Математика пәнінен оқушылардың білімін жетілдіруде өзіндік жұмыстың тиімді жолдары

Аңдатпа

Бұл мақалада психологиялық жас ерекшеліктерін, сыныпқа бейімделуін есепке алу өздігінен жұмыс істеу дағдыларына қарай жұмыс түрлерін таңдаудың, белгілеудің басты талаптарының бірі болып қала беретіндігі, сондықтан да оқушыны өздік жұмыс жасауға үйрету негізінде әрбір жеке тұлғаның өзіндік табиғатын қалыптастыру, білімділік деңгейін көтеру болып табылатындығы айтылған.

« Білімді ұсынуға болады, бірақ әркім өз бетімен меңгеруі және қолдануы қажет» А. Дистерверг

Қазақстан Республикасының бүкіл әлемдік білім кеңістігінен өз орнын алуы үлкен әлеуметтік және саяси мәні бар мәселе. Осыған байланысты егеменді еліміздегі жалпы білім беретін мектептердің алдына жауапты да, абыройлы міндеттер қойылып отыр. Солардың бірі - оқушыға өз бетімен жұмыс істете отырып білім алудың қарапайым дағдыларын меңгерту, алған білімді біліктілік дәрежесіне көтеру.

Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашақта еңбек етіп өмір сүретіндер - бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады, яғни тәрбиенің түпкі мақсаты - қоғамның нарықтық қарым-қатынасқа көшу кезінде, саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарында жеңіп шыға алатын, ізгілігімен ХХІ ғасырды құрушы, іскер, өмірге икемделген жан-жақты мәдениетті жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру» деп тұжырым жасаған [1].

Оқушыға өзбетімен жұмыс істетіп, дағдыны жүйелі жүргізілетін жұмыстардың нәтижесінде қалыптастыру. Атап айтқанда, бастапқыда жеңіл, кейін біртіндеп күрделі тапсырмаларды орындау барысында салыстыру, қорытынды жасау, түрлі жағдайда өздігінен ойлау процестерінен өтеді.

Өздігінен білім алудың негізгі жолы - оқушыны таным процесіне үйрету. Ол үшін бүкіл сыныптағы оқушыларға өздігінен жұмыс істеуге жағдай жасау қажет. Өйткені практикада оқушы еңбек етіп, өздігінен алған білімін жоғары бағалайды, оған өзі риза болады. Педагогикада өздігінен орындайтын жұмыстар деп берілген тапсырманы, мұғалімнің басшылығымен оның тікелей қатысуынсыз, оқушылардың өздері атқаратын жұмыстарды айтады. Оқушылар өздігінен орындайтын жұмыстар жөнінде сөз қозғағанда, оның өзара тығыз байланысты екі міндетін ескерген дұрыс. Бұл міндеттердің біріншісі - оқушылардың танымдық қызметіндегі дербестікті дамыту және одан әрі өрістету, оларды білімді өздігінен игеруге, дүниеге көзқарастарын қалыптастыруға үйрету; екіншісі - оқушылардың алған білімін өздігінен іс жүзінде қолдана білуге баулу.

Сонымен бірге, оқушыларға тапсырма бергенде материалды бірте-бірте күрделендіру, олардың творчестволық белсенділігі, жеке бас ерекшеліктері, жалпы математикалық мәдениеті тәрізді факторларға назар аударған дұрыс.

Өзіндік жұмыс өз бетінше іс-әрекет арқылы іске асады. Өзіндік оқу іс-әрекеті дегеніміз - бұл дидактикалық ұғым, ғылыми-практикалық міндеттерді өз бетімен қою, оның шешімін табудың өзіндік тәсілдерін болжау және анықтау, жеке тұлғаның өзін-өзі бақылауы, өзін-өзі бағалауы негізінде педагогикалық үдеріске қатынасушылардың өзара іс-әрекетінде қалыптасқан жеке тұлғаның кірістірілген білімі. Оқушылардың өзіндік жұмыс процесі кезінде мұғалімнен бала дамуының дербестік шығармашылық әрекеті, логикалық ойлауы сияқты негізгі белгілерін біліп, оқушылармен жеке-дара жұмыстар жүргізуді қажет етеді. Оның маңызы оқыту жұмысын ұйымдастырудың сабақтың басқа түрлеріне қарағанда ерекше. Бұл жұмыстың танымдық қызметімен бірге оның тәрбиелік мәні де зор. Себебі, өзіндік жұмысты орындау барысында оқушылардың дербестігі, ойлау қабілеті артып, өздігінен білім алуға жүйелі түрде дағдыланады. Соның негізінде білім мен біліктілік өте берік меңгеріледі, оқушының ақыл-ой әрекетінің жеке дара дәстүрі қалыптасады.

Ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл Фараби «Ақыл адамның ойлау қабілетінің шығармашылық қуаты. Ақыл - парасат күші. Адамның ойлауына, ғылым мен өнерді ұғынуға, жақсы қылық пен жаман қылықты айыруға көмектесетін күш» деген сөзі ақыл - кеңес қана емес, әр адам өмір бойы жадында ұстап жүруге тиіс даналық нақыл.

Өзіндік жұмысты ұйымдастыруда қойылатын негізгі талаптар, өзіндік жұмыс түрлері

Оқу жұмысының түрлерінің талдауы келесіні көрсетеді: өзіндік жұмыс іс- әрекет тәрізді оқушының өзінің танымдық қажеттілігімен, өзін-өзі бақылауымен, өз жұмыс тәртібімен, оны орындау орны мен уақытын таңдаудағы еркіндікпен сипатталады. Бұл оқушылардың өзіндік жұмысы - олардың пәндік құрамдастығын арттырумен қатар олардың осы іс-әрекет субъектісі ретінде тұлғалық дамуына ықпал етуі керек деп ұйғарады.

Математиканы оқытуда алға қойған негізгі бағыттардың бірі - оқушылардың таным белсенділігін арттыру. Оқушылардың ой-өрісінің, белсенділігінің, ізденімпаздығының арта түсуі, олардың өздігінен ізденуін, ойлауын, өз бетімен қорытындылар жасай білу қасиеттерін дамытады [4].

Оқушылардың оқудағы танымдық ізденімпаздығы мен белсенділігін қалыптастыру проблемаларын іс-жүзінде шешудің әртүрлі жолдары бар:

  • танымдық іс-әрекеттің дербестігін қалыптастыратын өзіндік жұмысты ұйымдастыру мен оқу міндеттерін іріктеп шешу;
  • танымдық іс-әрекеттің тәсілдерін қалыптастыру;
  • іс-әрекеттің бағдарлаушылық негізін құрайтын жалпылама білімдер енгізу;
  • оқу іс-әрекетін өздігінше бақылауды дамыту;

Математика сабақтарында оқушылар өздігінен орындайтын жұмыстардың ауызша және жазбаша, кластағы немесе үйдегі, жалпы кластық, топтық, жаппай және жеке түрлері пайдалынылады.

Оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытпай, оқытудың интенсивтендіру процесін жүзеге асыру мүмкін емес екені іс-жүзінде белгілі. Танымдық қызығушылық белгілі компоненттерді қамтитын динамикалық жүйе. Оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын анықтаудың негізі, мұғалімнің белсенділігі мен пәнге деген қызығушылығы және педагогика мен психологияның проблемаларына дұрыс бағдар беру болып табылады. Оқушылардың оқу танымдық іс-әрекет формаларының бірі - өзіндік жұмыс. Қазіргі кезде негізгі талап - оқушылардың белсенді іс-әрекет сезімін оята отырып, оларды басқара білу. Оқушылардың өз бетінше іздену арқылы білімін көтеруі, біліктілікке талпынуы, ептілікке дағдылануы оқу процесінде белсенділігін арттырудың бір жолы екендігі ертеден белгілі

Оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетінің нәтижесі - олардың білімді өзбетінше талдап және бір жүйеге келтіре алатын тапсырмаларды орындауы болып табылады.

Өздік жұмыстар ұйымдастыруда мынадай талаптар орындалуы қажет:

  1. Өздік жұмыстың мазмұны бағдарламаға қойылатын талаптарға сәйкес келуі керек.
  2. Оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға тиісті.
  3. Өздік жұмыстар түрі және мазмұны жағынан әр түрлі болуы керек.
  4. Әрбір өздік жұмыс тексеріледі және бағаланады.
  5. Өздік жұмысты тек қайталау кезінде ғана жүргізбей, сабақтың барлық кезеңдерінде, орынды жерінде өткізу керек [3].

