Орыс зерттеулеріндегі қазақ этнографиясы (XIX ғ.)

Қазақтардың XIX ғасырдағы бастапқы кезеңінен бастау алған этнографиясы Ресейдің ғылыми әдебиеті үшін ғана емес публицистикасы үшін де құнды бола бастайды. Мәселен, 1816-1818 жылдары И . Добровольский қазақ халқының әуендерінің жазбаларын «Азиялық музыкалық журналында» бастырып шығарады. Тау-кен инженері Г. И. Спасский 1818 жылы «Сибирский вестник» журналын шығара бастайды, ол Сібір ғана емес, қазақ жерлері туралы да ғылыми мәліметтер бастырады. Осы журналдың 9 және 10 сандарында «Ұлы, Орта және Кіші ордалардың қырғыз-қайсақтарын зерттеу» атты жазба бастырылған. Сонау 1804 жылы Г. И. Спасский «жаппас руының старшинасы» КөбекШүкірәлиевтің аузынан «Жеті жарғының» 11 фрагментін жазып алған және оларды «Сибирский вестникте» 1820 жылы бастырып шығарған [1, 47 б.].

«Ұлы, Орта және Кіші ордалардың қырғыз қайсақтары» деген жұмысында ол қазақтардың шаруашылығы мен тұрмысына қатысты көптеген этнографиялық тұрғыдан қызғылықты мақалалар берген.

Ресей қоғамдық ой-санасындағы демократиялық тенденциялар зерттеуші-этнографтарға да әсер етті. Мысалға А. Боровков қазақ даласы туралы былай деп жазды: «бұл жабайы оңаша жерлер де еуропалық тәртіппен қоныстанатын болады... қырғыз-қайсақтардың шексіз-шетсіз далаларында тамаша қалалар бой көтереді және ол елдердің халықтары жақсы білім алады» [2, 7 б.] десе, саяхатшы және зерттеушісі Е. К. Мейендорф 1820 жылы Бұхар хандығында болғанда: «Біз қырғыздарды Бұхараның солтүстік-шығысында Мианқаланың солтүстігінде, Қаршы маңайында қарақалпақтармен шектескен жерден көрдік. Бұхарада тұратын қырғыздар Кіші және Орта жүзден жаңа жерлерден бақыт іздеп келгендер»[3, 3 б.] , – деп жазған.

1820-1822 жылдары Қазақстанда Ресей Сыртқы істер министрлігінің Азиялық департаментінің чиновнигі, зерттеуші А. И. Левшин (1799-1879) болды. Оның саяхаты өзінің ғылыми және танымдық жағынан алғанда аса маңызды болды. Оны тегінен тегін «Қазақ тарихының Геродоты» деп атамаған шығар. Левшин бірнеше жылдар аралығында орталық және жергілікті мұрағаттарды зерттеген, Ұлы Татарияның халықтары туралы – қазақтар, башқұрттар, қалмақтар және т.б. туралы кең көлемдегі материалдар жинаған. Одан бұрынғы уақыттарда қазақ халқы туралы жиналған мәліметтерді зерттей келіп Левшин 1832 жылы «Қырғаз-қазақтар немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларын суреттеу». деп аталған үш томдық шығармасын бастырған. Бұл көлемді еңбек осы кезге дейін өзінің ғылыми маңызын жойған жоқ. Бірінші томында «географиялық хабарлар», екіншісінде «тарихи хабарлар», онда қазақтардың этногездері, қазақтың хандық әулеттерінің шығу жағдайлары және т.б. жазылған. Үшінші томы болса, толығымен «этнографиялық хабарларға» арналған. Қазақтардың мәдениеті, тұрмысы, басқару жүйесі мен заңдары егжей-тегжейлі жазылған. Бөліп алар болсақ қосымша ретінде 1822 жылы шыққан «Сібір қырғыздары туралы жарғы» берілген, А. И. Левшин болса оны даярлауға белсенді түрде ат салысқан. Оның ендігі бір өлшеусіз еңбегі «Жеті жарғы» секілді қазақтың ұлттық құндылығының 34 фрагментін жариялауы болып табылады [4].

