Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Азия елдеріндегі модернизациялық процестердің тарихына шолу

Мақалада Азияның кейбір мемлекеттеріндегі модернизациялық процестердің жүру барысы, тарихи кезеңдері жəне нəтижелері қарастырылған. Жапониядан басқа Азия елдерінің Батыс Еуропа мемлекеттерінің отарлауында болғанына қарамастан, саяси модернизацияның арқасында тəуелсіздікке ие болғандары баяндалған. Сонымен бірге шет елдердің де білім беру саласы, ғылымды дамыту, заманауи кəсіпорындарды ашу, инновациялық технологияларды қолдану тəрізді тəжірибелерін қолдану арқылы жəне оларды ұлттық дəстүрлермен дұрыс үйлестірген Жапония, Қытай, Түркия, Үндістан жəне Сингапур мемлекеттеріндегі модернизациялық реформалардың нəтижелері көрсетілген. Мақала тақырыбының өзектілігі аталған елдерде жүргізілген модернизациялық реформалардың тарихи барысын қарастыру арқылы, олардың нəтижелері əлемнің басқа елдері, сонымен бірге Қазақстан үшін де маңызды екендігі анықталды. Авторлар Азия елдеріндегі модернизациялық процестердің тарихына шолу жасай отырып, модернизациялық процестердің мемлекеттің жан-жақты дамуы үшін маңызды екеніне назар аударған.

Кіріспе

Модернизация процестерінің мəселелері кез келген мемлекеттің даму жолында маңызды орын алады. Себебі мемлекеттің экономикалық, əлеуметтік, саяси жəне мəдени салаларының дамуы модернизация процестерімен өте тығыз байланысты. Сондықтан осы мақалада ХХ ғасырда Азияның Жапония, Қытай, Үндістан, Түркия, Сингапур тəрізді елдерінде жүргізілген модернизациялық процестердің тəжірибесін қарастыра отырып, олардан Қазақстан нені үлгі етіп алатындығын айқындауға талпындық. Өйткені Қазақстан да Азия мемлекеті. Қазір Қазақстанда да модернизациялық процестер жүріп жатыр. Сол себепті əлемдік тəжірибедегі модернизациялық процестердің тарихына шолу жасай отырып, кейбір елдердегі тəжірибенің Қазақстан үшін үлгі болатын ерекше тұстарына назар аудару маңызды.

Зерттеу əдістері

Мақаланы жазу барысында жинақтау, өңдеу, анализ, синтез тəрізді жалпы ғылыми əдістер, сонымен бірге арнайы əдістер мен методологиялық принциптер басшылыққа алынды.

Зерттеу мəселесін қарастыру барысында Азияның Жапония, Қытай, Үндістан, Түркия тəрізді елдеріндегі модернизациялық процестердің тарихын түсінуде жүйелік-тарихи жəне құрылымдық- функционалдық əдістері қолданылды. Сонымен қатар қарастырылып отырған елдерде модернизациялық процестер барысында жүргізілген реформалардың бағыттары мен жүргізу əдістері əр түрлі болғандықтан объективті түрде қарастыру, салыстыру тəсілдері мақаланың өзегі болды. Тарихи шолу арқылы Азияның жекелеген елдеріндегі модернизациялық процестердің тəжірибесін түсіну үшін салыстырмалы жəне жүйелі сараптау əдісін де қолданылғанын атап өтуге болады.

Мəселені талқылау

Азия елдерінің арасында модернизация жолына ертерек кіріскен Жапония мемлекеті. Осы мемлекеттегі модернизациялық процестер 1868 жылғы «Мэйдзи реформалары» кезінен бастап жүзеге асырылды. Бұл реформалар феодалдық топтарды биліктен алып тастаудан жəне еуропалық түрдегі реформаларды жүргізуден басталды. Реформалар төңкеріс пен құлдықты болдырмауға көмектесті, оқшаулануды тоқтатып, елді капиталистік даму жолына түсірді. Нəтижесінде Жапония — капиталистік жолмен дамыған бірінші азиялық елге айналды. Мемлекет феодалдық артта қалушылықты тез арада жеңіп, еуропалықтар мен американдықтардан қарызға алған заманауи технологияларға негізделген экономиканы индустрияландыруға кірісті. Жапон үкіметінің экономикалық саясаты оның əскери- стратегиялық жоспарымен — заманға сай армия мен əскери теңіз флотын құруға ұмтылысымен тығыз байланысты болды. Үкімет əскери зауыттар мен арсеналдар, ірі кеме жасайтын верфтер мен темір өңдеу зауыттарын құруға кірісті. Басқа салаларда үлгілі өнеркəсіп орындары пайда болды: қағаз, жібек орау, күкірт, цемент т.б. зауыттары.

1880 ж. «үлгілі өнеркəсіп орындарының» көпшілігі арзан бағамен жеке кəсіпкерлерге сатылды. Үкімет кəсіпкерлік қызметке кіріскен бұрынғы князьдар мен самурайларға жеңілдіктер берді. Ауыл шаруашылығы шикізат өнімдерін өңдейтін көптеген мануфактуралар жəне жеңіл фабрикалық кəсіпорындарды помещиктер құрды. Жапон помещиктері бір жағынан капиталистік кəсіпкерлікпен айналысты.

