Мақалада қазақ халқының дәстүрлі және қазіргі тілдік санасындағы «гүл» лексемасының ономасиологиялық, семантикалық құрылымы қарастырылады. «Гүл» лексемасына жүргізілген семантикалық концептуалды талдау негізінде ұлттық мәдени фонға ие концепт ретінде тануға болатындығы айқындалды. Қазақ халқының тілдік санасындағы «гүл» лексемасының қандай ұғымдық белгілерді иеленетіндігін айқындау үшін, ассоциативті эксперимент нәтижелері талданды.
Ассоциативті эксперимент нәтижелерін әрі ақын-жазушылар шығармаларының тіліне талдау жүргізу негізінде «гүл» лексемасына байланысты қалыптасқан ұлттық дүниетаным жүйесін, ұлттық ойлау әрекеті, ұлттық психологиясы мен болмысын бағамдауға болатыны айқындалды. Гүл сөз-стимулына берілген ассоциаттардың жиілік кестесі былайша түзілді: «80 әдемілік», «75 сұлулық», «73 нәзік, нәзіктік», «70 хош иіс, жұпар иіс», «70 қыз», «69 махаббат», «63 гүлдей жайнау, құлпыру», «53 көтеріңкі көңіл-күй», «50 өмір», «42 мереке», «37 солу», «35 көктем». Кейбір респонденттер арасында гүл лексемасына қатысты діни таным негізінде қалыптасқан эмоционалды реңкі жоғары, «өзі үшін мәнді» деп саналатын индивидуалды ассоциациялары талданды.
Лингвистикаға енгізілген «әрекет» ұғымы номинация мәселесін ғалам туралы аялық біліммен, экстралингвистикалық факторлармен тығыз байланыста қарастыруға мүмкіндік береді. Бұдан, біз, зат, құбылыс, сапа белгілеріне атау беру халықтық таныммен, ойсанасының өсуімен, ұлттық психология мен менталитетіне байланысты айқындалуы тиіс дегенді пайымдаймыз. Адам әрекетінің тез қарқындап дамуы оның тілінде көрініс табады, соған орай лексикалық жүйеде жаңа атаулар пайда болады, кей тілдік бірліктердің семантикалық аясы, сондай-ақ ұлттық таным жүйесіне сәйкес коннотациялық мағынасы да кеңейе түседі. Осылайша, адамның түрлі ситуациялық әрекеті арқылы түзілген контексте тілдік бірліктер өзара қатынасқа түсе отырып, болмысты бейнеледі.
Қазақ халқының тілдік санасында «гүл» лексемасын ұлттық мәдени фонға ие жеке концепт ретінде тануға болады. Бұл жерде гүл концептісі гипероним ретінде алынып отыр. Бағалауыштық, әрі ұлттық-мәдени ерекшеліктерінің болуына сәйкес «гүл» концептісін лингвомәдени концепт ретінде қарастырамыз. Лингвоконцептологияда концепт ментальді бірлік ретінде тілдік таңбалардың тіл мен сөйлеу коммуникациясындағы семантикасы арқылы зерттеледі.
В.И.Карасиктің пікірінше, мәдени концептілерді лингвистикалық тұрғыдан зерттеу нысанына алғанда мәдениеттану, тарих, психология, этнография сынды пәндердің ғылыми ақпараттары да негізге алынуы тиіс [1]. Мақаланың басты мақсаты – гүл концептісінің тілдік және этномәдени ұғымдық белгілерін айқындау; сондай-ақ гүл лексемасын индивидуалды-көркем сана параметрлермен өлшенетін тілдік бірлік ретінде қарастырамыз, себебі поэзияда гүл негізгі, тірек образдардың бірін құрайды.
Гүл концептісінің тілдік және этномәдени белгілерін айқындау үшін, З.Д.Попова және И.Стернин ұсынған семантикалық концептуалды талдау әдісін қолданамыз. Бұл әдіс бойынша, сөздің лексикалық мағынасының концептілік мағынаға ұласу әрекеті талданады. Сөз мағынасының семантикалық құрылымы өзара иерархиялық қатынастарға негізделген семалар жиынтығын құрайтындығы белгілі. Ал «сема – сөзбен таңбаланатын құбылыстың нақты белгілерін бейнелейтін семантикалық микрокомпонент болып табылады» [2, 1985]. Ендеше, гүл лексемасының семантикалық құрылымына назар аударатын болсақ:
- Түрлі-түсті, үлбіреген хош иісті өсімдіктің жалпы атауы.
