ЖОО-да жаңа сапалық білімді қалыптастырудағы инновациялық технологиялардың әдістемелік сипаты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемнің білім беру кеңістігінде өз мақсат-мұраттарын анықтап алған, бәсекеге қабілетті ЖОО ретінде танылуы үшін оқыту, білім беру жүйесінде көптеген талап-міндеттерді жүзеге асыруды көздейді. Жаңа сапалық білімді қалыптастыру да оқыту үрдісіндегі ғылыми-әдістемелік жетістіктердің орны ерекше болмақ. Оқыту үрдісіне инновациялық технологияларды енгізу арқылы білімдік тұрғыдан жан-жақты қаруланған, өмірлік қажеттіліктерін жүзеге асыра алатын дербес интеллект иесін, әлеумет тік тұлғаны қалыптастыру да келелі мәселелердің бірі. Рухани жан-дүниесі бай, ақылы кемел, жазу, сөйлеу мәдениеті жоғары деңгейде дамыған субъектіні тәрбиелеп қалыптастыру – қара шаңырақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басты міндеті.

Технология ұғымын жүйелеуде көптеген терминдер тілдік қолданыста пайдаланылып келеді: «инновациялық технология», «жаңа технология», «озық технология», «интербелсенді технология», «педагогикалық технология», «педагогикалық инноватика», «инновациялық процесс», «шеберлікпен оқыту» т.б. Қазіргі тіл білімінде «қарқынды оқыту технологиясы», «жаңаша жаңғыртып оқыту технологиясы», «интербелсенді оқыту технологиясы», «сын тұрғысынан ойлау технологиясы», т.б. технологиялардың қолданылып жүргені баршаға аян. Аталған инновациялық технологиялардың ішінде «сатылай кешенді талдау технологиясының» орны мен қызметі ерекше. Қазақ тілінен берілген теориялық білімді бекітуде, оны жүйелі де жан-жақты меңгеруде бұл технология басқа технологиялармен салыстырғанда оқ бойы озық тұрады.

Оқыту технологияларының көпшілігі әдіс-тәсілдердің көп түрлілігімен әрі жаңа білімді проблемалық жағдаят арқылы меңгеруге негізделеді. «Проблема» термині энциклопедиялық сөздікте былайша түсіндіріледі: «Проблема – 1) шешуді, зерттеуді талап ететін күрделі сұрақ, міндет; 2) келешектегі зерттеулер саласын қамтитын тұжырымдалған ғылыми сұрақтардың орасан зор жалпыланған жиынтығы» [1, 285]. Соның негізінде проблемалық жағдаят та бір бағытта, бір жауаптың негізінде шешімін табатын мәселе емес. Қойылған сұрақтың нақтылы жауабы болмауы негізінде үйренушілер қарқынды ойлау әрекетін іске қосып, алдына қойылған мәселеге әр қырынан келіп, оны шешуде барынша ат салысуға тырысады.

«Проблемалық жағдай – 1) адамның немесе топтың қызметі өрістейтін, қарама-қайшылығы бар және бір мағыналы шешімі жоқ жағдайлар мен шарттардың арақатынасын белгілеу; 2) танымдық сұраныс жағдай негізінде туатын ойлаудың пайда болуының психологиялық моделі» [1, 285]. Яғни бір проблемалық жағдайдың негізінде үйренушілердің танымдық белсенділіктері мен мәселеге шығармашылықпен келу әрекеттерін жұмылдыру болып табылады. «Пайда болған қайшылықты шешудің бастапқы буыны адамның өзіне-өзі қойған, туындаған қайшылықтың себептері туралы сұраққа жауап іздеуі» [1, 285] болғандықтан, үйренушілердің бойынан ізденушілікті талап етіп, жаңа сапалық деңгейге өтудің алғышарттарын қалыптастырады.

