М. Мақатаевтың «Шекарада» және «Бала шақтан – болашаққа» поэмаларындағы күрескерлік рух

М. Мақатаевтың «Шекарада» поэмасы бес бөлімнен тұрады. Поэманың негізгі тақырыбы-ерлікпен қаза тапқан шекарашы солдаттың ұрпағы, яғни баласының тағдырымен тоғысуы. Негізгі идеясы шекарашы ерлігі мен есімінің өшпегені, ұрпақ жалғастығының тапқандығы.

«Шекарада» поэмасының кіріспесінде бақытының тас қамалын тапқан шекарашының Отанына деген ерекше сезімі «Шекара» деп аталатын сызықтың тыныштығын қайыспай күзетуге бекінген перзент бейнесін танимыз.

Бірінші бөлімінде құдіретті алып қарағайдың өңіріне жазылған қасиетті таңбаның сақталып, мөрге айналғанын асқар тау мен су өзен өмірдің сырын ақтаруды ашық сұрау түрін де жазады. Ақын кәрі шыршаның қабығынан қан ағып сонша егілуінің себебін, аянышты халін білгісі келеді. Кәрі шырша теңселе келіп, сырын ақтарды міне, ақынның сөз өнерінен сурет сала білетін шеберлігі одан әрі таныла бастайды. Соловьев басқа бір жас шыршаға семсерімен есімін жазып жатыр. Екі шыршадағы жазылған есімдерді салыстырып, таңдану күйін:

Көз алмаймын қайтадан шыршадағы таңбадан, Тіл қатпайды ну орман, тіл қатпайды тау маған. Тентек өзен өзінің арнасына аунаған,

Тілсіз мынау есімнің тағдырына таңданам. Тірі ғой деп алданам...

Тірі ғой деп алданам...

Үңілемін жазуға,телміремін шыршаға,

Неге асығыс қып-қысқа қалдырады екен мұншама?! Әлде мынау ну орман жатыр ма екен тұмшалап?!

Осы-өлкеде мәңгілік қалма ма екен бишара?! 

деп суреттейді.

Жас шыршада, жауынгер,тұрсын солай есімің, Туған жерде есімің қалса,оның несі мін:

Ерлік жоқ деп ешкім де айта алмайды осы күн, Ерлік – сенің несібің,

Ерлік – менің несібім.

Несібіме ешкімнің маңытпаймын кесірін! [1, 44] – деп келе, «Ерлік» деген ұғымды биікке шығарып, көңілде қауіп деген бір алаңдаушылық барлығын сезіндіре отырып, оқырманды өзімен бірге ширықтыра түседі.

Екінші бөлімде «Дабыл» қағылған шақта Отанның қайсар ұлға зәрулігін көрсетіп, бауырлар жатқан молада жаңа бүр жарған қызғалдақты шекарашылар қауымына қабылдап, дабылдан кейінгі жүрек күйін шертеді. Дабыл үнімен болашаққа солдатты аттандырады.

Келесі, «Босқындар» бөлімінен соғыстан кейінгі Отанын тастап, босып кеткен адамдардың тағдырын, дәл осы сәттегі жан үшін, бір үзім нан үшін, беліне намысын түйген қасірет шеккендерді байғұс ретінде әдемі суреттейді:

Тұра алмай туған жерінде, Қасірет шеккен байғұстар. Қалдырды сызат көңілде, Ғасырда мына айға ұшқан. Табына-табына «көсемге» Үміттің оты сөнген бе?!

Жаралы жандар дос елге, Жақсылық іздеп келген бе?! [1, 46].

Солдаттарды «Сабантойға» әкелген ақын «Алтын күздегі» әдемі дәстүрге жастық шақ алауын маздатқан қыздардың жырақта жүрген солдаттың көңілсіз күйін тілге тиек етеді. Соңғы «Саша Соловьев» атты бөлімінде Сашаның мемлекет алдындағы азаматтық парызының аяқталып, жүрген жерлерін соңғы рет аралап жүргендегі күрсінісінің себебіне шыршадағы есім кінәлі екенін анықтайды. Сол себепті енді перзенттік парызының алдындағы қарызын борыш санаған Сашаның сол өңірден кете алмай, тіпті анасын да әкеліп, біржола қалатындығымен аяқталады.

Қорыта айтқанда, «Мұқағали – біздің заманымыздың поэзия дүниесіндегі құбылыс. Мұқағали поэзиясы – азаматтық пен адамгершіліктің симфониясы. Мұқағали жырлары – тіршілік тамырындай өміршең, мәңгі жырлар» [2, 21] – деп айтқан Ф.Оңғарсынованың пікірін келтіргенді жөн көрдік.

