Халықаралық қатынастар акторларының сыртқы саяси үдерістерде қабылдайтын шешімдерінің негізгі мəн-жайын түсінудің ең жақсы əдісі — акторлардың сыртқы саясаттағы ұстанымдарын анықтау. Ал сыртқы саясаттағы ұстанымдар тікелей сыртқы саясат концепциясында көрініс табады. Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты Қазақстан мен Тəжікстан мемлекеттерінің сыртқы саясат концепцияларын салыстырмалы зерттеу. Жұмыс барысында екі елдің тұжырымдамалары бірнеше айнымалылар бойынша салыстырылып, ұқсастықтары мен айырмашылықтары талданған. Авторлар салыстырмалы жəне контент-анализ əдістерін қолданған.
Кіріспе
Халықаралық қатынастар акторларының сыртқы саяси үдерістерде қабылдайтын шешімдері мен əрекеттерінің негізгі мəн-жайын, өзегін түсінудің ең жақсы əдісі — акторлардың сыртқы саясаттағы ұстанымдарын анықтау болып табылады. Ал кез келген мемлекеттің сыртқы саясаттағы ұстанымы сыртқы саясаттың концепцияларында көрініс табады. Зерттеу объектіміз болып табылатын екі мемлекет — Қазақстан мен Тəжікстанның ашық желіде жарияланған сыртқы саясат концепцияларын зерттеу арқылы халықаралық саяси сахнадағы үдерістерге қатысты басшылыққа алынатын принциптер мен қағидалармен кеңінен таныса аламыз. Осындай салыстыру жұмысы бізге екі елдің сыртқы саяси органдарының халықаралық саяси өзгерістерге қатысты іс-əрекеттерін жақсырақ түсінуге, болжауға мүмкіндік береді. Мақаламыздың негізгі мақсаты мен міндеттері ретінде екі елдің саяси құжатын зерттеп, айырмашылықтары мен ұқсастықтарын анықтау болып табылады.
Екі мемлекеттің сыртқы саясат концепциясы екі мемлекеттің де сыртқы саясаттағы контурларын анықтау қажеттілігі туған уақытта жарияланған. Өзінің айқын түрде сыртқы саяси басымдықтарын бірінші болып Тəжікстан 2002 жылы жария еткен [1], ал жаңа Концепция 2015 жылы қабылданған [2]. Құжаттың қабылдануы 1992–1997 жылдары елдегі болып өткен азамат соғысынан кейінгі тұрақтылықтың орнағандығын, сыртқы саясаттағы позициясының прагматизм мен тұрақты даму негізінде жүзеге асатындығын көрсетуге оңтайлы импульс берді [3]. Ал Қазақстанда алғаш 2014 жылы жарияланып [4], 2020 жылы жалғасын тапқан сыртқы саясат концепциясы шетел сарапшылары мен жалпы əлемдік қауымдастықтың Қазақстанның жаңа басшысы кезеңінде сыртқы саясатының бағыты қаншалықты өзгереді екен деген сұрақтарын сейілтті [5]. Жаңа концепция Қ.-Ж. Тоқаевтың президенттік лауазымға сайланғаннан кейінгі қол қойылған осындай деңгейдегі ең алғаш құжат болуы сарапшылардың ерекше назарын аударды. Жалпы Қазақстанның сыртқы саясат концепциясы 2014 жылы жарыққа шыққанымен мерзімі 2020 жылға дейін жоспарланған еді [4]. Ал 2014 жылға дейін сыртқы саясат концепциясын Елбасының жолдауынан аңғарып жүргенімізбен, арнайы құжат мəтіні ашық қолданыста болмады [5].
Екі құжатта қарастырылған бөлімдерді топтап, салыстырмалы зерттеуді төмендегі критерийлер негізінде жіктеп алуға болады:
- жаһандық саяси-экономикалық қалыптасқан жағдайға көзқарастар;
- басшылыққа алынатын принциптері мен мақсаттары;
- сыртқы саясаттағы басымдықтары;
- сыртқы саясатты жүзеге асыру механизмдері.
