«Культ» концептісінің тілдік репрезентанттары

Тіл білімінде культтік наным-сенімдердің зерттеу тарихы әріден басталғанымен, қалыптасу заңдылықтары әлі де ашылмаған. Жекелеген кандидаттық диссертациялар мен мақалалар болмаса, «Культ» лексемасын өз жұмысымызда алғашқы рет концепт тұрғысынан зерттеуге талпыныс жасаймыз. «Культ» концептісі – жалпы түркілік деңгейде әлі күнге дейін толық қарастырылмаған, салыстырмалы түрде жете зерттелмеген соны тақырып. «Культ» лексемасы біздің жұмысқа дейін тарихи-этнографиялық, діни, мифологиялық, философиялық тұрғыдан ғана қарастарылды. Біздің мақсатымыз культтік ұғымдарды лингвистикалық тұрғыдан қарастыру. Олар когнитивті лингвистикаға да, тіл мәдениетіне де, социолингвистикаға да, мифологияға да, этнографияға да тікелей қатысы бар ғылымның бірнеше саласының басын бір жерге тоғыстыратын ауқымы кең этнолингвистикалық мәселе. Мұны қазақ, қырғыз, өзбек, татар, тува, хакас, алтай, шор, якут (саха) т.б. ірілі-ұсақты түркі тілдерінен келтірілген этнолингвистикалық материалдардан анық байқауға болады. Міне осы айтылғандардың бәрі де түркі тілдес халықтардың мәдениеті мен тілдеріндегі, дүниетанымдық түсінігіндегі культтік фразеологизмдерге жете мән берудің қажет екендігіне көз жеткізеді. Әрине, олардың бәрін бір жұмыста түгел қамту мүмкін емес, сондықтан біз оларды қазақ тіліндегі тиісті этнолингвистикалық параллелдерді саралаудың бірегей ғылыми-танымдық көрінісі ретінде қарастырдық.

Әр түрлі этностар мен олардың әлемге көзқарасының, салтсанасының, дүниетанымының көрсеткіші болып табылатын құндылықтар дүниесіне қатысты ұғымдар когнитивтік, концептуалдық, семантикалық, структуралық, этнолингвистикалық, тақырыптық және семиотикалық тұрғыдан көп аспектілі мәселе. Ол тіл мен ойлау, ойлау мен танымның, сананың бейнелік, эмоционалды-экспрессивтік ерекшеліктерінен тұратын, деректі және дерексіз ұғымды көрсететін, тілдік құбылыстардың ішіндегі номинациялық және семиотикалық моделдері қалыптасқан тілдік бірліктер арқылы көрініс тапты. Осындай тіл қазынасындағы халықтың жаратылыс құбылыстарын бағалауға бағытталған культтік ұғымдар, культтік фразеологизмдер құндылық категорияларының мағыналық құрылымындағы, семантикалық тұлғасындағы кодталған әртүрлі ақпараттарды айқындау тіл білімінің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.

«Культ» концептісі қандай да болмасын халықтың рухани-мәдени концептілер жүйесінде өзіндік орны бар концептілерінің бірі. Рухани мәдениет адамдардың қоршаған дүниеге көзқарасы, діни танымы, наным-сенімі, мінез-құлқы, қабілеті т.б. ұғымдар арқылы танылады. Культ өзінің абстракциялы сипаттамасы бойынша өте күрделі. Мәселен, діннің шығуын, таралуын және түрлерін мифологиялық, тарихи, этнографиялық тұрғыдан зерттеушілердің бірі – кеңес одағы кезіндегі атақты ғалым С.А.Токаревтің

«Ранние формы религии» деген ғылыми еңбегі [1] дүние жүзі халықтарының мәдениетіндегі алғашқы қауымдық діни наным-сенімдердің шығу мәселесі мен культ түрлеріне арналған. Он да ғалым алғашқы наным-сенімдер тотемизмді, шаманизмді, нагуализмді, магизмді, анимизмді, бақсылық және жерлеу культін, алғашқы қауымдық культ, кәсіптік культ, аграрлық культ, отбасы культін, құрбандық шалу культін, тау культін, т.б. діни, этнографиялық тұрғыдан қарастырды.

