Қазақстандағы туризмнің дамуы

Қазақстан – бұл Еуразия жүрегінде орналасқан алып жерді қамтитын, онда бұрынғы заман мен бүгінгі күн көршілес тұратын, шығыс дәстүрлері, батыстың модернімен ұштаса отыратын мемлекет! Соңғы уақытта Қазақстанға, туристік бағдар ретінде, әлемдік қызығушылық есейіп барғандықтан, көбірек саяхатшыларды тарту үшін, жергілікті туроператорлары ұсынатын қызмет түрлері жылды жылға ұлғайып барады. Бүгінгі таңда Қазақстан туризмнің барлық түрлерін ұсынады - танушылық, көңіл көтеретін, этникалық, экологиялық және тағы басқалары.

“Қазақстан-2030” стратегиялық бағдарламасында еліміздің келешектігі дамуына айқынды бағдар берілгені мәлім. Осы орайда ел экономикасында өсіп-өркендеуіне айтарлықтай үлес қосатын бір сала туризм екеніне бүгінде көз жеткендей. Жиһангерлік және саяхатшылық адамның танымдық көкжиегін кеңейтетін, қазіргі замандағы ғаламат мүмкіншілігі бар, пайдасы шаш етектен келетін, біз әлі толық игере алмаған саланың бірі екендігі баршамызға белгілі. Бүгінгі туризм, яғни жиһангерлік және саяхатшылық–бұл мемлекет пен қоғамның экономикалық әлеуметтік дамуының, тұлғаның жан-жақты қалыптасуының маңызды факторы.

Туризм әлемдік экономикада басты рөлдің бiрiн атқарады. Дүниежүзiлiк Туристiк Ұйымның (ДТҰ) деректер бойынша ол әлемдегі жалпы ұлттық өнiмнiң оннан бiр бөлiгiн, халықаралық инвестицияның 11 пайыздан астамын, әлемдiк өндiрiстiң әрбiр 9-шы жұмыс орнын қамтамасыз етедi.

Туризмнiң қазiргi индустриясы табысы жоғары және серпiндi дамып келе жатқан қызмет көрсетулердің халықаралық сауда сегменттерінің бiрi болып табылады. Туризмнен түскен табыс мұнай, мұнай өнiмдерi және автомобиль экспортының табысынан кейiн тұрақты үшiншi орында келедi. Мұндай оң үрдiс жаңа мыңжылдықтың бас кезінде де сақталады деп күтiлуде. Әлемдiк туристiк рыноктың дәстүрлi аудандары өзiнiң рекреациялық сыйымдылығының шегiне iс жүзiнде жеткендiктен, туризмнiң өсуi туристер баратын жаңа аумақтар есебiнен басым дамитын болады. Осыған байланысты, Қазақстанның әлемдiк туристiк рынокта өзiнiң лайықты орнын табуға бiрегей мүмкiндiгi бар.

Қазiргi туризм еңбекшiлердiң жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығуымен байланысты болды, мұның өзi адамның демалуға және бос уақытын өткізуге негiзгi құқығын тану болып табылады. Ол жеке адамды, адамдар және халықтар арасындағы өзара түсiнiстiктi дамытудың факторына айналды.

ДТҰ, туризм жөнiндегi мамандандырылған халықаралық ұйымдардың зерттеулерiнiң талдауына, сондай-ақ мемлекеттердiң туризмдi дамыту саясатына сәйкес, туризм мемлекеттің әлеуметтік, мәдени және экономикалық өмiрiне тiкелей ықпал ететiн қызмет ретiнде түсiніледi.

Қазiргi туризм бұл әлемдiк экономиканың құлдырауды білмейтiн саласы. Мамандардың есебi бойынша, орташа есеппен, бiр шетелдiк туристiң беретiн табысын алу үшiн оған барабар, шамамен 9 тонна тас көмiр немесе 15 тонна мұнай немесе 2 тонна жоғары сортты бидайды әлемдік рынокқа шығару керек. Бұл ретте, шикізат сату елдің энергия көздерін азайтады, ал туристiк өндiрiс таусылмайтын ресурстармен жұмыс iстейдi. Шетелдiк экономистердiң есебі бойынша, 100 мың турист қалада орташа есеппен екi сағат болған кезде кемінде 350 мың доллар немесе адам басына бiр сағатта 17,5 доллар жұмсайды. Сөйтiп, шикiзат сату өзiндiк экономикалық тығырыққа тiрелу болса, ал туризмді дамыту ұзақ мерзiмдi, экономикалық тиiмдi болашақ.