Зерттеу əдістемесі мен əдістері
Зерттеудің əдіснамалық негізі институционалды либерализмнің тұжырымдамалық ережелері болды, ол халықаралық ұйымдар мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, көмектесе алады деп тұжырымдайды. Зерттеу барысында жүйелік, салыстырмалы, статистикалық талдау, жіктеу, жүйелеу, жалпылау, сипаттау, сонымен қатар фактілерді, құбылыстарды, процестерді сыни түсіндіру əдістері қолданылды. Осы əдістердің жиынтығы авторларға Қазақстан мен Тəжікстанның сыртқы саясат концепцияларына салыстырмалы шолу жасауға, зерттеуге, жан-жақты қарауға мүмкіндік берді.
Зерттеудің қайнар көзі Қазақстан мен Тəжікстанның сыртқы саясат концепциялары, нормативтік құжаттары, ғаламдық интернет желілері, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар. Мазмұнды жəне оқиғаларды талдау əдістерін қолдана отырып, екі ел Президенттерінің, Елбасымыздың ресми сөйлеген сөздері, сұхбаттары сараланды.
Талқылау
Тақырыпты зерттеу барысында Қазақстан мен Тəжікстан өзара достастық байланыстарын, саяси қарым-қатынастарын аса қатты құрметтейтінін байқау қиын емес. Оған дəлел — ел Президенттерінің кездесулерінің нəтижесін, телефон арқылы тілдескен əңгімелерін, көрсеткен сый-құрметтерін, саяси- стратегиялық құжаттарын, келісімшарттарды атауымызға болады.
2018 жылдың наурызында Астана қаласында (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы, авт.) Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев пен Тəжікстан Президенті Эмомали Рахмон келіссөз жасады. Кездесу барысында Елбасы екі ел арасында 80 шарт пен келісім бар екенін атап өткен болатын. Сонымен қатар Тəжікстан мен Қазақстан арасындағы саяси байланыстың сенімге негізделгенін жəне де аймақтық, жаһандық ұйымдарда бірігіп əрекет жасайтындықтарын баяндады. Сəйкесінше Тəжікстан Президенті Эмомали Рахмон «Қазақстанмен қарым-қатынас Тəжікстанның сыртқы саясатында жетекші орынға ие, Нұрсұлтан Əбішұлы, Сізбен 26 жылдан астам уақыттан бері таныспыз жəне бірге жұмыс істеп келеміз. Тəжікстан халқы да, мен де қиын-қыстау кезеңдерді еш ұмытпаймыз. Сіз барлық уақытта да бізге қолдау көрсетіп, Тəжікстанның бейбіт процесіне көмек көрсетіп, экономикалық қолдау білдірдіңіз. 26 жылдың ішінде екіжақты қарым-қатынасымызды орнатып, оны стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Тəжікстанда Сізді халықаралық деңгейдегі дана əрі көреген саясаткер ретінде жақсы біледі жəне жақсы көріп, құрметтейді. Сіздің бірнеше кітабыңыз тəжік тіліне аударылды», — деп өзінің жылы лебізін білдірген болатын [6].
2020 жылдың қазан айында Тəжікстанда президент сайлауы өтіп, Эмомали Рахмон қайта сайланды. Осы ауқымды жағдайға орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоңырау шалу арқылы өз құттықтауын жеткізіп, Тəжікстан Президентінің елдің əлеуметтік-экономикалық дамуын, сонымен қатар сыртқы саясатты басқарудағы үлесін баса назарға алды.
