«Жасауыл қырған» жырындағы дәуір шындығы

Мақала Сәбит Мұқанов еңбегіндегі «Жасауыл қырған» жырының нұсқасы мен оның Кенесары көтерілісінің тарихына қатысына құрылған. Бұл авторға, біріншіден, зерттеліп отырған тақырыпты жан-жақты қамту үшін, екіншіден, орын алған оқиғаға сол кезеңдегі саяси ахуалдың ықпал-әсерін нақтылай түсу үшін керек болған. Ізденуші Рахманқұл Бердібаев, Есмағамбет Ысмайылов, Ермұқан Бекмаханов, Жұмат Тілепов сынды ғалымдардың еңбектеріне, сирек кездесетін мұрағат құжаттарына сүйене отырып, жырда бедерленген оқиғалардың тарихта анық болғандығын көрсетеді. Мақала авторы Мәшһүр-Жүсіп Көпеев жинаған фольклорлық үлгілер мен Омар Шипиннің «Жеті батырдың тарихы» атты қолжазба мұрасын да ретімен пайдаланған. Мұнда қазақ тарихи жырларының жанрлық мәселелері жайында да сөз болады.

Кіріспе

Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің түрлі кезеңдерін бейнелейтін тарихи жырлардың көркемдік-идеялық мазмұны, олардың өмір шындығына қатысы, жанрлық сипаты осы уақытқа дейін арнайы зерттелмей, тұтас күйінде ғылыми айналымға түспей келеді. Оның үстіне бір кезде негізінен кеңестік идеологияның сұранысы мен талаптарын қамтамасыз еткен «Жасауыл қырғыны» сияқты танымал туындыларды жаңа дәуір тұрғысынан жан-жақты талдап, орынды бағасын беретін кез жетті. Осындай ғылыми-рухани қажеттіліктің нәтижесінде аталған шығармалардың анау кеңес үкіметі заманындағыдай тек жақсы жақтарын белгілі бір шеңбер көлемінде қарастырумен шектеліп қалмай, әр қырынан сөз етіп, кемшіліктерінің де қандай сипатта екендігін ашып көрсету әдебиет тарихы алдындағы зәру мәселе демекпіз.

Сонымен бірге «Жасауыл қырған» жырының нұсқаларындағы көркемдік-эстетикалық факторларды зерделеумен бірге, уақыт, заман шындығының суреттелу сипатын, олардың бойындағы тарихи-танымдық мәселелердің қозғалу деңгейін анықтау, жырдың жазылу, жариялану кезеңдерін саралап ашып көрсету қажеттілігі де күн тәртібінде.

«Жасауыл қырған» жырының С. Мұқанов кітабындағы нұсқасы

Қазақ жұртының ХІХ ғасырдың ауқымында басынан өткерген әрқандай тарихи жағдайлары жайында халық әдебиетінде өте бай мұра қалды.Солардың бір тобы Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғаласының түрлі кезеңдері туралы баяндайтын тарихи жырлар болатын. Ол шығармалар әр жылдарда жарық көрген саналуан жинақтардан, хрестоматиялардан, оқу құралдарынан, әдебиет тарихына арнал ған очерктерден орын алып отырды. Сон дай туындылардың бірі – «Жасауыл қырған» жырыныңбұрынсоңдыешжердежарияланбаған, тек қана Сәбит Мұқановтың «Қазақтың ХVIIIXIX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» атты кітабында мазмұндалып берілген нұсқасы еді.

«Жасауыл қырған» шығармасының көпшілікке беймәлім нұсқасы жайлы академик Сәбит Мұқанов былай деп жазады: «Наурызбай туралы айтылатын бір жыр – белгісіз ав тор шығарған «Жасауыл қырған». Сыр өзенінің бойында «Жасауыл қырған» аталатын Оба бар. Соның тарихы «Жасауыл қырған» поэмасын шығарушы автордың айтуынша, былай болған: өшіккен елдерінің біреуін Наурызбай тоқсан жігіт қолымен барып шабады да, жеңілген елге еріксіз тоқсан бір үй тіктіріп, тоқсан жігітке тоқсан қыз, өзіне бір қыз алдырып, сайрандап жатады. Наурызбай өзіне алдырған қыздың қалың берген күйеуі Жанғабыл дейтін әрі батыр, әрі сері жігіт болады. Наурызбай елін шауып, қалыңдығын зорлықпен құшқан кезде Жанғабыл жолаушылап Қиуа жақта жүреді.

