Қазақ тілін оқытуда инновациялық технологияларды қолдану

Бүгінгі таңда қазақстандық жоғары білім беру жүйесінің алдына қойылған негізгі міндеттердің бірі де бірегейі – мамандарды даярлау жөніндегі мемлекеттік тапсырысты сапалы деңгейде орындау жолындағы жаңашыл ізденістер мен білім берудің инновациялық технологияларын енгізу.

Бұл мәселе білім беруге байланысты барлық дерлік құжаттарда көрсетіліп келеді.

Сондықтан да жоғары білім беру мекемелерінің инновациялық бағдар ұстануы басты міндет болып табылады.

Арнайы тоқталып өтетін болсақ, жоғары оқу орындарының инновациялық бағытта қызмет етіп жатқандығын, оқылатын пәндердің инновациялық мазмұндылығының белгілі бір өзіндік кейпі анықталатынын көреміз.

Ол кейпі мынадай ерекшеліктерден тұрады:

  • инновациялық бағытты ұстанған жоғары оқу орны нарық заманына толық бейімделген болып келеді.
  • ондай жоғары оқу орнында интеграциялық/ кіріккен білім беру бағдарламаларының рөлі жоғарылайды.
  • білім беру қызметін жоғары оқу орнынан тыс жерлерде де көрсете алады.
  • құзыретті мамандармен толық қамтамасыз етілген болып келеді.

Өз болмысынан инновациялық жоғары оқу орны көшбасшылық рөл атқаратыны белгілі. Инновациялық бағытта қызмет ететін жоғары оқу орындарында студент пен оқытушылық-профессорлық құрамның білім алып, оқыту барысы өте жайлы, қауіпсіз, денсаулық сақтау шаралары бар, яғни дәрігерлік көмек, тамақтану, спорт, психологиялық көмек беру, ақпараттық орталық тегіс қызмет етіп, студенттерге жайлылық жағдай толық жасалынады.

Инновациялық бағыттағы жоғары оқу орнында тек сырттан алып келінген инновациялық өнімдерді ғана қолданылып қоймайды. Онда өзіндік жаңа инновациялық өнім әзірлеп шығару жұмыстары да жолға қойылып жатыр. Бұл ретте электрондық оқу құралы, қашықтан оқыту жүйесі, компьютерлік тестілеу тағы басқа толып жатқан университет мамандарының көмегімен даярланантын өнімдерді де атауға болады.

Соның арқасында жоғары оқу орны ─ білім ордасы ғана емес, өзі де жаңалықтарды игере отырып білім алатын орын бола алады.

Жоғары оқу орнының инновациялық бағыты үш түрлі болып келеді. Олар:

  1. Курстар мен пәндерді оқытудың мазмұнын жаңалау. Яғни студент білім мазмұнын біліп қоймайды, өз бетімен білімін өмір бойы жалғастыру әдістерін меңгеріп, соған лайық құзыреттерді дамытуға бейімделген болуы тиіс.
  2. Студенттің барлық дерлік пән бойынша тек «бағынышты тыңдаушы» ретінде емес, өзі алып жатқан білімін өзі оқытушымен тығыз араласа отырып меңгеруге қабілетті және ықыласты болуын мүмкін ету.
  3. Пәндерді оқытуда ғылым мен техниканың соңғы жаңа нәтижелері болып табылатын жаңа технологияны кең түрде қолдану. Яғни ақпараттық, технологиялық, ұйымдастырушылық, коммуникациялық компоненттерді жоғары оқу орындарында оқыту үдерісінің тұрақты компоненттері ретінде қалыптастыру.

Инновациялық технологиялардың жетістіктерін қазақ тілі сабақтарында қолданудың кейбір жолдарына тоқталайық.

Қазақ тілін оқытуда ғаламторды пайдаланудың тиімділігі ерекше. Ғаламтордың сабақта қолданатын екі қыры да маңызды болып саналады: оның біріншісі – ғаламтордың телекоммуникациялық мүмкіншіліктері, ал екіншісі – компьютер арқылы мультимедиалық мүмкіншіліктері.

Қазақ тілін экономика мамандығын меңгеріп жатқан студенттерге оқытуда ғаламторды оның бірінші қызметін пайдалану барысында оқу және әдістемелік материалдарды тез, әрі артығымен табуға болады.

Қазақ тілі сабағында «Еуразиялық экономикалық интеграция» тақырыбын меңгерту барысында студенттерге http://economy.gov.kz сайтын қарауды ұсынуға болады. Оның ішінде http:// economy.gov.kz/kz/economy/9932/67570/ тараушасын ашу, «Еуразиялық экономикалық интеграцияның даму кезеңдері» тақырыбындағы мәтінді ашу, көшіру, оқу және сөздік жұмысын жасау тапсырмалары ұсынылды. Бұл – түпнұсқа мәтін болғандықтан, оқытушы алдын ала өзі де дайындалып, мүмкіндігінше аудиоматериал ретінде жазып алуы қажет. Сонда ғаламтордың компьютерлік-телекоммуникациялық мүмкіншіліктері бірден пайдаланылады.