Сонымен қатар, зерттеу кезінде екі елдің сыртқы саясатты жүргізу барысында көптеген ұқсастықтары бар екендігін анықтадық. Екі ел де геосаяси, су, денсаулық сақтау, білім, мəдениет, миграция салаларындағы туындаған мəселелерді шешу жолында бейбіт жолды таңдайтындығынан, бір-бірімен тəжірибе алмасу, ақылдаса отырып шешу жағын қарастырады. Оның бір дəлелі ретінде 2019 жылдың 13-ші желтоқсанында Алматы қаласындағы Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тəжік жəне қазақстандық ғалымдардың, зерттеушілер мен сарапшылардың қатысуымен «Тəжікстан Республикасы Президентінің маңызды планеталық мəселелердегі рөлі: су — адам өмірінің қайнар көзі» атты ғылыми-практикалық конференцияны атап өтсек болады. «Ховар» Тəжікстан ұлттық ақпарат агенттігінің хабарлауынша, конференция Тəжікстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жастар ісі жəне спорт комитетінің «Шетелде оқитын жастар» клубының Алматы қаласындағы Тəжікстан Республикасының Бас консулдығымен бірлесіп «2018–2028 жылдарда тұрақты дамуға арналған су» Халықаралық онжылдығын жариялау шеңберінде ұйымдастырылды, оның күн тəртібінде Тəжікстан Республикасының Президенті, Құрметті Эмомали Рахмонның су тапшылығына, ғаламдық климаттың өзгеруіне жəне «2018–2028 жылдарда тұрақты дамуға арналған су» Халықаралық онжылдығына қатысты бастамалары ғылыми тұрғыдан қаралды [7].
Конференцияда Тəжікстан Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Баходур Назир, Қазақстан ұлттық университетінің басшылығы, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Властимил Самек, Алматы қаласының Сауда-экономикалық қызметінің басшысы Миладин Миладинов, USAID- дың Қазақстан Республикасындағы Бас директоры Рабаб Шамилех, ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы өкілі Серікжан Атанов, Қазақстан жəне Германия университетінің проректоры, Арал теңізін Халықаралық үнемдеу қоры директорының орынбасары (ХАС), тəжік жəне қазақстандық сарапшылар ұсынылған көптеген мəселелерді қарастырды [7].
Жаһандық саяси-экономикалық күн тəртібіне деген көзқарастарында екі мемлекеттің концепцияларына да ортақ түрде халықаралық күн тəртібі, халықаралық саясат акторларының арасындағы сенім кризисінен туындайтын қақтығыстар қаупі қарастырылған. Оның ішінде үлкен əріппен əлеуметтік-экономикалық поляризация, терроризм, саяси сепаратизм, трансшекаралық өзендер мəселесі [2], сыртқы саясатта ықпалды акторлардың қақтығыстар қаупі көрсетілген. Екі əлемдік тенденция — жаһандану мен ұлтшылдықтың қарама-қайшылықтары орта жəне кіші елдерге төндіретін қатерлері де ашық қарастырылған [5].
Сонымен қатар, қазба байлықтарды оңтайлы пайдалану, жеңіл жəне ауыр өнеркəсіпті қоса алғанда қазіргі заманғы өнеркəсіп құру, тұрақты даму, цифрландыру, индустрияландыру, екі ел арасындағы инфрақұрылым мен логистика да басты назардан тыс емес. Осы орайда агроөнеркəсіптің де орнын айта кеткен жөн санаймын. Себебі, Тəжікстан үшін Қазақстан ұн мен бидай секілді дəнді дақылдардың негізгі көзі болып саналады жəне де дəрі-дəрмек пен металл импорттау жөнінен алдыңғы үштікте.
Күн тəртібінде екі ел экономикасына да тікелей əсер ететін шетелден инвестиция тарту мəселесі де орын алады. Осыған байланысты кəсіпорындарды автоматтандыру жағына да аса көңіл бөледі.
Басшылыққа алынатын принциптері мен мақсаттары. Екі мемлекет те қайшылықтар мен мəселелерді шешуге көпвекторлық призмасымен қарайтындығын жеткізеді. Екі құжатта да «көпвекторлық», «көптараптық» ұғымдары мемлекеттердің қағидалары есебінде көрсетіледі [5]. Тəжікстан өз есебінде көпвекторлықты «ашық есік» ұғымымен ұтымды жеткізген [2].
Жалпы алғанда екі мемлекеттің де сыртқы саясаттағы ұстанатын əдістері бір-бірімен үндес. Тұрақты дамуға, консенсусқа, екі тарапты түсіністікке негізделген жұмсақ саясатты қолдайтындығы көрінеді.