Математика пәнін оқытуда өздік жұмысқа көп көңіл бөлу қажет. Әр түрлі жаттығулар орындау барысында математикалық түсініктер бекітіледі, есептеу дағдылары қалыптасады, оқушылардың кеңістік жөніндегі көзқарасы дамиды, геометриялық фигураларды сыза білуге, өз білімін өмірде пайдалана алуға үйретеді. Өздік жұмыс ұйымдастыру формасы мынадай: жеке оқушымен, топпен жұмыс барлық оқушымен болады.

Өздік жұмыстардың негізгі түрлері: оқулықпен жұмыс, бақылау жұмыстары, шығармашылық жұмыстар, рефераттар мен баяндамалар жасау, тест жұмысын орындау болып табылады.

Мен өз баяндамамда өздік жұмыстар өткізу үшін жасалатын әртүрлі тапсырмалар туралы сөз етпекпін.

  1. «Карточкамен» жұмыс. Бұл тапсырманы сабақ барысында жекелеген оқушыларға беремін. Уақыты 1-2 минут. Карточка ішінде өтіп жатқан тақырыптар бойынша тапсырмалар беріледі.
  2. «Тест» жұмысы. Бұл тапсырманы өткен тарауды қайталау мақсатында сабақ барысында барлық оқушыға жүргіземін. Уақыты 5-6 минут. Оқушыларға жауап парақтарын беріп, тапсырманы орындатып аламын. Тест жұмысындаға тапсырмалар саны 6-10 тапсырма аралығында.
  3. «Бақылауға дайындық» деп аталатын өзіндік жұмыстар. Мұндай өзіндік жұмыстарды әрбір өткен тарауға жүргізіп отырамын. Уақыты 35 - 40 минут. Оқушыларға өткен тарау бойынша 5 -6 есептен беремін. Оқушы күнделікті сабақта пайдаланатын жұмыс дәптеріне орындап береді.
  4. «Логикан калай?» деп аталатын өзіндік жұмыстар. Мұнда әртүрлі логикалық тапсырмаларды немесе қызықты есептерді оқушыларды жұптастырып, екі оқушыға ортақ бір тапсырма беремін. Мұнда кім әрі дұрыс, әрі тез шығаратынын байқау мақсатында. Мұндай тапсырмаларды оқушыларды сергіту мақсатында көбірек пайдаланамын. Уақыты 2-3 мунут.
  5. «Сәйкестендіру тесті» мұндай тапсырмаларды көбіне барлық оқушыларға ортақ көрсетемін. Онда оқушыларға жалпы тапсырма беріледі, ауызша мысалдар шығарылады.
  6. «Шығармашылық жұмыс» бұны қосымша үйге тапсырма ретінде беремін. Мұнда оқушылар сөзжұмбақтар, ребустар, мәнжазбалар дайындап әкеледі.
  7. «Деңгейлік тапсырмалар» мұнда оқушыларға ортақ 1, 2, 3 деңгейлік тапсырмалар беріледі. Оқушы өз қалауымен қай деңгейді орындасада өзі біледі, соған қарай бағаланады.

Мұндай өзіндік жұмыстың негізгі мақсаты - оқушылардың танымдық әрекеттерін қалыптастыру, шығармашылық қабілеттері мен қызығушылығын жетілдіру, білімге құштарлығын ояту.

Өз бетінше жұмыстың негізгі ерекшелігі - оқушының берілген тапсырманы мұғалімнің көмегінсіз орындауы. Тапсырманы орындауда жақсы нәтижеге жету үшін, мұғалім оқушыны іскерлік дағдысын, бақылай білу қабілетін, ойлауын, есепті шешу жолдарын дұрыс таңдай білуін байқап көреді. Егер тапсырманы орындауда қателер жіберілсе онда мұғалім сол қателерді оқушылардың өздері жөндеуіне мүмкіндік беріп, оқушының іс-әрекетін дұрыс жолға бағыттағаны жөн.

Оқу процесінде оқушылардың өзіндік жұмыстарын ұйымдастыруда мұғалімнің ролі

Бүгінгі таңда ғылым мен техника қарқындап өсіп отырған шақта мектеп бағдарламасы мен оқулықтарына, олардың барлық жетістіктерін еңгізу мүмкін емес. Осы себептен де мектеп ертеңгі білімнің негізін қалап, оқушылардың өздігінен ізденіп, білім алуларына мүмкіндік жасауы тиіс. Сапалы оқыту және өздігінен оқып білім алуға баулу негізінде ғана оқушылардан парасатты азамат тәрбиелеп шығуға болады. Осыған орай, мектеп бітіруші әрбір оқушы ғылым негіздерінің жаңалықтарымен хабардар болып, кейін сол алған білім мен іскерлігін одан әрі дамытуға тиіс. Бұл өскелең өмір талабы.

