Абайдың Таңжарыққа ықпалы

Қытайдағы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған ақындарға ұлы Абайдың да әсер-ықпалы аз болмаған. Өйткені XX ғасырдың алғашқы жарымында Абай мұрасының идеялық-эстетикалық терең мәні Қытайдағы қазақ әдебиетшілерінің де үлгі-өнегесіне айналған-ды. Біріншіден, Абай шығармалары қалың қауымға рухани нәр берсе, екіншіден ақындықты мұрат еткен өнер иелерінің адастырмас темір қазығы болды.

«Абай – қазақтың жаңа реалистік жазбаша поэзиясының, әдебиетінің негізін салды. Абайдың ақындық дарыны аса қуатты және сан қырлы. Ол-керемет суреткер ақын және сыршыл лириканың сирек кездесетін шебері. Сонымен бірге біз Абайды ойшыл ақын дейміз. Мұны алдымен ақынның өмір құбылыстарын терең толғау жағы басым келетін өлеңдеріне қатысты айтсақ, сонымен қатар өмір, адам тағдыры, дүние, заман ағымы жайлы пікірлері, дүниетанымы көбірек көрінетін өлеңдеріне қатысты, яғни ойшыл-философ ақын деген мағынада айтамыз»

-деп, академик Заки Ахметов ұлы дарынға үлкен баға береді де:

«Ақын тұлғасы қаншалықты ірі болса, ықпалы соншалықты зор болатыны, айналасына түсетін жарығы да мол болатыны анық» [1, 245], – деген тұжырым жасайды.

Абай Қытайдағы қазақ әдебиетшілеріне де «жарығын түсіргені» белгілі. Өйткені ұлы Мұхтар Әуезовтің «Абай – қазақтағы суретті, сұлу сөздің атасы, тереңге сырлы, кең мағыналы кестелі өлеңнің атасы. Қазақ өлеңіне өрнек берген, түрін көбейтіп, қалыбын молайтқан – Абай. Ол қазақтың ішінен оқушы тапқан» [2, 230], – деп айтқанындай Абайдың ХІХ ғасырдың соңынан бері Қытайдағы қазақ әдебиетінде де «оқушылары» болғанын Абай дәстүрін жалғастырушы ақындар дәлелдейді, яғни Қытайдағы таяу заманғы қазақ ақындары Абайдан үлгі қабылдап, мұндағы жазба әдебиетіміздің тақырып аясын кеңейтуге, көркемдік өресін жоғары көтеруге, мазмұны мен формасының жаңалануына игі ықпалын тигізді.

Ұлы Абайдың өнер мектебінен мол тағылым алған ең алғашқы «оқушыларының» бірі – әйгілі бұлбұл көмей, жезтаңдай ақын Әсет Найманбай еді. Әсеттің ақындық, әншілік, композиторлық өнер жолында үлгі-өнеге алған бірден-бір ұстазы – Абай. Әсет Абай өнегесінен үйреніп, Абай мұрасынан сусындай келіп, Қытай-қазақ әдебиетіне идеялық мазмұн, көркемдік өре жағынан соны соқпақ салып қана қоймай, қазақтың өлең өлшеміне де жаңалық ашқан ақын. Абай мен Әсеттен ілгергі қазақ поэзиясында «қара өлең», «жыр» делінетін екі ғана өлең тү рі болғаны мәлім. Біз Әсет поэзиясын зерттеп қарайтын болсақ, байырғы осы екі өлшемді кеңінен пайдалана отырып, қазақ өлеңіне шұбыртпалы ұйқас, қосарлы ұйқас, шалыс ұйқас, аралас ұйқас сықылды жаңа өлең түрлерін қосып, қазақ поэзиясының кемелденуіне жаңа үлгі көрсеткенін көреміз» [3, 86].

Әсетпен замандас немесе оның алды-артында өткен бірталай ақындар Абайдың шәкірті Әсет әсерімен көне сүрдектен, ескі сарыннан айығып, әдебиеттің жаңашылдық жолына қарай бет бұрғаны хақ. Өлең өрнегінен, өрісті өнегесінен мол нәр қабылдап, Қытайдағы қазақ әдебиетінің фольклорлық тар шеңберден шығуына, тақырып аумағының кеңеюіне, көркемдік-идеялық жақтан өзгеріс жасауына, поэтикалық тұрғыдан кемелденуіне айрықша ықпал етті.

