Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Жалпы қолданыстағы сөздердің терминдену мәселелері

Бұл мақалада қазақ тілі терминологиясының даму процесіндегі өзгерістер, соның ішінде терминдену құбылысы туралы сөз болады. ХХ ғасырдың соңында туындаған саяси және экономикалық өзгерістерге байланысты тіл білімінің көптеген салаларында, қарастырылып отырған терминология саласында қарқынды даму процесі белең алды. Тарихта бұл «терминологиялық тасқын» деген атау алды. Сөзжасам, терминжасам саласындағы бұрыннан бар тәсілдер жаңаларымен толықты. Солардың ішіндегі лексикалық-семантикалық тәсіл бұрын да, бүгінгі күні де жаңа сөз, термин жасауда өзінің өнімділігін жоғалтқан жоқ. Жалпы халықтық қолданыстағы сөздердің терминдік сипат алуының да бірнеше жолдары бар, солардың ұтымды пайдалануы терминология саласын дамытуда орасан зор рөл атқарады. Алайда сөздің мәнін, этимологиясын жете зерттемеу кейбір қателіктерге алып келеді. Әсіресе араб, парсы тілдерінен келген кірме сөздердің өз орнымен қолданылмауы бүгінгі терминологияның өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Бұл мақала, негізінен, терминдену процесіндегі осы мәселені қарастырады.

Қазіргі тілі білімінде айрықша даму процесін бастан кешіріп отырған лексика саласы болып табылады. тілдік қордың өзгеру жолдары мен формаларының түрлері өте көп, дегенмен лексиканың дамуындағы негізіг жол деп тіл білімінің мамандары неологизация құбылысын атайды.

ХХ ғасырдың 90-жылдары орын алған саяси, қоғамдық жағдайлардың арқасында одақтың құлап, оның құрамындағы республикалардың өз алдарына дербес тәуелсіздік алуына байланысты әр елдің әлеуметтік-экономикалық, техникалық салаларында қарқынды даму процесі жүрді. Қоғамдық өмірдің барлық салаларында орын алған түбегейлі өзгерістер тілдік қорға да салмақты ықпал етті. Соның ең бастысы – тәуелсіздік алған елдердің барлығы орыс тілінің ықпалынан шығып, әр ұлт өздерінің ана тілдерін мемлекеттік тіл етіп қабылдады. Тарихта «Қайта құру» деген атпен қалған реформалық өзгерістер тілде де көрініс тапты. Тіпті бұрынғы тілдік нормалардың қатаң сақталуын қадағалап отыратын цензураның жойылуына байланысты бұл нормалардың біріне өзгерістер енгізілсе, енді біреулерінен ашықтан-ашық ауытқушылықтар белең алды.

Тәуелсіз Қазақстан елінің мемлекеттік тілі – қазақ тілі де ғылым мен техника тілі ретіндегі өз қызметін кеңейту жолына түсті. Кеңестік Одақ кезінде орыс тілінің барлық ғылым саласындағы үлес салмағы басым болды. Терминтанушы ғалым Шерубай Құрманбайұлы сөзімен айтсақ, «Қазіргі қазақ терминологиясының 70-80, кей салада 90 пайызға дейінгі терминдері орыс тілімен түгелдей сәйкеседі». [1, 33]

ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы кезеңді неологиялық тасқын кезеңі деп бейнелеуге болады. Жаңа терминдерді жасауда бұрыннан бар тәсілдер де, жаңа тәсілдер де назардан тыс қалған жоқ. Орыс тіл білімінің ғалымдары да бұл құбылысқа өз пікірлерін білдірді: «на переломе двух веков воплотилась языковая динамика, отражающая движение в сторону актуализации и переориентации семантики одних слов и спад активности употребления других, появление новообразований и устаревание значительных пластов лексики». [2, 202] Осындай бір-бірімен жарыса жүріп жатқан процесте өнімді тәсілдердің бірі сөзжасамның лексикалық-семантикалық тәсілі де кейбір ұмыт болып бара жатқан көне сөздерді тарих қойнауынан алып шықты.