Жалпы технология – шеберлік туралы ғылым. Оқу процесін жандандыру мақсатында ұйымдастырылған, белгілі бір мақсатқа жұмылдырылған, алдын-ала ойластырылған ықпал мен әсер. Ал жаңа технология – оқу-тәрбие үдерісінің шығармашылықпен терең ойластырылған көптеген факторлардың үйлесімділігін және оқыту мен тәрбиенің тиімділігін қамтамасыз ететін; адамның дербес қабілеті мен берілетін материалдың танымдық бірлігін іске асыратын; оқушының шығармашылық мүмкіндігін дамытуға бағытталған, жүйелі білім беруге негізделген сапалы оқыту тәсілдерінің жиынтығы. Инновация – белгілі бір жүйедегі ішкі өзгеріс, жаңашылдық. Бүгінгі күні осындай ұғымдардың бірлікте жұмсалуы оқу үдерісі үшін аса қажетті болып табылады. Ал тіл білімінде бұл ұғымдар әдістемеге қатысты жиі қолданылады.

Қазақ тіл біліміндегі «талдау» – күрделі мәселені жекелерге, аса қарапайым кіші мәселелерге бөлуден тұратын зерттеу рәсімі ретінде көрініс табады. «Тілдік талдау» – тіл бірліктерінің сипаттамаларын, заңдылықтарын, ерекшеліктерін, бөліну жолдарын, бір-бірімен байланысу амалдарын ажыратып саралау дегенді білдіреді. Ал «тілдік талдау технологиясы» – тілдік бірліктерді талдаудың жолдарын оңтайландыру барысында анықталатын тиімді әдіс-тәсілдер жиынтығының жобасы.

«Сатылай кешенді талдау технологиясы» – оқыту мақсаты, міндеттері, әдіс-тәсілдері, өзіндік ерекшелігі бар және үйренушілерге білімді ғылыми негізде сатылай, жүйелі, кешенді меңгертіп, оларға ұлттық құндылықтарды бағалай, қолдана білуге машықтандыратын оқыту түрі [2, 56].

Қазіргі тіл білімінде «сатылай кешенді талдау технологиясының» орны мен қызметі айрықша. Бүгінгі таңда тілдік талдау үлгілері, тілдік талдауды жүргізу жолдары – назардан тыс қалып келе жатқан мәселе. Себебі тілдік талдаудың қажеттілігі, маңызы мен оны жетілдіру жолдары, оның технологиялық жақтан әдістемелік жолдарын ұсыну толық өз мәнінде шешімін таппай келеді. Бұл мәселенің өзектілігін назарға алып, алғаш тілдік талдауды технологияландыруды ұсынған, бұл жолда жемісті еңбек етіп, бірқатар жетістіктерге қол жеткізген – профессор Н.А. Оразахынова. Әдіскер-ғалымның тілдіккешенді талдауды жетілдірудегі «Сатылай кешенді технологиясының» алатын орны ерекше. Қазақ тілін оқыту әдістемесінде тіл бірліктерінің теориялық мәселелерін сатылы құрылым арқылы үйрететін тұңғыш төл технологияның негізін қалады.

