Көрнекті ғалым М.С. Мұқанов керей тайпасының этникалық тарихын жəне шежіресін ғылыми негіздеуші

Мақалада отандық тарих жəне этнологияға елеулі үлес қосқан, қазақ халқының этникалық тарихын, соның ішінде Орта жүздің ру-тайпалық құрылымының тарихы, таңбасы, қоныстануы, этимологиясы мен таралу тарихына қатысты ел арасынан жинаған далалық этнографиялық материалдар негізінде, отандық жəне шетелдік ғылыми деректерге сүйене отырып толық мағлұматқа жан-жақты талдау жасап, өзіндік ғылыми түйінін жасаған көрнекті ғалым М.С. Мұқановтың керей тайпасына қатысты еңбектері зерделенген. М.С. Мұқанов қазақ халқының этникалық тарихы, қазақ жүздері мен тайпаларының құрамы, шежіресіне байланысты сан алуан мəселелерге терең қызығушылық танытқан. Тоталитарлық жүйе кезінде аталмыш тақырыптар мəселелерін зерттеуге мүлдем тыйым салынған болатын. Кеңес қоғамы көшпелілердің өзіндік биік мəдениеті мен қайталанбас салт-дəстүр ерекшеліктерін қасақана мойындамады. Оның астарында империялық мүдде мен саясат жатқан болатын. Алайда, оларға өзінің əріптестері мен көшпелілер өркениетінің ру-тайпаларының құрылымымен таныс С.П. Толстов, Т.А. Жданко жəне т.б. ғалымдар қолдау көрсетіп, өздерінің еңбектерінде М.С. Мұқановтың дұрыс идея ұсынғанын мойындап қана қоймай, сонымен қатар көптеген конференциялар мен сессияларда ғылыми тұрғыдан дұрыстығын бүкіл ғылыми жұртшылықты мойындата білді.

Кіріспе

Халқымыздың ұлықты шежіресін жазу орта ғасырда өмір сүрген Қадырғали Жалайырдың еңбегінен бастау алары күмəнсіз. Ал Шоқан Уəлиханов пен Шəкəрім Құдайбердиев, Мұхамеджан Тынышбаев, Сəрсен Аманжолов еңбектерінен кейінгі жерде халқымыздың шежіресін шын мəнінде ғылыми зерттеу нысанасы дəрежесіне көтеріп, сол жолда ғұмырын арнаған ғалымдардың бірі М.С. Мұқанов еді.

Көптеген ғалымдардың, əсіресе М. Мұқановтың Орта жүзге қатысты зерттеулерінде жүздердің бастапқы шығу төркініне, қазақ ұлтын құрап отырған үлкен тайпалар мен рулардың генезисіне, этникалық құрамы мен олардың өзара бірігу процесіне кеңінен тоқталады. Мұндай мағлұматтарды аңыз-əңгімелер арқылы зерделеп, таңба-ұрандар арқылы дəлелдеп береді.

Шежіреде рулық кестелер жеке-жеке алынып, үлкен жəне кіші аталар бойынша таратылған. Əрине, бұл шежірелік кестелерді толық əрі дəл деп ұғынуға болмайды. Одан авторлардың белгілі бір үлгі-нұсқа, кестелер келешекке толығып, түсіп қалған, ұмыт болғаны ұрпақтармен жалғасып отыруы тиіс деген пікірлерде болғандығын көреміз.

Біз жұмысымызды зерделеу барысында М.С. Мұқановтың жарты ғасыр ширегінде зерттеген Орта жүздің ру-тайпаларына қатысты, соның ішінде керей тайпасына қатысты монографияларын осы саладағы көптеген көрнекті зерттеушілердің еңбектерімен салыстыра отырып, ғалымның пікіріне, жасаған түйіндеріне баса көңіл аударамыз.

Еліміз дербестікке қол жеткізгелі жерімізге көз алартушылар пайда болған тұста қазақ жерінің ежелден нақты ру-тайпаларының байырғы мекені екені бұл да бұлтартпас айғақ деп түсінгеніміз, тарихи танымымыздың жаңғыруына себепті салдар деп ұққанымыз абзал.