«Си-но-ко-сё» сословиесі əлеуметтік теңсіздік ретінде жойылды. Жапон өркениеті сыртқы əсерлерге төзімділікпен жəне оларды ұлттық тəсілмен өңдеу қабілетімен ерекшеленді. Жаңа режимнің лидерлері Т. Ивакура, Т. Окубо, Х. Ито жəне басқалары елге конституция мен парламенттің керек екенін түсінді. Осы жерде олар тағы да еуропалық елдердің — Германияның жəне Австрияның тəжірибесіне сүйенді. 1889 ж. 11-ші ақпанда конституция қабылданды жəне ол 1900 ж. 29 қарашасында бірінші парламент шақырылғанда қолданысқа енгізілді. Ол «Ұлы Жапон Империясының Конституциясы» деп аталып, елдегі ішкі тұрақтылықтың нығаюына ықпал етті [1; 45–46].

Жапониядағы ауқымды модернизациялық реформалар Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін басталды. Барлық модернизациялық реформаларды американдық экономистер мен тəжірибелі мамандар жүргізді. Жапонияның жергілікті жерлеріндегі реформаларға генерал Д. Макартур жетекшілік етті. Елдің бюджет, несие жəне валюталық салаларындағы реформаларды Джозеф Додж жүргізді. Оның аталған салалардағы реформалары 1949–1952 жж. аралығында жүргізіліп, əлемдік тарихқа «Шоковая терапия Доджа» немесе «Додж бағыты» деген атаулармен енді [1; 52–56]. Нəтижесінде 1950 жылдардан кейін Жапонияда рекордтық экономикалық өсу процесі басталды. Келешекте бұл процесс «жапондық экономикалық ғажайыптар» деп аталды. «Ғажайып» кезіндегі экономикалық өсімі жыл сайын шамамен 10 % құрады, бұл сол кездегі дамыған елдер арасындағы ең жоғары өсу қарқыны болды. «Ғажайып» себептерінің қатарына салықтардың төмендігі жəне жапон ғылымының жаңа технологияларды қарқынды игеруі жатады [2; 35–36]. Жапонияда жүргізілген модернизациялық реформалар елдің дамуының басым бағыттарын нақты айқындап анықтады. Алдымен металлургия, кеме жасау жəне мұнай-химия саласын дамытуды қолға алды. Нəтижесінде аз уақыттың ішінде металлургия саласынан дүниежүзі бойынша алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосылды (100 млн.тоннаға дейін металл қорыта алатын болды); 200–300 мың тонналық танкерлер жасаумен əлем бойынша бойынша 1-ші орынға көтерілді. Одан кейінгі басым бағыт — тұрмыста қолданатын электротехникалық бұйымдар жасау жəне автомобиль құрастыру болып табылды. Бұл бағытта да жапондықтар қателескен жоқ. Жапондықтар үшін ең маңызды ұстаным сан емес — сапа болды. Нəтижесінде, жапондық брендтер пайда болды: «Toyota», «Nissan», «Mitsubishi», «Mazda», «Lexus», «Datsun», «Subaru», «Suzuki», «Infiniti», «Honda» жəне басқалары. «Жапондық сапа» қазіргі кезде де өте жоғары деңгейде.

Қытайдағы модернизациялық процестер де Жапония еліндегідей ХІХ ғ. басталды. Оны зерттеуші ғалымдар бірнеше кезеңдерге бөліп қарастырады. Қытай зерттеушісі Ли Хунту қытайлық модернизацияның төрт кезеңнен тұрғанын көрсетеді: «І кезең — 1840–1910 жж. модернизациялық процестердің басталуы; ІІ кезең — 1911–1949 жж. аралығы — феодалдық жүйедегі өзгерістер, буржуазиялық революция кезеңі; ІІІ кезең — 1949–1976 жж. капитализмнен социалистік модернизацияға өту кезеңі; IV кезең — 1976 ж. бастап бүгінгі күнге дейін — Мао Цзе Дун қайтыс болғаннан кейін басталған реформалар кезеңі» [3; 87–88]. Ал қазақстандық зерттеушілер былайша кезеңдейді: «І кезең — 1860–1911 жж. — өзгерістерге дайындық алған уақыт; ІІ кезең — 1912– 1949 жж. — Қытай Республикасы кезіндегі қоғамдағы модернизация, яғни жан-жақты білім мен тəжірибе жинақтаған өтпелі кезең; ІІІ кезең — 1949 ж. бүгінгі күнге дейінгі аралықты қамтиды, оның бірінші бөлігі 1949–1978 жж., келесі кезең — 1978 ж. басталған нарықтық реформаларға ұласқан, Қытайды модернизация нəтижесінде өз мақсатына жеткізген тəжірибелік мерзім» [4; 20–38].

Модернизацияның бірінші кезеңінде Қытай жартылай отарланған ел болды. Бұл кезде Қытайды басқарған Цин əулеті отарлаушыларға қарсы тұра алмады жəне жедел реформалар жүргізе алмады. Буржуазиялық оппозицияның жетекшісі, философ Кан Ювэйдің əсерінен жас император Гуансу 1890 ж. басында «Жүз күндік реформаларға» кірісті. Алайда олардың қарқыны мен тереңдігі жеткіліксіз болды, бұны Жапониямен болған соғыстағы жеңіліс айқын көрсетті.

Гуансу бірнеше радикалды реформаларды бастады, бірақ олардың қарсыластары мемлекеттік төңкеріс жасап, оны биліктен шеттетті. Өзін регент деп жариялаған императорының анасы Цы Си барлық реформалардан бас тартты [5; 668–669]. Соған қарамастан қытайлық реформаторлар саяси жүйеде, экономикада, білім беру саласында, жаңа мəдениет жасауда, яғни қытай қоғамының барлық қырларын қамтитын кең көлемдегі қайта құруларды қолға алды.