Қазақ тіл білімінде тілдің өзекті мәселелеріне ерекше назар аударып, оның теориялық және практикалық әдіснамалық негізін орнатуды мақсат еткен тіл жанашырлары баршылық. Қазақ тілінің теориясын түсіндірумен шектеліп қана қоймай, оны тәжірибелік негізде алғаш талдап дәлелдеген тілші-ғалым – А. Байтұрсынов. Ғалымның 3 бөлімнен тұратын «Тіл – құрал» атты кітабы [3] қазақ тілінің фонетикасы мен грамматикасынан тұңғыш ғылыми пікір мен тұжырымдарын ұсынған, жаңа терминдік атауларды тіл білімінде қалыптастыруға зор үлес қосқан құнды еңбектердің бірі. Дыбыс, әріп, буыннан бастап, сөз тұлғалары – түбір мен қосымшадан сөз таптарына дейін, синтаксис мәселелерін де қамтып, жіктеп жүйелеп береді. Тілдік талдауға қатысты әдістемелік оқыту жүйесі тіл біліміндегі алғашқы баспалдақ болып, көптеген зерттеуші-ғалымдардың негізгі сүйенетін объектісіне, құралына айналды. «Тіл – құралда» біріншіден, теориялық мәліметті жан-жақты түсіндіріп, оны практикалық жақтан ұғындыруда «дағдыландыру» сатысында мәтінмен, жаттығулармен жұмысты қамтыса, келесі «сынау» сатысында алынған білімді толық бекіту жұмысы қарастырылған. «Сынау» деген атау беруде де өзіндік мән-мағына бар. Себебі үйренуші тілдік фактілерді талдау арқылы өзін-өзі сынауға үйренеді. Эмпирикалық білім мазмұнынан рефлекцияға дейінгі кезеңді қалыптастыру міндеті көзделген. «Рефлекция кезеңі шәкірттердің сезімдері мен ойларының көрініс табуын меңзейді» [3, 153]. Бұл – шәкірттің, үйренушінің өздігінен білім алып, ізденіске деген ұмтылысын қалыптастыруға бағытталған бірден-бір шарттарының бірі болып табылады. А. Байтұрсынов өз еңбегінде осы мақсатты көздейді.

«Сатылы-кешенді талдау технологиясы» бүгінгі таңда білім беруде әр түрлі жолдар арқылы жүзеге асып келеді. Бұл талдау түрін тіл білімінің барлық салаларында қолдану өте тиімді. Қазақ тіл білімінің фонетика саласында сатылы-кешенді талдау – негізгі фонемалардың жалпы табиғатын, ішкі сапалық қасиеттерін, жасалу ерекшеліктерін жете меңгертіп, сөз ішінде, сөз аралығында кездесіп отыратын алуан түрлі дыбыс алмасуларының сырын ашуға, белгілі сөздерді, сөз бөліктерін таңбалаудағы ала-құлалықты бірізге салуға үлкен себін тигізеді. Бұл талдауды меңгеру арқылы үйренуші, біріншіден, фонетикалық материалдарды жан-жақты және сауатты талдауға машықтанады; екіншіден, айтылым, тыңдалым, жазылым арқылы фонетикалық ақпаратты сауатты жеткізуге дағдыланады; үшіншіден, фонетикалық материалдарды бірізділікпен жүйелі талдай алады. Грамматика саласында да сөз құрамы мен сөз тіркестерін, сөйлемді жүйелі талдауға, ондағы теориялық мәліметтерді ұзақ есте сақтауға машықтандырады. Жалпы, сатылы-кешенді талдау технологиясы ізденушіні біріншіден, білімді санасына берік шегелеуге; екіншіден, әуезді сөйлеуге; үшіншіден, санада берік орын алған теориялық материалды кез келген уақытта қайта жаңғыртып, тез арада есіне түсіруге; төртіншіден, қажетті жерінде орынды пайдалана алуға, бесіншіден, материалды жүйелі түрде түсініп, ғылыми тілде баяндауға машықтанады. Сонымен қатар, ақпараттық технологиялардың шырмауында жүрген білім алушылардың зейінін тұрақтандыруға бұл технология көп көмектеседі. Өзгенің жауаптарын мұқият тыңдау, ондағы жіберілген қателіктерін дер кезінде аңғару, оны сауатты түрде түзету сияқты іс-әрекеттерге икемдейді. Бұл талдау түрінде, негізінен, «жеңілден күрделіге қарай» қағидасы басшылыққа алынады. Бұл талдау технологиясында «ықшамдау тәсілі» арқылы көптеген тұтас сөйлемге фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, сөзжасамдық, синтаксистік талдаулар жасауға мүмкіндік туады. Үйренушінің ұқсас ұғымдарды тез біріктіріп, жинау, айырмашылықтарының ара-жігін ажырата білу, жекеден жалпыға көшу әрекетін жүзеге асыра алу қабілеттерін ұштай отырып, оларды ой ұшқырлығына баулып, танымдық дүниесінің баюына жол сілтей алады.

