Елдіктің жыршысы

Артынды аса мол мұра қалдырған ақындардың бірі Ақыт Үлімжіұлы Қарымсақов (1868-1940). Ол Алтай аймағы, Көктоғай ауданының Қайырты деген жерінде дүниеге келген.

Ақыт – өз заманының көрнекті ақыны ғана емес, әрі қоғам қайраткері. Ол өлеңді қоғамдық қару-құрал ете отырып, қалың қауым-халқының қамын жырлады. Алдымен заман – дәуір келбеті, ұлт – халық тағдыры оның ойын онға бөлді. Басқаның басқаруына кіріптар болған елінің ертеңі не болмақ, күрмеуі көп шішімдерді қалай шешуге болады? Ақынды «басынан билігі кеткен» елінің мүшкіл халі ойлантады. Алғашқы өлеңдерінің бірін «Замананы сөйлейін» (1886) деп атауының өзі тегін емес. Өлең өірімі – бодандыққа қарсылық.

Береке кетті асыңнан, Билік кетті басыңнан. Жылағанмен не пайда Көзден аққан жасыңнан. Алманға малың бересің, Зорлыққа шыдап көнесің, Тай көкірек бозбала Шерлі болып өлесің.

Бұл жолдар бодындық бұғауына ілінген халық қайғы-зарындай естіледі. Еркіндігі жоқ, еңсесі төмен, болашағы бұлыңғыр елінің тағдырына алаңдайды. Шынымен-ақ «алаштың тіккен ордасы жығыла ма?». Ақын әлде бір сәуле-саңлауды іздейді. Қайткенде елдікті сақтауға болады. Алма-кезек ауысқан екі ұдай сезім. «Қай қонысқа барайық, боламыз қандай халайық?». Қайда барса Қорқыттың көрі екінін ұғады, сезеді. Орыс па, әлде қытай ма? Қай қоныс-мекеннен тиянақ, тұрлау таппақ.

Ол тұйықтан шығудың жолын таппай шарасыздық танытады. Тәуелсіз ел болмай басқаға бағынышты болу қазақ халқының қасіреті деп ұғады. Тар заманның тауқыметін тартқан халқының халіне қамығады. «Өр көңілі жасиды, көкірегі ашиды». Бұрынғыдай еркіндік жоқ, заман да, заң да өзгерген. Өйткені бұл тұста отаршылдық озбырлық қапысын тауып, қанатын кең жая түскен шағы болатын. «Тозғақ толғағында»:

Не тұрып қолға ту алмай, Жауыздық жолын буа алмай.

Кең мекенге сия алмай Тозуға жетті амалым, – деп торығады.

Ақынның көптеген өлең-толғауларында («Қайғамды қазып тербеттім», «Күңіреніп тұрған жер Алтай», «»Зар заман», «Заман келді қырланып», «Асан ата деп еді» т.б.) бодандық заманның әлеуметтік кейіп-қалпының сыр-сипатын ашады. Сонда не істеу керек? Ең алдымен

«досың менен қасыңды ай ыра біл». Сонан соң ел болып қалудың қамын ойла дейді.

Онсызда қазақ елінің Келеді соры арылмай. Қашанда опық жерің сол Дос пен жауды айырмай.

Ақыттың өлең-толғауларында заманның зары ашылады, отарлыққа қарсы наразылық өзекті желі болып тартылады.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында этникалық бір тұтас халық-қазақ халқы екіге бөлінгені белгілі. Үш елдің (Ресей, Қытай, Монғолия) қысым-қыспағында өмір сүруге мәжбүр болды. Бір елдің бірнешеге бөлініп, өз еркі өзінен кеткен қайғы-мұңын «Алтай толғауында»:

Бұлғын, Шіңгіл екі өзен, Аарада бар бір кезең.

Екі жік болды бөлініп

Бірі – Монғол, бірі – Ежен, –

деп ащы шындықты ашып айтады. «Қайран қазағының» бөлінгеніне қамығады. «Аз қазақ өскен екен тарап, тарап, Шүршітке орыспенен кетті қарап». Жатқа жалтаңдау – халық басындағы ауыр қайғы. Сондықтан еркіндік алмай, елдіктің де болмайтынын ұғындырады, көптің санасын оятуды мақсат етеді.

