Соңғы уақыт аралығында дүние жүзінде қалыптасып жатқан жағдай азықтүлікке сұраныс көлемін күрт арттырып, бағаның тым жоғары өсуіне ықпал жасап отыр. Өткен 2009 жылы Қазақстан Республикасында азық-түлік тауарларының бағасы алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,6 пайызға өсті. Мысалы, жарманың бағасы – 12,3 пайызға, өсімдік майы – 8 пайызға, жұмыртқа бағасы – 23,5 пайызға, сүт өнімдері және алкогольсіз өнімдер бағасы – 10,5 пайызға, жеміс-жидек бағасы 3,6 пайызға, кондитерлік өнімдер 10,2 пайызға, ұн – 9,6 пайызға, балық және теңіз өнімдерінің бағасы – 11,5 пайызға, алкогольді ішімдіктер – 13,2 пайызға, ет және ет өнімдерінің бағасы – 7,7 пайызға, оның ішінде: шошқа еті -16,2 пайызға, шұжық өнімдері 13,5 пайызға, жылқы еті 7,2 пайызға, қой еті – 3,2 пайызға көтерілді. Сонымен бірге, Ұлттық банк биылғы жылы инфляция деңгейі 6-8 пайыз дәлізінде құрайды деп болжамдағанның өзінде, 2010 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 3,6 пайызға жетіп отыр. Инфляцияның өсіміне негізінен азық-түлік өнімдерінің нарығындағы баға тұрақсыздығы ықпал етіп отыр [1].
Еліміздегі азық-түлік тауарларының бағасының өсуіне тек дүниежүзінде қалыптасқан жағдайдан басқа да ішкі факторлардың әсері елеулі болып отырғаны анық. Мысалы, басқа салалардан ауыл шаруашылығының айырмашылығы ағымдағы шығындар құны өндіріс факторларын сатып алу бағасы, яғни жанар жағар майға, техникалық құралдарға, қосалқы бөлшектерге, электр қуатына көтерме баға есебінен қалыптасады. Сонымен қатар, соңғы жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, бағаның күрт көтерілуіне ауыл шаруашылығы тауарөндірушілеріне сауда және басқа да монополистердің тарапынан жасалатын қысымды атап өту керек. Ол өз кезегінде өндірушілер мен сатушылардың өзара ымыраласуына әкеп соғады. Сондай-ақ, жергілікті сауда инфрақұрылымының әлі толық дамымай отырғандығы, кейбір азық түлік тауарларының шынайы тапшылығы да жол ашып отыр. Өңірлік рыноктердегі тауар тапшылығының орынын тез толтыруға сауда орталықтарының бір бірінен қашықтығы, жол және көлік желілерінің дамымағаны кедергі келтіруде.
Осыған орай, елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бірінші кезектегі мәселеге айналып отыр. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірден-бір жолы ауыл шаруашылығының жеке сектор екенін ескере отырып, жоспарлы түрде үкіметтің бақылауында ұстай отырып дамыту керек. Ауыл шаруашылығына ғылыми жетістіктерді ендіру, қажетті мамандарды даярлап, жұмысқа жұмылдыру механизмдерін жетілдірілуі қажет.
АҚШ елінің тәжірибесіне сүйенетін болсақ, онда аграрлық секторындағы ұзақ эволюцияның нәтижесінде мемлекеттік реттеудің нақты құрылымы қалыптасты. Соған байланысты аграрлық сектордағы федералдық Үкіметтің көптеген шараларын негізгі категорияларға топтап, қолдау жасалады. Мысалы, американдық эксперттердің есебі бойынша, 1990 жылдардың басында АҚШ-та ауыл шаруашылық тауарөндірушілерін мемлекеттік қолдау барлығы (12 негізгі ауыл шаруашылық өнімі үшін) жалпы өндірілген өнім құнының 23 пайызын құраған. Басқаша айтқанда, мемлекет қолдаудың әртүрлі формалары арқылы фермерлерге «қалған төлемдерін» қамтамасыз етіп отырған. Атап айтсақ, өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіруде бағаны және фермерлердің табыстарын тұрақтандыру әдісі жүзеге асырылады (оның ішінде бидай, майлы дақылдар және мақта өсіруде). Соңғы жылдары мемлекеттік қолдаудың негізі шараларына өтемақы беру, кепілдікке тауарды несиелеу, тауарлы астықты сақтауда фермерлердің шығындарын өтеу, өндірістен шығарылған жерлердің ақысын төлеу жатты.
