Ұлттық әдебиеттану ғылымындағы әдеби ағымдар мәселесі

ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиетінде түрлі ағымдар көрініс бере бастады. Импрессионизм, символизм, футуризм, натурализм, сентиментализм, экзистенциализм, имаженизм сынды т.б. әдеби құбылыстар қазақ әдебиетінде толық, таза күйінде кездеспесе де, ұшқындары көрініс тапты. Оны біз М. Жұмабаев, Б. Күлеевтердің поэзиясындаға символизмнің, С. Сейфуллиннің шығармаларындағы футуризм, Ж. Аймауытов, Б. Майлин, С. Ерубаев көркем шығармаларындағы натурализм элементтерінің кездесуінен анық байқаймыз.

Натурализм (француздың naturalism; латынның naturalis-табиғи, natura-табиғат) – өмір құбылыстарын табиғи қалпында айтып баяндауды мақсат ететін бейнелеу тәсілі [1, 240]. Қазақ энциклопедиясында – бағыт, әдебиеттану сөздігінде ағым деп берілген натурализм қазақ әдебиетінде әлі күнге дейін нақтыланып болмаған. Орыс әдебиетінде бағыт деп қолданса, ал бізде әдебиет сөздігіне сүйеніп ағым деп қолданылады.

Жалпы ХІХ ғасырдың аяғында Еуропа және ағылшын әдебиеті мен өнерінде пайда болған бағыт. Натурализм өмірді тексеріске, зерттеуге салмай, бар көрген-білгенді тек сол қалпында айтып беруді талап етеді. Бір затты не адамды суреттегенде оның жалпы бейнесін, не қимылын жеріне жеткізе, майда-шүйде, елеусіз тастауға болатын бөлшектеріне дейін жеткізуді мақсат тұтады.

Француз әдебиетінде бұл тәсілді еңгізіп, дұрыс қолдана білген Анатоль Франс, Эмиль Золя болды. Ал неміс әдебиетіндегі натурализмнің тууын ең алғаш байқаған – Теодор Фонтане. Ол неміс әдебиетіндегі ХІХ ғасырдағы белгілі сыншыларының бірі болатын. 1886 жылы туып келе жатқан жаңа мектепті көріп, өздерін театр, газет пен журналдарда кеңінен танытып жатқан жас жазушыларды құшағын жая қарсы алды. Ал Ресейдегі натурализмнің жағдайы қандай екен? Орыс жазушылары Достоевский, Тургенев, Толстой шығармаларында натурализм көрніс тапты. Орыс әдебиетінде «натуралдық мектептің» негізін қалаушы Гоголь, идеялық дем беруші Белинский болған. Натуралдық мектептің орыс әдебиетінде алар орны зор. Орыс натурализмі жан-жақты зерттеліп қомақты еңбектер жазылған. Ал қазақ әдебиетіндегі натурализм әлі толық зерттеле қоймаған құбылыс. Сондықтан да болар бұл ағым жөнінде осы кезге дейін бірде бір еңбек жазылмаған. Кейде сыншы ғалымдардың монографиялары, еңбектерінде шолу түрінде берілгенімен, оны бетке ұстар зерттеу деп айта алмаймыз.

Қазақ әдебиеттану ғылымындағы «Натурализмнің» зерттелу тарихына көз жіберсек, оларда белгілі бір жүйелілік жоқ. Бірде ағым, бірде бағыт болып қолданылады. Белгілі әдебиет зерттеушісі З. Қабдолов натурализмде бағыттық белгілерден гөрі ағымдық ерекшеліктердің басым екенін айтады [2, 343].

Бұл ағым қазақ әдебиетіне қанатын жайып, тамыр тастаған құбылыс емес. Бұның себебі қазақ халқы жалаң табиғаттан гөрі әдемілік, арманқиялға көп берілгендігінен болар. Романтизм халықтың арман-мақсатын, тілек-ниетін білдіріп аңыздар, қиял-ғажайып ертегілер бойынан көрініс берсе, натурализм адам өмірінің жалаң физиологиялық жақтарын көрсетуге талпынып, қазақ әдебиетіне «өзгешелеу» ағым ретінде ене бастады. Тамырын тереңге жая алмағанымен қазақ әдебиетінде натурализм жоқ деуге болмайды. Қазақ баласы тумасынан романтик болғандықтан, романтизм құбылысы ұлттық әдебиетімізге сіңіп, етене жақын болып кетті. Ал натурализмнің жайы бөлек.