Жолдан қайтқан Жанғабыл ауылында болып жатқан оқиғаны есітеді. Кектенген ол астыртын жігіт жинап, түнде қапыда тоқсан бір үй тіктіріп, тоқсан бір қыз алып жатқан Наурызбайдың қолын тарпа бас салады. Тоқсан жігітті өлтіреді. Бір досының алдын ала сақтандыруымен жалғыз Наурызбай ғана қашып құтылады. Өлген тоқсан жігітті көмген оба «Жасауыл қырған» аталады» (Мұқанов, 1942: 81).

Шығармада, сөз жоқ, Наурызбай зорлықшыл, қиянатшыл батырдың бейнесінде көрінеді. Осы шығарманың оқиғасын нақты өмір шындығының көрінісі деп ұққан ғалым «Жасауыл қырған» поэмасы туралы ойын тұжырымдап, өзіндік пікірін ортаға салады.

«Кенесары мен Наурызбайды қисынсыз, орынсыз көтермелейтін, оларға тарихи көзбен емес, ұлтшылдық көзбен қарайтын кейбіреулер Кенесары мен Наурызбай туралы жасалған көркем әдебиетті тексергенде, «Жасауыл қырған» сияқты олардың теріс жақтарын көрсететін шығармаларға жолағысы, көргісі келмейді, Кенесары мен Наурызбай қиянат істеді деуге аузы бармайды, қиянатқа оларды қимайды. Бұл, әрине, дұрыс емес, халық тәуелсіздігін қорғауда, тәуелсіздік үшін күрескен халықты бастауда, осы жолынан таймай өлуде Кенесары мен Наурызбайдың тарих алдында, халық алдында бағасы зор. Бірақ бұдан оларды ешбір қиянатқа аяқ баспайтын, гуманизмнің биік өкілі қылуға тырысу дұрыс емес» (Мұқанов, 1942: 82). 50-60-жылдарда жарық көрген тарихи еңбектерде көтіріліске қолдау көрсете қоймаған ауылдарды Кенесарының қыспаққа алуы оның қатігездігінің белгісі деп көрсеткені мәлім. Шын мәнінде, Кене ханның ішкі жауларға қарсы жорықтары елдің, жердің, ұлтымыздың бүтіндігін сақтап қалу үшін жасалған іс-шаралар болатын. «Патша үкіметіне қарсы күресте Кенесарының алдына қойған бір мақсаты – халықтың екіге жарылуына себепші болған қазақ ақсүйектеріне ашық қақтығыстарда соққы беру. Осындай жолмен қазақ шаруаларын өзіне тарту, қозғалыстың әлеуметтік тірегін күшейту еді.» (Қасымбаев, 1993: 46).

Патша әкімдерінің сенімді серіктеріне айналған Жанғабыл Төлегенов сынды бисұлтандар Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісін басуға аттанған әскери қимылдарға қатысқандары үшін шен-шекпен, ордендер, алтын-күміс медальдар, ақшалай сыйлықтар мен түрлі-түрлі қаржылай көмектер алып тұрды. Тіпті қазақ руларын ұлт-азаттық қозғалысына қарсы бітімсіз күреске рухтандыру үшін ақ патшаның шешімімен Кенесары сарбаздарымен болған ұрыста қаза тапқан жігіттің отбасына зейнетақы тағайындалатын болды. Қазақ даласында талассыз толық билік жүргізуге бел шешіп кіріскен орыс үкіметінің саясатында әрқандай айла-амал, қазақ феодалдарын бірбіріне қарсы қою, отарлаудың жаға ұстатар қитұрқы көріністері байқалды. Бұл еңбегінде Сәбит Мұқановтың әдебиетші қауымды тарихи шындықтан ауытқымай, болған оқиғаның обьективті бағасын беруге шақырып отырғаны анық. Ғалымның Кенесары-Наурызбай ды жамандыққа қимайтын зерттеушілердің ұстанымын түсінетіндігі де байқалады. Алайда С.Мұқанов мазмұндап берген «Жасауыл қырғынын» нақты тарихи шындықтың жемісі деп айта алмаймыз.Өйткені кез-келген ақынорындаушының міндеті тыңдаушы ортаны өзі баяндап отырған оқиғаның растығына сендіру. Ал егер осы шығарма мазмұнының тарихи тамырына бойламай оны нақты өмір шындығы деп қабылдар болсақ , онда Кенесары мен оның сарбаздарының қорқау қасқырдай өз жұртын тонаған қарақшылар екенін мойындауға тура келеді. Белгілі бір әлеуметтік ортаның ықпалымен жырлаған автордың көздегені де осы.