XX ғacыpдың бacындa ұлттық тəуeлciздiккe қoл жeткiзу жəнe бaтыл, түбeгeйлi caяcи жəнe экoнoмикaлық өзгepicтepдi жүзeгe acыpу apқылы жoғapы дaмығaн мeмлeкeттi қaлыптacтыpудың тoлық бaғдapлaмacын революциялық күрес əдістерін ұстанған, демократ Сунь Ятceн дaйындaды. Сунь Ятсен жасаған «Үш халықтық принцип» бағдарламасындағы үш қағида — ұлтшылдық, демократия жəне халықтың əл-ауқаты сол кездегі Қытай елі үшін өте өзекті болды. Сунь Ятсен бастаған топ модернизацияның мақсатына қол жеткізу үшін, Цин империясын құлата отырып, яғни монархиялық билікті жойып, республикалық құрылыс орнату керектігін түсінді. Бaтыcқa қapcы тұpa aлу мaқcaтындa, мeмлeкeт бaқылaуындaғы əcкepи өнepкəciп құpылды. Кəciпкepлiктiң бacқa дa түpлepi пaйдa бoлды. Coл кeзeңдe Қытaйдaғы бaтыcтық экoнoмикaлық ықпaлдың жoғapы бoлғaндығын, eлдeгi шeтeл кaпитaлының үcтeмдiк eткeнiн aйтпaй кeтугe бoлмaйды. Бipaқ ececiнe шeтeлдiк icкep opтa Қытайға ipi көлeмдeгi инвecтициялap caлды.

Қытaй зepттeушiлepiнiң aйтуы бoйыншa, Cунь Ятceнның бaғдapлaмacы coл уaқыттaғы мoдepнизaцияның мəнiн eң тepeң түciнiп дaяpлaнғaн жoбa бoлды. Ceбeбi бұл бaғдapлaмaдa eң aлдымeн фeoдaлдық caяcи тəpтiптi құлaтып, мoдepнизaциялaу caяcaтын жүpгiзу кeпiлi peтiндe дeмoкpaтиялық pecпубликa құpу, дeмoкpaтиялық caяcи жүйe қaлыптacтыpу жəнe Қытaй мoдepнизaцияcының бacты кeзeңi - aгpapлық мəceлeнi шeшу өзapa бaйлaныcты фaктopлap peтiндe қapacтыpылды.

Қытай қоғамында трансформация басталды. Нəтижесінде инфрақұрылымдар дами бастады, жаңадан сауда жəне өнеркəсіп орындары ашылды, ғасырлардың тоғысында жаңа мəдени мекемелер — мұражайлар, кітапханалар, баспаханалар, жоғары оқу орындары пайда болды.

Қытай модернизациясының екінші кезеңі Қытай Республикасының құрылуы кезінде басталды. Бұл кезеңдегі модернизациялық процестер білім беру мен ғылым саласына үлкен өзгерістер əкелді: бұрынғы императорлық емтихан алынып тасталды, жаңа үлгідегі мектептер пайда болды; жазудың дəстүрлі жүйесінің орнына жаңа əрі ыңғайлы формасы қалыптасты; студенттер білім алу үшін шет елдерге жіберіле бастады; техника мен қазіргі заманғы ғылым (астрономия, метеорология, физика, химия, биология, инженерлік технология) дамыды; Қытайдағы танымал оқу орындары — Пекин, Цинхуа университеттері ашылды; жаңадан ғылыми мекемелер ашылды; баспа үйлері пайда болды; хабар тарату станциялары ашылды; музыка, халықтық өнер, киностудия салалары тез дами бастады [4; 24].

Екінші кезеңде 1920–1930-шы жж. Қытайда модернизациялық мəселелерді шешудің ыңғайлы жолдарын іздестіру белсенді түрде талқылана басталды [6; 427–447]. Нəтижесінде елді модернизациялау бағдарламасы Сунь Ятсен идеяларын жаңғырту арқылы жүргізілді. Қытай болашақ дамуын капитализм жəне социализмді үйлестіру арқылы жүргізіп, экономикалық реформада табыстарға қол жеткізуге болатындығын түсінді. Қытай Республикасын əлемдік қауымдастыққа танытатын іс-шараларды қолға алды. Əсіресе тең емес дəрежеде жасалған келісім-шарттарды қайтадан қарастыруда үлкен жұмыстар жүргізілді. Əлемнің алпауыт елдерімен тең дəрежеде иық түйістіріп отыратын халықаралық ұйымдарды құруда белсенді болды. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылуына бастамашы мемлекеттердің қатарында Қытай да тұрды. Ал соғыстан кейін, 1949 ж. Қытай Халық Республикасының құрылуымен жаңа тəуелсіз мемлекеттің одан əрі дамуында модернизациялық процестердің үшінші кезеңі басталды. Қазақстандық ғалымдардың пікірінше 1949–1978 жж. аралығы жоспарлы құрылыстың командалық-əкімшілдік фазасы болды [4; 26].