Ғалымдардың еңбектерінде түрліше аталатын терминжасамның бұл тәсілі соңғы жылдары қарқынды қолданыс тауып жүр. Белгілі терминтанушы Ш. Құрманбайұлы терминдену деп атаған бұл тәсіл жалпыхалықтық сипаттағы сөздің терминдік мәнге ие болуын қамтамасыз етеді. Терминтанушы ғалым Д.С. Лоттенің сөзімен айтсақ, «В качестве нового научнотехнического термина часть используется существующее уже обычное слово с сохранением его звукового состава. Например, такие слова как «твердость», «хрупкость», «усталость», «прочность», «выносливость», входили в словарь общелитературного языка задолго до их использования в терминологии». [3, 38] Бұл процестің өзі бірнеше жолдармен жүзеге асады. Мысалы, сөздердің мағыналық жағынан ұқсастығына қарай, заттың сыртқы түрінің ұқсастығына қарай жалпылама қолданылып жүрген сөздер терминденеді. Мысалы, нидерланд механигі, физик, математик, астроном X. Гюйгенс өзінің атақты «Жарық туралы трактат» деген еңбегінде физика ғылымында «толқын» терминин енгізу туралы ойын былайша түсіндіреді:

«Поскольку вместе с тем свет употребляет для своего прохождения некоторое время вопрос, который мы сейчас рассмотрим,из этого следует, что движение, сообщенное веществу, постепенно и, следовательно, распространяется так же, как и при звуке, сферическими поверхностями и волнами: я называю эти поверхности волнами по сходству с волнами, которые можно наблюдать на воде, в которую брошен камень, и которые изображают собой указанное постепенное распространение кругами, хотя оно и происходит oт другой причины и в плоской поверхности». [3, 43]

Алайда қазіргі қазақ терминологиясында қолданысына көп мән берілмей, техникалық құжаттарда әр түрлі келтіріп жүрген ұғымдар баршылық. Солардың бірі – «шыны», «әйнек» сөздері.

Көптеген сөздіктерде «стекло» сөзінің аудармасы ретінде «әйнек», «шыны» деп екі нұсқасын қатар береді. Тіпті бұл екі сөз синонимдер сөздігінде берілген. Иә, бір қарағанда олар бір-бірінің орнына қолдана беретін сияқты, алайда әрқайсысының өзіне тән орны бар екенін тұрақты сөз тіркестері арқылы көруге болады. Мысалы, терезенің әйнегі, көзәйнек деген сөз тіркестері мен шыны аяқ, шыны кесе деген тіркестердегі әйнек пен шыныны бірбірімен алмастырып қолданбаймыз. Бұны олардың этимологиясынан іздеу керек.

«Парсы тілінде «әйнек» сөзінің қара басының өзі-ақ біздегі «көзілдірік» мағынасын бере алады. ... сөз түбірі «көз» мағынасын беретін – «әйн» екен де, ал «эк» қосымшасы жалғанып, қазақ тіліндегі «көзілдірік» ұғымын беріп тұр. [4, 35] Ал «шыны» сөзі čini шағатай, түркі

тілдерінде «фарфор» деген ұғымды білдіреді. Бұл қырғыздардың тілінде чыны чеөчөк, чоң чыны тіркестерінде кездеседі. Қазақтарда да кесені шыны деп атайды, ал шеберлер ағаштан, шиден, тобылғыдан иіп, тоқып, теріден, көннен жасап, форфор ыдыстарды сақтап, тасымалдайтын. сауытты теркеш, кесеқап, шынықап деп атаған (қырғыздарда чыны кап). Тарихшылардың зерттеуінше, кесеқаптың пайда болуы XVIII ғасырда қазақ арасына Қытайдың форфор ыдыстары кеңінен тарай бастаған мезгілге сай келеді. Тарихтан белгілі, араб, парсы, Орта Азия халықтары, қазақтар Қытайды Шын Čin деп атаған. Кейбір деректерге қарағанда, шыны сөзі содан қалған. Осыған орай мынадай тарихи деректі мысалға келтіруге болады: Шығыс Әзірбайжанның Ардебиль қаласында І Аббастың тұсында фарфорды сақтауға арналған «Чини-хане» болған. Онда фарфордан жасалған бұйымдар жиналып, сақталған. Осы деректі өз еңбегінде келтірген Әзірбайжан сәулетшісі Саламзаде А.В. Чини-ханені фарфор қоймасы деп аударған, яғни чини – фарфор. [5, 15] Ал шығыстанушы кейбір ғалымдар дәл осы үйді

