Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Туған жердің топырағын тұмар еткен, туған жұртын шалқыған жырымен құмар еткен Қашаған жырау Күржіманұлы

Кіріспе

Қашаған Күржіманұлы – ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстанның батыс аймағында өзінен бұрынғы ақындық, жыршылық дәстүрдің өнегесіне қаныға, оны ілгері дамыта түскен ақындардың бірі. Оның жырлары ел арасына негізінен екі түрлі жолмен тараған. Бірі – жыршыдан жыршыға ұласып ауызша тарау да, екіншісі – көзі қарақты хат білетіндер арқылы біреуден біреу көшіре үйреніп, жазбаша тарау [1; 205].

Кіші жүз қазақтарының Табын, Адай, Шекті сияқты бірқатар руларының сауда айырбасы, қоныс жағдайымен ХҮІІІ ғасырдың аяқ шенінен ХІХ ғасырдың 50-жылдарына дейін Хиуа хандығымен байланыс жасағаны тарихтан мәлім. Мал шаруашылығымен айналысқан қыр елі табиғат сұрапылы – алапат жұттан кейін күнкөріс малынан айырылып, кентті, кәсіпті, егінді аймаққа үдере көшетін. Маңғыстау қазақтарының біразы осындай себептермен өткен ғасырда Хожелі, Хорезм жеріне қоныс аударған. Олардың бір бөлігі Ташауыз (Түрікменстан) қаласының маңын мекендеген. Қашаған осы Ташауыз қаласына шектес қазақ ауылында 1841 жылы қаңтардың 7-інде дүниеге келген. Әкесі Күржіман кедейлікпен күн кешкен [2; 25].

Қашаған ақынның қайтыс болған жылы бұрынғы шыққан жинақтарда 1929 делініп келді. Кейіннен ұрпақтарының дәлелдеуімен 1931 жыл екендігі анықталды [3; 6].

Профессор Х. Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты оқулығында Қашаған жырау 1840-1924 жылдары өмір сүрген деп көрсетілген [4; 691].

Әкеден жастай жетім қалған Қашаған қабырғасы қатып, бұғанасы бекіместен кедейлік, жоқшылық тауқыметін көреді. Кейін сол ауыр күндерді тебірене еске алады [5; 27]:

«Атам бір қайтты дүниеден,

Бес жаста жетім қалдырды,

Басыма қайғы салдырды.

Анам көрді жесірлік,

Өзім көрдім жетімдік,

Сүйтіп басым қаңғырды».

Ел ішіндегі әңгімелерге қарағанда, оны жастай жиын, тойға апарып, ақындық өнерге баулыған - Қалнияз ақын. Соның өнегесі арқасында қазақ, қарақалпақ, түрікмен елдеріне кең тараған халық әдебиеті нұсқаларымен сусындап өседі. Әкесі қайтқаннан кейін көп ұзамай-ақ анасы да дүние салады. Ендігі жерде өгей әкесі - Сәрсенбайға салмақ болудың жөні жоқ деп шешкен ол өз бетімен кәсіп іздеп, Көкжар жәрмеңкесіне барады. Сергей дейтін саудагерге жалданып, Орынборға мал айдайды. Бұл кәсіпте Қашаған бір жылдай жүреді.

Болашақ ақын айдаған малын тапсырып, еліне келе жатқан жолда бір қазақ аулындағы сауық кешке қатысады. Сонда түні бойы жырлаған жас ақынға жұрт ақша жинап береді. Ақын өз өмірін еске алған бір жырларында осы сапардан кейін «аруақ қонып», ақындық жолға түскенін айтады [5; 27]:

«Қадір білер ағалар,

«Шырағым, жүр!» - деп ертті.

Он төрт жасқа келгенде

Балалықты тастадым.

Он бес жасқа келгенде

Таяқ алып қолыма,

Қойымның түсті м жолына.

Табанға шарық байладым,

Жұмысқа басты сайладым.

Орынбор деген қалаға

Сергей деген көпестің

Серкелі қойын айдадым».

Баласының азамат болып, жалшылық сапардан табысты оралғанына қуанған Сәрсенбай той жасайды. Қашаған осы тойда елден кеткен күнінен бастап оралғанына дейінгі басынан кешкенін өлеңмен айтып шығады. Содан бастап Қашағанның ақындық атағы елге танылады. Ол бағзы өнерпаздар дәстүрімен көп елді аралап, Маңғыстау, Хорезм аймағы мен Еділ, Жайық, Қобда, Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл өзендерінің бойын жайлайтын елді мекендердің бәрінде болады. Құрманғазы мен Нұрым, Ақтан мен Мұрат, Балаораз бен Қоспақ, Қашқынбай мен Łзǐм шайыр, Нұрпейіс мен Мұрын, Өмір мен Ығылман сияқты айтулы өнер саңлақтарымен кездеседі. «Адайдың жеті қайқысы» атанған Әділ, Шолтаман, Тастемір, Досат, Жылкелді, Өскінбай, Тұрсын сияқты әнші, күйшілермен кездеседі [2; 25].

Қашаған өзіне дейінгі ақындарды жақсы білген. Нұрым мен Абылды ол өзіне ұстаз тұтқан. Ел аузында Қашаған айтыпты дейтін мына бір ауыз өлең осы пікірді растайды [5; 107]:

«Көзім көрген адамда

Абыл, Нұрым, Ақтаным,

Осылар еді тақтағым.

Осылай деп маған үйреткен

Тарихтың ескі ақпарын».

Өзі туралы ақын былай дейді [5; 91]:

«Ардақты атам Ер Қосай,

Өзімнің атым Қашаған,

Ғұмырым сексен жасаған.

Адай түгіл, Алшынға

Жүйрік едім қашаннан».

Қашаған Маңғыстауда «Құлат» деп аталатын мекенде дүние салған. Сүйегі «Қырықкез» әулиенің қауымына жерленген.

Оның мұрасынан бізге жеткені отызға тарта өлең, бес айтыс, үш жыр-дастан.

Қашаған жыраудың ел арасына кең тараған өлең-жырлары

Қашағанға өз халқының басындағы жағдай, елдегі ауыртпалық жақсы таныс еді. Сондықтан ол бұқара халықтың ақыны болды. Халыққа арқа сүйеді. Қанағатсыз бай мен биді, жебір болысты өткір тілмен өлтіре сынап отырды. Дін жолын дұрыс ұстамайтын дүниеқор дүмше молланы аяусыз шенеді. Адам баласының екіжүзділігі мен тоғышарлығын, сараңдығы мен сұрқиялық әрекеттерін сынап, келеке етті.

Қашаған жыраудың ел арасына кең тараған өлеңдері мен толғаулары қатарына мына шығармаларын жатқызуға болады:

  1. Бір топ жырларында («Оразалы байға айтқаны», «Байларға», «Томпы байды тілдеуі», «Көбентайдың Мұрынқұлы», «Бекес байға», «Көптілеу байға айтқаны», «Қара шұбар ала ешкі») ақын байлардың мінез-құлқын өте шебер суреттейді.

Қашаған жырындағы байлар дәулеті шалқып жатса да шық шығармас сараң, даңғой-атаққұмар, қатыгез-қайырымсыз жандар ретінде көрінеді. Сонымен қатар жалт берер екі жүзді де. Бұл сипаттағы туындысына «Бекес байға» деген өлеңі жатады [5; 56]:

«Бөріктері сопаңдап,

Мылтықтары шошаңдап,

Атқа мініп қоқаңдап,

Ауылыңа келсе әкім дос,

Әкімдер келсе, малың бос.