М. Мақатаевтың аталмыш поэмасы төл туындыларының ішіндегі ең көлемдісі. Поэманың өмірдастан деп телінуі бекер емес болар. Оны поэманың «Бесік балағындағы жылан» деп аталытын алғашқы бөліміндегі бесігіне өрмелеген жыланның өзіне жау емес екендігін сезгендігі, бірінше рет улы тістердің жұта алмағандығы, қарашұбар жыланды түсінде жиі көруі, Мұқағалидың өзінің өткен өмір өткелдерін жырлауға итермелеген сияқты. Келесі бөлімі ақын дұшпаны келіп қорғаныш тапқан аспаны мен жұпар даласы қорғаштаған сәбидің Жер-Ана мәңгі жөргегінен көзін ашып көргені аспан болады. Шалқасынан ақ бесікке жатқызып, Алып Жер перзентіне аспанды көр деп арқасынан көтеріп, жұмбақ көкжиектің шегінің белгісіздігін шешуге ұмтылдырады. Аспаннан түннің түнегін, күннің жарығын, атқан таңның сәулесінен тіршіліктің бәрінің нәр алатынын: оның ішінде сағымның елесінен бидай, тары түйірі тірілетінін, жанарына жас тұнған көлдер құстардың жолын аспанға қарап танитын, ең ақыры жеті қазына бірі иттің қамыққан сәтте аспанға қарап ұлитынын тамсана әсерлейді. Адам баласы аспанға қарап дүниеге келеді, аспанға қарап дүниеден өтеді, алайда аспанның шексіздік жұмбағын шеше алмайды [3, 169].

Енді ақын Адам Ата болып асқақтайды. Ойдағы таза көңілін бойдағы балғын сезімінің кіршіксіз кезеңін дәл Адам Ата мен Хауа Ананы Алланың үрлеп жан салған таза кезеңіне теңейді. Бұнда бұрынғы алдым-жұлдым асыр салған балалық шақтың белгісіз бір сезімдерге берілетін жастық шақпен алмасқан өмір белесінің басталғанынан хабардар етеді. Яғни, қыз бенен ұлдың жер мен көктей айырмашылығы байқала бастайды, бірақ сол жер мен көктің де жақындасатынын өздері де түсінбейді.

Адам Ата мен Хауа Ана туралы аңыздағы істеген күнәнің бал шарабы балбыратып мазасын кетіреді, ол табиғат заңдылығының ұлылығын танытады. Пәктікке, кіршіксіздікке, тазалыққа қарсы шыққан от боп бара жатқан сезім жетегіне еріп кетеді. Керемет сезімді суға балап, су мен жалын бірін-бірі тауып бірі суыта алмай, бірі жылыта алмай Ақ жалын боп нөсер Ақ айдында жалын мен су арпалыса келе басылады. Хор қызы судан шығып мөлдір моншақтары жағаға шашылған сәтте жалынның жуасыған сәті көрінеді. Міне, ақынның жастық шақтың ыстық лебі адамды өртеп жіберетіндей қасиеті барлығын танытуы сөз жетпейтін суреттеу десе болады. Бұл «Адам Ата және Хауа Ана» бөлімі.

Төртінші бөлімі «Шаруа һәм жауынгер». Ақын санасы қарапайым шаруа мен қару алған жауынгер ұғымдарының бәрі адам бейнесіне тоғысқанымен келіспейді. Себебі, өз қолын орақпен кесіп алғанда өз қанынан шошынатын жаны жайсаң шаруа адамға қару кезене алмайды. Ол тіпті үйінде малды да бауыздап көрмеген жан.

Міне, ақиық ақын орақпен адал еңбектің дәмін татқан шаруаны тозақ отына жанып бара жатса, қарлығаш болып су сеуіп құтқарады. Мейлі оны жүз жерден елі ерлігі үшін мақтаса да...

Адаммен тілдесуге құмар, аңғал еңбекқордың «арманына жау қол сұққан соң ғана амалсыздан өлтіруді үйренеді»,деген қағидамен көңілін аулап, ақын бауырлар моласында жатқан солдаттар басына мәңгілікке ескерткіш ретінде шаруаның орақ пен балғасы тұрған молаға ғана табынады. Бұнда соғысқа лағынет айтып, құрбандықсыз қан майданның болуы мүмкін емес екенімен келісіп, жазықсыз еңбек адамдарының құрбан болғанын өкіне тіліне тиек етеді.

Ары қарай зұлымдық айнасы соғыстың халыққа әкелген ащы зардабы туралы «Менен сұра» бөлімінде жырлайды. Бұл бөлімді оқып отырып жаның түршігеді, халықпен бірге күйзелесің. Соғыс кезіндегі соғысты көрмеген ұрпақтың бесік жыры аналар мен жарлардың зары болғандығы, жараға тұз себеді. Әлемдегі ауа, жарық-бәрі адамзат баласына ортақ, ендеше неге қан төгіссіз қара жердің сәні кірмейді, соғыс деген сөз ескі, қартайған ұғымды тау да, тас та, адам да қарғаса та тыныш жатқан елге бір ел неге соқтығысады? Ұлы ұлт болмайды,сонымен қатар кіші ұлт та жоқ, адамдардан құралған халық бар. Сол халықтың ұлылығы соғыспен танылмайды, еңбекпен танылады. Осының бәрін адамзат қауымы біле тұра неге қара жер қойны соғыс ажалына тоймайды? Ақын бүкіл қарапайым адамзат санасын жылдар бойы, ғасырлар бойы қиналған сауалдарға жауап іздейді.