Ертедегі культ концептісінің барлығы дерлік діни наным-сенімдердің негізінде қалыптасқан, сондықтан оларды теология, мифология, этнография тұрғысынан қарастыратын ғылыми еңбектер. Мысалы, С.Н.Ақатаев «Культ предков у казахов и его этногенетические и иторико-культурные истоки» деген кандидаттық диссертациясында аруақтар культіне, күн культіне, жер-ана культіне тоқталады [2], Хорезм өзбектерінің дінін зерттеуші Г.П.Снесарев «О причинах сохранения религиозно-бытовых прежитков у узбеков Хорезма» деген зерттеу еңбегінде [3] ислам діні, шаманизм, анимизм, магизм және аруақтар культі, табиғат культі, қасиеттілер культін философиялық тұрғыдан қарастырады.

Зерттеу тақырыбына тікелей қатысты бағалы деректер «Мифы, культы, обряды, народов зарубежной Азии», «Символика культов и ритуалов народов зарубежной Азии», «Культ солнца в мифологии якутов» деп аталатын жинақтардан [4] табылды. Ал ертедегі діни наным-сенім, әдетғұрып, мифологиялық нанымдар жөнінде қазақ халқында Ә.Т.Төлеубаевтың «Реликты доисламских верований в семейной обрядности казахов (ХІХ начале ХХ в.)» [5], қырғыз халқында Т.Д.Баялиеваның «Доисламские верования и их пережитки у киргизов» [6], өзбек халқында Г.П.Снесаревтың «Реликты домусульманских верований и обрядов у узбеков Хорезма» [7], алтай халықтарында А.М.Сагалаевтың «Мифология и верования алтайцев. Центрально-азиатские влияния» [8] деген еңбектерінде құнды мәліметтер беріледі.

Түркі тектес халықтардың мәдениетінен, атап айтқанда, наным-сенімдерінен, мифологиялық дүниетанымдарынан, салт-тәстүрлері мен әдет-ғұрыптарынан, тұрмыс-тіршілігінен орын тепкен сан-алуан культтік ұғымдар мен культ түрлерінің, культтік фразеологизмдердің зерттелу жайына келетін болсақ, бұл да ғалымдардың назарынан тыс қалмаған мәселе екенін айта кеткен жөн. Оларды Г.Н. Потанин, В.В. Радлов, Ш. Уәлиханов, Ә. Марғұлан, Ә. Диваев, М. Аджи, Ә. Қоңыратбаев, А. Аманжолов, Қ. Жұбанов, Р. Сыздық, К. Байпақов, Т. Жанұзақов, Х. Арғынбаев, С.А. Қасқабасов, А. Махмұтов, Б. Сағындықұлы, С.Н. Ақатаев, О. Сүлейменов, Ә.Қ. Ахметов, С. Қондыбай, А.Б. Салқынбай, Қ. Аронов, Қ. Ғабитханұлы, т.б. ғалымдардың еңбектерінен де кездестіруге болады.

Бүкіл әлем халықтарының, оның ішінде түркі тілдес басқа халықтардың наным-сенімдерімен байланысты культтік ұғымдар, культ түрлері мифтер мен аңыздар туралы нақты деректер бүкіл әлем халқының мифологиялық сөздігінде берілген.

Түркі тілдес халықтардың әдет-ғұрпы, мәдени өмірі ортақ болған. Түркі тілдес халықтардың толық тізімі қырыққа жетеді. Олардың ішінде алты тәуелсіз мемлекет бар: Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан республикалары. Түркі тілдес халықтардың этнографиясы мен тілдері әлі күнге дейін толық зерттелініп болған жоқ.

