Artemisia rupestris өсімдік шикізатының сабағынан әр түрлі әдістермен экстракт алу

Ғылыми зерттеу жұмысының нәтижесінде Artemisia rupestris L. Өсімдігінің сабағынан микротолқынды экстракциялау әдісімен, ультрадыбысты экстракциялау әдісімен және дәстүрлі қайнату әдісімен экстрактылар алынды. Дайындалған экстрактыларға ғылыми-зерттеу жұмысы жалғасуда.

Қазақ халқында «Ерменді жерде ер өлмейді» деген нақыл сөз бар. Біз зерттеу нысаны ретінде көп түрлі ерменнің арасынан халқымыздың дәстүрлі медицинасында жиі қолданылып келген, сондай-ақ ғылыми медицинада аз зерттелген дәрілік өсімдіктердің бірі Киелі ерменнің (Artemisia rupestris L) жер үсті бөлігін таңдап алдық.

Artemisia rupestris L. Күрделі гүлдер тұқымдасы, жусан туысына жататын көп жылдық шөп тектес өсімдік. Ол Қазақстанның Есіл, Ертіс, Семей, Көкшетау аймақтарында, шығыс және батыс белдеулерінде, Қарқаралы, Зайсан, Алтай, Тарбағатай, Жонғар Алатауы, Күнгей Аалатау, Теріскей, Қырғыз Алатауы, Батыс Тянь-Шань өңірлерінде өседі [1].

Қазақ халық емшілігінде аталмыш дәрілік өсімдікті асқазан-ішек жолдарының ауруларына, бауыр ауруына, қатерлі ісікке, тері мен шырышты қабаттың түрлі ауруларына қолданған [2, 3].

Ғылыми жұмыстың мақсаты: Artemisia rupestris өсімдік шикізаты сабағының экстрактын дәстүрлі қайнату әдісімен және қазіргі кездегі озық технологиямен, яғыни, микротолқынды, ультрадыбысты экстрактциялау әдістерімен алу.

Зерттеу жүргізілген орын: Чехия, Брно қаласы Ветеринарлық және Фармацевтикалық Университеті, табиғи дәрілер кафедрасы.

Біз, ең алдымен, дәрілік өсімдік шикізатын сабағы және гүлі мен жапырағы деп екіге бөліп алдық. Бұл ғылыми мақалада аталмыш дәрілік өсімдік шикізатының сабағынан бір-біріне ұқсамайтын әдістермен алынған экстрактыларға тоқталамыз. Экстрагент ретінде дистилді су алынды.

Микротолқынды экстракциялау: Экстракциялау микротолқынды экстракторда (START E microwave extraction system) жүргізілді.

Әдістеме: Киелі ермен дәрілік өсімдік шикізатының алдын ала кесіліп, дайындалған сабағынан аналитикалық таразымен 1г өлшеп алып, оны микротолқынды экстрактордың арнаулы цилиндр формалы ыдысына салдық. Дистилді судан дозатормен 10мл өлшеп алып аталған цилиндр формалы ыдысқа құйдық. Ыдысты баяу шайқап шикізатты суда толық шыладық және қақпағын мықтап бекіттік. Дәл осындай әдіспен 10 үлгі дайындап, дайындалған үлгілерді (цилиндр формалы ыдысты) микротолқынды экстрактордың ішіне орналастырдық. Бұл үлгілердің біреуі құрылғыдағы температураны бақылау тетігіне жалғанды. Микротолқынды экстрактордың программасын: экстракциялау уақыты 15 минуыт, аппараттың суу уақыты – 10 минут, температура - 110C0, Энергия - 1000w теңшеп, start батырмасын бастық. 25 минут өткен соң экстрактордан үлгілерді алып шығып, барлығын қосып, сүзгіш қағазбен сүздік. Алынған сұйық экстрактыны төмен қысымда буландыру құрылғысында (BUCHI Rotavapor R-3) буландырып, қою экстрактыға ие болдық және бұл қою экстрактыны тоңазытып-құрғату құрылғысында (ALPHA 1-2 LDPLUS) кептіру арқылы құрғақ экстракт алынды.

Аталмыш экстракциялау үрдісі үш рет қайталанды. Алынған құрғақ экстрактыны аналитикалық таразыда өлшегенде әр реткісі орта есеппен 0.453г массаны құрады.

Ультрадыбысты экстракциялау: Экстракциялау ультрадыбысты экстракторда (BANDELIN SONOREX DIGITEC) жүргізілді.

Әдістеме: Киелі ермен дәрілік өсімдік шикізатының алдын ала ұсақтап, дайындаған сабағынан аналитикалық таразымен 10г өлшеп алып, оны сыйымдылығы 500мл тегіс түпті колбаға салып, үстіне 100мл дистилді су құйдық. Колбаны баяу шайқап, шикізатты суға толығымен шыладық. Дайындалған колбаны ультрадыбысты экстракторға орналастырып, құрылғының экстракциялау уақытын 15 минутқа теңшеп, start батырмасын бастық. Экстракциялау аяқтаған соң колбадағы сұйық экстракт сүзілді. Алынған сұйық экстрактыны төмен қысымда буландыру құрылғысында (BUCHI Rotavapor R-3) буландырып, қою экстрактыға ие болдық және бұл қою экстрактыны тоңазытып- құрғату құрылғысында (ALPHA 1-2 LDPLUS) кептіру арқылы құрғақ экстракт алынды. Аталмыш экстракциялау үрдісі үш рет қайталанды. Алынған құрғақ экстрактыны аналитикалық таразыда өлшегенде әр реткісі орта есеппен 0.574 г массаны құрады.

Дәстүрлі қайнату әдісі арқылы экстракциялау әдістемесі: Киелі ермен дәрілік өсімдік шикізатының алдын ала ұсақтап, дайындаған сабағынан аналитикалық таразымен 10г өлшеп алып, оны сыйымдылығы 500мл дөңгелек түпті колбаға салып, үстіне 100мл дистилденген су құйдық. Колбаны баяу шайқап, шикізатты суға толығымен шыладық және оны кері суытқышпен су моншасында екі сағат бойы қыздырдық. Экстракциялау аяқтаған соң колбаны суытып, сұйық экстракт сүзілді. Алынған сұйық экстрактыны төмен қысымда буландыру құрылғысында (BUCHI Rotavapor R-3) буландырып, қою экстрактыға ие болдық және бұл қою экстрактыны тоңазытып-құрғату құрылғысында (ALPHA 1-2 LDPLUS) кептіру арқылы құрғақ экстракт алынды. Аталмыш экстракциялау үрдісі үш рет қайталанды. Алынған құрғақ экстрактыны аналитикалық таразыда өлшегенде әр реткісі орта есеппен 0.678 г массаны құрады.

Artemisia rupestris L. өсімдік шикізатының сабағынан жоғарыда баяндалғандай үш түрлі әдіспен алынған экстрактылардың сипаттамасы - иіссіз, қоңыр түсті, кермек дәмді ұнтақ. Бұл экстрактыларға ғылыми зерттеу жұмыстары жалғасуда.

 

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

  1. Флора Казақстана. - Алма-Ата, 1966. - Т. 9. - 98 б.
  2. Батай Зейнеқабылұлы, Синь Цзян дәрі шөптері. ШҰАР ғылым-техника,денсаулықсақтау баспасы. – 2006. – Б. 173-174
  3. De-quan Yu. Recent results on structural chemistry of new natural products from Chinese herbal medicine // Pure and Appl. Chem. – 1998. - Vol. 70, № 2. – Р. 431-434.
Жыл: 2014
Қала: Алматы
Категория: Медицина