Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры: мақсаты мен ерекшеліктері

Зейнетақымен қамтамасыз ету кез келген елдің барлық азаматтарының қызығушылығын тудыратын сфера болып табылады. Оның сандық және сапалық сипаттамасы қоғамның әлеуметтік, экономикалық, құқықтық және мәдени дамуының деңгейін көрсетеді. Зейнетақы жүйесінің құрылымы мен қызметі көбінесе елдің әлеуметтік және экономикалық дамуының тұрақтылығы мен динамикасын анықтайды. Зейнетақымен қамтамасыз етудің тиімді жүйесі, зейнеткерлердің лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуші жеткілікті зейнетақы мөлшерінің болуы, олардың уақытылы төленуі қоғамда жағымды әлеуметтік климатты қалыптастырады.

Жылдан-жылға Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесінің реформасында көп өзгерістер орын алуда.Сонау 1998 жылдан бастап елімізде аралас зейнетақы жүйесі енгізілді, яғни мемлекеттік және жинақтаушы зейнетақы жұйесі қатар жүрді. Қазіргі таңда зейнетақы жүйесі мемлекет тарапынан Біріңғай Жинақтаушы Зейнетақы қоры құрылуда.

23 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын (БЖЗҚ) құру туралы ұсыныс жасады. Ол: «Бізде зейнетақы қорларында және сақтандыру секторында бар қаражат жұмсалмай тұр. Жүйені жетілдіру үшін бірыңғай зейнетақы қорын құрып, оған барлық жеке зейнетақы қорларының есепшоттарын беру керек. Ұлттық банк басқаратын мұндай қор экономиканың дамуына жұмыс істеп, азаматтардың жинақ ақшасының қауіпсіз болуына мүмкіндік береді», деді. Соның ішінде еліміздегі 2013 жылдың 1 қаңтарында қызмет істеп тұрған 10 ЖЗҚ бірыңғай зейнетақы қорына

біріктіріп, ондағы қомақты қаржыны жіті бақылауға алу қажеттігін тапсырған. Мемлекет басшысының бұл ұсынысы халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін негізделіп, шағын және орта бизнесті дамытуға арналған, сол мәселе бойынша қазіргі таңда нақты ісқимылдар да жүргізіліп жатыр.

«Қазақстан Республикасында Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 маусымдағы № 105-V Заңы күшіне енген Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың мақсаты мен ерекшеліктері:

  • Зейнетақы төлемдерінің алдыңғы табысқа және еліміздегі өмір сүру деңгейіне сәйкестігін қамтамасыз ету;
  • Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады.

Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың бағыттары:

  1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру.
  2. Әйелдердің зейнеткерлік жасын 2018 жылдан бастап кезең – кезеңімен ұлғайту.
  3. Ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына ауыстыру.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры – еліміздегі жүргізіліп жатқан Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың бір бөлігі.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Үкіметтің 2013 жылғы 31 шілдесіндегі № 747 қаулысымен құрылды. Қордың акционері мен құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын тартатын және азаматтардың өз таңдауы бойынша ерікті зейнетақы жарналарын енгізуді жүзеге асыратын жалғыз ұйым болып табылады.Сондай-ақ салымшылардың жеке Зейнетақы шоттарын есепке алу және зейнетақы жинақтары есебінен зейнетақы төлемдерін іске асыру БЖЗҚ функциясына жатады.

БЖЗҚ құрудың мақсаты мен басымдықтары:

  • міндетті зейнетақы жарналары түсімдерінің және зейнетақы активтерін пайдаланудың тиісті есебін қамтамасыз ету;
  • инвестициялық стратегияларды жетілдіру және зейнетақы активтерінің табыстылығын арттыру, әкімшілік шығыстарды азайту;
  • тұрғындардың зейнетақы жинақтарын қалыптастыру және оның қозғалысының барынша тазалығын қамтамасыз ету.

БЖЗҚ негізгі міндеттері:

  • міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және салымшының қалауы бойынша ерікті зейнетақы жарналарын тарту;
  • салымшылардың жеке зейнетақы шоттарын есепке алу;
  • салымшыларға шоғырландырылған зейнетақы жинақтары есебінен зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру;
  • МЗЖ қатысушыларды қамтуды кеңейту;
  • халықты жеке зейнетақы шотындағы қаражат туралы ақпараттандыру арқылы қаржылық сауаттылықты арттыру.

БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат беруді салымшыға ақы алусыз жүзеге асырады. Ұсынатын ақпаратта мыналар қамтылады:

  1. нақты түскен күнін көрсете отырып, салымшының жеке зейнетақы шоты ашылған күннен бастап түскен зейнетақы жарналарының, өсімпұлдың, аударымдардың сомасы;
  2. әрбір ай үшін есептелген инвестициялық табыс (шығын) сомасы және салымшының жеке зейнетақы шоты ашылған күннен бастап сұралатын күнгі жай-күйі бойынша жалпы сомасы;
  3. салымшының жеке зейнетақы шоты ашылған күннен бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы бекіткен инвестициялық табыстан және зейнетақы активтерінен комиссиялық сыйақының мөлшері;
  4. БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шоты ашылған күннен бастап ұсталған жеке табыс салығының күні мен сомасын көрсете отырып, зейнетақы төлемдерінің және (немесе) зейнетақы жинақтары аударымдарының сомасы туралы мәліметтер.

БЖЗҚ салымшыны зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы салымшы таңдаған тәсілге сәйкес хабардар етеді:

  1. электрондық – салымшының (алушының) жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініште немесе жеке келісімде көрсетілген салымшының (алушының) электрондық мекенжайына (e–mail) хабарлама жіберу;
  2. салымшы (алушы) тікелей БЖЗҚға өзі өтініш жасаған кезде;
  3. берілген пайдаланушының логині мен паролін пайдалана отырып, интернет қызметтері арқылы салымшы (алушы) өзі өтініш жасаған кезде;
  4. халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басты ерекшелігі – оның бір тұтастығында. Барынша жоғары тиімділікті, шынайылықты және сенімділікті, мемлекет тарапынан салымдардың сақталынуына кепілдемелерді анықтауды қамтамасыз етеді.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру кезінде жалпы зейнетақы жүйесінің тиімділігін төмендетіп жіберген көптеген жинақтаушы зейнетақы қорларындағы (ЖЗҚ) қателіктер ескерілді.

Біріншіден, бұл қосымша жаңа қатысушыларды тартудағы бәсекелестіктің тұрақсыздығы.

Екіншіден, салымшылардың ғана емес, өз мүдделерін білдіретін коммерциялық қорлардың зейнетақы активтерін басқарудағы және инвестициялаудағы тиімділігі мен шынайылығының жеткіліксіздігі. Мұның бәрі қордағы кіріс төмендегенде ғана анық болды.

Бұған қоса, БЖЗҚ құру арқылы тағы да бірқатар жағымды өзгерістерге қол жеткіземіз. Мәселен, зейнетақы активтерінің есебі, әкімшілік шығындардың сақталуына байланысты операциялық шығындардың төмендеуі. Соған сәйкес, бірыңғай қорда комиссиялық сыйақылар деңгейі қазіргі сыйақылар деңгейінен екі есе төмен болады. Одан өзге БЖЗҚ құруда, салымшылардың ауысуы тоқтайтын болады. Бұл жөнінде бұрындары да талай рет сөз қозғалған, оның кері әсері зейнетақы жүйесінің жалпы тиімділігінің төмендеуіне алып келген.

БЗЖҚ барлық зейнетақымен қамсыздандыру шарттары бойынша құқықтық мирасқор болып табылады және жеке жинақтаушы зейнетақы қорлары арасында бөлінген барлық зейнетақы активтерін шоғырландырады.

Салымшылардың жеке зейнетақы шоттарын және олардың зейнетақы жинақтарын зейнетақы қорларынан аудару кесте бойынша салымшылардың өз зейнетақы жинақтарына меншік құқығы сақтала отырып, толық көлемде жүзеге асырылатын болады.

Жаңадан құрылған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында салымшылардың жеке зейнетақы шоттары жүйесі сақталған, яғни ЖЗҚ азаматтардың жеке шоттарындағы қаражат толықтай аударылатын болады және салымшыларға қосымша шарт жасаудың қажеті болмайды.

БЖЗҚ-ға ауыстыру кезеңінде әрбір салымшының инвестициялық кірісі капиталдандырылатын болады, жиналған барлық қаражат бір шоттан келесісін ауыстырылады. Салымшылардың барлық зейнетақы жинақтары толық көлемде БЖЗҚ өткізілген соң, зейнетақы жинақтарын иемденуші әрбір азамат зейнетақы жарналары мен инвестициялық кірістеріне сәйкес, өзінің меншікті активтеріндегі қаражат туралы ақпарат алатын болады.

Әрбір зейнетақы қоры Зейнетақы төлемдерін төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың (ЗТМО) орталықтандырылған базасына салымшылардың тізімін салыстырып тексеруден өткізу керек. БЖЗҚ-ға түскен салымшылардың жеке шоттарына аударылған зейнетақы жарналарының нәтижесі бойынша, ЗТМО тарапынан жеке тұлғалардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына келіп түскен тізімге тағы да салыстырып тексеру жасалады.