Түркі халықтарының салт-дәстүрінде ерекше орын алатын табу мен эвфемизмдердің этнолингвистикалық жүйесі және олардың этномәдени негіздері туралы ғалым Ә.Қ.Ахметов «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер» [9] деген тарихи-салыстырмалы этнолингвистикалық еңбек жазған. Бұл салыстырмалы лингвистика, когнитивті лингвистика, социолингвистика, тіл мәдениетіне, этнографияға тікелей қатысы бар ауқымды, кең, өте құнды этнолингвистикалық зерттеу жұмысы. Қ.Ғабитханұлының «Нанымсенімге байланысты қазақ тіліндегі тұрақты тіркестер» деген диссертациялық жұмысында халықтық наным-сенімдер мен ырымдарға қатысты қазақ тіліндегі тұрақты тіркестерді этнолингвистикалық тұрғыда қарастырылды [10].

Түркі халықтарының мекені, этногенезі, тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы мен кәсібі, әдет-ғұрпы, мәдениеті мен өнері, әдебиеті мен музыкасы, тілі, ділі ұқсас болғанымен оларды түркітануда үш үлкен топқа жіктейді. Біз қарастырып отырған қыпшақ тобындағы – қазақ, қарлұқ тобындағы – өзбек, қырғыз-қыпшақ тобындағы – қырғыз халықтарының тілінің арасындағы ортақ түркілік ұқсастықтары мен әр топтың өзіне тән айырмашылықтары бары белгілі және олардың болуы да заңды. Өзге де ТМД елдері сияқты, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан да егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіздік алып, өздерінің тарихын жаңа тұрғыда жазып, түркі негізді тілдеріне бәрі де ерекше мән беруге кірісті. Қазір бұл үш ел мызғымас, берік одақ құрып отыр. Тегі бір қазақ, қырғыз, өзбек халықтарының достық тамыры тереңде жатыр. Мың жылдықтан бері келе жатқан ортақ тарихы бар, мәдениеті мен дәстүрі, тілі мен діні бір, жері мен суы да бір. «Қазақ, қырғыз – бір туған. Жүзіміз ұқсас, жүрегіміз бір, тіліміз ұқсас, тілегіміз бір» дегенді бауырлас екі халық қайталаудан танбай келеді. Өйткені қырғыз бен қазақ – егіздің сыңарындай, ырым-сырымы бір, дүниетанымы, менталитеті ұқсас, тағдыры мен тарихы ортақ, ежелден сырлас, мұңдас халық. Қазақтар

«Өзбек өз ағам» десе, өзбектер қазақты «қанатым, қамқор бауырым» дейді. «Қозақ иолдашың болса, иолдан адашмәйсан» – деп өзбек ағайындар қазақ бауырларын жоғары бағалаған.

Культтік лексиканы зерттеу – дінді зерттеу емес, ол тіл арқылы халықтың ертедегі рухани байлығын, рухани-мәдени өмірін, дүниетанымдық болмысын, наным-сенімін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін жан-жақты қарастыру, байымдау болып табылады. Культтік атаулар – кез келген халықтың тілінен орын алған ауқымы кең этнолексикалық қабатты құрайды [11].

«Культ» концептісінің жан-жақты қырларын сан алуан лексикографиялық дереккөздер талпыныс жасайды. Лексикографиялық деректер культ концептісінің тілдік репрезентанттары түрлерінің семантикасын, олардың бейнелік мағыналарын ашуға және әр лексеманың уақыт ағымындағы мағыналық өзгерістерін анықтауға жол ашады.

Қырғыз тіліндегі сөздікте берілген мағыналарды жинастырсақ, қырғыз тілінде аталмыш лексеманың мынадай мағыналары тіркелген. Культ: 1. Табынуу, сыйынуу. Байырқы элдерин күнгө табынышы; 2. рел. Диний ырым-жырымдардын жыйнағы. Ыймам, поп, т.б. [12, 315].

Қазақ тіліндегі атеистік сөздікте: Жаратылыстан тыс күшке байланысты діни әрекеттер жиынтығы делінген. Онда діни табынудың екі түрі айтылады: 1) магиялық 2) мейрімденушілік. Культ латынның «cultus» – «күту», «сыйлау», «құрметтеу» деген сөзінен алынған [13, 144].