Туризм жалпы алғанда, мемлекеттiң экономикасына үш оң нәтиже бередi: шетел валютасының құйылуын қамтамасыз етеді және төлем теңгерiмi мен жиынтық экспорт сияқты экономикалық көрсеткіштерге оң ықпал жасайды; халықтың жұмыспен қамтылуын көбейтуге көмектеседi. ДТҰ мен Дүние жүзiлiк туризм және саяхат кеңесiнiң бағалауы бойынша туризм өндiрiсiнде құрылатын әрбiр жұмыс орнына басқа салаларда пайда болатын 5-тен 9-ға дейiн жұмыс орны келедi екен. Туризм тура немесе жанама түрде экономиканың 32 саласының дамуына ықпал жасайды; елдiң инфрақұрылымын дамытуға жәрдемдеседі.

Туризм жеке және ұжымдық жетiлдiру құралы ретінде жоспарлануы және тәжірибеде iске асырылуы тиiс демалыспен, бос уақытты өткізумен, спортпен, мәдениетпен және табиғатпен тікелей араласуға байланысты қызмет. Мұндай жағдайда, ол өз бетiмен білiм алудың, толеранттықты және халықтар мен олардың әр түрлi мәдениеттерiнiң арасындағы олардың өзгешелiктерiн танып-бiлудiң бiрден бiр факторы болып табылады.

Туризмнiң жылдам және тұрақты өсуiн, оның қоршаған ортаға, экономиканың барлық секторлары мен қоғамның әл-ауқатына күшті әсер назарға ала отырып, Үкімет Қазақстанның ұзақ мерзiмдiк даму бағдарламасында туристiк саланы басымдық ретiнде белгiледi.

Осы тұжырымдама туризм саласында тұтас мемлекеттік саясатты қалыптастыруды, Қазақстанда қазiргi заманғы бәсекеге қабiлеттi туризм индустриясының құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негiздерiн қалыптастыруды көздейдi.

Қазiргi заманғы туризм индустриясын құру саланы дамыту проблемаларын, туризм рыногы дамуының құрылымын, тетiгi мен заңдылықтарын ғылыми тұрғыда зерделемейінше, сондай-ақ саланы дамытудың ғылыми қамтамасыз ету жүйесін құрмайынша мүмкін болмайды. Дегенмен, Қазақстанда бұл мәселелер туризм экономикасын зерттеушілер үшiн әлi күнге игерілмеген "тың" күйінде қалып отыр.

Әлi күнге дейiн ұлттық экономика теориясында туризм халық шаруашылығының толыққанды саласы және ғылыми жағынан талданатын пән ретінде қарастырылмайды. Сол себепті республикада аталған тақырып бойынша ғылыми әдебиет аз шығарылады. Бұған қоса, Қазақстанда Кеңес кезеңінен берi "туризм" деген ұғым елеулі табыс түсiретiн экономика саласынан гөрі спортпен және денсаулықты нығайтумен жиi байланыстырылады.

Қазақстан Республикасында туризмді дамыту үшін барлық қажетті мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар жеткілікті. Сонымен қатар бұл өз кезегінде транспорттық, инфрақұрылымдық, сауда орындары, денсаулық сақтау қызметтерін жетілдіруді қажет етеді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметі ұзақ мерзімді бағдарламасын қабылдады. 1993 жылы Егемен Қазақстан Дүниежүзілік туристік ұйымына мүше болып, туризмді дамытудың алғашқы бағдарламасын жасаған болатын. Ал 1997 жылы «19972003 жылдары аралығында Ұлы Жібек жолындағы тарихи орталықтарды қайта жаңарту, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұраларын сақтау және туристік инфрақұрылымдарды құру туралы» мемлекеттік бағдарлама бекітілді.

Қазақстан-2030 дамуының стратегиялық бағдарламасында да бұл саланың аса зор маңызы бар екені атап көрсетілген. Тиімді және бәсекеге қабілетті туристік бизнесті және осы мақсатқа сәйкес имиджді орнықтыру мақсатындағы 2003-2005 жылдарға арналған жоспарланған жоба табысты жүзеге асырылды.

Туризм Индустрия және сауда министрлігіндегі сауда және туризм комитетінің қарауында. Қазіргі уақытта Комитет Ішкі істер министрлігі, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті және Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, елімізге келуге қызығушылық танысатын адамдар үшін визалық процедураларды жеңілдету жоспарын әзірлеуде.