- Гүлді өсімдіктердің жыныстық жолмен көбею мүшесі (терм.мағ.).
- Жасөспірім, бүлдіршін (ауыс мағ.).
- Ажар, әр, көрік, келбет (ауыс мағ.) [3, 362].
Қазақ тілінде гүл сөзі қарапайым-тұрмыстық санада айқындалған типтік белгілерімен қатар, ғылыми ұғым атауын иеленіп, өзіне тән терминдік дефинициясы бар арнаулы сөз ретінде танылады. «Гүл» сөзінің дефинициясы лексикалық мағынаның негізгі ядросын құраушы мынадай семалық белгілерді бейнелейді:
«гүлді өсімдік», «түрлі-түсті», «хош иісті», «үлбіреген», «көбею нысаны». Түсіндірмелі сөздікте берілген гүл сөзінің мағынасы оның заттық-ұғымдық мазмұнымен сипатталатын негізгі семантикалық белгілерін қамтиды, бірақ бұл белгілер қазіргі тілдік санада қалыптасқан гүлдің шынайы психологиялық мағынасын толық қамти алмайды.
Жалпы тілдік сана мен когнитивті сананы тілдегі қалыптасқан белгілі тәсілдер, атап айтқанда, ішкі лексикон (А.Залевская), ассоциативті-вербалды жүйе (Ю.Караулов, Н.Уфимцева, Ю.Сорокин), сондай-ақ прецендентті мәтіндер (Ю.Караулов, Ю.Сорокин) арқылы да айқындауға болады.
Тіл адамзат баласының күнделікті өмір сүру тәжірибесінің негізінде қалыптасқан ғаламның қарапайым бейнесін түзеді. Жоғарыда аталған ішкі лексикон, ассоциативті-вербалды жүйеге келетін болсақ, санадағы қандай да бір ұғымның тілдегі көрінісі болып табылады. Ю.Карауловтың пікірінше, ассоциативті сөздіктер «тілдік қабілетті» айқындаудың негізгі құралы болып табылады, өйткені ассоциативті эксперимент нәтижесінде ұлттық сана элементтері, ұлттың дүниеге деген көзқарасы, өзіндік бағасы, ұлттық-мәдени фреймдер, болмысты метафоралық таным тұрғысынан тану сияқты белгілер айқындалады [4, 110-111].
Қарапайым-тұрмыстық санада «гүл» лексемасына байланысты қалыптасқан ұғымдық белгілерді айқындау үшін, еркін ассоциативті эксперимент жүргізілді. Экспериментке гуманитарлық бағытта білім алып жатқан 18-20 жас аралығындағы студенттер тартылды. Жалпы саны – 100. Ассоциативті эксперимент нәтижелерін, әрі ақын-жазушылар шығармаларының тіліне талдау жүргізу негізінде «гүл» лексемасына байланысты қалыптасқан ұлттық дүниетаным жүйесін, ұлттық ойлау әрекеті, ұлттық психологиясы мен болмысын бағамдауға болады. Гүл сөз-стимулына берілген ассоциаттардың жиілік кестесі былайша түзілді: «80 әдемілік», «75 сұлулық», «73 нәзік, нәзіктік», «70 хош иіс, жұпар иіс», «70 қыз», «69 махаббат», «63 гүлдей жайнау, құлпыру», «53 көтеріңкі көңіл-күй», «50 өмір», «42 мереке», «37 солу», «35 көктем». Кейбір респонденттер арасында гүл лексемасына қатысты діни таным негізінде қалыптасқан эмоционалды реңкі жоғары, «өзі үшін мәнді» деп саналатын индивидуалды ассоциациялары да берілген: гүл