Мәдени-философиялық энциклопедиялық сөздікте: Культ – күтім, құрметтеу. Культерекше тылсым күшке сену бағытында жасалатын қимыл, әдет-ғұрып, салт-жоралар жиынтығы. Культ – орталығы түрлі ғибадат етер заттары бар храм, табынатын үйлер. Көп жағдайда көркем шығармашылықтың классикалық үлгісі де культтік қызмет атқарады. Культтің негізгі түрлері – магия (қоршаған ортаға бір тылсым күштің әсер етуі, арбау); тілек тілеп жалбарыну, шарапат күту (Құдайға, рухқа, Аллаға, Аруаққа жалбарыну); қасиеттілер культі [14, 139].

Мифологиялық сөздікте: «Культ» лексемасы латынның «cultus» – «сыйыну, табыну, жалбарыну, бас ию, құрметтеу» мәнінде жұмсалатын сөзіне қатысты қалыптасқан. Культтің тарихи түрлері: тотемдік культ, шамандық культ, жерлеу культі, алғашқы қауымдық культ, кәсіптік культ, аграрлық культ, отбасы культі, құрбандық шалу культі, т.б. Кейде культ обьектіге байланысты бөлінеді: күн культі, ай культі, аспан культі, су культі, от культі, тау культі, аруақтар культі, тірі жәндіктер культі және т.б.» [15, 555]. Қазақ және қырғыз тілдерінің лексикографиялық деректерінде тіркелген мағыналардың ұқсастықтарымен қатар бірқатар алшақтықтары да байқалады. Екі тілдегі лексемалар мағыналарының сан жағынан алшақтылығының өзі екі халықтың ұғымдық, дүниетанымдық ерекшеліктерін аңғартады.

«Культ» ұғымы қазақ және қырғыз этникалық мәдениеттері үшін әмбебаб категория болып табыла отырып, мағыналық және басқа компоненттерінде көрінетін өзіндік ұлттық ерекшеліктерімен өзгешеленеді.

Лексикографиялық дереккөздерде тіркелген мағыналарынан байқағанымыздай, аталмыш ұғым қазақ және қырғыз халықтары үшін жоғары дәрежелі абстракциясы бар ұғымдарға жатады. Жоғарыдағы деректер бойынша культ лексемасының тіркелген мағыналарынан абстрактілі, материалдық емес, бір затты құрметтеуге, киелі заттарға табынуға, жаратушы күштерге сыйынуға, жалбарынуға, діни наным-сенімдерге, қатыстылық т.б. ақпараттық, бөліктерін бағамдауға болады. Сондықтан түркі тілдеріндегі (қазақ, қырғыз) аталмыш сөздіктерден алынған культ лексемасы түсіндірмелерінің барлығы бұл тілдердегі аталған концептінің ұғымдық аясын, қабатын құрайтын ерекшеліктерін байқауға болады..

Сөздіктерде берілген мағыналарды жинастырсақ, аталмыш лексеманың мынадай танымдық мағыналарын тіркеуге болады. «Культ» лексемасы «сыйыну», «жалбарыну», «табыну», «құрметтеу» сияқты етістіктер төңірегінде топтастырылған кең ұғым, культ дәстүрлі діндердің, діни наным-сенімдердің әдет-ғұрыптық жағы, дәлірек айтсақ, культ – діннің әдет-ғұрыптық жағы (құрбандық шалу, тасаттық беру, намаз оқу, ораза ұстау, құрбан айт өткізу); осы әдет-ғұрыптарды өткізу кезінде қолданылатын құралдар (Құран, жайнамаз, тасбих, садақа, діни адамдардың киімдері, т.б.) төңірегіндегі ұғымдар.

Зерттеудің нәтижесі бойынша «Культ» ұғымының тілдік ішкі құрылымында Сыйыну → Жалбарыну → Бас ию→ Табыну → Құрметтеу лексемалары өмір сүреді. «Культ» концептісі жүйесіндегі «сыйыну», «жалбарыну», «табыну», «құрметтеу» сөздерінің тілдік-танымдық моделі ерекше мәнге ие. Культ: 1) сыйыну (Құдай, Алла, тәңір, хақ, раббы, жаббар, жаратқан, жаратушы ие, жасаған, ием); анимистік ұғымдар (аруақтар культі, жерлеу культі, т.б.); 2) жалбарыну (арбау, мадақтау); 3) табыну, тотемдік, магиялық (сөз магиясы, киелі сандар, бата, алғыс, қарғыс сөздер; біреуге табыну немесе біреуді қадірлеу немесе құдайларға табыну, көсемге табыну); 4) құрметтеу, фетиштік (әулиелі, киелі жерлер, т.б.) діни наным-сенімдерге негіз болады.