А. И. Левшин қазақтардың шаруашылық жүргізулерінің ерекшеліктерін талдай келіп, олардың бір бөлігі дәстүрлі көшпелі мал шаруашылығымен қатар, тұрақты түрде егін шаруашылығымен айналысқанын айта келіп, келесі жағдайларды түсіндіре кетеді: «Егін шаруашылығын жүргізу оларды жерге түпкілікті тәуелді ете алмайды. Олар астық піскенге дейін ғана өздерінің егістік жерлерінің маңайында болады. Астық жиналып бастырылғаннан кейін белгілі бір қажетті бөлігінөздерімен әкетеді, ал қалғанын келесі көктемгі егіске дейін көміп тастайды да басқа жерлерге кетеді» [4,188 б.]. Қазақтар жеке этнос ретінде Орталық Азияда моңғолдарға дейін де болған деген болжамды да Левшин айтқан деген тұжырым бар. Оны дәлелдеу үшін ол Фирдоусидің беделіне жүгінеді. Левшин былай деп жазды: «1020 жылдары өмір сүрген Фирдоуси моңғол татарлардың пайда болуына дейін екі жүз жыл бұрын қазақтар мен қазақ хандары туралы айтып өткен» [4,191 б.]. Қазақ этносы туралы Левшиннің жазбаларының арасында қазақ тайпалары бір жерде тұрған, ортақ бастығы болған бір халыққа бірікті; тіл, дін, өмір сүру және ғұрып бірліктерінің ортақтығы соған дәлел бола алады, деген байламдары көптің көңілінен аударады.

Сонымен қатар, Левшин көршілес мемлекеттермен және халықтармен айырбас арқылы сауда жасаудың басты өлшемі қойлар болғанын атап өтеді. Олар ақша орнына жүрген және барлық тауарлардың өлшемі қызметін атқарған. Ол қазақы қойлардың ерекшелігіне тоқтай келіп: Үлкен қой 4-тен 5 пұтқа дейін болып келсе, олардың 2 пұтқа дейін май түсетін болған. Олар сондай мықты, күшті және биік болып келеді, 1012 жастағы балалар ермек үшін оларға салт мінетін болған дейді.

Қазақ этносының шаруашылық-мәдени өміріндегі көшпелі мал шаруашылығының рөлін аса жоғары қоя отырып, Левшин соған қарамастан, қазақтардың бір бөлігінің егін егуімен шұғылданатынын атап көрсеткен. Ол қазақ жерлерінде тарыға келер болсақ, оның 1 дәнге өздерінің айтуы бойынша, астық жақсы шыққан жылдары 50-ден 60-қа дейін өнім беретін болған. В. Кобяков және т.б. сияқты басқа да көптеген зерттеушілердей Левшин балық аулау секілді салаға қазақтар өмірінде көп орын берілмейтініне тоқталады.

Левшин келтірілген қазақ тұрмысын этнографиялық жағынан баяндау арқылы берген мәліметтерінде сайғақтарды қамап ұстауды көрсету қызықты дүние. Жануарлардың су ішетін жерлеріне аңшылар қамыстан жартылай шеңберге ұқсас келетін қоршаулар тұрғызған, қамыстың үшкір бастары қоршаудың ішкі жағына қараған. Жабайы хайуандар суатқа жақындаған кезде жасырынып жатқан аңшылар оларды үркітетін болған. Қоршаудан секіріп шықпақшы болған сайғақтар қамыстың үшкір басына ілігіп жарақат алатын еді. Жараланған жануарларды қан шығару үшін ғана пышақ пайдаланатындығын айтады.

Левшин қазақтардың қару-жарақтарын былай суреттеген: «Қырғыз – қазақтар соғысында найза, қылыш, жебе, мылтық және мақандарды (жауынгерлік айбалталар) жұмсаған». Одан мақанға тоқтала келіп, Левшин былай деп жазған: «ол ұзын сапқа отырғызылған кішкене балта. Онымен басқа салған жарақаттан көбіне адам өлетін болған» [4, 97 б.] дейді.

Қазақтардың діни өмірін суреттей келіп Левшин ауылдарды софылық ілімінің жанашырлары қаңғыбас дәуіштер аралайтынына тоқталады. Олардың кейбіреулері бал ашумен да айналысқан, былайша айтқанда, тәртіптері мен іс-әрекеттері шамандарға ұқсас.