Қазақстан өз нормативтік актісінде көбінесе əлемдік қауымдастықтағы мəселелерді қарастырған. «Əлемдік қауымдастықтың қатысушыларындағы сенім кризисі», «əлемдік масштабтағы құндылықтар қақтығысы», «жаһандық қаржы жүйесінің тұрақсыздығы», «гибридті жəне кибер соғыстар» тіркестері Қазақстан сыртқы саясатының ел имиджінде орныққан батыс пен шығыстың ортасындағы тұрақтылық гаранты есебіндегі позициясын қамтитындығына көз жеткіземіз. Сонымен қоса Қазақстан құжатта басты басымдықтары ретінде Орта Азиядағы көшбасшылық позициясын орнықтыруды айқын көрсеткен. Аймақтағы негізгі ойыншы болуға ұмтылысын Қазақстанның Қытай, Ресей, ЕО сынды ойыншылардан кейін негізгі назарды Орта Азия аймағында ұстауы жəне өз амбициясын айқын түрде көрсетуден көреміз. Бағдарлама 2030 жылға дейін жоспарланғанын ескерсек, Қазақстан өзінің аймақтағы белсенділігін одан əрі арттыратындығын пайымдай аламыз [5].
Тəжікстандық құжатты зерделей келе халықаралық жағдайды сипаттайтын бөлімде «аймақ» сөзінің 16-рет кезігуінен жəне қарастырылған мəселелердің көбіне аймақтағы терроризм мен экстремизм қаупі, əлеуметтік теңсіздік, мемлекетішілік қақтығыстар мəселесі болуынан мемлекеттің бірінші кезекте Орта Азия аймағындағы орнын нақтылауға басымдық беретіндігін көруге болады [2]. Орта Азия мемлекеттерінің ішінде Өзбекстанмен қарым-қатынасын нақтылауды басты назарда ұстайтындығын көрсеткен. Бұның негізгі себебі Өзбекстанның тікелей көршісі болуын жəне бұл мемлекетпен үлкен көлемдегі сауда қарым-қатынастарының жолға қойылғандығынан көре аламыз.
Сыртқы саясатының маңызды бір басымдықтары ретінде шетелдерде жүрген азаматтарының құқығын қорғау екендігін екі ел де атап көрсеткен [2]. Бұл ретте осы пункттің тек Ресейдің өзінде 1 млн 225 мың экономикалық белсенді азаматы жүрген Тəжікстан үшін ерекше маңызы бар [8]. Шетелде жүрген азаматтарымыздың құқығын қорғау пункті қағида есебінде, міндет жəне мақсат есебінде құжатта 6 рет атап өтіледі [2].
Сыртқы саясаттағы басымдықтары. Сыртқы саясаттағы басымдыққа сыртқы экономикалық қарым-қатынастардың маңызы уақыт өткен сайын артып келе жатқандығын байқауға болады. Қазақстанның сыртқы экономикалық басымдықтары алдыңғы концепциямен салыстырғанда 9 пункттен 14 пунктке көбейген [5]. Бұл жерде назар аударарлығы сыртқы инвестиция тартуда көбінесе шикізаттық емес экономика секторлары аталған. Əуе байланысында «ашық аспан» тəртібін енгізу, шетелдік инвесторларға берілетін жеңілдіктер, «Астана» ХҚО, «Қорғас» шекаралық сауда орталығы негізінде жұмыс жүргізілетіндігі атап өтілген.
Тəжікстан экономикалық даму бағытында қаржылық институттарға көңіл бөліп, экономиканың даму болашағын БҰҰ-ның тұрақты даму бағдарламасымен, «жасыл» экономиканы жүзеге асырумен байланыстырады.
Екі мемлекеттің де сыртқы саясат концепциясы мəдени байланыс пункттерінде «жұмсақ күш» немесе «soft power» ұғымын қамтымаған. Сарапшылардың айтуы бойынша бұл ұғым сыртқы саяси концепцияның мəдени рөліне экономикалық жəне гуманитарлық жаңа қырын ашуға мүмкіндік берер еді. Қазіргі таңда əлем елдері ішкі мəдени құндылықтарды сыртқа экспорттаумен экономикалық жəне идеологиялық дивидендтер көріп отырғандығы ақиқат. Сол себепті сыртқы басымдықтарды жіктегенде бұл пункттің де ескерілуі керектігін алға тартылады [9].