Салымшылардың жеке зейнетақы шоттарын және олардың жинақтарын БЖЗҚ-ға аудару Ұлттық банк белгілеген қатаң кесте бойынша жүзеге асырылады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт бойынша зейнетақы активтері мен жинақтаушы зейнетақы қорының міндеттемелерін тапсыру және қабылдау кестесі 2013 жылдың 24 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі төрағасының бұйрығымен бекітілді. Жинақтаушы зейнетақы қорының активтері мен міндеттемелерін

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ға тапсыру және қабылдау жұмыстары 2013 жылдың 11 қазанында басталып,

2014 жылдың 26 маусымында аяқталуы тиіс.

Қабылдаушы ұйым – «БЖЗҚ» АҚ болса, қабылдаушы банк – «ҚР Ұлттық банкі» мемлекеттік мекемесі болып табылады.

БЖЗҚ-ға 9 ЖЗҚ активтері мен міндеттемелері өткізілетін болады:

  1. «Республика» ЖЗҚ. Тапсыратын күні – 2013 жылғы 11 қазан, аяқталуы – 2014 жылғы 11 қаңтар.
  2. «Отан» Ашық жинақтаушы зейнетақы қоры. Тапсыратын күні – 2013 жылғы 29 қазан, аяқталуы – 2014 жылғы 29 қаңтар.
  3. «Капитал» ЖЗҚ. Тапсыратын күні 2013 жылғы 18 қараша, аяқталуы – 2014 жылғы 18 ақпан.
  4. «Атамекен» ЖЗҚ. Тапсыратын күні – 2013 жылғы 9 желтоқсан, аяқталуы – 2014 жылғы 9 наурыз.
  5. «Астана» ЖЗҚ. Тапсыратын күні – 2014 жылғы 3 қаңтар, аяқталуы – 2014 жылғы 3 сәуір.
  6. «НефтеГаз Дем» ЖЗҚ. Тапсыратын күні – 2014 жылғы 23 қаңтар, аяқталуы – 2014 жылғы 23 сәуір.
  7. «Грантум» ЖЗҚ. Тапсыратын күні 2014 жылғы 10 ақпан, аяқ-талуы – 2014 жылғы 10 мамыр.
  8. «ҰларҮміт» ЖЗҚ. Тапсыратын күні – 2014 жылғы 3 наурыз, аяқталуы – 2014 жылғы 3 маусым.
  9. «Қазақстанның Халық банкі» ЖЗҚ. Тапсыратын күні – 2014 жылғы 26 наурыз, аяқталуы – 2014 жылғы 26 маусым.

Аталған кестені іске асыру үшін арнайы жоспар жасалды. Оған жинақтаушы зейнетақы қорларының БЖЗҚ тапсыратын активтері мен міндеттемелері, оны орындау мерзімі мен оған жауапты тұлғалар, сонымен қатар құжаттар мен ақпараттар тізімдері жатады.

Одан өзге, ол кестеде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорларына тапсырылатын әрбір жинақтаушы зейнетақы қорларындағы салымшылардың жинақтарын ауыстыру қысқартылған мерзімде жүзеге асырылатындығы хабарландырылған.

Жіберілетін күні қордағы барлық операциялар тоқтатылады. Салымшы туралы барлық деректемелер автоматты түрде БЖЗҚ мен ЗТМО-ға қатар өтеді. Осылайша, қордың инвестициялық портфелі Ұлттық банкке берілетін болады.

Сонымен бірге БЖЗҚ-ның арнайы әзірленген зейнетақы қағидалары бар. Онда зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты өзгерту немесе тоқтату туралы, БЖЗҚ мен салымшы / алымшы арасында құқықтық қатынастарды реттеу тәртібі қамтылған.

БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шотын ашу БЖЗҚ қағидаларында көзделген нысан бойынша жасалған салымшы өтінішінің негізінде жүзеге асырылады.

Ал жинақтаушы зейнетақы қорлары үшін бірнеше мүмкіндіктер ұсынылады. Қазіргі таңда жинақтаушы зейнетақы қорларына, әсіресе, инвестициялық компанияларды жүзеге асыруда қандай да бір жағымды тәжірибелері бар қорлар үшін өз жұмыстарын жалғастыру ұсынылады. Атап айтқанда, тиісті лицензиясы болған жағдайда зейнетақы активтерін басқару бойынша тендерлерге қатысуға құқық берілетін бағалы қағаздар нарығы туралы қолданыстағы заңнама аясында инвестициялық портфельді басқарушы ұйым болып қайта ұйымдастырылады. Екінші нұсқа – азаматтардың ерікті зейнетақы жарналарын тартатын ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларын құру. Соңғы үшінші жол – бұл қорды тарату, яғни қызметін тоқтату.