Сырттан тұрып ақырса,

«Шық бері!» деп шақырса,

Сасып қалып қорқасың:

Семізің болса сойғыштап,

Кілем мен көрпе жайғыштап,

Табағыңның ет салған

Салмақтап беріп ортасын.

Соларға берген малыңнан

Бізге де берсең болмай ма?

Біздей қарттан бата алып,

Мырза жігіт атанып...»

Ақын байларды әркез өлтіре сынап, күлкі ете жүрген. Бірде өзінің ағайыны, қайырымсыз, сараң Оразалы байға былай деген [5; 31]:

«Оразалы байым бар,

Тозған тоқпақ бастанған,

Қазанқабын жастанған.

Шарыққа бауды тағуын,

Кіш-кіштеп қойды бағуын,

Қой шетіне төсеніп

Түйенің шоқпыт жабуын.

Қойды қорғап қасқырдан,

Қолына таяқ алуын.

Қырық күн шілде ішінде,

Қара ұннан көже ашытып,

Балқара деп қануын».

«Байларға» деген өлеңінде [5; 33]:

«Шіркін, байлар, мақтасып,

Қызарақтап боқтасып,

Қарқылдасып күлесің.

Алдыңда не бар, білесің?

Байға жарлы теңеліп,

Есікте жүрген жалшының

Қызығын сонда көресің!» -

деп, осы шумағында кедей-шаруалардың да байлармен теңесетін күнінің туатынын ескерткені көрініп тұр.

Сол сияқты «Көптілеу байға айтқаны» деген жырында [5; 63]:

«Кешке келді Көптілеу,

Қораға келген қойымен.

Жата кетті жантайып,

Ас ішпеген бойымен:

Үлкен қойды анам деп,

Кіші қойды балам деп.

Бұл қой кетсе алдымнан,

Мұнан қайтып қалам деп.

Бай үйіне қарасам,

Қол жуатын құман жоқ,

Құман жоқ үйде иман жоқ.

Таңертең тұрып Көптілеу

Іше берді айранын,

Беті-қолын жуған жоқ», -

дейді.

Ақын осылайша адамгершіліктен, қайырымдылықтан жұрдай байлардың бейнелерін сомдап көрсете білген.

  1. Жырау «Берекет ақынға айтқаны», «Сақыпқа айтқаны» деген толғауларында ізгілікті насихаттап, әдепсіздікті әшкерелейді.

Қашағандай аға ақынның жолын кесіп, одан рұқсатсыз той бастамақ болған Сақып деген ел жігітіне айтқан өлеңінде ақын өз талантын жоғары бағалайды [5; 65-66]:

«Ей, шырағым, Сақыпжан,

Сөз басталмайтын ба еді ағадан,

Жауапқа кәміл данадан?!

Ағасын іні қор тұтқан,

Өз көңілін зор тұтқан,

Шығып па еді тәртіп жаңадан?

Кешегі дүбірім барында,

Даңқым бір кеткен шағында,

Әдепсіз мұндай балаларға

Бір жасы үлкен ақыл айтса,

Кетпейтін еді-ау шамадан.

Мұнартып Еділ таспаса,

Кемерінен аспаса,

Көбігін көкке шашпаса,

Биіктен қарғын баспаса,

Су жүретін бе еді Жайыққа?!

Пароход жүрсе дарияда,

Жол тиетін бе еді қайыққа?!

Әдепсіз мұндай балаларды

Бұйырмайтын ба еді айыпқа?

Жиналған көптің ішінде

Қайраты қалың ер де бар,

Билігі қалың би де бар,

Қалаулысын қаласын,

Әлеумет, кімде зерде бар.

Қара қарға қалбағай,

Қаз бен үйрек, қара құс,

Олар да таласпайтын еді ғой

Бүркіттің жейтін жеміне.

Алыстан көрсе қарасын,

Балапан үйрек баласы,

Көзі түссе жаутаңдап,

Қысса да қайрат қаусаңдап,

Қорқып, келмейтін еді ғой

Бүркіттің, сірә, жеміне.

Кесіртке менен жыландар

Жоламайтын еді ғой

Айдаһардың деміне.

Қаршыға аққуды алғанда,

Жапалақ тышқанды басып қалғанда,

О да арланбайтын еді ғой

Дәрежесінің кеміне».

Әуелі саралы салыстырулар, ойлы, орнықты мысалдар келтіре толғаған ақын арқасы қыза келе Сақыпты өр де өктем сөздермен сілкіп-сілкіп алады [5; 68]:

«Тайыз екен ақылың,

Меніменен жарыспа.

Меніменен жарыссаң,

Жыртылып қалар тақымың.

Жыртамын, бала, жағаңды,

Жаңылтармын тобаңды.

Білмей жүрсең, шырағым,

Білдіремін шамаңды.

Тақымыңды жыртамын,

Мардымыңды құртармын.

Мен - сендей жабының

Талайынан озған тұлпармын.

Сендей жапалақтардың

Талайын алған сұңқармын.

Сен -ауылда үрген көпек ит,

Мен - азулы арлан бөрі едім.

Ашулансам, шырағым,

Жас та болсаң желкеңнен

Жалғыз-ақ тістеп жұлқармын».

Бұл мысалдардан Қашағанның ақындық қуатын айқын аңғаруға болады.

  1. Қашағанның үстем тап өкілдерін әшкерелейтін өлеңдерінің ішінде халыққа кең тарағаны - «Есқали сұпыға айтқаны» [5; 34-41].

Теке қаласының (қазіргі Орал) түрмесінен босап, елге оралған күй атасы Құрманғазының дақпыртын естіп, Нарын құмында сауық құрып жүрген Қашаған жырау іздеп келеді. Екеуі Жайықтың бойында кездесіп, жұртты аралап, күй тартып, жыр жырлайды. Қыс мезгілі болса керек. Екі жолаушы қызыліңірде Есқали сұпының аулына жетеді. Ауылдың ортасындағы еңселі ақ боз үй сұпынікі болса керек. Боз үйдің жанына келіп ат басын іріккен жолаушылар «Кім бар-ау», деп дауыстайды. Үйден сұпының кесіркеліні шыға келеді де, жолаушыларға қарамастан кердеңдеп өте шығады. Құрманғазы мен Қашаған атты белдеуге байлап, үйге кірсе, бауырын жаңа көтерген сұпының бір, бір жарым жастағы немересі отыр екен. Жас сәби таңғажайып жолаушыларға таңқала қарап, домбыраға жармаса берсе керек. Сәбидің талпынған талабын қайтармай қос жолаушының бірі оның қолына домбырасын ұстата қояды. Осы кезде дәретін алып, үйге кіріп келген суық жүзді сұпы: "Бұл не қылған қу ағаш, қайдан келді бұл ағаш?!" – десе керек [6; 16].

Сонда Қашаған сұпының домбыраны "Қу ағаш" де кемітуін негізгі ілік етіп, домбыраны қорғай жыр төгеді:

"Келе сала, Сұпеке,

Домбырамды боқтадың.

Домбырамды боқтасаң,

Өзімді басқа соққаның.

Сұпылығың қай жақта,

Шын тентекке ұқсадың.

Қолымдағы қу ағаш,

Сайрап отыр бұл ағаш.

Қолымдағы ағашым –

Алып жүрген домбыра,

Тартқан сайын даңғыра.

Домбыра күнә деген сөз

Тек бір айтқан дабыра.

Қолымдағы қу ағаш,

Сайрап отыр бұл ағаш.

Асылы емен, қарағай,

Шыққан жері су ағаш.

Аруақты ерлердің

Қолындағы ту ағаш.

Жаның сая табатын

Орман болған бұл ағаш.

Қорыққанда жалғызға

Қорған болған бұл ағаш.

