Қазақ тіліндегі соматикалық фразеологизмдердің валенттілігі

Қазақ тіліндегі соматикалық фразеологизмдер әр қырынан зерттелініп жүр. Олар мынадай бағыттарда жазылған: Б.Нағасбекова «Соматикалық фразеологизмдердің көпмағыналылығы», Б.Нұржанова, Б.О.Оспанова «Тілдік дүние бейнесіндегі «көз» соматизмінің фразео-семантикалық өрісі», Д.Б.Рскелдиева

«Соматикалық фразеологизмдердің универсиялық құбылысы», «Ішкі ағзалар ұйытқы болған адамға қатысты соматикалық фразеологизмдер», «Қазақ және ағылшын тілдеріндегі «жүрек» соматизмі», Ш.Мұхамеджанова, М.Рахметуллина «Қазақ және орыс тілдеріндегі самофразеологиялық сөз тіркестеріндегі ұлттық-мәдени компоненттері», А.З.Қазанбаева «Соматикалық фразеологизмдердің қолданысы», Қ. С.Қалыбаева «Түркі тілдеріндегі соматикалық фразеологизмдер», Ш.Т.Кудьярова «Абай өлеңдеріндегі соматикалық фраеологизмдер», А.О.Кәріпжанова «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларындағы соматикалық атаулар ұйытқы болған фразеологизмдер», Б.К.Уызбаева «Қазақ тіліндегі етістікті соматикалық фразеологизмдердің этнолингвистикалық сипаты», Р.Е.Валиханова «Сопостовительное исследования соматизмов казахского и русского языков», М.Т.Сәбитова «Соматическая фразеология как объект сопостовительного изучения», т.б.

Шолудан байқайтынымыз, соматикалық фразеологизмді зерттеушілер де, оның зерттелу бағыты да өте көп. Ал біз соматикалық фразеологизмдерді валенттілігі тұрғысынан қарастырамыз.

Осы тұрғыда фразеологизмдердің сөйлемде жеке тілдік біртұтас бірлік ретінде қаншалықты валентті екенін анықтау – біздің мақсатымыз.

Фразеологизмдер біртұтас күйінде білдіретін мағынасы жағынан Ә.Болғанбаев классификациясы бойынша «етістік мағыналы, сындық мағыналы, заттық мағыналы, үстеу мағыналы» деп 4-ке бөлінеді [1, 110].

Фразеологизмдердің валенттілігін анықтауда оның шартты түрде қай сөз табы қызметінде тұрғанын түсіну маңызды. Сондықтан фразеологизмдердің валенттілігін анықтауда осы классификацияны негізге аламыз.

Валенттілік теориясында валенттілік пен актант ұғымдары бір-бірімен тығыз байланыста қолданылады. Актант (лат.ago қозғалысқа келтіремін, әрекет жасаймын) – 1) етістік арқылы білінетін процестегі адамды, затты білдіретін сөйлем мүшесі; 2) мәтін теориясы бойынша баяндау кезінде адамның (заттың) типтік функциясы; 3) агенс.

Актант – предикат сөздің валенттілігін толықтыратын мағына элементі немесе тілдік құрал, сөз тіркесімділігін басқарушы негізгі сөз. Қазақ тіл білімінде М. Оразов сөйлем құрамына еніп өзекті сөздермен тіркескен сөздердің тіл білімінде актант деп аталатындығын ескерте отырып, «өзекті валенттілік дәрежесін анықтауда актанттардың саны бірден-бір өлшем болып саналатындығына» [2, 200] ерекше назар аударады.

Өзекті сөздің валенттілік дәрежесін анықтау-анықтамауына қарай актанттар негізгі және қосалқы түрлерге бөлінеді. Бұлардың ішінде негізгі актанттар арқылы өзекті сөздің валенттілік дәрежесі анықталса, қосалқы актанттарға мұндай қасиет тән емес. М. Оразов «қосалқы валенттілік жасайтын актанттар сөйлемдегі ойдың толық болуына себі тисе де, түсіріліп қалдырылса, айтылған ойға онша көп зияны тимейді,...ал қажетті валенттілік жасап тұрған актанттар түсіріліп қалдырылса, сөйлемдегі айтылған ой толық болмайды, текстен ол сөзді талап ету байқалып тұрады» деп, негізгі актанттың валенттілік үшін аса қажеттілігін атап көрсетеді. Ал Ғ. Хасанов валенттілік дәрежесін анықтауда негізгі актанттардың маңызды рөл атқарып, қосалқы актанттардың олармен тек селбесіп өмір сүретіндігін айтады.