Қытайдағы қазақ әдебиетінің классигі, суырыпсалмалық пен жазба дәстүрді қатар меңгерген, ақындық өнердің ерен жүйрігі Таңжарық Жолдыұлыұлы Абайдың ықпалына мықтап бойұрған ақынның бірі. Ол Қазақстанда бірнеше жыл болған, білім алған. Бұл ақынның қоғамдық ой-санасының кеңеюіне, шығармашылық жақтан толысуына әсер еткен. Өз халқының тағдырына күйініп, әділетсіздіктің қыл бұғауынан құтылуды ойлаған Ахмет, Міржақып қатарлы қайраткерлердің, Абай, Шәкәрім, Ыбырай, Сұлтанмахмұт сынды ақындардың шығармаларымен танысуы оның ерте оянып, халқының қамын ойлайтын күрескер ақын ретінде қалыптасуына айтарлықтай рөлі болған. Сондықтан Таңжарық шығармашылығының арна тартар қайнар көздерінің бірі жоғарыдағы өнер иелері деп білуіміз керек. Ақынның ілгерінді-кейінді жазған кейбір шығармаларының өзек өрімінен Абай әсерін аңғару қиын емес.

Таңжарық өресі биік, талғамы жоғары ақын. Тақырып таңдау, сөз саралау жақтарында өзі не аса жоғары талап қояды. Көп жағдайда ұлы Абайды үлгі тұтады. Сол себепті «Ақын сыры» атты толғауында:

Сөздері басқа ақынның маған мәлім, Құрт салған шайдай іріп былғанады. Бәрін де Абай сөзі басып түсер,

Бір парша шеттен алып қырнағаны, –

деп, Абай өлеңіне ерекше ілтипат білдіреді. Ал өзіне:

Айтуға дәмсіз сөзді қорғанамын, Болмаса тұрғаным жоқ бұлдағалы. Терең сөз таппаған соң шерім шықпай, Ашылмай жүрегімде қыр қалады, –

деп дәмді сөз, терең сөзді іздеп, өзіне де үлкен талап қояды.Тағы да өлең туралы ұлы Абай:

Өлең -сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы, –

деп, өлең сөздің өлшемін жасап берсе, Таңжарық:

Ақынға жағар жұрттың тыңдағаны, Ол сонда өршеленіп, шыңдалады. Ой ашық, сөйлеушісі дана болса, Сол кезде сөз дәмді боп тыңдалады,–

деп Абай сөзін басқаша, яғни өзінше айтуға ден қойған. Тағы да оқып көрелік:

Ақиқат, анық айтып, шынын сөйле, Жарамсыз, жалған сөзге кім нанады. Білетін терең сөзді білгіштерге, Жұмбақ сөз, перде ішіне ымдалады. Көңілсіз, көрсе қызар, тез оңғыштар, Су тимей жауын жаумай дымданады. Шыққан сөз білімдіден білгіш көрсе, Таразы талқысында сыналады, – деген жолдардан Абайша айтуға ұмтылған ақын аңғару қиын емес. Басқаша айтқанда Абай әсерін бірден аңғаруға болады. «Жарамсыз, жалған сөзге» ешкімнің де сенбейтінін ескереді.

Ұлы Абай секілді шығармаға жай, жауапсыз қарамау туралы ұлағатты ой айтады. Яғни тыңдарманоқырман қауым сөз қадірін салмақтай білсе, онда ақын да өнер жолында шыңдалып, халықтың жүрек түкпірінен орын алады; ал сөзі сара, өзі дана суреткер болу үшін өмір құбылыстары мен адам болмысын қалт жібермей сезе алатын, тереңнен толғайтын білімділік қажет дейді. Сөйтіп, ақын өзіне де, оқырманға да эстетикалық тұрғыдан жоғары талап қояды. Ол халық көңілінде сақталған көкейкесті мәселелерді шынайы сезіммен, «қиыннан қиыстырып» жырлай алсаң ғана халық сенің сөзіңді тыңдайды, сонда ғана өнерің өміршең болады дейді. Сонымен бірге Абай секілді ақындықты, поэзияны сөз еткенде Таңжарық тағы да жақсы өлеңнің қасиеті мен нашар өлеңнің белгісі туралы да өз ұстанымын ортаға салады.

«Қазақ тарихында бұрын көңіл көтеру құралы ретінде ғана пайдаланылып келген қазақ өлеңін классик Абай халық, қоғам, ел мүддесі үшін қызмет ететін қоғамдық күшті қаруға айналдырған болса, Таңжарық:

Жұрттың бәрі құмар ғой, Зарлатып айтқан өлеңге. Болмаса мәлім бізге сыр, Мен бос сөзге ерем бе!? Ел зарығы демесем, Сонша сөзді терем бе!? –

деп сол классикалық өрені Қытай қазақтары арасында тұңғыш болып екінші рет қайталады» [4, 351], – деген пікір жаңағы айтқандарымызды толықтай түсіндіреді.