«Қытай үйі» деп аударады. Бұл үйде фарфор бұйымдары сақталғанын, ал олардың Қытайдан әкелінетінін ескерсек, аударманың бұл екі нұсқасынан да қателеспейтініміз анық.

Ежелгі орыс тіліндегі цень, ценина сөздерінің түп тамыры дыбыстық өзгерістерге ұшыраған «чини» сөзі екендігіне дәлелдер бар. Мысалы, ценина сөзінің аудармасы көптеген еңбектерде "фарфор, фаянс", цень "глазурь" деп берілген. [6, 102] Осы түбірден «ценинный» анықтауышы туындаған. Орыс ақыны А.С. Грибоедовтың «Кальянчи» поэмасында мынадай жолдар бар:

Рос едва не из пелен, Матерью, отцом, безвинный, В чужу продан, обменен

За сосуд ценинный!

Осы кітаптың түсіндірме бөлімінде «Сосуд ценинный – сделанный из фарфора (фаянса) или покрытый эмалью» деп түсіндіріледі.

Мәскеуде атақты шеберлер Гребенщиковтердің зауыты болған (ценинный завод), осы зауыт туралы, Гребенщиковтердің шеберлігі туралы баяндаған Осетров Е.И. ценина сөзіне мынадай анықтама беріледі: «...Цениной называли изделия из цветной обожженной глины, покрытые непрозрачной эмалью». [7] Дәл осындай анықтаманы КСРО Ғылым академиясы Тарихи-археологиялық институты мен Шығыстану институтының еңбектерінен де оқуға болады, [8] сондай-ақ орыс жазушысы Гоголь Н.В. де өзінің жазбаларында осы мағынада қолданады. [9] Сонымен қатар «цень», «ценина» сөздерінің «чини» сөзі сияқты «қытай» деген мағынасын негізге алатын зерттеушілер де бар.

Енді «стекло» сөзінің орыс тіліндегі анықтамасына назар салсақ, С.И. Ожеговтің түсіндірме сөздігінде: «Стекло 1. Прозрачное вещество, получаемое путем плавления кварцевого песка.

также собир. Тонкий лист или другой формы изделие из этого вещества. Оконное с. Стёкла для очков» деп берілген. [10, 755] Осы анықтамаға сүйенсек, бірінші мағынадағы стекло – шыны, ал екіншісі – әйнек екенін көруге болады. Ал орысша-қазақша сөздікте «стекло шыны, әйнек» деп басында қатар берілсе де, бөлшектеп түсіндіргенде «...матовое стекло күңгірт шыны; ...вставка стекол әйнек салу.

...стекольщик әйнекшітерезеге әйнек салатын жұмысшы; стекольный завод шыны жасау заводы» деп көрсетеді. [11, 970] Бұдан түйетініміз – «әйнек» сөзін «шынымен» ауыстырып қолданудың жөні жоқ. Терезені шынылау, шыны салушы немесе көліктің шынысы (лобовое стекло) деп ешқашан қолданылмайды. Көз дегенді білдіретін «әйн» («ғәйн») сөзінен туындаған бұл сөз арғы жағынан көрінетін немесе сол арқылы көретін ұғымды береді деп топшыласақ, терезенің, есіктің әйнегі, терезені әйнектеу, көзәйнек құрамындағы «әйнекті» «шынымен» ауыстыруға болмайды.

