Рухани жаңғыру контекстіндегі ұлттық сана мәселесі

Елбасының 2017 жылғы 12 сәуірдегі «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты платформалы мақаласының мәні мен мазмұны жайында жан жақты талданған. Мақала мазмұнын талдай келе, рухани жаңғыру контексіндегі ұлттық сана мәселесі күн тәртібіне көтерілеДі. ХХI ғасырДағы ұлттық сана мен оның мәселелерін және таяу жылДарДағы елімізДің алдындағы міндеттер жайлы өз ойын білдіріп, саяси талдау жасалған.

Өзектілігі. Әлемде үш мыңнан астам ұлттар, ұлыстар мен тайпалар өмір сүреді. Олардың ішінде үлкендері кішілері, азаттық алғандары да, қаналушылары да бар. Олар әлеуметтікэкономикалық дамудың түрлі сатысында тұрмыс құрып отыр. Дүние жүзіндегі түрліше халықтардың тоқсан проценттен астамы көпұлтты мемлекет құрамында өмір сүруде.

Дүние жүзінің халықтары 245 мемлекетке топтасқан. Солардың ішінде 198 мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі, ал 207 мемлекет егеменділік құқы бар мемлекет болып табылады. Бұлардың қатарында 38 мемлекет дамыған капиталистік державаларға тәуелді болып отыр. Осыған орай мына бір жәйді қадап айталық. Мәселен, 1600 халық дамушы елдерде тұрады, шамамен алғанда 100-ге жуық байырғы-түпкілікті ұлттар дамыған капиталистік елдерді мекендеген. Ал ТМД құрамында 170-ке жуық ұлттар, ұлыстар, ұлттық және этникалық топтар тұрады. Дүние жүзіндегі 320-дан астам халықтың саны бір миллион адамнан асады. Санның жөні бір бөлек болғанымен сапаға әсер ететін нәрсе ол сана мәселесі.

Қазақстан Республикасы даму тарихында 2017 жыл алтын әріптермен жазылары белгілі. Оның басты себебі ретінде тәуелсіздіктің ширек ғасырынан кейінгі кезеңдегі қазақстандық азаматтарды рухтандыруға бағытталған жаңа бір лептің пайда болғаны байқалады. Ол саяси реформа мен экономикалық дамудың қозғаушы күші мен негізгі базасы ретіндегі болашаққа бағдар беруші рухани жаңғыру мәселесінің күн тәртібіне қойылуы.

сәуірде Елбасының «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты платформалы мақаласы қазақстандықтарды елең еткізді. Онда өмір сүру үшін өзгере білудің, жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіру керектігін, оған көнбегендердің көш соңында қалатындығы айтылған. Елбасының көзқарасы шындығында бұқаралық сананы өзгертуге ықпал ететіні сөзсіз. Онда XXI ғасырдағы ұлттық сана мен оның мәселелерін және таяу жылдардағы еліміздің алдындағы міндеттерді айқындап берді. Мақалада бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, қазақстанның революциялық емес эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы сияқты мәселелерді күн тәртібіне қойып, оның нақты мәні мен мағынасын үңіле отырып талдау жасайды. Ол «мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп атап көрсетті. Рухани жаңғырудың негізгі сипаты өткен мен болашақты үйлестіре отырып жүзеге асыру болып табылады.

Бәсекелік қабілетті арттыруға тікелей ықпал ететін «Цифлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» атты бағдарламалар бүгінгі таңда елімізде жұмыс жасауда. Бәсекеге қабілетті болу үшін қазақстандықтар білім шыңын бағындыру ең басты алғышарт болып табылады.

Елбасының мақсаты ұлттың ұлы мұратын сақтай отырып болашақтан өз орнын айқындау. Онда прагматизмнің орны мен ролі өте жоғары. Ал прагматизм қазіргі жастар үшін, аса қажет және зиялы қауымға XIX ғасырдағы америкалық философ Чарльз Сандерс Пирстің есімімен байланысты белгілі. Ол АҚШ та ерекше ықпалға ие. Ақиқатты тиімділік тұрғысынан мойындау, нақты тәжірибе бәрінен маңызды, адам мақсат үшін өмір сүреді, бірнәрсеге қол жеткізу үшін салыстырмалы білім де жеткілікті, ақиқаттың өлшемі практика, іс-әрекетте жетістікке жету үшін күмәнді еңсеріп, снеімге ие болу, адам ақиқаттан бұрын сенімге ұмтылу керек деген қағидаларды ұсынады. АҚШ мемлектінің сол қоғамның табыстылығының басты кілті, қоғамның өмірдің әрбір кезеңіне қарай өмір сүру үшін өзгере білуінде, әрі соған сәйкес әрекет етіп, оны ұлттың озық тәжірибесімен ұштастыра білуінде.