АҚШ-та фермерлерге тікелей қолдау көрсету бағдарламасы 1950 жылдардан басталған. Фермерлерге тікелей қолдау көрсетудің негізгі формасы тауарды кепілдікке несиелеу бағдарламасы (немесе тауарлы несие) болып табылады.
Ал, сүт және сүт өнімдеріне ішкі рыноктегі баға негізінен тарифтер және импорттық квоталар жүйесі арқылы қолдау тапқан. Ары қарай сүт өнімдерінен өңделетін сүтке (әсіресе «чеддер», май, майсыздандырылған құрғақ сүт, т.б.) заңмен бекітілген ішкі ең төменгі бағасы тауарлы-несие корпорациясы арқылы осы өнімдерді сатып алу негізінде Үкіметтен қолдау тауып отыр. Қантты өндірушілерге оның бағасына қатаң импорттық квоталар жүйесі арқылы қолдау жасалады. Осындай баға саясаты арқылы АҚШ-та сүт өнімдері мен қантқа ішкі рыноктегі баға бір деңгейде ұсталып тұрады.
АҚШ-та фермерлерге қолма-қол төлем формасының болуы тиімді жүреді, ол Үкіметтің ауыл шаруашылық бағдарламасына кіріп, ауыл шаруашылығы министрлігінің тікелей қолдау жүйесіне жатады. Аталған бағдарламаға қатысатын фермерлер ең төменгі баға кепілдігін алады, яғни кейбір тауарларға бағаны ұстап тұру үшін оларға арнайы ссуда беріледі. Бұл ссуданы алған фермер өзінің тауарын сатып алушыға белгілі бір бағаға сатуына болады. Егер ол сатып алушыға тауарын өткізе алмаса, онда Үкімет оның қарызы есебінен өндірілген тауарды өзінің меншігіне алады. Ірі қара мал, шошқа және құс етін өндіруші фермерлерге нақты ішкі бағаны және табысты қолдау бағдарламасы болмағанмен, ол тарифтер мен квоталарды белгілеу арқылы жүзеге асырылады. 1980 жылдардың басында ішкі рынокте бағаның құлдырауы салдарынан жұмыс жасау тиімсіз болғаннан соң, 1985 жылы Үкімет экспортты қолдау бағдарламасын енгізді.
Тек мемлекет ғана елдің экономикалық дамуын басқа да жалпы мемлекеттік мақсаттармен (саяси, әлеуметтік, экологиялық және т.б.) тығыз бірлікте қарастырады. Тауарлы несие корпорациясын құру қоғамдағы аталған стратегияны жүзеге асырудың нағыз үлгісі, яғни ол фермерлерді қолдаудың ерекше формасы болып табылады. Фермерлерді қолдау мақсатында мемлекеттік саясатты жүргізуде бұл өндірістік кешеннің құрамдас бөлігіне айналды. Ссудаға қосымша баға қолдануда кейбір ауыл шаруашылық өнімдеріне, егер құны нақты бағасынан төмен болып кетсе, өндірушілер өзінің табысына қосымша төлем ақы алады, мұны мақсатты баға дейді. Егер де кепілдік бағалар өнімді сату мен сатып алушылар есебінен фермерлік табысты қолдауды қамтамасыз ететін болса, онда мақсатты бағалар фермерлік бағаны ұстап тұрады және ізінше өнім өндірісінен түсетін табысты бюджет есебінен қолдайды. Фермерлер тауарлы-несие корпорациясына өзінің өнімін кепілдік баға бойынша өткізгеннен кейін, егер бұл бағадан рыноктік баға жоғары болатын болса, ол өнімін қайтадан сатып ала алады. Сөйтіп, фермер осы екі баға арасындағы айырмасы таза табысқа ие болады. Ал, өнімін сатып алмаған жағдайда өнім тауарлы-несие корпорацияның меншігінде қалып, фермер кепілдік баға бойынша өтемақы алады [2, 3]. Біздің ойымызша, елдегі ауыл шаруашылығы секторындағы жеке дара кәсіпкерлерді қолдау және ауыл шаруашылық өнімдеріне баға белгілеу мақсатында АҚШ-тың тауарлы-несие корпорациясының қызметін жете зерттеп, оның оңтайлы тетіктерін қолдану қажет.