Зерттеу əдістері

Мақаланы дайындау кезінде ғылыми, оның ішінде, пəнаралық бағыттағы зерттеулерді жазу барысында қолданылатын əдістемелік принциптер басшылыққа алынды. Керей тайпасының этникалық тарихын жəне шежіресін ғылыми негіздеумен шұғылданатын зерттеушілердің еңбектерін

*Корреспондент автор. E-mail: kalyshamanzhol@gmail.com (А.Б. Калыш) қарастыру барысында жəне оларды сараптап отырып, талдау жасау кезінде, авторлар тарихи- объективтік, логикалық, жүйелілік, салыстырмалы талдау т.б. əдістерді пайдаланды. Рулық кестелер, аңыз-əңгімелер, таңба-ұрандар тарихи-объективтік принцип негізінде көрсетілді. Осыған байланысты, зерттеліп отырған тақырыпты дəлелдеу үшін сараптамалық талдаудың əр түрлі бақылау əдістері қолданылды.

Нəтижелері жəне оларды талқылау

Керейлер ерте заманнан келе жатқан түркі тілдес тайпалардың бірі. Əйгілі шығыс зерттеуші ғалым Г.Е. Грумм-Гржимайло: «Керейлер ІХ ғасырдан бастап тарихқа əйгілі болған» десе [1; 409–417

б.], Н.А. Аристов: «Керейлердің жан саны Х ғасырда 900 мың адамға жеткен» дейді [2; 392 б.].

М.С. Мұқановтың өзі де керей руынан. Айта кететін жайт, осы руды зерделеу барысында əкесі Сəбит Мұқановтың мəліметтерін көптеп пайдаланған. Сонымен қатар, атақты қазақтың əдебиет классигі Ғ. Мүсірепов, академиктер М.Қ. Қозыбаев, О.И. Исмағұловтар да осы керей руынан.

Ғалым зерттеулерінде нақты ғылыми деректерді келтіре отырып, көне керей мемлекетінің негізін салушы Керей батырдың бір кездері Моңғолияның солтүстік-батыс бөлігінде басшылық еткенін атап өтеді. Бірақ ХІІ ғасырда Шыңғыс ханның сансыз көп əскерінің соққысына жығылған деп тұжырымдайды. Ғалым керейлердің шежірелік нұсқасының тамыры Х ғасырда, мүмкін өте ерте кезеңге кететін шығар деген екі ұшты пікір келтіреді [3].

М.С. Мұқанов жоғарыда келтірілген ғалымдардың ғылыми түйіндеріндей, нақты керейлердің шығу кезеңін көрсетпейді.Сонымен қатар, керей халқының шығу тегі жөнінде ғалымдардың ортақ пікірі жоқ. Мəселен, В.В. Бартольд, В.Я. Владимирцев, Н.А. Аристов, М. Тынышбаев, С.В. Киселев керейлерді моңғолдар деп келтіреді [4; 472 б.]. Ал бұған қарсы ғалымдардың зерттеулерінде керейлерді түріктер деп дəлелдейді. Оған Рашид-ад-дин мен Əбілғазы Баћадүр-ханды қолдайтын

Н.А. Аристов, С.А. Козин, М. Тынышбаев, С. Аманжолов, Ə.Х. Марғұлан, И. Қабышұлын жатқызамыз [5, 204–239 б.; 6]. М.С. Мұқанов өз зерттеулерінде жоғарыдағы аталған ғалымдардың «керейлерді моңғолдардан шығаруының басты себебін, олардың көршілес мекендеуін негізге алғандығынан», - деп түсіндіреді. Сонымен қатар, Марат Сəбитұлы бұл пікірге қарсы өзіндік нақты дəлелімен тұжырым айтады. Ғалымның пікірінше: «Егер жүздеген жылдар бойы тайпада түркілендіру процесі жүргізілсе, əрине, оның мəдениетінде, тұрмысында, тілінде жəне т.б. көзге түсерліктей элемент қалмас еді». Ғалым бұл пікірін дəлелдеу үшін тарихи əдебиеттегі көшпенділердің екі түрлі баспанасын басшылыққа алады. Бұл қалмақ жəне қазақ киіз үйі. Моңғол халқында қалмақ киіз үйі болғандығы белгілі, ал қазақ жерінде тіршілік еткен керейлерде көп жағдайда қазақ киіз үйі кездесетіндігін Марат Сəбитұлы басты назарға алады. Жоғарыда келтірілген дерекке сүйене отырып, ғалым, «ХІІІ ғасыр басында Шыңғыс ханның көп əскерінің соққысынан Солтүстік Қазақстаннан қашқан керейлер моңғол тайпасынан болса жəне содан кейін жүздеген жылдар бойы «түркілендірілсе», бұл жағдайда олар тілінде, мəдениеті мен тұрмысында моңғолдың элементін сақтап қалған болар еді», - деп өз ойын тұжырымдай түседі. Бірақ түп негізі түріктерден шыққан керейлердің тілі, материалдық жəне рухани мəдениеті, қазақ халқы мəдениетінің құрамдас бөлігі болып тұрды [7; 29 б.] деп, ғылыми түйін жасайды.