«Культ» ұғымының мазмұнын, өрісін, түрлерін анықтайтын фреймдер жүйесін былайша көрсетуге болады:

Культтің тарихи түрлері дырдың жазуы, бұйрығы; Құдай алдында айыпты, күнәһар болмау; басқан түскен қиындыққа көну; ризашылық білдіру (алғыс, бата, тілек); наразылық білдіру (қарғыс, ұрсу, зеку); тәубешілік жасау; кешірім сұрау, өтіну; табалау (дұшпандарын); шошыну (жағасын ұстап); бар әлемді жасаушы ұлы күш, құдырет иесі деп сыйлау.

Культ обьектіге байланысты

Аспан культі

Табиғат культі

Ай культі

Су культі

Күн культі

От культі

Жұлдыз культі

Ағаш культі

2-фрейм

Кəсіптік культ

Магиялық культ

Фетиштік культ

Құрбандық шалу культі

Тотемдік культ

Анимистік культ

1-фрейм

Отбасы культі

Аграрлық культ

«Культ» концептісін құрайтын фреймдер жүйесін төмендегі кесте арқылы көрсетуге болады (1-кесте).

Қорыта келе, Культ концептісінің маңыздылығы анықталып, бұл лексемалардың ассоциациялық өрістері ажыратылып топтастырылды. Біріншіден, қазақтардың тұрмыс-салттық, діни ырым-жораларының рухани-дүниетанымдық көзқарастарының түп қайнары тым тереңде жатқанын көреміз әрі жазба ескерткіштер мен археологиялық деректер бір-бірін еш қайшылықсыз толықтырып отырады; екіншіден, культ концептісіне қатысты культтік фразеологизмдер лексика-семантикалық топтарға топтастырылса, үшіншіден, сол классификация бойынша оларға этнолингвистикалық сипаттама беріліп, қазақтың ұлттық болмысын танытатын коннотация сипаты нақты дәлелденіп, осы жіктелген культтік фразеологизмдердің антропоце-

Шамандық культ

Зерттеу барысында «Культ» концептісі мынадай концепт-фреймдер жүйесіне бөлінді: жаратушының құдіретімен тілдесу; жаратушы күштерден көмек сұрау; табиғаттың тылсым күштеріне жалыну; жан-жануарларды пір тұту; аруақтарды құрметтеу; әулиелі жерлерге мінәжат ету; тағ-

нтристік парадигма аясы айқындалды; төртіншіден, құрылымы мен мазмұны жағынан ұқсас аталмыш концептілірден туындаған культтік фразеологизмдер көптеп кездеседі. Бұны түркі халықтарының тарихи сабақтастығынан деп түсінеміз.

1-кесте

«Культ» концептісі

жаратушының құдіретімен тілдесу

жаратушы күштерден көмек сұрау

жаратушы күштерге жалыну

табиғаттың тылсым күштеріне жалбарыну

жан-жануарларды пір тұту

аруақтарды құрметтеу

әулиелі жерлерге мінәжет ету

тағдырдың жазуы, бұйрығы

құай алдында айыпты, күнәһар болмау

басқан түскен қиындыққа көну

ризашылық білдіру (алғыс, бата, тілек)

наразылық білдіру (қарғыс, ұрсу, зеку)

тәубешілік жасау

кешірім сұрау, өтіну

табалау (дұшпандарын)

шошыну (жағасын ұстап)

бар әлемді жасаушы ұлы күш, құдырет иесі деп сыйлау

Культтік лексемалардың бейнелілік компоненттері қазақ, қырғыз тілдік санасында ортақ болып келсе, символикалық бөліктерде әр халықтың танымында өзіндік ерекшеліктері байқалды.

