Сұраулы сөйлемнің ретінде қолданылатын сұрақтың ерекше бір түрі туралы

Айқын коммуникативті-прагматикалық элемент, риторикалық сұрақ, ауызекі сөйлеу стиліне тән, оның лингивистикалық болмысы тілдегі сұраулы сөйлемдермен бірге не жеке зерттелуі мүмкін. Сонымен қатар, риторикалық сұрақ семантикалық не логикалық көзқарас тұрғысынан сұраулы сөйлемнің ерекше түрі ретінде қарастырылады. Бұл осы бағыттағы зерттеулердің өзектілігін құрайды.

Сұраулы сөйлем грамматикалық, атап айтқанда, синтаксистік лингвистикалық зерттеулердің нысаны болып табылса, риторикалық сұрақтың зерттелу ауқымы одан кеңірек, ол психолингвистика, мәтін лингвистикасы, дискурс, риторика, ораторлық шеберлік сияқты салалардың зерттеу шеңберіне кіреді. Риторикалық сұрақ табиғатының ерекшеліктері көптеген зерттеушілердің назарын аударуда. Қазақ тіл білімінде сұраулы сөйлемдерге, олардың ішінде риторикалық сұрақтарға қатысты зерттеулерге көңіл аударсақ «Қазақ тілінің грамматикасы» атты еңбектің құрылымдық-семантикалық мазмұнын қарастырсақ, онда сұраулы сөйлемдерді былай топтастырады: 1) ашық сұрақ; 2) альтернативті сұрақ; 3) риторикалық сұрақ; 4) түрткі сұрақ [1, 665].

Егер ашық сұрақта белгілі бір зат, тұлға, сан, қасиет, орналасу мекені, уақыт және т.б. жайлы қажет мәлімет берілмесе, альтернативтік сұрақта бұл мәлімет жайлы айтылады, белгілі бір мәселе жайлы болжам айтылып, сұраулы демеуліктер арқылы альтернативті мағынасы беріледі.

Сұраулы сөйлемдердің түрткі сұрақтар атты түрінің негізгі мақсаты – келер шақ өтпелі етістігі мен сұраулы демеуліктердің, немесе сұраулы сөз бен келер шақ өтпелі етісігінің көмегімен жасалып іс-әрекетке жасауға түрткі беру. Сұраулы сөйлемдер жайлы жұмыстарды талдаcа, риторикалық сұраққа айтарлықтай назар аударылатындығы байқалады.

Сұраулы сөйлемдердің мағыналық мазмұны қарастырылғанда олар өзіндік-сұраулы, жауапты-сұраулы, риторикалықсұраулы, түрткі-сұраулы болып жіктеледі. Олардың екінші реттік функциясы, әрі риторикалық сұрақтың болмысы зерттеленген. «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасында» С.Е.Маловтың Орхон-енисей ескерткіштерін зерттеуімен қатар, ғалымдардың риторикалық, тура және т.б. сұрақ түрлері талданған.

Семантикалық жағынан сұраулы сөйлемдер ақиқат, қарама-қарсы, риторикалық сұрақ, күмән, таңдану және т.б. болып бөлінеді. Лепті сөйлем қызметін атқаратын сұраулы сөйлемдерді зерттеу барысында ғалымдар аталмыш сөйлемдердің сұраулы мәнінің лексика-грамматикалық және интонациялық өзгешелік белгілерін талдап, ондай сөйлемдерді өтпелі-сұраулы деп атап, графикалық көрінісі ретінде леп белгісі қолданылатындығын айтып кеткен. Сонымен қатар олардың риторикалық сұрақтармен ұқсастығын көрсетілген. Ғалымдар сұраулы сөйлемдердің, қайталама, қарама-қарсы, риторикалық және т.б. сұрақтардың модальдылығын теориялық тұрғыда зерттеу қажеттілігін атап айтқан. Коммуникативтік тұрғыда сұраулы сөйлемдер жалпы, альтернативті, риторикалық және түрткі болып бөлінетіндігі жайлы пікірлер берілген.