Біз мұндай пікірді С. Аманжоловтың да зерттеулерінен көре аламыз. Ғалым шежірелік нұсқаға жəне ғалымдар келтірген аңыздарға сүйене отырып, керейлердің түркі тайпасы екендігіне еш күмəн жоқ деген өзіндік пікірін келтіреді. Мəселен, Моңғолия тарихын жазған Санак Сесеннің, моңғол халықтарын үш топқа, яғни моңғолдарды «еке-моңғолдар» деп, татарларды «су-моңғолдар» (мұнда унгут, маңғыт жəне чунгут кірген), ал керейлерді Керей деп атағанын келтіреді. Бұдан С. Аманжолов керейлер ешқашан моңғол болмаған жəне моңғол деп аталынбаған деп өзіндік тұжырымын жасайды [8; 62 б.].

Академик Ə.Х. Марғұлан керейлер мен үңгіттердің моңғол дəуіріне дейін мəдениеті жоғары болғаны, көне түрік жазуларын пайдаланғандығы жөнінде: «Алтай, Жоңғар даласында, Енесейде орхон жазуы бар құлыптастар жиі кездеседі. Олардың көбін жазған керей мен үңгіттер. Моңғол дəуіріне дейін бұлар жəне наймандар тегіс несториан дінін қабыл еткен елдер. Бұл əсіресе олардың крест таңбасында ашық көрінеді. Бұл таңба қазақ керейлерде осы күнге дейін сақталған. Мұндай крест таңба бар құлпытастар Енесай даласында көп...» [5; 226 б.].

Ж.О. Артықбаев зерттеуінде деректерге сүйене отырып: «Орта жүздегі уақ-керей сияқты рулар Тəуке ханның кезінде Кіші жүздегі Жетіру сияқты біріккен. Орта жүздің басқа руына қарағанда əлсіз болғанымен, барлығынан да байлығы асқан» деп келтіреді [9; 68 б.].

1190–1206 ж.ж. аралығындағы монғол шапқыншылығының əсерінен керейіттердің бір бөлігі батысқа қарай Еділге дейін жетіп, өздерінің этнонимін сақтап қалды. Кейіннен осы атаумен өзбек, қазақ жəне қырғыздардың құрамына енді. Келесі бөлігі Шығыс Қазақстанда қалып, Орта жүз қазақтар құрамына керей атауымен кірді, яғни бұрынғы этнонимінің соңғы — т əрпінсіз. … Бірақ бұл керей жəне кереиттердің кейіннен көшу барысында тоғысып, араласуы да мүмкін [10; 66 б.].

Өз тарихында қилы-қилы дəуірлер мен аласапыран замандарды бастан өткерген көне керей елі кейіннен қазақ халқын құрауға атсалысқан белді тайпалардың біріне айналды. Н. Наушабаев пен К. Батишевтің таратқан нұсқаларында керейді Орта жүз ру билеушісі Жанарыстан таратады. Басқа Орта жүз шежірелік нұсқасында керей, уақ, тарақты, төлеңгіттерді Орта жүздің рубасшысы Ақжолдың некесіз əйелінен туғызатынын көреміз.

Ш. Уəлихановтың уақ-керей руына қатысты келтірген дерегі назар аударарлық. Ұлы ғалым Орта жүздің қазақтарын құрайтын руларды атай келіп, осы жүзге кейінірек келіп қосылған уақ пен керейді — жетіру дейді [11; 111 б .].

Мұндай деректі, біз Ж.О. Артықбаев зерттеуінде келтірілген аңыз-əңгімеден көре аламыз. Ғалым зерделей келе: «... жеті шабарман оңтүстікке қайтпай қазақтың ішінде қалыпты, сол себептен əр ру өздеріне еншілес қылып оларды бөліп алды. Қаңлы мен Шанышқыны Үйсін, Керей мен Уақты — Орта жүз, Табын мен Телеуді Кіші жүз қалап, ал енді — жетінші адам Тама иесіз қалады. Сонда игі жақсылар жүйрік жарыстырайық деп келісіп, сол бəйгіде Кіші жүздің құла аты бірінші келіп, Таманы солар алған екен» - деп, Жетіру деп қазақ ертеден осы жетеуінің ұрпағын айтқан деп келтіреді.