«Жаратушы күштер» концептісінің лексикалық бірліктері бойында сан ғасырлар бойы халық тәжірибесінде жинақталған білімдер көрініс тапқан. Культтік фразеологизмдер адам санасында бейнеленген сыртқы дүниені танудың бірлігі – концептінің тілдік көрінісі және аталмыш фразеологизмдер рухани-мәдени өмірдің формасының көрсеткіші болып табылады. Қазақ, қырғыз, өзбек тілдердегі культ, культтік фразеологизмдерге қатысты атауларды лексика-семантикалық, этнолингвистикалық тұрғыдан олардан туындаған тілдік бірліктерді когнитивтік, лингвосемиотикалық табиғаты зерттелді. Туыстас тілдердің жүйелілік-құрылымдық статусы сараланды, жан-жақты сипатталынып, анықталды.

Зерттеу барысында Культ және оған қатысты атаулардың, тұрақты тіркестердің танымдық тұрғыдан қарастырылуының негізгі үлгісін, олардың ішіндегі ең өзекті «КУЛЬТ» этномәдени концептісінің когнитивтік моделі «Культ» → Абстрактілі категория → Табыну → Құрметтеу → Сыйыну → Жалбарыну деген мифологемалары арқылы анықтауға тырыстық. Соған сәйкес культ элементтерінің лингвосемиотикалық бірліктері талданып, оның құрылымына қатысты атаулардың уәжділігі әлеуметтік-мәдени, табиғи-тарихи ортамен байланысты қарастырылды.

 

Әдебиеттер

  1. Токарев С.А. Ранние формы религии. – М.: Политиздат, 1990. – 622 с.; Ранние формы религии. – М., 1964. – 283 с.
  2. Акатаев С.Н. Культ предков у казахов и его этногенетические и иcторико-культурные истоки. Дисс....канд. философ.– Алматы, 1973. – 191 с.
  3. Снесарев Г.П. О причинах сохранения религиозно-бытовых прежитков у узбеков Хорезма. // Советская этнография.– 1957. – № 2. – С. 82.
  4. Мифы, культы, обряды, народов зарубежной Азии. – М.: Наука, 1986; Символика культов и ритуалов народов зарубежной Азии. – М.: Наука, 1980.
  5. Толеубаев А.Т. Реликты доисламских верований в семейной обрядности казахов (Х1Х-нач. – ХХв.). – Алма-Ата: Наука, 1991. – 214 с.
  6. Баялиева Т.Д. Доисламские верования и их пережитки у киргизов. – Фрунзе: Илим. 1972. –170 с.
  7. Снесарев Г.П. Реликты домусульманских верований и обрядов у узбеков Хорезма. – М.: Наука, 1969. – 336 с.
  8. Сагалаев А.М. Мифология и верования алтайцев. Центрально-Азиатские влияния. –Новосибирск: Наука, 1984. – 120 с.
  9. Ахметов Ә.Қ. Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер (салыстырмалы этнолингвистикалық зерделеу). – Алматы: Ғылым, 1995. – 176 б.
  10. Ғабитханұлы Қ. Наным-сенімге байланысты қазақ тіліндегі тұрақты тіркестер: фил. ғыл. канд. дис: 10.02.02. – Алматы, 1995. – 182 б.
  11. Рысбаева Г.Қ. Древнетюркские верования в языковой картине мира // Наука и новые технологии. – Бишкек, 2009. –№ 7. – С. 271-274.
  12. Русско-киргизский словарь / Под ред. К.К. Юдахина. – М., 1957. – 990 с.
  13. Атеистің қалта сөздігі / Орысшадан ауд.Д. Мадеев, Е. Сапуанов, А. Бермаханов. –Алматы: Қазақстан, 1988. –288 б.
  14. Мәдени-философиялық энциклопедиялық сөздік / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева және т.б. – Алматы: Раритет, 2004. – 320 б.
  15. Мифологический словарь / Гл. ред. Е.М. Мелетинский. – М.: Советская энциклопедия, 1990. – 672 с.
Жыл: 2015
Қала: Алматы
Категория: Филология
loading...