Қазақ тілінен онлайн сабақтар ұйымдастырудың да өзіндік ерекшеліктері мол. Онлайн сабаққа дайындалуда оқытушы студент үшін ар-

найы файл дайындайды. Ол файлда тілдік және лексикалық материалдар, қазақша бейне және аудио материалдар, мәтіндер, лингводидактикалық тестілер болады.

«Қазақстан жастарының бейнесі» тақырыбындағы онлайн сабақтың құрылымын көрсетуге болады.

Сабақтың барысы:

«Қазақстан жастарының бейнесі» тақырыбына байланысты жаңа лексикамен таныстыру. Ол үшін дыбысталған слайдтарды қолдануды ұсынамыз. Өйткені онда бейнефильмді де, суретті де, сөздерді де орналастыруға болатыны белгілі. (М.Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңі бойынша).

Жаттықтыру жұмыстары:

  1. Жаңа лексиканың айтылуын, оқылуын фонетикалық жаттықтыру: «сенемін, айбатты, қайратты, күшті қанатты, от ойнар, жалын бар, ар, жас қырандар, ұмтылған, көздегені, көк аспан».
  2. Жаңа лексиканың түрлі жағдаяттарда айтылуына жаттықтыру. (Түрлі стильдегі сөйлемдер құрастыруға да болады.)
  3. Жаңа лексиканы мәтінге қатысты талдау. Өлең мәтінімен тыңдау, оқу, жазу, сөйлесу жаттығуларын орындау.
  4. Жаңа лексиканы түрлі коммуникативтік жағдаяттарда қолдануға үйретуші жаттығулар орындату. Сұхбаттар құрастырту. Сұхбаттар арқылы жаңа лексиканы толығымен қолдануға жаттықтыру. Барлық сұхбаттар оқытушы өзі, не болмаса арнайы аудио арқылы әзірленіп тыңдатылады.
  5. Керекті грамматикалық тақырыпқа байланысты жаңа лексиканы жаттықтыру. Грамматикалық жаттығулар орындату.
  6. Қазақ тілінің теориялық және қолданбалы грамматикасынан материалдар беру. Ондағы ержелер мен мәтіндегі сол ережеге лайық лексиканы сәйкестендіру.
  7. Тестілер орындату.
  8. Үй тапсырмасын беру.
  9. Барлық орындалған жаттығулар мен тапсырмаларды студент оқытушыға тапсыруы міндеттеледі. Оқытушы тексеріп, бағалап, студентке кейбірін ойланып тағы дұрыстап орындауға, ал кейбірін тікелей орындауына қарап бағалайды.
  10. Барлық онлайн сабақтардың өзіндік әдістемелік қоры алдын ала әзірленеді де, студентке олардың атаулары мен оларды қай жерден алуға болатыны көрсетіледі. Әдістемелік қорда қазақша бейнефильмдер, аудиоматериалдар, лексикалық және грамматикалық жаттығулар жинақтары, мәтіндер жинағы жинақтаулы болады.

Қазақ тілін оқытуда «қашықтан оқыту технологиясын» қолданудың да қазіргі кезде қажеттілігі мен маңызы айқындалып келеді.

Қашықтан оқытуды ұйымдастырудың қазіргі кезде қазақстандық жоғары білім беру жүйесіне ену барысы әлі де көптеген жұмыс атқарылуы тиіс. Өйткені қашықтан оқыту жүйесін қалыптастыру және толыққанды түрде оқыту үдерісінде қолданудың шешілуі тиіс бірнеше қырлары әлі де анықтала түсуін қажет етеді. Қазақстандық жоғары білім беру жүйесінің тек елімізде ғана емес, сонымен қатар көрші және алыс жатқан елдерде де қажеттілікке ие болуы қажет.

Қашықтан оқыту жүйесінің дүниетанымдық қыры танылуы аса маңызды. Өйткені білім мазмұны – өзгермейтін догмалық сипаттағы қалыпта қалмайды. Адам танымының көкжиегі қаншалықты кеңейген сайын, ол жаңалықтар жоғары білім беру жүйесінің мазмұнына еніп отыруы керек. Инновациясыз университеттегі білім мен шынайы өмірдің өзара сәйкессіздігі орын алып, білім өмір талаптарына жауап бере алмайтын халге түседі. Қазіргі кездегі заңгерлер мен экономистердің мамандығына байланысты қызмет таба алмауы арқылы көрінеді. Заңгер мен экономистер шамадан көп дайындалумен байланыстыратын пікірлердің қате екенін атап кету керек. Себебі заң мен экономика ілімдерінің жанды бейнеге енген қазақстандық экономикалық үдерістің тізгінін ұстауға жеткіліксіз болып жатқандығынан екенін мойындай алмай отырмыз.

Қашықтан оқыту жүйесінің заңдылық-құқықтық қыры осы қашықтан оқыту жүйесінің заңмен байланысты көптеген мәселелерінің шешілуін талап етеді. Оқылатын сағат саны, емтихан, курстан курсқа көшу мәселесі, диплом, оқытушының еңбекақысы т.б. мәселелер қалай есептелетіні туралы мәселелер анықталуын керек етуде.