Валенттілік теориясында актант ұғымымен қатар сирконстант ұғымы да қолданылады. Қазіргі кезде сирконстант ұғымы да, актант тәрізді, семантикалық термин ретінде қалыптасып, актант ұғымына қарама-қарсы қойылады. Бұл екі ұғым да сөз мағынасымен байланысты болып келеді. Бірақ олардың арасындағы айырмашылық та сөз мағынасымен байланысу сипатына қарай анықталады. Актант – сөз семантикасының бір бөлігі ретінде оның құрамына кірсе, сирконстант, керісінше, сөз семантикасының бір бөлігі бола алмайды. Сондықтан сөз мағынасын анықтауға қатысы да әлсіз болады.

Л. Теньер сирконстанттарды сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері ретінде көрсетеді. Бұдан семантикалық актант пен сирконстант арасындағы шекараны анықтаудың семантикалық валенттілік үшін аса маңызды екендігі көрінеді. Сөздің семантикалық валенттілігі мен семантикалық актанттары сол сөз арқылы сипатталатын жағдаятты талдау барысында анықталады [3, 119-124].

Қазақ тілінде адамның дене мүшесіне байланысты қалыптасқан соматикалық фразеологизмдер өте көп. Солардың ішінде «көз»-ге қатысты соматикалық фразеологизмдер бірінші орында, олардың жалпы саны – 172. Олардың ішінде: етістік мағыналы – 135, сындық мағыналы – 16, заттық мағыналы – 16, үстеу мағыналы – 5.

Валенттілік талдауымызда «көз» соматиз мі арқылы жасалған фразеологизмдердің ең көбі – етістік мағыналы соматизмдер. Сондықтан біз «көзге» қатысты соматикалық фразеологизмдердің етістік мағыналы түріне толығырақ тоқталуды жөн көрдік. Ал олардың валенттілігін анықтау үшін біз сөйлемдер арқылы олардың валенттілік санын тауып алуды ұйғардық.

Бірвалентті деп беріп отырған мына сөйлемдерде, мысалы, Сіз сияқты жанашырым болса, түбі менің халім жаман болмас,-деді Жұмабек көз жанарының уытын төгіп, қызға күлімсіреп қарады (Т.Ахтанов). Бұл сөйлемде Жұмабек көз жанарының уытын төгіп қарады, яғни фразеологиялық тіркес тек қана субъектіні ғана талап етіп тұрғандықтан, бұл фразеологизм бірвалентті болып саналады. Кемпір мен шал қайғыда еді, өткен жылы баласы аман-сау елге келіп, қарттардың көз жасы тыйылды (Ауызекі тіл). Бұл сөйлемді алсақ, қарттардың көз жасы тыйылды деген бірвалентті тіркесті байқаймыз. Демек, етістік мағыналы фразеологизм бірвалентті болу үшін ол тек қана субъектіні талап етіп, өзіне тіркестіре алуы шарт.

Енді келесі сөйлемдерге назар аударайық. Мысалы, Абайды көргелі үндемей ойланып қалған Тоғжан күлген жоқ, бірақ одан көз алмай тұр. (М.Әуезов). Мұнда Тоғжан көз алмай тұр, одан көз алмай тұр деген екі тіркес пайда болды. Яғни фразеологизм тек қана субъектіні ғана емес, сонымен қатар объектіні де талап етіп тұр. Демек, бұл сөйлемдегі фразеологизм – еківалентті. Кейін төсекте жатқанда, осы ұзақ тұрмыстың әр сәтін көз алдынан өткізіп, қоштасарда қысқан нияз қолының саусағына батқан ізін сезініп, мейірленіп жатады. (Т.Ахтанов). Бұл сөйлемде жасырын тұрған ол жіктеу есімі қатысып тұр. Яғни ол көз алдынан өткізіп, тұрмыстың әр сәтін көз алдынан өткізіп деген тіркестер пайда болады. Мұнда да етістік мағыналы фразеологизм субъект пен объектіні талап етіп, екі мүшені өзі бағындырып тұр. Демек, бұл да – еківалентті. Айқын, сен бізден көз жазбай, батысқа қарай бетте (Ә.Әбішев). Бұл сөйлемде де сен көз жазбай, бізден көз жазбай деген еківалентті қатынасты көреміз. Демек, етістік мағыналы фразеологизм еківалентті болу үшін ол субъект пен объектіні, яғни толықтауыш мүше қатысқан сөзді талап етуі қажет.