Қазақ әдебиетіндегі натурализм туралы елеулі пікір айтқан ғалымдарымыздың қатарына Е. Ысмайлов, М. Қаратаев, Т. Кәкішев, Р. Нұрғалиды, тәуелсіздік кезеңіндегі зерттеуші ғалым Ж. Жарылғаповты т.б. жатқызамыз. С. Жұмағұлов «Сын сардары» еңбегінде осы сыншы ғалымдарымыздың натурализм туралы пікірлерін бір арнаға жинап, сол кезде жазылған мақалалар, қоғам қайраткерлерінің жаңа ағымға деген көзқарастары хақында қысқаша мәлімет береді. Сол кезең тұрғысынан қарастырсақ ғалым ағаларымыздың ой-пікір, көзқарастары кеңестік идеологияның құрсауынан шыға алмағанын байқаймыз. Оны белгілі әдебиетші ғалым академик М. Қаратаевтың мына ой-толғамынан көреміз: «Сәтсіздіктердің үлкен себебінің бірі – адам образын түюдегі жалаңдық, біржақтылық. Мұның арғы атасы натурализм – схема, штамп. Бұл тек сол кезеңнің ғана емес, соңғы онжылдықтың да әдеби даму процесінің дамуына, әдебиет саласының көтерілуіне кедергі жасап келе жатқан шырмау, шикілік» [3, 27] десе, қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынының қалыптасуына үлкен үлес қосқан сыншы-ғалым Е.С. Ысмайылов «Әдебиеттегі формализм мен натурализмге қарсы» мақаласында І. Жансүгіров, С. Мұқанов, Т. Жараков, Ә. Тәжібаев, А.Тоқмағанбетов, Б. Майлин шығармаларында көрініс берген натурализм элементтерін мысалға келтіре отырып, кемшіліктерін батыл сынға алады. Сыншы көркем әдебиеттің дамуына кері әсерін тигізетін бұндай кемшіліктермен, сәтсіздіктермен бітімсіз күресу керек деп өз ойын білдіреді [4, 113]. Ж. Смағұлов «Ұлттық әдебиеттану әлемі» монографиясында Кеңестік әдебиеттану ғылымында сөз болған натурализм, формализм туралы айтысқа қазақ әдебиетші-сыншы ғалымдарымыздың да үн қосқанын айтты. «Қазақ әдебиетіндегі натурализм, формализм туралы Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған пікірталас 1936 жылдың 2 көкегінде басталып үш күнге созылды. Әдеби айтыс дәрежесінде өткен бұл пікірталастағы негізгі ойлар баспасөз бетінде жарық көрді». Алайда, бұл пікірталаста сөйлеген сөздер мен жазылған мақалаларда айтылар ойдың бағыты орыс әдебиетінің ғылымында жасалған тұжырымның төңірегінде өрбіді. Дегенмен, бұл айтыс қазақ әдебиеттану ғылымына әдеби жанр, ағым және көркемдік әдіс, көркем шығармаға теориялық талдау жасап, жетістіктер мен кемшіліктерді саралауда жаңа ізденістер жасауына жол ашты. Әдебиет маркстік-лениндік әдіснаманы басшылыққа алған теорияның заңдылықтарына икемделе бастады да, көркемдік даму, поэтикалық жаңа түр мен келісті ырғақ іздеу, жаңа образ сомдауда социалистік реализмнің талап-тілегін басты бағдарда ұстауға көшті. Осыған байланысты әдебиет теориясының мәселелерін сөз етуді басты назарға алған мақалалар жазылып, олар қазақ әдебиеттану ғылымындағы әдеби-теориялық білімдер системасының толық қалыптасуы жолында өз үлесін қосты деп жазады Ж.Қ. Смағұлов. [5, 207-210] Мұнда кеңестік дәуірде өткен әдеби айтыста ғалымдарымыз орыстың әдебиетші ғалымдарының пікірлерімен келісіп, маркстік-лениндік әдіснаманы басшылыққа алып, солардың сойылын соққанымен, олардың ұлттық әдебиетімізге әдеби-теориялық тұрғыдан баға беруге көшкенін аңғарамыз.