Таңжарық өзіне үлгі, мақтан тұтатын Ыбырай, Ахмет, Әсет, Мыржақып, Шәкәрім, Әріп, Омар, Сара қатарлы қазақстанның кезіндегі танымал өнерпаз, оқымысты ұл-қыздарын, олардың көптік-әлеуметтік сипат алатын шығармаларына дейін ауызға алады да, олардың бәрінен Абайды биік орынға қояды. «Бәрін де Абай сөзі басып түсер!» деп аса жоғары бағалайды». Абакең әлде қашан айтып өткен, «кезінде Абай екең айтқан жоқ па», «айтқаны Абай аға бар емеспе»,деп қай-қашан да Абайды өзіне өмір бойы үлгіөнеге тұтады.

Таңжарық туындыларынан Абай шығармаларының асқан шеберлігінен, ой-пікір тереңдігінен, осыдан туған бай мазмұннан, көркемдік бояуынан көп өнеге алғандығы мен мұндалап тұрады.

Айтқаны Абай аға бар емес пе, Сөзіңді ұқпағанға берме деген. Жиреніп өз үйінен қашып жүрген, Байқамай ант ұрғанға ерме деген. Ерінбей еңбек етіп, талап тауып, Қолыңды көтер көкке, серме деген,– («Өмір сыры») деп Абай есімін еске салады.

Бәрі негізінен Абайдан табылатын сөздер. Егер Абайға еліктемесе, одан өнеге алмаса мұндай ұқсастық, сарындастықтың болуы мүмкін болмаған болар еді.

Шығармашылыққа осылай Абайша талғаммен, үлкен жауапкершілікпен қарайтын суреткер ақын қазақ әдебиеті төрінен орын алатын мазмұны терең, көркемдік өресі биік асыл поэзияны қалыптастырды.

Таңжарық Жолдыұлының табиғат көрінісін сипаттауында да Абай өлеңдерінің әсері айқын байқалады. «Көктем мысалы», «Жаз мысалы», «Жаз таңы», «Жаздың бір күні», «Тау табиғаты» өлеңдерінде Абайдың жылдың осы мезгілдері

туралы жазған өлеңдерінің әсері бар. Абай әсерін айтқанда, Таңжарықты жадағай көшіруші, жай еліктеуші деп түсінуге болмайды. Абайдан суреткерлікті үйрене отырып, бейнелеу құралдарын орынды тауып қолдану арқылы табиғат көрінісін өзінше бейнелейді.

Ұлы Абай мұрасын бойына сіңірген, үйренген Таңжарық жыл мезгілдерінің өзіндік сыр-бояуларын бедерлі де бейнелі суреттейді. Мұндай мезгілге тән бояуларды дәл тауып ақындық тапқырлықпен әсерлі бейнелейтін суреттер Таңжарық өлеңдерінің өн бойынан табылып отырады. Өйкені ол – «өлеңдерінен образды ой туындатып, мезгілдің өзіне белгі боларлықтай элементтерді жанды игеріп, образдандыра білетін суреткер ақын» [5, 40].

Сөзіміздің дәлелді болуы үшін Такеңнің

«Жаз мысалы» атты өлеңінен біраз оқиықта оны Абайдың «Жазды күні шілде болғанда» атты өлеңімен салыстырып көрелік:

Жаз шығып, жердің жүзі жайнағанда, Жағалай жел, жотаны жайлағанда; Самалды, сары дөңге желі тартып, Иректеп құлын, тайды байлағанда;

Бұл жайлауға шығып, бие байлап мәре-сәре болған ауылдың бір көрінісі десек болады. Не болмаса:

Шуласа қорада қой, сыртта сиыр, Желіде айғыр, бие қыңылдасып. Қалың көш үздік-сөздіқ жөнелгенде, Қақтығып байлау-бақан дыңылдасып.

Немесе:

Ит үріп, бала жылап, өгіз тулап, Жүк ауып, оны басып, сиыр қашып. Бұрын кеп ақсақалдар қоныс шалып,

«Жайлау жайлы болсын,деп!» ырымдасып. Бастыра көк шалғынды жүк түсіріп,

Дем алып, сусын жұтып, тынымдасып. Көтертіп бір жігітке шаңырақты,

Қыз, қатын уық шаншып қылмыңдасып, –

дейді. Көшпелі қазақ ауылының қым-қуыт, абыр-сабыр тірлігі дәл суреттеледі.

Төгіле жалғасқан тоқсан тармақтан тұратын толғауда табиғат аясында отырған қазақ қоғамының көшпелі өміріне тән жазғы тіршілік әрекеті бейнеленген. Міне, бұндай – нағыз шынайы, таныс сурет, табиғи көрініс Абай өлеңдерінде бар. Нақтырақ айтқанда Абайдың «Жазды күн шілде болғанда» атты атақты өлеңінде көшіп келіп қонып жатқан ауыл көрінісі барынша табиғи суреттелетіні белгілі. Мәселен, бір-екі шумақты келтірейік. Онда мынадай жолдарды оқуға болады:

...Шұрқырап жатқан жылқының, Шалғыннан жоны қылтылдап. Ат, айғырлар, биелер, Бүйірі шығып ыңқылдап. Суда тұрып шыбындап, Қызкеліншек үй тігер, Бұрала басып былқылдап, Ақ білегін сыбанып, Әзілдесіп сыңқылдап...