СКТТ-ның маңызды ұстанымдары ретінде «тиімділік», «логиканы дамытушылық, «жеке тұлғалық ерекшеліктерді назарға алу ұстанымы», «үнемділік», «Білімді тұрақтандыру ұстанымы мен сауаттылықты арттыру ұстанымы», «Білімді өмірмен байланыстыру ұстанымы», т.б. ұстанымдарын атауға болады.

«Тиімділік» ұстанымы бойынша ізденуші берілген талдау үлгісін тез қабылдап ұғынады. Келесі талдауларды жүргізгенде, еш қиындықсыз есіне оңай түсіреді. «Логиканы дамытушылық» ұстанымы оқушыны тез ойлауын қалыптастырып, дұрыс жолдың, дұрыс әрі жылдам шешім қабылдауға ықпал етеді. Алайда, бұл ретте үйренушінің жас ерекшелігін, психологиялық ерекшелігін ескерген дұрыс. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды басты назарда ұстана отырып, ізденушілік, зерттеушілік әрекеттерін ұйымдастыруға ықпал ету керек. Субъектінің даралық тұлғасы мен ерекшеліктерін ескеру де заман талабынан туындаған қажеттілік. Басқаша айтқанда, «жеке тұлғалық ерекшеліктерді назарға алу ұстанымы» психологиямен ұштасады. Бұл тұста, Ә. Алдамұратовтың «Оқушылардың грамматикалық ұғымдарды меңгеру психологиясы» еңбегі осы жайтты басты нысанға алып, грамматиканы меңгеруде психологиялық фактордың әсерін нақтылап өтеді [4]. Себебі грамматиканы ұғынып-түсінуде шәкірттің көңілі, ынта-зейіні, жас ерекшелігі көбіне-көп ескерілмей жатады. Автор грамматиканы тіл білімінің күрделі салаларының біріне жатқызады да, «Грамматикалық қағидалар – белгілі бір жүйедегі заңдылықтар. Ал мұндай заңдылықтар абстракті ой арқылы жалпы сипатта екеніне оқушылар ақыл-ой зердесімен жете түсінбейді. Грамматикалық заңдылықтар адамның ақыл-ой әрекеттері болып табылатын талдау (анализ), біріктіру (синтез), салыстыру (нәрселер мен құбылыстардың біріне-бірінің ұқсастық, айырмашылық белгілеріне сәйкес ажырата білу), абстракциялау (деректі нәрселердің белгісіне қарап, олардың жалпы, ортақ, мәнді белгілерін ашып көрсету, сезім арқылы танылмайтын қасиеттерін ашып көрсету, жалпылау (бір тектік дара нәрселер мен құбылыстарды тектік жалпылығы кең белгі-қасиеттерге әкеп балау) сияқты операцияларды, ойлау тәсілдерін кеңінен қолданып отыруға жаттықтырып, оларды өрістетуге жете қөңіл бөлінбейді» деп топшылайды [4, 34]. Тілдік талдауды «ізгілендіру» ұстанымы талдауға алынған мысалдардың өміршеңдігін көздеп, үйренушінің дүниетанымын кеңейтуге, рухани жан-дүниесін байытуға себепкер болуы қажет. Ғалым Л.Н. Ермағанбетованың: «Жеке тұлғаның сапалық көрсеткіштерінің бірі – ізгілік қасиеттердің болуы» [5, 3] деуі де қоғамда өз орнын тапқан, адамгершілігі мол, өзін және өзгені сыйлай алатын ақыл-парасатты тұлғаны тәрбиелеу бүгінгі күннің кезек күттірмес келелі мәселелерінің бірі екендігі анық және бұл қағиданы естен шығармағанымыз дұрыс.