Ауыл шаруашылығы министрлігімен Ұлттық саябақ бойынша туристік маршруттар келісіліп, экологиялық туризм, ал Білім және Ғылым министрлігімен қажетті кадрларды даярлау үшін қаражаттар қарастырылды. Ұлы Жібек жолы бағытындағы туризмді қалпына келтіру үшін Көлік және коммуникация министрлігі көп шараларды іске асыруда.

Қазiргi уақытта Туризм мамандарын Туризм және спорт академиясында, Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде, Алматы мемлекеттік университетінде, Қазақ Ұлттық университетінде, “Тұран” университетінде, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде, Қазақстан – Американдық еркін университетінде, т.б. жоғары оқу орындары мен колледждерде дайындайды.

Қызмет көрсетумен байланысты және табыстылығы едәуір дәрежеде осы салада жұмыс iстейтiн кадрлардың сапасына байланысты болатын қызмет туризмде адамдар ресурсін жоспарлау айрықша мәнге ие.

Қазақстандағы тиімді туристік салаға сәйкес кадрлар әлеуетін қалыптастыру үшін: жаңа буындағы "Туризм" мамандығы бойынша жоғары кәсiптiк бiлiмнiң мемлекеттік стандартын әзірлеу; туристiк кадрларды даярлауды жүзеге асыратын жоғары оқу орындарында туристік қызметтің әртүрлі қажеттiлiгi мен даму деңгейін ескере отырып, мамандануын анықтау; мамандарды оқытуда олардың отандық туристiк ресурстарды игеруіне, оларды пайдалану әдiстерiне, жаңа ақпараттық технологияларды бүлуіне, тiлдiк дайындауға негiзiнен иек арту; орта арнаулы оқу орындарында бiрiншi деңгейдегi туристiк қызметшiлердi даярлауды ұйымдастыру; жалпы бiлiм беретiн оқу орындарында туристiк сыныптар, секциялар мен үйiрмелер құруға көмектесу.

Қазақстандағы басымдықты кластерлердің бірі – туризм кластерінің дамуына баса көңіл аудару маңыздылығы сөзсіз.

Қазақстандағы туристік ресурстарға – туристік қызмет көрсету нысандарын қамтитын табиғи-климаттық, тарихи, әлеуметтік-мәдени, сауықтыру нысандары, сондай-ақ туристердің рухани қажеттерін қанағаттандыра алатын, олардың күш-жігерін қалпына келтіріп сергітуге жәрдемдесетін өзге де нысандар жатады. Олар мәденитанымдық, экологиялық, спорттық, әлеуметтік, діни, т.б. туризм түрлеріне бөлінеді. Қазақстандағы туристік нысандарға келсек, Солтүстік Қазақстан аймағындағы Көкшетау, Бурабай, Баянауыл, Ерейментау, Шығыс Қазақстан аумағындағы Зайсан, Марқакөл, қазақстандық Алтай, Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Батыс, Солтүстік Тянь-Шань, Алтынемел таулары, Жетісу алабы, Батыс Қазақстандағы Үстірт, Мұғалжар, Каспий ойысы, Жайық өңірі, Орталық Қазақстандағы Қарқаралы, Қызыларай, Бектауата, Ұлытау, т.б. табиғи нысандар жатады. Сонымен бірге Алматы облысындағы ұлттық саябақтар мен қорықтардың туризмді дамытуда маңызы зор. Оларға Іле-Алатауы ұлттық саябағы, Түрген-Шамалған өзендері аралығындағы шатқалдар, Түрген, Есік, Талғар, Алматы, Қаскелең, Шамалған елді мекендері жатады. Алтынемел, Көкшетау, Бурабай ұлттық саябақтарында туризмді дамыту мемлекет тарапынан қолдау тауып, дамып келеді. Қазақстан аумағындағы 9 мемлекеттік қорықта да ғылыми-экологиялық туризмді дамытудың алғы шарттары қалыптасқан. Тарихи-археологиялық ескерткіштердің туристік-экскурсиялық сапарлардағы орны ерекше. Археологиялық ескерткіштердің кез-келген нысандары туристік-экскурсия жұмыстарында маңызды орын алады. Соның ішінде Жетісудағы Сақ қорғандары, Талхиз қалашығы, Оңтүстік Қазақстандағы Отырар, Сайрам, Батыс Қазақстандағы Сарайшық, т.б. көне қалалардың орнына туристердің қызығушылығы мол. Археологиялық-тарихи ескерткіштердің қазірге дейін жеткен нысандарының ішінде қорғандар мен мазарлардың маңызы зор. Қола дәуір ескерткіштеріне жартастағы петроглифтерді атауға болады. Оларға әйгілі бірегей ғибадатханалар: Аңырақай тауының Таңбалы сайындағы, Көксу өзеніндегі Ешкіөлмес ғибадатханасы, сондай-ақ Шолақ, Кіндіктас, Баянжүрек тауларындағы тастағы суреттер жатады. Біздің дәуірімізге дейінгі 6 – 3 ғасырлардан қалған сақ қорғандары, Бесшатыр қорымындағы жерлеу камерасы және сақ әскері киімін киген “Алтын адам”, 2001 – 2002 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының Бергіел (Берел) қорғанында табылған “Сақ патшайымы” археол туристік нысандарға жатады. Ортағасырлық Түркістан, Отырар, Тұрбай, Құлан, Мерке, Талхиз, Жаркент қалалары, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесі" т.б. елді мекендер қазіргі туристік нысандар болып табылады."