Аймақтағы дипломатия үдерісінде су мəселелеріне қатысты дипломатияны ұсынып отырған Тəжікстан мемлекетінің басымдығы назар аударуға тұрарлық. Аймақтың күре тамыры болып есептелетін өзендер бастау алатын, аумақтағы су қоры бойынша алдыңғы орынды алатын мемлекет ретінде Тəжікстан аймақтағы трансшекаралық өзендер мəселесіне қатысты өзінің ықпалдылығын танытып өткен. Аймақтағы трансшекаралық өзендер мəселесінің өзектілігі күн өткен сайын артып, бұл мəселе бойынша көптарапты келісім орнатуға деген қажеттілікті артуда. Сол себепті Тəжікстанның бұл келісімдерде басты ойыншы есебінде ойнайтындығы ақиқат. Өз концепциясында Тəжікстан аталған мəселеге қатысты өзінің барлық келіссөздерге дайын екендігін, БҰҰ-ның жарғысына сəйкес жəне халықаралық құқық нормаларына сəйкес əрекет ететіндігін атап өткен [1]. Тəжікстанның қатысуымен өткен «Су серіктестігінің халықаралық жылы», «Халықаралық таза су жылы» шараларында белсене атсалысқандығын жəне алдағы уақытта да осы бағытта көлемді істерге дайын екендігі жеткізілген [2].
Қазақстан өз кезегінде қоршаған ортаны сақтау бағытында жасаған еңбегі ретінде ядролық қарудан бас тартуды алға тартады. Шешімін табу керек экологиялық мəселелер қатарына Арал теңізімен қоса Каспий теңізінің мəселесі де қосылған. Қазақстанның ауыл шаруашылығына стратегиялық маңызы бар өзендердің барлығы өз бастауын шетелдерден алатыны себепті, бүгінгі күні трансшекаралық өзендердің құрғауы Қазақстанға үлкен мəселелер туғызуда. Сол себепті аталған мəселені шешуді стратегиялық маңызы бар мақсаттардың қатарына қосқан.
Сыртқы саясатты жүзеге асыру механизмдері. Қазақстандық актінің уақыты бойынша жаңалығы онда кезігетін жаңаша көзқарастардан көрініс тапқан. Өзекті мəселелердің шешімін табуда тек билік ресурстарының ғана емес, қоғамның да алатын орны зор екендігін атап көрсетіп, əріптестерін «естуші мемлекет» болуға шақырады.
Ендігі кезекте құжатта ерекше акцент қойылған ұғымдарға шолу жасап өтелік. Қазақстандық құжаттың мəтінінде «мəселе» ұғымы 2-рет кездессе, тəжікстандық мəтінде «мəселе» сөзі 20-рет кездеседі. «Аймақ» ұғымын қазақстандық тарап 34-рет пайдаланса, тəжікстандық əріптестері 54-рет қолданады. «Саясат» жəне «экономика» ұғымын заңнамада қазақстандықтар 60 жəне 35-реттен атап өтсе, тəжікстандықтар 84 жəне 70-реттен пайдаланған екен. «Мүдде» ұғымын Қазақстан тарабы 21- рет көрсетсе, Тəжікстан тарабы 47-рет алға тартыпты. Қазақстан үлгідегі қонцепцияда екі рет аталған көшбасшылық ұғымының екеуі де Орта Азия аймағымен тіркесте келсе, Тəжікстанда көшбасшы сөзі мүлдем кездеспейді. «Қауіп қатер» контекстіндегі ұғымдар қазақстандық тарапта 10-рет кезіксе, тəжікстандық тарап бұл ұғымға 21-рет тоқталыпты. «Инвестиция» ұғымы екі елде де пара-пар 8- реттен атап өтілген екен.