БЖЗҚ қорын құрудың, белсенді азаматтық ұстаным тарапынан кез келген адам үшін тағы да бір маңызды да елеулі жағы бар. Инвестициялық стратегияға сәйкес және олардың сақталу жағдайындағы зейнетақы жинақтары түрлі инфрақұрылымдық жобаларды ұзақ мерзімге қаржыландыруды жүзеге асырады. Бұл, өз кезегінде азаматтарға зейнетақы шоттарындағы дивидендтер түрінде пайда әкеліп қана қоймай, мемлекеттің дамуына үлес қосуға да мүмкіндік берілетін болады.

Бiрақ сарапшылардың пікірлері бойынша бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының келесідей кемшіліктері болуы мүмкін:

  • Бәсекелестіктің болмауы, яғни монополизация, ол нашар қызмет көрсету мен инвестициялық табысты жақсы көрсетуге ұмтылыстың аз болуына әкелуі мүмкін, және комиссиялық табыстылықты төмендетеді;
  • Елімізде қызмет көрсетіп отырған ЖЗҚ-ндағы қызметкерлердің көп бөлігі жұмыссыз қалу қауіпі;
  • Әрбір салымшы бірыңғай Зейнетақы қорының инвестициялық саясатына ықпал ете алмауы;
  • Қорларды біріктіруден тәуекелдердің саны көбейіп, арта түсуі мүмкін. Себебі жеке жинақтау зейнетақы қорлары мен компания басшыларына қарағанда, Зейнетақы қорларын бір жерден басқарушы құнды қағаздар мен басқа да қаржы құралдарының әр тарап тандырылған портфелі жағдайында жүйелік тәуекелдерге әлдеқайда төзімсіз келеді;
  • БЖЗҚ активтерін шетелдік компанияның басқаруына берген жағдайда, қосымша тағыда бірнеше тәуекел шығуы мүмкін.

БЖЗҚ-ының оң және теріс тұстарын мұқият зерттеп тұжырымдамалар жасау керек, және де шетелдік тәжірибенің озық тұстарын кеңінен қазақстандық үлгіге ұштастырып қолданған жөн.

Бұл жаңа реформа әлемдік деңгейде жаңалық болып табылмайды. Себебі, дүниежүзінің дамыған елдерінде зейнетақы қорларын біріктіріп, онда жинақталған қаражатты мемлекеттің басқаруына беру тәжірибесі бұрын да болған. Және өз жемісін берген тәжірибе салымшылар жинақтарының көбейту функциясын жолға қойған. Мәселен, жеке меншік жинақ қорларын мемлекеттік компанияның басқару тәжірибесі Сингапур, Оңтүстік Корея, Малайзия елдерінде бар. Ол елдерде міндетті зейнетақы жарнасы туралы заң нормалары енгізілгеннен бері бұл қаржыны мемлекет басқарады. Елбасы жүктеген міндеттерді тиісті органдар деңгейге сәйкес орындар болса, жаңа реформа бізде де қор нарығының тиімді тетіктерін жұмыс істетуі керек деп жоспарлануда.

Зейнетақымен қамсыздандырудың деңгейі мен сапасы – бұл ел халқының экономикалық және әлеуметтік жағдайының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Әр мемлекет өзінде қалыптасқан экономикалық, саяси, моральдық, діни сенімдік және тағы басқа да қоғамның даму ерекшеліктеріне байланысты өз азаматтарын әлеуметтік қорғаудың өзіндік жолдары мен тәсілдерін таңдайды. Мұндай тәсілдер мен әдістер әр түрлі себептерге байланысты әр мемлекетте өзгеше болғанымен, бірақ жалпы бір мақсатты көздейді – өз азаматтарын барынша әлеуметтік қорғау мен өмір сүру деңгейінің лайықты болуын қамтамасыз ету.

 

ӘДЕБИЕТТЕР
  1. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 маусымдағы № 105-V Заңы
  2. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидалары» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі № 984 қаулысы
  3. Әбдіхалықова Г. Зейнетақы жүйесін жетілдіру маңызды міндет // Егемен Қазақстан. 2012. 3 ақпан
  4. Сатиева К. Басты мақсат – зейнетақы жинағының табыстылығы емес, қауіпсіздігі // Алаш Айнасы 27.01.2014
  5. Зейнетақы жүйесін жаңғырту – уақыт талабы. Мұның барлығы не үшін? // Алаш Айнасы 28.11.2013 г.
  6. Халыққызы Л. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры: міндет және мақсат // www.aikyn.kz/
Жыл: 2014
Қала: Оскемен
Категория: Құқық