Қате аударылып жүрген сөздердің бірі – «канализация». Шет тілдерінен енген сөздердің түсіндірме сөздігінде бұл сөздің мағынасы былай түсіндіріледі: «фр. сanalisation, от лат. сanalis – труба – система подземных трубопроводов для удаления из пределов населенного пункта нечистот и сточных вод». [12, 248] Бұл сөзді қазақ тіліне кәріз деп аудару етек алып кетті. Ал «кәріз» كاريز парсы тілінен енген, суару жүйесін білдіреді.

«Кяриз (перс.буквально – подземный оросительный канал), подземное сооружение для сбора грунтовых вод и вывода их на поверхность». [13] Жауын-шашынның топыраққа шөгуі немесе жер қыртыстарының жылжуы не басқа өзгерістері нәтижесінде жер астында су жиналады. Суды өткізбейтін жынысқа (майлы саз, граниттер, т.б.) жеткеннен кейін жер асты су қабаты түзіледі. Осы суды жоғарыға шығару үшін кәріздер жүргізілген. Олар тау етегінен басталып, соның бойымен бірнеше құдықтар қазылған. Кәріз жүргізетін шеберлерді кәрізгендер деп атаған. Мұндай жүйе Орта Азия,

Қытай, Кавказ елдерінің таулы аудандарында кеңінен қолданылған. Зерттеуші А.Гадлоның Әзірбайжан халқының салт-дәстүрлерін зерттеуінде де осы жүйе сипатталған: «...Из рек и ручьев воду на поля отводили при помощи системы запруд и каналов "архов", сооружали подземные галереи для сбора грунтовых вод "кягризы", копали колодцы и водосборные пруды». [14]

Қазақстанның аумағында кәріздерді бірінші рет ежелгі Сауран қаласының орнынан тапқан. Кәріздер – адам баласының шөлді жерлерге тіршілік қанын тарататын теңдесі жоқ тапқырлығы деп айтуға болады. Ал осындай мағыналы сөзді жуынды-шайындыларды шығаратын канализацияның баламасы ретінде қолдану тарихи құндылықтарымызды зерттеп-зерделемеу нәтижесінен туындаған ұқыпсыздық деп білуге болады.

Кәріз жүйесімен тығыз байланысты хауз (хауыз) ұғымын көптеген аудармашылар «бассейн» сөзінің аудармасы ретінде қолданып жүр. Ал хауз (кейде әуіз, әуіт деп те береді) деген не?

Өзбек, тәжік, әзірбайжан тілдерінде – ховуз, грекше – хавуза, қырғыздарша – авиз деп аталатын тоған, су қоймасын білдіретін бұл сөздің тегі – арабтың хавд, хауд деген сөзі.

Хауыз, негізінен, Орта Азия елдерінде елді мекен сәулетінің ажырамас бір бөлігі ретінде халық тұрмысында кең қолданылған. Қалаларды сумен қамтамасыз ету арықтар мен хауыздардың көмегімен жүзеге асырылып отырған. Кей еңбектерде бұл үлкен қыш немесе мыс ыдыстары бар арнайы павильондар деп жазылғанмен, көптеген деректер бойынша хауыздар жерден қазылып салынған. Негізінен, төрт бұрышты немесе дөңгелек пішінді болып келген. Қабырғаларын жаңғақ және қылқан жапырақты ағаштармен қаптаған, күйдірілген кірпіш, тас та қолданылған. Түбіне арнайы су өткізбейтін ерітіндіні (қыр) 8-10 қабат етіп құйған. Суды кәріздер арқылы жеткізген. Қолданылатын материалына қарай ағаш, ағаш-кірпіш және тас хауыздар деп бөлінген.