Қытaй Хaлық Pecпубликacы құpылғaннaн бepi eлдe тəуeлciз, жeкe дapa, үдeмeлi дaму бacтaлды. ҚХР құpылғaннaн кeйiнгi aлғaшқы жылдapы шapуaшылық құpылымды бaтыc eлдepi тapaпынaн қoйылғaн шeктeмe блoкaдa жaғдaйындa жүpгiзугe туpa кeлдi. Бipaқ ҚХР өтe қыcқa тapихи мepзiм iшiндe eң aуыp қиындықтapды жeңe бiлдi. Бұл жерде КСРО тарапынан жaн-жaқты caяcи, экoнoмикaлық, кaдpлық жəнe бacқa дa көмeктер мeн қoлдaудың бoлғанын атап кеткен дұрыс. Ал Қытaй өз кезегінде coциaлизмгe қapaй бeт бұpуғa мaқcaт қoйды. 1966 ж. басталған «Мəдени революция» дəстүрлі мəдениетке ғана үлкен нұқсан келтіріп қана қоймай, əлеуметтік-экономикалық, саяси дамуға да кері əсер етті, бірақ Мао Цзэдун 1976 ж. қайтыс болғаннан кейін біртіндеп қалпына келе бастады. 1978 ж. ғана елде қажетті саяси жағдай жасалған соң, Дэн Сяопин бастаған топ модернизация бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Дэн Сяопиннің дұрыс социалистік модернизацияны сəтті жүзеге асыруда оның ұтымды идеяларынан бастау алды. Ол социалистік модернизацияның басты мақсаты — қарқынды экономикалық өсім, ғылыми-техникалық потенциалды көтеру арқылы экономиканың тиімділігін арттыру жəне сапалы жаңарту, осы жаңартудың ғылыми жəне тəжірибелік формалары мен əдістері арқылы жетістіктер мен кемшіліктерді зерделеу, əрбір сатыда қалыптасқан кедергілерді еңсерудің жолдарын қарастыру деп түсіндірді.

Дэн Сяопин Қытай Коммунистік партиясының ХІІ съезінде (қыркүйек 1982 ж.) «қытaйлық epeкшeлiгi бap coциaлизмдi» құрудың жаңа идеялық-теориялық формуласымен таныстырды; 1984 ж. «Бір ел — екі жүйе» тұжырымдамасын жасады, яғни Сянганды (Тайвань, 1997 ж.) жəне Аомэнді (Гонконг, 1999 ж.) қайтару жоспарын құрды; қытaйлық дaму cтpaтeгияcының үш қaдaмын aйқындaды: бipiншi қaдaм — хaлықтың қapны тoқ, киiмi бүтiн бoлaтындaй дeңгeйгe қoл жeткiзу; eкiншici — ХХ ғacыpдың coңындa ІЖӨ төpт eceгe өcipу; үшiншici — жaңa ғacыpдың 30–50 жылы iшiндe opтaшa дaмығaн eлдepдiң дeңгeйiнe қoл жeткiзу; 1984 ж. қaзaн aйынaн бacтaп қытaйлық экoнoмикaлық модернизацияның eкiншi кeзeңi — қaлaлapдaғы экoнoмикaлық жүйeлepдi peфopмaлaу бacтaлды. Төpт ipi қaлa — Шэньчжэнь, Чжухaй, Сямынь, Шaньтoу — apнaйы экoнoмикaлық aймaқтap бoлып жapиялaнып, төмeнгi caлық peжимiндeгi epкiн нapыққa көштi. Ал 1988 ж. бастап «coциaлиcтiк нapықтық экoнoмикa» жaғдaйындa мeмлeкeт экoнoмикaны мaкpoэкoнoмикaлық құpaлдap apқылы бacқapып, əкiмшiлiк ықпaл eтудi бapыншa тeжeп, coның apқacындa, Қытaйдың бipтұтac ұлттық нapығының құpылуынa ықпaл eттi. Қазақстандық саясаткер С. Құттықадам сөзімен айтқанда «отар болған Қытайды дамыған Қытай жасаған Дэн Сяопин болды» [7; 11–16].

Бүгінде Дэн Сяопин бастаған реформалардың жалғасын өзінен кейінгі Қытай басшылары — Цзян Цзэминь мен Ху Цзиньтао сəтті түрде жүргізді, ал қазір Си Цзиньпин жалғастыруда.

Үндістандағы модернизациялық процестер Жапония мен Қытайға қарағанда күрделірек жүрді əрі ұзақ уақытқа созылды. Бұл елдегі модернизациялық процестер экономика саласынан гөрі, саяси- əлеуметтік бағыттарда жақсы көрініс тапты. Неге десеңіз, 1947 ж. дейін Үндістан да Азияның басқа елдеріндей отарланған мемлекет болып келді. Сол себепті тəуелсіздікке қол жеткізу Үндістан үшін ең маңызды мəселе болды.

1885 жылы Үндістанның ұлттық буржуазиясы мен интеллигенциясы «Үндістан Ұлттық Конгресін» құрды, оның басты ұраны отарлық режимге бейбіт түрде қарсы тұру болды. ҮҰК-нің белсенді үгіт-насихаттары жəне ұйымдастырылған зорлық-зомбылықсыз іс-шаралар партияға көптеген жаңа жақтаушыларды əкелді. ҮҰК-ның сол қанатының жетекшісі заңгер Б.Тилак халық арасында өте танымал болды. Бірақ олар тəуелсіздік жолындағы күресті ұзақ жылдар бойы жүргізді.

