Дене тәрбиесінің қағидалары

Қозғалыс шеберлігі мен дағдысын қалыптастыру және дене қуаты қасиеттерін тәрбиелеу жалпы заңдылықтарға бағынады, ол әдістемеде қағидалар деп аталады. Қағидаларды білу, оларды тәжірибеде қолдану дене тәрбиесі үрдісін жетілдіреді. Дене тәрбиесі үрдісіне мынандай әдістемелік қағидалар тән:

Саналылық және белсенділік Көрнекілік.

Жүйелілік. Біртіндеушілік. Реттілік. Даралық.

  1. Саналылық және белсенділік қағидасы. Бұл қағиданың мақсаты жаттығушылардың санасында дене тәрбиесі мен әрекеттеріне деген саналы терең ой, тұрақты ынтығушылық, қызығушылық қалыптастыру және олардың осы әрекеттерге белсенді ұмтылуын ұйымдастыру. Саналылық және белсенділік қағидасы міндеттерін орындау кезінде оқытушы, жаттықтырушы мынандай талаптарды негізге алып орындауы қажет:
  2. Дене тәрбиесінің мақсаты мен міндетін орындауға жаттығушылардың ынтасын саналы түрде қалыптастыру. Жаттығушылардың алдына кезекті (жақын) және болашақ (алыс) мақсаттар қойылады. Кезекті мақсаттар: бір күрделі жаттығудың тәсілін меңгеру, кейбір дене қуаты қасиетін дамыту т.с.с. Болашақ мақсаттар: спорттық разряд алу, құрама командаға мүше болу.
  3. Сабаққа, я жаттығуға барлық зейінімен қызыға қатысу, іздене білу, жаттығуға берілу.
  4. Жаттығушылардың өз әрекетін байқауға, бақылауға қабілетін ояту.Бұл талапты орындау үшін жаттығушылар жаттығуды орындаған кезде сәтті немесе сәтсіз әрекеттеріне талдау жасай білуі, орындау тәсілінен қателерін таба алуы және оларды қалай түзету керек екенін үйренулері қажет. Өз көңіл күйін, қашықтылығын бақылау, жаттықтыру күнделігін жүргізе

білу, объективті және субъективті мәліметтерге талдау жасау спортшының қабілетін жетілдіреді.

Көрнекілік қағидасы Көрнекілік дегеніміз – адамның сезім мүшелерін тану, түсіну, ұғыну үрдісінде қолдану. Көрнекілік қағидасын іске қосу мынандай жолдармен пайдаланылады:

  1. Үйренетін жаттығуды бөлшектеп немесе толық көрсету.
  2. Әр түрлі көрнекі құралдарды көрсету арқылы орындау.
  3. Оқытушының немесе бапкердің бейнелі сөздері: баяндау, түсіндіру, талдау, бұйрық сөздер т.б.
  4. Қозғалыс тәсілінің қиын элементтерін, қимыл – әрекеттерін іштей ойша қайталау. Адам сөз жүзінде айтылған хабардың 15%-ын, көзбен көрген нәрселерінің 25%-ын есте сақтайды екен. Егер осы екі хабарды беру тәсілі бірге орындалса, онда 65% хабар мазмұны есте сақталып қалады екен (Н.В. Краснов, 1977 жыл).

Жүйелілік қағидасы

Дене қуаты қасиетін дамытудағы және қозғалысқа үйретудегі жақсы нәтиже тек қана дене тәрбиесі жаттығуларын жүйелі түрде орындағанда ғана болады. Жүйелілік жаттығулар, сабақтар арасында ұзақ үзіліс болмауы, сол арқылы жаттығушылардың дене қуаты дайындығы деңгейін түсірмеу. Сабақтар мен жаттығулар белгілі бір жүйе бойынша жұмыс және тынығу кезеңдерінің алмасуымен өтеді, бұлардың негізінде бір-бірімен байланысты ағзаның шаршауы және қалпына келу үрдісі жүреді. Бұл жүйе 4 кезеңнен тұрады:

  1. Жұмыс кезеңі.
  2. Ағзаның қалпына келу кезеңі.
  3. Жоғарғы өтем кезеңі.
  4. Редукциялық кезең.

Жаттығушылардың жұмыс қабілеттілігінің бір жаттықтыру сабағы әсерімен өзгеру көрінісі (Л.П. Матвеевтің ұсынуы бойынша)

Реттілік қағидасы

Қимыл – әрекетке үйрету және дене қуаты қасиетін дамыту реттілігіне арналған талаптар 3 дидактикалық ережеден тұрады:

  1. Жеңілден – қиынға.
  2. Қарапайымнан – күрделіде.
  3. Меңгерілген қимыл, әрекеттен –меңгерілмеген қимыл, әрекетке.