Негізгісі, Ж.О. Артықбаев бұл келтірілгендерге қатысты өзіндік түйін жасайды. Ғалымның пікірінше, қазақ ішінде жетіру тек Кіші жүзде ғана емес, басқа Орта жүзде де баршылық екенін келтіре отырып, бірақ Кіші жүздегі негізгі рулардан бастау алатынын басшылыққа алады. Рулардың жетіру болып бірігуін, ғалым: «табиғи түрде ме əлде осы санды қасиет көруден келіп туындайды ма ол арасы белгісіз», — деп түйіндейді [9; 70 б.].

М.С. Мұқанов керейлерді таратқанда аңыз негізіне сүйене отырып келтірген. Мəселен, Орта жүзді Жанарыстан өрбіте отырып, одан Жаншораны таратады. Осы Жаншораны таратқанда келтірілген аңыз бойынша, оның үйіне келген алты қожаның берген батасына өзінің ризашылдығын білдірген Жаншора, болашақта бала сүйсе, осы алты қожаның есімдерін беруге уəде береді. Осы алты ұлдың төртеуі Орта жүздің таралуына негіз болған.

Ал, осы Жаншора бидің екінші ұлы Исмағұл қожаның екі ұлы: Ошыбай мен Жаубасар тарайды. Ал Ошыбайдан Керей, ол осы тайпаның ру басшысы. Міне, Марат Сəбитұлы өз зерттеулерінде керейді таратуда осы аңыз негізіне жүгінеді [3; 36 б.].

Керей этнонимінің этимологиясына қатысты Марат Сəбитұлы көптеген көне дерек көздеріне сүйенген, сонымен қатар бүгінгі таңдағы ғылыми зерттеулердегі деректерді келтірген.

Керей атауын алғаш рет Рашид-ад-дин еңбегінен кездестіреміз. Ол келтірген аңызында, « ... ерте кезеңде бір ханның жеті (сегіз) ұлы болған жəне олардың қараторы келгендігін келтіреді. Соған байланысты оларды кереаттар деп атаған. Уақыт өте келе, оның ұрпақтары жеке атауға ие болды. Негізінде кейінгі кезге дейін, осы жеті ағайындардың ішінде біреуі хан болып, қалғандары оған бағынышты болған. Бірақ бұлардың барлығы бір құдайға аян» деп екі ұшты пікір келтіргенін көреміз [12; 140 б.].

Рашид-ад-диннің бұл айтып отырғаны, біздің пікірімізше, халық аузындағы аңыз негізінде жазылған. Сондықтан да ол: «мұны бір алла біледі» деп келтіріп қана қойған.

Бірақ Рашид-ад-диннің бұл пікірі Ш. Құдайбердіұлы зерттеуінен қолдау тапқанын көре аламыз. Сонымен қатар, Саян тауының Темірқазық тұмсығындағы Уде өзенінің бір айрығы Керей деген өзен атымен аталса керек деген Н.А. Аристовтың тұжырымына келіспейтіндігін көреміз. Шəкəрім қажы «бір ұйғырдың жеті баласының бəрі қара болғандықтан, оларды монғол тілінде керейт дейді, яғни қаралар деген дұрыс деп білемін» деп өз түйінін жасайды [13; 36 б.].

Ал М.С. Мұқанов ғылыми дерек көздеріне сүйене отырып, «Керей» — хан атауы, олар уақыт өте келе көбейіп, «бір тайпалық бұтақты құрады жəне оның ханның есімі осы тайпаға берілді», — деген пікірін кеңес өкіметі кезінде жəне соңғы жылдары жарық көрген зерттеулерінде келтіреді [3; 296 б,].

Керейден өсіп-өнген ұрпақ Ашамайлы жəне Абақ болып екіге бөлінеді. Шежіре дерегі бұл екеуін де Керейдің баласы, нақты кісі аты етіп көрсеткенімен, ғалымдардың бұл рулар атауына қатысты өз зерттеулерінде əр түрлі пікірлерін көреміз.

Мəселен, Н.А. Аристов еңбегінде бұл атауларды өте көне негізге жатқыза отырып, орхон жазуындағы жұмбақ мағыналы «ачюм апам» деген сөзді, ғалымдардың дерегіне сүйене отырып, «біздің бабамыз» (аталарымыз) дегенді білдіреді деп тұжырымдаған [4; 466 б.].