Бұтақтары бүгіліп,

Көктен төмен үңіліп,

Қарның ашып келгенде

Жүрегіңді жалғауға

Нәсіп болған бұл ағаш.

Пайғамбарлар туғанда

Бесік болған бұл ағаш.

Ибраһим Қағба салғанда

Есік болған бұл ағаш.

Мұнаралы әр жерде

Мешіт болған бұл ағаш.

Шеберлердің қолында

Кәсіп болған бұл ағаш.

Өзіңді халық сұпы дейді.

Боқтағаның қай ағаш?!"

Сөйтіп, жырау надан сопыны осылайша қия бастырмай, жер-жебіріне жетеді.

  1. Қашағанның ерекше назар аударуды қажет ететін өлеңдерінің бірі – "Аралбайды жұбатуы" [5; 42-45].

Әдетте, естірту, жұбату мәнді өлеңдер біртұтас келіп, бір ақынның аузынан айтылатын болса, Қашағанның «Аралбайды жұбатуында» естірту рөлі Аралбайға тиеді де, жұбатуды Қашаған айтады.

Аралбай басына түскен ауыр қайғысы мен көңіл қасіретін мысалдай, тұспалдай келіп, мұң-шерін былайша ағытады:

"Қашеке, өлең айт дедің,

Біздей ғарып жартыға,

Қалмасын айтқан көңілің,

Бір-екі ауыз айтайын

Көңілімнің зарпынан.

Көңілім шатты күнінде

Аралбай едім халқыма.

Әлдилеп сүйген жалғызым

Қайрылмай кетті артына.

Мен - ботасы өлген боз мая,

Тұлыбына келіп аңыраған.

Мен бір жүрген ақ киік,

Лағын түзде алдырып,

Орнына келіп маңыраған.

Мен - қартайған арыстан,

Елсізде қалып ыңыранған.

Мен - жапанға біткен бәйтерек,

Жапырағы жерге төгілген.

Мен бір тұрған ақ сауыт,

Адыра қалып сөгілген.

Қияға біткен терегім

Уақыты жетпей бүгілген.

Қадірлі аға Қашеке-ау,

Жалғызымнан айрылып,

Қанатымнан қайрылып,

Көңілім сөйтіп түңілген".

Оған Қашағанның көңіл айтуынан біраз сыр аңғарылады:

Замандасым Аралбай,

Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,

Қанаты бүтін сұңқар жоқ.

Кей пендеде іні жоқ,

Інісіз жанның күні жоқ.

Кейбіреуде аға жоқ,

Ағасыз жанда жаға жоқ.

Кейбіреуде бала жоқ,

Болмаса перзент шара жоқ.

Болаттан бекем бол деген,

Болдырғанға болмасқа.

Уайым, ашу жарамас

Сендей бір жанға жолдасқа.

Ашу деген - көк бөрі,

Ақылың - қорған тал болар.

Тәуекел - қайық, сал болар,

Ойлап кетсең, жеткізбес,

Түсіп кетсең, бойлатпас

Уәйім деген жар болар.

Ойлағанда, Аралбай,

Өмір бір думан шәр болар.

Бұл өмірде нелер жоқ,

Біреу кем, біреу хан болар.

Басына қайғы түспеген.

Менменге қайғы таң болар.

Ақыл деген - қой болса,

Ашу деген - көк бөрі,

Бөрі қойға жолықса,

Дүние қиғаш шаң болар.

Сабыр етші, Аралбай,

Айы біткен айда өлер.

Күні біткен күнде өлер,

Жанына ажал келген күн

Таңға жетпей түнде өлер.

Туралап өлім тап болса,

Жалғыздар емес, кім де өлер,

Өлімге қатты налиды

Кейбір де кейбір пенделер.

Басы сау, есен бай кісі

Өзі айтқаны жөн келер.

Орынды жерде сөйлесем,

Қызыл тілім дөңгелер".

Терең тебіреністен туған бұл жыр бейнелі сөздерге бай.

  1. Қашаған «Жетпіс беске келгенде», «Осы күн жолдас болдым сексенменен», «Қартайған шағында айтқаны», «Бұл өмірдің мысалы», «Бұл дүниеде не жетім?» деген бір топ өлеңінде өмірдің мәні туралы толғанады. Ақын суреттеуінде кәрілік - адамның базары тарқап, бағы қайтар шақ. Ол бұл ойын «Бұл дүниеде не жетім?» өлеңінде дамыта түскен [5; 73-74]:

"Бұл дүниеде не жетім?

Кім қажетсіз болса, сол жетім.

Хакімі әділ болмаса,

Бұқара байтақ ел жетім.

Қаптап елі қонбаса,

Жайылған малы болмаса,

Көкорай шыққан балқашы

Жеусіз тұрып сорласа,

Ел қонбаған жер жетім.

һпсең, суы құрсағыңа жақпаса,

Адам менен мал түгіл,

Қаңғырған қарсақ татпаса,

Ащы дария көл жетім.

Жетпістен жасы асқанда,

Сексенге аяқ басқанда,

Жастар елеп келмесе,

Келіп сәлем бермесе,

Қайғысы келіп күңіренген,

Күнінде асыл десең де, Қартайған күнде ер жетім. Тақтан түскен хан жетім, Басшысыз қалған шәһәр жетім. Қартайса, бәсі қайтады, Қоспақтың жүгін тарта алмас, Асыл туған нар жетім. Қырға шықса - белім деп, Ойға түссе - тізем деп,

Келін менен балаға

Қонақ болған уақытта,

Басынан билік кеткен соң,

Кемпір менен шал жетім.

Бақыты тайған би жетім,

Қатынсыз қалған үй жетім,

Сатып алған құл жетім,

Құлдықта жүрген ел жетім.

Азамат ерлер қайғы етер

От басында жыласа,

Жас төгіп сәби бір жетім".

Ұлы жыраудың өмір туралы толғаныстары оның барлық шығармасының арқауы болған гуманистік идеясымен сабақтасады.

"Бұл өмірдің мысалы" атты толғауында[5; 72]:

"Бұл өмірдің мысалы:

Кешегі көрген бүгін жоқ

Ұшып кеткен көбелек", –

деп тамаша бейнелеген ақын пікірінше, өткінші өмір мәні – қулық, сұмдық, даңқ, бәсеке, ожар, өпіремдік емес, тек әділдік – ақиқаттық қана.

Қашағанның айтыс жанрына елеулі үлес қосуы

Қашаған Күржіманұлының айтыс жанрында да қолтаңбасы мол. Оны нағыз ақын ретінде елге танытқан, оның есімін бүкіл Батыс өңіріне таратқан – оның сол кездегі мықты ақындармен айтысып жеңуі. Айтыс Қашағанның импровизаторлық өнерін шыңдады, ақындық шеберлігін көтерді. Тақырып аясын биіктетіп, ойлау шеңберін кеңейтіп, азаматтық өресін өсірді.

Қашаған айтысқан ақындар: Нұрым, Ізбас, Аралбай, Жаскелең, Ізім шайыр, Берекет, Күлзипа қыз, тағы басқалар. Бізге белгілісі оның Ізбаспен, Нұрыммен, Ізім шайырмен айтыстары. Қашекеңнің Нұрыммен айтысы білім сынасу ретіндегі айтыс болса; Ізбаспен, Ізіммен айтыстары - әдептілік, көрегенділік, салт-дәстүрді сыйлау тұрғысында болған:

  1. Қашағанның жас кезіндегі айтыстарының бірі – Нұрым ақынмен кездесуі. Бұл – қазақ әдебиетіндегі сұрақ-жауап түрінде келетін дін тақырыбындағы айтыстардың бірі [5; 81-89].