Бір ұлттық бірнешеге бөліп, ара жігін ашу зымиян саясаттың аса қауіпті айла-амалының бірі болатын. Осы арқылы айтқанына көніп, айдағанына жүретін тобырға айналдыруды мақсат етті. Жақынның жатбауыр болуы ел басындағы қайғы, іштегі дерті еді. Ата қонысы мен халқының тағдырына алаңдаған перзенттік сезімі шерлі сарындай естіледі. Ақыт қазақ атты халқына қайырыла сөйлеп, елінің ертеңіне алаңдайды. Билік пен бірліктің қолдан кеткеніне өкіне отырып, соны әр қазақтың санасына жеткізуге ұмтылады. Азаматтық сезімін оятып, «ежелгі жаудың ел болайтынына» ұғындыруға күш салады. Қазақ қоғамының мешеулігін, мал соңындағы парықсыз тірлігін сынайды. «Ұйқыдан көтер басыңды» деп ұлт болып ұйыған елдік тұтастықты, дербестікті тұғыр етуге шақырады. [1, 46].

Жер мен судың тарылуы, өз еркі өзінде болмай, бағыныштылық тақсіретін тарту, басқа ға кіріптар болу – осының бәрі халықтың орны толмас өкініші болатын. Ақын екі империяның ұсынған саяси бағыт-бағдарын терең сезіне білген. Сондықтан қаламын қару еткен ол халқының құлақ кесті құл болуына қарсы үн көтереді.

Түсінгендер бар ма екен, Замананың заңына Өрісіңді өрт шалып, Қонысың тұр тарыла, – деп қамығады. Бұл – шарасыз шақтың шындығы. Ақын ел еркіндігінің жоқшысы ретінде көрінеді. Шыншылдық пен сыншылдыққа суарылған оның қай туындысын оқысақ та әлеуметтік әуен басым. Ол – отарлық озбырлықтың сырын жете ұғынған ақын. Ақыт ұлылығының бір сыры осында болса керек.

Ақыт Ресей мен Қытай арасында «балтаның сабындай қысылып» өмір сүрген елінің марғаубейғам тірлігіне күйінеді. Тарылған жеріне, талауға түскен еліне қабырғасы қайысады. Қанды қақпаннан құтылуды ойлайды. Ерікті ел болуды аңсаған ақын сол тұстағы елдің қоғамдық-саяси өміріндегі оқиғаларға бейжай қарамайды. Басынан тайған бағын, өктемнен сынған сағын көре білді, сезе білді.

Әр тарапқа тор жайып, Уысын ашып қол жайып, Алуға кәпір қамданды, – деп өз ойын күлбілтелемей ашық айтады. Көпке ой салады, Қажырлы қимылға шақырады. Ол ел тағдыры үшін үнемі алаңдап арпалысады. Елдің тұтастығын, еркіндігін жырлауды парыз санайды. Замананың заңын түсінуге, «өрт шалған өрісті, тарылған қонысты» ойлауға үндейді. Жаңа өмір, басқа тірлік жасау керектігін айтып, ұлт намысын көтерудің жолын іздеді. Сөйтіп, ол елдіктің жыршысы, еркіндіктің жоқшысы бола білген тұғырлы тұлғаға айналды.

Ақын өз шығармаларында қоғамдық-әлеуметтік мәнді мәселелерді батыл көтеріп отырды. Бірде шын айтты, бірде сын айтты. Қалай айтса да оны ала бөтен толғандырған – ұлт тағдыры. Оның көп өлең-толғауларында осы сарын үзілмейтін жібек жіптей арқау тартады. «Естімей таң азанын, көрмей дүние базарын, тарттың дүние азабын, қайран елім, қазағым!». Міне ақын жүрегінің лүпілі осылай соғады. Қайран елі – қазағының қарпуы жетпей жатқан халіне налиды. Басқадан басы неге төмен, елдіктің тізгінін кім ұстау керек дейтін мәселе төңірегінде терең толғанады. Алайда бір нәрсенің басы ашық. Ол мал бағу мен бұйғы тірліктің заманы өткен. «Баяғыдай болмайды, хан тағына қонбайды». Енді қайту керек, күңірену мен күн кешу керек пе? Жоқ, қайта халықтың намысын шыңдап санасына саңлау түсіріп, шырғалаңнан шығудың амалын іздейді.