Осы тұрғыдан алғанда ұлттық прагматизм санаулы жылдың ішінде өзгеріп, ысырапшылдыққа ұласқанына Елбасы қатты қынжылады. Керісінше, прагматизм өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Ол Ұлы Дала елінің бойында белгілі тарихи себептермен қалғып кеткен прагматизмді ояту арқылы ұлттық, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелу, тәуелсіз елдің санасы мен ағзасын жайлаған отаршылдық, кембағалдық, бойкүйездік комплекстерінен тұтастай арылту екенін баса айтады. Шынайы мәдениеттің белгісі орынсыз сән-салтанат емес, ұстамдылық, қанағатшылдық, қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану.

Рухани жаңғыру дегеніміз, ұлттық салт сана, әдет-ғұрып, мәдени дәстүрлерді берік сақтай отырып, оны жаңа заман жетістіктерімен, жалпыадамзаттық құндылықтармен байыту деп түсіну керек. Ал жаңа тұрпаттағы жаңғырудың ең басты шарты ұлттық кодты сақтау екені атап көрсетілген. Сондықтан да Елбасының «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» дегені бүгінгі мен ертеңнің және болашақтың, жалпы «Мәңгілік Ел» идеясының басты шарты болуы тиіс. Елімізде ұлттық бірегейлікті сақтай отырып үшінші жаңғыруды жүзеге асыратын ұлттық идеологияның басты қағидасы осы бір тарихи құжатта көрсетілген. Елбасы жастардың санасында Туған жер мен Туған елге деген ерекше сезім мен ілтипатты оятып оны дәріптеу арқылы ел бірлігін сақтаудың жаңа заңдылығын ұсынды.

Білімнің салтанат құруы біздің елімізде «Болашақ» бағдарламасынан басталып, жастарымыз әлемнің таңдаулы университеттерінде оқытылып, дайындалды. Дегенменде, елімізде білімнің салтанат құруына кері ықпалын тигізетін проблемаларда баршылық. Осындай мәселелерді шешуде әлемдегі дамыған елдердің тәжірибесі бізге үлгі болуы керек. АҚШ мектептерінде зерттеу нәтижесі көрсетіп отырғандай ер балалар мен қыз балалардың оқу үлгерімін салыстырғанда ер балалар қыздардан әлдеқайда оқу үлгерімі жағынан артта екені белгілі болған. Олар бұл мәселені экономикалық жағынан қызықтыру арқылы шешкен болатын. Біздер бүгінгі таңдағы жастар тәрбиесі мен мектептегі мұғалімдердің ішіндегі ер азаматтардың үлесінің аздығын осындай тәжірибені пайдалану арқылы шешуге болатынын ескеруіміз керек. АҚШ еркек мұғалімдердің айлық жалақысын 25-30 пайызға көтеріп, мектептерге ер азаматтардың көбірек келуіне нарықтық қатынас заңдылығымен ықпал еткен. Біздің елімізде білім жалпыға ортақ. Соңғы жылдары экономикалық дамудың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір уақытта осылайша жедел өзгерген жоқ болатын. Технологияң қарқынды революциясы бізге таяу онжылдықта қазіргі кәсіптердің біразы жойылып кететінін көрсетеді. Елбасының сөзімен айтқанда «Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді».

Тарих көші көрсетіп отырғандай революциялық өзгерістер адамзат баласына аса қымбат түсіп түрлі қантөгістерге әкелетіні белгілі. Күллі ХХ ғасыр Қазақстан үшін революциялық сілкіністерге толы болды және адамдардың бүкіл болмысын өзгертті.

Сондықтан да, Қазақстанның XXI ғасырдағы даңғыл жолы революциялық емес эволюциялық болуы керек және даму сол арқылы болуы тиіс. Осы тұрғыда қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшу арқылы ғаламдану процесіне жылдамырақ енетінімізді естен шығармауымыз керек. Кейбір саясаткерлер жапондар, кәрістер, үнділер, гректер сияқты көптеген халықтар өздерінің байырғы тіл жазуларымен келе жатса, тіпті еврей жұртының қолданыстан шығып кеткен жазулары мен тілдерін қалпына келтіріп, жаңғыртып жатқанын алға тартады. Екіншілері, латыншаға көшсек Ресейден алыстаймыз десе үшіншілері, Ресейдің ықпалынан құтыламыз дейді. Келесі біреулері оның ішінде Түркі академиясы өзге бауырлас елдермен ортақ әліпбиде болу ортақ бір жүйеге келуге мүмкіндік деп қарастыруда. «Қазақстан-2050» Стратегиясында атап көрсетілгендей еліміз 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу жұмыстары басталуы керек болса, сол кезде Өзбекстан, Әзірбайжан сияқты елдердің әліпби ауыстыру укезіндегі жіберген қателіктерін ескеріп, тәжірибелерін зерттеп, ұлт жадындағы біртұтас кешен ретінде, латыншаға көшудің терең логикасын ескеру керек. Сонымен бірге латын әліпбиінің әлемде басымдыққа ие және БҰҰ-ның жетекші алты тілінің үшеуі латын әліпбиін қолданатынын естен шығармауымыз қажет.