Нұрым Қашағанға бірнеше сұрақ қояды. Сұрақтары – сол кез ақындарының көбін мүдіртетін дүние мен адамның жаралуы, Ніл дария көпірі, Пайғамбарлар қауымы туралы діни аңыздар. Бұл аға ақынның жас дарынды сынау жолындағы дәстүрлі әдісі болатын.

Атышулы Нұрым жыраудың Қашағанмен айтысында оған қойған сұрақтары мынадай.

Бірінші сұрағы:

«Бір екі сөз сұрайын

Ақылға кәміл данадан.

Бала, білсең хабар бер

Үдірегелі Хауа Анадан,

Қанша заман өтті арадан?

Дүниенің басы неден жаралған?

Жер мен аспан – бұ не зат?

Мақұлық қалай тараған?

Адам, Лаухы, Ғалам – баршасы

Неден жаралған?

Өлгенге мансұқ, неше аят

Анау отыз парадан?

Мыңсуалмас, Есеттей

Көл едің айдын жаппалы,

Сен қазақтың тақтағы.

Талайға айтып жібердім,

Құр адасып қайтарды

Дым бермейтін ақымағы.

Білгіш болсаң, Қашаған,

Осыны ойлап тап-тағы» .

Екінші сұрағы:

«Алдыңда сенің сөз айтқан

Жасы үлкен ағаңыз.

Дұшпаның емен, Қашаған,

Аяғыңнан алатын,

Қапталдан ауыз салатын.

Қашаған, саған бір сұрақ:

Екеуі жансыз, екі арам

Бейішке кім ед баратын?

Дүлдүлді мініп парлатқан,

Көпірдің шәрін қандатқан

Шәһимәрден Ғалиға

Жәбірейіл келгенде,

Келіп хабар бергенде,

Неше қылыш келген екен жәннаттан.

Ніл дарияның көпірі

Болған екен не заттан?

Көлде жүрген күмпілдек,

Судан даусы шыққан әупілдек,

Бұл болған екен қай жақтан?

Суда жүрген итбалық,

Неден азған екен бұ халық?»

Соңғы сұрағы:

«Шабысың енді түзелді,

Жаңа ғана бой жазып.

Естімішің көп екен

Өлең менен жырға азық.

Пайғамбардың кезінде,

Қанша қауым өтіпті

Өз пиғылынан өзі азып?»

Қашаған барлық сұраққа мүдірмей жауап беріп, Нұрым жырауды риза етеді. Осындай діни сұрақтардың бәріне кідірместен жауап берген Қашағанды Нұрым толық мойындап, білімділігіне ризалығын білдіріп, батасын береді.

  1. Қашаған мен Ізім шайыр айтысы 1891 жылдар шамасында Қарақамыс жәрмеңкесінде болады (қазіргі Ақтөбе облысы, Темір қаласы тұрған жер).

Мұнда айтыстардың көбінде кездесетін ақындардың өздері туралы толғаныстары атымен жоқ. Бұл екі ақынның да бірден өзекті оқиғаға ойысқанын аңғартады.

«ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары» атты еңбекте осы айтыс жайлы келесідей қорытынды жасалған: «Айтыс жүйесінен көрінер бірнеше еске алар жайлар бар... Қашаған мен Ізім айтысының қорытындысында үстем тап өкілдері қатты сынға ұшырайды. Ізім Қашағанға:

Байларың су басында таласқанда,

Қыз боқтап гүжілдесіп ақырады-ай, -

десе, онысы байлардың әдепсіздігін мінегені емес пе?

Ал оның:

Білмей ме молдаларың хат, қаламды,

Байлары адал деп мал жейді дейді.

Зекетсіз жұртта қалған шын арамды, -

деген жолдарында мықтының әлсізді жаныштағаны сөз болады, молдалар мен байлардың кісі еңбегін қанайтын жағымсыз қасиеттері әшкереленеді. Ақын ол жайларды ауыспалы мағынада айтса да халық оны аңғара алады.

Қашаған:

Әлпештеп асыраған қыздарыңды,

Саттыңдар тоқалдыққа мақтап-мақтап, -

дегенде ғасырлар бойы қазақ әйелдерінің еркіндігін матап келген қалың малды сынап отырған жоқ па? Айтыста бейнелі, уытты сөздер мол ұшырайды. Оған Ізім шайырдың төмендегі шумағы дәлел:

Біздің ел жаз жайлайды ағын суды-ай,

Кербездер керіледі аппақ қудай.

Кір көйлек, күйе жаулық қатындарың,

Ас ішеді дейді қол мен бетін жумай...

Өткір сөзді, өте ұрымталдықпен килігетін Ізімнің айтыста жеңілуінің сыры неде? Ол қызыл тілге келгенде кемдік байқатпаған, сөздің логикалық жүйесінен, жалтаруға келмейтін шындықтан жығылыс тауып отыр. Бұл жерде М. О. Әуезовтің халықшылдық, адамгершілдік қасиеттерімен қатар «ақын сынының бір қанаты - білімділік» дегенін еске аламыз. Қашаған жеңісіне жол ашқан нәрсе - оның арғы-бергі елдер тарихын мол білетіндігі және ол деректің халық қолдайтын ақиқат болуында» [1; 213-215].

Қашаған айтыста мал баққан қарапайым елді тұрпайы көрген Ізімге қарама-қарсы пікірде танылады. Ол шаруақор ел мен туған жерді жыр етеді. Бұқараға қысым жасаушы ханды өлтірген ел ерлерін мақтан етеді. Айтыстың мәні де осында.

  1. Қартайып сексенге келіп, жер таянып отырғанда Қашағанды Ізбас ақын іздеп келіп айтысады. Жоқты-барды өлең еткен атаққұмар Ізбасты Қашаған мірдің оғындай өткір сөздермен түйреп, ел алдында әбден масқара етеді [5; 91-95].

Айтыстың тілі көркем, бейнелі, өткір:

«Мен бір жатқан мұхитпын,

Кетерсің, байғұс, бойламай.

Өзіңе малың бұйырмай,

Тасыдың байға отынды.

Түкірігім сөндірер

Сенің жаққан отыңды.

Жүйрік едім қашаннан,

Ақ бөкендей орытқан.

Талай келдім бәйгіден,

Жоқ еді жерім зорыққан».

Өлең сөздің ақпа-төкпе дүлдүлі өзін дала жүйрігі ақбөкенге теңеп, сан алуан көрікті сөздерді құбылта ойнатып, ой мағынасын үстей, әсер-ықпалын күшейте түседі:

«Менің сөзім - сары алтын,

Сенің сөзің - қола, мыс.

Өтірік десең, берелік

Арасына сыншының.

Тастайды дейді тамұққа

Өзіңіздей жауыздың

Ғайбат айтқан күншілін.

Сен бір - есек, мен - тұлпар,

Адай түгіл, Алшынға

Естілетін дүбір-дүрсілім».

Бұл жолдардан Қашағанның сөз қадірін салмақтай білген сөз зергері екендігі мен қатар, Махамбет сияқты ақындар жырының өткірлік рухы мен түрінен үйренген игі әсері де аңғарылады.

Ьбас айтысуға ақындық өресі жетпегендігінен жеңіледі. Тиіп -қашып ұпай алуды ойлаған ол Қашаған сияқты сөз нөсерінің қарқынына қарсы тұруға шамасы келмейді. Адуынды ақын оның қанатын жаздырмай, пәрменді сөздермен буып тастайды:

«Сыртымнан жаман күндейсің,

Өз әліңді білмейсің.

Қабылғанға тиген қарғадай

Сен - бір қара маңдайсың,

Сен кімнің арын арлайсың?

Мен - жоғарыда жүрген кемемін,

Сен - өзектегі жыртық қайықсың.