Хауыздардың сардоба деп аталатын түрі бар, мағынасы суық су дегенді білдіреді, бұндағы су шілденің аптап ыстығында да салқын күйін сақтап тұратын болған. Олардың үсті күмбезделіп жабылып, көбінесе керуен жолдарында салынған, шөл даладағы бірден-бір ауыз су көзі болған. Яғни, хауыз да, сардоба да ауыз су, шаруашылық қажетіне жұмсалатын су сақтайтын қойма ретінде қолданылған. Кейіннен қазіргі біз қолданып жүрген су құбыры тартылғаннан соң хауыздар мен арықтар ауыз су көздері ретінде өз қызметтерін тоқтатып, түрлі аурудың ошағына айналған, сондықтан 1920-30 жылдар аралығында олардың көбісі құрғатылды, басқа жағдайларда қолданылды. Бірақ біздің белгілі ақындарымыз Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Тұрмағамбет Ізтілеуовтер оқыған Бұхарадағы Көкілташ медресесінің ансамблін құрайтын Ляби-Хауз (фарсыша тоған жағалауы), Боло-Хауз (балалар су қоймасы), т.б. хауыздар тарихи жәдігер ретінде сақталған.

Енді ғылыми анықтамаларға жүгінсек. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде: «Әуіт – ауданы 1 шаршы километрден аспайтын не кішігірім өзен, бұлақ, сай, жылға аңғарларында бөгет салу жолымен жасалған суқойма» деп берілген. [15, 523] А.А. Маккавеевтің анықтамасы бойынша «Хауз – в Средней Азии искусственный водоем для хранения запаса воды на период прекращения подачи воды по каналам». [16, 71] Дальдің түсіндірме сөздігіндегі анықтама да бұдан алшақ кетпейді: «Кауз – татарск. хауз, водоем или водник, мельничный ларь».

Ұлы Отан соғысы жылдары Орта Азияда болған Анна Ахматова:

Он прочен, мой азийский дом, И беспокоиться не надо...

Еще приду. Цвети, ограда.

Будь полон, чистый водоем... – деп жыр жолдарын арнаған хауыз жағалай отырғызылған тал-теректердің астында көпшіліктің көк шай ішіп, әңгіме-дүкен құратын демалыс орны болған. [17, 388]

Жоғарыда аталған Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіндегі «әуіт» сөзінің анықтамасына берілген мысалдардың ішінде суырып салма ақын, Қазақ КСР халық ақыны Омар Шипиннің поэмасынан мынадай үзінді беріліпті:

Қақтықпайтын Қасынек, Әуіттің мықты шегені.

Шелегінен су тамбас, Ұстаның шапқан шебері.

Өзбек жазушысы, ақын, аудармашы Рахим Каримовтің «Камила» романында мынадай жолдар бар: «Здесь была и Камила. Она вместе со всеми пила чистую, прозрачную воду. Когда она в очередной раз наклонилась, чтобы зачерпнуть ее ладошками, тюбетейка, бывшая ей немного великоватой, соскользнула с головы, упала в водоем и, как бумажная лодочка, заплыла на середину хауза». [18]

Халқымыздың қадірлі азаматы Өзбекәлі Жәнібековтің «Жолайрықта» деген еңбегінде осы жөніндегі білдірген өкініші қазіргі таңда күшеймесе, сейілген жоқ: «Өкініштісі, кеңес өкіметі жылдарында сырттан келген сәулет эклектикасының ғасырлар бойы қалыптасқан халық жасампаздығының көрінісі болып табылатын ұлттық үй құрылысын ығыстырып үлгіргені». [19, 11] Ұлттық құрылыс ығыстырылғасын, сол салада қолданылатын сөздер де аластатылып, орнына кембағал атаулар пайда болып жатыр.