Натурализмге байланысты қазақ әдебиетінде де көптеген мақалалар жазылды. Мысалы; «Қазақ әдебиеті» газетіндегі «Қазақ әдебиетіндегі формализм, натурализм туралы айтыс» (1936, №15), Қ.Қуанышұлының «Маяковский творчествосы және қазақ әдебиетіндегі формализм мен натурализмге қарсы» (1936, №18), «Социалды Қазақстан» газетіндегі Е. Ысмайыловтың «Әдебиетіміздегі формализм мен натурализмге қарсы» (1936, №78), «Әдебиетіміздегі натурализм» (1936, №80) секілді мақалаларда ұлттық әдебиетте натурализм басты кемшілік болып отыр деп шешеді [5, 208-209].

Е. Ысмайылов «Сын және шығарма» еңбегінде бірталай ақын-жазушы шығармаларына тоқталған. Олар; А.Тоқмағанбетовтың «Берлин көшесінде», Сталиндік маршрут», «Уборщица» сынды поэмаларын талдай отырып «Асқар поэмаларының кемшіліктері қайсы?» деген сауалға өзінше жауап берді. «Асқар поэмаларын да нақты сюжет, заңды шебер композиция болмайды, оның шығармалары көбіне схемалы, қисынсыз оқиғалардың, хроникалардың негізінде жазылады. Асқар поэмаларында адам образдары жасалмайды, адамның мінезі, жан сезімі дегенді бермейді, берсе де үстірт көрсетеді. Нақты дараланған адам образдары көрінбейді, тек адам өміріне байланысты сыртқы әрекет суреттері ғана берілген» – деп өз қорытындысын жасайды [4, 255]. Келесі «Ақын және ревролюция» монографиясында сыншы С. Сейфуллин шығармашылығына көрнекті орын берді. Сондайақ «І. Жансүгіров «Заводта», «Алтын қазан», «Қуат», Сәбит «Балқаш», «Көмір коммунизмі», Тайыр «Мотор жыры», «Бес жылдықтың балғасы», Әбділда «Олқылық», Өтебай «Қара алтын» т.б. шығармаларын Е. Ысмайылов аталғандардың көбі өндірістік машинаның сырт көрінісін ғана болмаса, адам образын, жұмысшының еңбек сезімдерін поэзия тілімен ашып бере алмаған шығарма деп бағалады [6, 201].

Ал бүгінгі тұстағы ұлттық әдебиетімізде ғалымдардың натурализм туралы жаңа зерттеулері жарық көруде. Бұл еңбектерден натурализм кеңестік дәуірде біржақты зерттелгенін байқаймыз. Мысалы әдебиетші ғалым Ж.Ж. Жарылғапов «Қазақ прозасы: ағымдар мен әдістер» монографиясында натурализмді ағым ретінде мойындайтын уақыттың жеткендігі туралы айтады. «Әдебиеттануымызда әлі дұрыс бағасын ала алмай жүрген, көбінесе көркемсіздік пен талғамсыздық ұғымдарымен қатар пайдаланылып келген натурализм тенденциялары, адам образын натуралистік бейнелеу құралдары арқылы жасау ұлттық прозамызға жат болған жоқ. Адам тұлғасына биологиялық тұрғыдан үңілу, тұрмыстық детальдарға аса үлкен мән беру, ол детальдардың аллегориялық астарын пайдалану, тілдің түсініктілігімен шынайылығын қатаң қадағалау, сол арқылы шығарманың публицистикалық мазмұнын арттыру, әсіресе, Б. Майлиннің бірқатар әңгімелерінде, С. Ерубаевтің, Ж. Аймауытовтың образ сомдау тәсілдерінде ұтымды пайдаланылғанын аңғаруға болады. Демек, қазақ прозасындағы реализмнің жетілу жолында натурализмнің орнын мүлде жоққа шығаруға болмайды, қайта реалистік прозаға барар жолдағы сан қилы ізденістердің бірі деп таныған абзал. Натурализм прозамыздағы очерк жанрының пайда болуына ықпал жасады. Бұл сол шақтағы қазақ қаламгерлерінің публицистік қызметімен де тікелей байланысты. Қара сөз өнерімізде сәл кейін туған документалды және өндірістік романдардың пайда болуының негізінде де натуралистік бейнелеу ұстанымдары жатыр. Сондықтан натурализмді тек регрестік сипаттағы құбылыс деп қарауды шектейтін уақыт жеткен сыңайлы» – дейді Ж. Жарылғапов [7, 311-312].