Беліңнен бассам, батар сың,

Түбіне барып жатарсың».

Иә, ақынның бұлай сөйлеуі әбден заңды да еді. Көмекейден парықсыз сөз шығарып көрмеген ақынға зерделі, салмақты сөздерді шығару еш қиынға соқпаған-ды. Қашаған өлеңдері дәл осылай терең ойлармен астасады да. Сол ойлар сөздің маржанындай тізіліп, өзіне еріксіз тартады.

Әйгілі жырау өз айтыстарында елдікті, ерлікті, адамгершілік абзал қасиеттерді, бұқара мүддесін жырлап, соған арқа сүйеген.

Жыраудың бізге жеткен «Адай тегі» және «Атамекен» атты көлемді шығармалары

Қашаған Күржіманұлы өлең, айтыстармен ғана емес, дастандарымен де танылған. Ол туралы филология ғылымдарының докторы, профессор С. Негимов өз пікірін былай жеткізеді: "Қашаған Күржіманұлы ақпа-төкпе жыршылық өнердің алтын тамыры іспеттес, Сыпыра жырау дәстүрін жалғастырушылардың бірегейі. Әсіресе, жыршылық өнердің туын жоғары ұстаған гулеген ақындықтың телегейі. Шабыты шалқыған Абыл, Нұрым, Ақтандардың тәлімгерлігін көрген, «тарихтың ескі ақпарын» («Атамекен» дастанынан) ақтарған, «қағида болып қалынған, шежіре болып жазылған» («Адай тегі» аңыз- хикаясынан) көне эпикалық дастандарды туындатқан. Атап айтқанда, «Топан», «Қарасай, Қази», «Адай тегі», «Атамекен» атты дастандарында ел мен жер тағдыры, «қанжығасы қан заман, таралғысы тар заманның» қилы-қилы суреттері, ата-баба шежіресі, «дабылы күшті», «қайраты қалың», «күндік жерге оқ атқан» ерлердің ерлік -қаһармандық қимылдары суреттеледі. Бұл жырлардың тарихилық-көркемдік және аңыздық қырлары айрықша. Телағыс, Орақ, Мамай, Ер Қосай, Ер Тарғын, Асан қайғы, Қазтуған, Едіге сынды тұлғалар бейнесі қылаң береді. Сонымен қатар байтақ даласы бар қазақтың қаласы, астанасы бары, жазу өнері, әскери өнер, дамығаны, ұлттық тәрбие-тәлімі берік сақталғаны, иіні келгенде, ойына оралып отырады. Қашағанның тарихи зердесі, дүние тану даралығы, замана құбылыстарын көркемдік қабылдау қабілеті, ассоциациялық ойлау жүйесі, суреткерлік қолтаңбасы шығармаларының сөздік-лұғаттық, мазмұндық байлығын, бейнелілік, әуезділік табиғатын айқындайды. Сондықтан да ақын шығармаларында рух, сезім, тіл байлығы ересен" [7; 6].

Ақын "Адай тегін" [5; 97-106] аңыз-хикая сюжетіне құрса, "Атамекенде" [5; 107114] жоңғар басқыншылығы дәуіріндегі халық өмірінің бір кезеңін суреттейді.

"Адай тегі" атты шығармаға негіз болған атадан балаға көшкен аңыз-шежіре сүрлеуі. Ақын әуелі Кіші жүзге жататын Жанарысұлы Алаудан, оның ұрпағы Алшыннан бастап, Адай әкесі Қыдырқожаға дейін толғайды. Қашаған ата-бабалар шежіресін тарата бермей, тек Адай тегі туралы аңызды ғана нақты сюжеттік желімен өрбіте жырлаған:

"Құлақ салып тыңдасаң,

Құрттай ғана шыдасаң,

Мен сөйлейін бабамнан,

Қандырайын хабардан.

Атамыз Алшын, Қыдуар,

Үдіреппіз төрт баладан.

Төрт баланың ең кішісі

Қыдырқожа бай екен,

Төрт түлігі сай екен,

Мал перзенті көп екен.

Бай демектің мысалы

Содан қалған сөз екен.

Бақыт пен дәулет қамаған,

Екі әйелі бар екен

Есімі Жанби, Тотандай.

Бай екі сұлуды қоса алды-ай,

Артынан арнап және алды

Бір күң мен үш тоқалды-ай.

Біреуі қыз, он еркек

Бала болған екен бабамнан.

Жанби мен Тотан анамнан.

Есентемір шеттен келген ер екен,

О да Байұлыға саналды".

Жырда табиғат көркінің тәуір суреттері, Алғи, Нұр, Түркістан, Құндыздың қара теңізі, Әзіреттің Алатауы сияқты мекендер аталады. Бұған қарағанда, ақынның халық тарихы хақындағы әңгіме-аңыздардан хабары мол. Автор оқиғаны бастан-аяқ өзі ғана баяндай бермей, кейіпкерлерді де сөйлетіп отырады. Бұл жайлар ақынның мол біліп, көп жырлаған ауыз әдебиетіндегі эпикалық жырлардың сюжет, композициялық құрылыс шеберліктерін меңгергендігін танытады [8; 17].

Хикая желісі – көне кезден көңілге ұялаған, атадан балаға ұласқан ел аңызы. Оған жыраудың:

«Осы бір сөздер көңіліме

Бұрынғы өткен үлкеннен

Қағида болып қалынған,

Шежіре болып жазылған.

Тілім түзу бағытты,

Көңілім зерек қалыпты.

Аңдаған жақын, алысты,

Болжаған қисық, шалысты

Бұрынғы қарт атамның сөздерін

Құлағым естіп, көргенін

Осындай құралды жерге келгенде,

Шығарып жүрмін жарыққа,

Шариғат қарап, жол пәмдеп,

Мұсылманға үмбет деп», –

деген жолдары куә.

"Атамекен" дастанының сюжеті тарихи оқиғаға негізделген. Жырдағы қазақ ру- ұлыстарының Еділ мен Оралға дейін баруы, Маңғыстауға қарай толқып, ірге тебуі – бәрі де әлеуметтік тарихи жағдайдан туған. Халықты сондай лажсыздыққа итермелеген жоңғар басқыншылығының лаңы еді:

«Қазақ бір деген ел едік,

Қайырлы халық атанған.

Үш қожаның тұқымы

Өсіп-өнген қатардан:

Үйсін, Арғын, Алшын деп,

Үш жүз болып атанған.

Әзіреттің кең ойы,

Алты судың кең бойы

Атамыз қонған жер екен.

Көршілес елдер жау болып,

Ойлағаны дау болып,

Кетіпті бір кез берекем.

Алғыр судың бойында

Алшын деген аз ауыл

Қытайменен жау болып,

Көшіпті, салып қарауыл,

Аттың мініп жарауын.

Көтеріп көшкен іргені,

Жиынды ноқта, сіргені .

Қарттар мен ерлер жиылып,

Ортаға салған білгенін.

Айтулы ерлер бар екен

Жүйріктері баптаулы,

Найзалары саптаулы,

Сауыттары сақтаулы.

Қозы жауырын көк жендет

Қорамсақпен қаптаулы.

Ерлердің сойы бар екен

Бірінен-бірі мақтаулы.

Жауларын жасқай ұрысып,

Біртіндеп төмен жылысып,

Үдере қазақ көшкенде,

Үйсін, Дулат - Ұлы жүз,

Мұнарланған тау бойы

Қаптата малын салған жер.

Арғын, Қыпшақ, Жаппастар,

Орта жерде Сыр бойы,

Өзінің қалап қалған жер.