күрделі функциялы, Алланың шеберлігін танытатын әсем жаратылыс; гүлдің сыбыры – Аллаға мадақ пен зікір. Эксперимент нәтижесі бойынша, қазіргі тілдік санада гүл лексемасы түсіндірмелі сөздіктерде қамтылмаған ұғымдық белгілерді бейнелейтіндігін көреміз. Гүл лексемасының концептілік мазмұны мен лексикалық мағынадағы потенциалды семантикалық белгілерін айқындау үшін, түсіндірмелі сөздіктегі иллюстративті материалдар, сөзжасамдық жүйе, тұрақты тіркестер (гүл жастану – рақаттану, жаны жай табу), тұрақты теңеулер мен эпитеттерді, мақал-мәтелдерді негізге ала отырып, дәстүрлі және қазіргі тілдік санада қалыптасқан ұғымдық белгілерді төмендегідей топтастыруға болады: «хош иісті», «түрлі-түсті», «ажар», «көрік», «жасөспірім», «бүлдіршін», «сұлулық», «әдемілік», «молшылық», «көктем», «пәктік», «күнә». Мұндай ұғымдық белгілер гүл лексемасының семантикалық аясын кеңейтіп, оның лексикалық мағынадан концептілік мағынаға ұласу деңгейін көрсетеді. Мәселен, оның көбею нысаны екендігі метафоралық таным нәтижесінде ауыс мағынада гүл заман, гүлденген қала, гүлстан сияқты тілдік бірліктерінің қалыптасып, өсіп-өну, көбею нысаны ретінде гүл концептісі «молшылық» ұғымымен толыға түскендігін аңғарамыз.
Қазақ халқының тілдік санасы үшін, концепт мазмұнындағы бағалауыштық компонент маңызды саналады. Концептінің бағалауыштық мәні лексикалық фон ұғымымен тығыз байланысты (Е.М.Верещагин, В.Г.Костомаров, Н.А.Купина, О.А.Михайлова, Г.Д.Томахин т.б.). Лексикалық фон ұғымы құрамына сөз семантикасымен тікелей байланысы жоқ, керісінше аялық білім жүйесімен байланысты ассоциациялар; белгілі бір әлеуметтік ортада адамдардың өмір сүру тәжірибесі негізінде қалыптасқан нормалар мен ұлттық-мәдени стереотиптер кіреді. Қазақ мәдениетінде гүлге қатысты этномәдени фон белгілері ретінде «сұлулық», «нәзіктік», «қыз», «бүлдіршін», «көктем», «өмір» ұғымдарын алуға болады. Гүлдің биологиялық тұрғыдан ғұмырының қысқа болуы, гүлді өсімдіктің өзіне тән даму кезеңдерінің болуы (көктеу, гүлдену, солу) образды-ассоциативті түрде адам өмірінің өткінші, бұл өмірдің қамшының сабындай ғана қысқа екенін сипаттауда ауыс мағынада қолданылуына негіз болған. Бұған «гүлдің солуы – өмірдің үзілуі» сияқты ассоциаттар дәлел. Демек, гүл концептісі «жан, адамның жаны» сынды потенциалды семемамен толыға түскен. Аталған этномәдени фон белгілері негізінде ұлттық антропонимдер жүйесінің қалыптасқандығын айта кеткен орынды: Гүлбаршын, Гүлжан, Гүларай, Гүлім, Гүлжайна, Жайнагүл, Қызғалдақ, Раушан, Райхан, Гүлден, Гүлнұр, Нұргүл және т.б. Берілген ұлттық антропонимдер жүйесі «гүл» концептісінің мәдени-бағалауыштық сипатын айқындай түседі.