Бұрыннан меңгерілген қозғалыс шеберлігі мен дағдысының негізінде жаңа қозғалыстарды үйрете, қалыптастыра білу керек. Волейболдың негізгі дағдылары мен қозғалыстарын үйреткенде оларды рет-ретімен іріктеп, қарапайым жеңіл орындалатын қимыл-қозғалыстарды алдымен, содан соң күрделі жаттығуларды біртіндеп күрделендіре үйрету қажет. Дене тәрбиесі үрдісінің реттілік қағидасының ерекшелігі де осы жаттығулардың сабақтастық негізіне бағытталған. Оқу-жаттығу жұмыстарын жоспарлағанда өткен сабақтың мазмұны келесі сабақпен жалғасып жатуын ойластыру қажет.

Біртіндеушілік қағидасы

Орындайтын жаттығулар техникасының біртіндеп күрделенуін, жүктеме көлемі мен қарқыны біртіндеп өсуін біртіндеушілік қағидасы дейміз. Сабақ жүктемелерін демалыс,каникулден кейінгі кездерде жеңіл, аз көлемде, ақырын қарқында беріп бірте-бірте жоғарылатып отырған дұрыс. Жүктеменің біртіндеп өсуінің 3 түрі бар:

  1. Түзу сызықты көтерілу түрі. (жүктеме біртіндеп артады, машықтану баяу, жаттықтыру сабақтары арасындағы демалу уақыты ұзақ болады.
  2. Баспалдақты түрі. Көптеген жаттықтыру сабақтарында жүктеме тұрақты түрде тік жоғары көтеріліп отырады.
  3. Толқынды түр. Бұл түр кезінде жүктеме жоғарылап қана емес төмендеп те тұрады. Машықтықты жоғарылату үшін келесі толқынды жоғары деңгейге көтеру керек. Соның арқасында жаттығу жүктемесін ең үлкен мөлшерде беруге болады. Жаттығушылардың функциональдық мүмкіншіліктері тұрақты өсіп отыруы оларға жоғары талаптар қоюды қажет етеді.

Бір жетілік циклде дене қуаты жүктемесінің көтерілу түрлері (Л.П. Матвеев ұсынысы бойынша)

Даралық қағидасы

Даралық қағидасы дене тәрбиесі үрдісінде жаттығушылардың жеке ерекшеліктерін ескеру түрінде жүргізіледі. Бұл қағида әр адамның дайындық деңгейіне, жыныс және жас ерекшеліктеріне байланысты. Жеке басының ерекшеліктеріне, психикалық ерекшеліктеріне, жүктемеге шыдамдылығына, сыртқы орта әсерін сезіну мүмкіншіліктеріне, жұмыс істеу стиліне байланысты. Даралық қағидасы дене тәрбиесі үрдісінде мынандай түрлерде қолданылады:

  1. Топтық жұмыс арқылы. Бұл жағдайда жаттығушылар сыртқы бейне сипаттары бойынша бөлінеді: жыныс, жас ерекшеліктері, дене қуаты дайындығы.
  2. Жекелей жұмыс істеу арқылы. Спорттық шеберлігі артуына байланысты жұмыстың топтық түрі жекелей жұмыс істеу түріне ауысады.

Дене тәрбиесі тәжірибесінде қағидалар әрекеті бір бірімен байланысты біріге қолданылып отырады. Осындай жағдай педагогтарды әдістемелік қағидаларды кешенді пайдалануға үндейді. Дене тәрбиесі сабақтары мен жаттығуларын жүргізу кезінде педагогикалық қағидалар сақталып, оқушылардың түйсіктілігі және жеке ерекшеліктері ескерілсе дене қуаты жүкте – месін үзбей жоғары деңгейде ұстауда оқытушының алдында көптеген мүмкіншіліктер ашылады.

 

ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Уанбаев Е.Қ., Уанбаева Ф.Ж. Дене мәдениеті және спорттың теориясы мен әдістемесі. Өскемен, 2006.
  2. Клещева Ю.Н., Айриянца А.Г. Волейбол. Учебник для институтов физической культуры. М., 1991.
  3. Гурович Л.И., Иванова Г.П., Люкшинов Н.М., Ласин Г.С. Спортивные и подвижные игры. М., 2004.
Тег: Талдау
Жыл: 2014
Қала: Оскемен
Категория: Педагогика