Үнділіктердің əлеуметтік жүйесі, яғни касталық-варналық бөлінісі қандайда бір болмасын реформалар бастауға кедергі келтірді. Сол себепті Үндістанның ұлттық көшбасшылары халқына ең алдымен тəуелсіздіктің маңызды екенін түсіндірді, ал тəуелсіз мемлекет болған кезде өмірдің басқа салаларында реформалар жүргізу жеңілірек болатынына көз жеткізді. Өткен ғасырлардың көптеген қаскөй империялары өз мүдделерін қорғау мақсатында, отарлық саясат жүргізген елдеріндегі адамның жеке бас бостандығын жоққа шығарды, отарланған халық зорлық-зомбылық шегіп, аштық пен мұқтаждыққа төзе алмай, миллиондаған қарапайым адамдар өлімге душар болды. Адамзат баласының осындай түрлі зорлық пен зомбылықтан азат болу жолдарын іздестірген жəне осы жолда өздерінің күш- жігерін аямай жұмсаған тұлғалар, адамзат тарихының бейнесі мен ағымына өзгеріс енгізгені əлемдік тарихтың тəжірибесінде бар екені белгілі. Сондай тұлғалардың бірі Үндістандағы Махатма Ганди болды. Ол да саналы ғұмырын Б. Тилак тəрізді туған еліне, үнді халқына қызмет етуге арнады.

Үндістанның барлық өңірі кедейліктің шегіне жеткенін көрген М. Ганди отаршыл ағылшындарды басты кінəлі ретінде санады жəне ол өзі кейін «Сатьяграха» («Шындық күші») деп атаған əдіске жүгінуге шешім қабылдайды. М. Гандидің ойынша, адам əділетсіз жəне зұлым қарсыласқа тап келсе, ол оған адамгершілік күшімен қарсы тұруы керек. Сол себепті М. Ганди күш қолданбау қағидасымен қанаттана отырып, азаматтық бағынбаушылық пен қарсылық көрсету науқанын бастайды. Мұндай маңызды акция ретінде ол 1919 жылы 6 сəуірде «хартал» ұйымдастырады (хартал — жалпы көтеріліс деген мағынаны білдіреді). Мұны ол Үндістандағы ағылшын үкіметінің төтенше өкілеттілігін кеңейтетін Роулетт заңдарына қарсылық белгісі ретінде өткізеді. Оның ағылшындармен ынтымақтастықтан бас тартуға арналған үндеуі Үндістан Ұлттық Конгресі партиясының бағдарламасына негіз болып, елді мекендерді көптен қамти бастайды. Ол ауыл экономикасын жандандыруға ұмтылып, үнділер өздерінің киімдерін шығарулары үшін британдық өндіріс киімдерін өртеуді ұсынады. Осылайша халықты ағылшын тауарларына бойкот қозғалысына шақырды [8; 98]. Ұзақ жылдар бойы М. Ганди ұстанған бейбіт қатар өмір сүру мен күш қолданбау идеологиясы іске асты, 1947 ж. 15 тамызында Үндістан тəуелсіздігін жариялады. Енді М. Гандидің бейбіт қатар өмір сүру мен күш қолданбау ұстанымдары ХХ ғ. басындағы Азия мен Африка елдерінде жүрген ұлт-азаттық қозғалыстың идеологиясына айналды. Оның философиялық ойлары, саяси ұстанымы əлемдік сипатқа ие болды. Сол себепті М. Гандидің əлемдік саясаттағы алатын орны ерекше. Оның тəуелсіздік пен бейбітшілік жолындағы күрескерлік тəсілдері тек өз отаны Үндістанға ғана емес, дүниежүзінің көптеген елдеріне үлкен əсерін тигізді. Мысалы, АҚШ-та афроамерикандықтардың көсемі Мартин Лютер Кинг гандизм идеяларын қолдаған жəне өзінің күрес тəсілдеріне де қолданған. Ол қара нəсілділерді қорлаған ақ нəсілдерге қарсы Гандидің күш қолданбау саясатына сүйене отырып, нəсілшілдікке, жұмыссыздыққа, аштыққа, кедейшілікке қарсы күрескен. Осындай күресі үшін 1964 жылы Мартин Лютер Кинг Нобель сыйлығын иеленді. Сол сияқты М. Гандидің философиялық идеяларын Оңтүстік Африканың мемлекет жəне қоғам қайраткері Нельсон Мандела да пайдаланған. Оның күш қолданбау тактикасын пайдалана отырып, ағылшындарға бейбіт жолмен қарсы шықты. Нельсон Мандела апартеид режиміне қарсы күрескен ХХ ғасырдың ірі тұлғасына айналды. Өмірінің 27 жылын түрмеде өткізгеніне қарамастан, əлемдік қауымдастықта беделі зор көшбасшы ретінде танылды. Мартин Лютер сияқты ол да 1993 жылы Нобель сыйлығына ие болғаны тарихтан белгілі.

Жалпы Үндістандағы М. Ганди бастаған қоғамдағы саяси модернизациялық процестер одан кейінгі Үндістанның көшбасшылары мен жергілікті үкімет басындағылар жалғастырған экономикалық реформалармен үндесті. Бүгінде Үндістан əлемге заманауи технологияларды озық меңгерген мемлекет ретінде танымал. Шығыс пен Батыстың мəдени құндылықтарын табысты үйлестіру арқылы мəдениет саласында, атап айтқанда Боливуд киноиндустриясы арқылы модернизациялық процестердің жемісін көруде.