Саланың бойы салқын деп,

Күнелтсін ұрпақ, халқым деп,

Арқаның кең даласын

Жайлады қазақ баласы.

Сырдан төмен салада,

Еділ, Жайық, Жем, Сағыз

Елек, Қобда саласын

Мекенденіп кетіпті

Кіші жүздің баласы».

Соғыс отын тұтандырушылар үстем тап өкілдері - бектер және солардың сойылын соғушылар екенін ақын анық суреттейді. Ол үстем тап өкілдерін бейнелеуде не бір өткір сөздерді қолданады:

"Бұл қонысқа келгелі,

Билердің жиып құралын,

Әбілқайыр, Нұралы,

Бөкей мен Жәңгір хан болған,

Халықтың басы даң болған.

Бер жағында кешегі

Баймағанбет, Әлен мен

Төресінген Төлендер

Біріне-бірі жармасты,

Айдаһардай алжасты,

Әл-қуатты барласты.

Арандай ашып ауызын,

Бірін-бірі жалмасты.

Біріккен бидің кеңесі,

Ақсақал, биі, төресі

Халықты алдап, қамдамай,

Көрінді жұртқа албасты", –

деп хандарды жыртқыш аңдар кейпінде көрсетеді.

Қашаған Адай елінің тарпаң мінезді марқасқа ерлерінің болмысын:

"Адай деген ел едік,

Абайсыз өскен алшаңым,

Тәксіз өскен тарпаңым.

Ерлерім өрдей қасарып,

Жаратып сұлу ат мінген,

Ебейдей төсі салынған

Егеудей тісі жанылған,

Шеңбердей белі бүгілген,

Еңіреудей көзі үңілген,

Қоғадай жалын төгілтіп,

Шортандай баурын жаратып,

Жорық пен тойда жасанып", –

деп өрнектейді.

Ақын батырлар жырының үлгісін шебер пайдалана білген. Ол батыр бейнесін беруде, жорық қимылдарын суреттеуде ерлік жырларға тән тәсілді қолданған. Мұны: "Ақпан деген қарт батыр Ер басына қос атты – Жетелетіп жүргізді Жауға мінер бос атты. Қабырғадан саз болса, Жапалақ жауған қар болса, Айшылық жолға айдаса, Бұйдасын іркіп мойымас,

Азықтарын айшылық

Өңкей нарға қоса артты.

Жетектегі аттар жарады,

Шекесінен қарады.

Киік пен қашқан құланды

Соғып алып барады.

Бес жүз әскер ауыр қол,

Бастығы Ақпан батыр сол,

Көпті көрген көнеге

Қараңғы тұман түнде де

Сапар шегіп, жол жүрсе,

Табылады екен сара жол.

Бірнеше күндер өтеді,

Қаратөбе, Манаты,

Деген жерге жетеді.

Маңғыстау да сол күнде

Қалың нулық жер екен.

Бозарыстың түбінде,

Қарашағыр, Шадас құдық,

Ордың бойы ел екен.

Ерлер барлау салады,

Жарықта байқап алады.

Қалың елді еңселеп,

Таң алдында барады.

Желпіндіріп ту байлап,

Ерлерім тұрды ат сайлап,

Көгалаң таң болғанда,

Шақырды ұран айқайлап.

Құлақты сүрен шалады,

Ат дүбірі жарады.

Мұңдық болған көп тұтқын,

Елінің көріп ерлерін,

Қуанып, естен танады.

Бақырауық бектердің

Салтанатын тәрк қып,

Олжаға елді қарық қып,

Шалқұйрығын дүбірлетіп,

Ерлерім айдап барады",-

деген жолдардан айқын аңғарамыз.

Қашаған жыраудың "Атамекен" дастаны - жыр ағымымен, ерікті ұйқаспен көрінетін эпос үлгісіндегі бағалы шығарма.

«Топан» дастаны – Қашағанның бұқара мүддесін етене толғаған көлемді шығармасы

«Топан» дастанындағы өзекті мәселе - Каспий теңізінің сұрапыл тасқынына ұшыраған халық трагедиясы. Ел басына ауыртпалық әкелген бұл алапат оқиғаның қай жылы болғандығы туралы деректер әр түрлі.

«Топан» дастанының сюжетімен даңқты күй атасы Құрманғазының «Көбік шашқан» деген күй шығаруына қарағанда, тасқын 1887 жылдар шамасында болған. Себебі бұдан кейінгі жылдарда атақты күйші өмірде жоқ еді. Табиғат сұрапылына ұшыраған Атырау елінің қыруар малы мен жаны, мекен-жайы суға кетіп, баспана, азық-түліксіз қалады, көп қиындық көреді. Осы жайдың куәсі болған ақын халық мұңына ортақтасып, дастан туғызған [1; 217-218].

Эпикалық құлашы кең, көркемдікті сезіну қабілеті кемел «Топан» дастанында Қашаған жырау дамытудың озық үлгісіне кеңінен сүйенген [5; 115-125]:

  1. Ақын Ұшқиянның қайырлы, құтты қоныс, дария дәулеттің, шалқыған сәулеттің ордалы мекені болғаны туралы былайша жырлайды:

«Ноғайлының елінде,

Ұшқиянның жерінде,

Асанқайғы бас болып,

Қайғыменен өтсе де,

Нарынды тастап кетсе де,

Құтты екен бұл қоныс,

Баққан қойы бүркіттей,

Дулығасы үйген іскірттей.

Кәрі биесі жал алған,

Нарлары семіз қом алған,

Кәрі саулығы шайлаған,

Еркек қой мен тоқтысын

Шаруасы ерте байлаған.

Ерлері бар еді егескен,

Дұшпанымен шенескен.

Абыройы асқардай,

Не жақсымен теңескен».

  1. Бірақ сонау бір Орманбет ханның уақтысында арша ағашына бозторғай қонып, «құтырған құртты қағып жеп» бүркітке сес көрсетеді. Содан торғайды қылғытқан бүркіт Еділдің жайын балығына қанды шеңгелін салады. Сөйтіп, Балық құтырады. Балықты жеген ел дүрлігеді:

«Мынау бір өткен уақиға,

Бұдан да хабар берейін:

Тайшық ханның елі толғанда,

Тай тулап талқан болғанда,

Орманбет ханның елі толғанда,

О да келіп бір күні,

Тай тулап талқан болғанда,

Бір құтырған құртқа жолықты,

Орманбет хан сол кезде

Қайтерін білмей торықты.

Бүлдіруге көп елді

Сол құрт себеп болыпты.

Арша деген ағашқа

Бір бозторғай келіп қоныпты.

Сол ағаштың бойынан

Құтырған құртты қағып жеп,

Құтырып торғай шырлайды,

Көкке қарай зырлайды,

Қанатын сілтеп пырлайды.

Өзінен зордан қаша алмай,

Жүрегін торғай баса алмай,

Шарықтап жүрген бүркітке

Шапқан екен торғай тайсалмай.

Оқиға бұрын болған көп,

Ойласаң шығар түрлі кеп.

Қара бүркіт құтырды,

Әлгі бозторғайды қағып жеп.

Құтырып бүркіт желденді,

Еділге қарай еңменді.

Ұлы Еділдің бойында

Жүзіп жүрген нән балық

Салған екен соған шеңгелді.

Нән балық жанын қарманды,

Желігіп келген бүркітті

Жұтып салып, жалманды.

Бір шай ішім мұрсат болмады,

Нән балық та құтырып,

Суға сыймай сандалды.

Желігіп балық сандалып,

Жағаға шықты қайырлап,

Қайырлап жатқан балықты,

Су жағалап қыдырған

Көрген екен батыр Сайынжап.

Балықты жеді елі алып,

Жеген елдер құтырып, Біреулерді біреу жеп, Азайған сүйтіп көп халық».