АҚШ-тың аграрлық секторын мемлекеттік реттеу тәжірибесін зерттеуде ауыл шаруашылығының дамуына тікелей әсер ететін сала ретінде ішкісаяси стратегиясы ерекшеленетін оның саяси аспектісін айтпауға болмайды. Барлық уақытта сауда ішкісаяси мәселелерді шешуде тиімді құралдардың бірі болып табылды. Яғни, дүниежүзінде азық-түлік тапшылығы өскен кезде де осы құрал ұтымды болған. Сауда экспорты экспансия құралы болып, АҚШтың халықаралық аренада өз орнын нығайтты. Осылайша, мемлекет бірнеше бағдарламаларды бекіту арқылы тапшылық болып табылатын ауыл шаруашылық өнімдер түрлерін өндіруге және өткізуге белсенді жағдай жасады. Нәтижесінде бір жағынан, бағдарлама фермерге өзінің шаруашылығында күрделі мәселелерді шешуге көмектессе; екінші жағынан, дүниежүзілік қоғамдастықта елдің қиын сыртқы саяси міндеттерін шешуге әсер етті.
Мемлекеттік реттеудің әлеуметтік қызметі сол елдің азық-түлік қауіпсіздігі саясатымен тікелей байланысты. Бұл тұрғындардың барлық топтарына өмірлік қажетті азық-түліктің жеткілікті және арзан өнім болуымен түсіндіріледі. Үкімет тек мемлекеттік мақсатты бағдарламаларды енгізу арқылы экологиялық мәселелерді шешіп отыр, яғни, бұл салада мемлекеттік реттеудің негізгі қызметіне – азық-түлік тауарларының сапасын бақылау жатады. Әрине, фермерге көбірек тыңайтқыштар мен стимуляторлар қолданған тиімдірек, бірақ мемлекет тұтынушылардың мүддесін қорғау мақсатында фермерлердің бұл тілектерін шектеп отырады, осылайша, азық-түліктің жоғарғы стандартын қамтасыз етеді. Бағаны реттеуді қолдау әдістеріне жататын негізгі шаралар: экспорттық пошлиналар; кедендік тарифтер; квоталар және тарифтік емес шаралар; ішкі бағаны тікелей мемлекеттік бақылау; мемлекеттік сауда механизмдерін реттеу. Қазақстандағы баға мәселесін талдау негізінде баға мейлінше еркін болып, сұраныс пен ұсыныстың жағдайына байланысты болуы тиіс деп тұжырымдауға болады. Нарықтық экономика жағдайында дамыған елдер тәжірибесі ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасының тұрақтандыруға шаруашылық нысандар ғана емес, барлық салалар мүдделі. Осыған байланысты мемлекеттік деңгейде ауыл шаруашылық өнімдері бағасына қатаң шектеулер мен негізгі өнімдерге индекстеу енгізуді және оны қайта қарастыру керек. Өнім бағасы жер мен малдың орташа тиімділігін қамтамасыз етіп, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылық өнімдеріне тиімді және келісімді бағалар тағайындау оңды болар еді.
Басқа салалардан халық шаруашылығының айырмашылығы ағымдағы шығындар құны өндіріс құралдарына сатып алу бағасымен, яғни жанар-жағар майға, техникалық құралдарға, қосалқы бөлшектерге, электр энергиясына көтерме баға есебінен қалыптасады. Еліміздің экономикасында баға теңгермешілігі өз орнын алып отыр. Сонымен қатар, ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне сауда және басқа да монополистердің қысымы тағы бар. Сондықтан, ауыл тауарөндірушілерінің қаржылық жағдайын нығайтудың маңызды шарасың бірі баға тепе-теңдігінің бұзылуынан туындайтын шығынды азайту. Бұл тұста төмендегідей екі бағытты бөліп қарау қажет:
- ауыл шаруашылық және өнеркәсіп өнімдеріне, энергетикаға, ауыл шаруашылығына көрсетілетін қызметке баға тепетеңдігінің жоқтығы;
- азық-түлік коорпорациялары, астық компаниялары, делдалдар ауыл тұрғындарынан сатып алатып шикізат пен сауда кәсіпорындары арқылы сатылатын өнімдердің бөлшек сауда бағасы арасында тепетеңдіктің жоқтығы.
Бұл мәселені ауылға жеткізілетін өнеркәсіп өнімдеріне техникаға, тыңайткыштарға, химикаттарға, қуат көздеріне бағаны мемлекет тарапынан реттеу арқылы және баға тепе-теңдігі бұзылу нәтижесінде ауыл шаруашылығы жоғалтқан сомаға тікелей төлемақы жасау арқылы да шешуге болады. Әуелгі кезде салалық бағдарламалар шеңберінде өнеркәсіп өнімдеріне бағаның төлем ақы тетігін әзірлеу қажет. Оның бір нұсқасы ретінде тауар өндірушілерге өнімдерді ең төменгі бағаны тағайындауға, ал базар бағасымен төменгі бағаның айырмасы көлемінде тиісті өнеркәсіп орындарының бюджетке салық төлемін азайтуға болады. Ал оны қайтару жолы бір жыл өткен соң 10 пайыздық өсіммен қайтару жөніндегі фермермен келісім-шарт жасау. Ауыл шаруашылығы өнеркєсіп және сауда арасындағы баға тепе-тендігін реттеуге заңдық сипат беру қажет.