Модернизациялық процестерді өз деңгейінде жүргізген Азия елдерінің қатарында Түркия мемлекеті де бар. Түркия Республикасы күйреген Осман империясының орнына жаңадан құрылған мемлекет ретінде əлемдік саяси картада 1923 ж. пайда болды. Жаңа мемлекеттің басында Мұстафа Кемал Ататүрік тұрды. Түркиядағы модернизациялық процестер Үндістандағыдай саяси реформалардан басталды. Ол тарихта «кемализм» деген атауға ие болған түрік ұлтының мүддесін көздейтін, ұлттық идеологияның негізгі принциптері арқылы жүргізілді. Бұл принциптер 1937 жылы қабылданған Түркия Республикасының Конституциясына ресми түрде енгізілді.

«Кемализм» принциптерінің негізгі құрамдас бөлімдері республикашылдық, ұлтшылдық, этатизм, лаицизм, халықшылдық жəне революцияшылдық тəрізді алты үлкен бағыттардан тұрады. Ататүрік ұсынған «республикашылдық» деп аталған принцип, Мұстафа Кемалдың түсінігі бойынша мемлекетті тұрақты түрде республикалық құрылым жолымен басқаруды білдіретін, демократиялық жүйедегі мемлекет түрі.

«... Жоба бойынша 1921 жылғы Атазаңда мемлекет пішімін (форма) өзгерттім. Бірінші баптың соңына Түркия мемлекетінің үкімет пішімі — Республика деген сөйлем қостым. Үшінші бапты былай өзгерттім: «Түркия мемлекетін Ұлы Ұлттық Мəжіліс басқарады. Мəжіліс үкіметтің түрлі басқару буындарына уəкілдер арқылы жетекшілік етеді.

Бұдан басқа Атазаңдағы негізгі болып табылатын 8-ші жəне 9-шы баптары өзгертіліп, нақтылана түсті. «Түркия Президенті — Түркия Ұлы Ұлттық Мəжілісі Бас Кеңесі мен мəжіліс мүшелері тарапынан бір сайлау мерзіміне сайланады. Басшылық қызметі жаңа президент сайланғанға дейін созылады. Бұрынғы басшы қайта сайлана алады». Тоғызыншы бап былай жазылды: «Түркия Президенті — мемлекет басшысы. Осы өкілеттігімен Мəжіліс пен Уəкілдер Кеңесіне басшылық жасайды» [9; 70–71]. Яғни, Ататүрік өз дəуірінде-ақ бүгінгі Түркиядағы қоғамның саяи демократиялық жүйесін жасап, президенттік институтты құрып, парламенттік республиканың негізін қалап берді.

Мұстафа Кемал «отан», «ұлт», «республика», «қоғамдық құқық» тəрізді ұғымдар арқылы ұлттық идеяның негізгі принциптеріне үлкен көңіл бөлді. Соның ішінде ұлттық рухты көтеруге ерекше мəн берді. Оның «Мен түрікпін» деген адам қандай бақытты!» деп айтқан сөздері, барлық түріктердің ұлттық намысы мен жігерін қайрады. Ұран ретінде айтылған Мұстафа Кемалдың осы бір қанатты сөздері өз ұлтының атауы үшін əрбір түріктің көкейіне мақтаныш сезімін ұялатты.

Мұстафа Кемалдың басшылығымен жүргізілген «этатизм» деген атпен белгілі реформаның бұл бағыты Түркия мемлекетінің экономикалық саясатына арналды. Яғни жеке сектордың мүмкіндігінен тыс салалар мемлекет қарамағында болады жəне мемлекеттің тікелей араласуымен дамытылды. Түркияға алдыңғы қатарлы шетелдердің экономика жүйесіндегі нарықтық қатынастардың озық үлгілері енгізілді. Ауыл шаруашылық кооперативтерін құруды қолдады. Кейбір деректер бойынша 1920-шы жылдың аяғына қарай Түркияда 200-ден артық акционерлік компаниялар пайда болып, жері жоқ шаруаларға шаруашылық жүргізу үшін жер берілген, елде шетелдік банкілер жұмыс істей бастаған [10; 233]. Осылайша Мұстафа Кемал Ататүрік ел өміріне аса тиімді экономикалық жүйелердің қалыптасуының негізіп қалап берді жəне елдің экономикалық жағдайын тек сауықтырып қана қоймай, оны дамытуға бағытталған мемлекеттің стратегиялық жоспарын жасады. Көрегенділік саясаттың нəтижесінде Түркия артта қалған аграрлы елден өндіріске бағыт ұстанған елге айналды. Ататүрік реформасының экономикалық саясаттағы батыл қадамдары бүгінгі Түркияның экономикалық бейнесін қалыптастыруға негіз болды.