XIX ғасырдың 20-30 жылдарының аралығында қазақ тақырыбы біртіндеп ғылыми және көпшілік қана емес, көркем әдебиетте тіпті саз өнерінде де көрініс таба бастайды. Көпшілікке тараған белгілі шығармалардың арасында Н. Н. Муравьевтың (1828 ж.) «Қырғыз тұтқыны», В. А. Ушаковтың (1829 ж.) «Қырғыз-қайсақ» повесін және «Қырғыздар» әңгімесін сондай-ақ атақты Глинканың (1831 ж.) жазған «Қырғыз-қайсақ» романсын жатқызуға болады. В. И. Даль секілді белгілі лингвист және этнограф «Бикей және Муляна» атты повесть жазған, оны сол кездегі зиялы қауым өкілдері «Қырғыздардың әдеп-ғұрыптары мен тұрмыс-салтының тамаша көрініс ретінде» қабылдаған [1, 37 б.].

Орыс әдебиетінің асқан білгір данышпаны А. С. Пушкин де қазақ халқының тарихы, этнографиясы, мәдениетіне қызығушылық танытқан. 1833 жылы арнайы Пушкин үшін қазақтардың «Қозы Көрпеш және Баян сұлу» дастаны орыс тіліне аударылған [5,157 б.].

Қазақ жерлерінде қызмет атқарған патша үкіметінің шенуніктері мен офицерлерінің барлығы бірдей колонизатор немесе ретрогард болған емес. Сібір қырғыздары облыстарының шекара бастығы, полковник М.В. Ладыженский XIX ғасырдың 30-жылдарының орта шенінде өзінің қарамағындағы майор Шыңғыс Уәлихановқа (Шоқанның әкесі) қазақ халқының ұлттық мақалдарын, өлеңдерін, ертегілерін, аңыздарын жинауды, даладан ескі қорғандар мен эпиграфиялық жазбалары бар тастарды жинауды, олармен байланысты аңыздарды жинап алуды тапсырады. Қазақ этнографиясының қалыптасуына В. И. Штейнгель, С. М. Семенов, Н. И. Басаргиндер секілді жер аударылып келген декабристер еңбек сіңірді.

XIX ғасырдың 40-жылдарының бастапқы кезеңінде белгілі этнограф Н. Ханыновтың бауыры Я. В. Ханынов (1818-1862) Ішкі (Бөкей) ордасының облысын зерттеген. Оның «Ішкі Қырғыз ордасының 1841 жылғы жағдайының очеркі» деп аталған еңбегі ресей географиялық қоғамының жазбаларының (1847) 2-ші кітабында жарияланды [1, 87 б.].

1842 жылы Иванов пен Мартинианш «Татар хрестоматиясында» қазақ әндерін, еретегілерін, жұмбақтарын бастырып шығарды. 1845 жылы Ресей ғылымының Ф. Ф. Берг, К. М. Бэр, Ф. П. Врангель, М. П. Вронченко, Г. П. Гельмерсен, В. И. Даль, П. И. Кеппен, И. Ф. Крузенштерн, Ф. П. Литке, П. И. Рекард және басқа да атақты қайраткерлері Орыс географиялық қоғамын ұйымдастырған, содан кейін шеткері аймақтарда оның бірқатар жүйесін құрған [6, 214 б.].

XIX ғасырдың ортасында Г. И. Данилевский өзінің «Хиуа хандығын сипаттау» атты еңбегінде осы хандықтың қарамағында түрып жатқан қазақтардың шаруашылығына сипаттама береді. Ол «Хиуа ханының басқаруындағы қазақтар бірнеше руға бөлінеді: олардың басшылары табын, адай, шекеліктер», – деп жазған [1, 23 б.].

1851 жылы Орынборға жіберілген осы жерде жиырма жылдай қызмет атқарған В. В. Григорьев (1816-1881) қазақ халқының этнографиясын байыпты зерттеушілердің бірі. Ол қазақтар, оның тарихы,мәдениеті, этнографиясы туралы көптеген материалдар жинаған. Григорьевпен бір мезгілде Орынборда тамаша тарихшы, мәдениет зерттеушісі, этнограф В. В. Вельяминов-Зернов (1830-1904) қызмет атқарды, ол қазақтар және Ресей империясының басқа да түрік тектес халықтарының тарихынан көлемді еңбектер жазды [7, 98].

Генерал В. А. Перовскийдің 1853 жылы Ақмешітте жасаған жорығына К. Брюлловтың шәкірті, дарынды суретші А. Н. Горонович (1818-1889) қатынасқан. Әр жорықтан оралған сайын ол Ақмешітті алу туралы ресми суреттерден басқа этнографиялық тұрғыдан қызғылықты болып саналатын акварельдер мен суреттер «Сырдария» (1854), «Бұхар керуенінің қырғыз даласында дем алуы» (1855) және басқа Қазақстан тұрғындарының тұрмысынан мол мағлұмат беретін басқа да еңбектер жазды [8,14 б.]