АҚШ-та мемлекеттік қолдау бойынша ауыл шаруашылығын зерттеу және фермерлерді оқып-үйрету бағдарламасы жатады. Кез келген жаңадан әкелінген немесе шығарылған сорттарды зерттейтін лабораториялар мен эксперимент жүргізетін фермерлерге өздері басшылық жасайды. Осы зерттеу хабарламасы фермерлерге "экстеншн сервис" (ауыл шаруашылық мағлұматын енгізу мен тарату қызметі) арқылы жеткізеді, яғни фермерлерге білім беру қызметі оларға бәрін тегін оқып үйретеді. АҚШ-тың әрбір штатында ең кем дегенде зерттеу және білім берумен айналысатын бір ауыл шаруашылық университеті бар; әрбір округте (аудандарда) дерлік ауыл шаруашылық хабарламаларын жеткізіп отыратын "экстеншн" қызмет офисі бар. Ең соңында АҚШ Үкіметі ауыл шаруашылығын тауарлы нарық қызметінің тиімділігін арттыратын арнайы маркетинг бағдарламасы бойынша қолдайды [4, с.52]. Осы сияқты соңғы жылдары Қазақстанда да 32 iрi ғылыми-зерттеу институттарын бiрiктiре келе, 10 ғылыми орталық ашылды және 2 ғылыми зерттеу институты бар. Олардың өздерiнiң ғылыми зерттеу бағыттарына және аймақтық ерекшелiктерiне байланысты агротехникалық жұмыстар жүргiзуiне мүмкiндiк тууда. Мұндағы мақсат ғылымның жетiстiгiн өндiрiске қолдануға бiр қадам болса да жақындату. Ендi тиiстi министрлiктер өз технологиямызды пайдалануға мүмкiндiк ашуды қарастыру қажет. Ғылым мен өндiрiс арасындағы алшақтықтың жойылуына екi жақ та мүдделi.
Фермерлерді қолдау шараларының тиімділігін арттыру мақсатында Үкіметтің ауыл шаруашылығына инновациялық бағдарламаларды енгізу нәтижесі өз үлесін қосуда. Мысалы, ғылыми жетістіктерді енгізуде АҚШ тың тәжірибесіне сүйенсек, онда ғылыми зерттеу институттарын меншік түрлерін өзгертпестен өнеркәсіптік кәсіпорын басқармаларына береді. Бұл тетіктің ерекше артықшылығы мынада: зерттеуді, білімді және тәсілдерді диверсификациялау; ірі капитал көлемді инновацияларды жасау; бір бағытта маңызды ресурстарды жинақтау; ең бірінші жоғары технология саласында өндіріске ғылымитехникалық жетістіктерді енгізу; ғылымитехникалық идеяларды коммерциялау және соған сәйкес зерттеу мен өңдеуге кеткен ұлттық шығындардың тиімділігін арттыру; өнеркәсіпті құрылымдық қайта құру.
Тетіктің институционалдық базисі – кооперативтік зерттеу бағдарламасы болып табылады. Бағдарлама басқарудың ерекше формасында құрылған: федералдық ведомство – тапсырушы – университет – федералдық лаборатория өнеркәсіптік фирма штаттардың өңірлік билік орындары.
1990 жылдардың соңында бұл модельді Қазақстанда қолдану мүмкін емес еді. Оның негізгі себептеріне: ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қаржы жағдайының болмауы, ғылыми мекемелердің «портфельдік тапсырыстарды» орындауда болашағының күмәнділігі, заводтық ғылымның төмен потенциалдылығы жатады.