Мұстафа Кемал жүргізген реформалардың ішінде ерекше орын алатын бағыттардың бірі «лаицизм» немесе зайырлылық. Басқаша айтқанда мемлекет пен діннің арасын ажырату. Бұл жөнінде түрік профессоры Н. Түзүннің мына пікірлерін С. Смайыл өз еңбегінде келтіріп өткен: «Зайырлылық — дінге қарсы тұру емес, сенім-нанымды əр адамның жан дүниесіне тапсыру. Ішкі дүниедегі сенім мемлекеттік түсінікпен қатар өмір сүре алады. Осы тұрғыдан алғанда «лаицизм» сөзі бір құқық термині ретінде қабылдануы тиіс» [9; 80]. Шынында да Мұстафа Кемал ислам дінін мемлекеттік істерге, халықтық ағартушылықтарға араласуына тиым салды. Бұл дінге қарсы тұру деген ұғымнан аулақ болды. Дəстүрлі ислам діні түрік халқының ерекшеліктеріне сəйкесіп, күнделікті жəне қоғамдық өмірге айтарлықтай бейімделді. Керісінше, дəстүрлі діндерге қарсы, олардың теріс ағымын уағыздайтын көзбояушыларға қарсы күресті. Ал шынайы діндердің дамуына, олардың мешіттермен қатар шіркеу үйлерінің болуына тиым салынған жоқ. Мемлекет жетекші дін ретінде исламды қорғауды да өз мойнына алған. Сол себепті «Құран» түрік тіліне аударылып, енді оның мəні мен мазмұны көпшілік халыққа түсінікті бола түсті. Елдің ішіндегі дін істерімен айналысатын арнайы мемлекеттік мекеме болды. Ататүріктің тарапынан жүргізілген мұндай шара бүгінгі күні де өзінің өзектілігін жойған жоқ. Жаһандану заманының дəстүрлі емес қауіп-қатерлерінің бірі болып діни экстремизм мен терроризм əлем елдерінде көрініс тауып отырған кезеңде, əр мемлекетте дін істерімен айналысатын мекемелердің болуы маңызды.

«Революцияшылдық» принципінің негізін ел ішіндегі тоқырауларға жол бермеу, сол себепті үнемі дамып отыру, жаңару үстінде болу, əлемдік өркениеттен қалмау тəрізді идеялар құрады.

Ататүрік бастап беріп кеткен реформаларды Түркия Республикасының сегізінші президенті (1989–1993) болған, «түрік экономикасының» архитекторы атанған Тұрғыт Озал жəне басқа да тұлғалар жалғастырды.

ХХ ғасырдың екінші жартысында елде жүргізілген модернизациялық реформалардың сəтті нəтижесінде жаңа мемлекет — Сингапурдың тəжірибесі əлем елдерін қызықтыра бастады.

Сингапур тəжірибесіндегі модернизациялық реформалардың басында Ли Куан Ю тұрды. Ол 1959 ж. Сингапур үкіметіне билікке келген кезде, біріншіден, елдің мемлекеттілігі белгісіз күйде, экономикалық жағдайы ауыр, екіншіден халықтың əлеуметтік тұрмысы өте төмен болды. 1965 ж. Малай Федерациясы құрамынан шыққан Сингапурдың болашағына көрші мемлекеттердің ғана емес, ел ішінің де сенімінен гөрі күдігі басым еді. Алайда, бұл күдік пен сенімсіздікті іскер де батыл, сұңғыла басшы Ли Куан Ю сейілте білді. «Дүние жүзі бізді асырауға міндетті емес. Біз қайыршылықта күн көруге тиіс емеспіз», — деп Ли Куан Ю-дың өзі айтпақшы ол халқының алдына тез арада орындалуға тиісті үш үлкен мақсатты қойды:

  1. Əділ, мықты жəне полимəдени мемлекеттің негізін қалау;
  2. Оның қауіпсіздік мəселесін шешу;
  3. Жаңа типті қуатты экономика құру [11; 216].

Аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін Ли Куан Ю ең алдымен мемлекетіне адал қызмет ететін мықты команда құрудан бастады. Жаңа мемлекеттің саяси құрылысын жасауда еңбексүйгіш, жаны таза, тəртіптілікті жақтайтын, сауатты, ұлтжанды, кəсіби адамдарды тартты. Осы жолда Ли Куан Ю өзін тамаша психолог, көрегенділік қырларымен таныта білді. Жаңадан құрылған жас мемлекетті əлемдік қауымдастыққа таныта білетін адамдардан ол құрған парламенттік республика мемлекеттің 1959 ж. қабылдаған конституциясы бойынша жұмыс істейді. Тек конституцияға кей жылдары өзгертулер жасалып толықтырылды.

Əлемдік қауымдастыққа Ли Куан Ю нағыз шыныққан саясаткер ретінде танылды. Оны ел экономикасының толағай табыстарынан көруге болады.

Ли Куан Ю əлемдік беделге ие болу үшін, ең алдымен елдің экономикалық жəне саяси салаларын басқаруға біліктілігі мен қабілеті жеткілікті мамандардан құралған қатал орталықтандырылған мемлекет құру саясатымен танымал. Адами ресурстың маңыздылығын түсінді. Əсіресе интеллект ұғымына үлкен мəн берген Ли Куан Ю білім, талант жəне қажырлы еңбек — осы үшеуінің арқасында ғана табысқа қол жеткізуге болатынына көзі жетіп, «ақылды адамдарға» бəс тікті. Үкімет жастарға басымдық берді. Сондықтан тəуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Сингапурде жас таланттарды шет елдерде оқыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жұмыс істей бастады. Мектептердің үздік түлектері Ұлыбритания, Германия, Франция, Жапония университеттеріне оқуға жіберілді. Жастарға білім беру үкіметтің ұзақ мерзімді негізгі бағытына айналды. Оқуларын бітіріп елге қайтып оралған жастарды Ли Куан Ю Сингапурдағы мемлекеттік органдарға жауапты қызметке тағайындады. Осы жастардың арасынан Сингапурдың қазіргі саяси жəне экономикалық элитасы өсіп шықты.

Бүгінгі күні Сингапур — Азияның қаржы орталығының бірі бола отырып, «ақылды қала» концепциясы бойынша даму үстінде. Ол қауіпсіз қала-мемлекет, өйткені оның көшелерінің барлығы бейнекамералар арқылы қорғалады.