Сұраулы сөйлемдердің функционалды мәнін айқындай отырып, зерттеушілер сұраулы сөйлемдердің екі түрін айқындайды: ашық және риторикалық сұрақтар [2, 102; 153-154]. Белгілі бір ойды білдіруге байланысты ашық, қарамақарсы, риторикалық және күмән-сұрақ айқындалады. Олар күнделікті қарым-қатынас жасауға, әдеби тілде, әрі көркем әдебиет тілінде қолданылады [3, 16-20].

Кейбір авторлар сұраулы сөйлемдерді коммуникативті мақсатқа байланысты бейтарап және модальды деп ажыратады. Бейтарап сұраулы сөйлемдерге шынайы сұрақ, ресми сұрақ, риторикалық сұрақ, альтернативті сұрақ және қосымша анықтау үшін қайталама сұрақ жатады. Модальды сұраулы сөйлемдерге таңдану-сұрақ, күмән-сұрақ, дәлелдеу-сұрақ, ниет-сұрақ және болжам-сұрақ жатады. Басқа ғалымдар сұраулы сөйлемдерді коммуникативті қызметтеріне қарай сұраулы, риторикалық, сұраулы-түркті деп жіктейді. Ғалымдардың басқа бөлігі сұраулы сөйлемдердің функционалды болмысын, әрі семантика-стилистикалық ерекшеліктерін коммуникативтік жағынан зерттей отырып, сұраулы сөйлемдерді жеті түрге бөледі: ашық, альтернативті, модальды, анықтауыш, қарама-қарсы, риторикалық және түрткі. Аталған сөйлемдер түрлерін ауызекі, көркем-әдеби және ғылыми стильдерде қолданылуын салыстыра келе, сұраулы сөйлемдер көбінесе ауызекі сөйлеу стилінде көбірек кездесетіндігін тұжырымдайды. Қалған зерттеушілер газет тілінде сұраулы сөйлемдерді риторикалық сұрақтар, сұрақ-жауап құрылымы ретінде қарастырады. Дж. Курме сұрау есімдіктерінің риторикалық және жанама сұрақтарда қолданылуын қарастырады [4, 21-22].

И.В. Арнольд синтакситік құрылымдардың, оның ішінде сұраулы сөйлемдердің өздеріне тән емес денотативті мағынада және қосымша конотациялармен қолданылу мүмкіндігі бар екендігін пайымдайды. Ол риторикалық сұрақ эмфатикалық тұжырымды білдіретіндігіне назар аударады [5, 205].

Риторикалық сұрақтар мәселесіне Л.Н. Бучатская еңбегі арналған, онда ол кәдімгі сұраулы сөйлемдердің және риторикалық сұрақтардың арақатынасын зерттеп, риторикалық сұрақтарды логикалық жағынан қарастырғанда олардың кәдімгі сұраулы сөйлемдерден айырмашылығы оларда белгісіз мәселе жайлы сұрақ қойылмайтындығында деп санайды [6, 3]. Ағылшын тіліндегі зерттеулерге назар салсақ, онда Д. Кристал «Ағылшын тілінің Кэмбридж энциклопедиясында» талғаулы, лепті және риторикалық сұрақтарды бөлек қарастырады. [7, 218].

«Ағылшын тілінің грамматикасында» В.Л. Каушанская және басқалар риторикалық сұрақ болып табылатын жалпы сұрақтардың ешбір жауап қажет етпейтіндігін, әрі белгілі бір сезім білдіретін тұжырымдама ретінде қолданылатындығын көрсетеді [8, 222-223].