Тарихи-фольклорлық үлгілердегі «Жасауыл қырған» оқиғасының көріністері

Академик С. Мұқановтың еңбегінде мазмұндалған авторы белгісіз «Жасауыл қырған» жырында айтылғандай Кенесары жасауылдарының Жаңғабыл ауылдарын шаппағанын мұрағат деректерінен басқа тарихи-фольклорлық үлгілер де растайды. Оларда Наурызбай жасауылдарының қолынан қаза тапқан не жарақат алған адамдар туралы мәліметтер ұщыраспайды. Ал жасауылдардың қыздарды алдырып, сайрандап жатуы сияқты Жаңғ,абылдың қан құйлы ісін ақтайтын мотив-әрекет Мәшһүр Жүсіптің ел ішінен жазып алған әңгімелерінде де сипатталады. Онда былай деп жазылған: «Кіші жүз Алшын Жаппас, .Шөмекей Кенесары ханға қараймыз, бізге зекетші жіберсін деген соң жүз жігітке бас қылып Наурызбайды жіберген. Сонда Наурызбай төре жүз жігітпен бес Жаппасқа барып Төлегенұлы Жаңғабыл соқырдың үйіне жатып алған. Жаңғабыл соқырдың үйі сол жылы түскен екен. Өзі кірекештік қылып Ташкент-Қоқанға кеткен екен. Наурызбайдың жолдастары бәрі де Наурызбайдыңқылғанынбіздеқыламыздепқызкеліншекке ерік қоймай, бозбалашылық билеп, бетімен іс қыла бастаған. Сонысын соның үстіне Жаңғабыл соқыр келіп қалып, Наурызбайдың жолдастарын өлтіре бастаған. Наурызбай сонда тоғыз жігітін арашалап алып қалған. Сонда өліп жатқан Наурызбайдың жігіттерінің сүйектерін көріп бес Жаппастың қыздарының айтқан өлеңі:

Не болды жасауылдар мұнша қанап, Он қойды жиырма деп артық санап. Сарт ермен , жөкей тұмақ киген ерлер,

Сай-сайда жатырмысың шекең қанап (Көпеев, 1338: 7).

Ал енді осы әңгіменің дерегін Омар Шипин «Жеті батырдың тарихы» жазбасында теріске шығарады. Оның айтуынша, Наурызбай ауылға келгенде Жаңғабыл кіреде болған. Сол басшымыз келсін деп Жаппастар Наурызбай мен жүз жігітке үй тіккен. Зекет жинай келген жасауылдардың жайын айтып барған туыстарына Жаңғабыл: «Қыз-қатынды қойнына салып, әр ауылға жігіт жинап барамыз,» дейді.

Шабарман Жаңғабылдың айтқан сөзін елдегі басшыларға жеткізген соң, епті жігіттер қыздар мен жас әйелдерге апармақ боп, Наурызбайдың сарбаздарын ауыл-ауылға тоздырып алып кетеді. Наурызбай: «Жазым қылар, бармаңдар» десе, қан басып тұрған жігіттер Наурызбайдың сөзіне болмайды. Сонда Наурызбайдың қасында болған Төлеген деген батыр мен Қанай деген кісіден естідім. Жаңғабыл күллі бес жаппастан жан қалдырмай жинап, бір түнде көп әскермен келіп Наурызбайдың жігіттерін бір түнде ауылауылда жатқан жерде қырып тастайды.» (Шипин, 1337: 6).