Басқаға басыбайлы болған, ауыр заманның өктемдігіне ұшыраған халықтың бір жерде тұрақтап тұруы да оңай болмайды. Бостандық бос сөз болғандықтан кейде «тұрымтай тұсына, балапан басына» кетеді. Осындай аумалы төкпелі заманда Ақыт халықтың бірнешеге бөлшектенген қайғы-мұңын алғаш рет батыл айтып, ұлттық бірлікті жырлаған ақын болды. Ақын заман зарын дөп басады. Ішкі-сыртқы қорлық-зомбылықтар мен тарихи кезең көріністерін бар бедербелгісімен шынайы бейнелейді.

Шыңжаң қазақтары жазба әдебиетінің туыпдамуына үлкен үлес қосқан ақын саяси еркіндігі жоқ заманға разы болмады. Тәуелсіздігі жоқ елінің ауыр жағдайына күйінген ол «заман шайқалды» деп ұқты. Заманға деген наразылық жеке бастың қам-қаракетінен туған жоқ. Бұл – бүкіл жұрттың мұң-наласы еді. Осы тараптан келгенде Ақыт шығармаларындағы мұндай сарынның түп тамырын тереңде жатқандай көрінеді. Арыдағы Асан мен Қазтуғанды айтпағанда, берідегі Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір секілді зар заман ақындарының шығармаларымен үндесетін тұстары бар. «Зар заман» толғауында:

Ей, зар заман, зар заман, Зарлатып өткен тар заман. 

деп налуы Шортанбайдың белгілі «Зар заманын» еске салады. Ол бодан болған заман нышандарын санамалап көрсетсе, Ақыт «Кеңес құрдым азырақ» деген өлеңінде:

Тозған заман тұсында, Сарысу деген ас болар, Ішетіндер мас болар. Шынаяғы тас болар, Ұры-залым тентектер, Ауылына бас болар –

деп тозған заман белгілерін айтады.

Еркіндігі жоқ елдің бұрыннан келе жатқан моральдық-этикалық нормалары мен әдет-ғұрыптардың өзгеріске ұшырап тозғындағаны рас еді. Тіпті азып-тозудың бір белгісі табиғаттан да байқалатын. Шортанбай:

Шөп сұйылды жердегі, Құс таусылды көлдегі, –

деп мәлімдесе, Ақыт:

Шалқар көлің суалды, Дала жерлер қуарды, – дейді. Ой – біреу-ақ, ата мекеннің азып-тозуы. Отарлық билік үстемдік еткен заманның қай-

шылығы Ақыт өлең-толғауларынан мол көрініс тапқан. Уақыт өткен сайын халықтың тұрмыскүйі ауырлай береді. Заманның қысым-қиянаты мен халықтың қайғы-қасіретін ақын әр қыранан алып жырлайды. Халықтың қадір тұтқан әдетсалты мен адам болмысының бұзылуы ақын жанын жегідей жейді, әрі өлең өріміне айналып отырады.

Заманның жайын мен айтсам, Патшаның кетті қуаты.

Бидің ылай суаты, Жақсының тозды мұраты. Пенденің кетті ұяты, Байдан қайыр жоғалып Жат болып кетті жұраты, – деген жолдар ақын ойының түйін-тұжырымындай естіледі. Ақын әлеуметтік тәуелсіздікті теңсіздікті, адам құлқының бұзылуын көрегендікпен аңғара білді. Жалғандық-жамандықты қатты сынға алды.

Ақын неге түңіледі, неден түңіледі? Себебі «жақсының тозды мұраты, пенденің кетті ұяты. Иманды көбі білмейді, түзу жолмен жүрмейді».

Адамдардың психологиясы өзгерген. Елде ерік жоқ, халықтың қанағаты мен нысабы азайған. Мұның бәрін отарлық озбырлықтың кеселі ретінде таниды. Қасиетті шындықтың өңі айналып, болашақ бұлыңғыр тартқан. Осының бәрін халықтың қайғысына балап, санасына сілкініс жасауға ұмтылады, азаттықты арман етіп көтереді. Ақынның ұлттық рухты оятатын мұндай туындыларының мәні зор.

Отарлаушылар бағынышты халықтың рухани тірегі – діннен айыруды әуел бастан-ақ нысанаға алған. Сондықтан ислам дінін теріс түсіндіру өздерінің зымияндық саясатын бүркемелеудің бір амал-айласы еді. Сенімнен айрылған адам – азған адам. Ешнәрсеге сенбеген, ештемеден қорықпаған адамнан бәрін күтуге болады. Кезінде діннің адалдыққа бастар тәлім-талғамына мән берілгені былай тұрсын мүлде теріс түсіндірілді. Осыған қарамастан діни сарын арысы түркі, берісі қазақ әдебиетінің түрлі дәуірінде тұтас бір желі тартқанын көреміз. Осы ерекшелік Ақыт мұрасына да тән. Ақын ислам дініне шын ықыласымен көңіл бөліп, адамдардан рухани тазалықты талап етеді.