Ал С. Аманжолов пікірінше, «абақ» сөзін лингвистикалық жағынан «аппақ» сөзімен салыстыр- малы келтіруге болатынын алға тартады. Ғалым керей руының Қара Керей, Абақ Керей жəне Уақ- Керей болып бөлінетіндігін көрсетеді. Осындағы уақ-керейді зерттеулерде келтірілген деректер негізінде, осы сөздің тікелей мағынасы ұсақ — керей деп түсіндірсе, ал Абақ-Керейлерді «аппақ» сөзінің негізінде ақ нəсілділерге жатқызатындығымен байланыстырады [8; 38 б.].

М.С. Мұқанов өз зерттеулерінде бұл мəселеге қатысты өзгеше пікірі келтіреді. Ғалым: «түркі тілдерінде «омак», «умак», «обак» жəне маңғол тілінде «обок», «обох» деген сөздер қандас туыстарының өзінше бір одағы ұғымын білдіреді. Абақ Керей дегеніміз — қандас-туысқан керейлер одағы деп жорамалдауға болады», - деп ғалым ғылыми тұжырым жасайды [14; 236 б.]. Абақ атауы қазақ тайпаларының генеологиясында туыстықты əйел тарапы бойынша есептейтін матриархат дəуірінің неғұрлым көне формасы сақталғандығымен байланысты. Көптеген ғылыми деректерде оңтүстік славяндарындағы «домачица», словендердегі «господарица», орыстардағы «большуха» сияқты қазақ əйелдерінің де экономикалық жəне қоғамдық өмірде зор беделге ие болғандығы келтірілген. Ғалымның еңбегінде, тіпті бір рудың атын алған əйелдер де қазақ тарихында кездесетіндігін көрсеткен. Бұл əрине Абаққа да байланысты, яғни «Абақ өз балаларын ғана емес, не- мере, шөберелерін де тəрбиелеген. Ол ақылды, əдемі, мейірімді жəне бала тəрбиесіне көп көңіл бөлген. Осындай қасиеттеріне байланысты үлкен құрметпен «Абақ ру басшысы» атанып, мəңгі ұрпақ есінде қалған», - деген ғылыми дерек келтіреді [3; 41 б.].

Ғалымның келесі зерттеуінде Абақ этимологиясы мен таралу тарихына қатысты ел арасынан жинаған далалық этнографиялық материалдар негізінде толық мағлұмат береді. Бұл келтірілген де- ректер керей тайпасының тарихына қосылған ғылыми маңызды зор мəліметтердің бірі деген пікірдеміз.

Абаққа қатысты М.С. Мұқанов келесі зерттеуінде басқаша аңыз келтірген. Мұнда Керейдің Абақ атты сұлу да ақылды əйелі болады. Көп кешікпей Керей өледі де, Абақ жеті жасар баласымен жесір қалады. Осы аңызда Ашамайлы Керейлердің арғы атасы Абақтан тарайды. Бұл аңызды Марат Сəбитұлы тарихи жағынан анық нұсқа емес, керісінше, мифтік болғанымен, керейлердің тегі туралы, сол заманның этникалық сана-сезімі мен идеологиясына қатысты айтылатын этнографиялық дерек ретінде қарастырады.

Керей тайпасының ашамай руының этимологиясына қатысты М.С. Мұқанов жəне көптеген зерт- теулерде ортақ пікір келтірілген. Бұл зерттеулерде ашамай — тай салып, жас баланы мінгізетін жəне түйеге салып, ұзақ жолда шешілмей тең артатын ердің аты. Бір-біріне айқастырыла салынған қос- көсеу таңбасы (Х) осы ашамай ердің сүйегіне ұқсайтын болғандықтан, оларды ашамай атаған. Соны- мен, ашамайлы деген атау шежіреде көрсетілгендей, кісі аты емес, бұл тайпа ашамай таңбасы бар тайпа деген мағына беретін халықтық атау — этноним.

М.С. Мұқанов өз түйіндерін зерделей келе, ғалым С. Аманжоловтың бұл пікірінің дұрыс еместігін келтіреді. Ғалым мұндай тұжырымында ғылыми дерек көздеріне емес, Солтүстік жəне Шығыс Қазақстаннан ел арасынан жинаған материалдарына жүгінеді. Мұнда керейдің негізгі таңбасы + белгісі болғанын, сирек болса да Х белгісі кездесетіндігін атап өткен. Айта кететін жайт, ғалымның ғылыми зертттеулерінде осы тұжырымды кездестіреміз [15; 37 б.].