Алайда, етістіктің валенттілігін анықтауда екі ұшты пікірдің бар екенін естен шығармағанымыз дұрыс. Л.Теньер мен С.Д.Кацнельсонның пікірлерінде алшақтық бар екенін ескерсек, біздің валенттілікке келтірген мысалдарымыз да өзгеріске ұшырайды деген сөз.

Мысалы, Теньер бойынша бірвалентті деп саналатын мына сөйлемдегі соматикалық фразеологизм Әр келген сайын қаймақ көрген мысықтай, мені көзімен жеп болады (Ө.Қанахин) Кацнельсонда еківалентті болып шығады. Теньер пысықтауышты «актант» деп санамайды, яғни әрекетке қатыспайды. Бұл жағдайда мені көзімен жеп болады деп алып, оны бірваленттінің қатарына енгіземіз. Ал Кацнельсон белгілі бір сөздердің басқа да сөздермен қандай да бір комбинация құрып, байланысуын «валенттілік» деп есептейді. Мұндай жағдайда фразеологизм пысықтауышты та, басқа сөйлем мүшелерін де тіркестіруге қабілетті. Демек, мені көзімен жеп болады, қаймақ көрген мысықтай көзімен жеп болады деген еківалентті фразеологизм пай да болады. Осындай бірнеше мысалдар келтіре кетейік: Әлі көзі түгел жоғалып болмаған ескі адам мынадай момын колхозшының момындығы арқасында қағаберісте отырып көз бояп, ескі қырсық мінездерін жасайды (М.Әуезов). Бұл сөйлем Теньер бойынша бірвалентті болып саналады. Мұнда етістік мағыналы фразеологизм ескі адам көз бояп деген бір тіркесті ұйымдастырып тұр. Ал Кацнельсон бойынша, ескі адам көз бояп, момындығы арқасында көз бояп, қағаберісте отырып көз бояп деген үшвалентті фразеологизм болады. Темір мен Вера әп-сәтте көз­ ден ғайып болды (Ә.Әбішев). Бұл сөйлем Теньер бойынша, Темір мен Вера көзден ғайып болды деп бірвалентті болса, ал Кацнелсон бойынша, Темір мен Вера көзден ғайып болды, әп-сәтте көзден ғайып болды деп еківалентті тіркес болады. Бүгін таң алдында барлық өткен өміріме көз жүгірттім, – деді Ержан (Т.Ахтанов). Теньер бойынша бұл сөйлемдегі фразеологизм еківалентті болып саналады: мен көз жүгірттім, өткен өміріме көз жүгірттім. Ал Кацнельсон бойынша мен көз жүгірттім, өткен өміріме көз жүгірттім, бүгін таң алдында көз жүгірттім деген тіркес құрап үшвалентті саналады. Және бір мысал: Таяқ жесе де, Елена Павловна жылаған баланы уатып, алдында қарусыз елге қожаңдап тұрған Хитровты көзімен атып тұр (Ә.Шәріпов). Бұл сөйлемдегі етістік мағыналы фразеологизм Теньердің пікірінше, Елена Петровна көзімен атып тұр, Хитровты көзімен атып тұр деген еківалентті, Кацнельсонның пікірінше, Елена Петровна көзімен атып тұр, Хитровты көзімен атып тұр, таяқ жесе де көзімен атып тұр деген үшвалентті фразеологизм деп танылады.

Осындай талдау жасай келе, қазақ тіліндегі соматикалық фразеологизмдердің валенттілігін анықтауда С.Д.Кацнельсонның пікірін қолдағанымыз дұрыс деп есептеймін. Себебі етістік сөйлемге қатысатын барлық сөйлем мүшелерін өзіне бағындырып байланысады. Демек, «Көзге» байланысты соматикалық фразеологизмдердің де етістік мағыналы түрлері толығымен басқа сөйлем мүшелерін өзіне оп-оңай бағындыра алады. Сол себепті олар бірвалентті, еківалентті тіркеспен шектелмей, үшвалентті, төртвалентті комбинация құруы әбден мүмкін.

Көз соматизмінен кейінгі фразеологиялық тіркесті көп құрайтын келесі дене мүшесі – бас. Олардың жалпы саны – 140. Етістік мағыналы – 105, зат есім мәнді – 11, сын есім мәнді – 18 және үстеу мәнді – 3.