Қазір өнеркәсіптік капиталдың шоғырлануы және оның қаржы капиталымен өзара тығыз байланысы байқалып тұрғанда, ғылыми-технологиялық, өңірлік және экономикалық бағыттағы диверсификация үдерісі күшейіп тұрғанда осындай тәжірибені енгізу үшін шынайы алғышарттар қалыптасты деуге болады. Сондай-ақ, дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отырғандай, жоғарыда аталған тізбек бойынша шағын инновациялық кәсіпорындар өндірістік кәсіпорындардың болашақ орындарын баса алады. Соған қоса, біздің ойымызша:
- Аталған өзара қатынастың институционалдың құралдарын жасау, жеке және мемлекеттік ғылыми техникалық секторлардың байланысын зерттеуде және өңдеуде кооперативтік қатынастардың енуі үшін мотивациялық жүйені қалыптастыру қажет;
- Жоғары оқу орындары (ғылыми мекемелер) мен жеке фирмалар арасында жақтардың бірінің оппортунистикалық ісәрекетінен қашу, даулы сұрақтарды шешу, ақталмаған (немесе мақсатталмаған) шығындардың орнын жабу мақсатында зерттеу қызметіне байланысты бекітілген келісім-шарттың базалық формасын жасау қажет. Сондай-ақ, келісім – шартта әрбір саланың ерекшеліктері ескерілу керек. Бұл ғылыми өңдеулердің жетістіктері өткізілген зерттеулердің, берілген мүмкіндіктері мен форс-мажорлы жағдайлардың күрделілігіне тәуелді жүретіндігімен байланысты.
Қазақстанда баға мәселесін талдау негізінде баға мейлінше еркін болып, сұраныс пен ұсыныстың жағдайына байланысты болуы тиіс деп тұжырымдауға болады. Нарықтық экономика жағдайында дамыған елдер тәжірибесі ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасының тұрақтандыруға шаруашылық нысандар ғана емес, барлық салалар мүдделі. Ауыл шаруашылығы өнімдері мен сауда арасындағы баға тепе – теңдігін реттеуге заңдық сипат беру қажет. Ал, несие саясатында тауарлы және материалдық несие беруді, тауарды шетке шығаруды және өндірісті жандандыруға жәрдем берген жөн. Тауарды залогқа несиелеу бағдарламасын енгізу де еліміздің фермерлеріне үлкен тиімділік берер еді.
Несие саясатын астық сатып алуға ғана емес, керісінше тауарлы және материалдық несие беруді, тауарды шетке шығаруды және өндірісті жандандыруға жәрдем берген жөн. Бұл астықтың сапасын жақсартуға және шеттегі рыноктарда біздің астық өндірушілеріміздің пайда болуына алып келеді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығының ерекшелігін ескере отырып, несиелердің тиімділігін, қайтарылуын қамтамасыз ететін проценттік ставканы және ауылдық несие серіктестіктер жүйесі арқылы альтернативті несиелеуді, сондай-ақ астықты қолхат механизмі негізінде банктік несиелеу жүйесін енгізу керек. Сонымен бірге бір мезгілде табиғи-климаттық жағдайға байланысты шығын тәуекелділігін шектейтін ауыл шаруашылық өндірісіне міндетті мемлекеттік және коммерциялық сақтандыруды дамыту қажеттілігі туындайды.
Үкіметтен алынған мақсатты қоры және төлеусіз микронесие берумен қатар, жыл сайын минералды тыңайтқыштар, зиянды жәндіктермен күресуге алынатын құралдар, тұқым, мал шаруашылығын және жануарларды емдеуді дамыту үшін мемлекеттік қордың қаржысын бөлу арқылы төлеусіз қаржы берілу қажет. Өндірістік мүдделер мен рынокте өнімдердің өтімділігі үшін жеңілдікпен несиелеудің арнайы қорларын қалыптастыруды және тиімді рыноктік жобаларды қаржыландырудың мақсатты механизмдерін пайдалануды қарастыратын қаржы-несие жүйесін жақсарту керек.
Мемлекеттік қорларға өнімді сатып алуда фьючерлі келісім-шартты және форвардты операциялар жүйелерін ұйымдастыру қажет. Ал, өндіріс құрал-жабдықтар рыноктарындағы тепе-теңдікті сақтау және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу – мемлекеттің экономикалық саясатының басты міндеті.
Осыған байланысты мемлекеттік деңгейде ауыл шаруашылық өнімдері бағасына қатаң шектеулер мен негізгі өнімдерге индекстеу енгізуді және оны қайта қарастыру керек. Өнім бағасы жер мен малдың орташа тиімділігін қамтамасыз етіп, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылық өнімдеріне тиімді және келісімді бағалар тағайындау оңды болар.
ӘДЕБИЕТТЕР
- ҚР Статистика Агенттігінің мәліметтері негізінде, 2009-2010 жж.
- Олжаев А. Азық-түлік – ең басты «инфляциялық» тауар. // Айқын.№ 21 (958). С. 4.
- Государство и рынок: американская модель. Под ред. д.э.н., проф. М.А. Портного и д.э.н., проф. В.Б. Супяна. М.: Изд.«Анкил», 1999.с. 348-372.
- Краубаев А.С., Журкабаева М.Б. Малый бизнес в сельском хозяйстве нуждается в государственном регулировании // Деловой мир Казахстана. 1999. № 2 (11). С. 52-54.