  1. Содан құтырған қара құйынның кесапатынан сұрапылдың желі зулап, теңіз тулап, ел екпіндеп соққан мұздардың соққысына ұшырайды:

«Құтырынған бір құйын,

Кетірді-ау жаман ел күйін.

Қара дауыл соқты да,

Үй қирады бесінде.

Келер деп мұндай уақиға Болмады жұрттың есінде. Ғаламат болды айтқандай, Жұманың ақшам кешінде. Таудан биік сеңдерді Бұлтпен бірге көшірді. Адамның алды жатқанда, Көз ұйқыға батқанда, Терезеден су құйды, Биіктен келіп сең үйді. Қызылды-жасыл су жүрді. Сұрапылдың желі зулады, Зілмәнкенің үстінен Ұлтарақтай қара жер таппай, Қол ұстасып жұрт шулады. Садақа айтты сасқанда-ай, Зілмәнкенің басынан Мұз жапырып асқанда-ай. Мылтықтың атқан оғынан. Бір де осал тимеді, Құтылмады қашқандар. Екпінмен мұздар соққанда, Кәршөндіктегі мастардың Кеудесі кетіп, бас қалды. Түкірігі жерге түспеген Тәкаппарлар мұзды жастанды».

  1. Ақын апатқа ұшыраған елдің аянышты халін тебірене толғайды. Халық басына түскен апат ауыртпалығы жағадағы елдің барлығына бірдей, кедей-бай, жақсы-жаман демей түгел жұтатқанын айтады:

«Ғаламат мұндай болған соң,

Таңертең тұрып қараса, Кейбіреу жетім жас қалды,

Талайлар мұзды жастанды. Біреулер қалды атасыз, Біреулер қалды анасыз, Біреулер қалды баласыз, Біреулер қалды жалғыз қарасыз. Аюдан мықты білекті, Қабылындай батыр жүректі, Кесті деп Алла тілекті, Ел айрылды ерінен,

Сөзіменен дем берген,

Адасқанға жөн берген,

Ақылгөй абзал көлінен.

Кербездер кетті керілген,

Бір басуға ерінген.

Пір параны мұз алды,

Біреулердің белі сынып майрылды,

Біреулердің қанаты сынып қайрылды,

Бір атадан біреулер

Жалғыз қалып қайғырды.

Талай кетті бозбала,

Талай сұлу қызғалдақ,

Талайдың кетті әсемі».

  1. Елдің осындай ауыр халіне күйзелген жырау:

«Әкімдер кетті мөр алған,

Бақытпен байтақ ел алған.

Білдірмей келген апатты

Қайсысы соның көре алған?!

Қайыры болсын артына,

Талайлар солай жоғалған», - деп үстем тап өкілдерінің дәрменсіздігін әшкерелейді.

  1. Топан селінің басуын ақын ел пейілінің тарылып, тәубеден жаңылып, асып- тасуына байланысты тағдыр тартқызған жаза деп ұғынады:

«Ғаламат болған күн болды,

Көз көрмейтін буалдыр

Қараңғы тұман түн болды.

Орыстың баржа кемесі,

Мықтап қаққан шегесі

Бір соққанда дауыл күл болды.

Су тасқыны тау болды,

Таудай толқын жау болды.

Соққан желдер күш болды,

Мұндай заман тұс болды.

Түн ортасы болғанда,

Желдің түбі бұрылған,

Бәлеге қашқан ұрынған.

Малынан пайда көрмеген,

Қанағатсыз Қарынбай,

Барын жоқ деп құрынған.

Жұлдызды жатқа санасақ,

Қисап етіп қарасақ,

«Мың тасқанға - бір тосқын»

Бар емес пе еді бұрыннан?!»

  1. Әйтсе де дастан оптимистік жолдармен аяқталады. Сөз соңында автор:

«Кейіндегі бозбалалар,

Налымаңыз, шырағым,

Күндердің күні болғанда,

Көк дария көл болса,

Бай мен жарлы тең болса,

Суда - балық, қырда - егін,

Бәле-бәтер жоқ болса,

Диқаншылық көп болса,

Талаптың күші сел болып,

Кетерсіз-дағы ел болып», – дейді.

Сонымен, «Топан» - халық мұңын шертетін, әлеуметтік мәні зор шығарма. Дастанның маңыздылығы сонда, ол өнердің өзге саласындағы шеберлердің де әр кез назарын аударған. Қазақтың алып композиторы Құрманғазы осы жыр желісін пайдаланып, «Көбік шашқан» дейтін тамаша күй шығарса, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі – Ілияс Жансүгіров те өлең сөздің өрен жүйрігі Қашаған өміріне ерекше назар аударған. Ол Қашаған мен Құрманғазыны кейіпкер етіп, Каспий тасқынына ұшыраған ел халін толғамақ болған. Өкінішке орай, «Көбік шашқан» атты осы поэмасын аяқтап үлгермей кеткен. Соның өзінде де ардагер ақын:

«Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі,

Шашқанда күйден көбік Құрманғазы,

Қашаған жырдан төккен маржан дүрді», – деп бұқара жыршыларының талант, дарынын әділ бағалай білген [1; 219].

Қорыта айтсақ, «Топан» Қашағанның ерекше назар аударарлық шығармасының бірі. Ақын бұдан өзге дастандарында бұрынғы тарихи оқиғаларды негіз етсе, «Топанды» өзі куә болған нақты оқиға желісіне құрған.

Түйін

Ұлттық өнердің ішінде, әсіресе, сөз өнерінің орны ерекше. Оған бізден бұрын талай дүлейді дуалы аузына қаратқан ділмарлар, от тілді, орақ ауызды шешендер, тілінен бал тамған ақындары өткен сонау замандар куә. Қанына қасиет дарыған қазақтың суырып салып айта салатын дарыны бары да әу бастан белгілі. Ол аздай өз өлеңін әуенге салып, әуелетіп, жырға салып төкпелететін таланттар да осы қазақтың дархан даласынан шыққан еді. Солардың дарабозы – қайсартілді Қашаған ақын.

Ол екі дәуірді бірдей көрген ақын. Кеңестік дәуір тұсында Қашаған ақын кедейлік пен аурулық тауқыметі тақымдаған кезге тап болды. Жырларының денін 1917 жылғы Ақпан және Қазан революцияларына дейін толғады. Бұқараны сүліктей сорып, қанап отырған бай мен молланы, би мен болысты жек көрді, әшкереледі, сынады, мінеді, мысқылдап мысын құртты. Халық келешегіне сенді. Тап жігін көре білді. Өнерді қорғады. Елдікті, ерлікті жыр етті. Әйел – ананың қоғамдағы рөлін түсіне білді. Бай да, батыр да анадан туады деді («Қонақ кәде»). Дүниенің мәңгі дамуда екенін, уақыттың өтпелілігін ұғына білді. «Топан» дастанында азған дәуірді аяусыз сілкілейтін халықтың ыза, кегіндей топан селі соғады, дүние теңселеді, ұлық пен кішік тең болады дегісі келді. Бірақ, табиғат топанын ғана суреттеді. Ескі дәуірді сілкілер халық қаһарын ашық айта алмады.

«Қырымның қырық батыры» яки «Ноғайлық жырлары» – батырлық жырларды халық арасына таратып, Мұрын, Шәдіман, Жанжігіт, Дүйсенбай, Сүгір, Мұса жырауларға ұластырды.