Көз соматизмі арқылы жасалған фразеологизмдердің етістік мағыналы фразеологизмдері ең валентті екенін мысалдармен дәлелдедік. Енді бас соматизмі арқылы жасалған фразеологизмдердің етістіктен басқа сөз табы мағынасында жұмсалатын түрлерінің валенттілігін анықтап көрейік. Мағрипаның бас­аяғы түзу бала болған соң, маңайындағы жақсы да, жаман да құда болғысы келеді («Айқап»). Сөйлемдегі бас-аяғы түзу фразеологизмі осы контексте сын есім мағынасында қолданылып тұр. Мұнда фразеологизм бір ғана субъектіні өзіне бағындырып, Мағрипаның бас-аяғы түзу деген бір ғана валенттілік жасап тұр. Басқа тепсе кетпейт­ ін ырысымсың ғой (С.Омаров). Бұл сөйлемдегі фразеологизм де сын есім мағыналы, бірақ бұл сөйлемде ол валентті емес тіркесімді, яғни ол өзіне тіркестіруді немесе өзін толықтыруды қажет етпейді, керісінше, фразеологизм өзі ырыс сөзіне тіркесіп анықтауыш қызметінде жұмсалып тұр. Сәтекеңнің үйіндегі молда бас терісі келіспеген неме еді (Б.Майлин). Сатып алған, жалынып бас ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ (Абай). Бұл сөйлемде де бас ұрып алған фразеологизмі сын есім мәнді, валенттілік қасиетке ие болып тұрған жоқ, өзінен кейінгі сөзбен тіркесіп, анықтауыш қызметінде жұмсалып тұр. Бұдан шығатын тұжырым сын есім мағыналы фразеологизмдердің валенттілігі контекст ыңғайында ғана анықталады. Сын есім мағыналы фразеологизмдер жеке тұрғанда өзін толықтыруды қажет етпейді. Талданған үш сөйлемнің бірінші сөйлемінде сын есім мағыналы фразеологизм (бас-аяғы түзу) контекст ыңғайында кімнің? деген сұрақ арқылы субъектіні қажет етіп тұр, әрі бала сөзін анықтап, онымен тіркесімділік құрап тұр. Осы фразеологизм сөйлемде әрі валентті, әрі тіркесімді. Келесі екі сөйлемдегі сын есім мағыналы фразеологизмдер тек тіркесімді болып тұр. Менің сізбен ешқандай бас араздығым жоқ, айтсам жөнін айтам (М.Иманжанов). Ал мына сөйлемде бас араздығым жоқ деген соматикалық фразеологизм зат есім мәнде жұмсалып, менің бас араздығым жоқ, сізбен бас араздығым жоқ, ешқандай бас араздығым жоқ деген үшвалентті болып тұр. Сол сияқты Ұрыс тағдыры минаның дәл мезгілінде жарылуында, әйтпегенде бізден үш есе көп бұл бас кесерлерге төтеп беру мүмкін емес (Ж.Саин) деген сөйлемде де бас кесерлерге соматикалық фразеологизмі зат есім мәнде жұмсалып тұр. Мұнда үш есе көп бас кесерлер деген тіркес бір жағынан валентті болса, ал екінші жағынан бас кесерлерге төтеп беру мүмкін емес деп тіркесім жасап тұр.

Келесі талдайтын фразеологизмдер ауыз соматизміне байланысты. Ауыз соматизмі арқылы жасалған фразеологизмдер де етістік мәнді, зат есім, сын есім, үстеу мәнді болып бөлінеді. Енді ауыз соматизмі арқылы жасалған үстеу мәнді фразеологизмдердің валенттілігін анықтап көрейік. Шілдесінде шырақ көрмеген байқұс, аузы жарып ас ішті дейсің бе, сұғанақтанбай қайтсін (Ауызекі тіл). Бұл сөйлемдегі аузы жарып фразеологизмі әрі валентті, әрі тіркесімді. Себебі аузы жарып фразеологизмі тәуелдік формада тұрып, ілік жалғаулы логикалық субъектіні талап етіп тұр. Екінші жағынан осы фразеологизм тіркесімді. Етістік баяндауышпен тіркесіп, әрекетті сипаттап тұр. Сәулеге оңаша айтармын деген сөзін айта алмай, Баян бәйбішенің де аузына құм құйылып қала берді (Ә.Әбішев). Мұнда да үстеу мәнді фразеологизм (ауызна құм құйылып) әрі валентті әрі тіркесімді. Өйткені фразологизм тек субъектіні талап етіп тұр. Әрі өзінен кейінгі етістікпен тіркесіп қимылдың сипатын білдіріп тұр.