Қорытынды
Көрсетілген контент-анализ жоғарыда атап өтілген тұжырымдамалардың растығын тағы да нақтылап көрсетеді. Сыртқы саяси көкжиектерінің шекарасы тұрғысынан Қазақстан аймақтағы көшбасшы, халықаралық қауымдастықтағы белді орны бар мемлекет есебінде көрсетсе, Тəжікстан негізгі фокусты аймақтағы орнын орнықтыру, əлемдік қауымдастықта белді орны бар көршілермен қарым-қатынасын нығайтуды мақсат етіп алатындығын назарлаймыз. Екі мемлекеттің саяси- экономикалық басымдыққа саясатты басты назарда ұстап, экономиканы кейінгі тарапқа қоятындығын көре аламыз. Екі мемлекеттің де қауіп қатерлерге, жеке ұлттық мүддеге деген көзқарастары бір бірімен үндес. Соның ішінде инвестиция тартуға қай тарап болмасын қызығушылық танытуда.
Əрбір мемлекеттің сыртқы саясаттағы позициясына қайта түзетулер енгізуге мəжбүрлеген COVID-19 кезеңінде екі мемлекет те өзінің мультивекторлы бағытын тұрақты ұстанып, өзінің ұлттық мүддесіне сай тиімді пайдалануда [10]. Осы негізде құжаттарда аталып көрсетілген мақсат-міндеттер елдің ұлттық қауіпсіздігі мен ұлттық мүддесін қорғауға басшылық болып табылады. Ендігі кезекте барлық назар осы құжаттық басшылықтың істе қалай жүзеге асатындығына байланысты. Ең бастысы құжаттың қалай жүзеге асатындығы, өз принциптеріне беріктігі жүзеге асырушы мемлекет басшысы мен сəйкес қызметтегі мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігінде болып табылады.
- Концепция внешней политики Республики Таджикистан от 24 сентября 2002 года [Электронный ресурс]. — Режим доступа: http://tajemb.kiev.ua/kontseptsiya-vneshnej-politiki-respubliki-tadzhikistan.
- Концепция внешней политики Республики Таджикистан от 24 сентября 2015 года [Электронный ресурс]. — Режим доступа: https://mfa.tj/ru.
- Мирзоев А.Х. Внешняя политика Республики Таджикистан в Центральной Азии в 1997–2017 гг. / А.Х. Мирзоев // Дис. СПб.: СПГУ, 2017.
- О Концепции внешней политики Республики Казахстан на 2014–2020 годы [Электронный ресурс]. — Режим доступа: http://kzkazan.ru/ru/vneshnjaja-politika/kontseptsiya-vneshnej-politiki-na-2014–2020.
- О Концепции внешней политики Республики Казахстан на 2020–2030 годы [Электронный ресурс]. — Режим доступа: https://www.akorda.kz/ru/legal_acts/o-koncepcii-vneshnei-politiki-respubliki-kazahstan-na-2020–2030-gody.
- Жиембай М. Елбасы: Қазақстан мен Тəжікстан арасында 80 шарт пен келісім бар [Электрондық ресурс] / М. Жиембай. — 2018. — Қолжетімділік тəртібі: https://lenta.inform.kz/kz/elbasy-kazakstan-men-tazhikstan-arasynda-80-shart- pen-kelisim-bar_a3184577.
- Вода — источник человеческой жизни [Электронный ресурс] / НИАТ «Ховар». — Душанбе, 2019. — Режим доступа: https://khovar.tj/rus/2019/12/v-kazahstane-proshla-konferentsiya-rol-prezidenta-respubliki-tadzhikistan-v-vazhnyh- planetarnyh-voprosah-voda-istochnik-chelovecheskoj-zhizni.
- Ашуров А. Сколько таджикских мигрантов в России? [Электронный ресурс] / А. Ашуров. — Душанбе, 2019. — Режим доступа: https://rus.ozodi.org/a/30114828.html.
- Курмангужин Р. Может ли у Республики Казахстан быть собственная «мягкая сила»? [Электронный ресурс] / Р.Курмангужин // ЦАИ «Альтернатива». — 2021. — Режим доступа: http://www.alternativakz.com/index.php? nid=399.
- Аналитический доклад «Казахстан в новых политических реалиях: тренды и перспективы» [Электронный ресурс] / Казахстанский ЦАИ «Евразийский мониторинг». — 2019. — Режим доступа: http://ea-monitor.kz/novosti-evraziyskogo- soyuza/analiticheskiy-doklad-kazahstan-v-novyh-politicheskih-realiyah-trendy-i-perspektivy.