Байқап отырғанымыздай, бұл да жасауылдардың басын біріктірмей бөліп әкетіп, қапыда соғудың амалы екен. Н.Ахметбековтің «Жасауыл қырғыны» поэмасында да қарауылдарды ебін тауып өлтірмек болған Қарға мен Нұрымның қыз-келіншектердің көмегіне сүйенгені сөз болады (Ахметбеков, 1974: 47).

«Жасауылқырған» дастаныныңбелгісізавтор жырлаған нұсқасында көрсетілген жолсыздыққа Кенесары сарбаздарының бармағаны анық. Ондай оқиғаның орын алғанын дәлелдейтін деректер тарихи мәліметтерде кездеспейді. Керісінше, Кенесары жасауылдарының әскери тәртіпке мойынсұнғанын, соның арқасында халықтың құрметіне бөленгенін дәлелдейтін материалдар мол.

Кенесары әскерінде темірдей тәртіптің орныққанын сұлтан Ахмет Жантөрин былай куәләндырады. Ол 1845 жылдың маусым айында Обручевке жазған мәліметінде: «Кенесары атқа қонып бір ауыз сөз айтса болды, оның адамдары көз ілеспес жылдамдықпен қаруын асынып ат үстінде отырады» дейді. Мұны Кенесары ордасында болған орыс үкіметінің жансызы Ханқожа Жаңбыршин де мақұлдайды: «Бірде Кенесары өзінің сарбаздарына шайқасқа дайын болыңдар деп бұйырды. Ханның көрінгені сол еді, оның барлық сарбаздары ат үстіне жайғасып, дереу қозғалуға дайын тұрды» (Бекмаханов, 1992: 254). Мұндай деректер, сөз жоқ, Кенесары әскерінің қатаң тәртіпке бағынғандығының көрсеткіші бола алады.

«Бұхарбай батыр» әңгімесінде де мынадай оқиға баяндалады: «Бұл ертеде, мына біздер, Кенесары батырлары, күндіз-түні ат үстінде жүріп, Қоқанның Созақ, Ақмешіт, Түркістан бекіністері үшін алысып жатқанбыз. Бір күні Сырдария құмының оң жақ қанатында Шу өзеніне тақау жерден Күреш атты қыпшақ байының сұлу қызын кездестірдік. Біз – мен, Ағыбай, Наурызбай үшеуіміз де сол қызды ұнатып қалдық. Содан сізге күйеу болуға қайсымыз лайықпыз деп қыз әкесіне барғанда, ол: « Қызымды қалыңсыз ешкімге бермеймін, оның үстіне сендер сияқты «ұшатынын жер,қонатынын сай білетін» қаңғыбастарға орын жоқ», – деді. Біз қыпшақ байының мына сөзіне қатты ренжіп, оның қызын тартып алып, малын айдап әкетуге Кенесары-дан рұқсат сұрап бардық. Кенесары үшеумізге қарап тұрып былай деді: «Бізге халық керек пе, әлде қалыңдық керек пе? Сыртқы жауды жеңбей тұрып, қол астымыздағы халыққа бүлік салғалы жүрмісіңдер. Егер сендерге қалыңдық керек болса ана Созақты алып, өзбек қыздарына үйленіңдер, мен өз адамдарымды тонатып қоя алмаймын» (Бұхарбай батыр, 1338: 3), – деді.

С. Мұқановтың еңбегіндегі «Жасауыл қырғанның» толық мәтіні сақталмағаны болмаса, ол шығармаға өзек болған әңгіменің көпке танылғаны біраз елдің көңілінен шыққандығының мысалы. Ақын мінсіз кейіпкер болмысын сомдау барысында өмірде орын алуы мүмкін жағдайды ойдан алып қосқан. Сөйтіп Жаңғабыл әрекеті арқылы ағайын-туыстың, кедейкепшіктің мұңын мұндап, жоғын жоқтайтын, әділетсіздікке жаны қас саналы ел басының бейнесін жасамақ болған. Шығарма мәтінінің үнемі қозғалыста болып, әрқандай өзгерістерге ұшырапотыруы– халықәдебиетіжанрларынатән шарттардың бірі. Ел ішінде бар ескі мотивтерді жаңаша өңдеп, қосымша оқиғалармен толықтыру сияқты барлық фольклорлық туындылардың өн бойында жүріп жататын табиғи процесс тарихи жырларға да жат емес. Тағы бір атап айтар нәрсе сол – халық әдебиетінде түрлі нұсқадан толық мәтін құралмайды. Жыр нұсқалары үнемі қатар дамып,толысып жасай береді.