Осындай сөз қолданыстарының бірі – құрылысшының үйдің сыртын сылау кезінде қолданылатын аспабы (орысша – терка, полутерок). Терминологиялық комиссия бекіткен нұсқасы – қырғыш, жартылай тегістегіш, [20, 310] кейбір аудармаларда қалақ деп беріледі. Сөздіктегі атаулар көңіл толтырмады, себебі қырғыш деген құрал құрылыс саласында бар, бірақ біз келтіріп отырған мағынада жұмсалмайды (төменде мысал ретінде беріледі). Тегістегіш мағына жағынан келгенмен, бұл сөзбен беруге болатын басқа да аспаптар бар. Ал қалақ деген сөзге келсек, көмір қалақ, қоқыс қалақ, тіпті кейбір өңірлерде ожауды, қасықты қалақ дейтінін ескерсек, онда ол ішіне бір нәрсе салуға болатын түбі шұңғыл болып келетін құрал.

«Жылмала» сөзін Қызылорда өңірінде және Түркіменстан, Өзбекстан елдерінде қолданады. Сөздің төркіні ﻤﺎﻟﻪ малә, мала, Н. Оңдасыновтың еңбегінде ол: 1. сылаушының қалағы, 2. жыртылған жердің кесегін уатып, бетін тегістейтін құрал ретінде түсіндіріледі. [21, 30] Бұл сөз осы түбір күйінде Шығыс Қазақстан облысында, Семейде ағаш сүйреткіні білдіреді. Осы өңірлерде сондай-ақ «тырма» сөзінің мана диалектісі қолданылады. «Мала» және «мана» сөзінің негізі бір сияқты, тек дыбыстық өзгеріске ұшырағанға ұқсайды, өйткені ағаш сүйреткінің де, тырманың да атқаратын қызметі бір – айдалған жердің топырағын майдалау, тегістеу (тырманың жердегі шөп-шаламды жинау қызметі де бар). Сонымен, мала – тегістеу құралы. Үйдің сыртын сылау да тегістеу, яғни жылмала – сылақты тегістегіш құрал. Қырғыз тілінде «жылмалау» деген етістік – тегістеу деген мағынаны береді. Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігінде жылғаяқтау деген сөзді келтіріп, оның мағынасын тайғанақтау ұғымымен түсіндіріп, сөз соңында «...Жылғаяқтау-дың топырақты шылау, илеу дегендегі «шылау» етістігімен де азды-көпті байланысы бар сияқты. Сондықтан жылпос, жылмағай, жылмаңдау сөздерінің де осыған жақындығы болуы мүмкін» деп атап өткен. Осыған ұқсас қазақ жып-жылмағай, жым-жылас деген сөздері де бар. Бұлар да кедір-бұдыры жоқ, теп-тегіс деген мағынаны береді. [22, 263] Зерттеуші Ә. Нұрмағамбетов бұл сөздердің шығу тегін хакас тіліндегі жалаң, жалаңаш деген мағынадағы чылаас сөзімен байланыстырады.

Енді аталмыш аспаптың аталуының Қазақстанның басқа өңірлеріндегі нұсқасына келсек, ол әндеме нұсқасы, негізінен, Қостанай, Ақмола, Шымкент жерлерінде қолданылады. Әбілбек Нұрмағамбетовтің түсіндіруінше, [4, 36] «әндеме сылақшының үй сылайтын қалағы, өзбекше – андава, ұйғырша – һандуга». Қазақ тілінде де бұл сөз аумақтық ерекшеліктеріне қарай дыбыстық өзгерістермен айтылады, мысалы, Шымкент өңірінде андава, андуа, солтүстік жақта әндеме. اﻧﺪا әнда – парсы сөзі: 1. Сылау, сылап тастау. 2. әк, балшық деген мағыналарды береді. Одан туындайтын етістік сөздер: әндейеш әктеу, балшықпен сылау; әндуд – сылау, сылап тастау, сылақ. [23, 68] Түбір «әнде» сөзіне қазақ тілінің сөз тудырушы -ме журнағы жалғану арқылы құрылыс аспабының атауы жасалынған.

С. Аманжолов осы сөздің «майғалақ» деген тағы бір нұсқасын келтірген. Жергілікті диалектіде сылау, әктеу дегенді майлау деп те айтатындығын ескерсек, майғалақ та біз талдап отырған сөздің қазақша аталу нұсқасы екендігі анық. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» шығармасын оқып көрейік: «Сылақ жүгірмеген қотыр-қотыр қыш тастар аяғының астында төбе-төбе боп үйіліп жатыр. Мұнараның ернеуіне тастай салған балшық-балшық май қалақ құлап кетпей шаққа тұр...».