Дәстүрлі оқытуда нәтижеге, соңғы шешімге жеткізетін оқытушы, сол себепті, студент бұл кезде тек қана оқытушы ұсынған қорытындыны қабылдайды, басқаша айтқанда, білімді даяр күйінде берудің жолын ұстанады. Яғни ешқандай

дамытушылық мақсат көзделмейді. Ал, инновациялық оқытуда нәтижеге студент пен оқытушының бірлескен әрекеті негізінде жетеді. Бұл жағдайда студент – оқыту үрдісінің белсенді субъектісі.

Оқыту жүйесінде үйренушінің әрекеттік ұстанымын негізге алу көптеген жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік береді (сурет).

Оқу мақсаты

Əдістемелік

с с с

жүйе Оқытушы

с с с

Нəтиже

Сурет – Инновациялық оқытудағы объекті мен субъектілер әрекетінің көрінісі [6, 24]. (Мұндағы с – студент)

Тілдік талдау тарихында жеке дара талдаудан, яғни дәстүрлі үлгіден бастап, тілдік фактілердің көптеген ерекшеліктерін қамтуға қадам жасаған қатар және кешенді талдау жасау үлгісінің біртіндеп қалыптасқандығын байқауымызға болады. Егер дәстүрлі талдауда тілдік талдау жай ғана теориялық материалды практика тұрғысынан тексерудің құралы болса, кешенді талдауда білімді мақсат-міндеттері айқындалған, тұжырымды түрде меңгерту тәсіліне екпіндеп, үдере көшкендігі айқын, әрі тыңнан сара жол салуға бетбұрыс жасаған елеулі өзгеріс екендігі анық.

Cатылай-кешенді талдау технологиясы бүгінгі күнде теориялық мәселені практикалық жағынан бекіту ғана емес, субъектінің барлық танымдық-құзыреттілік ерекшеліктерін есепке алған, жеке тұлғалық дамытушылық мақсатты жүзеге асыра алатын, практиканы өмірмен байланыстыруды көздейтін, тілдік материалдарды біртұтас кешенде қарастыруға мүмкіндік беретін әдіс-тәсілдердің біріктірілген жобасы. Тілдік-кешенді талдауды толық жүргізуге қабілетті үйренуші теория мен практиканы тең дәрежеде меңгерген, өз ойын анық, нақты, дәлелді, тұжырымды жеткізе алатын, өзіндік пікірі мен көзқарастары, өмірлік ұстанымдары қалыптасқан, рухани құндылықтарды бағалай білетін, ізгі, жан-жақты біліммен қаруланған тұлға ретінде танылады.

 

Әдебиеттер

  1. Білім және Ғылым. Энциклопедиялық сөздік / ред.басқ. Ж.Қ. Түймебаев. – Алматы, 2009. – 400 б. – 285 б.
  2. Оразахынова Н.А. Жалпы білім беретін орта мектепте қазақ тілін сатылай кешенді талдау технологиясымен оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері. Пед. ғылым. д-ры ғылыми дәреж. алу үшін дайындал. дисс. – Алматы, 2007. – 185 б. – 153 б.
  3. Байтұрсынұлы А. Тіл – құрал. – Алматы: Алаш, 2005. – 352 б. – 153 б.
  4. Алдамұратов Ә. Оқушылардың грамматикалық ұғымдарды меңгеру психологиясы. – Алматы: Мектеп, 1983. – 52 б. – 34 б.
  5. Ермағанбетова Л.Н. Жай сөйлемді ізгілендіру технологиясы арқылы оқыту әдістемесі (8-сынып) Пед. ғылым. канд. ғылыми дәреж. алу үшін дайындал. дисс. автореф. – Алматы, 2006. – 25 б. – 3 б.
  6. Ермеков Ә. Грамматикалық талдау. – Алматы: Қазақтың мемлекеттік оқу-педагогика баспасы, 1958. – 56 б. – 24 б.
Жыл: 2015
Қала: Алматы
Категория: Филология
loading...