық идеялардың негiздiлiгiн қолдайтын ғалым «Түркi тiлдерi флексиялық құрылым дəуiрiн басынан өткiзген. Iшкi флексия қалдықтары бiр буынды түбiрлер көлемiнде едəуiр дəрежеде қазiрде де бар. Бұдан кейiн полисинтетикалық құрылым (түбiр тiл) дəуiрi келген. Түркi тiлдерi мұндай құрылымды өз басынан кешiргенiн белгiлi түркологтардың көпшiлiгi мойындайды. Қазiргi агглютинативтi қалпы бүкiл жұртшылыққа белгiлi» [7,5] деп түркi тiлдерi дамуындағы жалғамалылыққа дейiн флексиялық, синтетикалық кезеңдердiң негiздiлiгiн көрсетедi. Флексиялық құрылымның басты ерекшелiгi түбiрлердiң бiр ғана дауысты мен бiр ғана дауыссыздан жасалған силлабофонемалардан тұратынын жалпы түркi тiлдерi континуумында да, қазақ тiлi аясында да дəйектеп көрсеткен зерттеушi, «Бiрнеше силлабофонема өзара омонимдес болғандықтан, силлабофонеманың құрамындағы дауысты да, дауыссыз да қытай тiлiндегiдей əр түрлi сапада айтылған. Белгiлi бiр дауысты дыбыстың дауыссыз дыбыстың алдында, яки соңында келуi, түсiрiлiп айтылуы тағы басқа комбинациялық өзгерiстерi ұғым, түсiнiктi жеткiзуде шешушi роль атқарған. Қай дыбысқа қаншалықты акцент берiлуi iшкi флексия реттеп отырған. ... Жеке-дара дауыссыз дыбыстар заттардың, нəрселердiң, қимыл-қозғалыстың, күйдiң, сын-сапа, қасиеттердiң атауы болған. Ал дауысты дыбыстар əр түрлi семантикалық өзгерiстердi, реңктердi жеткiзген» [7,157] деген тұжырымға келедi. Ғалым соңғы мақалаларының бiрiнде силлабофонемаларды түбiртек деп атауды ұсынады жəне «Кез келген сөзде қанша дауыссыз болса, сонша түбiртек болатындығын» [8,199-205] көрсетедi. Б.Сағындықұлының көзқарастары жалпылама алғанда лингвистикадағы фонология теориясының қағидаларымен, императив теориясындағы идеяфондық идеялармен үндесiп, жалпы лексикадағы фоно-семантикалық құбылыстарды нақтылай түседi.

Түркi түбiрлерiнiң құрылымдық сипаттамасын жасау үш деңгейлi (фонологиялық, морфологиялық, семантикалық) зерттеу аясында жүргiзiлгенде ғана нəтижелi болады. Түркi лингвистикасындағы түбiртану мəселесi бойынша айтылған ой-пiкiрлер, түбiрлер мен түбiр-негiздердiң жекелеген аспектiлерiн қарастырған зерттеу нəтижелерi де, кешендi түрде жүгiзiлген зерттеулер де тiлдегi түбiрлiк деңгейдiң қалыптасуы мен дамуы фонетика-фонологиялық, морфологиялық, семантикалық, ономасиологиялық құбылыстардың өзара тығыз байланысына негiзделетiнiн, түбiр табиғатын тереңiрек тани түсу үшiн моносиллабтардың сыртқы тұлғасы мен iшкi мазмұнын сабақтастыра қарастырудың қажеттiлiгiн көрсетiп отыр. Себебi, жалпы лексикалық байлықтың өзегiн құрайтын моносиллабтар адамзат өмiрiндегi тiлдiң маңызын айқындайтын сан қырлы руханифункционалдық сапаны қамтамасыз ететiн лингвоонтологиялық құрылым. Үнемi даму үстiнде болатын тiлдiк жүйенiң өзгермелi, икемдi табиғаты моносиллабтардың құрылымдық модельдерiнiң даму бағытымен, оның құрамындағы фоно-корреляттардың өзара сəйкестiк түзу мүмкiндiгiмен, таралу аясымен, фоно-морфологиялық, фоно-семантикалық, идеофондық, идеосегменттiк қырларымен сипатталады. Түркілік түбірдің табиғаты күрделі болғандықтан, бұл категория лингвистикамен ұштасатын басқа да ғылымдар тоғысында кешенді зерттеудің ерекше амал-тəсілдерін қажет етеді.

 

  1. Юнусалиев Б.М. Киргизская лексикология: Развитие корневых слов. Ч. І. –Фрунзе: Киргиз уч.педгиз. -320 с.
  2. Хасенова А. Етiстiктiң лексика-грамматикалық сипаты.–Алматы: Ғылым, 1971. -306 б.
  3. Томанов М. Тiл тарихы туралы зерттеулер. –Алматы:Ғылым, 2002. -614 б.
  4. Кайдаров А.Т. Структура односложных корней и основ в казахском языке. –Алма-Ата: Наука, 1986. –323 с.
  5. Кажыбеков Е.З. Глагольно-именная корреляция гомогенных корней в тюркских языках. –Алма-Ата: Наука, 1986. –270 с.
  6. Кажибеков Е.З. Семантика тюркского слова. Проблемы межуревневой сопряженности. Автореф. дисс... докт.филол.наук. – Алма-Ата, 1988. –63 с.
  7. Сағындықов Б. Қазақ тiлi лексикасы дамуының этимологиялық негiздерi. –Алматы: Санат, 1994. -166 б.
  8. Сағындықұлы Б. Түбiртек – тiлдiк бөлшек // Қазiргi заманғы түркология: теориясы, практикасы жəне алдағы мiндеттерi. Екiншi халықаралық түркология конгресi. I б. –Түркiстан: Тұран, 2006. -199-205 бб.
Жыл: 2010
Қала: Алматы
Категория: Филология