Мейрамның сөзін алғаш естіген Жанәбіл, қазір аузының суы құрып айтып отыр (Т.Ахтанов). Бұл сөйлемде де фразеологизм валентті әрі тіркесімді. Валентті болатыны – субъектіні талап етіп отыр, ал тіркесімді болатыны – етістікке тіркесіп, оны сипаттап тұр. Үстеу мәнді соматикалық фразеологизмдер контексте валентті, әрі тіркесімді болады. Үстеу етістіктің сипатын білдіру үшін пайда болған тіркесімді сөз табы. Солай бола тұрғанмен, контекст аясында валентті де бола алады. Кері атты беріп тұрып:

-Айта көрме, ауыз бастырығымыз болсын, -деп аттандырды (Ел аузынан» кітабынан). Бұл сөйлемде соматикалық фразеологизм (ауыз бастырық) зат есім мәнде жұмсалып, бір валентті тіркес болып тұр. Елде ауыз бірлік жоқ екен, бүгін сендер мені хан сайлағандарыңмен, анау сияқты бір тентектерің ертең-ақ менің де басымды аларына күмәнім жоқдеп киізден түседі де жүре береді (Шешендік сөз). Бұл сөйлемдегі соматикалық фразеологизм (ауыз бірлік) де зат есім мәнде жұмсалып, бір жағынан валентті болса, екінші жағынан тіркесімді болып тұр.

Талдаудан байқағанымыздай, зат есім, сын есім, үстеу мәнді соматикалық фразеологизмдер де валентті бола алады. Тек олардың валенттілігі етістік мағыналы фразеологизмдер сияқты анық көрінбеуі мүмкін.

Көптеген лингвисттердің пікірінше, зат есімдердің валенттілігі тілде қолданыла бермейді, сондықтан зат есім тек қана факультативті (қосымша) валенттілікке ие. Зат есім валенттілігі сол зат есімнің ішкі семантикасында көрінбейді, ол сөйлемде лексикалық ортада, яғни семантикалық қатарда ғана жүзеге асады.

Сын есімдер мен үстеулер предикат ретінде қолданылса, оның зат есімнен жасалған бір актанты болады. Егер олар атрибуттық қатынаста құралса, анықтайтын сөзден кейін орналасады да субъект актант ретінде қолданылады [4, 70].

Демек, зат есім, сын есім, үстеу мәнді фразеологизмдер валентті болу үшін сөйлем ішінде қатар тұруы немесе мағыналық жағынан байланысып бағынуы керек. Ол етістік мәнді фразеологизм сияқты анық көрінбеуі мүмкін. Алайда оларды мағынасы арқылы тауып алуға әбден болады. Сонымен қатар, олар да етістік мәнді соматикалық фразеологизмдер сияқты бірвалентті, еківалентті, тіпті үшвалентті де болуға қабілетті. Қорыта келе, етістік мағыналы соматикалық фразеологизмдер сөйлемді аяқтаушы предикат болғандықтан валенттілік жасауға өте бейім. Ал қалғандары предикатты анықтаушы болғандықтан, олар сөйлем ішінде өзіне бір мүшені бағындырып валенттілік жасауы мүмкін. Зат есім, сын есім және үстеу мәнді фразеологизмдер кейде сөйлемді аяқтап, валенттілік жасауға қабілеттілігі арта түседі. Сөйлемнің барлық мүшесін де өзіне бағындыруға қабілеттілігі артады. Ал кей жағдайларда мүлдем валенттілік жасамауы мүмкін. Ол соматикалық фразеологизмдердің мағыналық, қызметтік өзгеріске ұшырауына байланысты екенін ескеруіміз керек.

 

Әдебиеттер

  1. Болғанбаев А.Қалиев Ғ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы – Алматы: Санат, 1997. – 256 б.
  2. Гак В.Г. Л.Теньер и его структурный синтаксис // Основы структурного синтаксиса/ Автор книги Теньер Л.-М.1988.
  3. Сыздықова Г.О. Валенттілік теориясындағы актант ұғымы туралы // Вестник ПГУ №2, 2010.
  4. Тихомирова Е.А. Английские фразеологические единицы с соматизмами.
Жыл: 2015
Қала: Алматы
Категория: Филология
loading...