Көптеген ғалымдар Орта Азия қалаларын салушылардың Түрік қағанаты дәуіріндегі түркілер болғандығын олардың сауда, қолөнер және қалақұрылысы салаларындағы бай терминологиясының болуымен дәлелдейтін тұжырымдар келтіреді. Сонымен қатар сол түркі заманы кезінде-ақ кірігіп кеткен араб-парсы тілдерінің сөздері де жетерлік. Бірақ бұл сөздер орыс тілінің ықпалымен еліміздің біраз өңірлерінде қолданыстан шығып қалды.

Кірпіштің түрлері бар, бұрыннан қолданыста барлары, олардың жетілдірілген түрлері, әрқайсысының атау-жігі ажыратылған, елге түсінікті. Қазіргі «кірпіш» деген атаумен қалыптасып кеткен, жергілікті жерлерде «керпіш» атауы қолданылатын сөздің түп негізі көне түркі тілінен бастау алады. Махмұт Қашқаридің сөздігінде: kerpič: bïşïγ kerpič күйдірілген кірпіш (МК І 445); kerpič kebi кірпіш қалыбы (МК ІІІ 119) деп берілген. [24, 514]

Қолмен басқан кірпіштердің атауы көп емес. Қам кірпіш немесе шикі кірпіш деп те атайды, саман кірпіш, жұмбаз. Жергілікті құрылыс материалдары ретінде олар әлі күнге дейін қолданылады, құрамы, дайындау технологиясы ғасырлардан қалыптасқан, әйтсе де анықтамасын келтіру артық болмас: «Кирпич-сырец, т.е. необожженный кирпич, укладывают в стены после полной просушки. Применяется при возведении малоэтажных построек, главным образом в районах с сухим климатом.

Саман изготовляют из глинистых грунтов... и соломенной резки длиной 50 см, костры, мякины или др. волокнистых материалов. …Применяется для одноэтажных сельскохозяйственных построек. [25, 321-322]

«Кирпич-сырец» қазақ тілінде «шикі кірпіш», «қам кірпіш» болып айтылады. «Қам» парсының шикі, піспеген деген мағынадағы сөзі. Өзбектерде «хом гишт» дейді. Көбіне кірпішті кесек деп айтатындықтан, қам кесек, шикі кесек деген тіркестер де осы мағынада жұмсалады. Бірақ бұл атауларды кейде саман кірпішке қатысты қолданып жатады. Бұларды шатастырудың жөні жоқ екендігі кірпіштердің құрамының анықтамасынан белгілі, яғни шикі немесе қам кірпіш саз бен құмды белгілі бір мөлшерде араластырып алынатын өнім, ал саман кірпіштің құрамына саз бен құмнан басқа шөп-шалам, малдың қиы, әйнек сынықтары сияқты кірпіштің төзімділігін, беріктігін арттыратын қоспалар қосылады. Оның үстіне «қам балшық» деген ұғым жеке де қолданылады.

«Шикі» сөзінің піспеген, жетілмеген деген мағыналарын ескерсек, қам балшық әлі де өңдеуді, жетілдіруді тілейтін өнім болады. Ендеше қам кірпіш пен саман кірпіш те бір емес. Кейбір сөздіктерде «кирпич-сырец» күйдірілмеген кірпіш деп аударылған, әрине, күйдірілмеген, бірақ құрылыста «необожженный кирпич» деген ұғым да бар.