Қашықтан оқыту жүйесінің теориялық және практтикалық қырларын кең арнада анықтау да маңызды мәселелердің қатарында танылады. Бұл мәселелер қашықтан оқыту жүйесінің дидактикалық қырларын да қамтиды.

Әрине, қашықтан оқыту технологиясы оқу материалының біртұтас жинақталып берілуінен және техникалық құралдарды тиімді қолдану есебінен дәстүрлі оқытудан арзан болар еді және білім алушылар аудиториясының санаулылығын, шектеулілігін жояр еді.

Қашықтан оқыту технологиясының тиімділігін мынадай ерекшеліктерінен айқын тани аламыз: білім берудегі икемділігі, модульдігі, білім алушының атқарып жүрген басты кәсібімен байланыстырыла берілуі, рентабельділігі, яғни экономикалық тиімділігі оқыту уақытының бір уақыт пен мезгілге тәуелді еместігі, ақпараттық технологияны кең жүйеде қолдану мүмкіндігі (тіпті қажеттілігі). Бұл ретте қазақстандық жоғары білім беру жүйесінде қолданыла бастаған moodle виртуалдық білім беру жүйесін атап кету керек.

Қазақ тілін оқытуда Оқу телевизиясын қолданудың да табыстылығы үлкен. Елімізде қабылданған Оқу телевизиясын қолдану туралы тұжырымдамасының негізінде ашылған [3] «Білім» арнасы – білім беру үдерісінде оқу телевизиясын қолданудың көрінісі.

Оқу телевизиясы – көретін және еститін оқу ақпаратын ашық, не тұйық телевизиялық жүйе арқылы қашықтан жеткізу тәсілі. Негізінде телевизияның өзі синтетикалық өнер түрі ретінде, кадрлардың композициясы арқылы, ірі және жалпы үлкейте көрсетуі арқылы, монтаждық мол мүмкіндігі арқылы көрген адамға ерекше эмоциялық әсер бере алады. Сөз, фильм мен мәтіннің, не сурет, фотоның монтаждары көрген адамға түрлі және мол ақпаратты бір арнаға жинап бере алады. Сол көптеген амалдары арқылы телевизия өзінің көркемдік тәсілдерінің динамикасымен студентке білімдік ақпаратты жеткізуде, түсіндіруде жақсы тірек болады. Қазіргі «Білім», «Мәдениет» арнасында берілетін түрлі білімдік және танымдық ақпараттарды қазақ тілін оқытуда үйлесіммен қолдануға болады.

Ал жоғары оқу орындарындағы дербес оқу телевизиясын ұйымдастыру және оны курстарды оқытуда қолдану үшін әлі де болса, көптеген ұйымдастырушылық жұмыстар жетілдірілуі керек.

Қазақ тілін оқытуда инновацялық технологияларды қолданудың мәселелері өте көп. Қазіргі кезде қазақ тілінен көптеген контенттер әзірленді және жинақталынды. Қазақ тілін ана тілі ретінде тереңдете оқыту үшін және екінші тіл ретінде оқытуға арналған сайттарды (soyle.kz) студенттерге қолдануды ұсына отырып, ондағы тапсырмалар мен тестілерді орындау жолдарын түсіндіріп отыру қажет[4,15]. Аударма жұмыстарын орындауда көмекші болатын (sozdik.kz, soylem.kz). Ақпараттық-танымдық материалдарды тауып оқу үшін el.kz сайтына сілтеме жасап, қазақша кітаптарды тауып оқуда kitap.kz, nabrk. kz cайттарын қолдануға кеңес беріп отырамыз.

Қазақ тілін оқытуда инновациялық технологияларды қолдану мәселесі – заман дамуынан, заман тынысынан артта қалмай, өмірдің қарыштаған қарқынына ілесіп отыру дегенді білдіреді. Сондықтан бұл тақырыпты күнделікті қазақ тілін оқыту тәжірибемізбен толықтырып, зерттеп, барлық мүмкіндік пен жаңалықтарды қазақ тілін сапалы үйрету жүйесіне енгізудің тиімді жолдарын қарастырып отыру міндетті болып табылады.

 

Әдебиеттер

  1. http://emag.iis.ru/arc/infosoc/emag.nsf/BPA/4e997577beaa6b6fc325765f0051b1d5: Формирование новой образовательной системы Республики Казахстан в эпоху информационных технологий (Национальный доклад Казахстана на II Международном конгрессе ЮНЕСКО «Образование и информатика»)
  2. http://www.chem.msu.su/rus/books/2013/science-education-2013/036.pdf
  3. Концепция создания и развития учебного телевидения в Республике Казахстан
  4. Құрман Н.Әбушәріп Ә. Оқытудың инновациялық технологиялары//–Астана, 2014. – 150 б.
Жыл: 2015
Қала: Алматы
Категория: Филология
loading...