Риторикалық сұрақтарды логикалық жақтан қарастыратын болсақ, олардың сұраулы сөйлемдердің басқа түрлерінен айырмашылығы – жаңа мәлімет алуға сұраныс емес, белгілі бір мәселеге қатысты ой тұжырымдамасы берілетіндігінде. Риторикалық сұрақпен берілген пайымдама неғұрлым көркем әрі бейнелі, демек эмфатикалық болып табылады. Эмфазаның жоғары деңгейі – риторикалық сұрақтың сұраулы форма арқылы берілуінде. «Ағылшын тіліндегі (Yes, I do) үлгілі сөйлемдер» еңбегінің авторы эмфаза дегеніміз сөйлеушінің ақиқатқа деген кесімді бағасы»,деген ой білдіреді. Демек, көптеген лингвистердің пайымдауынша риторикалық сұрақ сұраулы сөйлемдердің барлық ресми белгілеріне сай келгенмен, сұрақ емес, пайымдама болып табылады. Сұраулы сөйлемдердің осындай ерекшеліктерінің теориялық негіздемесі психолингвистикалық зерттеулерде жиналған. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша сұрақ және сұраулы сөйлем екі түрлі категория болып саналады. Сұрақ – сөйлеу актісінің бір түрі, әрі сөйлеу арқылы қарым-қатынас жасау амалы, ал сұраулы сөйлем – ой бекітудің нысаны. Сұраулы сөйлем ақпараттық ізденіс немесе түсініспеушілік, өтініш не болжам сияқты сөйлеу әрекетінің көрінісі. Сөйлеу әрекеті ретінде сұрақ сұраныс және жауап формасы бойынша айырмашылығы бар бірнеше логикалық құрылымдар арқылы берілуі мүмкін. Сұраулы сөйлемдердің осы ерекшелігін ескере отырып, А.И. Смирницкий сұраулы сөйлемдердің нысандық бағдары – сұрақпен жанасқан жауап беру [9, 258].

Сұраулы сөйлемдердің мазмұндық белгілеріне қарай басқа авторлар келесідей топтама ұсынады: 1) шынайы сұраулы сөйлемдер, 2) риторикалық сөйлемдер, 3) сұраулы-түрткі сөйлемдер. «Ағылшын грамматикасы» еңбегінде риторикалық сұрақ сұрақтың ерекше түрі ретінде қарастырылады, сонымен қатар жалпы және арнайы сұрақтар да риторикалық сұрақ ретінде қолданылуы мүмкіндігі жайлы, және интонациясы мен формасы жағынан риторикалық сұрақ қалыпты сұраулы сөйлемдер түріне сәйкес келетіндігі жайлы айтылады [10, 15].

Қазақстандық және шетелдік лингвистикалық әдебиеттерде риторикалық сұрақтар мәселесі сұраулы сөйлемдер мәселесімен бірге қарастырылатындықтан, риторикалық сұрақ сұраулы сөйлемнің бір түрі ретінде қабылданады. Дегенмен, бұл жағдайда риторикалық сұрақтардың ерекшеліктері де ескеріледі: олар тек сұрақ қана емес, тұжырым, пайымдама білдірумен қатар олардың денотативті мағынасы мен қосымша коннотациялары бар. Риторикалық сұрақтардың көркем әдеби мәтіндерде қолданылуы сөйлеушінің тыңдаушыға эмоционалды әсер бергісі келетіндігінін не айтылып жатқан мәселеге өз қарым-қатынасын көрсеткісі келетіндігінін белгісі. Риторикалық сұрақта мәлімдеменің аффективті жағы логикалық жағына қарағанда басымырақ келеді. Сөйлеуші риторикалық сұрақ қойғанымен, тыңдаушыдан жауап реакциясын күтеді.

Көркем шығармадағы автор сөзіндегі риторикалық сұрақ тыңдаушы назарын күшейту үшін, әрі кез келген сұрақ тәрізді риторикалық сұрақтар сөйлеу экспрессивтілігін арттырып, автордың суреттелген оқиғаларға деген өз көзқарасын білдіру үшін қолданылады. Монолог пен шешендік сөз барысында риторикалық сұрақ тыңдаушыға эмоционалды-жігерлі әсер етудің үлгісі. Төменде М.О. Әуезовтың «Абай жолы» роман эпопеясының ағылшын тіліне тәржімаланған нұсқасынан мысал келтіреміз.

I have committed no crime. Why should I abase myself? That light-headed pair did a rash thing, of course. But if the Bokenshi intend to break their old friendship with us because of this and to disgrace the spirit of our ancestors by murdering us, then where is their sense of honour? If they are so anxious to disgrace us, then what are we waiting for?