Осы мақаланың бас жағында «әндеме» немесе «жылмала» деген атаулары бар құрылыс құралының сөздіктерде кездесетін «қырғыш» деген аудармасын келтіргенбіз. Соны сабақтаудың да жөні келіп тұр. Азат Әкімнің «Жаздыгүн шілде болғанда» деген әңгімесінде: «...Ерқанат батпақты шетінен бөліп алып, домалақтауға кірісті, Бекзат пен Ерзат ...әлгі жұмалақтардың екеуін ағаш қалыпқа ұрып салады, сосын қалыптың екі қуысының бұрыш-бұрышына баруы үшін аяқтарымен езгілеп, артық батпақты қырғышпен қырып тастайтын» деген жолдар бар. [26] Кірпіш басу ісінде қолданылатын қамба бөктіру, балшық илеу, иін қандыру деген түсініктер мен қалып, қырғыш сияқты құралдар бұрыннан келе жатыр, яғни атаулары да құлаққа сіңіп, үйреншікті болып қалған. Енді сол сөздердің бірін алып, басқа ұғымға телу дұрыс емес, осыдан келіп түсініксіз аудармалар, мағынасыз мәтіндер пайда болады.

Кірпіш басуға қатысты ұмытылып бара жатқан сөздің бірі – жұмбаз, жұмбаздау. Бұны біздің қазіргі қолданып жүрген «тұтасқұйма» (монолит) түсінігін беретін сөз деп айтуға болады. Жұмбаздау әдісінде: «...жерді шаршылап қазып, ...үстіне су құйып, қидаланған малдың қиымен, қой жүнімен, сабанмен иін қандыра араластырып балшық илейтін де, қазылған шаршының жиегіне бірінің үстіне бірін қатар-қатар етіп жұмбаз ұратындықтан, құрылыстың қабырғасы көтеріле беретін». [19, 19] Іргетас құйғандағыдай қалыпты пайдаланып та осы жұмбаздау әдісімен қабырға көтереді. «Шойтық саз балшықтан жұмбаздап үйіп-үйіп биіктепті де, үстіне жыңғыл қамыстан күрке жасапты». [27]

Қорыта келгенде, терминжасамдағы терминдену тәсілі – қазіргі қазақ терминологиясын жасаудағы қазақ тілінің байлығын сарқа қолдану ұстанымын қанағаттандыратын тәсіл. Бірақ сөздерді пайдалану, оны терминге айналдыру ісіндегі міндеттердің бастысы – сөздің түпкі тегін, шығу, өз заманында қолдану тарихын білу. Ө.Жәнібеков «Қазақтану – ғылымның басқа салаларымен қойындаса отыра халқымыздың жан-жақты дамуына әсер ете алатын құбылыс» деп атап көрсеткен. [19, 108] Сөзжасам тәсілдерін жаңа сөз тудырудағы негізгі қайнар көз – халық қолданысындағы сөздер мен ұғымдарды біліктілікпен іріктеуге бағытталуы керек.

 

Әдебиеттер

  1. Құрманбайұлы Ш. Терминқор қалыптастыру көздері мен терминжасам тәсілдері. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2005.
  2. Лексикография русского языка: учебник для высших учебных заведений Российской Федерации / Под ред. Д.М. Поцепни. – СПб.: Факультет филологии и искусств СПбГУ, 2009. – 672 с.
  3. Лотте Д.С. Основы построения научно-технической терминологии // Вопросы теории методики. – М.: Изд. АН СССР, 1961.
  4. Нұрмағамбетов Ә. Бес жүз бес сөз. – Алматы, 1994.
  5. Саламзаде А.В. Архитектура Азербайджана XVI-XIX вв. – Баку, 1964.
  6. Хожение купца Федора Котова в Персию. – М.: Изд. вост. литературы, 1958.
  7. Осетров Е.И. Живая Древняя Русь. – М.: 1976 / http://artyx.ru/books/item/f00/s00/z0000009/st009.shtml.
  8. Торговля с Московским государством и международное положение Средней Азии в XV-XVII вв. Выпуск 3 // Материалы по истории Узбекской, Таджикской и Туркменской ССР. – Часть I. –Ленинград: Издательство АН СССР, 1932 /http://kungrad.com/history/doc/torg/

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.