Қазіргі кезде Қазақстан мектептерінде педагогикалық үрдістің сапасын көтерудің бай тәжірибесі жинақталып келеді. Солардың бірі педагогикалық үрдісте оқушылардың логикалық ойлау қабілеттерін дамытуда өзіндік жұмыс түрлерін ұйымдастыру.

А. Байтұрсыновтың пікірі бойынша, бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алуы керек. Мұғалімнің қызметі - оның білімінің, шеберлігі ұзақ жолды қысқарту үшін, балаға жұмысты әліне қарай шағындап беру мен белгілеген мақсатқа қарай түзеп отыру керек. Оқушылардың өзіндік жұмыстарының мән-мағынасын ұйымдастырудың тәсіл-амалдарын бір ғана белгімен сипаттауға болмайды.

Оқушылардың өзіндік жұмысын ұйымдастыру мұғалімнен шығармашылықты, шеберлікті, жоғары методикалық дайындықты талап етеді. Өзіндік жұмысты ұйымдастырудың негізгі шарттары мыналар:

  • мұғалімнің нақты тапсырмалар беруі;
  • жұмысты орындаудың уақытын белгілеу;
  • мұғалімнің басқаруымен оқушылардың дербестігінің өзара байланысы - олардың жұмысты өз еркімен және қолдарымен істеу, оған әсер ететін мотивтер;
  • өзіндік жұмыс барысында орындалатын есептердің мазмұнын оқушы түсінуі керек;
  • оның орындалуы жайлы оқушыларға нұсқау беру керек;
  • жұмыстың орындалуын қадағалау керек;
  • өзіне-өзі талдау жасау, байқау;
  • оқушылардың жұмысын тексеру, қателерін анықтау.

Оқушылардың өзіндік жұмысына мұғалімнің тапсырмасы бойынша, өздері жоспар жасап, істің тәсілін анықтап, оның нәтижесін бағалап орындайтын жұмыстары жатады. Сонымен қатар, оқушылардың өзіндік жұмысының жоғары түріне олардың өз еркімен жаңа амал-тәсілдер қолданып жасайтын шығармашылық жұмыстары жатады.

Оқушылардың өздік жұмыстарын тиімді ұйымдастыру сабақ сапасының артуына септігін тигізеді. Өздік жұмыс кезінде оқушылар оқулықпен және дидактикалық материалдармен, түрлі анықтамалық кітаптармен, газет- журналдармен жұмыс істеуге үйрене бастайды. Өздігінен білім алуға талпынады. Жұмысы нәтижелі болса, оқушының пәнге деген қызығушылығы артады.

Дидактикалық тұрғыдан дұрыс ұйымдастырылған жұмыс білімді тереңдетуге, толықтыруға, дағды мен іскерлікті қалыптастыруға, танымдық әрекетке қызығуды туғызуға, таным үрдісінің әдіс-тәсілдерін игеруге, танымдық қабілетінің дамуына, адамның дербес жұмыс істеу және ғылыми жұмыстармен айналысуға мүмкіндік жасайды. Өзіндік жұмыстың тәрбиелік жағы да басым. Ол адамның жеке басының қасиеттерінің (мақсат қоюшылық, ізденушілік, қызығу, т.б.) қалыптасуына әсер етеді [5].

Оқу-тәрбие үрдісін даралауда оқушыны жеке тұлға ретінде қабылдау, яғни оқушының өзіндік танымдық іс-әрекетін қалыптастыруға бағыттауға, білім беруде жеке оқытуды дамыту, көзделуі қажет. Мұғалім сабақта әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, балалардың ұсыныс-пікірлерін еркін айтқызып, ойларын ұштауға және өздеріне деген сенімін арттыруға мүмкіндік туғызып отыру қажет. Әдіс-тәсілдер арқылы өткізген әрбір сабақ оқушылардың ойлауына және қиялына негізделіп келеді, баланың тереңде жатқан ойын дамытып, оларды сөйлетуге үйретеді. Түрлі әдістемелік тәсілдер пайдалану арқылы қабілеті әртүрлі балалардың ортасынан қабілеті жоғары баланы іздеп, онымен жұмыс жасау, оны жан-жақты тануды ойлап, оқушылардың, шығармашылық деңгейін бақылап отыру әрбір мұғалімнің негізгі міндеті.