«Әрине, ауызша үрдістегі қазақ ақындарының шығармаларынан тарихилық іздестіргенде, сөз жоқ, әр қилы географиялық аймақта өмір сүрген көркем сөз өкілдерінің тірлік кешіп отырған ортасының өз тұсындағы тарихи -әлеуметтік өзгешеліктері барынша қапысыз ескерілетіні мәлім. Бұл реттен келгенде терістік пен оңтүстік, батыс пен шығысты мекенде ген қазақ ұлысының барлық аймағындағы қоғамда хал-ахуал әмәндә бір-бірінен айырып алғысыз бірдей болған емес. Олай болса бір дәуірде өмір сүрген әр атыраптың ақынының шығармаларындағы тарихи оқиғалардың әр алуан болуы да заңды» (Тілепов, 2004 :243). Мәселен, жыр кейіпкері Жаңғабыл Төлегенов 

– Торғай өңірін жайлап, көшіп жүретін Жаппас елінің биі. Ол Қоқан үкіметіне жағынып жүріп датқа, Орынборға барып Хорунжий атағын алады. Кейін Кенесары жасауылдарын өлтіруге қатысқаны үшін өлкедегі ең беделді тұлғаға айналады. Патша әкімдерінің қолдауымен билікке араласып, байлықтан да кенде болмайды. Сондықтан осы кезде өмір сүрген, Жаңғабылдың патша үкіметі алдындағы зор беделін көрген бұл аймақтағы ақындар оған абырой әкелген «Жасауыл қырған» оқиғасын жырға қосады. «Бұл ру идеологиясымен жырлау әдебі оқиғаны дәл шындығымен бермейді, қарсы руды мұқату, мінеу, өз руының батырын мінсіз жақсы қылып көтеремін деп біржақты шындықты бұрмалай орынсыз дәріптеп айту тенденциясынан туады» (Ысмайлов, 1948: 320).

Р. Бердібаев: «Ғылым үшін жырдың түрлі айтушылары ғана емес, бір орындаушыдан қайталай жазылып алынғандығының да маңызы бар. Табиғаты ауызша тарағандықтан эпос бір айтушының орындауында да әр кезеңде өзгерістерге ұшырап отырады» (Бердібаев, 1989: 34), – дейді.

Қазақ жыршылық өнерінде сақталған осындай заңдылық беріге дейін атақты ақындарымыздың айтушылық тәжірибесінен бой көрсеткен. Белгілі жыр дүлділі Н. Байғанин «Қобыланды батыр»жырының бірнеше нұсқасын білсе, Мұрын жырау «Қырымның қырық батырын» айтқанда бұрыңғы білгендерін өзгеріске түсіріп жырлаған көрінеді. Оның үстіне жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың «Өтеген батыр» шығармасының нұсқаларындағы айырма-өзгешеліктер туралы еңбектер де бар.

Н. Ахметбеков те «Жасауыл қырған» оқиғасын бір емес, екі қайтара жырлады. Ақын қаламынан туған қос нұсқаның көлемінде де айырма көп. Бастапқы нұсқаның ұзын ырғасы бес жүз жолдан тұрса, соңғы нұсқа мың жолдан асып жығылады. Бұл нұсқалардың өлең жолдары, шумақтары бірін-бірі қайталай бермейді. Жырдың оқиғалық өрілімінде де өзгешеліктер мол. Алғашқы нұсқаның нақты тарихи деректің негізінде дүниеге келгені анық. Бұл нұсқада Кенесары басқарған ұлт-азаттық көтерілісінің ақиқаты толық қамтылған. Ал жырдың әуелгі нұсқасынан гөрі соңғысы көркемірек көрінеді. Бірақ мұнда өмір шындығы біраз бұрмаланған.