Екі өлеңнің қалай қиысып, қалай туысып тұрғаны апайқын көрініп тұр. Екеуінде де жайлау үстіндегі көшіп-қонған жазғы ауыл тіршілігі өте әдемі суреттеледі. Бұлардағы үндестік, сарындастық туралы профессор А. Қалиұлы «Абай поэзиясы Қытайда» атты зерттеуінде: «Бұдан да үндесіп, тамырласып тұрған жері, екі ақынның соншалық көп көрініс, мол қимыл, алуан тіршілікті сыналап аз өлеңге сиғызуында; тынымсыз қозғалыс күйін аңғартатын етістіктен ұйқас құрауында... Екі өлеңнің әр жолында бір қимыл, бір тіршілік бар. Бұлар жөніндегі баяндау мен суреттеу өзара кірігіп, баяндау арқылы қимыл, тіршілік дами түседі де суреттеу арқылы қимыл, тіршілік сурет болып көз алдыға елестейді» – деген тұжырым пікір айтады [6, 57].

Екі өлең сарындас болғанымен, мазмұны жағынан өзгеше құрылған. Абай өлеңінде жаздың бір сәті нақты көрсетіліп, шілде айы кезінде ауыл күркіреп жатқан өзен жағасына көшіп келіп қонған күндердегі көрініс суреттелсе, Таңжарық толғауында елдің көк майсалы жал, жотаны жайлап, бие байлағаны, саба-саба сары қымыз сапырылып, самаурын қайнаған көріністер де, көшпелі өмірдің көш қызығы да, шөп шабу т.б, тіршілік қамының бар сипаты кең қамтыла суреттеледі.

Абайды өзіне ұстаз, үлгі-өнеге тұтқан Таңжарық кейбір көркемдік тәсілді қолдануда аса талғампаздық пен жасампаздық шеберлік танытады. Оның «Іле сипатында» Абайдың «Қыс», «Жазғытұрым» қатарлы өлеңдері мен Лермонтовтан аударған «Теректің сиы» сынды шығармасы тамырласып, қабысып жататын тұстары бар. Дегенмен Таңжарықтың кейіптеу тәсілін қолданудағы өзіндік ерекшелігі де мен мұндалап тұрады.

Күн күліп барша әлемге шашты нұрын, Кіргізіп табиғаттың қашқан сұрын.

Жағалай босағаны жымың қағып, Күйеудей қайынына келген ұрын. Шықпенен бетін жуып, жер түрленіп, Күтінді қалыңдықтай күні бұрын.

Абай да, Таңжарық та өз өлеңдерінде күнді – күйеу, жерді – қалыңдық ретінде алып суреттейді. Алайда олардың бұдан шығаратын қорытындылары басқа-басқа, бөлек-бөлек, яғни, Абай күнді әлемнің кіндігі – патшасы, жерді – біздің планетамыздағы тіршілік атаулының анасы деп ой қорытады; Таңжарық өлеңіндегі күн – кадімгі нақты өмірдегі адам, қайынына ұрын келген, жымың қағып, босағадан сығалай қарайтын, өмірде күнде көріп жүрген боз жігіт. Ал оны күткен жар – арамыздағы тірі пенде, күйеуінің келерінен алдын-ала хабар тауып, шықпен бетін жуып, бір киерін бойына жапсырған кадуілгі ауылдың қызы» [7, 38]. Қалай десек те ақынның бұл өлеңінде Абай әсері тайға таңба басқандай байқалып тұрады.

 

Әдебиеттер

  1. Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. – Алматы, 1995. – 245 б.
  2. Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы, 1991. – 230 б.
  3. Қазақ әдебиетінің тарихы. 3-кітап. – Шыңжаң халық баспасы,
  4. Маманұлы Ж. Әсет Найманбайұлы. 2003. – 162 б.
  5. Тоқтаубайұлы М. Ақын Таңжарық өлеңдеріндегі суреткерлік өнер // Іле педагогикалық институты ғылыми журналы. – 1991. №2, 40.
  6. Қалиұлы А. Абай поэзиясы Қытайда // Абай парасаты. – Іле халық баспасы, 1995. – 57 б.
  7. Әбілқақұлы М. Таңжарық шығармаларындағы стилистикалық тәсілдердің қолданылуы. – Шұғыла, 2003. – №3.
Жыл: 2015
Қала: Алматы
Категория: Филология
loading...