Ғ аламдану жағдайының заңдылығына сүйенсек сананың ашықтығы адамзат баласын үлкен жетістіктерге жеткізеді. Ұлы даладағы қалыптасқан сананың ашықтығы мен ой еркіндігі нәтижелі түрде дала демократиясына әкелді. XX ғасыр егемендікке қол жеткізсек, рухани жаңғыру арқылы XXI ғасырда «Мәңгілік Ел» бағытында көшімізді түзедік. Ендеше, ғаламданудағы бәсекелестікте ұлттық кодымызды сақтай отырып жаңғыру біздің ең басты құндылығымыз екенін естен шығармайық.

Осы тұрғыдан ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы айтқанда, Ұлы дала елінің рухани түрде қайта түлеп жаңғыруына төмендегідей тарихи факторлар әсер етерді деп ойлаймын.

Алғашқы рухани фактор сенім. Ол жеке тұлғалар мен азаматтардың елдің болашағына сеніммен қарауы. Қазақстанның 2050 жылға дейін даму Стратегиясы нақ өмірлік болашаққа деген сенімділікті, түсінушілікті арттырған құжатқа айналып, қоғамымыздың қарқынды түрде дамуын алға жетелеудің болжамды жоспарын ұсынды. Ал Стратегияда айтылған жоспарларды сатылай жүзеге асыру ел азаматтарының әлеуетін жүзеге асыруға зор мүмкіндіктер береді. Мысалы Ұлт жоспары «Бес институционалдық реформа 100 нақты қадам», «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» сияқты саяси мәні бар құжаттар.

Екінші фактор қазақы мінез. Еліміздің жүріп өткен тарихымен байланысты. Халқымыз бірде кең байтақ елінің ен даласынан көз алартқан сырт дұшпанға ұлтарақтай да жерін қимай, жауымен қасық қаны қалғанша шайқасатын қаһарлы қазақ болса, енді бірде табалдырығын аттаған қонағын құдайдай күтіп, оған дастархан боп жайылуға, төсек боп төселуге дайын дархан қазақ. Бұл осы бүгінгі таңдағы толеранттылық сөзінің бір синонимі ретіндегі қалыптасқан «қазақы мінез» болуы әбден мүмкін.

Үшінші фактор далалық демократия. Мемлекет құраушы ұлт ретінде жергілікті халықтың өзіндік ерекшелігі. Қазақтар мыңдаған жылдар бойы сыртқы жағдайлардың өзгеріп тұруында өзіндік бейімделу мүмкіндіктерін көрсете алған ұлы көшпенділер мәдениетінің мұрагерлері. Қазақ жері арқылы өткен Ұлы Жібек жолы Батыс пен Шығыс өркениетін байланыстырушы алтын көпір іспеттес қызмет атқарып, керуен жолдары мәдениет және біліммен екі бағытты да сусындатты. Көне қазақ жеріне өзіндік зор ықпалын тигізді. Жалпы, Жібек жолының қазақ жерінен өтуінің өзі мәдениет әртүрлілігін, басқалар мәдениетіне, тіліне және діни көзқарасына деген түсінушілігін қалыптастырғаны белгілі.

Төртінші фактор бейбітшілік сүйгіштік. Қазақ ұлты өзінің ұрпағын кек сақтамайтындай етіп тәрбиелей алу қасиеті. Қазақ басынан тағдырдың талай қатал сынын кешірді. Беріден қайырғанның өзінде, XVII-XVIII ғасырлардағы Жоңғар шапқыншылығы, Ресей империясының езгісі мен кешегі Кеңес өкіметі заманындағы зобалаң аштықты басынан кешіріп, саяси қуғын-сүргіннің де құрбаны болған халық. Алайда, қылышынан қан тамған замандарда таңдары азаппен атса да, басқадан кек алу мақсатында қылышын қайрамаған, тағдырдың ауыртпалығына қайсарлық танытқан халық. Өткенге бой ұсынбай, келешекті аңсап ел бірлігі мен молшылығын бата тілегіне қосып ұрпағына аманат ретінде қалдырып отырған халық. Тарихы бар халық қана ұлы халық.