«Кейде тарихи дәлдіктің бұзудың өзі тарихты білмегендік белгісі емес, нақтылы әлеуметтк тарихи тартыстардың белгісі». Жалпы «Жасауыл қырған» оқиғасын жырлаушы, тарату шы ақындардың екі түрлі бағыт ұстанғаны байқалады. Олардың бір тобы Жаңғабыл ерлігін әспеттеп, өсіре баяндаса, екінші топ қиынқыстау сәттегі Наурызбай мен Байтабын батырға тән іс-әрекеттерге баса назар аударған. Елді елең еткізген осы оқиға Нұрхан Ахметбековтің «Жасауыл қырғынынан» басқа О. Шипиннің «Жеті батырдың тарихы», Шалжанұлы Ақайдардың «1842-1843 жылдардағы Нысанбай ақынның «90 кісіңді өлтірді, алып па едің кегіңді?» деген өлеңінің шешуі» аталатын тарихи мәні зор қолжазба дүниелерде де кездеседі. Олардың идеялық мазмұны, түйіп айтар тұжырымды ойлары да қайталана бермейді. Осы оқиғаға жарық түсірер архив мәліметтері ұсынатын құжаттарда да қайшылықтар ұшырасады. Ендеше бұл қатардағы туындаыларды қағаберіс қалдырмай зерттеп, көркемдік мәнін, тарихи маңызын ашып отыру парыз.

Егер тарихи өлең-жырлардың жасаушылары белгілі оқиғалардың әрі куәгері, әрі қатысушысы боп табылатын халықтың өзі десек, «Жасауыл қырған» оқиғасы туралы тарихи -фольклорлық үлгілерде, Н.А. Криничная айтқандай, тарихтың бұрмалатынын, оқиғаларды халықтың өзінше түсінуін, халықтың тарихи санасының шытырман әрі қайшылықты болып отыратынын, фольклорда түрлі идеологияның қат-қабат келуін, болмысты эстетикалық қабылдаудың ерекшелігін түсінгендей боламыз (Криничная, 1974: 5).

Қорытынды

Тарихижырлархалықтыңазаттықжолындағы күресін бейнелеуде өмір шындығына барын ша жақын келетіні мәлім. «Жасауыл қырғыны» туындысын зерттеп-саралау, нұсқаларының ерекшеліктері мен тарихи сипатын анықтау, кеңестік идеологияның жыр желісіне қандайлық ықпал-әсері болғандығын көрсету, одан белгілі бір қорытындылар жасау өмір қажеттілігінен туындап отырғаны сөзсіз.

Түйіп айтқанда, мақалада «Жасауыл қырғыны» жырының тарихи-көркемдік болмысы дәйектеліп, варианттарының ерекшеліктеріне баға берілді.

 

Әдебиеттер

  1. Мұқанов С. Қазақтың XVIII-XIX ғасырларындағы әдебиет тарихынан очерктер. – Алматы, 1942. – 213 б. Қасымбаев Ж. Кенесары хан. – Алматы, 1993. – 235 б.
  2. Көпеев М. Ғ.А.О.Ғ.К. – 1338 бум.
  3. Шипин О. Ғ.А.О.Ғ.К. – 1337 бум. 2-дәп.
  4. Ахметбеков Н. Жасауыл қырғыны. – Алматы, 1974. – 192 б.
  5. 26 Хабаршы. Филология сериясы. №2 (170). 2018
  6. Бекмаханов Е. Казахстан в 20-40 годы ХІХ века. – Алматы, 1992. – 320 б. Бұхарбай батыр әңгімесі. Ғ.А.О.Ғ.К. – 1338. – 11дәп.
  7. Тілепов Ш. Тарих және әдебиет. – Алматы, 2004. – 375 б.
  8. Ысмайлов Е. Кенесары туралы тарихи жыр-әңгімелер \\ Қазақ әдебиeтінің тарихы. – Алматы, 1948. – 435 б. Бердібаев Р. Кәусар бұлақ. – Алматы, 1989. – 324 б.
  9. Криничная Н.А. Народные исторические песни начало XVIII века. – Ленинград, 1974. – С. 287.
Жыл: 2018
Қала: Алматы
Категория: Филология
loading...