Риторикалық сұрақтардың диалогта қолданылуы оның қонымдылығы мен мәнерлілігін арттырады. Риторикалық сұрақтың диалогта қолданылуы сөйлеушінің айтылғанға экспрессивті реакциясының көрінісі. Айта кететін жайт, диалогтарда құрылымы жай риторикалық сұрақтар қолданылады. Диалогтық сөз ретінде қолданылатын риторикалық сұрақтар ауызекі тұрақты айтылымдарға жақындайды. В.В. Виноградовтың айтуы бойынша «экспрессивті мәннің азаюйы риторикалық сөз іріктеуіне қайшы келеді» [11, 205]. Мысалы:

Have you ever seen an official who didn`t accept bribes? Surely there was nothing on earth stronger than the word?

Демек, лингвистикалық әдебиеттерде риторикалық сұрақтар сұраулы сөйлемнің бір түрі ретінде берілген. Көркем әдебиеттегі автор сөзінде риторикалық сұрақтың қолданылуы оқырманға эмоционалды-жігерлі әсер ету үшін, не автордың қозғалған мәселелерге өз қарым-қатынасын көрсеткісі келген кезде қолданылады.

Жоғарыда көрсетілген мысалдар М.О. Әуезовтың «Абай жолы» романы кейіпкерінің ойы мен эмоционалды қалпы қаншалықты қонымды және әсерлі сипатталып, сөздерінің қаншалықты мәнерлі, экспрессивті екендігін дәлелдейді, сол себепті риторикалық сұрақтың негізгі мәні – оқырманға барынша қатты әсер ету. Бұл әсер логикалық және эмоционалды сипаттарға ие. Оның логикалық қызметі риторикалық сұрақтың формасына байланысты, себебі сұрақтың формасында жауап мазмұны жасырылған. Сұрақтың болымды түрі теріс мазмұнды болса, ал риторикалық сұрақтың болымсыз түрі керісінше болымды мазмұнға ие. Осыған байланысты, қүрылымы жағынан риторикалық сұрақ толық сұраулы сөйлемдермен сәйкес келеді, бірақ бұл тіл бірлігін логикалық-коммуникативтік жағынан зерттесек, риторикалық сұрақтың сұраулы сөйлемге қарағанда неғұрлым көбірек функционалды ерекшеліктері бар екендігін анықтаймыз. Айта кететін жайт, риторикалық сұрақ – белгілі бір мәлімет беретін құрылымы жағынан сұраулы сөйлем. Алайда риторикалық сұрақтың формасы (сұраулы құрылым) мен мазмұны (мәлімет мағынасы) қарама-қайшы келетіндігі оның ерекшелігі болып табылады.

Сұраулы сұрақтың ерекше функционалды түрі болып саналатын риторикалық сұрақ лингвистика, психолингвистика және т.б. салаларда ары қарай зерттелуі мүмкін.

 

Әдебиеттер

  1. Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. – Астана, 2002. – 665 б.
  2. Бектуров Ш.Мерғалиев М. Қазақ тілі. – Алматы, 1994. – 102, 153-154 бб.
  3. Балақаев М.Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы, 2004. – 16-20 бб.
  4. Curme G. Parts of Speech and accidence. – DC: Health and Company, 1935. – 21-22 бб.
  5. Арнольд И.В. Стилистика современного английского языка. – Л., 1973. – С. 205.
  6. Бучацкая Л.Н. Риторические вопросы и их стилистическое использование в стиле художественной речи и в публистическом стиле. – М., 1965. – С. 3.
  7. Crystal D. The Cambridge Encyclopedia of the English Language. – Cambridge: Cambridge University Press, 1995. – Р. 218.
  8. Каушанская В.Л. и др. Грамматика английского языка. – Л., 1967. – С. 222-223.
  9. Смирницкий А.И. Синтаксис английского языка. – М., 1968. – С. 258.
  10. Кобрина Н.А., Корнеева П.В. Английская грамматика. Синтаксис. – Ленинград, 1986. – С. 15.
  11. Виноградов В.В. О языке художественной литературы. – М., 1959. – С. 205.
Жыл: 2015
Қала: Алматы
Категория: Филология
loading...