П. П. Семенов Тянь-Шанский Орталық Азияда болып қайтқан кезекті жорығынан кейін 1856-1857 жылдары өзінің кітабында қазақ дуанасының (бақсы, көріпкел) кескінін берген, оның қолында шамандар ұстайтындай асатаяқ болған. Осының өзінен-ақ қазақтардың дінге сенуінде мұсылмандықпен қатар исламға дейінгі пұтқа табыну және шамандық түсініктер өрбіген деген [8,15 б.] пікірін жазған болтын.

XIX ғасырдың 70-80 жылдарында Қазақстанда белгілі зерттеуші Н. Н. Пантусов (1849-1909) қызмет етті. Өз уақытында тамаша арнаулы білім алған (Санкт-Петербург университетінің шығыс факультетін бітірген) ол Жетісу губернаторының кеңсесінде көптеген жылдар бойына қызмет атқарған, Жетісу және Түркістан статистикалық комитеттерінің, сондай-ақ орыс археологиялық қоғамы мен басқа да бірқатар ғылыми қоғамдардың мүшесі болған. Пантусовтың бастамасымен Верныйда (Алматыда) 1898 жылы археологиялық және тарихи-этнографиялық бөлімдері бар Жетісу мұражайын ұйымдастырған. Зерттеуші осы мұражайға өзінің меншігіндегі бірқатар материалдарын: кітаптар, қолжазбалар, несториандық қабір басындағы тастардағы кескіндердің көшірмелерін берген. Қазақ халқының этнографиясы үшін, Пантусовтың (Қазан, 1899-1904 жылдар) «Қазақ- қырғыз тілін зерттеуге арналған материалдардың» жеті шығарылымы, «Іле округі тараншыларының тілдерін зеттеуге арналған материалдар» (18971904 жылдар) тоғыз шығарылымы және басқалар бар [1, 17 б.].

Сонымен, ресейлік этнография ғылымы қазақтардың этнологиясына қатысты көптеген жайттарды дәстүрлі өмір сүру, әдет-ғұрып, материалдық және рухани мәдениетіне қатысты көптеген фактологиялық мәліметтерді жинауда, жүйелеп бөлуде, оларды талдауда айтарлықтай іс тындырған. Бірақ сөз қылып отырған тарихи кезеңнің негізгі кемшіліктеріне біздің халқымыздың тарихы мен мәдениетіне және этнографиясына отарлықтың көзілдірігімен қарағандықтан қазақ халқына баға беру жағына келгенде «жабайы», «надан», «жалқау», «қатал», «бірбеткей» деген біржақты негізсіз пайымдар жасағанын айта кету керек.

 

Әдебиет

  1. Косанбаев С. К. История становления и развития этнографии Казахстана (XVIII – XX вв). – Алматы: Дайк-Пресс, 2005. – 168 б.
  2. Кайдарова А. Энциклопедия тюркской жизни. – Казахстанская правда, 2005, 15 май, стр. 7.
  3. Шимирбаева Г. Общие темы ученых. – Казахстанская правда, 2003 г. 21 февраля, стр. 3.
  4. Левшин А. И. Описание орд и степей казахов. – Астана: Алтын кітап, 2007, (Библиотека казахской этнографии), – 212 с.
  5. Қозы Көрпеш. Лиро-эпостық поэма. – Алматы: Мектеп, 2006. – 168 б.
  6. Масанов Э. А. Очерк Истории этнографического изучения казахского народа в СССР. Изд-во Наука казахской ССР. – Алма-Ата, 1966.
  7. Қазақтар. Көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық. VII том. Қазақстан һәм хақында. Екінші басылым: – Алматы. Бірлік, 2003. – 292 б.
  8. Есмағамбетов К. Қазақтар шетел әдебиетінде. – Алматы: Атамұра – Қазақстан. 1994. – 240 б.
  9. Қазақстан тарихы (Көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3.Т. – Алматы: Атамұра. 2002. – 768 б.
  10. 18. Казахский фольклор в собрании Г.Н.Потанина (Архивные материалы и публикации). – Алма – Ата, Наука КазССР, 1972. – 382 с.
  11. Шәріпов Ж. Қазақтың ұлттық киім-кешегі туралы. – Ана тілі. 1994. №4 27 қаңтар, – 13-15 б.
Жыл: 2015
Қала: Қостанай
Категория: Психология