Физика пәні бойынша студенттердің білім деңгейін арттырудың тиімді әдістері

Бұл мақалада физика пәні бойынша жоғары оқу орны студенттерінің білім деңгейін арттырудың тиімді әдістері қарастырылған.

Қазақстан республикасы жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының негізінде құрылған, физика пәнін оқытуға арналған типтік бағдарламада да студенттердің білімдеріне қойылатын талаптары туралы нақты айтылған. Берілген тақырыптар жалпы физика курсының меңгеруге қажетті тақырыптары болып табылады. Жалпы физика пәнін оқытудың негізгі мақсаты - физикалық теория дегеніміз бақылаулардың, күнделікті тәжірибелердің және арнайы жасалған эксперименттердің жалпылама қорытындысы екенін көрсету. Физикалық теория физикалық шамалардың өзара байланысын математикалық түрде көрсетеді. Сондықтан жалпы физика курсының екі түрлі аспекті бар:

  • ол студенттерді физикалық құбылыстарды бақылаудың, эксперимент жүргізудің және физикалық шамаларды өлшеудің негізгі әдістерімен таныстыруы қажет; дәрістерде физикалық демонстрациялар көрсетіліп, жалпы физикалық практикумда лабораториялық жұмыстар қоса жасалып отыруы қажет;
  • студенттерді теориялық білімін практикалық физика есептерін шығаруға үйрету үшін жалпы физика курсы тек эксперименттік аспектпен шектелмей адекватты математикалық түрде тұжырымдалған физикалық теориялар болуы қажет.

Көрсетілген мақсаттарға жету үшін студенттерге физиканың негізгі принциптері мен заңдарын және олардың математикалық өрнектерін жариялау керек; студенттерді негізгі физикалық құбылыстармен, оларды бақылау және эксперименттік зерттеу әдістерімен, физикалық шамаларды өлшеудің негізгі әдістерімен, негізгі физикалық аспаптармен, тәжірибе нәтижесін өңдеудің және оны талдаудың негізгі әдістерімен, эксперимент нәтижелерін электрондық есептеуіш машинаның көмегімен есептеу әдістерімен таныстыру қажет; студенттерді физикалық экспериментті автоматтандыру принциптерімен таныстырып, эксперименттік жұмыстар жасауға дағдыландыру қажет; студенттерге физикалық моделдер мен гипотезалардың қолдану шектері туралы нақты түсініктер беру керек; студенттерді физикалық идеяларды дұрыс айтып жеткізе білуге, құбылыстардың моделін құра білуге, физикалық есептерді шығарып, олардың сандық мәндерін таба білуге үйрету қажет; физикалық проблемаларға және оларды зерттеуге құштарлығын дамыту қажет; студенттерге физиканың даму тарихының ең негізгі кезеңдері мен оның философиялық және методологиялық проблемалары туралы түсініктер беру керек.

Жалпы физика курсын оқу нәтижесінде студент мыналарды білуі қажет:

  • негізгі физикалық құбылыстарды, олардың әсер ету ерекшеліктерін;
  • физикалық ұғымдарды, шамаларды, олардың математикалық өрнектерін және өлшем бірліктерін;
  • негізгі физикалық принциптерді, заңдарды және олардың математикалық көрінісін;
  • эксперимент жүргізудің негізгі әдістерін және өлшем нәтижелерін өңдеуді.

Жалпы физика курсын оқу нәтижесінде студент мыналарды білуі қажет:

  • физиканың негізгі заңдары мен жекеленген нақты есептердің дұрыс арақатынасын тауып, оларды физиканың және физикаға шектес ғылымның басқа салаларының есептерін шешуде пайдалануды;
  • физикалық аспапатарды пайдалануды; қарапайым физикалық эксперименттерді қоюды және оны шешуді, алынған нәтижелерді өңдеуді, талдауды және бағалауды;
  • қарапайым физикалық құбылыстардың математикалық моделін жасауды және оларды зерттеу үшін керекті математикалық ақпаратты, оның ішінде есептеуіш математика әдістерін пайдалануды;
  • жұмыс істегенде мәліметті және оқулық әдебиеттерді пайдалануды, басқада информация көздерін табуды және олармен жұмыс істеуді.

Мемлекеттік стандарт негізінде жасалған бағдарламада көрсетілген материалдарды типтік оқу жоспарында берілген дәріс сағатында түгелдей айтып өту мүмкін емес. Сондықтан бағдарламада көрсетілген материалдарды оқып үйрену дәрістік, тәжірибелік, лабораториялық және студенттердің өзіндік жұмыс уақыттарын толығымен және тиімді түрде пайдаланғанда ғана орындалуы мүмкін. Дәрістер бағдарламаның фундаменталдық материалдарының біртұтас логикалық байланыста баяндалуы қажет. Бұл материалдар лекцияларда эксперименттік және математикалық дәлелдермен толығымен берілуі қажет. Қалған материалдармен студенттерді сапалық түрде немесе ұғымдық- терминологиялық деңгейде таныстыруы керек. Бағдарламада берілген бір фраза екі сағаттық дәріске де, бес минуттық мағлұматқа да сәйкес болуы мүмкін. Жалпы физика курсында студенттердің алатын мағлұматтарының кейбірін ұмытып кетпеу үшін бағдарламада оқу материалдары толық жазылуы тиіс.

Қазіргі уақытта жас мамандардың даярлық сапасының деңгейі төмен болуы олардың орта және жоғары мектептерде алған білімдерінің нашарлығына байланысты екенін зерттеулер көрсетіп отыр. Сондықтан физика сабақтарында білімгерлердің шығармашылық қабілетін дамыту тұрғысынан тиімділігін арттыру бүгінгі жоғары және орта мектепте физиканы оқыту теориясы мен әдістемесінің педогогикалық зәру мәселесінің бірі болып отыр.

 

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

  1. Қазақстан республикасы жалпы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары. Жалпы орта білім. Ресми басылым. Ы.Алтынсарин атындағы қазақ білім академиясы. - Алматы: - 2002. - 56 с.
  2. «Физика» Ғылыми-әдістемелік журнал. - 2007. - № 3. - 157 с.
  3. Румбешта Е.А., Альникова Т.В. Теория и методика обучения физике// Современные технологии в обучении физике. -Томск: ТГПУ, 2008. - 176 с.
  4. Әлімов А. Интербелсенді әдістерді жоғары оқу орындарында қолдану. - Алматы: 2009. - 328 б.
Жыл: 2014
Қала: Алматы
Категория: Медицина