Ұстаз алдында отырған бірі шапшаң, бірі баяу, енді біреулері төмен қабылдайтын, зейіні, қабілеті, қабылдауы, есте сақтауы әрқилы шәкірттердің жүрегіне жол тауып олардың шығармашылық қабілетін дамыту - күрделі құрылым екені даусыз. Көрнекті педагог В.А. Сухомлинский: «Сабақ жасөспірімдердің интеллектуалды өмірінде құр ғана сабақ болып қоймас үшін, ол қызықты болуы керек. Осыған қол жеткенде ғана мектеп жасөспірімдер үшін рухани өмірдің тілегін ошағына, мұғалім осы ошақтың құрметті иесі мен сақтаушысына, кітап - мәдениеттің баға жетпес қазынасына айналады» - деп айтқан екен.

Олай болса, қызықты сабақтар - мұғалімнің ашқан жаңалығы, өзіндік қолтаңбасы, әдістемелік ізденісі, мақсат-мұраты. Ұстаз көкейіндегі шәкірттерді өзіне баулып алу үшін «Не істей аламын», «Не істеу керек» -деген сұрақ-сауалнама әрекетке, әрекет нәтижелер жобасына, ал нәтижелер жобасы практикаға еңгізуге жетелейді. Ал практиканың ақиқат өлшемі - білім сапасы болмақ.

Оқушыны өздік жұмысын жасауға үйрету негізінде әрбір жеке тұлғаның өзіндік табиғатын қалыптастыру, білімділік деңгейін көтеру болып табылады.

Оқушылардың білімін жетілдіруде өзіндік жұмыстың тиімділігі, сабақ үстіндегі тәжірибелер

М.Я. Выгодский: «Әр баланың өзіндік деңгейі болатындай әр балаға берілетін тапсырманың көлемі оның деңгейіне лайықталып беріледі. Әр баланың өзінің даму арнасында жетілдіру керек» - деген екен [6].

Негізгі мақсатымыз - баланың жеке қасиеттерін ашу арқылы, тәрбиелей отырып, танымдық қабілеттерін қалыптастыру және ой-өрісін дамыту.

Өздік жұмыстар әр сабақта міндетті түрде жүргізіліп отыруы қажет. Өз тәжірибемдегі бірнеше сабақтардағы оқушыларға берілген өзіндік жұмыстарға тоқталсақ. 5 сынып оқушыларының арасында өткізген «Жай бөлшектер тарауын қайталау» сабағында оқушылардың тарау туралы алған білімдерін тексеру мақсатында, қайталау сабағы болғандықтан сабақтың басынан бастап соңына дейін оқушыларға өзіндік жұмыстар берілді.

  1. І бөлім «Қызығушылықты ояту». Бұл бөлімде әрбір топқа парақшаға жазылған тапсырма беріледі. Тапсырманың дұрыс жауабы интерактивті тақтада көрсетіледі, әрбір топ бірін-бірі тексереді.
  2. ІІ бөлім «Ой толғаныс». Әрбір топқа 3 есептен беріледі. Тапсырманың дұрыс жауабы интерактивті тақтада көрсетіледі, әрбір топ бірін-бірі тексереді.
  3. ІІІ бөлім «Ой шыңдау» – тест жұмысы. Бұл бөлімде жеке оқушымен жұмыс болады. Тапсырма орындап болған соң оқушылар бір-бірін тексереді.

«Екі өрнектің квадраттарының айырымы тақырыбына есептер шығару» атты өткізген сабағында 7 сынып оқушыларының сабақты қаншалықты түсінгендігін білу мақсатында, қысқаша көбейту формулаларын қалай түсінгендігін білу үшін сабақ барысында топпен, жеке оқушыменде өзіндік жұмыстар жүргіздім. «Бірге ойлаймыз» деп аталатын бөлімде оқушыларды жұптастырып, әрбір жұпқа есептер беріп, болған сон әрбір жұп бірін-бірі тексерді. «Сиқырлы сандықша» деп аталатын бөлімде сынып оқушыларын топтастырып сандықша ішінен тапсырма алып сол тапсырмаларды бірлесіп орындаттым.