Аз тіршілік заманда, Ислам жолын танып қал Алламыз – бір, құран-шын

Пайғамбар – хақ наным қал.

Ақын «аз тіршілік заманда» деп дүниенің өтпелілігін еске салады да, ислам жолын тануға шақырады. Мұсылмандық парызыңды біл дейді. Ол Алланың бірлігіне (жалғыздығына), құранның шындығына, пайғамбардық хақтығына сену керек. Ислам діні адамдарды әділдік пен қайырымдылыққа, тазалық пен бауырмалдыққа бастайды деп біледі. Ақыт дін туралы жалаң уағыз айтпайды. Оны адамгершілік негіздерімен, өнер-ғылыммен ұштастыра жырлайды. Өйткені ақын сөзі көптің санасына, жүрегіне жетуі керек. Әлеуметтік кеселдерден, теріс әрекеттерден қалай сақтандыруға болады дейтін мәселені шешуде, сөз жоқ, дінді тірек етеді. Енді бірде:

Ғылымнан, сірә, таймаңыз, Дінге басты байлаңыз.

Харам жолға айналып Сауап жолын шаймаңыз, –

дейді.

Бұл арада дінді ғылыммен байланысты қарайды. Ақын ислам дінінің ғылымға негізделген дін екенін дұрыс аңғарған «Ол өзінен бұрынғы діндердің адамзатқа ортақ пайдалы жақтарын жинақтаған қортынды дін, ғылыми дін. Ғылым үйрену исламның зор парызы болып саналады» (Машанов А. Әл-Фараби және Абай. – Алматы, 1994, 177). Өзі қажыға барған, қазылық еткен Ақыт бүкіл ғалам сырын бойына сіңірген ислам дінінің шарттары мен мұсылманшылық парыз адамдарды игі істерге, орнықты мінез-қалыпқа тәрбиелейтінін білгендіктен, ақын ислам дінінің бес парызын (иман, намаз, ораза, зекет, қажылық) өтеп отыруға үндейді. Ақыт өзінің шығармаларында діннің түрлі қағида-шарттарына үнемі көңіл аударып отырған. Себебі ол адамдардың құлқын түзетіп, ата-бабадан келе жатқан нанымсалттан айырылып қалмауды ойлаған [2, 84].

Ақыт «Сөз жазайын әргептен», «Ғарып Ақыт жазар кеңес», «Өтер дүние аялсыз» т.б. өлеңдерінде шариғаттың мақұл көрген істерін сақтауды уағыз етеді. Барлық пен байлыққа, тақ пен тәжге, мал мен мансапқа алданып асқақтама, нәпсіңды тый дейді. Ар тазалығын, жан тазалығын сақтауды талап етеді. Он сегіз мың ғаламның сырын ұғып білім үйрен, көкірек көзің ашық, көңілін таза болсын деп насихат айтады. Ақынның дінді насихаттаудағы мақсаты не? Жатқа жалтаңкөздік артқан тұста ұлттық бірлік-елдікті нығайтуда діннің маңызы зор. Екіншіден, дін құлшылық етумен ғана шектелмейді. Бүкіл дүние-жаратылыс, өмір-тіршілікпен сабақтасып жатқан оның қыры мен сыры терең де ауқымды. Сондықтан ақын өзінің ағартушылық идеясын дін арқылы да насихат етуді жөн көрген.

Әуел бастан гуманистік-ағартушылық бағыт ұстанған ақын дінге ықыласпен қарап, адамдарды ізгі ниеттен айырмайтын дін жолы деген ой түйеді. Бодандық халық өміріне тереңдей сіңіп, адамдардың пиғыл-ниеті, мінез-құлқы өзгеріп, береке-бірлік кете бастаған тұста Ақыттың діни тақырыпқа жазған мақалалары ерекше болды. Ол – ислам дінінің шарт-қағидаларын жүйелі жырлаған діни ағартушы. Оның бірсыпыра шығармаларының өзек-өрімі имандылық-адамгершілікті насихат ету болып келеді. Ақын шығармаларында өз заманының бар шындығы кеңінен қамтылады. Туған халқы өнер-ғылымды игерген озық ел қатарына жетуі керек. Оған жеткізетін күш–қуат та, ел байлығы мен бақыты да білімғылымда деген тоқтамға келеді. «Ой, жүрек білімменен суарылса» ғана көптің көзі ашылады, санасы оянады, игілікке қолы жетеді. Ақыт елдің бірлігі тірлікке кепіл деп есептейді.