Бесіншіден,отаншылдық, туған жерге, елге деген сүйіспеншілік. Жазба әдебиеті кешірек дамығанмен, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде жеткен, сарқылмас мол қазына болып табылатын ауыз әдебиеті, батырлар жырлары, Қазтуған, Шалкиіз толғаулары мен Доспамбет, Бұқар жырау, Дулат, Махамбет сынды жалынды ақын-жыраулардың отаншыл шығармашылығы арқылы бүгінгі ұрпағына Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптеп, қазақ болып туғанын мақтанышпен ауыз толтыра айтуға мүмкіндік беріп отыр.

Алтыншыдан ана тілінің болуы. Халықтың ұлылығын танытатын тағы бір белгі оның тілі. Сонау ХІХ ғасырда қазақ мәдениеті мен тілін зерттеген Еуропа ғалымдары түркітанушылар

В. Радлов, П. Мелиоранскийлер «түркі тілдерінің ішінде ең таза тіл қазақ тілі» екенін атап кетеді. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы А. Байтұрсынов қазақ тілін былай деп бағалайды: «түркі тілін ХХ ғасырға дейін аздырмай, қазқалпында сақтап келген алғыс пен абырой қазаққа тиіс». Тілге деген бұдан асқан баға болмаса керек. Қандай қиын кезеңдерді бастан кешірсе де, қиыннан қиыстыра алатын тілінің байлығын, оның тазалығын кейінгі ұрпағына жеткізе алған халық ұлы халық емес пе?!

Жетінші болашаққа деген үміт пен сенімнің жоғарылығы. Жаугершілік замандарды басынан кешіріп, халық ретінде жойылудың азақ алдында болған қазақ «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды аңсап, бейбіт өмірді қалаған халық екенін танытып, бауырына сан ұлттың баласын басып, дастарқанын бөлісіп, талайға баспана беріп отыр. Бүгінгі көп этносты Қазақстандағы татулық пен келісімнің болуы да, ең алдымен қазақтың ұлылығын танытса керек. Мемлекет құраушы халық ретінде қазақ халқы елдегі этносаралық бірлік пен келісімнің сақталуына қалай жауапты болса, басқа этностар да мемлекеттің алдында өз жауапкершілігін соншалықты сезінуі қажет деп ойлаймыз.

Осыған орай тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңдегі рухани түрде қайта түлеп жаңғыруымызға әсер ететін ең маңызды факторлар әрі жетістігіміз десек артық айтқандық болмас еді.

Қорытынды: Сонымен, биылғы жыл басы Қазақстан үшін ерекше оқиғалармен басталып және салмақты саяси оқиғаларға толы боларын баса айтуымыз керек. Оның кейбірінің мәні мен мазмұнына және оның міндеттері мен жүзеге асыру жолдарына жоғарыда тоқталып өттік. Осылайша саяси, экономикалық және рухани тұрғыдағы үштағанды жаңғыру Қазақстанды «Мәңгілік Елге» апаратын бірден бір жол екені айдан анық. Қазақстан халқы үшін 2017 жылдың жазы әлемді аузына қаратып посткеңестік кеңістіктегі тұңғыш рет болып жатқан Астанадағы ЭКСПО мен жалғасты. Ал 2018 жылдың 5 қазанындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауы халықтың санасына өте жақын әсер етті. Осындай еліміз үшін айтулы саяси оқиғалар, салмақты саяси шешімдермен санаға тікелей ықпал ететін рухани жаңғыру арқылы біздің болашағымыз айқындалмақ. Ұлы дала елінің ұлттық санасының рухани түрде жаңғыруы күн тәртібіндегі ең басты мәселе.

 

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Назарбаев Н.Ә. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру / / Егемен Қазақстан 12 сәуір, 2017 ж.
  2. Пирс Ч.С. Начала прагматизма. Метафизические исследования Приложение к альманаху в 2-х томах. Том 1 // Лаборатория метафизических исследований философского факультета СПб.: Алетейя, 2000. 318 с.
  3. ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы 14 -желтоқсан, 2012 ж.
  4. Радлов В.Р. «Түркі тайпалары халық әдебиетінің үлгілері». СПб.: 1884. Т.10. 1918 с.
  5. Мелиоранский П. М. Краткая грамматика казак-киргизского языка. СПб.: 1894. Ч. 1(2). 1897 с.
  6. Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Бұқар, Дулат, Махамбет жырлары
Жыл: 2018
Қала: Алматы
Категория: Медицина