Әдетте қазақ тілінде гүл сөзі қызыл түспен ассоциацияланады. Ал қызыл түс қазақ халқының ұлттық санасында, ең алдымен, қанның түсін бейнелейді. Ал қанның адам жанымен байланысты екені белгілі. Мұндай сенімді тарихта анимизм деп атайды. Оның себебін архайкалық санадан іздеуге болады. Бұл ойымызды мына бір аңыз дәлелдей түспек: «Ертеде Сұмырайхан деген хан болыпты. Ол ел арасында өзінің жауыздығымен танылған екен. Бірде ол суды өз иелегіне алып, елді шөлге ұшыратқанда, бұл жауыздыққа қарсы шыққан ісмер қыздың бес саусағын шабады. Бес саусақтың жерге тамған қанынан бес жапырақты райхан гүлі өсіп шығады. Туған халқы шебер әрі батыр қыздың құрметіне бес салалы райхан гүлі мен су өрнегін содан бері кестеге, сырмаққа, тұскиізге салатын әдет қалыптастырады» [5, 484].
Сондай-ақ, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында қайтыс болған адамның өсімдікке айналу тұспалының бар екенін байқаймыз. Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың қабіріне жыл сайын екі тал қызыл гүл өсіп шығып, бір-біріне қауышпақ болады. Баян мен Қозының ортасына қара тікенек өсіп, бұларға қадалып, солдырады. Демек, Қозы мн Баян қызыл гүлге, Қодар қара тікенекке айналғандығы жырдың мәтінінде баяндалады. Көптеген халықтардың аңыз-әңгімелерін негіз етіп алатын болсақ, адам қайтыс болған соң, әсіресе, ол құрбандыққа шалынса, өлген адамның қандай да бір мәдени өсімдікке айналуы бар. Академик А.Н.Веселовский адам жанының өсімдікке айналуының үш сатыдан тұратындығын көрсетеді:
- – табиғат пен адамның теңдігі бар;
- – адамның өзі, кейде оның қаны немесе кейбір дене мүшелері өсімдікке айналады;
- – өлгендердің моласына гүл, ағаш өсіп шығады. Бұл аруақтың басқаша сипатта қайта тірілуінің рәмізі екен [6 ,104-106].
Сонымен қатар «қызыл гүл – көктем»,
«қызыл гүл – махаббат», «қызыл гүл – қыз»,
«қызыл гүл – өмір, қысқа ғұмыр», «қызыл гүл
– адамның ішкі жан дүниесі» сияқты ұлттықмәдени, бағалауыштық сипатты иеленеді. Қазақ халқының санасы үшін, гүл концептісіндегі «сұлулық» белгісі, ең алдымен, табиғаттың сұлулығына негізделген. Гүлдің ЖерАнадан өсіп-өнуінің өзі қасиетті, киелі саналады. Табиғаттың жаңаруы, жасаруы, тіршіліктің оянуы көктем мезгіліне сәйкес келгендіктен, гүл – көктемнің басты символына айналған. Жер бетіндегі көптеген халықтар секілді қазақ халқының тілдік санасында да махаббат ұғымы – гүлдің символикалық қасиетімен байланысты көрініс тауып жатады. Мұндай символдық мағыналар гүлдер тілі негізінде көрініс тауып жатады. Мәселен, ақ гүл – адалдықтың, сары гүл – сағыныштың, қызыл гүл – махаббаттың белгісі. Гүлдің мұндай символикалық мағыналарды иеленуі оның түс атауларымен тіркесіп келуімен тікелей байланысты. Мәселен, қазақ халқы сары түсті ұзақтықты, кеңістікті (Сарыарқа, сары дала) бейнелеуде қолданады. Түркі халықтары, оның ішінде, қазақ халқы сары түсті қымбат, бағалы тас алтынмен бейнеленсе, сол алтын (сары түсті) тілшіліктің көзі саналатын күнмен ассоциацияланады (алтын күн). Ал күннің шығуы мен күннің батуы белгілі бір уақыт аралығын қамтитындықтан, сары түс қазақ халқының тілдік санасында ұзақтық, кеңістік сияқты қосымша семаларды иеленуге әкелген, ал ұзақ уақыт бойы көрмеген зат (анаға, досқа т.б.) адам бойындағы сағыныш сезімін оятары сөзсіз. Міне, осылайша сары түсті гүлдер «сағыныш» сезімінің символикасына айналған. Сонымен қатар гүлдің әдемілігі мен нәзіктігі, әрбір гүлдің өзіне тән хош иісінің болуы оны эстетикалық қолданым нысанына айналдырды. Өйткені гүл түрлі мерекелік шараларда эстетикалық нысан ретінде (туған күн, мереке, үйлену тойы, мерейтой, концерт т.б.) қолданылуымен тығыз байланысты.