Натурализмді өткен ғасырда көркем шығарманың нәрін кетіретін, әдебиеттің көркемдігін жоятын бағыт, ұлттық прозамызға жат деп келген болсақ, бүгінгі таңда жаңаша көзқараспен қарауымыз қажет. Натурализм – қатаң бұрмаланып көрсетілетін шындық деп ойлаймыз. Ж. Жарылғапов натурализмнің идеялық-көркемдік қырларының бірнеше элементтерін ашып көрсете отырып, ХХ ғасырдың басында натурализмның қазақ прозасына белгілі бір дәрежеде әсері болғанын, оны белгілі қаламгерлер Ж. Аймауытов, С. Ерубаев, Б. Майлиннің шығармаларын ғылыми тұрғыдан талдап, дәлелдеп берді.

ХІХ ғасырда бастау алған әлемдік әдебиеттегі «натурализм» ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ прозасында да көрініс берді. Қазақ прозасында натуралистік ағымның әдеби-эстетикалық принциптері көлемді шығармаларда да байқалды. Ғалым ағамыздың еңбегінде М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесіндегі натурализмнің ұшқындары туралы мағлұматтар кездестірмедік және белгілі «Мағжантанушы» Ш. Елеукенов бұл әңгімені психологиялық тұрғыдан жан-жақты түсіндіріп, әрі реалистік шығарма деп көрсеткенімен натурализм жайлы айтпаған. Дегенмен, әңгімедегі натурализмды қарастыру ғалымның міндетіне жатпауыда мүмкін. Бірақ бұл шығармадан натурализм элементтерінің бар екенін көре аламыз. Оған тадау барысында көз жеткіземіз. Сол кездегі көптеген көркем шығармалардың тууына қоғамдағы әйел тағдыры түрткі болды. М. Жұмабаев бұл тақырыпқа басқа қырынан келді. Шығармадағы Шолпан образын жазушы әйел жынысының биологиялық шындықтары негізінде алып қарайды. Бұл шығармада алғашқы қазақ романдарының кейіпкерлері Қамар, Жамал, Сұлушаштар секілді бір-біріне ынтық жастардың хат жазысуы, әдет-ғұрыпқа байланысты атастырылып, қалың малға сатылып кететін сюжеттер жоқ. Бір-бірін шын сүйген жандардың қосылуынан басталатын әңгіме, махаббат сезімінің де суынып, салқындайтындығын да ашып әрі анық суреттейді. Жазушы ерлі-зайыпты кейіпкерлерінің арасындағы жайларды да натуралдық юмормен жеткізеді. Натуралистік әдебиеттегі кейіпкер жағдайын тексермей, биологиялық-физиологиялық тұрғыдан мүсіндеуге ынта танытуы талдап отырған шығармамыздан да табылып отыр. Автор Сәрсенбайдың бедеулігін айта отырып, Шолпанның бойындағы сезімді биологиялық-физиологиялық жақтан көрсете білді. Оның енді ойы өзгере бастады. Ақыры қайнысы Әзімбаймен болады. «Әзімбайды көргенде басы айналған болып, денесі дірілдеп, тілі күрмелуші еді. Денесінде ыстық қан ойнаған мас Әзімбайдың жансыз нәрседей жұлмалап, умалауына қалай көнетінін Шолпан өзіде білмеуші еді» [8, 105]. Әзімбай Шолпанның аңсарын биологиялық жағынан басты. Шолпан екі қабат болады. Бірақ Әзімбаймен арақатынасын үзген жоқ. Әзімбайға денесін уақытша ғана беріп, жанын сақтап қаламын деген Шолпан. Үш-төрт айдың ішінде Әзімбайға берік байланып қалады.Бұл жазушының адам болмысына әлеуметтік талдаудан гөрі биологиялық талдауға үңілуі. Сондықтанда бұл жерде натурализмнің элементтері басым деген ойдамыз.

Сонымен қатар көркем шығармадағы натуралистік ойлаудың үлгісі қазақ әдебиетінде Б.Майлиннің бірқатар шағын әңгімелерінде бой көрсетті. Мысалы – «Күлпаш» әңгімесі. Шығарма басталысымен тұрмыстық детальдармен суреттелген.