10 – сынып оқушыларының арасында өткізген «Туынды табу ережелеріне есептер шығару» сабақтың екінші сағатында оқушылар жаңа сабақты қалай түсінгендігін білу үшін өзіндік жұмыстар жүргіздім. «Бар нәрсеге білім қолды жеткізер» деп аталатын бөлімде оқушыларды топтап, деңгейлік тапсырмалар берілді, соңынан оқушылар дұрыс жауап арқылы бірін-бір тексерді. «Білімді мыңды шығады» деп аталатын бөлімде тест тапсырмаларын беріп жеке оқушымен жұмыс жасалды. «Білім теңіз түбі де, шегі де жоқ» деп аталған бөлімде қандай да функцияны формуламен беру, барлық оқушыларға жазба дәптер таратылады, жеке оқушының өзіндік жұмысы орындалды.

Жоғарыда көрсетілген сабақтарда оқушылар өздіктерінен жұмыс жасай

Қорыта келгенде, әр оқушының психологиялық жас ерекшеліктеріне, тәжірибелеріне қарай өздігінен жұмыс орындау дағдысын қалыптастырудың танымдық мәні зор. Әр түрлі жұмыстарды орындау барысында оқушының психологиялық жағынан көңіл-күйі де өзгеріп отырады. Мысалы, төменгі сынып оқушылары көбіне сұрақ-жауап әдісімен орындалатын жұмыстарға бейім, ал жоғарғы сыныптарда оқушылар қызықты, тарихи оқиғаларды, әлеуметтік жағдайларды, спорт пен ғылымдағы жаналықтарды көбірек білуді қалайды. Сондықтанда психологиялық жас ерекшеліктерін, сыныпқа бейімделуін есепке алу өздігінен жұмыс істеу дағдыларына қарай жұмыс түрлерін таңдаудың, белгілеудің басты талаптарының бірі болып қала береді. Мұны әрбір ұстаздың есте ұстағаны абзал.

Оқушыны өздік жұмыс жасауға үйрету негізінде әрбір жеке тұлғаның өзіндік табиғатын қалыптастыру, білімділік деңгейін көтеру болып табылады. Математика ғылым мен техниканың тілі болып табылады, сондықтан оны оқып білу адамның ақыл-ойының дамуына үлкен әсер етеді. Мұғалімнің білімділігі мен мәдениеттілігі оқушының білім алуына үлкен әсерін жан-жақты тигізеді. Демек, мұғалім әр оқушыға қамқорлықпен қарауға тиіс. Оқушы қашан өздігінен білім алу жолдарына жаттығып төселгенше мұғалім оған көмек жасап, оның жолдарын көрсетуі керек. Яғни, оқушының өздігінен орындайтын жұмыстарына сенімділікпен қараған дұрыс. Өйткені ол психологиялық жағдай туғызумен қатар, білімді саналы меңгеруге ықпал етеді. Оқушыларға ықылассыз жұмыс жасатуға болмайды. Олардың өздігінен жұмыс істеу дағдыларының қалыптасуы тек икемділік дағдылары арқылы ғана орындалады.

«Еңсесін енді көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды ұрпақтың орны бөлек» деп елбасымыз айтқандай, ұлт болашағы бүгінгі оқушыларымыздың білімі мен біліктілігіне, санасы мен тәрбиелілігіне байланысты.

Тәуелсіз ел тірегі - білімді ұрпақ десек, жаңа дәуірдің күн тәртібінде тұрған келесі мәселе - сапалы, нәтижелі білім беру, яғни білім ордасы - мектеп, ал мектептің жаны - мұғалім екені баршамызға мәлім.

Мұғалімдер қауымы оқушылардың өздігінен жұмыс істеуге үйретуіміз, өзіндік көзқарастарын қорғауға талаптандыруымыз керек. Өзіндік сенімге ие болған әрбір оқушы жаңа білімді игеруге ынтасы арта түседі.

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан - 2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Астана. 1012.
  2. Қазақстан Республикасының «Білім туралы заңы». 2007 ж.
  3. Абдуахитова О. Оқушылардың өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру// Қазақстан мектебі. № 11-12. 2005 ж. 29-30 бет.;
  4. Бейсембаева З. Өзіндік жұмыс- кәсіби біліктіліктің көзі. Бастауыш мектеп., 2002, №5, 14 -16 бет.
  5. Есеева Р. Өзіндік жұмыс түрлерінің оқушылардың ойлау қабілеттерін дамытудағы ролі. // Қазақстан мектебі., 2005, №5, 22-24 бет.;
  6. Ешаманова Д. Оқушыларды өз бетімен жұмыс жасауға бейімдеу //Математика және физика. №6. 2013. 43 б.
Жыл: 2016
Қала: Атырау