Керей тайпасының ұранына қатысты ғылыми зерттеулерде əр түрлі деректер келтірілген. Мəселен, М. Тынышбайұлы керей ұранын — «Ашамай» [16; 29 б.]. С. Аманжолов — «Қарақожа», «Ойшыбай», «Ақжол» [8; 16 б.] деп келтірген.

М.С. Мұқанов керейдің жалпы тайпалық ұраны «Ойшыбай» деп, С. Аманжоловтың берген дерегіне жүгінеді. Ғалым мұндай тұжырымын, қазақ халқы ұранды сол тайпаның немесе рудың ұлы тұлғаларының есімдерімен атағандығымен байланыстырады [15; 37 б.].

Ғалымның бұлай пайымдауының дұрыстығын қазақтың көне тарих беттерінен көреміз. М.С. Мұқанов жалпы керей тайпасының шежіресін тарихы, орналасуы мен бұл тайпадан шыққан ұлы тұлғаларға қатысты «Тарихтың өткендерінен» атты ғылыми монографиясында дəйекті деректермен зерделеп көрсеткен. Бүгінгі таңда бұл зерттеумен тең келер еңбектер кемде-кем. Сондықтан, біз керей тайпасын таратуда осы монографияны басшылыққа алдық.

Негізінен, барлық зерттеулердегі таратылған шежіре деректерінде керейден: Абақ Керей жəне Ашамайлы Керей деп екі үлкен тармақтан тұратынын келтірілген.

Ашамайлы Керейді таратуда Марат Сəбитұлының зерттеулері мен кейбір зерттеулерге ортақ пікірді көреміз. Мұнда Керейден Ашамайлы, одан Шимойын. Осы Шимойынан Танаш би, одан Си- бан, Балта, Көшебе, Тарышы руларын таратады [17; 195 б.].

Бірақ М.С. Мұқанов керейді зерттеуде өз еңбектерінде əр түрлі шежірелік нұсқа келтіргенін көреміз. Мəселен, ғалымның келесі бір кітабында Танаш биден Балта, Балға, Көшебе, Тарышыны таратқан. Жоғарыда таратылған нұсқада Сибанды Танаш бидің ұрпағы етіп келтірсе, ал бұл кестесінде Марат Сəбитұлы Сибан Балғаның ұрпағы деп көрсетеді [15; 125 б.].

Бірақ М.С. Мұқановтың келесі зерттеуінде Көшебені таратқанда өзгеше етіп көрсеткен. Мұнда, Көшебенің бəйбішесі Ханшайымнан Жауынгер, екінші əйелінен Алмамбет, Əбілмəмбет, Оғыз Бұзау, Жəдігер Жалайыр, Жадыра, осы Көшебенің үшінші əйелінен Жылсай деп таратқанын көреміз. Біз көп жағдайда осы шежірелік нұсқаға жүгінеміз, өйткені толық қамтып өрбіткені жəне нақты деректер көздеріне жүгінгендігі маңыздылығын арттыра түседі.

Көшебе атауына қатысты М.С. Мұқанов аңыз негізіне сүйене отырып, көш бара жатқанда дүниеге келгендіктен атаған деп келтірген [3; 125 б.]. Назар аударатын жайт, мұндай тұжырымды өзге зерттеулерден көре алмаймыз.

Осы көшебе руының ұрпағы — қазақ халқының əйгілі əнші, композиторы, ақыны Қожағұлұлы Біржан (1834–1897).

Танаш бидің келесі ұрпағы Тарышының шежірелік кестесі мен Марат Сəбитұлының аталмыш зерттеулерінен кейбір ұқсастықты байқаймыз. М.С. Мұқанов Тарышыдан Ысмайыл, одан Ақсары, Құлсары, Тезегейді келтіреді [14; 197 б.].

Осы Ысмайылдың Ақсарысынан Ақымбет, Тоқымбет, Нұрымбет, Нұралы, Иманəлі, Байет, Əжі деп өрбіткен [14; 198 б.]. Келесі зерттеуінде, назар аударарлық жайт, Ақсарыдан Байет пен Əжіні та- ратады. Қалған Ақымбет, Тоқымбет, Естемес, Есеналы, Еменалы деп, олар Тарышының екінші ұлы Исмағұлдың ұрпағы деп көрсетеді [3; 138 б.].

Ысмайылдың Құлсарысын бір зерттеуінде тек Есеналы, Есбол десе, ал келесі зерттеуінде оның үшінші ұлы Малай деп тартқан [3; 139 б.].