Түркістан – қазақ хандығының алғашқы астанасы. Онда Қожа Ахмет Иасауи кесенесі салынған, кесене іші мен айналасына қазақ мемлекетінің негізін қалаған Тәуке, Тәуекел, Жәңгір, Есім, Абылай, Қазыбек би жерленген. Қазақстанда Отырар, Сарайшық, Сайрам, т.б. ортағасырлық көне қалалар туристер үшін тартымды нысандар.

Қазақ тарихындағы құнды мәдени ескерткіштер қатарына: Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Еңлік-Кебек кесенелері, Ш. Уәлиханов, Қ. Мұңайтпасұлы мемориалдары, Сұлтан Бейбарыс, Құрманғазы және Д. Нұрпейісова, Абай, Абылайхан, Әлия мен Мәншүк, А. Иманов, І. Жансүгіров, С. Сейфуллин, М. Әуезов, т.б. көптеген естелік орындар жатады.

Республиканың әсем де әдемі жерлерінде бірнеше туристік базалар орналасқан. Оларға Іле Алатауындағы “Шымбұлақ” шаңғы базасы, Павлодар облысы Жасыбай көлі жағасындағы “Баянауыл”, Қарағанды облысындағы таулы-орманды “Қарқаралы”, Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма бөгені жағасындағы “Алтай мүйісі”, Орал қаласы Жайық өзені маңындағы “Орал”, Қостанай облысындағы орман-тоғайлы Наурызым алқабы, Оңтүстік Қазақстан облысы Бадам жазығындағы “Оңтүстік”, Көкшетау таулы аймағындағы “Золотой бор” базалары жатады. Қазақстанда белгілі туристік маңызы бар зоологиялық, ботаникалық қорықтар да жеткілікті. Оларға Алматы қорығы (кешенді), Іле атырауы (зоологиялық), Тарбағатай (зоологиялық), Жалтыркөл (зоологиялық),

Ұлытау (зоологиялық), Бетпақдала (зоологиялық), Қарақия-Қаракөл (зоологиялық), Зеренді (зоологиялық) қорықшалары, Шарын каньоны (ландшафты – палеантолық) және Шарын өзеніндегі “Шетен тоғайы” (ботаникалық), Күміс қылқанды орман (ботаникалық), Жаманшық тауы (геоморфологиялық), Айғайқұм, Әншіқұм (геоморфологиялық), Жаңғақ тоғайы (ботаникалық), Бүркіттау шоқысы және Тұма бастаулар (гидрологиялық) т.б.

Туризмді дамытуда Қазақстанның келешегі мол және тартымды өлкесінің бірі Шығыс Қазақстан облысы болып табылады. Мұнда туристтерді қызықтыратын көптеген нәрселер бар –кең аумақ, керемет ландшафтар, әр-түрлі климаттық аймақ, баға жетпес мәдени және тарихи ескерткіштер, туристік қызметтердің сан алуан түрі. Бүгінгі күнде облысымыздың аумағында туроператорлық және турагенттік қызметтерді жүзеге асыратын 108 туристік ұйым, 16 туризм нұсқаушысы, 117 орналастыру нұсқаушысы, 117 орналастыру орны, 84 демалыс орындары, 5 демалыс үйі, 34 емдеу-сауықтыру шипажайы, жиынтық көлемі 1723072 га немесе Шығыс Қазақстан облысы аумағының 6,0 % ын құрайтын 14 республикалық маңызы бар ерекше қорғауға алынған табиғи аумақ тіркелген. Облыс аумағында Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Ғалами Экологиялық Қорын (UNDP/GEF) жетілдіру бағдарламасы және Бүкіл әлемдік Жабайы Табиғат Қоры (WWF) бағдарламасындағы Алтайдың Қазақстандық бөлігінің био түрлігінің сақтау жөніндегі жобасында көрсетілген әлемдік маңызы бар табиғи ескерткіштер орналасқан. Олардың көпшілігі қазіргі бар аумақтарда және жоспардағы ерекше қорғалатын аумақтарда (ЖЕҚА) орналасқан.