Жұмырланған жұм елдің, Аман жүрер жағасы.

Берекесіз сұм елдің Халқын байқап қарашы. Ойлап тұрсаң жазылмас Қайғылы жүрек жарасы, –

дейді.

Ақынның жүрек жарасы – бірліктің болмауы. Адам баласына да, көп қауымға да қауіпті дерттің бірі – алауыздық екені хақ. Өз ішіндегі талас-тартыс жауға жем етпек. Ақын еңселі ел болып, бостандыққа жетудің бір жолы берекебірлікке байланысты деп түсінеді. Берекесіздікті қазақ қоғамының әлеуметтік дерті ретінде таңбалайды. «Жігерің болса, жігіттер, жігіңді бөліп ашыма» дей келіп, «бір-біріне набайтын, қулық сатып алдайтындарды» шенейді. Ақын қазақ елі мен жерінің тағдырына алаңдайды. Ол өз халқының үлкен жанашыры болғандықтан, оның мұрат-мүддесі үшін аса мәнді әлеуметтік ойлар айтады. Халықтық қасиетке жат, зиянды іс-әрекеттердің бәрін шығармаларында ашық сынады, көпшілікті сақтандырып отырды.

Сыншылдық пен шыншылдықтан туындап жатқан ғибраттылық –ақын поэзиясының басты сипаты. Ол әлеуметтік шындықты шынайы да шырайлы жырласа да, кемістік-кеселді сынаса да түйін-тұжырымнда ғибрат айтады, өнеге-үлгі ұсынады. Халық қамын ойлауға қауқары жоқ пысықайлардың ісін шенеп, қоғам дамуына, ел дербестігіне кедергі келтіретін іс-әрекеттің болмауын талап етеді. Өйткені «Жар астында жауың бар, желемік шықса дауылдар». Үміт арт, сенім жүкте дейді. Бұл – елдік мүдде тұрғысынан айтылған сөз. Сөйтіп ұлттық сана дәрежесіне көтерілген ақын кеңінен толғап, кемлдікке бой ұрды. Басқалармен таразы басын тең басу үшін біліммен қарулану керек екенін дұрыс аңғарған ақын шығармалары арқылы халыққа насихат етеді. «Ал жарандар тыңдай бер» толғауында:

Өнер-ғылым үйреніп, Бұлбұл құстай сайраңдар. Бала оқытар мектеп сап Ағартып елді жайнаңдар! –

деген ұсыныс-тілегін айтады. Ақын нысанасы – білімді жұрт қатарына жету.

Көшпелі өмір салты сақталған сахарада «салынулы қала, оқытулы бала жоғына, соған бастар дана жоғына» ашынады. Өнген топырағы, өскен ортасының білім-ғылымнан кенде қалғанына налиды. Қоғам дамуының, өркениетке жетудің бір шарты адам санасының оянуына, біліммен қарулануына байланысты қарайды. Ақынның кез-келген өлең толғауларынан теңдік пен елдікті аңсаған ақынның жан сыры мен мұндалап тұрады. Оның арманы өнер-білім салтанат құрған ерікті ел болды [3, 253].

Қорыта айтқанда, ақын бейғам халқының қажеттілігін көре білді және тығырықтан шығар жолды нұсқады. Басты шарт ретінде өнер-білімді, адал еңбек-кәсіпті, береке-бірлікті насихат етті. Көп нәрсені көптің өзіне байланысты деп қарады да, ұлағатты ойларын соларға арнады. Сонымен, Ақыт алғашқы шығармаларынан бастап өмірінің соңына дейін ел мен ұлттың қамын үзбей жырлаған ақын.

 

Әдебиеттер

  1. Қамзабекұлы Д. Руханият: (Мақалалар мен зерттеулер). – Алматы: Білім, 1997. – 272 б.
  2. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. – Алматы: Санат, 1994. – 448 б.
  3. Көпбаева М. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. Көмекші оқу құралы. – Шымкент, 2009. – 196 б.
Жыл: 2015
Қала: Алматы
Категория: Филология
loading...