Сондықтан да Маңғыстау өңірінің дүлдүл ақыны, Адайдың бес жүйрігінің бірі атанған Қашаған Күржіманұлы артына елеулі мұра қалдырған өлеңсөздің жүйрігі ретінде төл әдебиет тарихында алар орны ерекше тұлға. Ақын туралы жекелеген ғылыми мақалалар баспасөз бетінде әр кезде жарияланып, кейбір диссертациялық жұмыстарда ішінара қарастырылған жағдайы бар.

Қашаған жыраудың ақындық, жыршылық өнерін көптеген ақын-жыршылар,, жазушылар өнеге тұтқан, жоғары бағалаған:

  1. Мысалы, Қашағанды жыр алыбы Жамбыл өзінің ұстазы Сүйінбаймен тең ұстап қадірлеген. Ол [4; 693]:

«Сүйінбай мен Қашаған,

Қара өлеңді матаған.

Атын жаттап балалар,

Әлі күнге атаған», –

деп өлеңге қосқан.

  1. Кезінде Қашағанды Мұрын жырау көрген. Ол «Қашаған ірі денелі қара кісі еді...өлеңді суырып салып айтатын. Ойын-тойда сөз бастап, айтысқа түсуге құмартатын...Қашағанмен көп жолдас болдым. Ол 84 жасында, 1924 жылы өлді. Өлместен 4-5 жыл бұрын көзінен айрылып қаріп болды» [4; 697], – деп айтып кеткен. Сондықтан да кейбір зерттеушілер Қашағанның туған, өлген жылдарын Мұрын жырау дерегі бойынша, 1840-1924 жылдар арасы деп беріп жүр.
  2. Қазақтың көрнекті ақыны Хамит Ерғалиевтың «Құрманғазы» поэмасында Құрманғазы мен Қашаған бейнесі ежелден халық көкірегіне ұялаған дәрежеде келісті, шынайы суреттелген [8; 22].
  3. Сыр өңірінің тума таланты Базар жырау мен Қашаған Күржіманұлының замандас болуымен қатар, талай рет шаршы топта бірге өнер көрсетіп, сыйлас та дәмдес болғанын Қашаған жыраудың «Қоштасу сөзіндегі» мына жолдардан аңғарамыз [9; 197]:

«Әубәкір, Аралбай мен Майлықожа,

Оңдастың Базарбайы – бәрі дәмдес, Жолдығыма таласпай құрмет тұтқан, Мен Қашаған, мінеки, бітті демім».

Демек, Сыр сүлейлері жыр мектебінің бірегей өкілі Базар жыраудың Қашағанды ұстазындай құрметтегені анық та нақты.

  1. Қашаған жырау Күржіманұлы басқан топырақтан түлеген қара сөздің абызы Ә. Кекілбайұлы ақынның 150 жылдық мерейтойына арнаған лебізінде: «Сонау бала кезімдегі бұқпантай жиындарда жұрттың кеуде керіп отырып, желпіне айта алмай, төмен қарап отырып, күрсіне айтқан осы бір лебізі көкірегімде талайғы шемендей шер байланып қалыпты. Сөйтсек, іргедегі Тайсойған мен Жылыойда да, қиырдағы Шыңғыс, Баян, Шұбартауда да, одан бергі Қарқаралы, Қаратауда да сол жылдары тап осындай жиындар Мұрат, Бала Ораз, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Нарманбет, Мәделіқожа, Шәдітөрелердің сөздерін айтса да өздерін атамай, «Әй, несін айтасың», – деп кіжініпті. Ел басына түгел келген осы нәубеттен, әсіресе, Маңғыстау аймағында туып-өскен халық өнерінің өкілдері айрықша зардап шекті... Бірақ болат кездік бәрібір қап түбіне жатпайды ғой. Әділет түгенделер жаңа кезеңде елінің көкірегіне де, жерінің көкірегіне де де қазына тұнып тұрған қара жұрт – қасиетті өлке – санаттағы орынын қайта иеленеді...Әлі де болса, бар сыр, бар сиқырымен түгел танылып бола қоймаған Маңғыстау жыр мектебінің орман иесіндей ата бәйтерегі – Қашаған ақын Күржіманұлы» [10; 201], – деп жазған.

Ақын туралы тың деректер мен оның мұралары жайлы келелі әңгімелерден аңғаратынымыз, Қашаған Күржіманұлы – қазақ жырының кәусар бұлағы. Оның жырларынан халқымыздың салт-дәстүрі, тарихы, арман-мұңы бой көрсетіп, оқыған мен тыңдағанды еліктіре түседі. Өлеңдеріндегі өзіндік мінез қайсар ақынның алып тұлғасын аңғартып, адамды биікке жетелегендей болады.

Қашаған ақпа-төкпе суырыпсалма ақындық өнерді ерекше бағалаған. Ақынның ел алдындағы міндет-парызын, халық өмірін жырлау сырларын жақсы білген. Оған куә – ел аузында сақталған мына екі әңгіме [8; 24-25]:

  1. Қашағанның сүйікті шәкірттерінің бірі Сәттіғұл жырлар алдында сәл ойланып барып ағытылады екен. Қашаған оған: «Жау сен қашан атады деп күтіп отыра ма? Айтқыш болсаң, оғыңды сол бойда сеуіп жібер. Ақпа ақын табан астында селдете құйып жіберуі керек», - дейді екен.
  2. Бірде Сүгір Бөгендікұлы Хиуа нөкерлерінің шапқыншылығына ұшыраған ел қасіретіне арнап жыр шығарыпты. Сонда Қашаған:
  • Қарағым-ай, жау бір шапса, сен екі дүркін шапқан екенсің, - дейді.
  • Неге, Қашеке?
  • Сен шапқыншылыққа ұшырап, тамтығы қалмай құрыған халықты көрсетіпсің, елдің еңсесін көтеріп, жаудан кегін алатын батыры қайда? Ошағында сөнбеген оты, көңілінде үміті бар, елдің кегін қуар ұрпағы бар», – деген екен.

Ілияс Жансүгіров: «Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі», – деп текке айтпаған. Қашекең – қуатты да құнарлы шығармаларымен халық қадіріне бөленген бұқара жыршысы. Қашаған жырларынан Қараұлы Өмір, Сатыбалдыұлы Медетбай, Үдербайұлы сияқты замандастары ғана емес, өзінен кейінгі талай ақын, жыршылар өнеге алған.

 

Әдебиеттер

  1. ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары. – Алматы: Ғылым, 1988. – 352 бет.
  2. Кәлкенбай З. Қазақ жырының кәусар бұлағы // «Алтын орда», № 33, 18 тамыз 2011 жыл, 25-бет.
  3. Төлеуғалиев Б. «Саналыға сөзім тыңдалған» // «Ана тілі», № 35 (1083), 1-7 қыркүйек 2011 жыл, 7-бет.
  4. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы: Оқулық. – Алматы: «Санат», 1997. – 928 бет.
  5. Күржіманұлы Қ. Топан: Шығармалары. – Алматы: Жалын, 1991. – 176 бет.
  6. Боқтағаның қай ағаш?! (Қашаған жыраудың Есқали сұпыға айтқаны) // «Қазақстан», № 43-44 (334-335), 11 қараша 2010 жыл, 16-бет.
  7. Негимов С. Ақын – ұлттың жүрегі // «Егемен Қазақстан», 15 қыркүйек 2011 жыл, 6-бет.
  8. Сыдиқов Қ. «Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі» // Күржіманұлы Қ. Топан: Шығармалары. – Алматы: Жалын, 1991, 3-25-беттер.
  9. Қонысбаева М. Маңғыстаудың жыраулық мектебі // Жалын. – 2012. – № 11. – 195-197-беттер.
  10. Нұрдәулетова Б. Қашаған жырау шығармаларының текстологиясы // Жұлдыз. – 2011. – № 6. – 201-208-беттер.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.