Ассоциативті эксперимент жүргізу арқылы сөз-стимул мен сөз-реакциялар арасындағы «семантикалық жуықтықты» анықтауға мүмкіндік аламыз. Семантикалық жуықтықтың өлшем бірлігі ретінде сөз-стимулға берілген реакциялардың, яғни ассоциаттардың ұқсастығы негізге алынады. Мәселен, ситуациялық ассоциациялар қатарынан гүл – ара, гүл – көбелек, гүл – гүл сататын дүкен сөз-реакцияларын атап өтуге болады. Берілген тіл бірліктерінің арасындағы семантикалық жуықтықты тірексөз бен ассоциатты жауаптардың түсіндірмелі сөздіктегі дефинициясы негізінде семантикалық құрылымын салғастыру арқылы дәйектеуге болады.
Поэзия тілі сөз семантикасының дамуына ықпал ететін, концепт құрамындағы этносимволикалық ұғымдардың негізі болғандықтан, поэтикалық шығармалардағы гүл концептісінің мәтіндік мазмұнын талдау анализіне жүгіндік. Гүл концептісінің қолданысындағы өзіндік ерекшелік ретінде ақын-жазушылар шығармашылығында философиялық мазмұнында қолданылуын атап өткіміз келеді. Мәселен, көктемгі гүл бейнесі метафоралық тұрғыда бозбалалық, жастық шақты бейнелейді: Жоғалтқаным толып жатыр, Тапқаным не, алғаным не. Ұқсап тұрмын жаны гүл, Жайдары бір ұланға (Т.Молдағалиев). Толып жатыр мендей ақын, Келе жатқан жаңа гүлдеп. Көзім – қорқақ, қолым батыр, Өкпем менің бар ма гүлге (Т.Молдағалиев). «Нәзік, үлбіреген, әлсіз, арнайы күтімді қажет ететіндігі» – гүл концептісінің маңызды ұғымдық белгілері ақын-жазушылар қолданысында әртүрлі модификацияға ие. Көбіне мұндай ұғымдық белгілер қорғансыз заттардың бейнесін бейнелейді (бүлдіршін, нәресте, қыз, қыз махаббатын, ізгілік, жан серігі): Сардана гүлі – сағынышқа өскен сары гүл,Үрдіс жүргенде үстінен аттың танып іл. Сардана гүлдің тамыры мұзда, жаны қыз, Жолыға қалса, жолға да тоқтап алыңыз (). Бәрі жылылықты сүйеді, бірақ, жайлы үйдегі қожайынның ниеті бұзылса, аялаған гүлдері сарғайып түсіп қалады. Қасірет шегіп, бейнет көргенде, шындықты танып, бақыт кешкенде, сіздің іргеңізден ұдайы гүл табылады. Қайғыңызға ортақтасады, қуанышыңызды бөліседі, жалғыздықта серік болады (Д.Амантай).
Ақын-жазушылар тілінде гүлдің алуан түрлі пішіні мен құрылымы, атап айтқанда, үзілген гүл, солған гүл, аяқ астына тапталған гүл, шырайы кеткен гүл негізге алынады. Мұндай тілдік бірліктер гүл бейнесі мен адамның ішкі әлемінің байланысы, оның ішкі жан дүниесін сипаттауда қолданылады. Адам өз мұң-қайғысын осы гүл арқылы бөлісе отырып, оны символдық мағынаға айналдырады: Сабағынан үзілген гүлдей солып бара жатқан ой дүниесі бөлініп шығып, ақтық рет өз қиясын шарлап, ең аяулысымен қимай қоштасады (Т.Ахтанов). Үзілген қызғалдақтай өңі солған, Қабырғаң көрсең аяп қайысқандай (С.Сейфуллин). Демек, гүлге теңелген сұлулық образына қайғы, өлім, мұң қарсы қойылады.