Ары қарай жоғарыдағы іспеттес идеясын үндеуді «Дариға-жүрек» тарауының үш бөлімінде де танытады. «Аққудай еді» – жеңгесінің дарын соғысқа жібергендегі көңіл-күйі, сағына шөлдеген жүрегі жарын шақырса да келмегені әдемі жырланады [3, 176].

Жалған сол жеңгесінің ар алдындағы парызынан аттаған сұмдығын көргенінен басталады. Табиғаттың сұлулығын құмарпаздықтың лаулағанын көрсетіп, ақын жаны шарқ ұрып, жүрегі снаряд боп атылардай аузына тығылады. Ақын аққудай жеңгесін киелі аққудай тарантып келіп, сөзден өрім өріп, сол өрімді пышақпен шорт кескендей әнін де жексұрын, аққуды да құмайға айналдырып өмірдің сұрқия ақиқатына сүңгітіп жібереді. Жеңгесіне сүйсінтіп, енді жиіркендіреді. Дүниенің жалғаннан жаратылатын қорлығына табиғат қана шыдай алатынын тау жаңғырығына қайталайды. Керемет емес пе? Бірақ, бұнымен тоқтамай «Намыс пен Музада» Дариға-жүрек өз үкімін өзі кеседі. Жерік болған жеңгесі намыс отының күйігіне шыдай алмай құзар жартастан орамалын бұлғап, көк көйлектің қалықтап құлап бара жатқаны-ақындар муза деген ғибратын періште етіп жырлайтын өмірге дариға-жүрек үні нар, жыры бал тамаша ақынын сыйлап кетті. Ол – оқырманын жүрегінен шыққан жырымен әлдилей алатын Мұқағали ақын «Қанаттарым менің» бөлімін соғыс құрбандарының жанұяларына арнайды. Жау қаншама жақсы адамнан айырса да, әкесін, атын атса да қанатын-халқын ата алмады. Болашаққа сол Атамекен, Ақ бас халқы аталатын қанаттарымен самғайды.

Соңғы бөлімі «Атамекен» деп аталады. Ақын шеберлігінің шарықтау шыңы-осы. Өз туған мекенінің әр тасын, әр қырын, әр жотасын, әр белесін, әр белін, әр тауын, әр бұлағын сөйлетіп тіл бітіріп сөйлету мақсатын басшылыққа алған сияқты. Әжесінің әнімен таулары қозғалып, аспан боз даламен көріседі. Бауырлар моласынан әкесі Атамекенге қол созады. Бір уыс топырағы бұйырмаған ұланына туған дала жапырағы тіл қатады. Сөйтіп, ақын Ұлы даласын сөйлетіп, көкке бозторғай боп самғап жерге түспей шырылдайды. Сондағы айтпағы туған жер топырағын басып тұрып, көкірегіне қатырған туған жер тасы-туған жерге деген сарқылмас әрі өлшеусіз махаббаты. Махаббаттың шекер балы-оны татып өскен жанның таңдайында-ақ жанында. Осының бәріне көзіңді жеткізіп түрлі сезімдер әсеріне бөлейтін ақын құдіретіне таңқалмас жан болмас, сірә?!

Ақын ниетін, адал пейілін «Әттең, шіркін» өлеңінен де байқауға болады. Қазақтың пейіліндей кең жазира даласы, асқар таулары, бетегейлі белдері, бұлаң қаққан бұлақтар мен сыбдыр қаққан құрақтары, бәрі де, ақынның қазақ даласына деген сағынышын оятады. «Әттең, шіркін, құс болып жаралмадым» деген ақын жырында үлкен арман жатыр. Қазақтың атырабын аралау – ақын арманы. Жайған ақ дастарханынан дәм тату – ниетінің де ақ екендігін білдіреді. Бұл ұлттық қасиетінің көрінісі. Қазақтың кең даласын құсша еркіндікте шарлай ұшып аралау-ақын қиялы. Қазақ халқының ұлттық мінезінде құс сияқты еркіндік қасиет бар. Ақын осы көріністі өлең жолында нәзік сезімталдықпен жеткізе білген [4, 134].

Халқына қадірлі ақынның әр сөзінің астарында жатқан асыл жақұттарын маржандай тере, тереңіне бойлап, тебірене, емірене жазған жырларының мән-маңызын түсініп, көңілге тоқып, жан дүниемізді байыта түссек қана ұлттық ой-санамыз, өреміз толыса түсетінін жадымызда ұстайық.

 

Әдебиеттер

  1. Мақатаев. М. Шығармалары. – Алматы, 2001. – 319 б. – 44-46 бб.
  2. Қазанбаева А. М.Мақатаев лирикасының лингвистикалық табиғаты. – Алматы: Қазақ университеті, 2003. – 149 б. – 21 б.
  3. Мақатаев М. Жырлайды жүрек. – Алматы, 1989. – 496 б. – 169-176 бб.
  4. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы, 1982. – 365 б. – 134 б.
Жыл: 2015
Қала: Алматы
Категория: Филология
loading...