Айта кететін жайт, керей тайпасының осы құлсары руынан көптеген ұлы тұлғалар шыққан. Мəселен, жоңғар басқыншылығына қарсы шайқаста аты шыққан Абылай хан мен Қаракерей Қабанбай батыр бастаған қазақ қолының алғы шебінде жүрген айбынды батырдың бірі — Бардəулетұлы Жəнібек аталмыш рудың ұрпағы.

Сонымен қатар, Тезегейдің шежіресін таратқан кезде де толықтыру болғанын көреміз. Ғалым Тезегейден тек Матақай тарайтынын көрсетеді, ал, келесі кітабында Матақай, Самай, Бəйтеке Тезегейдің ұрпақтары деп нақтылайды. М.С. Мұқанов керей тайпасының шежірелік нұсқасын тара- туда ХХ ғасырдың бас кезеңіне əкеп тірейді. Зерделеу барысында ғалым өзге ғылыми еңбектерде көрінісін таппаған мəліметтерді келтіреді. Мəселен, тегі осы рудан шыққан Ташмұхаммед (Таштит) Барлыбаев (1833–1903) туралы жан-жақты мəлімет берілген [3; 17 б.].

Міне, ғалымның тек екі зерттеуінің өзін саралай отырып көптеген айырмашылықты көруімізге болады. Ғалым бұларды одан əрі өрбіткен кезінде де ортақ шежірелік нұсқа келтірмейді.

Бірақ, керей тайпасының абақ руына қатысты Марат Сəбитұлы зерттеулері мен шежірелік нұсқаларда еш айырмашылық жоқ. Мұндай пікірді, өзге ғалымдардың келтірген шежірелік кестелерінен де көре аламыз. Сондықтан қайталауды артық деп есептейміз.

Қорытынды

М.С. Мұқанов қазақ халқының этникалық тарихы, қазақ жүздері мен тайпаларының құрамы, шежіресіне байланысты сан алуан мəселелерге терең қызығушылық танытқан. Тоталитарлық жүйе кезінде аталмыш тақырыптар мəселелерін зерттеуге мүлдем тыйым салынған болатын. Кеңес қоғамы көшпелілердің өзіндік биік мəдениеті мен қайталанбас салт-дəстүр ерекшеліктерін қасақана мойын- дамады. Оның астарында империялық мүдде мен саясат жатқан болатын. Алайда, оларға өзінің əріптестері мен көшпелілер өркениетінің ру-тайпаларының құрылымымен таныс С.П. Толстов, Т.А. Жданко жəне т.б. ғалымдар қолдау көрсетіп, өздерінің еңбектерінде М.С. Мұқановтың дұрыс идея ұсынғанын мойындап қана қоймай, сонымен қатар көптеген конференциялар мен сессияларда ғылыми тұрғыдан дұрыстығын бүкіл ғылыми жұртшылықты мойындата білді.

Осы тұста М.С. Мұқановтың Қазақстан тарихын зерттеуші ірі ғалым ретінде көрінуі монографияларының басылуынан айқын байқалды. Оның монографияларында Орта жүз құрамына кірген тайпалардың тегі, əр кезеңдегі тағдыры мен этникалық тарихы, соларға байланысты толып жатқан аңыз-əңгімелер, əр тайпаның немесе үлкен рулардың таңбасы мен ұраны жайында қолда бар материалдар толық келтірілген, оларға ғылыми талдаулар жасалған, құнды пікірлер айтылған.

Ғалым ХV-ХVІ ғ.ғ. бергі Орта жүз құрамына кіретін арғын, найман, қоңырат, қыпшақ, керей жəне уақ тайпаларының шығу тегіне жеке-жеке тоқталады. Соның бір дəлелі ретінде мақаламызда зерделеп отырмыз.

Сонымен қатар, М.С. Мұқанов өзінің аталмыш зерттеулерінде атамекеніміздің тарихына, туған жеріміздің шежіресіне Қазан төңкерісіне дейінгі жəне кеңестік империя тұсындағы мұрағат құжаттарына, ғылыми деректер мен мəліметтерге сүйене отырып зор көңіл бөлді. Ол Ресей империясының қазақ жерін ХVІІІ ғ. мен ХХ ғ. басында жүйелі түрде отарлауы мен оның қалай жүзеге асқандығы туралы нақты құжаттар мен деректерді пайдаланды.