Сондай-ақ, гүлдің жоғарғы әлемнің бөлшегі болу мүмкіндігін иеленіп, тылсым, құпия, жұмбақ нәрселерді бейнелейтіндігін Шәкәрімнің шығармашылығынан байқаймыз. Шәкәрім шығармашылығында гүл концептісі тәңірі, о дүние мен бұ дүние, ақиқат пен жалған, материалдық және рухани дүние сынды бинарлық оппозициясы негізінде қолданысқа ие:
Жүректен шыққан қанымнан, Жиіркенбе, нұр деп біл. Сайраған бұлбұл зарынан, Нұрланады қызыл гүл! Сорлы бұлбұл жазға асық боп, Нұрлы гүлге айтты зар. Көбелек те шамды алам деп, Отқа түсті боп құмар (Шаһкәрім). Гүл//махаббат бейнелі паралелі амбивалентті: гүл образы пәктік (он екіде бір гүлі ашылмаған) пен күнә ұғымымен байланысты қарамақайшы ұғым тудырады. Тазалық пен пәктік ұғымы гүлге дәстүрлі түрде тән болса, ал күнә мағынасы арнайы символикалық ұғымды құрайды. Ақын-жазушылар шығармашылығында гүл концептісі мынадай концептуалды белгілермен толыға түседі: гүл – «көктем», гүл – «адам өмірі», «адам өмірінің гүлденуі», гүл – «ғұмырдың қысқа болуы», гүл – «адамның жаны», гүл – «молшылық», гүл – «құндылық (туған жер, мейірімділік, игі арман, туыстық)», гүл – «тәңір жаратылысы». Мұндай символдық мағыналарды төменде берілген өлең жолдары дәлелдей түспек: Көктем келді, гүл атты. Шыр айналды көбелек (Қ.Аманжолов. Шығ.). Орады гүлге даланы, Қызғалдақ көктем, қыз-көктем (Х.Балшабеков). Хақың жоқ, гүл жазира аймағыңды, Атақты Гүлстаннан кем көруге, Тауларын, өзендерін, ормандарын. Рақат бойың балқып ойға алғаның. Жайқала бер, қызыл гүлім, Төңіректің көзін тартып, Айналаңда қағып күлім, Қыздар жүрсін ән шырқап (Қ.Аманжолов). Қарасаң таңда оянып, Басқандай бір мұң ауланы, Оңғаннан кейін бояуы, Гүлдерде шырай қалмады (Т.Молдағалиев). Сен үшін биікпін мен, жотам ірі, Еменмен кеткен терең тамыры. Сен маған нағашым деп еркелейсің. Әпкемнің ботасының ботагүлі (Т.Молдағалиев).
«Гүл» концептісінің интерпретациялық өрісінде жаңа ұғымдық белгілер емес, жалпыға та-ныс тілдік және ассоциативті-мәдени ұғымдардың модификациялану, трансформациялану үрдісі байқалады. Қазақ тіліндегі гүл лексемасының ментальді түзілімі гүлді арнайы концепт ретінде қарастыруға мүмкіндік береді, өйткені оның мазмұны бағалауыштық мәнге ие. Қазақ ұлттық ғалам бейнесінде гүл адамзат баласы үшін маңызды деген категорияларымен «сұлулық», «махаббат», «өмір», «өлім» байланыстырылады.
Әдебиеттер
- Карасик В.И. Языковой круг: личность, концепты, дискурс. – Волгоград, 2002. – 477 с.
- Попова З.Д., Стернин И.А. Основные черты семантико-когнитивного подхода к языку // Антология концептов. – Т. 1. – Волгоград, 2005. – 315 с.
- Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – V т. – Алматы, 1980. – 505 б.
- Караулов Ю.Н. Показатели национального менталитета в ассоциативно-вербальной сети // Языковое сознание и образ мира. Сб. ст. Отв. ред. Н.В. Уфимцева. – М.: ИЯЗ, 2000. – 320 с.
- Қасиманов С. Алтай аңыздары. – Алматы: Жазушы, 1975. – 187 б .
- Веселовский А.Н. Историческая поэтика. – Москва: Высшая школа, 1989. – 404 с.