«Күлпаштың көңілсіздікке түсіп жүрген күндерінің бірі еді... Үстінде өрім-өрім болған соң әр жерінен бір түйіп қойған ескі көйлек, оның сыртында тозығы жетіп тулаққа айналған қысқа ескі тон, басында селдіреген көне бөкебайдың жұрнағы. Бет-аузы көнектей ісік; тоңып бүрісіп, үйдің бұрышындағы пешке арқасын сүйеп мұңайып, терең ойға шомған адамша Күлпаш отыр. Жыртық күпіге оранып, бүктүсіп баласы Қали жатыр [9, 79]. Оқиға орын алатын жер тұрмыстың ұсақ-түйегімен беріледі. Мұнда біз Күлпаштың тұрмысының жұпыны екенін көре отырып, оның жоқшылықтан әбден қажығанын, сонымен қатар баласы Қалимен танысамыз. Ал енді Күлпаштың күйеуі Мақтыммен танысуда осы жұпыны үйдің жоқшылық сарынымен, әйелі мен баласына тамақ тауып әкелемін деп ел кезіп жүруі секілді күйзелген тұрмыс, күйбең тіршілікпен ұштасып беріледі. «Үй суық, жамаулы терезенің жыртығынан кірген ызғырық шекеден шыққандай... үйдің ішін жылытуға – пешке жағатын отын жоқ. Отын табылар жерде жоқ... қара судан басқа дәм татпағанына бүгін үшінші күн. Алты айғы қыс тартқаны – аштықтың зардабы. Бар сенетіні байы Мақтым ел қыдырып, тілек тілеп, ерте кетіп, кеш келеді. Бірақ, оның да табары жоқ... [9, 79] Жазушы тұрмыстық жағдайды суреттей келіп ондағы ұсақ жайларға мән беруі – натуралистік суреттеу ерекшелігі. Міне, бұл қазақ ауылындағы кедейлердің аштық зардабын тартқан тұрмысы.

«Өз кейіпкерлерін тым қарапайым адамдардың ортасынан іздеу, ең төменгі әлеуметтік қабаттың, қалың бұқараның қатардағы өкілінің тыныс-тіршілігіне, тұрмысына барлау жасау, олардың жүріс-тұрысы мен сөйлеу мәнеріне дейін сол қалпында жеткізуге тырысу – натуралистік әдебиет қалыптастырған дәстүрлер» [7, 320]. Демек, Бейімбет жазған шағын әңгімелердегі қазақ ауылының кейпі, ондағы кейіпкерлер дің мүшкіл жағдайы, жұпыны тіршілік, күйзелген тұрмысты еш өзгеріссіз беруі және де ұсақ түйек детальдарды назарынан қалдырмай тәптіштеп суреттеуі натурализмге жататынын көреміз. Сондай-ақ «Аштық құрбаны», «Қара бала», «Шариғат бұйрығы», «Баянсыз бақ» секілді бірқатар әңгімелерінде натуралистік элементтер көптеп кездеседі.

Ойымызды түйіндей келе, осы шағын мақаламызда ХХ ғасырдың басында натурализм тек әлем әдебиетіне ғана әсер етпегенін. Сонымен бірге жаңа қалыптаса бастаған қазақ прозасына да белгілі бір дәрежеде ықпал еткенін байқаймыз. Натурализмның терең қырларын зерттеушілік тұрғысынан қарастыру мен ұлттық әдебиетіміздегі көрінісін анықтауда тың ой-пікірлер мен ғылыми тұжырымдар жасау әлі де болса қажет.

 

Әдебиеттер

  1. Әдебиеттану. Терминдер сөздігі (Құрастырғандар: З.Ахметов, Т.Шаңбаев). –Алматы: Ана тілі, 1998. – 384 б.
  2. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Санат, 2007. – 412 б.
  3. Қаратаев М. Эпостан эпопеяға. – Алматы: Жазушы, 1987. – 396 б.
  4. Ысмайылов Е. Сын және шығарма. – Алматы: ҚМКӘБ, 1960. – 368 б.
  5. Смағұлов Ж. Ұлттық әдебиеттану әлемі. Монография. – Қарағанды: Болашақ-Баспа, 2005. – 317 б.
  6. Ысмайылов Е. Ақын және революция. – Алматы: 1983. – 382 б.
  7. Жарылғапов Ж. Қазақ прозасы: ағымдар мен әдістер. – Қарағанды: Гласир, 2009. – 400 б.
  8. Жұмабаев.М. Шығармалар 2,3-т. – Алматы: Білім, 1996. – 512 б.
  9. Майлин Б. Повестер мен әңгімелері. – Алматы: Жазушы, 1977. – 276 б.
  10. Жұмағұлов С. Сын сардары. Монография. – Қарағанды: Арко, 1999. – 122 б.
  11. Елеукенов Ш. Мағжан (Өмірі мен шығармагерлігі). Оқу құралы. – Алматы: Санат, 1995. – 384 б.
Жыл: 2015
Қала: Алматы
Категория: Филология
loading...