Өткенімізге ой жіберіп, барымызды нардай, жоғымызды ардай түгендеп жатқан бүгінгі күнде ұлтымызға ортақ үш жүздің ұлан-ғайыр шежіресінің басы біріктіріліп, бір ізге түсірілгені де рухани өмірімізге қосылған құнды тəлім екендігі даусыз.

Жүсіп Баласағұнның «кісі мəңгі болмас, мəңгі аты, арыға мəңгі қалар шапағаты» деген нақыл сөздерімен қорытындылай келе, ғалымның артында қалған монографиялары қазақ халқының тарихы, əсіресе Орта жүз ру-тайпаларының этникалық тарихы, қоныстануы, шежіресі, таңбаларына қатысты жəне қазақ халқының ұлттық қолөнерін, материалдық мəдениетіне қосылған өзіндік үлесі бар бағалы туындылары, шəкірттері артында қалған баға жетпес мұрасы деп есептейміз.

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Грумм- Гржимайло Г.Е. Западная Монголия и Урянхайский край. Антропологический и этнографический очерк этих стран. Дополнения и поправки / Г.Е. Грумм-Гржимайло. — Т. 3. — Вып. 2. — Л., 1926. — 460 с.
  2. Аристов Н. А. Опыт выяснения этнического состава киргиз-казахов Большой орды и каракиргизов на основании родословных сказаний и сведений о существующих родовых делениях и родовых тамгах, а также исторических данных и начинающихся антропологических исследований / Н.А. Аристов // Живая старина. — Вып. ІІІ — ІV. — СПб., 1894. — С. 391 — 486.
  3. Муканов М.С. Из исторического прошлого. (Родословная племен керей и уак) / М.С. Муканов. — Алматы: Қазақстан, 1998. — 160 с.
  4. Аристов Н. А. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности / Н.А. Аристов // Живая старина. — Вып. 3. — СПб., 1896. — С. 465 — 472; Киселев С.В. Древняя история Южной Сибири / С.В. Киселев. — М.: АН СССР, 1951. — 642 с.
  5. Марғұлан Ə.Х. Қазақ тарихынан // Орта ғасырда тасқа қазақша бедерленген белгілер / Ə. Х. Марғұлан — Алматы: Жалын, 1997. — 544 б.
  6. Қабышұлы И. Монғолия қазақтарының тарихы / И. Қабышұлы — Бай-өлке, 1980. — 248 б.
  7. Востров В.В. Родоплеменной состав и расселение казахов (конец ХІХ — начало ХХ вв.) / В.В. Востров, М. С. Муканов. — Алма-Ата: Наука, 1968. — 254 с.
  8. Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка / С. Аманжолов. — Алматы: Санат, 1997. — 608 с.
  9. Артықбаев Ж.О. Қазақ этнографиясы: этнос жəне қоғам. Х VІІІ ғ. / Ж.О. Артықбаев. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 1995. — 266 б.
  10. Кадырбаев А.Ш. Очерки истории средневековых уйгуров, джалаиров, найманов и кереитов / А.Ш. Қадырбаев — Алматы: Рауан; Демеу, 1993. — 167 с.
  11. Уəлиханов Ш.Ш. Таңдамалы / Ш.Ш. Уəлиханов. 2 — бас. — Алматы: Жазушы, 1985. -560 б.
  12. Рашид-ад-Дин. Жамиат Таварих. Критический текст А.А. Алиазаде / Рашид-ад-Дин. — Т.11. — Ч.1. — М., 1980. — 220 с.
  13. Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ ћəм хандар шежіресі / Ш.Құдайбердіұлы. — Алматы: Қазақстан-Сана, 1991. — 80 б.
  14. Арғынбаев Х. Қазақ шежіресі хақында / Х. Арғынбаев, М.С. Мұқанов, В.В. Востров. — Алматы: Атамұра, 2000. — 464 б.
  15. Муканов М.С. Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза / М.С. Муканов. — Алма-Ата: Наука, 1974. — 200 с.
  16. Тынышбаев М. Материалы к истории киргиз-казакского народа (Читаны в Туркестанском отделе РГО в 1924 и 1925 гг.). / М. Тынышбаев. — Ташкент: Вост. отд. кирг. гос. изд., 1925. — 62 с.
  17. Қозыбаев М. Ақиқаттан аттамайық / М. Қозыбаев, М. Мұқанов, Ю. Романов, Ə. Ақышев, И. Ерофеева, К. Пишулина, Н. Əлімбаев. // Социалистік Қазақстан. — 1991. — 6 маусым.
Жыл: 2020
Категория: Тарих