Сингапур коммуналдық шаруашылық жағынан да «ақылды». Мұндағы су, электр көздерін пайдалану арнайы сенсорлық құралдардың көмегімен бақыланады, адамдар оларды қолдарындағы мобильдік құралдар арқылы да басқара алады. Ең бастысы білім беру мен денсаулық сақтауға ерекше көңіл бөледі. Мысалы, Наньян технологиялық университетінде ЭкоКампус — «Тірі лаборатория» бар. Онда «жасыл» технологиялар мен инновациялар іске асырылуда. Бұлардың барлығы модернизациялық реформалардың нəтижесі.

Қорытынды

Модернизация көпқырлы процесс. Оның барысында жүргізілетін реформалар да əр түрлі жəне олар əр мемлекетте де əр түрлі жүргізілуі мүмкін. Азия елдерінде жүргізілген модернизациялық процестер барысында көптеген мемлекеттер бір кездері Батыс қоғамында қалыптасқан «артта қалған Азия» ұғымын тас-талқан етті. Оған нақты дəлел — Жапониядағы жүргізілген модернизациялық реформалардың нəтижесі «жапон ғажайыптарын» тудырды. Оның артынан «азия жолбарыстары» атанған Оңтүстік-Шығыс Азияның жаңа индустриалды елдерінің табыстарын айтуға болады. Жаңа индустриалды елдердің бірінші толқынының ішінде «азия жолбарыстарының» бірі ретінде танылған Сингапур мемлекеті бар.

ХХІ ғ. жаһандану үрдісі тез дамыған сайын адами ресурсы бойынша бірінші орында тұрған Қытайды елде жүргізіліп келе жатқан модернизациялық реформалардың дұрыс жолы мен қабылдаған стратегияларының айқындығы, бұл елдің əлі де əлем елдеріне үлгі болатынын дəлелдей түседі.

Қытаймен өкшелес дамып келе жатқан Үндістанның да əлем елдерінің арасында алатын өзіндік орны бар.

Ал қазіргі Түркия Республикасы түркі тілдес мемлекеттер мен түркі халықтары қауымдастығының арасында өзінің лайықты орнын алып отырған мемлекет қана емес, шын мəнінде Батыс пен Шығыстың, Еуропа мен Азияның арасын жалғастыратын көпірге айналды.

Аталған елдердегі модернизациялық процестердің басында ұлт көшбасшылары, идеологтары жəне реформаторлары тұрғанын баса айтқан дұрыс. Олардың қай қайсысы болмасын елінің тəуелсіздігі үшін күресті. Тəуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін елдің экономикалық ахуалына, халықтың əл-ауқатына, ұлттың рухани құндылықтарына ерекше мəн бере отырып, сауықтыру реформаларын жүргізді. Нəтижесінде артта қалған елдер қатарынан шығып, əлемдегі ең табысты да бай елдердің қатарына кіре бастады. Бүгінде əлемдік қауымдастық Жапонияны АҚШ-тан кейінгі ең мықты дамыған мемлекет ретінде, Қытай, Үндістан жəне Түркияны «үшінші елдер» қатарынан дамыған индустриалды елдер, Сингапурды өте кедей қала-мемлекеттен «ақылды қалаға», əлемдік сауда жəне қаржы хабына айналған мемлекет ретінде таниды.

Аталған елдердің тəжірибесі біздің еліміз үшін қазақстандық модернизацияны дамытуға, Қазақстанның тұрақты даму мəселесін шешу барысында қолдануға болады.

Əдебиеттер тізімі

  1. Ашинова Ж.Е. Процессы модернизации в современной Японии: учеб. пос. / Ж.Е. Ашинова. — Алматы: Қазақ университеті, 2017. — 156 с.
  2. Динкевич А.И. Государственные финансы послевоенной Японии / А.И. Динкевич. — М.: Наука, 1967. — 405 с.
  3. Hongtu Lі. China's modernization: a historical survey / Li, Hongtu. — Shanghai: East Chinese Normal University, 2007. — 237 p.
  4. Алдабек Н.А. Модернизация Китая и Казахстана: моногр. / Н.А. Алдабек, П.Е. Бектурганова, А.Е. Сериккалиева, Д. Дауен, М. Асыл; под ред. П.Е. Бектурганова. — Алматы: Қазақ университеті, 2014. — 348 с.
  5. Непомнин О.Е. История Китая. XX век / О.Е. Непомнин. — М.: Ин-т востоковедения РАН, 2011. — 736 с.
  6. Васильев Л.С. История Китая: учеб. для студ. вузов / Л.С. Васильев, Г. Лапина, А.В. Меликсетов, А.А. Писарев; под ред. А.В. Меликсетова. — М.: Изд-во МГУ, 1998. — 736 с.
  7. Құттықадам С. Дэн Сяопин — саясаткер / С. Құттықадам // Аңыз адам. — 2016. — № 16. — Б. 11–16.
  8. Ульяновский Р.А. Три лидера великого индийского народа / Р.А. Ульяновский. — М.: Политиздат, 1986. — 231 с.
  9. Смайыл С. Ататүрік: Танымдық өмірбаян / С. Смайыл. — Алматы: ҚАЗақпарат, 1998. — 128 б.
  10. Кубеев М. Сто великих монархов и правителей / М. Кубеев. — М.: Вече, 2013. — 256 с.
  11. Куттыкадам С. Служение нации: 10 мировых примеров управления государством / С. Куттыкадам. — Алматы: ИНЭС-ЦА, 2009. — 356 с.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.