Облыс шегінде бірнеше рекреациялы аймақтар анықталған: Бухтарма жағалауы, Сібі көлдері, Алакөл көлі, Катон-Қарағай, Глубокий аудандары, Риддер, Өскемен қалаларының маңы.

Бұл аумақтарда тек қана Қазақстан және ТМД елдерінің көптеген туристтерін қызықтырып қана қоймай, сонымен қатар алыс шет ел туристтерін де тартатын Алтай Рудасының негізі табиғи көрікті жерлері топтастырылған.

Тартымды табиғаты, ескерткіштердің жоғары сапада сақталуы, геосаяси жағдайларының үлкен өнеркәсіпті әлеуетімен сәйкестігі, келесі туристік өнімдерді ерекшелеуге мүмкіндік береді:

  • экологиялық туризм,
  • жағажайлық туризм,
  • тау шаңғысы туризм;
  • емдік шипалы туризм;
  • мәдениет-танырлық туризм Туристік фирмалар әр түрлі туристік сапар желілерін әзірлеп жатыр – «көшпенді», «Белуханың етегіне», «Изумруд сақина», «Алтай соқпақтармен» және т.б. турлар.

Біздің өлкеміздің керемет табиғи ландшафты, көптеген көлдері, өзендері, балық аулау, айуан аулау және ғылыми турларын, пантемдеу, шипажай-курорттық демалысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мәдениет-танырлық турлар ескіліктерін, тарихін, халық мәдениетін жақсы көретіндерді қызықтырады. Олардың қызметіне: қонақ үйлер. Бұл үйлерде халықтың тұрмыспен, салт-дастүрлерімен, ұлттық тағамдарымен, танысу, марал өсіру фермаларын көріп шығу мүмкін.

Сонымен қатар, Қазақстан Дүниежүзілік көптеген көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысып келеді. KITF туристік көрмесі 2001 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан Орталық Азия аймағының жетекші халықаралық көрмесі атағын бекітті. Көрменің экспозициясы демалыс пен саяхаттаудың ен атақты деген түрлерін қарастырады: яғни, олар – емдік, іскерлік, спорттық, жағажайлық және т.б. KITF көрмесінде аймақтағы ұлттық туризмді дамыту мен жылжыту мәселелері ғана талқыланып қоймай, сонымен қатар, өсіп келе жатқан болашақ жастардың арасында дұрыс өмір сүру қағидаларымен таныстыру, аймақта балалар арасында спортты дамыту және рекреациондық қызметті жалпы дамыту мәселелері қарастырылады. Көрменің ұйымдастырушылары Iteca (Қазақстан) және ITE Group PLC (Ұлы Британия) болып табылады. Көрме Дүниежүзілік Туристік Ұйым ДТҰ және Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің, Алматы қаласының Әкімшілігінің қолдауымен жүзеге асырылады. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы осы көрмелерде «Шығыс Қазақстанның туризмі», «Фестиваль Алтай Казахстанский» буклеттері, қарта-сұлба, «Шығыс Қазақстанның туризмі – Еуразия орталығы», «Crossroad of Eurasia» CD-дисктердегі тұсаукесерлік бағдарламалар, «Семей – Еуразия орталығы» жарнамалық проспектісі, «АСА», «Рахмановские ключи», «Империя туризма», «Планета приключений» ЖШС және т.б. облыстың жетекші тур операторларының буклеттері, дисктері, каталогтары сияқты көрмелік жарнамалықақпараттық материалдарымен ұсынылды.

Атап айтсақ, біздің облысымызда «Сарқылмас саяхат», «Туризм. Демалыс. Саяхат» атты көрмелер өткізілді. Қазақстан Американдық еркін университеті колледжі жыл сайын бұл көрмелерге қатысып өзіндік бір үлесін қосуда.

Болашақта туризм саласы Қазақстанның дамуына орасан зор үлесін қосатыны анық.

 

ӘДЕБИЕТТЕР
  1. Қазақстан Республикасының «Туризм туралы» заңы. Алматы, Қазақстан, 1993.
  2. Турист журналы № 4-5, 2007 ж.
  3. «Қазақстан Республикасында туризмді дамытудың тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 6 наурыздағы № 333 қаулысы
  4. www.kasachstan-tourismus.de.
  5. Visitkazakhstan.kz порталы
Жыл: 2012
Қала: Оскемен
Категория: Экономика